Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

08.11.2021 3866

Тәуелсіздік хроникасы. 2005 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 2005 жыл - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы ұлт, мемлекет руханиятына қатысты елеулі оқиғаларды сол кездің куәсі аға ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

2005 жылдың рухани хроникасы

2005 жыл отанымыз тарихында берекелі де мерекелі жыл болды. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси һәм рухани өмірінде Тәуелсіздігіміз жолында қызымет етерлік көптеген жаңалықтар болып өтті. Солардың бірқатарын өздеріңізге ұсынып отырмыз.

27 қаңтар. 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті. Осы отырыста Қоғамдық кеңес алдына бірқатар міндеттер қойды. Олардың қатарында Шілікті қорғанынан табылған үшінші «Алтын адамға» зерттеу жұмыстарын жүргізу; қазақ фольклоры сериясы бойынша шығарылған «Бабалар сөзі» көп томдығының таралымын көбейту; қазақ классиктерінің шығармаларын шетел тілдеріне аудару; жобаға зиялы қауым мен кәсіпкерлерді де тарту; бағдарлама аясында арнайы қор құру сынды бірқанша шаралар қолға алынатын болып бекіді. Естеріңізге сала кетсек 2004 жылы 13 қаңтарда Президент жарлығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Содан бері бұл ауқымды жоба ел руханиятына елеулі өзгерістер мен жаңа серпін ала келген еді.

4 ақпан. 2004 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл толады. Осы орайда белгілі майдангер жазушы, соғыс ардагері Қасым Қайсенов Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Өзара әңгімеде Отан соғысының 60 жылдық мерекесін атап өту дайындық жұмыстары талқыланды. Қасым Қайсенов туралы қысқаша айта кетер болсақ 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында дүниеге келген. Батырдың туған ауданы бұл күнде өз атымен Қасым Қайсенов кенті деп аталады. Қасым Қайсенов 1940 жылы ЖШҚӘ қатарына шақырылып, әскери барлау мектебіне жіберіледі. Оны бітірген соң, 1941 жылы Украинаның басып алған аумағына партизандық қозғалысты ұйымдастыру міндетімен барады. 1944 жылға дейін сол аумақта В.И. Чапаев атындағы партизандық отрядты басқарады. Соғыстан кейін шығармашылықпен айналысып, соғыс, партизандық тақырыпта көптеген шығармаларды дүниеге әкеледі. Оның «Жас партизандар», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары», «Днеперде», «Жау тылында» атты көптеген еңбектері бар. Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов 2006 жылы 30 желтоқсанда 88 жасында дүниеден озады.

25 ақпан. Петропавл қаласында Шоқан Уәлиханов пен Ф.М. Достаевскийге арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі болды. Ашылу салтанатына белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері қатысты.

22 наурыз. Астана қаласында «Нұр-Астана» ислам мәдени орталығының салтанатты ашылуы болды. Ашылу салтына Катар Мемлекеті Әмірінің арнайы өкілі Мұхаммед Исмаил әл-Имадида қатысты. «Нұр-Астана» ислам мәдени орталығы Катар мемлекетінің қайтарымсыз негізде бөлінген қаражатына салынған. Ислам орталығы Катар Мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа әл-Танидің елімізге 1999 жылы келген ресми іс-сапары кезінде тиісті уағдаластыққа қол қою нәтижесінде іске асып отыр. Мешіт ғимаратының аумағы 3 мың шаршы метірден асады. Заманауи үлгіде жабдықталып, мұсылмандық үлгіде безендірілген.

19 сәуір. Алматы қаласында Республика сарайының алдында Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына орай салтанатты жиналыс өтті. Жиналыс барысында Отан соғысының мәні мен маңызы, қан мен терге келген жеңістің бодауы туралы салмақты ойлар айтылды. Салтанатты жиналыс соңында бірқанша соғыс ардагері марапатталды. Айталық, М. Әбдіхалықова «Отан» орденімен, М. Баратовқа ІІ дәрежелі «Даңық» орденімен, Қ. Әбенов, Ш. Бастимиев, Ә. Изатов, Ә. Тасбергенов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Б. Ақыжанов, Ә. Нұршайқов «Парасат» орденімен, М. Белоусов, М. Грибанов «Құрмет» орденімен марапатталды.

7 мамыр. Астана қаласында Отан соғысындағы жеңістің 60 жылдығына байланысты әскери шеру өтті. Президент соғыс ардагерлерімен кездесіп оларға деген ризашылығы мен құрметін білдірді.

10 маусым. Елордада Астана күніне орай ғашықтарға арналған «Жастар саябағының» ашылу рәсімі болды. Осы айтулы шара аясында Жастар саябағына «Бақытым менің» атты бойжеткен мен бозбаланың махаббатын бейнелейтін қола мүсін қойылды. Астана қашанда жастардың, махаббаттың қаласы болып өркендей беретіндігінің символындай болған ескерткіш жастардың көңілінен шықты. Сонымен қатар осы күні Астана қаласындағы Қазақ ұлттық музыка академиясында органдық залдың салтанатты ашылуы болды. Бұл өркендеу мен даму жолындағы бас қаланың өнерлі өрен тарбиелеу жолындағы нық қадамдарының бірі болды.

13 тамыз. Алматы облысы Райымбек ауданында Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойы басталды. Райымбек батыр ел тарихындағы айтулы баһадүрлердің бірі. Оның өмірі отанға деген адал махаббат пен тәуелсіздікті, елдікті, теңдікті қорғаудың айқын белгісіндей. Райымбек батырдың тарихи тұлғасы Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би, Абылай хан сынды ел алыптарының орынымен қатар тұр. Олар бүгінгі ел өмірінің болашағының жарқын, ертеңінің кемел болуы үшін жанын берген, қанын төккен, ақыл-парасатын жұмсаған халық қаһармандары. Райымбек батырдың ерліктері мен әулиелі абыз рухы мәңгілік халық жадында.

30 тамыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығына арналған «Конституция: тұлға, қоғам және мемлекет» атты халқаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конституция – қашанда ел өмірінің тірегі. Ұлт болашағының айнасы. Мемлекетті дұрыс өркендетудің, оң жолға бастаудың, елді заң арқылы басқарып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етудің басты құралы. Конституцияның 10 жылдығына арналған жиналыстың тобықтай түйіні осы болды. Жиналыс соңында Мемлекет басшысы бірқатар қазақстандық және шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлеріне «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалдарын табыс етті.

29 қыркүйек. Астана қаласында Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайы болып өтті. Астана қаласында тұңғыш рет өтіп отырған бұл реткі құрылтайға алыс-жақын шетелден 32 елдің 300 делегаты қатысты. Құрылтайда Ресей, Қытай, Германия, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен арнайы келген делегаттар сөз алып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, елге, отанға деген сағыныштарын білдірді. Солардың қатарында Ресейге еңбегі сіңген экономист Н. Ысқақов; тарих ғылымдарының докторы, Ыстанбол университетінің оқытушысы А. Қара; Қырғыз Республикасының кардиохиругия институтының директоры, академик С. Жошыбаев және басқада елде жүрген айтулы азаматтар сөз алды. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылдан бастап өткізіліп келе жатқаны белгілі. Содан бері осы құрылтай мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы шет елдегі қандастарымыздың отанға оралуына, өз елінде бейбіт өмір сүруіне мұрындық болып келеді.

25 қазан. Астана қаласынла Республика күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Бұл күн ел өмірінде айрықша маңызға ие екені түсінікті. Осыдан тура он бес жыл бұрын, 1990 жылы 25 қазанда, Жоғарғы Кеңестің шешімімен «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Сол күннен бастап, отанымыздың өзіндік тәуелсіз көзқарасы бар, азат ойы бар, бодандықтан арылуға жол алған мерекелі күні болып есептелді. Сондықтан да бұл күн – Қазақстан егемендігінің ең түпкі негізі, бастау көзі болып саналады.

6 желтоқсан. Мемлекет басшысы Астана қаласындағы «ҚазТАГ» құқықтық мұрагері – «Қазақпарат» Ұлттық компониясы» АҚ-нда болып, ардагерлері мен қызыметкерлерін ұйымның 85 жылдық мерейтойымен құттықтады. Президент «ҚазТАГ – 85 жыл: тарих жылнамасы» фотокөрмесін қарап шығып, ақпараттық агенттіктің шығармашылық және техникалық қызыметтерінің жұмысымен танысты. «Білсеңіздер, мен бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен құрметпен қараймын, олардың арасында «Қазақпарат» шын мәнінде ерекше орынға ие»,- деді Президент журналистерге жолдаған құттықтау сөзінде.

16 желтоқсан. Астана қаласында Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара өтті. Бұл әлем тарихы алдында Қазақстан Республикасының он төртінші рет өз Егемендігін атап өту мәртебесі болатын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар