Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

03.12.2021 4851

Тәуелсіздік хроникасы. 2016 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 2016 жыл - adebiportal.kz

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай «Әдебиет порталы» ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы әдеби, мәдени, саяси, рухани жаңалықтарды ескеріп, айтулы оқиғаларды егемендігіміздің куәсі болған аға буын ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

2016 жылдың рухани хроникасы

6 қазан. Елімізге Ресейдегі Кейкі батырдың бас сүйегі қайтарылған. Мажар ғалымдары батырдың бейнесін қайта қалпына келтірген. Кейкі батырдың сүйегі Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы Тасты ауылына жерленген. Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы - 1916 жылғы Торғайда өткен ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, айтулы мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Кейкі батыр 1916 жылғы патша жарлығынан кейінгі Торғайда өткен көтерілістің ұйымдастырушыларының бірі әм себепкері болған.


Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы

2016 жылы 1917-1921 жылдардағы Алашорда үкіметінің көсемі, қайраткер, әдебиеттанушы, аудармашы, ғалым, қазақ халқының асыл перзенті Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. ЮНЕСКО-ның 2015 жылғы 18 қарашасында Парижде өткен конференциясының 38-ші сессиясында осындай қаулы қабылданған.

Кеңес Одағының зұлмат саясатының құрбаны болған Алаш көсемінің сүйегі 5065 адаммен қатар жерленген көрінеді. Қарағанды шаһарындағы «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің бастамасымен Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының басына ескерткіш-тақта қойылды.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы. 1916 жылы 25 маусым күні славян ұлтынан емес, «бұратана» саналған халықтардың 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмыстарына алу жөнінде патша жарлығы шығады. Жарлықты естіген жұрт ашуға булығып, ашуының аяғы Қазақ жеріндегі және Орталық Азия халықтарының біраз бөлігіндегі ұлт-азаттық көтеріліске ұласады.

Бұл көтерілісте есімдері халық жүрегінде сақталған, құрбан болған, әділеттілік үшін шейіт болған баһадүр бабаларымыз бен еңбегі ересен қайраткерлеріміз де көп.

2016 жылы ақын әрі сазгер Қалнияз Шопықұлының 200 жылдық мерейтойы өтті.

Ұлт ағартушысы, педагог, ақын, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері, қазақ балаларының білім алуына бастамашы болып, қазақ тілі әріптерінің жүйелі тізбегін жасап, қазақ әлібиін құрастырған ғалым Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығы кең көлемде тойланды

Әйгілі Маңғыстаулық жырау, сол өлкедегі бес жүйрікті бірі Қашаған Күржіманұлының және әйгілі сазгер Мұхит Мералыұлының 175 жылдық,

жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойлары ел көлемінде ұлықталып, аталып өтті.

Сонымен бірге жазушы, публицист Баубек Бұлқышевтің, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың, әнші, режиссер Кәукен Кенжетаевтың, жасындай жарқырап, дауылпаз жырлар қалдырған ақын Хамит Ерғалиевтің, Қазақстан опера өнерінің негізін қалаушы егіз тұлға Мүсілім мен Ришат Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойларын республика жұртшылығы айрықша атап өтті.

2016 жылы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толды. 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері СОКП Орталық Комитетінің шешіміне қарсы шыққан қазақ жастары бейбіт шеруге шығып, Алматы шәріндегі Орталық Алаңға жиналып, наразылықтарын білдірді. Дәл мұндай қарсылыққа ұшыраймыз деп ойламаған кеңес үкіметі егемендікке ұмтылған қазақ жастарын аяусыз жазалап, жаныштады. операциясын жүзеге асырды. Бұл кеңестік үкіметінің зорлықшыл, әккі саясатын жария еткен алғашқы көтеріліс еді. Бұдан соң өзге республикаларда да осындай наразылық акциясына шығып, өз қарсылықтарын білдірген оқиғалар саны арта түскеніне тарих куә.

2016 жылы қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлына «Әй, дүние-ай!» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Бұл роман-хамсада 1916 жылғы көтерілістен бастап егемендік алған аралыққа дейінгі тарихи тағдырлы оқиғалар тізбегі баяндалады. Бексұлтан Нұржекеұлы аталмыш романды жазу барысында мұрағатта бес айға жуық уақыт отырып, құжаттар мен деректерді салғастырып, ұлт тарихындағы қамырық қайғы мен қасіретке толы кезеңнің ақиқаты ашылмағандығына көз жеткізеді. Өмірінің он бір жылын арнаған шығармадағы басты кейіпкер Шәйі атты қазақ қызының басынан өткен трагедиялы тағдыр – қазақ халқының ХХ ғасырда көрген көп зобалаң, қилы заманын типтендірілген көрінісі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар