Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тәуелсіздік жолында......

15.12.2020 10404

Тәуелсіздік жолында... 12+

Тәуелсіздік жолында... - adebiportal.kz

Сан ғасыр аңсап күткен тәуелсіздікке жеткен тұста қаламгерлер ұлтымыздың азаттық жолында күрескен тұлғалары жайлы тың көзқараспен тарихи әділетті ту етіп, қолына қалам алды. Түбегейлі өзгертіп, жалған көзқараспен бұрмалап келген кеңестік кезең артта қалды. Елдің еңсесі тіктеліп, ұлттың рухы қайта түледі. Тарихи дастандар жазыла бастады. Тәуелсіздік жолында күрескен батырлар тағдыры ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртты. Соның бір айқын дәлелі қазақтың көрнекті ақыны Әбубәкір Қайранның «Кенесары» тарихи дастаны еді. Қазақ тарихында отаршылдардың озбырлығына қарсы шыққан ең үлкен күрес «Кенесары хан бастаған халық-азаттық күресі» (1837-1847). Бұл көтеріліс ұзаққа созылып, соңы жеңіліспен аяқталғанымен қазақ халқының жадында өшпес із қалдырды. Кеудемізге еркіндік дәнін екті. Империяның езгісіне қарсы ең табанды да қажырлы күрес ретінде тарихта қалды.

ХХ ғасырдың 30-60-жылдары жазушы М. Әуезовтың «Хан Кене» пьесасы, оған дейін М. Сералиннің «Топжарған» поэмасы арқылы әдебиеттегі Кенесары бейнесімен таныс оқырмандар 70-жылдары І. Есенберлиннің «Қаһар» романы арқылы тіптен толығырақ танысты. Ал, ХХ ғасырдың 90-жылдары ХХІ ғасырдың бас кезіндегі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті кезеңінде ақындардың-жазушылардың жаңа туындылары арқылы Кенесары хан туралы шығармалар көптеп жазылып келеді. Себебі, бүгінгі және болашақ буын ұрпақтардың тарихи санасын қалыптастырып, халқымыздың мәңгілік бостандығын үздіксіз насихаттап ұлықтау аса маңызды іс.

Әбубәкір Қайранның «Кенесары» атты тарихи дастаны – қазіргі тәуелсіз қазақ әдебиетінің тарихи мәнге ие, шоқтығы биік туындысы. Автор ХVІІІ ғасырдың 30-40-жылдарындағы халқымыздың саяси тұрмыстық хал-ахуалын бейнелеуді, ұлт-азаттық көтерілістің тарихи тағылымын бүгінгі ұрпаққа жеткізуді өзіне мақсат еткен.

Тарихи дастан – лирикалық толғаныстар мен эпикалық баяндаулар тұтастығымен жырланған шығарма. Эпикалық шығарманың басталуындағы «Толғаныс. Елес. Мінәжат» атты бөліктегі лирикалық қаһарманның – ақынның отаншылдық өршіл тебіреністерімен Қазақ хандығы мемлекеттілігінің соңғы ханы Кенесарының басын түсінде көргендігі, Кене ханның және оның сарбаздарының Алаша хан – мазарының басында мінәжат етіп отырғандары психологиялық толғаныспен жырланған. Дастанның басты кейіпкері Кенесарының Алаша хан Бабаның рухына арналған толғаныстары да ұлттық тарихи сана болмысымен өрілген. Тарихи дастанның кіріспесіндегі лирикалық қаһарманның толғаныстары – бүгінгі тәуелсіз қазақ елі жаңа буын ұрпақтарына ортақ азаматтық жан сыры:

Қамырықтым, қабаржыдым, қамықтым –
Неткен тайғақ жолы біздің халықтың !
Дей алам ба – алыбы еді алыптың?
Дей алам ба – ғарібі еді ғаріптің ?

Тынысым да, рухым да тәуелсіз –
Кім бар маған «қой!» дейтұғын, «қой» деген ?!
Мен қиялдың мінген кезде пырағын,
Сөз болмайды ор деген де, өр деген!
Көлде жатып, мұңдасамын шөлменен,
Шөлде жатып, сырласамын көлменен…
Бірақ сол түн… тұра қалған көлденең
Сиқыр сәтті жеткізе алман сөзбенен!
Мен мұндайды бастан кешіп көрмегем!
Петерборда… Кунскамера ішінде
Бастар көрдім түрлі-түрлі пішінде.
«Хан Кененің басы мұнда жоқ па?» деп,
Қарай беріп… тұншығамын түтінге.
Көріп тұрмын – бір маңдайды оқ тескен,
Ал бір бастың қағып апты тісін де!
Бұл не елес? Өңім бе әлде, түсім бе?..

Бір дауыс кеп құлағыма сарнады:
«Хан Кененің арманы жоқ, арманы!
Ол – кешегі өз елінің заңғары,
Ол – бүгінгі өз елінің ардағы!
Оның басы азат болған бұл жерден,
Рух болып қалай елге бармады?

Бұл азаттық тұғырындағы еркін ойлы, отаншылдық рухты айбынды сөз. Ал, лирикалық қаһарманның түсінде көрген Кенесарының Алаша ханға сөз арнауы, оның Сыр бойында анасынан ала боп туғанына намыстанып, мұны дария суына лақтыртып тастағанын еске алады. Бірақ, Алла қолдаған Алаша хан аман қалып, «Алаш, Алаш болғанда, Алаша хан болғанда» қанатты тіркеспен Қазақ мемлекеттігінің бастау негізінің тарихи шындығын дәлелдегенін баяндаған:

Батырлықпен атың шығыпты,
Досың қуанып, қасың бұғыпты.
Майқы би – маңдай алды би екен,
Сонда саған жасаған сыйы екен –
Қол астыңа ең таңдаулы ірікті
Берген екен үш жүз батыр жігітті.
«Үш жүзіңмен» ұлан елді меңгеріпсің,
Қараны ханға теңгеріпсің.
Ел дәулеті Есілдей толыпты,
Тайың таңбасыз, қойың енсіз болыпты.
Басынғандардың басын алып,
Бәлсінгендердің бәсін алып,
Бастапсың сан-сан жорықты.
Ұлытау мен Кішітауды жайлау етіпсің,
Қарақұм, Борсық құмдарын қыстау етіпсің.
Қаракеңгір бойында хан атанып,
Өле-өлгенше әділет жолын ұстап өтіпсің.
Елің ел болды.
«Алты сан Алаш» атанды.
Алты сан Алаш «қазақ» боп,
Жаугер жұрт болды қаһарлы.
Сол, «Алаш» пен «Қазақ» атауы
Айырылмас тұрпат алған-дүр.
«Алаш Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда» –деген аңыз жатталып,
Санамызда қалған-дүр.
Күмістелген есігін күн шығысқа қаратып,
Құлыпталған есігін құбылаға қаратып,
«Алаша хан сарайын»алтындатып салдырдың,
Атағыңды Алты Аумаққа таратып.
Сол сарайыңның сарқыты,
Қазақ елінің ар-құты,
Көтеріп тұрған жер төсі,
Өткен тарихтың өркеші
«Алаша ханның ордасы»
Алапаттарға миземей,
Сыр түйіп ішке, үндемей.

Жанғабыл деген өзеннің
Жағасында әлі тұр.

Туындының тарихи тағылымы – бүгінгі ұрпақтың төл тарихымыздың қателіктерін қайталамай, кемшіліктерге әділ бағалау жасауға шақырады. Қазақ тарихындағы халқымыздың бостандығы үшін арпалысқан, сол жолда мерт болған батырлар дәстүрімен мәңгілік рухтануды, ұлттық еңсемізді үнемі тік ұстауды, ұлықтауды күрескерлік сарынмен жырлаған:

Әлі де біздің тарих бітеу жатыр
Құлаған орнындай боп қалалардың.
Өшпейтін зар заманның қара дағы –
Сорғалап қалған ізі қара қанның!

Кеудені, Кенені айтсақ, қари ма мұң?
Ту етіп көтереміз фәни – жанын.
Біз бірақ қамауынан шықпай жүрміз
Баяғы басқыншылық қағиданың.
Көңілге медеу еттік, білгеннен соң
Өсетін артымызда сәби барын.


Шіркін-ай, қазып, қаттап қояр ма едік,
Тарихтың тылсымының бәрін-бәрін!
Шіркін-ай, қайта оралтып алар ма едік
Зарлаған замандардың сарындарын!..
Дәл бүгін Кенесары көтеріп тұр
Қазақтың намысы мен ар-иманын!

Тарихи дастан сюжетінің шарықтау шегінде Кенесары ханның және оның інісі Наурызбайдың қанды майдандағы жеңіліс үстінде қолға түскенін, ашынған қырғыздардың ханның басын алғанын оқимыз. Бұл бүкіл түркі, Алаш жұртының мәңгі ұмытылмайтын өкініші. Басқару жүйесіндегі адамдардың әр түрлі ықпалдардың әсерімен тұтас халықтың, ұрпақтардың тағдырын ойыншыққа айналдыратын опасыздықтарынан кейінгі ғасырлар бойы ұмытылмайтын өкініш қасіреті болатынын оқырмандар толық сезінеді. Ол үшін әрбір жаңа буын өздерін де, ұрпақтарын да халық тағдыры сарапқа сынға түсетін кезде мейілінше табанды, тиянақты болуын қадағалауы тиіс. Дастан барынша шынайы бейнеленген. Тарихи шындық пен көркем шындық асқан шеберлікпен үйлесім тапқан.

Әбубәкір Қайранның «Кенесары» тарихи дастаны – қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүрлі тақырыпты өзіндік көркемдік шешіммен, кестелі өрнекті тілмен, жаңа дәуір ұрпақтары атынан толғаған көрнекті эпикалық туынды ретінде бағалаймыз. Тәуелсіздік күнінде тек тойлап қана қоймай осы жолда күресіп, ұлтының азаттығы үшін жанын қиған Кенесарыдай хан-батырларды да ерекше еске алуға тиіспіз. Тарихқа тағзым етіп, одан сабақ алу мәңгілік елдің бір нышаны.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар