Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
«ТеатрALL» фестивалі хақында...

02.11.2021 3200

«ТеатрALL» фестивалі хақында 12+

«ТеатрALL» фестивалі хақында - adebiportal.kz

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қалалық мәдениет басқармасы қолдау білдіріп, жиырма сегізінші қазан мен бірінші қараша аралығында елордамызда «ТеатрALL» фестивалі өтті. Фестивальге елордалық он екі театр ұжымымен, Ресейден шақырылған құрметті қонақтар және Малая Броннаядағы Мәскеу драма театры, сонымен қатар С. Образцов атындағы мемлекеттік академиялық орталық қуыршақ театры қатысты.

Атап айтсақ, «Жастар», «Astana Musical», «Астана Опера» опера және балет театрының, музыкалық «Жас көрермен», «Наз» би, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының, М. Горький атындағы орыс драма театрының, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының, «А.И.», «Современник» халықтық жастар театрының тәжірибелі актерлері өз қойылымдарын жоғары деңгейде ойнап шықты.

Пандемия аяқталғаннан бері руханият саласының екінші тынысы ашылып, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында бүкіл театрлар өнер мерекесіне жиналып, көрермендеріне жақсы көңіл-күй мен ғажап әсер сыйлады. Фестивальдің аурасы мен сферасының бөлек екеніне көз жеткіздік. «Еділ қарғасы еліне, Жайық қарғасы жайына кетті» демекші, театр ұжымдарының қойылымдарына қатысты көрген-білгенімізді айтып өтейік. Жиырма тоғызыншы қазан күні таңертеңгі уақыттан кешкі мезетке дейін бес қойылым болып өтті. Соның үшеуіне қатысуға мүмкіндік туып, тамашаладық. Үшеуі түрлі жанрдағы қойылымдар. Барынша дайындалған үш театр ұжымы өз спектаклдерін шебер сомдады.

«Би» театрының «Әзімнің әңгімесі» атты қойылымы барысындағы театр ұжымының қыздың жиған жүгіндей жинақтылығы, сахнадағы шынайылығы өте әбжіл деңгейде орындалғанымен, әртістік шеберліктерінің аз-кем кемшіндеу, олқы тұстары болғаны байқалып отырды. Дегенмен, әрі жеңіл, жасөспірімдерге де түсінікті, қабылдауға оңай қойылымды көрермендер қауымы өте жылы қабылдады. «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Еркебұлан Ағымбаев: «Біз ұлт ұстазы, кемеңгер Абай Құнанбайұлының ұлы тұлғасы мен қоса шығармашылық болмысын хореография тіліне келтіріп, спектакль қоюға тырыстық», - деді.

Екінші қойылым – Әзірбайжан Мәмбетов театрындағы Ісләм Нұртазинның режиссерлығымен қойылған «Ромео-Джулетта» спектаклі. Бұл классикалық шығарманың драматургиясын, театр сахналарында әр түрлі реңкте қойылып жүргенін білеміз. Қойылымның басты ұнаған тұсы жарықты ойната білуі еді. Актерлері жас болғанымен жан-дүниесімен беріле ойнады. Формасы табылған қойылымның болашақта өміршең болары даусыз.

Үшінші тамашалағанымыз – Мирас Әбілдің режиссерлығымен қойылған «Абай-Тоғжай» спектаклі. Сезімге, нәзіктікке құрылған қойылым бұрынғы «Абай-Тоғжанға» мүлде ұқсамайды. Қойылу формасы, актерлердің ойындары, Берік Айтжановтың Құнанбай образын алып шығуы, бәріміздің санамызға сіңіп қалған портреттік Құнанбай бейнесі емес, баласына шын жаны ашитын әкенің, сонымен қатар, Аян Өтепбергеннің Абай тұлғасының жастық кезеңінің мейлінше дәл бояуын бере алуы көрерменнің көңілінен шықты.

«Бұл қойылым – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы Абай мен Тоғжанның махаббат хикаясын баяндайды. Абайдың «Сап, сап көңілім» атты өлеңін екі әртіске бөліп беріп, екі кейіпкердің аузымен оқытып, Тоғжанның өмірлік жары Аққозы мен жас Абайдың диалогына құрдым. Ғашық Абайдың Түйе өркеш ауылының қызы Тоғжанға деген бүкіл ынтызарлығы поэзияға айналдырып, жүрегінде өшпес із қалдырып, сағыныштың сазындай мәңгі есетіндігін бейнелейтін жас көрермендерге арналған қойылым болды. Абай мен Тоғжанның жас көрермендерге үлкен үлгі болары сөзсіз. Себебі, бұл жердегі Абай жасөспірімдердің тіліне түсінікті. Және Қодар мен Қамқаның дауындағы қатал да сұсты Құнанбай емес, әкелік міндетті атқаратын Құнанбайды көрсетуге тырыстық. Көркем шығармаға негіз болған кейіпкерлер жасалды. Алаштанушы, Абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың Тоғжан мен Абай арасында Айдос, Қайдос, Жандосға дейінгі аралықта жеті атаға дейін туысқандық бары туралы мұрағаттағы мәліметтерді қолдана отырып айтқан болатын. Бүгінгі жас көрермендердің назарын қанды сақтау, отбасы институтының атына кір келтірмеу жайына үндейтін қойылым болды деп топшылаймын. Осыған ат салысып, Мұхтар Әуезовтен бастау алған Абай-Тоғжан тақырыбын бір пьесаға айналдырғаным үшін бақытты сезінемін. Сондықтан осы фестивальге қатысып жатқанымызға қуаныштымын. Театр мамандары сараптама жасап, біраз театрлар актерлық, режиссерлық саясаты туралы қажет ақпараттар мен деректерді алды деп ойлаймын. Фестиваль жыл сайын өткізіліп тұрса құба-құп болар еді. Театрал фестиваліне шығармашылық ғұмыр тілеймін.» - деді Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Мирас Әбіл.

Апталық фестивальде жиырмаға жуық қойылым ұсынылып, мемлекеттік академиялық неміс драма театрының көркемдік жетекшісі Наташа Дубстың актерлік шеберлік бойынша шеберлік сыныптары, Лейла Махаттың бейнелеу өнері галереясы, тағысын тағы отыздан астам іс-шара өткізілді. Фестиваль барысында «Қазақстанның заманауи театр процесі: мәселелері мен оларды шешу жолдары» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Фестивальдің басты миссиясы – театр ұжымдарының шығармашылық әлеуетін қолдау және дамыту, театр мектебінің дәстүрлерін сақтау және жаңа заманауи сахна тілін іздеу.

Фестивальдің сараптамалық кеңесіне Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі өнер қайраткері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Театрлары қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Талғат Теменов, өнертану докторы, профессор, театр сыншысы, Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының президенті Лаша Чхартишвили (Грузия), театр және әдебиет сыншысы, мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Тойған Ізім, өнертану кандидаты, профессор, театр сыншысы, Қазақстанның халықаралық театр сыншылары қауымдастығының президенті, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Театр тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Анар Еркебай, өнертану кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Қазақ әдебиет және өнер ғылыми-зерттеу институтының «Театртану және кино» бөлімінің меңгерушісі. Амангелді Мұқан, PhD докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің деканы, театр сыншысы, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі Мирас Әбіл.

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі 1 қараша күні Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығында сараптамалық кеңестің шешімімен 30 номинация бекітілді. Фестивальдің нәтижесіне тоқталып өтейік. Театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ » театрының директоры Ешмұратова Құралай Халикетқызы, шығармалық ізденісі үшін А.И. Театрының директоры Иманбаева Айгүл, үздік театр менеджері «Астана Балет» театрының директоры Совостьянов Александр Александрович, үздік жарық қою суретшісі Досаев Айдын, үздік сценография – «Қыз Жібек» қойылымы үшін Тасмағамбетова Софья және Драгунов Павел, үздік дебют бойынша «Astana Musical» театрының нөмірі он үшінші спектакліндегі сомдаған рөлі үшін Акипбаев Айдар, үздік эпизодтық ер адам бейнесі номинациясымен «Асауға Тұсау» спектакліндегі Грумио рөлін шынайы сомдаған Батай Жандаулет, үздік эпизодтық әйел адам бейнесі Ә. Мамбетов атындағы драма және комедия театрының «Ромео-Джульетта» қойылымындағы Леди Капулетти рөлін ойнаған Шәкіржанова Ажар, үздік хореограф «Тұйғындар» қойылымындағы Мемлекеттік Наз театрының көркемдік жетекшісі Ағымбаева Қадиша, қуыршақ театрының үздік әртісі «Ер Төстік» қойылымында Ер Төстіктің рөлін жоғары деңгейде көрсете білген Муслимов Дархан марапатталады. үздік балет әртісі ретінде «Астана Опера» театрының «Жизель» қойылымы үшін Бекетаева Әйгерім, үздік опера солисті ретінде «Астана Опера» театрының «Қыз Жібек» қойылымындағы Жібек ариясы үшін Жарқынбаева Жәмилә, екінші пландағы үздік ер адам бейнесі үшін «Наз» би театрының «Әзімнің әңгімесі» қойылымындағы Айлакер шалдың рөлін шебер жеткізе білген Рысқалиев Ақон, екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі үшін, «Дүние – ғапыл» қойылымындағы Римма рөлін жақсы ашқан Есләмова Самал, ерекше көзқарас номинациясымен Максим Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театры «Гоголь. Петербур» қойылымы, үздік әртістер Анопченко Иван, Бермұхамедова Айнұр, үздік актерлық ансамбль номинациясымен Максим Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театры «Светлые Думы» қойылымы, үздік режиссуралық жұмысы үшін Маемиров Асхат Максимұлы, спектаклдердің ішіндегі ең үздігі ретінде «Асауға тұсау» қойылымы марапатталады.

Бірнеше күнге созылған театр додасының басқа фестивальдерден ерекшелігі байқау форматында емес, қазақ театрының бағыт-бағдарын анықтап, әр театрлық ұжымның екі үздік қойылымын қарап, бүгінгі тыныс-тіршілігін аңғартатын, және бұл өнер түрінің қазіргі проблемаларын шешу жолында мәслихат жүргізетін, салихалы сұхбат құрып, шеберлік сағаттарын өткізетін шығармашылық байланыстың көрінісіндей әсер қалдырды. Сарапшылар әр спекталь туралы өзіндік пікірін білдірді. Жақсы, өміршең қойылымдардың куәсі болдық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар