Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Темірхан Медетбек. Кеңшілік кеңістігі...

28.12.2018 8232

Темірхан Медетбек. Кеңшілік кеңістігі

Темірхан Медетбек. Кеңшілік кеңістігі - adebiportal.kz

Бұдан бiраз жыл бұрын қатар құрбы, қадiрлi замандас, тегеурiндi ақын Кеңшiлiк Мырзабеков туралы мына төмендегi өлеңдi жазған едiм.

Кеңшiлiк!

Сен бәрiмiзден басқа,

Бәрiмiзден бөлек едiң.

Ерек едiң!

Сен бiрде екпiн,

Бiрде серпiн болатынсың.

Сахнада тұрғанда да

Көшеде тұрғандай

Еркiн болатынсың.

Сен ешуақта да

Бiреуге жақсам деп

Ойланбайтынсың.

Содан ба

Кейбiр тымырсық отырыстарды

Бомба жарылғандай

Ойрандайтынсың.

Жамандықты да,

Жақсылықты да

Көңiлге тоқитын едiң.

Өлең оқығанда да

Мына лас тiршiлiкке

Қарағың келмейтiндей

Көзiңдi тарс жұмып

Оқитын едiң.

Сен иiлмейтiн едiң,

Сен қырқылатынсың.

Бiз именiп

Ұмтылған жерлерге

Сен

Кимелеп ұмтылатынсың.

Күлсең де

Мына өмiрдi

Мазақ етiп күлгендей

Күлетiнсiң.

Жүрсең де

Мына өмiрдi

Иығыңмен қағып жiберердей

Қайқаң-қайқаң етiп

Жүретiнсiң.

Өзге емес,

Өзiңдi өзiң

Тар жол,

Тар қапасқа салып

Қинайтын едiң.

Бiз сыйған мына өмiрге

Бiрақ сен сыймайтын едiң.

Ақыры сыймай кеттiң.

Мен үшiн Кеңшiлiк бейнесi, күнi бүгiнге дейiн дәл осылай көрiнедi. Әрине, бұған тағы да әлде бiр штрихтер мен әлде бiр детальдарды қосуға болар, дегенмен менiң көз алдыма, алдымен дәл осы бейнесi көлбеңдеп тұра қалады. Шынында да, ол мына өмiрде еркiн жүрдi, еркiн тұрды. Мен ешуақта да оның қысылып сөйлегенiн де, қымсынып күлгенiн де көрген емеспiн. Айтатынын тартынбай, именбей, тiптi кейде орынсыз болса да, атылған оқтай тарс еткiзiп айтып салатын. Содан да оның кiдiшiл, кiнәмшiл кей жұртқа жақпай қалатын тұстары жиi болушы едi.

Танысып-бiлiскен алғашқы студенттiк жылдары, екеумiз бөлек-бөлек екi оқу орнында оқи жүрiп, соншалықты аралас-құралас болып кетпесек те, арамызды суытпай кәдiмгiдей қатысып тұрдық. Ретi келгенде кейде бiрге қыдырып, бiрге сусындап та қайтатынбыз... Бүгiнгiңдi ертең ұмытып қалатын қазiргiдей емес, бала кездегi, жастық шақтағы оқиғалар, сазға басылған iздей, жадыңда мәңгiге сақталып қалады ғой. Сондықтан да олардың бiразы, бүгiнде көмескi тарта бастаса да, әлi көз алдымда. Әсiресе, оның ҚазМУ-де В. И.Ленин күнiне арналған поэзия кешiнде өлең оқығанын ұмыту, естен шығару мүмкiн емес...

...Кештi арқалы ақын Ғафу Қайырбеков пен бипаз да биязы мiнездi Сұлтанғали Садырбаев ағаларымыз жүргiзiп отырды. Алдымен аға ақындар, сонан кейiн жастар, бiрiнен кейiн бiрi өлең оқып жатты. Бiр кезде кезек Кеңшiлiкке де келдi. Сол-сол екен, қызық басталды да кеттi. Кеңкең шықты да, сол заман үшiн ұлы көсемiмiз, данышпандардың данышпаны, бұл жарық дүниеде теңдесi жоқ кемеңгер Владимир Ильич Лениннiң туған күнiнде Өгiз туралы өлеңдi бастап кеп жiберсiн. Алғашқыда төрдегiлер де, залда отырған төмендегiлер де абдырап қалды. Тек өлеңнiң екiншi шумағындағы:

Жаздың бiр жолы қиын шағында,

Ырдуан арба ыңырсығанда,

Үргелек шiркей үйiр боп қонып

деген жолдар оқылғанда ғана төрдегi Ғафекең мен Сұлтекең селт ете қалып, алдымен бiр-бiрiне, сонан соң залдағы жұртқа қарап, не iстерлерiн бiлмей, көздерi алақтап кеттi. Ендi қайтсiн, ол заман үшiн, дүние жүзi пролетариаты көсемiнiң туған күнiнде мұндай өлең оқу В. И.Лениннiң жалтыр басына сала құлаш дойыр қамшымен шiренiп тұрып тартып-тартып жiбергенмен бiрдей ғой. Қайтпек керек? Ал мiнбедегi Кеңшiлiк болса, айнала дүниенiң бәрiн ұмытып, көзiн тарс жұмып алып, қолын оңды-солды сермелеп өлеңдi төпеп тұр:

Сiрке кiрпiктiң қарашығы аунап,

Қарайды өгiз дала, шығанға...

Шабына бiр кез шынашақтай жәндiк

Албаты тиiп аласұрғанда

Шыдамды жануар шалқайып барып,

Шолақтау мүйiзi қайқайып барып,

Молақтау құйрық шабына тиiп,

Науадай бiтiм найқалып барып,

Жұлқынған кезде шайқалып қалып,

Жөнелдi өгiз тайпалып алып.

Алдымен Ғафекең есiн тез жиып алды да “Әй, Кеңшiлiк, тоқтат мына өлеңдi. Қайда тұрғаныңды, не iстеп тұрғаныңды бiлесiң бе өзiң?! Тоқтат дедiм ғой мен саған, тоқтат!”- деп айқай салды. Сұлтекең де iле- шала орнынан тұрып “Кеңшiлiк жолдас, тоқтатыңыз... Мұныңыз ұят қой” деп жатыр. Оған тоқтайтын Кеңшiлiк пе, қайта көптен күткен қып-қызыл төбелестiң ен ортасына ендi кiргендей одан сайын құтырынып кеткен. Қол сермеулi, көз жұмулы.

...Қайрылмай тартып құлаған бiзге,

Жөнелдi өгiз қыр, адыр, түзге...

Әбдiра арба аударылғанда

Шатқаяқтап барып құлады өгiз де.

Төрдегi екi ағамыз үстел тоқпақтап айқайлап жатыр. Зал iшi ду-ду, гу-гу...

Ақыры өлең де бiттi-ау... Әй, сондағы Кеңшiлiктiң мiнбеден түсiп келе жатқанын көрсең! Айнала жұртқа шалқайып бiр қарап, сонан кейiн қайқаңдап басып орнына отырды. Мәз. Ағаларының ысқырғанына пысқырған да жоқ. Мұндайда, ерiксiз, тай-құлындай тебiсiп бiрге өскен досы Серiк Тұрғынбекұлының жақында ғана «Жас Алаш» газетiнiң бетiнде жазғанындай, көкiрегiң қарс айырылып «Қайран Кеңшiлiк» дейсiң.

***

Кеңшiлiк шығармашылығындағы ең алдымен көзге түсетiнi – тiлiнiң құнарлылығы. Құнарлы болғанда да, түгiн тартсаң май шығатындай құнарлылығы. Оның ана тiлiмiздiң ақ уызын әбден мелдектеп емiп өскенi әп дегеннен-ақ мен мұндалап шыға келедi. Жосылып ағып, төгiлiп құйылып, көсiлiп жөңкiле жөнелетiн оның өлеңдерiн оқи бастағаннан-ақ бұған көзiң жете түседi. Тағы да ол тiл – таңдайды қажайтын тақылдаған тiл емес, аңқыған иiсi тұла бойыңа жайылып, серпiлiп, солқылдап тұратын, күпiлi қазақы болмыс пен үкiлi қазақы рух сiңген табиғи тiл. Оқыған сайын даланың алып кеңiстiгiнде аңқылдап соққан жел өтiнде тұрғандай кеудең керiлiп, көкiрегiң кеңейiп бара жатады...

Әрине, тiл бiлгеннiң жөнi осы екен деп тiл безеп кетсең, сол жаман. Онда құнарлы тiлдiң де құны болмай қалады. Егер сен, тiлге айтар ойыңды, жан- жүрегiңнiң құндылықтарын арқалата алсаң ғана, ол тiлдiң бәсi де артады, бағы да ашылады. Сонда ғана ол тағдырлы. Тағдырсыз тiл – тұлдырсыз тiл. Тағдырсыз тiл – көк мұз үстiндегi тағасыз ат секiлдi. Тайғанақтап төрт аяғы төрт жаққа кетедi.

Кеңшiлiктiң тiлi – тағдырлы тiл. Анда-санда болсын бiрге жүрген кездерiмiзде ол, құйма құлақтығы болса керек, көне көз қарттардан естiген жыр-толғауларды төгiп-төгiп жiберетiн. Ол жыр-толғаулар көбiне-көп мұңлы, зарлы, тағдырлы боп келетiн. “Сен бiлесiң бе, бiздiң ауылдың кемпiрлерi, шешелерiмiз – дейтiн ол, – сонау соғыс жылдары ыңылдап мынадай өлең айтады екен: “Домбырам басы дың-дың-ау, Фашистер өлсiн мың-мың-ау, Орыстан өлсiн бес-алтау, Қазағым келсiн аман-сау.” Көрдiң бе, бiздiң ауылдың кемпiрлерiнiң өзi қалай-қалай соғатынын. Соғыс болғаннан кейiн шығын болмай тұрмайтынын бiледi. “Бес-алтау” ғана шығынға орысты қиса да, бәрiбiр, қазағын қимай тұр-ау”. Мiне, осы бiр өлеңдi Кеңшiлiк, сәл ғана өзгертiп оған драмалық оқиға мен қасiреттi жүк арқалатып сәттi пайдаланыпты:

Бейшара кемпiр ән салған:

Домбырам басы дың-дың- ау,

Фашистер өлсiн мың-мың-ау.

Ақ түндiгiмнiң желбауын

Жел үзiп кетсе сұмдық- ау.

Бозала таңда шығырға

Барады шалы ыңылдап:

Домбыра басы баяғы

Сұңғыла терме деушi едi,

Қарашығымның жiгерiн

Құм қыла көрме деушi едi.

Баптаған өзiм ақ кетпен

Байыппен салса тасқа өткен,

Қарағай сабын қапыда

Сындыра көрме деушi едi.

Бiрақ Жаратқан Ие сұрағаныңның бәрiн бере бермейдi ғой. Алам дегенiн орнын опырайтып тұрып алып тынады. Оған қылар амалың да, шараң да жоқ.

Ақыры жалғызынан айырылып, желбауы үзiлiп, жер тоқпақтап зар илеген ана мен сабы сынған кетпенiн ұстап шал қалды. Уықтары бытырлап, керегелерi күтiрлеп сынып, шаңырақтары шатырлап ортасына түскен қос мiскiн. Қасiреттi тағдырлар. Оны ақын “үзiлген желбау” мен “сынған сап” арқылы жеткiзiп тұр. Қазақы болмыс, қазақы рух дегенiмiз осы ғой. Тұрмыстық сөздерiңiз символдық қуатқа ие боп шыға келдi.

Кеңшiлiк Мырзабеков – тегеурiнi мен тепкiсi қатты қуатты ақын. Ал қуатты ақын, керек кезiнде, сөз дегенiңiздi балшықтай илеп, бордай үгiп қана қоймайды, оны дүлейлi құбылыс пен сұрапыл күшке де айналдырып жiбере алады. Әрине, сөз дегенiңiз ондай дүлейлi құбылыс пен сұрапыл күшке өз-өзiнен айнала қоймайды. Оған сен iшкi дүниеңде бұрқ-сарқ қайнап, тасып-төгiлiп сыртқа қарай лақ етiп ақтарылған екпiнi қатты, серпiнi тегеурiндi жан қуатыңды сiңiрiп жiберуiң керек. Тағы да ол екпiн мен серпiнiңiз алқалаған айнала дүниенiң тыныс-тiршiлiгiмен арпалысты әрекетке түсiп, сөйте тұра жымдаса бiрге өрiлiп кетуi керек. Парадокс. Арпалысты әрекетке түсе тұрып, олар қалайша жымдаса өрiлiп кетуi мүмкiн. Бiрақ қайтесiң, бiр қарасаң, бейуақта перi соққандай жын үрейленiп, ендi бiр қарасаң, жаңа туған сүмбiледей сыланып өзiңдi де, көзiңдi де арбап тұратын өлең деген сұмдық сиқырдың табиғаты солай ғой. Сондықтан оған таңғалуға болмайды. Тiптi кейде күнделiктi қолыңызға ұстап, керегiңiзге тұтынып жүрген жай заттардың өзi, аспан төсiнен зырқырап түсетiн жайтастай сан қырлы қасиетке ие боп шыға келуi ғажап емес. “Қайрақ” деген өлеңiн оқиықшы:

Хас қайрақтың тас нәтi,

Қанжарың болса – жанып ал.

Қайысың болса – таспа тiл,

Қайыңың болса – қабық ал.

Қайрағың болса қылпымай

Темiрiң қайда қалады?

Алмастың жүзi шырпыдай

Аударып салсаң жанады.

Қарқара жақтың тасы ма,

Қаратау жақтың тасы ма,

Алатау жақтың тасы ма,

Қай темiрмен де ашына.

Қайрақтың тасы асыл, ә?!

Қай жақтың тасы болсаң да

Қара темiрлердi қунатып

Қара темiрлердi асыра!

Жарылған жартастан туған қайрағым,

Қажалып қақ бөлiнсең де жасыма!

Өлең құдiретi дегенiмiз осы ғой! Қарапайым ғана сөздер, аяқ астынан дүрк көтерiлiп, жапа-тармағай жамырасып, бiр-бiрiмен жанды әрекетке түсiп, дуылдап, шуылдап, ақырында тау омырауынан ақтарылған бұрқақ ағысқа айналды да кеттi. Оған сiз, тағы да өлеңнiң арғы астарынан, көрiк үрлеген лептей қызуды қосыңыз. Бейне бiр өлеңнiң өн бойына алақұйын от кiрiп, оның сымдай шырматылған тамыр-талшықтарын қуалап ток жүгiрiп кеткендей. Әрине, ол құбылыстардың бәрiн сөзбен жеткiзiп беру мүмкiн емес, оны сен тек болмыс-бiтiмiңдегi тылсым түйсiгiңмен ғана сезiнесiң. Ол қандай сезiну? Бажайлап, байқап қарасаң, жан-болмысыңа кiрiп алған ол еркебұлаңдық бұлғақ ағыс пен қызуда сенi басқа деңгейге көтеретiн, сенi басқа өрiске шығаратын күш бар. Ол күш – намысыңды қайрайтын, жiгерiңдi жанитын астарлы күш. Не өзiң қайрал, не өзгенi қайра! Мейлi, сен Қарқаралының, мейлi, сен Қаратаудың, мейлi, сен Алатаудың Қайрақ-Оғланы бол. Бәрiбiр. Осы мiндетке жегiлуiң керек. Ол сенiң Оғландық, Азаматтық мiндетiң. Өлең осыны меңзеп тұр. Сөзсiз ойланасың, толғанасың...

Кеңшiлiк Мырзабеков – сөзбен сурет салудың хас шеберi. Оның суреттерi сол қалпында қағазға түсiп, мұзға қатырып қойғандай сiрескен суреттер емес. Қағазға түссе де, қырық құбылған қимылын да, алпыс әдiстi әрекетiн де жоғалтпаған жанды суреттер. Ол сурет-өлеңдердi оқып отырып, ондағы құлағыңызға талып жететiн гуiлдердi есiтiп, еленер-еленбес дiрiлдердi көрiп отырасың. Ендi сәл болса, ол сурет-өлеңдер тiрi құбылыстарға айналып, қағаз бетiнен пыр етiп ұшып кететiндей. Түк те асырып айтып отырғам жоқ. Сенбесеңiз оқиық:

Оймақтай көлдiң жиегi,

Аққу құс ұшып киелi,

Қырын бұрып қанатын

Қыл мойынға иедi.

Қарасудан жыртылып,

Дара тұлға құлпырып,

Буынсыз бел майысса

Қос қанаты қайысша

Қайта-қайта созылып

Қоғажайға тиедi.

Тұнып тұрған динамика! Ерiксiз тәнтi боласың! Кеңшiлiкте мұндай сурет-өлеңдер тiптi мол.

Бұл заманда, тiптi қай заманда да, сенi аяғымен таптап, басыңнан аттап кеткiсi кеп тұратын адамдар аз дейсiң бе? Сондай-ақ, сенiң биiктеп бара жатқаныңды көре алмай жан дүниесi қан жылайтын, балағыңнан тартатын, балтырыңнан қабатын жандар да жетерлiк. Олар, не болғанда да, қапысын тауып iштен шалып сүрiндiргiсi, алтын басыңды қор еткiсi, алмас жүзiңдi мұқатқысы, емендей берiк сағыңды сындырғысы кеп өлiп-өшедi. “Пыш- пыштаған” бықсық сөздерi қолқаңды қабады, қыбыр-жыбыр әрекеттерi аяғыңа оратылады. Ондайда, әрине, өзiнiң бәсiн бiлетiн, басын қадiрлейтiн адам, жаманмен жағаласып жатам ба деп әрi шыдайды, берi шыдайды, ақыры болмағаннан кейiн, амалсыздан ол сүмелектердiң бет пердесiн сыпырып алып, кеудесiне сұқ саусағын тiреп тұрып сiлкiнiп сөйлейдi.

Мен – қапыл өзенмiн,

Сен – бақыл өзенсiң.

Мен келте көктемде

Тулап ағамын,

Кемердi бұзып,

Жеткен жерiмдi

деп өзiнiң кiм екенiн көрсетiп алады да, соңына сүмеңдеп түсiп алған сұмпайыны:

Сен баяу ағасың,

Жайлап ағасың,

Өзiңдi-өзiң iркiп ағасың,

Кiлкiп ағасың, –

деп жермен-жексен етедi. Әрине, ақын бұл жерде тек өзiн ғана емес, оспадарлық пен озбырлықтың ақ сойылы мен қара шоқпарынан, аңдаусызда, шекесi сан рет жарылып, желкесi сан рет iскен өзгелердi де қорғап тұр. Ақын мұндай бұл сөздердi әбден ашынып күйiнгеннен айтса керек. Әйтпесе, күңк ете түскендердiң бәрiмен жаға жыртысып жатуға оның пейiлi де, құлқы да жоқ. Олай етсе оның өзi де көп пенденiң бiрiне айналар едi. Шын ақын пәкене пендешiлiктен жоғары тұруға тиiс. Ал өзiн пенделiктен жоғары қоя бiлген ақын өзгелерге де қатаң талап қоя алады:

Пенде болма Ел қамын ойлағанда

Және айналып кетпеңiз пайғамбарға.

Тек осы екi жолдың өзi-ақ қаншама ой, қаншама шындық, қаншама мән мен мағына арқалап тұр десеңiзшi. Пенде адам ел қамын қалай ойласын. Пенде адам өзiнiң қарақан басының қамын ғана ойлайды. Ондай жан күнi-түнi iшкен сайын iше берсем, жұтқан сайын жұта берсем дейдi. Бара-бара араны апанға, құлқыны құдыққа айналады. Тойдым дегендi де, қойдым дегендi де ұмытады. Қанағат дегенiңiз әдiрем қалады. Ар мен ұят дегеннен жұрдай болады. Қарны тойған сайын iсiнедi, қалтасы толған сайын күпiнедi. Алған сайын ала түссем, салған сайын сала түссем дейдi. Дүниенiң тiрегi де, тұтқасы да тек байлық деп ұғады. Жүрегiн май, көзiн шел басады. Алқалаған айнала жұртқа танауын көтерiп, бұтына толып мардамсып қарайтын болады... Құдай-ау, ондай адам ел қамын қалай ойласын?! Қайта, ондай адам сол елдi тұрмастай етiп тұралатып, қораға түскен қасқырдан бетер қан қақсатпай ма?!

Бұл жерде бiр айта кетер мәселе, бiреулер пендешiлiктi көбiне-көп басын көтере алмайтын ынжық, мойнын iшiне тыққан мiскiн деп бiледi. Рас, ол да пендешiлiк. Әрине, қоғам, ел ондай пендешiлiктен де зардап шегедi. Бiрақ өмiрде алпыс айлалы, қандықасапты қорқау пенделер бар. Олар елге қызмет еткен боп, тiптi ұранға бергiсiз сөздер айтып, сол елдiң қанын сораптап, намысын таптап, арын аяқ асты етiп, жiгерiн құм қылып бiтедi. Мiне, осылар аса қатерлi. Қазiр бiздiң елiмiздi осындай қорқау пенделер билеп-төстеп отыр... Қорқынышты-ақ!

Басқа емес, дәл осындай асып-тасқан пенделер, күндердiң күнiнде “пайғамбарларға”айналып шыға келедi. Сонсоң-ақ олар халыққа халық деп қарамайды, қара тобыр деп қарайды. Өзiнен басқаның бәрiн әйтеуiр бiр жүрген сiлiмтiк, әйтеуiр бiр жүрген күлдi- көмеш деп ұғады. Аспандап сөйлейдi, асқақтап қарайды. Жалғанды жалпағынан басады. Ондай кезде аяғына қоғадай жапырылып құлайтын, алдын бiр, артын екi орайтын жалбақай жағымпаздар да оның қуыс кеудесiн желмен толтырып одан сайын күпсiтiп, күмпитiп жiбередi. Олар әлгi “пайғамбарларға” дүниенiң тiрегi де, кiндiгi де сiзсiз деп соғады. Дарасыз дейдi, данасыз дейдi. Оған ол пенде бейшара имандай сенедi. Апыр-ау, ондай адам ел қамын қалай ойласын?! Елден садақа кетсiн де!

Ақынның екi-ақ жол өлеңi бiздi осындай қыртысы қалың қатпар-қатпар ойларға жетеледi. Кеңшiлiк мұндай сұрқия, сұмпайы қылықтарды өзi өмiр сүрген сол заманнан да көрудей-ақ көрген. Ашынған. Күйiнген.

Түптеп келгенде, ақын осының бәрi елiңдi, жерiңдi, өмiрдi шын сүйе бiлмегендiктен деп ұғады. Сүйген адам елi мен жерiне соншалықты зәбiр көрсете ме?! Сүйген адам қандастарын қамықтырып, торықтырып жапа шектiре ме?! Ал оларды қалтқысыз сүю үшiн ақын жүрегiндей пәк жүрек керек. Сондай жүрек қана ешкiмдi алаламай, ешкiмдi кемсiтпей тұтас қалпында сүйе алмақ.

...Машақаты мен мұңында емес пе сыры, iзi,

Буынға түскен уында емес пе уызы?

Мұңнан да рахат, удан да уыз ұюы,

Сол емес пе екен адамды адам сүюi?..

...Сонда да сүйем, сонда да сүйе беремiн

Бәрiңдi сүйем, бәрiңдi иеленемiн.

Сүйе беремiн, сүйе де сүйе шаршасам

Махаббатыма маңдайды сүйеп өлемiн.

Ұққанымыз, елi мен жерiне “бәрiңдi сүйем” деп қана қамқор бола аласың! Бiрақ жұрттың бәрi елi мен жерiн, ұл қылып өсiрген ұлтын жан-тәнiмен, өлiп- өшiп сүйе ала ма? Солардың жолында өзiн-өзi құрбандыққа шалып жiберуге даяр ма? Әрине, жоқ. Бұл дүниеде елiн аздырып-тоздырып, жерiн талан-таражға салып, рухын күнде қорлап, тiлiн күнде кемсiтiп жатса да мыңқ демейтiн малғұндар аз ба? Көп. Олардың бүкiл тұла бой, бiтiм-болмыстарын немкеттiлiк пен немқұрайлылықтың, салғырттық пен бейжайлықтың қалың тұманы тұмшалап алған. Ондайлар мына дүние астаң- кестең болса да, отырған жерлерiнде омалып қалғандай, былқ етпейдi... Бүгежектеп жүредi, бүгежектеп тұрады, бүгежектеп күледi. Бүгежек, бүгежек, бүгежек... Ертеден қара кешке дейiн көлеңкесiн сүйретiп жүрген бiр сұлба. Ондай адамнан не үмiт, не қайыр?! Ондай жан әйтеуiр ылдалап, шықпа жаным шықпа деп, әупiрiмдеп қана өмiр сүрмек.

Менiң бiр досым әйтеуiр әупiрiмменен,

Ақырын, еппен,тартыссыз, тартынуменен,

Әдiспен ғана, тасбақа аяңмен ғана

Қатардан қалмай келедi малтығуменен.

Әупiрiмменен әр iзi аяңындағы,

Сондықтан он жыл тозбайды аяғындағы...

«Жұрттың еркегi сияқты»... деп ұрысса да

Әупiрiмменен ұстап жүр әйелiн-дағы.

Әупiрiмменен қызмет, жұмыс бабында,

Тастан да қатты тырашың тырысқанында.

«Жаракүмалла» демейдi түшкiрсең саған,

«Ау, пiрiм» дейдi бастығы ұрысқанында.

Мiне, осындай жандар кеше де болған, бүгiн де жетерлiк. Қайта, олардың қатары бүгiнде тым көбейiп кеткендей. Қоғамды, уақытты, заманды өсiрмейтiн, адымын аштырмайтын дәл осындай жандар. Олар бейне бiр мойынға бұғау, аяққа тұсау секiлдi. Анда- санда болсын, бұйығылықтың шаң-тозаңынан арылу үшiн серпiле сiлкiнiп тұрмайтын қоғам қалайша асу аспақ, қалайша жаңа өрiс ашпақ, қалайша кемелденiп толыспақ. Тұяқкештi боп тулақтай тұлдыр боп қалған бiр жердi шиырлай бергеннен не шығады?! Ең сорақысы, бүгежектеген бұйығы ондай қоғамға әркiм бiр келiп басына әңгiртаяқ ойнатып қожалық етедi. Ондайды бiз қазiр күн сайын көрiп отырған жоқпыз ба?! Сырттан келгендер өз елiмiзде, өз жерiмiзде жемге тойған қораздан бетер қоқиланып, халқымызды жатқызып-өргiзiп тұрған жоқ па? Осындайларды өз заманында көре-көре әбден зәрезап болған ақынның «Заман жасау адамның қолында ғой, заман қамын ойлайық, замандас-ай»,- деуi содан болса керек.

Кеңшiлiк Мырзабеков те, бәрiмiз секiлдi, заманның да, тағдырдың да мейiрiмi аз, қайырымы кем қыраулы қатал қабағының астында өстi. Шиеттей бала-шағаларын балапандардай шұбыртып кердеңдеген талай-талай кержақ келiмсектердiң босағаларын паналады. Мiнезi сақпан секiлдi сартта-сұрт ақын олардың кейбiреулерiмен сөзге кеп қап, қыстың көзi қырауда қопарыла көтерiлiп, басқа бiр күркешiкке қобырап көшiп жататын. Еркiн сөйлейтiн, еркiн жүретiн ақынға қатал қабақты қытымыр заманда қысылып-қымтырылмай өмiр сүру қайдан оңай бола қойсын?! Соның кесiрiнен ол қаншама жұмыссыз да қалды. Бiрақ оған өзi де, жан жары Зинура да мойи қойған жоқ. Қайсарлық танытты. Күресiп бақты. Ең бастысы, бүгежектеген де, бұққан да жоқ. Жалынып, жалбақтауды бiлместен, арына шаң қондырмастан, болмысындағы шындығын жоғалтпастан өмiрден өттi. Сондықтан да оның:

Тағдыр, басқа не салсаң да көнермiн,

Қабарсаң да, қасарсаң да көнермiн.

Тұтылармын, ұтылармын мен сенен

Шым-шымына кiм батпайды тереңнiң?

Тағдыр, менi шылауыңа орадың,

Ылауыңа жегiп едiң, жарадым.

Тұрқыңды мен сүйрей алмай барамын,

Ырқыңды мен билей алмай барамын.

Тағдыр, саған кейде күйiп келемiн,

Өзiмдi-өзiм илеп, иiп келемiн.

Шындық дейтiн шылбырыңның бары рас,

Шылбырыңа сүйретiлiп өлермiн!

Ол шындық шылбырын қолынан шығарған жоқ. Оған оның бүкiл шығармалары куә.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар