Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Теңіз Қорқауы» туралы толғам

03.11.2021 958

«Теңіз Қорқауы» туралы толғам 12+

Мен өмірдің жалған екеніне сенемін, - деді ол жұлып алғандай. Иә, жалған, бос әуре екеніне! Ол – мынау өмірді ашытып, божытып, көпіртіп тұратын ашытқы сияқты бірдеңе. Ол бір нәрсені минуттап, сағаттап, жылдап немесе ғасырлап ашыта береді, ашыта береді. Өзінің ашытқысынан айырылып қалмау үшін екі елі балық бір елі балықты жұтады. Өз күшін сақтап қалу үшін күштілер әлсіздерді жейді. Кімге сәті түссе, сол өмірді көбірек сүреді. Бар болғаны осы! Қысқасы, тірі жанның бәрі өзінің қу тамағы үшін өмір сүреді, ал қу тамақ оларға өмір береді. Ұшы жоқ, түйіні жоқ шеңбер. Оның шетіне, шегіне жете алмайсың.

Жоғарыда жазылған жолдар Джек Лондонның «Теңіз Қорқауы» романындағы Қорқау Ларсеннің сөзінен үзінді. Әлбетте, айтылған ойлар пессимистік көзқарас екені даусыз. Алайда шындыққа бір табан жақын. Оқиға алаңындағы басты кейіпкер Хэмфри Ван-Вейден мен капитан Ларсен – дүниетаным, тұлғалық тұжырым, табиғи болмыс тұрғысынан екі бөлек полюсте орналасқан жаратылыс иелері. Бірі отыз жыл бас алмай оқыған кітаптарындағы мораль мен ізгілікке сенсе, екіншісі адами құндылықтарды айналып өтіп, түпсанадағы тағылық һәм тасбауыр танымды ұстанады. Бір-бірін кері тебетін екеуара диалогтар романның аяғына дейін ұзақ жалғасады. Ақырында мистер Ван-Вейден аты шулы «Елес» кемесінің капитаны Ларсеннің қанды шеңгелінен әрең құтылып, бостандыққа шығады. Ал Капитан Ларсен қаншама адамға көрсеткен кәрі мен қаһарының, көз жасы мен қарғыстың, аярлығы мен айуандығының қасіретін шегіп, созылмалы бас ауруына шалдығады. Денесі қимылдан, көзі көруден, құлағы естуден, аяқ-қолы қозғалыстан қалып, қиналып жатып бақиға аттанады...

Джон Грифт Чейни (Джек Лондон) 1876 жылы 12 қаңтарда Американың Сан-Франциско қалашығының маңындағы Глэн-Эллен ауданында туған. Жазушының анасы Флора Уэлмен мектепте музыка пәнінің оқытушысы болған. Әкесі жайлы деректер аз айтылады. Жазушының туған әкесі Уильям Чейни астрология ғылымымен айналысқан. 1906 жылғы Калифорнияда болған жер сілкінісінің кесірінен анасы Флора Уэлмен мен әкесі Уильям Чейнидің заңдастырылған неке құжаттары ізім-ғайым жоғалып кетеді. Кейін Джектің әкесімен айырылысқан анасы Флора Уэлмен соғыс ардагері Джон Лондонға тұрмысқа шығады. Бала күнінен тұрмыс тауқыметін тартқан Джек ерте есейіп, ер жетеді.

Өгей әкесі Джонның фермерлік кәсібі тұралап, мал шаруашылығы мандымай, еккен егіні күйіп кетіп, отбасы тұрмысының барша ауыртпалығы он үш жасар баланың мойнына артылады. Мектепке қатынауды доғарған Джек газет сату жұмысымен айналысады. Теңіз қарақшыларымен бірге Жапон жағалауларына сапарға аттанады. Жасына қарамастан, алғырлығының арқасында кеме матросы қызметіне тағайындалады. Мұхит асқан ол кеме бортында қызмет ете жүріп, болашақ әңгімелеріне тұздық болар біршама жайттарды басынан өткереді. 1893 жылы он жеті жастағы Лондонның «Сан-Франциско дауысы» газетіне «Жапон жағалауындағы тайфун» атты тырнақалды туындысы жарияланып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алады. Талапты бозбаланың әдебиеттегі алғашқы қадамы осылай басталған.

Жастайынан қоңыр тіршілік кембағалдықты, жетер-жетпестікті көп көрген Джек жазушылықпен таза кәсіп ретінде шұғылданды. Жоғары қаламақы алу үшін жақсы дүниелер ұсынуға тырысты. Жазу үстеліне күніне 17-18 сағат отырып, мың сөзге жетеғабыл бес парақ жазбаса өзіне көңілі толмайтын. Қаламгер мұнша азаптың бәріне кедейліктен құтылғысы келгендіктен төзген. Басы қатты басталған ғұмыр парағының аяғы тәтті болып, жазушы даңқ пен дақпыртқа, зор атақ пен мол қаражатқа кенеледі. Джек Лондон қырық жылдық келте ғұмырында 200 әңгіме, 21-ге жуық роман мен хикаят жазып, артына бас-аяғы елу шақты кітап қалдырған.

Орта мектептің өзін мардымды тәмамдай алмаған жас жазушы 1896 жылы Калифорнияның жоғары оқу орнына түсуге талаптанады. Ойындағысы орындалып, айы оңынан туып, емтиханды жақсы бағаға тапсырғанымен, университетте бар жоғы бір-ақ семестр оқиды. Қалтасының жұқалығы, тағы да сол қу кедейлік оның білім алуына мұрша бермеген. Оқуын тастап, күні-түні кір жуу, өрт сөндіру зауыттарында жұмыс істеп күнелтеді. Автор өзінің қиын да қилы, ащы да ауыр, кедір-бұдыры, соқпақ-бұралаңы көп тағдырын өмірбаяндық романы «Мартин Иденде» баяндаған.

Джек Лондон барлық дерлік әңгіме-хикаят, романдарының желісін шынайы бастан кешкен оқиғаларының негізінде жазып шыққан. Кейіпкерлері – көзімен көрген, өткен-кеткен оқиғаның куәгерлері. Шынайы кескіндеулер, қаны сорғалаған портреттер, өмір үшін күрескен жандар, ақырғы демі қалғанша әділеттің туын тік ұстайтындар, ойыңа кіріп-шықпайтын детальдар, өтірікті шебер әшкерелеу, жалғыздыққа мойынсыну, тартымды диалогтар, жалғанды басқа жаратылыстың көзімен көру, әйел психологиясына тереңдеп ену – міне, осы ерекшеліктері оқырман қауымды тәнті етіп, есімін Америка әдебиетінің тарихында алтын әріптермен қалдырды. Аляскаға алтын іздеп баруы, терістікке сапары, жылдар бойы мұхит асып ел мен жерді тануы, сықырлаған 50 градустық сары аязды мекендерге саяхаты, ми қайнатар ыстықта шөл кешуі қаламгердің әдеби шығармашылығына мол азық болған сыңайлы. Әрі осындай дауылдың бетінде, жауынның өтінде, қаңтардың аязында, шілденің шіліңгір аптабында сыналуы сомдаған кейіпкерлерінің асқан төзімділігімен байланысып, ұштасып жататындай көрінеді.

Бірде Джек Лондон теңіз мысығын аулау үшін теңіз қарақшыларының қатарына қосылып, ақбас толқыны арқыраған асау мінезді мұхиттың үстінде, Жапон-Сібір жағалауларына сапар шегеді. Жапон жағалауындағы табиғаттың тосыннан соғатын құйынды дауылымен алысып жүріп ысылып, сегіз айдан соң Сан-Францискоға қайтып оралады. Берілген жалақы жанұясының қарыздарын төлеуге әрең жетіп, бар болғаны өзіне шекпен мен қалпақ сатып алады. Әйткенмен бұдан соң шытырман оқиғалы саяхатының әсерін жазып шығады. Ол – осы біз сөз еткелі отырған «Теңіз Қорқауы» романы.

Мұхит үстіндегі өмір – тірлік үшін күреске толы шынайы һәм ауыр өмір. Дауылды күні кеме желкені қирап, өліммен бетпе-бет келген кейіпкерлердің оқиғасын, кеме бортындағы адамдардың шыбын жаны шырқырап, тірі қалуға тырысып, тал қармауын талай мәрте көркем фильмдерден көріп, шығармалардан оқып жүрміз. Бірақ бұл хикаят сәл өзгешелеу. Өзінің отыз жыл оқыған кітаптарындағы ізгілікке иманындай сенетін Хэмфри Вен-Вайден тағдыр айдап, мұхит үстінде тағылықпен күн кешетін ортаға топ ете түседі. Анығырақ айтсақ, әдебиет сыншысы Хэмфри Ван-Вейден мінген кеме апатқа ұшырайды. Біршама күн мұхит үстінде суық қарыған, аштықтан арып-ашқан денесі қалқып жүрген қаламгерді аңшылардың «Елес» атты кеме экипажының мүшелері құтқарып алады. Хэмфри кеме капитаны қорқау Ларсенді сырттай бақылап, оның ешқандай қағидат-ережеге бағынбайтын, қалыпқа сыймайтын қатыгез де қағылез болмысына қайран қалады... Оның қатыгездігінің асқынғаны соншалық, кеме қызметкерлерін дірдектетіп қоятын әлеуетке ие кісі. Өзіне бағынғысы келмегендерді лезде қатаң жазалап, өлтіруден тайынбайтын «Теңіз Қорқауының» аты мұхит үстіндегі патшалыққа кең жайылғанын жанындағылардан естіп, біледі. Хэмфри барынша сақтық танытып, айтар сөзін, істер ісін ықтияттап, аман қалуға талаптанады. Қызығы сол, кеме капитаны өте әккі, айлакер, ақылды, тіптен Хэмфри Ван-Вейденнің өзінен көп оқыған білімдар кісі болып шығады. Екеуі адам құқықтары, гуманизм, дін, ғылым, философия, адам жанының өлмейтіндігі хақында пікір алмасып, сұхбат құрады.

Романның орта ширегінде «Елес» кемесінің алдынан тағы бір апатқа ұшырап, бағытынан жаңылған төрт адам жолыға кетеді. Қорқау Ларсен баяны беймағлұм кісілерді емен-жарқын қабылдап, кеме қызметкерлерінің қатарына қосады. Оның біреуі – Мод есімді жазушы әйел. Хэмфри бұрынырақ бұл әйелдің әдеби туындыларына жақсы пікір білдіріп, оң баға бергенін еміс-еміс есіне түсіріп, нәзік те талдырмаш жас арудың өмірімен қоса абырой-ұжданын сақтап қалуды мұрат қылады. Қорқау Ларсен де сүйкімді бикешке ғашық болып, кемедегі көңілді түндердің бірінде шарапқа қызара бөртіп, қызға қылмыңдай бастайды. Қызғаныштың қызыл иті дегбірін қашырған Хэмфри қызды капитанның құшағынан құтқарып, кемеден қашып шығуға бел буып, шлюпканы төмен түсіріп, керек-жарағын алып, мұхит бетіне күмп етеді. Аз уақыттан соң белгісіз иен аралға аялдап, оған «Үміт аралы» деп өздерінше ат қояды. Созылмалы бас ауруына шалдыққан Қорқау Ларсеннің бүкіл қызметкерлері «Елес» кемесін тастап қашып, ақыр соңында салт атты, сабау қамшылы соқа басы жападан-жалғыз кемесінің желкенін жығып, дал-дұлын шығара қиратып, «жақсы ит өлімтігін көрсетпейдінің» керімен белгісіз аралда өлуді ұйғарады. Ал әдебиет сыншысы Хэмфри Ван-Вейден мен жазушы Мод екеуі Америкалық құтқару кемесіне кезігіп, аман-сау қалады. Оқиғаны баяны осылай өріліп, түйінделеді.

Авторды адам баласының сатылап өрлеуі, жеке тұлғаның дамуы, мінез-құлық эволюциясы төңірегіндегі ойлар қатты алаңдататыны сырттай байқалады. Себебі әр шығармасында осы мәселені тереңірек зерттеп, ашуға тырысады. Мысалға алайық, Джек Лондонның «Ақ азу», «Тектік сарын» сықылды ғажап хикаяттары бар. «Ақ азуда» қасқырдың итке айналуын суреттесе, «Тектік сарында» керісінше, иттің қасқырға айналуын сипаттайды. Әңгіме ауаны жануарлар төңірегінде болғанымен, шын мәнінде адам болмысындағы жабайы инстинктік қасиеттерді диаграммалық тәсіл арқылы кескіндейді.

«Теңіз Қорқауы» романын оқи отырып, мәңгілік екі құндылықтың: материализм мен идеализмнің қақтығысына куә бола аламыз. Екі кейіпкердің диалог түріндегі берілген талас-тартысы – осыған дәлел. Автор өзі қызғыштай қоритын абсолюттік идея мен өмірлік қажеттіліктің, тіптен ғылыми теориялар мен шынайы өмірдің мүлдем қабыспайтынын екі кейіпкерді сөйлету арқылы шебер суреттеген. Романдағы орталық фигура – «Қорқау Ларсеннің» образы. Автор өзінің қара энергиялы қатыгез кейіпкерінің болмысын шынайы аша білген десек, қателеспеген болар едік. Өйткені «Қорқау Ларсен» идеалистік теорияларды идеалистердің өзіне қарсы қоя отырып, өздері ұстанған жүйенің әлсіз тұстарын ашық әшкерелейді. Және романның аяғына дейін өзінің принциптері мен позициясына адалдық танытады.

Автор орталық фигураның тура қарсысына Хэмфри Ван-Вейденнің образын қойған. Өмірге мөлдір де пәк көзқараспен қарап, жан баласына өзінің құқын таптатпайтын әлжуаз жігіттің ыдыс-аяқ жуушыдан кеме капитанының көмекшісі деңгейіне дейін жоғарылауы адам сенгісіз жәйт. Әділет, ынсап, мейірім, рақым, ар, иман жайлы түсініктері шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде жай әншейін әдемі сөздердің жиынтығы ғана болып қалғаны жанын ауыртады. Өмірді жеңіл сүруге бейімделген кісінің өз-өзін қорғауға қабілетті адамға айналу процессі таңғалдырары сөзсіз... Қорқау Ларсеннің физикалық қажыр-қайраты Хэмптен басым болғанымен, оның ізгілік жайлы қағидаттарының қабырғасын сөге алмайды.

Мысалы, авторлық шешімнің ұйғарымымен ашық теңіз үстіндегі айқаста материалисттік құндылық үстемдік етті делік. Әрине, бұл Джек Лондонның сегіз айлық сапар үстіндегі терең толғанысының бір парасы ғана шығар. Әйткенмен біз биік көріп, әспеттейтін гуманисттік идеялардың күл-парша болғаны қалай? Мүмкін, біз расында қу құлқын үшін өмір сүріп, ұшы-түйіні жоқ шеңбердің шегіне жете алмаған өз идеясының құрбандары болармыз?..

Көрнекі сурет: Михаил Сатаров "Теңіздегі дауыл"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар