Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тікенектегі жаңа гүл...

05.05.2016 2957

Тікенектегі жаңа гүл

Тікенектегі жаңа гүл - adebiportal.kz


328938_118997668267226_1754706463_o.jpg


Бұрын онша сезіле бермейтін өткенді аңсау (кеңестік емес, бағзы түркілік бұла күндерге арзулану) сарыны қаламгерлер тарпынан постмодерндік сюжеттерді тудырып, оқырман ықыласына бөленді. Кез келген эстетикалық табуды бұзып жару жаһилдік дәуірдің мәдениетін басқа қырынан таныту қазақ постмодернистік эстетикасын бір мезетте әрі өткенді ұмтырымайтын мұрағат, әрі ескіні қайыра гүлдете мәулеткен бау-баққа айналдырып отыр.


Осы мәулі бақтағы реализмді маңына жолатпайтын тікенекті жаңа гүл – «БАС» моноспектаклі дер едік.


Отандық постмодерннің қаламгерлеріміздің шығармашылығында ұшырасуының тәжірибелік-амалятына зер салар болсақ, жазушылардың ұстанымдары негізгі постмодернистік постулаттар бойынша пікірімізді өрбітуге өзек болып, осы мәдени феноменнің бір елде ерте, бір елде кеш туындауынан хабар береді.


Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақберен Елгезек, Азамат Тасқара т.б. поэзиядағы, Асқар Алтай, Думан Рамазан, Дидар Амантай т.б. прозадағы постсоцреализмнің құбыла өзгеруі постмодернизмнің алаши түр ерекшелігін танытады. Және үнемі есте ұстайтын жайт қазақ постмодерні дәстүр жалғастығымен «модернизмнен кейін» емес, қайта, «постсоцреализмнен» кейін өмірге келіп, кеңестік идеологияның орнын ұлттық идеологиямен алмастыруда бұрынғы 70 жылдық құндылықтарды мансұқтайтын антитоталитарлық әдіске арқа сүйеді.


Ұсқынсыздықтың әдеби театрландырылуы жолында милет оқырманының санасын жаулау үшін миф пен пародия арасындағы іркіліс, тілдік ойынға кең жол беруде, архетиптік экзистенциалды сюжеттер туындап, сюрреалисті-абсурдистік автобиографизм қазақ әдебиетінің келбетін өзгертіп жіберді.


Қазақ постмодерні бір мезетте ұлттық өнердің жоғарғы деңгейі архетиптермен және алаштың идеологиялық кодтарымен авангардистік андерграундтық аңыста қақпақыл ойнауға көшті. Сол себепті төл әдебиетімізде ешкімде авангард пен постмодерн арасындағы межені айқын ашып бере де алмайды. Авторлық бастау көздің шайлып кетуі оқырманды да дал етуде. Заттық әлемді «постсоцреализмнен» арылып, реалды емес, мистикалық-фантастикалық жосықта суреттеу қаламгерлер арасында бірте-бірте қолдау тауып жатыр. Осылайша, дәйексөзділік, полистилистика тағы басқа да постмодерннің өзіндік ерекшеліктері кейде сонылықпен, кейде эпигондық және дилетантизммен поэзия мен прозада өзін таныта бастады.


Гуманитарлық ғылымда қазақ постмодернінің өнердің барша түріне сай келетін адекватты концепциясын жасап шығып, оның алаш мәдениетінде алып отырған рөлін анықтауға тырысуымыз керек. Батыстан біз шетіндесек те, мұсылман Шығысынан қара үзе алмаймыз, сондықтан араб және түркі әлемі мен үнді-қытай мәдениетімен бірлікте алынған алаш постмодернизмі реалды эстетикалық мәртебесін иелене алады.


Постмодернизмнің философиялық-эстетикалық шығу төркіне баланатын француз постструктурализмі мен постфрейдизмді алаш әдебиетінде ұлттық мәнерде қолданысқа түсірмесек, рухани мойынымызды үземіз. Әрі біз ұлт ғылымында қолға алынбай жатқан әдебиет пен өнердегі модернизм, авангард, неоавангардтан постмодернизмнің өзіндік кейіптік өзгешелігінің басын ашып та алуымыз керек.


Осы орайда оның бұқаралық мәдениетпен қарым-қатынасы қалай? Қазіргі қазақ қоғамымен байланыстылығы қаншалықты? Оның пайда болуына не түрткі болды? Және оның ізін не басады? сынды дәстүрлі сауалдар алдымызды кескестейді.


Міне, осыларды бір адам емес, қазақ рухани әлеміне бей-жай қарамайтындар, бірде келісе, бірде керісе отырып шеше алады.


Жаңашыл ұстанымдағы ғалымдарымыз постмодернизмнің өнердегі және постбейклассикалық ғылымдағы өзіндік ерекшелігін оның алгоритмдік және экологиялық эстетикамен арақатынасын, әлем мәдениетіндегі мысалдарды ұлт мәдениетімен байланыстырып ашуға талпыныс жасауда. Қазақ постмодерні басқа мәдениеттегі елдері түгіл бауырлас түркі елдерінен ерекшеленеді.


Қазір жаңа әдеби бағытта сәтті жазылған, жөнімен оқырманға ұсынылатын таза қанды постмодерндік туындылар сирек. Болғанымен не неореализмнің, не сюрреализмнің ыңғайында кетіп қалады. Енді-енді қазақ әдебиетінде жанрлар синезінен тұратын таза қанды постмодерндік шығармалар некен-саяқ болсын жастар тарапынан өмірге келе бастады. Поп-арт жанрындағы бар-жоғы үш персонажы (БАС – әлдебір мұражайдағы адамның басы; ҚАЗАҚ – мұражай аралауға келген қазақ жігіті; БАССЫЗ ТӘН – мұражай экспонаты, сауыт киінген, жарақ асынған жауынгер, бассыз.) бар: “БАС” моноспектаклінен бұрынғы жоғымызды таба алдық. Әрі осы монологты жанр табиғатына сай бір актер түрлі дауыспен орындап шыға алады. Әрі интеллектуалды оқырман өзімен-өзі жеке қалып, алаш тарихының терең қойнауына кете алатын бабалар рухымен сұхбаттастық та салтанат құрады. Жаңа әдеби әдістің барлық алғышартын сақтап моноспектакль жазған автордың ұтқаны не, ұлт әдебиетінің бұдан ұтқаны не?! Осы мәселе бұрын тікелей қойылмаса, енді тап осындай туындалар өмірге келгеннен кейін өзектене түседі.


ХХІ ғасырдағы ұлт өнері мен мәдени әлеміндегі бәрін тіреп тұрған «үш өгіздің» (модернизм, постсоцреализм және постмодернизм) концептуалды аспектілерінің өзара қарым-қатынасы ешкімді бей-жай қалдырмайды. Осының ішіндегі постмодернизмнің эстетикасы мәдени феномен. Оның назаряттық негізі постфрейдизм, постструктурализм және деконструкцияның теориясынан тұрады. Қазіргі кезде қазақ әдебиеттануында постмодерннің басты әдіснамалық проблемалары ұлт қаламгерлерінің жаңа туындылары бойынша көркем шизоанализ, ризоматика және өнер пиротехникасы, симулакр, интермәтіндемелік, иронизм қолға алына бастады.


Бұл орайда қазір батыстың бізге таңып, ресми ғылымдағылар көніп отырған классикалық эстетикасынан концептуалды өзгеше алаштық дүниетанымдағы неоклассикалық эстетика ұлт мәдениетінің табалдырығын аттады.


Оны аттатып отырған жастар...


Осы талдауда әдеби процестегі өзекті мәселе постмодернизмдегі бұқаралық мәдениеттің өзара арақатынасын пайымдайтын тап осындай туындаларға деген зерттеушілер сұранысы өсе түсті. Осы сұранысқа «БАС» жауап беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда «төлбасы».


Бұл туындыны ақсүйек алаш оқырманы да, қарапайым оқырман қазақ та сүйсініп оқып шыға алады. Өйткені, автор элитарлық әдебиет пен бұқаралық әдебиетің арасынан жол тауып, бабалар рухы арқылы екі басқа дүниетанымдағы жандардың басын дәйексөздік ойлау типі қосып отыр. Себебі, жұрттың бәрі Кейкі, Махамбет және Хан Кененің бастарының «мұрагер жоқтаушысы». Әр топтың осы мәселеге қатысты өз пікір, өз топшалауы бар.


Әдебиеттанушы бұндай туындыларды өнер пиротехникасына негізділген интеллектуалды от-шашу деп ұғады. Үш жанрдың да синтезін бойына сыйдырған туындыда «Уақыт шектеулі, кеңістік белгісіз, персонаж: өлі мен тірі бір ғана жағдаят мұражайға қойылған бас пен оны тамашалаушы бүгінгі ұрпағының жолығысуы оқиғаға өзек болады.


Авторлық баяндауға кезек берейік. «Қазіргі заман. Жеңіл ырғақты музыка ойнап тұрады. Сахна алакөлеңке. Заманауи сәнмен, жәдігерлері тәртіппен тізілген әлдебір мұражай. Оң жақ шеттегі тумбаларға бірер экспонат қойылған. Ерекше көзге түсетіні – қызыл барқыт жабылған тумбаға қойылған адамның басы*. Бастың кескін-келбетіне қарап, ұлты қазақ екені аңғарылады. Сахна ортасында, бастан сәл шегініңкі тұста, биіктеу мінберде қылыш асынған көшпелі жауынгер киімі қойылған: жеңді берен*, шығыршықты торғайкөз сауыт. Жығасы* иығын жапқан дулығасымен*. Құлын жарғақ кең шалбар*. Оның сол жағында қорамсақты садақ. Бес қару.


Сахнаның сол жағынан мұражай аралауға келген қазақ шығады. Оң жақ құлағына құлаққап таққан, оның сымын шұбалта құлатып, қысқа балақты жұқа шалбарының қалтасындағы телефонға жалғаған. Қағылез қимылдап, садаққа, қару-жараққа аңтарыла қарап, жауынгер киіміне сұқтанады.


ҚАЗАҚ:

- О, ғажап! Ғаламат! Қандай алып болған екен бұл киімді киген батыр! Кемі жүзбасы, жо-жоқ, мыңбасы болған шығар. Мүмкін, әскербасы сардар?! Генералиссимус киетін киім екен. (Жауынгер киіміне тақап тұрып, тұрқына шақтамақ болады. Қолын созып, бойын өлшейді. Өзінен бір бас еңселі екенін байқайды). - Қап, жалғыз келгенімді қарашы! Балаларды ерте келуім керек еді. Келер жолы ала келейін!»


Сұсты бас пен жүнді бас осылайша кездеседі. Өлі мен тірінің жолығысуысы тура күнделікті өмірде болған оқиға сияқтанып суреттеліп отыр. Барды жоқ, жоқты бар ету – постмодерннің басты белгісі. Осы әдеби жанрлық басты қағидатты автор сәтімен кәдеге жарата алған.


Және автордың бар айтпағы басы жоқ ұлт пен басы иығында айтқан сөзі өзгеге жүріп тұрған ұлттың өмірдегі орынын авторлық концептімен оппозициялайды. Біз қанша жерден жеке мемлекетпіз десек те, орыстың жел қайығы, АҚШ-тың қаңбағымыз. Бұрын олай болмаған. Қастерлі алаш пен Қастерсіз алаштың бастары өзара жолығысады. Өр кезіміз бен Қор кезіміз пернеленеді. «Абылайдың түсі» ұлттық концепциясы бақа-шаян тірлігімізден хабар береді.


«Бір заманда сенің басыңа алты жасар атанның көн терісін де кигізіп, Мәңгүрт атандырды. Одан да аман қалдың. Бір заманда басыңа темір қалпақ кигізіп, батысқа қарай қанды қырғынға аттандың. Контужен боп оралдың мәңгіріп. Бір дәуірде төбе шашыңа дейін тықырлап, абақтыға қамалдың, енді бір заманда иегіңе қаба сақал жіберіп, мұртыңды бастырдың...»


Бабаларымыз да бір басты емес, қос басты: Жаугер бас, Мәңгүрт бас. Бұрын қазақ әдебиетінде рөлдердің ауыстырылуы тәсілін сәтімен қолданылуын Думан Рамазан секілді қаламгерлердің реалистік туындыларында ұшырататын болсақ, «БАС»-та біз тәннің сақталып, бастың қаққа жарылуы оқиғасына былайша куә боламыз. Мәңгүрттің басы – Ә.Кекілбаев пен Ш.Айтматов шығармаларындағы Мәңгүрт образының қазіргі «дамытылған» нұсқасы туынды тәніне орынды кірігеді.


«Сахна шетінен темір құрсау шандыған, болат шеге қағылған Мәңгүрттің басы* домалап кеп, ортаға тоқтайды. Бассыз тәннің басының орнында қолдар түрлі пішін-қалыптар жасап, сәл тұрады да, тізесі бүгіліп, төрт аяқтап басын іздейді. Бір кезде Мәңгүрттің басын тауып алып, иығына қондырады. Сол-ақ екен, өз басын өзі ұрғыштап, есінен тана қимылдап кетеді. Сахнада әрі-бері жүреді. (Алыстан ат тұяғының дүрсілі естіледі. Аласұрған әлдебір дауыстар естіледі.) Бір сәтте Мәңгүрттің басын киген Бассыз тән қорамсақта тұрған садақты қарманып тауып алып оқтап, аспанға жебе атады. Бассыз тән садақты аспаға қарата көздеп атып-атып, қалжырап құлаңқырап барып, бірер жебені сындырып, өкіре айғайлап біреуін өзінің оң жақ құлағына қадап алады. Сәл тітіркене қалшылдап, құламай тік тұра береді. Ақыры оң қолымен Мәңгүрттің басын жұлып алып, лақтырып жібереді. Сосын, қайыра садақты алып, адырнаны шірей тартып, қайқая тұрып, жебе атады аспанға. Сәлден соң баяу ілбіп барып, мінбердегі орнына тұрады. Сахна қараңғыланады. Сахнада қызыл, қара бояулар сапырылысып, жарық қайыра жанады. Бастың маңында жүрелей отырып, аң-таң боп қалған Қазақ жарық сөнердегі позада қимылсыз қатып қалған».


Автордың саналы түрде “Бүтінді бөлшектеу” стилистикалық-композициялық деталдауға орын бергендігі танылады: Қазақ рухы: Бас – Тән – Жан деп бөлініп, әрқайсы автордың жазып-сызып берген жосығымен оқырманға ұсынылады. Тарихымыз: Ар Қазақ: Бас пен Тән арқылы танылса, бүгінгі барлық ұлығ мұрамыздан айырылған күйкі тірілігіміз Зар Қазақ – Жанның дүниеианымдық ойлауынан көрініс табады. Осылайша рөлдер бөлісіп алынып, ары қарай диалогтық сюжет өрбуінің барысында дәйекшелік ойлау (цитатное мышление) орын алады. Енді соған кезек берейік:


«ҚАЗАҚ:

- Мынау... әлгі аңыздағы мәңгүрт қой. Әлгі романдағы... Осының бәрі қазақтың басынан өткен ғой. Менің басымнан өткен ғой! (Қос қолымен басын ұстай береді) - Басым-ай! Бір заманда бір білгір айтып еді: «Адамның бассүйегі жерге жасырылмай, аңғалағына көр топырағы толмай тыншу таппайды» деп. Абай еді ғой... Ескендірді жырлаған... Қанша атамыздың басының қайда қалғанын білмейміз... Тауға да, тасқа да ұрып келеміз басымызды... (Күрсініп ойға батып, оң қолын көтере қатып қалады)


Сахна тағы қараңғыланып, жарық Басқа ғана түседі.


БАС: (ойлы)

- Бірақ, басы жоқ адамның мойнына құл қамыты киілмейді. Тәнің бұғауда болғанмен, басың азат қой: көрден де, шірік топырақтан да... Сен кімнің ұрпағысың, балам?! Менің басымды алған жұрттан емеспісің?! Әлде, әлде, сен мені түмен қолмен тастай қашқан Сыпатайдың ұрпағымысың?! Әлде, сен менің басымды бір дорба ақшаға сатқан Ықыластың ұрпағымысың?! Сен... сен менің ұрпағым емессің-ау деймін! Мен тәнімнен ажыраған соң, соңымда қандай ұрпақ қалғанын да болжай алмай қалдым ғой! Сен кімсің, ей, қазақ?! (Даусына ашу-айбар араласқан) - Шығысыңда – жеті басты айдаһардай ысылдап қаптаған қалың қытай, батысыңда – адамы түгіл қарақұсының өзі екі басты алпауыт ел отыр. Сенің басың қайда, менің басым қайда?! Сен өзі... (күмәндана, сұраулы жүзбен) - Анық қазақсың ба?! (Баяу ғана күрсініп) - Кім барады менімен бұл сапарға?!.


Сахна қараңғыланады. Мінберден Бассыз тән түсіп келе жатады.»


Қазір қаламгерлеріміз өз шағын әңгімелерін де болсын, романдарын да болсын дәйексөзді сүйіп қолданады. Бұл эпиграф түрінде реалистік туындыларда сиректеу көрініс тапса, гиперреалистік қазақ прозасында немесе постреалистік ұлт поэзиясында кең қолданыс тауып отыр. Енді оның жарқын көрінісін «БАС» туындысынан да түстеп танып отырмыз.


Өйткені, дәйекшелік ойлау постмодернизм мәтіндерінің ең жетекші нышаны. Осы «дәйекшелік ойлау» терминіне қазақ пен алаш мәдениеті қалай қарайды!?


Постмодернизмнің дәйекшелік ойлауы заманалық мәдениеттің интермәтіндемелігінің идеясынан келіп шығып отыр. Осы интермәтіндемеліке әлемдік гуманитарлық ғылымда түрлінше түсініктеме беріліп жүргені де рас. Бірақ қазақ ғылымында осы бір иесіз қалған жайлаудағы ен жайылымға ешкім де малын өргізе қойған жоқ. Бұл жайлауға мал жаюда француздар алдына жан салмай тұр. Р. Барт өз кезегінде «Әр мәтін интермәтін болып табылады да, оның бойында түрлі деңгейдегі басқа мәтіндер ұшырысады... Әр мәтін ескі дәйек сөзден тігілген жаңа көйлек» десе, «Әдбиет теориясы» туралы оқулығы қазақшаға аударылуды керек ететін тағы бір француз Ж.Женетт бес түрлі мәтіндемелікті алдымызға тартады: 1) интермәіндемелік дегеніміз бір мәтін бойында екі немесе одан да көп мәтіндердің қосанжарласуы (дәйексөз, аллюзия, плагиат және т.б.); 2) мәтіннің өз атауына, сөз соңына, эпиграфқа және т.б. қатысты парамәтіндемелік қатынасы; 3) метамәтіндемелік түсінік беруші ретінде өте жиі өзінің алдындағы ілкімәтінге (предтекске) сыни сілтеме жасайды; 4) гипермәтіндемелік өзге мәтіннің біріндегіні жақтырмай ой қозғау мен пародиялау; 5) архимәтіндемелік мәтіндердің өзара жанрлық байланысы болып табылады.


Постмодернистік мәтіндерде ұшырасатын дәйекшелік қарпайымдай сөз еткесек, не ашық (авторды, мәтінді көрсету), не жасырын (көмескі, мысалға, кісі аттарының, оқиға орнының, сюжет желісінің т.б. сәйкесіп келуі) түрде ұшырасады. Екінші жағдай автордың өз оқырманын сөзжұмбақ шешуге тырыстырған ойындық сәті деуге келіңкірейді. Автор өз цитондарын кімнен алғанын көрсетіп отырады.


Өз туындысының бойына өзге туындыдан ақын С.Ақсұңқарұлының «Махамбеттің монологы» өлеңінен үзінді береді:

(Аңтарыла жан-жағына қарап, ойға шомады) - Бірақ, ақын жырлап еді ғой:


Өмірде өстіп жүремін бе мен

Тағдырдың тартып азабын?

«Өзекті жанға – бір өлім!» - деген

Өр едің неткен, қазағым!..


«Күрес!» дейтұғын жүр күш қанымда,

Құдайым – жырым, құлыным.

Зұлмат күштермен жұлқысқанымда,

Жұлынсын менің жұлыным!


Қаскөйді таптым қандастарымнан

Қасіреттің кешіп сүренін.

Махаббат жыры марқасқа қылған

Тәкаппар – менің жүрегім!


Қайралды қылыш қайнаған кекке,

Ханның қанына тоймаспын!

Басымды берем – Баймағанбетке!

Жүректі бере қоймаспын!!!*


Немесе аталған ақынның тағы екі-шумағын үзіктілік арқылы стилистикалық қолданысқа түсіреді:


Махамбет қой бұл! Махамбет...

Көктей өткен, Жаһан, сені

Көк Түркінің көзі боп –

Қазақ деген – Ақан сері.


Өлеңі – бар. Өзі – жоқ.

Ертеңгі күн елес әлі.

Бұлдырап тұр шашып от.

Қазақ деген – Кенесары.

Денесі – бар. Басы – жоқ...*


Егер автор жасандылыққа барып, Баба БАС-қа ұрпағының аузына түкіртіп, аяқ астынан ақындық қасиет қондырып, өлең шығартып жіберсе, «айды аспанға шығарар» еді. Ол саналы түрде персонажының аузына «Денесі – бар. Басы – жоқ...» тарихи тұлғаларымызға жыр арнаған ақынның мәтін үзігін пайдалануы керек. Жыраулар рухымен суғарылған С.Ақсұңқарұлының өлеңі персонаж монологының әрін ашып тұр.


Орыстар пір тұтатын Х. Ханссонның пікірі біздің ойымызға қонымды, санамызды сарсаң етпейді. Сонымен аталған зерттеушіше: интермәтіндемелік: – мәдени (елдің тарихымен, әрі оның мәдениетімен байланысуы); – жанрлық (постмодернистік романның серілік, тарихи, викториандық және басқада романдық хаттарының өздік стандарттарымен байланысушылығын білдіру); – арнайы (екі индивидуалды мәтінің мәтіндемелік интеракциялануы кезінде туындау) болып табылады (Возрождение романа. Постмодернистские романы и традиции // Культурология : Дайджест. - 2000. - N 3. - С. 187-193).


Дәйекшелік ойлау заман ойының таяздығын танытпай ма деген күмәнді сауал да туындайды? Бұған «жоқ» деп те, «иә» деп те жауап беруге болады. Өйткені, мыңдаған жылдық адамзат тарихының мәдени-рухани жетістігін шығармашылық мақсатпен суреткер тарапынан оңды игеру бар да, орынсыз мансұқтау бар. Хорхе Луис Борхестің «Шекспирді еске алуы» немесе Умберто Эконың "Райханның аты" романының кейіпкерлері Вильгельм Баскервильский мен Адсон Шерлок Холмс пен доктор Ватсонды еске салатын шығармалары осының соңғысына жатады.


Енді осы дәйекшелік ойлаудың бұлтын қоюлата түскен автор. Келесі бір басты оқиға араластырады.


«...Бассыз тән манағыдай қарманбайды, ештеңені көрмесе де әр қадамын сенімді басады. Тіпті, марш екпінімен салтанатты қадам тіктейді. Әскери ишара-қимылдар жасап кетеді. Музыка ауысқанда қазіргі заманғы әулекі билерге де салып қояды. Кенет музыка қалт тоқтап, ауыр ырғақтармен лықсығанда, Бассыз тән сылқ етіп отыра кетеді. Сахнаның тұс-тұсынан түрлі бастар домалап шығады, әуеден салбырап түсетіндері де бар. Бірі – қызыл әскердің басы, бірі – каска кигізілген жауынгердің басы. Енді бірі – сәлделенген бас, бірі – базардағы манекен. Бастардың бәрінің беттері шүберекпен тұтылған. Бассыз тән соның әрқайсын бір таңдап, басына шақтап көреді. Бір басты иығына қондырып, екінші басты қолымен ұстап, таңырқаған пішінмен үңіле қарап тұрады. Бір басты иығына қойып, екінші басты қолтығына қысып, теңселіп жүреді...


Көкжиектен көзіңді асырып қараймын десең, дүрбі де керек емес! Айдарыңнан жел еседі, кекіліңді Күн тараған. Оңға бұрсаң Айың туған, солға қарасаң, жұлдызың жанған. Құлағыңа сым тығып, әулекі елдің әуенімен миыңды ашыта берме, балам! Өйте берсең, мәңгүрт боп кетесің, мәңгүрт!.. Ал, мен! Мен дүниені дүбірлеткен көшпелі ер қазақтың басымын! Сұрқия заман тақым сүйген тұлпарымнан айырды. Тұлпарым кеткен соң, астымнан тақ кетті, басымнан бақ кетті. Табанымды тіреген қара жер де кетті жаттың олжасы боп. Басым ғана қалды. Басым...»


Бұл арадағы бір ескеретін дүние постмодернизмдегі дәйекшелік ойлау өз бойына таңдау идеясын, авторлық таңдауды сыйдырып, туындыгер кейпіндегі авторлық ұстанымды танып білуімізге мүмкіндік береді. Әрбір өз мәтінін дәйексөзге құрушы жазушы өзі өмірге әкелген түзілімдік үзіктері ассоциативтік және мағыналық байланыс орната отырып, әлемді өзінше қабылдайды. Біз оны ұғынуымызда мүмкін, ұғынбай сырт айналуымызда ықтимал. Бұндай дәйектеулерді мәтін сегменті ретінде қарастыру, өз кезегінде интермәтіндемелік пен гипермәтіндемеліктің басын бір жерге түйістіруге мүмкіндік береді.


«- Мынау... әлгі аңыздағы мәңгүрт қой. Әлгі романдағы... Осының бәрі қазақтың басынан өткен ғой. Менің басымнан өткен ғой! (Қос қолымен басын ұстай береді) - Басым-ай! Бір заманда бір білгір айтып еді: «Адамның бассүйегі жерге жасырылмай, аңғалағына көр топырағы толмай тыншу таппайды» деп. Абай еді ғой... Ескендірді жырлаған... Қанша атамыздың басының қайда қалғанын білмейміз... Тауға да, тасқа да ұрып келеміз басымызды... (Күрсініп ойға батып, оң қолын көтере қатып қалады)»


Америка жазушысы, әм Браун университетінің әдебиет профессоры, Желілік әдебиет Ассоциациясын құрушылардың бірі Р. Кувер «Гипермәтін дегеніміз – бұл оқылуы мен жазылуы кампта жүзеге асырылып, типографияның бояуының өз тәртібін таңуы үстемдік етпейтін мәтіннің өмір сүруі желісіз кеңістікте салтанат құратын процессор дүниеге әкелген электронды мәтін. Бояуы танауды тыжыратып, әр бетін қолмен парақтайтын баспа мәтініне қарағанда гипермәтін – интербелсенді әм көп дауыстылықпен мәтіннің белгілі қатаңдықпен көрініс табуын дискурс плюрализмімен бекемдейтін түбегейлі өзгеше технология» деген тұщымды ой түйіндеуін жасайды.


Ертегілік вариаттылықты өзіне мұраға алған заман авторлары өз жадысында бұрынғы оқығандары мен көңілде тоқығандарын ой елегінен өткізе отырып, санасында жаңғыратады да, өз шығармасының бойынан орын береді. Осылайша автор дәйексөздердің белгілі бір комбинациялары арқылы жаңаша оқылудың Нысан жыраудан бөлек өзіндік вариантын ұсынады. Әрі оны қолданушы туындыгердің авторлығы танылып тұрады. Бұл арада дәйекшелік жазушылар тарапынан өзіндік ерекшелігін таныту үшін бұрыннан бардың негізінде өзіндік жаңа, өзіндік өзге әлденені жұртқа ұсынса, фольклор өкілі (жырау) бұндай қадамға аттап баспайды. Бұл енді жырау мен замана авторы арасындағы басты айырмашылық.


Фольклордағы батыр – бір бөлек, біз сөз етіп отырған туындыдағы батыр бір бөлек. Фольклордағы батырды (Кересары-Науырызбайды) – біз білеміз, ол жайлы хабарымыз мол. Автор аты аталмайтын бірақ ұрпағы оның болғанын білетін жадыдан өшкенімен көңіл түпкірінен өшпеген бабаларымызды (Алып Тоңға, Шу, Оғыз қаған т.б.) өзінше символдап береді.


Дәйекшелік ойлау мен қаһармандық эпосты айтудағы түрлі элементтердің басын қайтадан біріктірген шақта өзге бір мағаныны білдіретін басқа суреттің өмірге келетінін танытатын мозаикаға балауға болады. Дәл осы сипатында дәйекшелік ойлау бірінші кезекте индивидуализмдік құндылық пен жаңашылдыққа бағдар ұстанбайтын, қайта адамзат мәдениетінің рухани байлығын игеруді мақсат еткен заманалық мифтуындыгерлігінің өзіндік амал-тәсіліде болып табылады. Бұл жерде автор үшін ең маңыздысы өзінің тұлғаттық ой танытуы емес, ғасырлар мұрасын жұртқа қайыра жаңғырта ұсынуы ең мәндісі.


«БАС» туындысы бізге осындай ой айтқызады.


Заманалық дәйекшелік ойлау – өте күрделі, әм көп қатпарлы мәдени феномен ретінде қазақ ғалымдарынан оны ұлттық діліміздің жосығымен ұлттық дүниетанымдық аңыста ой айтуын күтіп жатқан жабулы қазына. Осы жолда батыстық түсіндірулер мен тәпсірлеулердің жетегінде кету еш опа әпермейді. Тап осы дәйекшелік ойлауды қазақ әдебиетінің өмір салтына енгізген Дидар Амантайдың шығармашылығы ешкімге керексіз болып қалуының өзі дәйекшелік ойлау турасында алаштың әл әзір еш бас ауыртып отырмағандығын танытады. Өзге мәдениетті алашымен сұхбаттастыққа түсірген авторлық жаңашылдықтар (прозамыз бен поэзиямызда) өзінің жоқтаушы иесін іздеп мәдени-рухани кеңістігімізде жетімсіреуде.


Осы жетімсіреудің орнын «БАС» толтырды. Модерндік «Қараой» жаңаша жаңғырды.


Енді бүгінгі бастың иегерінің тірлігі қандай: ол ащы мысқылды ирониялы: ҚАЗАҚ: (басқа қарап, залға қарап, тебірене, ойлана)


- Баяғы өткен заманда дұшпанының қамалын алып, қаласын қиратқан қандықол жаугершілер бейбіт тұрғындардың басын кесіп, мұнара тұрғызыпты! Неткен зұлымдық десеңші! Ал, біз ше?! Жоғалтқан бірнеше басты таба алмай, сандалып жүрміз»,-деп мұңын шақса, енді бірде бәрін ұмытып, абұйырсыз тірілік жасайды: «ҚАЗАҚ:


- О, Тәңірім!!! Менің санам сансырай бастаған сыңайлы! Көз алдыма неше түрлі елес келді ме?! Жансыз, кесілген бас сөйлеуші ме еді? Мұражайдағы экспонат қозғалушы ма еді?! (Басты айнала қарап, төрдегі жауынгер киімін ұстағансып, айналып өтеді). - Қозғалмаған сыңайлы. Ә, менің ойым ғой. Ылғи осындай бір елестерге тап болам. (Күледі). - Анау жылы да көшедегі ескерткішпен сөйлесем деп, көліктен қап кетіп ем. (Қалтасынан жалпақ телефонын алып, жарқ-жұрқ еткізіп жауынгер киімі мен басты суретке түсіріп алады, бастың қарсысына тұра қалып және бір мәрте өзін баспен бірге түсіп те үлгереді – селфи. Жан-жағына алаңдап қарап тұрады.)»


Сонымен «БАС» бір бойында көркем шизоанализ (әдеби мәңгүрттік), ризоматика және өнер пиротехникасы, симулакр, интермәтіндемелік, иронизм қосыла өрілген ерек туынды. Енді осындай туындыларды алаш баласының үркектемей қабылдаулары ғана қалды. Бұл туынды жай туынды емес, әдебиетіміздегі реализмді орныққан тағынан тайдыру үшін селдей ағындайтын басқа туындылардың көшбасшсы.


Қазақ мәдениетіндегі постмодернизм эстетикасы дәстүрлі тұтастық, түзулік, аяқталғандықтан тұратын эстетикалық жүйені жоққа шығара отырып, қайта қарауды талап етеді, әрі кеңестік дәуірден қалған "аристотелдік" жосықтағы фундаменталдық постулаттарды жоққа шығарады.


Постмодернизм қазаққа мәдени импортталған жоқ, тіпті жергілікті топыраққа өзге мәдениеттің ықпалындағы постмодерндіктің дәнегін де еккен жоқ, толғағы жетіп, уақыты келіп, қазақтың өзінде жоқты өзгеден үйренуі мен өзгеде жоқты өзінше танытуыннан тұратын милет иннтелектуалдарының алаштық дүниетанымдық жосықпен өнердегі шығармашылық іс-әрекеттерінің қалың бұқараға жетуінің нәтижесі деп ұғынғанымыз жөн. Бұған дәлел біз сөз еткен – «БАС».


Автор алға тартып отырған: Бассыз – Тәнсіз – Жансыз қазақ концептісі – постмодерндік қайрақпен намыс пышағын қайрайды. Өткеннен тәлім алуға үндейді. Біз өзі соған дайынбыз ба!?


Егемендік қазақтың ұлттық геосаяси кеңістігін трансформациялап, ұлт иннтелектуалы қоғамдық-саяси өмірімізде оны түрлінше интерпретациялап, сан алуандата өз түйіндеулерін жасап, бұрынғы кеңестік бағдарды: неомаркстік, түрікшілдік, тәңіршілдік және мұсылмандық бағдар ұстанулармен алмастырып, ұлттың өткенін, бүгіні мен болашағына плюралистік тәпсірлеу жасауда постмодернизмнің бейберекеттік ауаны қалыптасты. Қазіргі қоғамдық өміріміздегі бұл ауанға тұрақсыздық, айтып болмаушылық, әм тәуекелділік тән болып келеді. Милеттің рухани өміріне постмодернизм өзіндік контексімен енді.


Оны енгізіп отырған – «БАС» секілді туындылар.


Дерриданың ойларын басшылыққа ала отырып, қазіргі жастар туындыларының көбіндегі "шығармашылық жағдаят" пен «тілдік жағдаяттың» арасалмағын безбендей келе айтарымыз қаламгерлер өз ұстаханасында энциклопедиялық алаш мәдениетінің жадысын шығармашылықтың көрігінде қыздырып қайыра соғады.


«Біздің елде батыры мен ақынының, ханының басына бәйге тігіп, ақшаға бағалапты бір дәуірде! О, Тәңірім, адамның ғазиз басына дүние жалғанның құны жете ме! Ақынның ар мен иманға тұнған кәлласын кессе де, тілін кесе ала ма! Батырдың дулығалы марқасқа басын иығынан кетірсе де, рухын жерге жасыра ала ма! Ханның басын күлсалғыш етсе де, жұртын жермен-жексен жоя алмас! Махамбеттен кейін бұ қазақтың маңдайына өзі батыр, өзі ақын ер бітті ме? Әй, қайдам! Хан Кенеден кейін мына жұртқа басы бар хан бұйырмапты!.. Түс көрем, түсімде қиын іс көрем.»


Финалдық түйіндеу тосын. Шығарманың кесік сөзін Баста емес, Қазақта емес, Бассыз дене жасайды:


БАССЫЗ ТӘН (қос қолын жайып жіберіп, зор қасіретпен, күңірене):

- Уа, дүния! Cонда менің басым өзіме де керек болмағаны ма?! Кім табады менің басымды, кім табады сенің басыңды, қазағым?! (Теңселіп кетеді) - Алдымды көрейін десем, шыққыр көзім жоқ! Соңыма қарайын десем, сере мойыным қоса қиылған! Еңкейейін десем, жүрегім жібермейді, жүрегім! (Үні қалтырап) - Тізем ғана бүгілген... Жауыма емес, құбылаға! Хақты танымаққа. Бірақ, басым болмаса, ақиқат маған не керек?!


Автор шешімімен бізде келісеміз. Постмодерннің қазақы шекпен киген туындысын жұртқа таныту үшін осы мақаланы жазып шықтық. Жаһандандыру дәуіріндегі: Бассыз қоғамдағы – тәнсіз қазақ, жансыз қазақпыз ба, әлде, бабалар даңқын ардақтаған арлы алаш жұртымыз ба!? деген сауалды басы ашық қалдырдық.


adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар