Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тіл – халық жанын танудың кілті

08.12.2021 910

Тіл – халық жанын танудың кілті 12+

«Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған

жұрт – жойылған жұрт»

Халел Досмұхамедұлы

Қазақ халқы қашан да сөз қадірін өз қадірім деп түсінген халық. Сөздің қадірін, сөздің киесін білген халық тілге де аса құрметпен қараған. Себебі, тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, бүкіл бір ұлттың болмысы, түгел бір халықтың келбеті, тіл - ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің бастау бұлағы, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарымыздың мәйегі. Ежелгі дәуірлерден бері жалпы түркі халықтарының, билер кезеңінен бері қазақ халқының тілге деген бір төбе құрметін би-шешендердің, данагөй қариялардың өлең-сөздерінен анық аңғарамыз.

Ел бастау қиын емес,

Қонатын жерден көл табылады.

Қол бастау қиын емес,

Шабатын жерден ел табылады.

Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ, -

деген Бұқар жыраудың өлең жолдарынан ақылың асып ел бастағаннан да, қайратың тасып қол бастағаннан да қиыны қызыл тілдің құдіретін келтіріп шаршы топта сөз бастау екеніне көз жеткіземіз. Ана тіліміз – қазақ тілі өте бай тіл. Мүсіреповше айтсақ, «оралымды, ырғақты, теңеу-бейнеулері ерте туған тіліміздің» бойында қазақтың сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті жатыр. Бүгінде, туған тілімізді құрметтеу – адамзат баласына, әрбір қазақстандыққа азаматтық парыз. Себебі, тілін құрметтеген адам елін де құрметтейді. Олай болса, «тіл – хылық жанын танудың кілті» екенін нақты дәйектермен дәлелдеп көрейік.

Ең алдымен, тілді сүю, туған тілді қадірлеу – жүректің, жанның мәселесі. Адам шыр етіп өмірге келген сәттен бастап ананың ақ сүтімен дарыған ана тілін қалайша жан тәнімен сүйе алмайды? Ана сүті арқылы қан мен бойға дарыған туған тілімізді, өз тілімізді, ана тілімізді шартсыз сүйе алу, туған тілге махаббатымызды арнай алу – адамдықтың ең үлкен белгісі деп таныр едім.

Екіншіден, туған тілін қастерлей алмайтын, туған тілін сүйе алмайтын, ана тілін ардақтай алмайтын адамды толық адам қатарына қоса алмайтын едім. Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады» - деп, дүн-дүниенің білімін жиып, өнерін өрсе де, туған тілін білмегендіктің –бекерлік екенін, өзге тілдің бәрін біліп, өз тілінде сөйлей алмаушылықтың мәңгүрттік екенін тайға таңба басқандай көрсетеді. Біздің туған тілімізге құрмет көрсетуіміз сонау тарих шеңберінен бастау алады. Ғасырлар бойы жалғасып, ұрпақтар сабақтастығында үзілмеуі қажет бір құдірет болса, ол – тілге құрмет болуы керек. Біздің ата-бабаларымыз қазақ тілінде сөйледі, қазақтың шежіресі қазақша жазылды, ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыз қазақилық сипат алды, қазақтың тарихы қазақ тілінде сөйледі, ұлан-ғайыр даламызда қазақ тілінің билігі жүрді, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміз қазақ тілінің құрсағында дүниеге келді. Міне, біз тіл үшін шексіз құрмет, тіл үшін шексіз қызмет ете білуіміз үшін себептер де жетерлік. Ана тіліміздің айбынының асқақ болуы, мәртебесінің биік болуы үшін барымызды салуымыз керек.

Тіл - өткен мен бүгінді жалғастырушы алтын көпір. Осыған дейінгі халқымыздың тамырға таңба салар ауыр да азапты тарихында ата-бабаларымыздың ерлігі қанмен қашалған. Билер дәуірінде қазақтың би-шешендері түйткілі терең мәселені, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешендікпен, ділмарлықпен шығарған деседі. Бұған дәлел ретінде би Қазыбектің жоңғар қоңтайшысына айтқан сөзін келтіре аламыз:

Сен қамақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз,
сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз,
қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз;
танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,
танысуға келмесең шабысқалы келгенбіз...

берсең жөндеп бітіміңді айт,
бермесең дірілдемей жөніңді айт,
не тұрысатын жеріңді айт!».

Міне, сөздің құдіреті! Міне, тілдің құдіреті! Бір ауыз сөзбен екі елдің арасында болғалы тұрған қиян-кескі ұрысты тоқтатуға болатындай тіл болса, бұл – қазақ тілі, ана тіліміз! Ананың ақ сүтімен бойға сіңген ана тілімізді осыдан кейін қалайша ең асыл құндылық демейсің?!

Мұхтар Әуезов: “Ұлттың тілі — сол ұлттың жаны, жан - дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?” – деп тіл мен ұлттың арасындағы байланысты қалтықсыз көрсетеді. Қорытындылай келе, туған тілдің мәртебесін өсіретін де – біз, өшіретін де – біз екенімізді ескере отырып, тілге деген құрмет пен махаббатты әр адам өзінен бастауы қажет деп есептеймін. Өскелең ұрпақты туған тілінде ойлап, ана тілінде сөйлеуге дағдыландыру –біздер үшін, ұстаздар қауымы үшін ауыр міндет. Тілі жоқ ұлт – ұлт емес. Туған тілді қадірлеп, қастерлеу – қасиет те, туған тілді білмеу – бүкіл бір ұлтқа қасірет. Сол себепті, ана тілімізді ардақтап, қастерлеу, туған тілді ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдыру – бүгінгі қазақ қоғамына өткен дәуірдегі ата-бабаларымыз аманаттаған ең ұлы аманат.Аманатқа қиянат етпейік!

Алматы облысы Ақсу ауданы

Юрий Гагарин атындағы орта мектебі

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

Нурмухамбетова Айгерим Кыдырбековна


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар