Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Ата Тілім менің

14.12.2018 2599

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Ата Тілім менің

Ата Тілім менің,

Сенің күркіреген күндей қасиетті Дауысыңды

Шеше құрсағына біткенімнен-ақ естігем.

Өмір – мынау, дүние қуа дабырласқан көш түмен!..

Қарсы ұрып жүрмін жылмия арбаған сансыз жылан-пиғылдарға

Өзіңнен дарыған кәрлі қара диюдай Сесті мен!

Құдаймен де Өзің арқылы ғана тілдесем.

Өзің арқылы тілдесермін жоқпен де.

Қырық шілтен аңқыған жұпар желің - өкпемде.

Егер, бір Сөзіңді дұрыс айта алмай қалсам,

Бір тал шөп көз ашпай жатып өліп кетеді Көктемде!

Өзіңсің - өлшеусізді де өлшете алатын Өлшемім.

Мұңыңда мұңсыз ойнаған сәбиіңмін де - мен, Сенің.

Күлкім – Жұмағыңның шұғыласы!

Сөз ұқпастарға үнсіз шыңғырған көз жасың – кемсеңім!

Өзіме жабыла кеткенде өзгетілді құл-құтан,

Ақыра арқаланып кетем, отызекіаспандық дыбыстарыңды пір тұта!..

Сен саңқылдап сөйлей жөнелгенде, жым болады жынды да.

Сенің үнің ғана құлан-таза айықтырады ауру Нұрды да!

Өкінішті, әрине,

Саған көк тиынын да қимайды, даналығың арқылы байыған бар сараң.

Қанша сараң болса, сонша – аран!..

Бір Өзің ғана жанталасудасың,

Болмасыншы деп ертеңгі ұрпақ та ақыл-ойсыз арсалаң.

Отанымнан да қасиетті Ата Тілім-ау менің,

Егер, Сен өліп бара жатсаң, соңғы деміммен де Жан салам!

МЕРЕЙ

Ауылым, болушы еді күнде боран...

Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.

Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,

Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам.

Мендегі сөз – құлынды, көз – боталы.

Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!..

Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп,

топырақ жапырағын маздатады.

Бір білсе жер қадірін, тау қадірін,

білер ме жусан емген марқа түлік...

Қыз – Көктем көл басына асығады,

бұрымы бұлт ішінде тарқатылып.

«Сезімнің сынықтарын құрсар күйді

Сен маған осы қазір қисаң қидың!» –

деп түнгі құрбым отыр... Омырауынан

бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқиды...

ТҮНГІ КҮЗЕТ

Не деп саған жазайын,.. қой қоздаған,

Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған.

Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,..

түсініксіз діріл бар бойда аздаған.

Не деп саған жазайын,.. төбет үрген...

Сандырақтап Түз жатыр көне тілде.

Аш байғыздар пәлекет шақырады,

осы түнде қырылып өлетіндей.

Не деп саған жазайын,.. көк өспеген.

Өмір сүріп жатырмыз елеспенен.

Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық

даңғырлатып ойнайды тегешпенен.

Сұқ саусағы әр қойын санап бағар

Қойшы қойды қораға қаматпаған.

Түн қылауын қидалап құлағымен,

осқырынып қояды торы ат маған.

Сабыр сақтар адаммын, есір емен,

күйіп-пісе беремін несіне мен?!

Мың ашылып ауызы, мың қисайып,

жапан түзде жалғыз үй есінеген.

Өз басынан өткермей сенген бе өзге,

ертек сынды бәрі де көрген көзге.

Дем алармын, желіні сыздап Таңның,

қозы-бұлттар жамырап емген кезде.

АУЫЛ КЕШІ

Қастерлеген хатыңды, бағалаған,

аман-есен мұндағы жаман ағаң.

Қақпақылдап тынымсыз жел – уақыт,

қаңбақ – күндер келмеске домалаған.

Төлдеп болды қолдағы ырысты мал.

Жүрегіңді тербетер тыныштық – ән.

Бүгін Аспан боталап, Тау тамсанды,

бүйен – сайға құйылып уыз тұман.

Қойшы аянбас сіздердей қонағынан,

не бір серке сойылар, не бағлан...

Жаз жазмышын оқисың, жанар қадап,

жадыраңқы іңірдің қабағынан.

Ыңылдайды інішек «Дудар-ай»-ды.

Ырымдайды қойшымыз туған Айды.

Таныстырған өзіңе тарғыл мысық

тышқандарды күнұзын қудалайды.

«Қылышбұлақ» – құты бар мекеніміз.

Жеке там үй – біздегі жеке мүйіс.

Марқа-көңіл қоймайды маңырауын,

терезеден Ай қарап текемүйіз.

Болмаса егер бойдағы сабыр-ұстам,

саған деген өлер ме ем сағыныштан.

Көгілдір нұр төгіп тұр Көкте жұлдыз,

қой көзіндей, сәулеге шағылысқан.

Тындырғандай осы айда зор жұмысты,

кеше ақыры «аспанға бөркім ұшты».

Төл деген не, тәйірі, күні ертеңгі

«сақманы» Өлөңнің қорқынышты...

КӨКТЕМ

Болмаса да тым шұғыл орындар түк,

ерте тұрам (төлдегі тәлім-тәртіп).

Қаңқылдаған әуеде сары ала қаз тауға

қарай өтеді, «горн» тартып.

Иірілер шаруаның ұршығы – мен.

Сақманға әу баста құлшынып ем.

Қошақандар тойып ап, балықтардай

балтырымды түртеді тұмсығымен.

Батыста – мал, мыңғырған, шығыста –

мал, мыңғырынан көңілің тынышталар.

Иін әбден қандырып илеуінің, ширатысқан

мұрттарын құмырсқалар.

Мұңның мені мүмкін бе иектері?

Мұндай бола қоймайды күй өтпелі:

құшағына қыз – самал енген сайын,

балқи түсер таулардың сүйектері.

Айналаны алғанша ымырт қамап,

гүлдеп жатқан кең Дала – түлікке бап.

Қалпағыңа, шешсең-ақ, бұл маусымның

үлгереді торғайы жұмыртқалап...

ТҮЗ ТАҒЫСЫ

Ауылдың тіршілігін бақылаңыз,

әр күні – шешен-ертек, ақын-аңыз...

Ащы-ащы шай ішіп кешкілікте,

тәтті-тәтті Ой ойлап отырамыз.

Ондайда әңгіме көп, түн – көңілді,

тыңдайсың кішің менен үлкеніңді.

Әзілқой, әпенділеу қойшымыз бар,

қойкөзді, текетанау, жылқыерінді.

Қиын-ақ таудағы бір қыстақ үшін:

қасқырлар жазда – қысым, қыста –

қысым. Қойшымыз теперішті көп көрген-ау,

әйтеуір, көп айтады түз тағысын:

«...Тағдыр-ай, кей жылдары кекесін ең,..

кездестік қиындықтың көкесімен...

Сол жылы Күн де жиі қызарақтап,

ал, түнде Ай қарайтын шекесінен.

Онда да сары ала қаз ерте келді,

құтырған түлкі-желді ерте келді.

Түлкі-жел түлей қалса – қар борайды!..

(әрине, соның бәрі ертек енді)

Онда да, дәл осындай... қойымыз арық,

сұрғылт-сұрғылт Ойлардан бой мұзданып...

Жиі-жиі ұлитын иттеріңіз,

жиі-жиі сұңқылдап байғыздарың!..

Қарекет те ұлғайып бірер есе,

уайымнан шұбылтпа шідер есем...

Енді қайтем, ілмиген көтерем бұлт

өрісте жиі-жиі үйелесе?!

Онда да, дәл осындай төл кезінде,

ауылдың қасқыр ұлып желкесінде!..

Бір жақсы төбет бар ед, сол төбеттің

құйрығын ғана таптым ертесінде!..

Қойсаңшы итшілеткен бұл өмірді,

құртқалар күшіктейтін білем інді,

қолыма шор қайыңнан сойыл алып,

сауырға бір-ақ тарттым күреңімді!..»

Паһ, шіркін,

тіл бәрінен шалымдырақ,

бояуы әңгіменің қалың бірақ:

қойшымыз қою шайын сораптайды,

«қорқаудың соғып алып онын бір-ақ!»

Сөйтіп, ол «кетер қайта түсіп ізге».

Қызық қой «одан да арғы ісі» бізге!..

Соңыра сасқалақтап оянасыз,

көкжалдар енген кезде түсіңізге.

Қорықпасқа ондай кезде бар ма амалың:

«қорқаулар қоршауына көр қамалып!..»

еріксіз, үзік-үзік ұйқыңызды жатасыз

кірпігіңізбен жалғап алып.

...Томпаңдап, байғыз үнін тыста күшік

келеді тұмсығымен ұстағысы?..

Әне, енді енесі де үрді тауға.

Қойшымыз атып тұрды!

Түз тағысы!..

БОРАН АЛДЫНДА

Нені көрмек төлші қыз қол айнадан?

Малда жүріп жан бар ма қараймаған...

Боз саулықтар сүзісіп жатыр сыртта,

бойларында арқардың қаны ойнаған.

Төбет, ол да доп сынды домаланып!..

(бір «айқайдың» әйтеуір болары анық!)

Сап тыйылған тынысы самалалы –

Күн де

бүгін алыпты қораланып!

Сиырлар да жөтелген ықтасында. Ызғар уыты

– есіктің тұтқасында. Қойшыңыз да сайлана

берсін енді, қорасы мен көңілін мықтасын да.

Жетісіп бір тұр дейсің сай-сала қай, болар ма

екен бұл Көкек ең сорақы-ай?!

Қой – ашқарақ, төл – тоңғақ, жусан – өлі,

тал – жалаңаш, бұлт – үркек, жел – солақай.

Бәлкім, қайта билігін құрмақ Ақпан?!

(жалықты ғой бала да сырғанақтан)

Бір пәле бар, әйтеуір, келмей тұрып,

босағаны мысыққа тырмалатқан!..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Тыныштықбек Әбдікәкім
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар