Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Езу тартып күлген мұң...

24.01.2016 3486

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Езу тартып күлген мұң

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Езу тартып күлген мұң - adebiportal.kz


Фото басты.jpg

Осы бір ақын жігіттің ныспысы – Ақберен. Дулығалы, дулы есім, асқақ естіледі. Оның топтама өлеңін (6 өлең) бұдан көп бұрын “Қазақ әдебиетінің” “Жас қалам” қосымшасынан (№4 (43) оқығам. Оқығам да қойғам. Оным бекер екен, Жақында, қағаздарымды қопарыстыра келе, жас дарынның сол өлеңдерімен қайта қауыштым. Сол сәт өзім де күзгі тұманды түндей қандай да бір қамырықты күйде болғандығымнан ба екен, әуелі бірден көзіме түсе кеткені “Депрессия” атты бірінші өлең еді. Қайыра оқып шықтым. Бек лыпыған кулгін-жасыл жүзінде қас дұшпанның арам қаны алабөтен ырши безектеген ақ берендей Ақберендік сұмдық өткір күйзеліс!


Шынымды айтайын, “Әлі бала деуге де болатын өрімдей жас ақынның мұншама ышқынуына не себеп?” – деген ауыр ойға қалдым бірден. Өйткені, тіршілікте “плюс-минус” екі энергия өзара кенет жалғаса калғанда, жарқыраған үшінші бір қозғалыс болмысы қашан да тосыннан ерен жаратыла кететіні секілді, қарама-қарсы орасан қуаттарға ие “параллель” сезімдер өзара “күркіресе қиылысып” түскенде де не осындай депрессиялық түңіліс түнегі күрт тұтанады, не әлденендей тылсым бір ізгі түйсік оты ілкім пайда болады. Жан дүниенің ондайлық сұрапыл динамикасы аузымыздан ақ жалын сөз болып және ақтарыла жөнелу үшін, төсіміз ішінде – көзі тостағандай Көңіл, төбемізде – кемел ақылға лайық көсем Рух болуы қажет.


Ал, Ақберен – жазмыш дариясын жалпағынан кешіп, “қайран жиырма бесін” қамыға жырлайтын қапері толық қартаң жаста емес, әлі балғын азамат. Алайда, белгілібір мөлшерде, оның “Депрессиясында”, көпті көрген көсемдарларға ғана тән, әрі кез келген уақытта шағылыса кетуі бек мүмкін әлгіндей “өзара параллель” екі алапат та бар болып шықты.


Құштарымнан жаратылып армандар,

Көктем келсе, тамшылайтын талдан бал…

Бүгін,

Жалған өрнегімен жауратты

Жалбыр-жұлбыр жауған қар…

Менен гөрі бақыттырақ секілді,

Мәйхананы мекен етіп алғандар…


Үлкен-кіші, кәрі-жас деген уғымдардың ақындыққа мүлде жат екендігінің кезекті бір айқын нышаны – осы.


“Құштардан жаратылған армандар” мен “шаршататын жалған”. Осы “параллель” екі стихияның өзара “қиылысынан” пайда болған түңіліс түнегіндегі ізгі түйсік оты ақынның періштелік жан дуниесін салған жерден азулы да әділетті өзге бір жойқын кейіпке жедеп тусіріп жібергені көрінеді өлеңнен:


Абайсызда сәл шегінсе ар-намыс.

Арпалысып атып турар жан-барыс!


Байқап отырғанымыздай, өлеңде ата-баба тегіндегі парапсихологиялық ерекше құбылыс – арқалы-аруақты адамдарда ғана болатын жөне көшелі адамдарға ғана көрініс беретін Рух Киесі (мысалы, Қаздауысты Қазыбектің қалмақ ханына көрінетін “екі аюы”) де өткен замандардағы өзінің төтенше “тотемдік” қасиетімен “жонын күдірейтіп, азу тісін ақситып, ырылдап” шыға келеді.


Жап-жас ақынның тағдырындағы қасіретті бұп метаморфозаның сыры неде? Әлбетте, оның түпкілікті сыры ақын өмір сүріп отырған бүгінгі зорлықшыл заманымызда, бас моралі батыстық “хомо хомини лупус эст” (”адам – адамға қасқыр”) болып тұрған капиталистік қорқау қоғамымызда. Ұлттық болмысымыздың барша қыры мен жырына, рухани тіні мен сынына мүлде сәйкесімсіз мұндай жабайы қоғамда жастық шағымен еріксіз ерте қоштасып, ата-баба салтымен Көкті ерте Тәңірі тұтқан Ақбереннің:


Бұл жәлғыздық еске нені салады,

Көкке сіңіп, көктем қайтып барады.

…Бір бөлтірік ұлып шықты түнімен,

Алатаудың етегінде, жаралы деп, жан дүниесі жаралы бөлтіріктене, өзінің “енесі” ретіндегі қасқыр қоғамға көз ете, айналаға көркем айбат шеге, жападан жалғыз қалатыны да содан. Өзің жас болсаң да, өлеңіңнің шашы солайша ағарады.


“Өркениетті елдерге” бір жағынан ерекше еміне көзсіз еліктеп, екінші жағынан зорлықтың күшімен көргенсіз құрып жатқан біздің бүгінгі қасқырпиғыл қоғамымыз, тұтастай алғанда – техникалық прогресс арқылы тән рахатын ғана көздеуші отырықшы, рақымсыз, имансыз формацияның бейәдеп көшірмесі. Ал, осынау көшпелі түпсіз ғарыштағы, көшпелі жарық дүниедегі адамның жан дүниесі – Көшпелі Өмір руханиятымен ғана құлпыруға тиіс ең асыл, ең жасампаз, тәңірлік тірі, парасатты материя.


Әлемдік Рух осы екеуінің, яғни отырықшы өркениет пен көшпелі жан дүниенің өзара үйлесімін таба алмай әлек. Өйткені, ол Рухтың өзі де әбден біржақты отырықшы өлермен технократ, біржақты отырықшы өркөкірек прагматик болып алған. Сондықтан халқымыздың әуелгіде ақ мамырдай ақ үрпек арман арқалаған аяулы да асқақ сезім иесі қалпында ауыл жүрегінен шығып, соңынан қаланың қапас миына тұтқындалып қалған кез келген ақын перзенті өзінің түсінігін ізгілікпен ұдайы қайыра тулетіп отыру үшін, жан дүниесін жасампаздықпен үнемі қайыра жұпарлап жүру үшін, өзінің алтынбесік Туған Жерін, Көшпелі Өмір құндылықтары сана эфирінде әлі де сағымдана жайқалып түрған алтынқұрсақ Ұлы Даласын өле-өлгенше аңсаумен болады. Ақберен Елгезектің “Ауылды аңсау” деп аталатын кезекті тебіренісінде сондай қам көңілдегі үр сағыныштың және ождансыз қоғамдағы жаппай обыр ашқарақтықтан рухани арлыу мүмкіндігін дәйім көксеудің поэтикалық ерекше порымы десек қателеспейміз. сондаи қам көңілдеп үр сзғыныштың және ождансыз қоғамдағы жаппай обыр ашқарақтықтан рухани арылу мүмкіндігін дәйім көксеудің поэтикалық ерекше порымы десек қателеспейміз. Яғни “Депрессияның” пессимистік уытты сарыны “Ауылды аңсаудың” романтикалық сентименталь диапазонымен өзара біртұтас табиғи өрім түзе, күрделі лирикалық тамаша жалғасын тапқан. Топтама өлеңнің сырт көзге ию-қию ұзын ырғасын “жымысқы заманға жымиған Мұң” сипатындағы жасырын лейтмотивпен әдемі жымдастыра жұмырлай білудегі таланттың мұндай оқыс тапқырлығына да еріксіз таңданасың:


Әнге салса әупілдек ұясында,

Қала түгіл, ғаламға сиясың ба?

Аунаушы едім қой бағып, кітап оқып,

Сартайпақтың сарғайған миясында.

Егілемін бұл күнде, төземін де…

Езу тәртып мұң күлер өзегімде.

Қызықтым ғой қартайған қарияға,

Қайтадан бала болған өз елінде.

Кешір, ауыл, биыл да бара алмадым.

Қиын болды-ау қалаға қамалғаным.

…Үркер жұлдыз гулдеп тур тобылғыдәй,

Төбесінде адасқан адамдардың.


Тұла-бойы тұтастай туган ауыл - туған жердің аңқылдаған адамдары мен адыраспаны аңқыған ностальгиялық күрделі лиризмнің өзі – нағыз көркем психологизм. Талдап көрелік.


Әнге салса әупілдек ұясында,

Қала түгіл, ғаламға сиясың ба!


Ауылыңа, Атамекеніңе деген перзенттік ынтықтығыңды өлеңнің екі-ақ жолына дәл осылайша еркін сыйғызып жіберу үшін талантыңның таудай болуы өз алдына, сонымен қатар, сезім сәулелерінен де керемет кесте тоқи алатындай шешендік шеберлігі де аса қажет. Алайда, ақынның бұл символизмінен перзенттік ынтызарлықтың самалы ғана есіп тұрған жоқ. Ақбереннің әупілдегі – қи-тезегінің иісінде де қиял маздатарлық қуат бар өз ауылының, өз Туған Жерінің қазақы қасиетінің тәңірлік құсы. Оның әупілін естігенде, ақын өзін ғаламға сыймас Құдай Ұлындай құдіретті сезіне тұрып, ұлтының ұлтарағы болуға дайын жанпидалығының жап-жарық мұңын да жанұшыра ыңылдап жібереді! Кемпірқосақтана құлпырған осындай сұрапыл тебіреніске бір түссе, қайырымсыз қоғамда, қатыгез қалада қайрансыз өмір суріп жатқан дала ақыны ғана түсе алады.


Егілемін бул күнде, төземін де…

Езу тәртып мұң күлер өзегімде.

Кешір, ауыл, биыл да бара алмадым,

Қиын болды-ау қалаға қамалғаным!..


Бейне бір, Абайдың ызалы да азалы Ұлы Махаббаты (”Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде”) секілдене, кемел кеудеде ғана керім өмір сүретін ерекше Мұң тұр өлеңде! “Егілемін бұл күнде, төземін де/ Езу тартып мұң күлер өзегімде!” Емірене тұрып, еңсең езіле, еңіреп жылаудың ләззаты! Іштей егіле түрып, елжірей күлу ғажабының азабы!.. Сол жумбақ Мұңның, қоғамнан қорлық атаулыны көп көріп жүрсе де, оның бәрін табиғи кеңпейілділігіне ұдайы жеңдіре білетін аңқылдақ та арсалаң миллиондаған кедей де жалшы қазақтай кемсең күлетінін де жақсы білетін ақын ғана, бәріне өзін кінәлі сезініп, ұлт улағатының бір ұясы ретіндегі аяулы өз Ауылынан жылап тура, жымия кешірім сүрайды.


“Ауылды аңсаудың” метафоралық түйіні:

Үркер жұлдыз гүлдеп тұр тобылғыдай,

Төбесінде адасқан адамдардың.


“Бабаларымыздың атам заманғы аңқыма дүниетанымы бойынша, Үркер жұлдыз дегеніңіз – Көке Тәңірдің аспани жұмағы болып саналатын ғаламат шексіз ғарыштық тылсым Табиғаттың гүлдеп турған “бір түп тобылғысы”. Сонымен қатар, ол – қоғамы қорқау болғандықтан қорына күле беретін бүгінгі адасқақ қазағымның басынан үрке үшып кеткен Бақ жулдызы – Үркер жұлдыз, үркек жұлдыз!” – дейді Ақберен бауырымыз.


Демек, “Ауылды аңсау” – қоғамға деген ақындық шамырқаныстың да апогейі.

Ортақ лейтмотивке құрылған топтаманың ішіндегі ең көлемді жыр (19 шумақ) – “Ғайсаның монологы”


Иә, қадымғы мифологиялық сан алуан фольклор негізінде өздерінше дін жасап алған христиандар -”Құдай* немесе “Құдай ұлы”; несториандықтар мен мұсылмандар – “пайғамбар”; түркі жұрты “Қожа Насыр” санап жүрген “Евангелиялық” ежелгі кейіпкердің ‘Ғайса” (Йегошуа-Иисус-Иса-Айса-Ғайса) екендігі бәрімізге де белгілі. Ал, оның “өмірі мен миссиясының” абсурдтығын бүгінгі күн тұрғысынан біртін-біртін сатылай отырып нақтылап беруде Ақберен ақын мүлде өзгеше трагилирикалық ирония сарынындағы поэтикалық алгоритм амалдарын әдемі қолданған.


Бірінші амал:

“…Қимаймын деп көк отына тамұқтың,

Адамзаттың қамын ойлап қамықтым -

Осы жолда тәрк еткенмен өзімді,

Құрбан болу қасіретін жаңа ұқтым”

Екінші амал:

“…Тәңір айтқан текті сөзді енді ұқтым,

Аспан жақтан сәуле іздеп,көз тіктім.

Қуыршағы болғанымша Құдайдың,

Құрбаны боп кетпедім бе кездіктің!”.

Үшінші амал:

“..Жұмақты емес, аңсап едім бір ләззат,

Күйдірді ғоң қайтейін-әй, сыр-азап.

Магдалена*, арманымсың құпия,

Құпиядан шерлі көңіл зәрезәп.

Бұл дертімді емдей алмас жұмақ та,

Күлкісі мен үні де оның қулақта.

Құдай атты мәхәббаттың әлемін,

Салғым келген қыз бұрымды бұлаққа.

Мөлдір бұлақ, құмды қырәт тұр есте,

Балғын кезім,бал сезімім, бәрі – есте.

Пайғамбарлық парызымды қайтейін,

Сүймеген соң іңгәлаған нәресте”

Төртінші амал:

“…Ықтияр жоқ жадырап бір күлуге,

Жол таппадым түн түнегін түруге.

Уа, Жаратқан, босат мына айқыштан -

Өзім үшін бір сәт өмір сүруге!”

Шешім:

Бұл қорлыққа келер кімнің көнгісі,

Жанбай жатып келер кімнің сөнгісі?

Қасіретімнің кұпиясын аңдасаң,

Көкке көз тік…

Сұлбам - сұрақ белгісі!”


Сайқымазақтық көз жасы тамшылаған сарказмге де жуықтап баратын осы трагилирикалық ирониядағы ойдың (тегінде, бұл да – “езу тартып күлген мұң” жанрынан) түбін мантық ұшымен дендеп қаза берсеңіз, одан әулиелік әуезге бөленген пайғамбар насихатындай ұлттық төл идеологияның қоғамымызда мүлде жоқтығына да жас ақын жүрегінің қан жылап отырғанын байқауға әбден болады. Ал,“Жалғап тұрған Жер мен Көктің арасын, қайран жалған, қайда кетіп барасың?” түрінде басталатын осы “Монологтағы” “қайран жалған” да – ақын тарапынан әу бастан-ақ “бүгін мені шаршататын жалғән бар” деп ащы баяндалатын әлем мен қоғам жалғандығы.


Ақынның “Пенде мұңы” атты жырында ол – “тіршіліктің шаршататын шарты”, “Әпкеме” жырында – “жалған оқылған ас мәзірі”,“Реквием-өмірде” “жалған күн” ретінде айтылады. “Монологтағы” мәселенің астарлы ушінші мәнісі күрделі осы “Жалған” үғымынан бастау алады. Яғни автор оқырмандарды “Ғайса секілді 124000 пайғамбар* уағыз айтып өтсе де, еш түзелмеген бұл қу Жалған* 124001 пайғамбар келсе де түзеле қояр ма екен?” деген риторикалық сұраққа жауап іздеуге мәжбүрлейді. Бірақ өзі ол сұраққа “Ғайсаның да Көктегі сұлбасы – сұрақ белгісі!” деп жауап беріп те қойған. Оған “Ғайсаның” өзі де – мистикадан ада бір “аруақ”, діни фольклорлық кейіпкер ретінде – қастерлі. Сол себепті де, ақын әлгіндей тосын сұрақтан бір сәт абдырап қалуы әбден мүмкін оқырмандардың алаң психологиясын да алдын-ала әбжіл пайдалана қойғысы келгендей, өзінің туған әпкесіне әкесі туралы жетім көңілмен үнсіз мұң шағып үлгеруге асығады. Өйткені, әкесі де бейне бір “Ғайсадай”, – баяғыда, бала кезінде Көкке ұшып жоғалған аруақ! Төрт-ақ шумақтан тұратын “Әпкеме” деген төртінші жырдың мәнісі сонда:


Алматының шетіндегі кафеде,

Маусымдардың арасында отырмыз.

Аруақтарға сағыныш бар көкейде.

(Үнсіз күтіп жүрміз ажал сотын біз).

Үнсіз ғана тілдесеміз екеуміз,

Ас мәзірін жалған оқып, мұңайып.

Жарты сағат – жарты ғасыр,

Не етерміз,

Іштей өксіп, жылайық.

Әкеміздің соңғы сөзін естіген,

Сен ғанасың, байыптап.

Өкінемін,

Аспан жаққа көз тіге,

Іздей берем бір бейнені ғайыптан.

Отырмыз ғой ой парағын ақтарып,

Өткен шақтан белгі бар ма, көрелік?!

Жүректегі Алла рухы-көк жарық,

Үнсіз айтар төрелік…

“Осы, “жүректегі Алланың көк жарық рухының” бір ипостасы – “Ғайса монологындағы” “тамұқтың көк оты”. Ендеше, “аспан жаққа өкіне көз тігетін” ақын мұңының мәңгілік қасіретке де жылы жымия білгені ғой!


Яғни ақынның “Реквием-өмір” өлеңіндегі өз сезімен айтқанда – “реквиемге күліп тұрып елеңдеу!” Азалы арудың әлденеге іңкәрлігіндей құпия сүлулық!” Солайша тебіреніп отырғаныңызда, әлгіндегі “124001 пайғамбардың да түзете алуы неғайбыл бес Күндік қу Жалған турасындағы сауалға Ақберен бес шумақтан түратын “Пенде мүңы” атты бесінші жыр арқылы қайыра өзі жауап беруге күрт талпынады.


Періште перзент едім ғарыштағы,

Рухыма Тәңір тәнді бағыштады.

Жаратқанды сағынып жылап жаттым,

Жалғанменен еріксіз табысқалы.

Елігіп жұлдыздарға жолымдағы,

Бағымды жоғалттым ба қолымдағы.

Білмеген өлім сырын бала жүрек,

Шошыды құлпытастан қорымдағы.

Аллаға адал қайту антым еді,

Шаршатты тіршіліктің шарты мені.

Сенделіп екі дүние арасында,

Жаныма ауыр тиді Тән тілегі.

Рухым ұшса ортасы шеңберленген,

Еркіндіктен ес ауып, емделер ме ем…

Не сұраймын,

Не күтем,

Нені білем,

Мен сияқты бейүміт пенделерден?

Қым-қуыт күндер өтер дөңгеленген,

Кім туып, кімдер өтпес, шерленбеген.

Барар жерің беймәлім,

Бейтарапта,

Бейжауапты күтпеші сен де менен…


Мұндай философиялық көркем шындыққа комментариум беріп жатудың өзі артық. Ал, со-ноу Көкте, түпсіз тұңғиық ғарыш симфониясының мәңгі «андықтарында төкпе-шертпе күйлермен, мазурка-полонездермен қоса, ұлы реквиемнің де тірі нұрлары жалпағынан көркем шалқиды! Құдіретті Мұң Музыкасы! Ақын бауырым өзінің “Реквием-өмір” атты шығармасы арқылы тәңірлік сол симфония тұмандықтарына сүңгіп-ұшып, парлай жөнеледі!


Минуты жоқ, секунды жоқ уақытта,

Қимылы жоқ, тынып тұрған әлемде,

Шопен вальсі, жүрегімді балқыт та,

Күліп тұрып, реквиемге елеңде.

Сәуле іздеп, жарық таппай түңілгем,

Мың түнектің керуеніне ілестім.

Шыңғыстаудың елесіне көмілгем,

Келмеген соң жалған күнмен күрескім.

Қиямпұрыс қиялына құл адам,

Саф алтынын таба алмайды сабырдың.

Күйсандықтан басқа күмбір сұрағам,

Лақылдап кеп Лакримоза ағылды.

Тұңғиықтың шеті де жоқ, шегі де,

Тұңғиықтан тұнық көздер қарады.

Ауаменен көшкен күйдің легі де

Ой-санама ойран салып барады.

Мұндағы мақсат, мақсат емес-ау, мұрат – сансыз уақыттар кеңістігін қым-қиғаш ғажайып кезе жүріп, «қимылы (қылмысы) жоқ тұнып тұрған әлемде” мәңгі оңай еркін өмір сүре алатын абсолют пасаттылықтың сырын ұғынуға тырысу:

Минуты жоқ, секундты жок Уақытта,

Мәңгілікте,

Қалу - менің әлегім.

Ақын оның да амалын білетін сияқты.

Шопен вальсі, жүрегімді балқыт та,

Реквием боп жылап тұршы, әлемім…


Бұл – автор жоғарыда өзі жырлағандағыдай күйсандықтан “Сылқылдақ” күмбірін сурағанда, «Лакримоза» азасының тосыннан лақылдап кеп толассыз ағылуын” аңсау! Парасаттың әлуетті әрекеті сол аңсаудан қозғау алады. Яғни ол әрекеттің тамасы біздің қоғамымыздың өз қазақы аңқылдақтығымызға еш үйлеспес “өркениетті Батыс елдері” құндылықтарына есіріктене елтігендегі есер иілігінің еш қиылыспайтын “өзара параллель Шәмшілік вальсі мен Моцарттық реквиемін” әркімнің өзі өз жүрегіне дәйім кемеле тоғыстыра, өз түйсінде кемел түйістіре білуінде жатыр.


…Әне, орындалуы қиямет сол “топассыз тоғыстан” соңыра ұлттық жазмышымыздың мәңгі сөнбес «Әбікендік Қоңыры» шалқитын болады! Бақидың тылсым сырына батыл үңіле тұрып, езу тартып күле білер ересен жасампаз ұлттык, Мұң да – сол! ЬІза бола тұрып, ынтыға сүю азабының ғажабы! Періштелік ақыл-ес гармониясының жұпары!”


Ақынның аталмыш топтамасындағы алты жырды оқығаннан-ақ, біз ғайыптағы осындай бір қош хабардың самалын анық аңғарғандаймыз. Ал, ит тірліктің қисапсыз қиянатымен қоса, ұдайы жұмақ өмір тыныстаған аспандық ақиқаттың, яғни тәңірлік әділеттің таңғажайып жасампаз жарығы да мына бес күндік қу Жалғанда ұлан-ғайыр қоса жайқалып тұрғаны кумәнсіз! Күні ертең Ақберен Елгезектей талай-талай талантты бауырларымыздың да қоңыраулы небір қоңыр-қоңыр нөпір жыр тудырарына кәміл сенетініміз де сондықтан. Ол жырлар өз кезегінде өзімізге кей-кейде ел басынан «Үркер» болып Көкке ұшып кеткендей де болып сезілетін Ұлт Бағын қайыра кәміл аңқыта бастайды!




* Магдалалық Мария – Ғайсаға ғашық әйел. “Айқыш-ли’ (Айыққыш-ұйықкыш) кіресіне керіле жан тәпсырып, қайта тірілген Ғайса огән: – «Жұбайым, сен неге жылап тұрсың? Кімді іздеудесің? - деген-мыс.

*дін шежіресі бойынша қалыптасқән догмалық тұрақты ұғым: “Жер бетіне жіберілген пайғамбарлар саны 24000″

* “бес күндік Жалған”деп аталатын Жарық дүние һәм жербетіндік тұрлаусыз өмір.




Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар