Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Төлеген Жанғалиев. Қашан тілім түсіп қалғанша поли...

28.02.2020 7003

Төлеген Жанғалиев. Қашан тілім түсіп қалғанша полигонды айтып өтем 12+

Төлеген Жанғалиев. Қашан тілім түсіп қалғанша полигонды айтып өтем  - adebiportal.kz

Ақын провинцияда туып... дабыралы Парижсіз-ақ жалпақ елдің сөз ұстарына айналса ше? Кіндік қаны тамған жерге маңдай тері де сорғалап өтсе ше? Меніңше, бір ғұмырды әдебиет пен әлеуметтің әлегі көп шаруасына қатар жеккен қайраткерің сол адам.

Қаңтардың қарлы боранынан ыға жылжып Семей барып, ары қарай Жидебай асқанымызды әлеуметтік желіде жазған едік. Мына бір танымдық роликті жариялай отырып жұрттан лайк дәметкен бір қағаберісте. Сол жолы қоналқаға Абай ауданының орталығы Қарауылды қолай көргенбіз. Алдымен әрине, өзіміз жәдігерлерін жіпке тізген Ұлы ақынның музей-үйіне жақын жерде болғаны үшін. Содан соң – көздеп барған бір кісіміз бар еді...

Хош. Абай елінің оң мағынасында отымен кіріп, күлімен шыққан шоң шайыр, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Төлеген аға Жанғалиевпен дидарласудың сәті түскен, сөйтіп.

1982 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітіріп бара қалысымен, туған ауданының идеологиясын қолға алған ақын, тоқсан тоғызыншы жылға дейін әжептәуір атқамінер болған екен. Қазіргі күні де жетпіске келдім – жетіп те қалар деп таяққа сүйеніп, аяққы үйдің ауласында күншуақтап отырған жоқ. Шәкірт тәрбиелеп жатыр. Баллада жазудың шебері, поэзиясы философиялық ой-түйінге бай, кезінде бірер шумақ өлеңге ғана емес, бүтін бір кітабына атау қып қойып, «Біз жұмаққа бармаймыз» деп шорт кескен ақынның (жұмаққа кімнің барып, кімнің босағадан кері қайтарын бір құдай біледі ғой) міне, алдында отырмыз.

- Төлеген аға, әңгімені Абайдан бастасаңыз. Тәуелсіздікті енді алған кезде ақынның 150 жылдығын қалай қарсыладық? Енді биылғы 175 жылдығын қалай тойлауымыз керек?

- Абай атамыз тәуелсіздікке дейін де Абай болып аталды, айтылды, Біз қызыл империяның бар кезінің өзінде Абайды жаттаудан жалықпаған елміз. Мысалы сол кездің балаларына 50-ден 100-ге дейін Абай өлеңдерін жаттау талабы қойылды. Ондай той енді өтпейді-ау деп жүргенде, міне 175 жылдығын тойлайтын болдық. Абайдың 150 жылдық тойының дайындығынан аяғына дейін басы-қасында болған адаммын. Ұйымдастырушылардың бірімін. Ол кезде той ЮНЕСКО көлемінде өтетін болғандықтан, қайткен күнде де Абайдан гөрі ұлттық дәстүрімізді көрсету мәселесі қолға алынды. Ұқтыңыз ба?! Абай фон да, ұлттық келбетіміз қандай болады: киіз үйіміз, дастарханымыз, ас мәзіріміз т.б. – осы жағына назар аудардық. Сол бағытта жұмыс жасалды. Сосын ең үлкен мәселе – Абай ескерткіші еді. Әлгі Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз айтпақшы, орыстың суға кеткен матростарына қойылған белгі сияқты ескерткіш болды, Абай атам басында. Шынжырланған. Сол дүниені түзеу керек. Оның басы қасында сол кездегі ел азаматтарының қаншамасы жүрді. Ал, бірақ ана кесенені қайткен күндеде өзгерту керек деген мақсатты күн тәртібіне қойған, жарықтық, қабіріне нұр түссін, Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Сөйтіп енді бүкіл дүние солай ауғаннан кейін, әрине Абай жөнінде айтылды, жазылды, тойдың хабары тарап жатты, бірақ материалдық дүниеге көбірек назар аударылды. Ал енді Абайды қалай оқу керек, қалай оқыту керек, оны қалай түсіндіруіміз керек – ол бағыт көлеңкеде қала берді. Абайдың тойы керемет өтті. Мысалы, 1500 үй тігу деген – таң қаларлық жағдай еді. Мына 4,5 мың-ақ халқы бар алақандай Қарауылға 100 мың қонақ сыйып кетті ғой. Ол өзі бір жоқшылық заман еді ғой, дәл қазіргідей қаражат жоқ кез, бірақ ас та төк той болды.

Суретте: Ақылбай Абайұлы, Абай, Турағұл Абайұлы

Ал енді міне 175 жылдық керісінше болып тұр. Менің Жадыра Жұмакүлбай (белгілі тележурналистН.Қ.) деген шәкіртім бар. Соның кішкентай қызы Ләйлім ойда жоқ жерден теледидардан Абай атамның бір өлеңін оқыды да, соны челлендж қылып, ары қарай президентімізге жолдады. Ана кісі де соны қабылдап, Абай атамның өлеңін оқыды. Абайдың 175 жылдығын тойлауға жарлық берді. Міне, содан бері дүние шулап тұрған Абай. Өлеңдері оқылып, қарасөздері айтылып, әндері шырқалып, Абайды терең түсіну бағытында жұмыс жүріп жатыр. Әрине, Абайды сонымен түсіндіре қоямыз деп айта алмаймыз, түсіне қояды деп айтуға тағы да болмас, бірақ бұл Абай атамды түсіну бағытындағы алғышарт деп ойлаймын. Абайды оқып жатырмыз, бірақ әлі түсіне алмай жатырмыз. Қазір бұрын оқып кеткен қара сөздерін қайта қарасаң жаңа бір мағынасын аңғарасың. Бүкіл өмір қайта өзгеріп алдыңа келеді. Қара сөздің өміршеңдігінің өзі сонда жатыр. Философиялық өлеңдерін айтпаған күннің өзінде. Абайды тану бір ғана тоймен шектелмеу керек. Абайды тану бағытындағы жұмыс енді басталды деуіміз керек. Президент айтып жатыр ғой, қаптаған жиын-той, ас та төк дастархан дегенді қойыңдар, оның орнына Абайды қалай оқытамыз, соған көбірек назар аударылсын деп. Біз осыны қолдаймыз.

- Әркімнің өз Абайы бар ғой. Отыздың ішіндегі мен өзімше түсінем, жиырмадан асқан жастың өз Абайы бар. Сол секілді жетпістегі сіздің Абайыңыз?

- Біз Абайды оқуды ерте бастадық. Біздің ауданның бірінші хатшысы болды, Хафиз Матаев деген кісі. Мен сол кісінің орынбасары едім. Жанында жүрдім. Сол жылдары біз үлкен бастама көтердік, әрбір абайлықтың үйінде Абайдың кітабы мен Мұхтардың (Әуезов) көп томдығы тұруы керек деген.

- Ол қай жылдары еді?

- Сексен алтыншы жалдар шамасы. Мен идеологиялық хатшы едім. Сөйтіп Абайдың 100 өлеңін жаттауды өзіміз бастадық қой. Жаттағанда – Абайдың мағынасын түсінуге ден қойдық. Сонда Хафекең айтатын: «Әй, Абайды адам қырықтан асқаннан кейін оқу керек», - деп. Рас. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» – көз алдыңа өтіп бара жатқан өміріңді алып келеді. Шоши бастайсың. «Қорқамын кейінгі жас балалардан». Неге қорқады? Сөйтсек рухани жұтаңдықтан қорқады екен. Қазір материалдық дүниенің соңында кеттік. Қазір мен сырты жылтыр, іші күңгірлеп тұрған жастарды көп байқаймын. Сондықтан алдыңда Абай жату керек.

- Абайды оқып тәубаға келу керек дейсіз ғой...

- Менің бір өкінішім – Абайды таныған қарттар аз. Абайды жас күнінде оқымаған шалға қазір оқы десең де оқи алмас еді. Оқыса да түсінбеді. Өйткені, негіз жоқ. Сондықтан Абайға айналып соғу арқылы адамның жасымен қоса кемелдігі де кеңейе түссе деймін.

Т. Жанғалиев: "Ұйқыңды ұрлар деймісің, Күлкіңді қалқам сыйлай сал"

- Енді жерге түссек. Неге Алматының үлкен ақыны болмадыңыз? Неге Қарауылдан ұзамадыңыз?

- Жусан иісі жұпар шашып мұрынға,

Жуа жусап өсетұғын қырында.

Туған жердің көктемі де сиқырлы,

Мың сан ойды оятатын миыңда,

Абай туған Шыңғыстауым тұрғанда,

Басқа таудың басы маған тұғыр ма? –

деп келетін өлеңім бар. Отан, ошақ деген бар ғой, бұл басқа нәрсе. Біз осыны ұқпай жүрміз. Әрине әркім әрқилы жағдайда тіршілік кешеді ғой. Қазір заман бөлек. Жастар ауылда бірдеңе істей қояйын десе, жұмыс жоқ, бала-шағаны асырайын десе, қисыны келмейді. Еріксіз қалаға кетіп жатыр. Оған не істейсің? Оған қайтіп өкпелейсің?

Қазір осы ауданда, мақтанбай-ақ қояйын, әдебиетті түсінетін бір адам мен шығармын. Мен кетсем – елге бірдеңе айтатын, бірдеңені ұғындыра қоятын қарт кетеді. Қарауылда, Абайдың елінде сөз ұстаған бір адам болмаса, онда Абайдың елі жұтады деңіз. Абайдың еліне байлықтың керегі жоқ, байлық деген болмайды да бізде. Біздің өндіріп жатқан түгіміз жоқ. Біз әуел десең дотацияда, қарызда отырған ауданбыз. Бірақ бізді ұстап отырған – Абай, Шәкерім, Мұхтардың аруағы. Ал енді өздерің сияқты сырттан келген адамның алдынан шығып, бар мен жоқты көрсетіп, түсіндіре алатын тілді бір адам болмаса не болғаны. Әрине, баяғыда, Алматы Жоғары партия мектебін бітіргенде-ақ сонда қалып қоюға мүмкіндігім болған. Марқұм Өтебай Қанахин «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы болатын. Мен партшколды бітірген соң орынбасарлыққа шақырды. Қалмадым. Мен Қарауылда тудым, Қарауылда қалам. «Қос таудың қолтығында мен қаламын, Кетсе де тобықтының көшіп елі». Ана Арман (ақынның ақын шәкірті Арман Шеризат – Н.Қ) мені мақаласында мақтапты, «Төлеген ағамыз сөйдеп айтады», - деп. Мен қаламын, бұл елде. Үйткені үлкен аруақтар бар. Менде тіл болмаса, жазу-сызуым болмаса, басқа достарым секілді мен де кетіп қалған болар едім. Менде сол ұлы аруақтар сыйлаған бірдеңе бар шығар, сондықтан солардың аманатын арқалап келе жатырмын. Мен кетсем ауылым біртүрлі қаңырап бос қалатын секілді. Міне, жетпіске келдім. Ғұмыр берсе, әлі де осы ауылдағы сөздің басын ұстап отырам. Ал алып кетсе, өздері біледі.

Т. Жанғалиев: "Менің шәкірттерім - менің әдеби ортам"

- Абай елінің ақындық мектебін ұстап отырсыз. Қанша жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келесіз?

- Мен аудан әкімінің орынбасары болып жүрдім. Елу жасқа толдым. Бізде полигонға байланысты елу жаста зейнеткерлікке шығарады. Содан Алла-Тағала ой салды, осы жасқа келдік, азды-көпті жетістікке жеттік, енді сол өзімде бар өнегені, қолымда бар талабымды неге балаларға үйрете бастамасқа деп қоғамдық негізде көк тиын ақша алмай, осы Қарауыл гимназиясы жанынан ақындық үйірме аштым. Сөйтіп бес-алты баланы тәрбиелей бастадым. Содан кейін осымен бүтіндей кетейін деп ойладым. Әрі менің бір артықшылығым – ұстазбын. Мамандығым – педагог. Басқа жақтан да ақындық мектептер ашылар еді. Бірақ оларды мектепке кіргізбейді. Кәсіби ұстаз болуың керек. Біреулер айтты, білім заңында мұндай нәрсе бар, бірақ бұның қиындығы көп болады. Облыстық, республикалық эксперттік комиссия бар, солардан сіздің бағдарламаңыз өтуі керек деп. Сөйтіп ақындық үйірменің бағдарламасын жасадым. Төрт жылдық бағдарлама. «Ақын Төлеген Жанғалиевтің шығармашылық курсы» деп аталады. Ақындар сыныбы емес, курс. Семейдің білім беру департаментінің эксперттік комиссиясынан өткен, Білім министрлігінде бекітілген. Қазір менің осы бағдарламаммен республиканың төрт-бес жерінде оқытады.

Осы балаларды жинап аламын. Жинағанда тегіне байланысты жинаймын. Албаты бала алмаймын. Әкесі, нағышысы, нағашысының бірдеңесі... күндердің-күнінде біреуінің тегінде жылт еткен бір сәуле бар болып шығады. Не домбырашылығы, не ақындығы кеп тұрады. Не сөзшеңдігі дегендей. Соларды әкеліп сабақ үйретемін. Біз өлеңнің техникасын үйретеміз, ары қарай бойында бірдеңе бар бала өзі алып кетеді. Міне, соның жағдайында жиырма бес жыл істедім. 25 жылда елуден астам бала тәрбиеледім. Соның оншақтысы қазір менің жолымды қуып жүр. Ал қалғандары, мақтанатын жерім, қай мінберде сөйлесе де, бір мүдірмейді. Демек, ол мына жерден сөйлеу мәнерін үйреніп кетті ғой.

Т. Жанғалиев: "Қазір не Аллаға, не адамға бағынбайтын заман болып кетті"

Мен, Нұреке, партияның атқамінері болдым ғой, отыз жыл. Іліп айтар шаруаларым да көп. Бірақ оны айтсаң, пайдасыз мақтан болып шығады. Ал мына ақындық курс, сондағы шәкірттерім мені аспанға көтерді. Менің директірім жоқ, менің әкімім жоқ. Маған ешкім жұмысқа кел, келме деп айтпайды. Менің бастығым – бабаларым. Ақ қар, көк мұзда сонау жақтан келеді. Өлеңге деген құштарлығы ғой, енді. Сондықтан мен сол балалар үшін отырмын. Тыпыр етпеймін. Ғұмырым соларға арналған. Сосын Төлеген таусылмайды, жаза береді дейді. Жаза беретінім де рас. Оның ішінде жақсы өлең де бар, жаман өлең де бар. Айтайын дегенім, жаңағы отырған балалар менің әдеби ортам. Адам қанаттанады екен. Шаршауды білмейсің. Менің мына ақындық сыныбымда бір махаббат бар. Махаббат болса – ғадауатың да, рахатың да сол жерде.

Мен баланы оқытқанда ақын шығарам деп оқытпаймын, менің бір шенеунік баурым айтқан: «Туф, Төлеген аға, мектеп ашып, ақын шығару деген болушы ма еді...» - деп. Мен айттым: «Абай атамның ақындық мектебі болған. Одан тәрбие алғандардың бәрі мықты болған. Мен әрине Абай болғалы жүргем жоқ. Мен сол Абайдың ақындық мектебінің жұрнағы болса да үзілмесін деп бірдеңе жасап жатырмын», - деп.

- Енді осы ақындық мектеп өзіңізбен үзіліп қалмай ма?

- Ең қорқынышты жағдай...

Т. Жанғалиев: "Жоқ, жетпісте де біраз қар күреуге болады екен..."

- Жетпістің биігінен артта қалған алпысқа қарайсыз, елуге қарайсыз. Сонда не көресіз?

- Бүгін міне жетпістің алғашқы қарын басып, алғашқы қарын күредім. Иығым орнында. Жоқ, жетпісте де біраз қар күреуге болатын сияқты (күлді). Өлеңім бар ғой менің:

Жетпіске жеттік, міне, жел ұшырып,

Өмір теріс айналды, өңі сынық.

Алды-артыма қараймын жалтақ-жұлтақ,

Осы жасқа келдім деп, не бітіріп... – деп келетін.

- Сөйтіп жалтақ-жұлтақ қарасаңыз?..

- Сонда мақтанышым болып шәкірттерім тұрады ғой.

- Компартияның шаруасына жұтылған отыз жылыңызға ішіңіз ашымай ма?

- Мен бір адамды жақсы көрем. О кісі біздің облысымыздың басшысы болды. Сағидолла Құбашев деген кісі. Анау желтоқсанның кезінде екінші хатшы болып, Колбинның қасында қызмет етті. Гений адам еді. Семей облысын дүрілдеткен со кісі. Сонда: «Төлеген, бір нәрсеге жазықты боламын да тұрамын», - дейді. Сөйтсе Колбиннің жанында жұмыс істегені үшін өзін жазықты санайды екен. Сондағысы төрт-бес ай ғана істеген.

- Сіз қай жерде жазықты болдыңыз?

- Таза коммунист болдық қой, біз. Және мен сол коммунисттік идеологияны басқардым. Ол өзі күлкілі де. Сол кездегі коммунистік білім қоғамы ақша береді. Лекция оқығаның үшін. Бастығы менмін, идеологияның. Ағаларымызды бір бума бюллетень берем де қоя берем. Ауыл-ауылды аралап, шопандарға барып Марксизім-ленинизм жөнінде лекция оқиды, оқып та жүрген жоқ қой, бірақ барады да, печать соқтырып алып келеді. «Дін жоқ. Атеизм. Дін апиын» деп соғып келеді ғой. Ой маладес, оқып келсең болды, міне деп ақшасын бересің. Қалтасына басып ап жүре береді. Енді сол ағаларым, күлкім келеді, осы шекесін қабырғаға сүйеп қойып зиратқа табынып, жайнамазын жазып жіберіп Алла тағалаға сыйынып жатады.

Құдай көзі – жер беті,

Құмай болсаң көретін.

Адам құлқын пендесі,

Пенде айтады не бетін... –

деген өлеңім бар. Ол құлқын пендесі болған соң, не бетін айтады, ертең анда барғанда. Мен айтам, қызыл партбилеттің иесі болғаным рас, идеологияны басқардым – рас, енді келіп, ойбай мен керемет дін жолындамын деп өтірік айта алмаймын. Енді барғанда «қылша мойным – талша, мынандай жасаған шаруаларым бар, Сізді жоқ деп айтқанмын, атеист болғаным рас» деп мойындайтын шығармын деп ойлаймын. Ал қазір ең құрығанда тап сол коммунистік идеологиядай идеология болса. Қазір не Аллаға бағынбайды, не адамға бағынбайтын заман болып кетті.

Т. Жанғалиев: "Ағайындар, мен атоммен туыспын"

- Дегелең дерті – осы елдің жан азабына, ажалына айналды. «Қырық жылдай «қыңқ» демеді ол-дағы, қырық жылдай мен де дертпен у іштім…» - деп те жырлағансыз. Қазіргі ахуал қалай?

- (Ауыр күрсінді) Мен Дегелеңнің нағыз дертін өн бойымнан өткізген адаммын. Туған ағам, атақты жазушы, драматург, сазгер Мерғали Ыбыраев елу бес-ақ жасында аяқ астынан жүрек талмасынан кетіп қалды. Артымнан ерген жалғыз інім Серікбол сол полигонның кесірінен тәлтіректеп жүйке ауруымен ауырып, ол да елу төрт жасында кетіп қалды. Полигон салған дерттен көп адамымыз кетті. Қырық жыл үндемедік қой. Соны біле тұра үндемеген кезіміз болды. Өз басым соны мойындаймын. Бізде райкомның бірінші хатшысы Хафиз Матайұлының кабинетінде сары сейф тұратын. Ол көзге көрініп тұрады, бірақ ашуға ешкімнің қақысы жоқ. Кілт тек қана менде. Бірақ ашуға қақым жоқ, құзірет бірінші хатшының қолында. Содан осының ішінде не бар екен деп таң қалып жүретінмін. Соны ашса ғой, шіркін деп ойлайтынмын. Оған бірақ дәтің бармайды. Сөйтсем онда полигонға байланысты келген шұғыл хаттарды сақталады екен ғой. Бомба қай уақытта жарылады, халықты қай уақытта шығару керек, сөйткен-бүйткен деген. Бірінші хатшы ғана оқиды да, қайтадан жауып қойып, тапсырма береді. Бітті. Міне, қырық жыл жарды ғой. Мен кейде қырық жыл атом бомбасының астында қалған біздер қалай ажалдан аман жүрміз деп ойлаймын. Бірақ жүрмін деп ойлауға келмейтін сияқты. Өйткені достарымның көбі жаман аурудан кетіп қалды. Көбі алпысқа жетпей кетті. Бірен-сараны ғана қалдық.

Атом жөнінде мен «Атом мен ақын» деген кітап жаздым. Бүтіндей кітап. Ішінде «Астапралла» деген поэма бар. Полигонды ең көп жазған адам мен шығармын. Мұны айтып отырғаным сол полигонмен күресте рупермен (дауыс зорайтқыш) шығып бүкіл елді Қарауылда Олжекеңнің қасына алып барып, жұмылдырған менмін. Олжекеңнің сенімді серігі, оң қолы болдым, полигонға қарсы. Жанталасып қатты күрестік.

Т. Жанғалиев: "Атом біздің санамызда"

Полигон деген бір күнде біте қоятын шаруа емес. Полигоннан таяқ жеген елді сауықтыру бағытында әлі түк те істеліп жатқан жоқ. Мысалы біздің елде, зәрем ұшады кейде, самолет келеді, гүжілдеп, ол келгенде біздің біреуіміз құладық деп ойлайтынмын, міндеті түрде. Не бастан құлады, не жүрек талмасынан кетті. Санитарлық самолет келіп алып кетеді. Абайдан. Және бір басталса басталып кетеді. Аяқ астынан бала асылып өліп қалады. Жетінші-сегізінші кластың баласы өз өмірін өзі қиып асылып өледі дегенге кім сенеді. Полигонның сондай зардабы әлі біткен жоқ. Зардабы болғанда, оны сіз білмейсіз, мен білмеуім мүмкін, ол мына біздің миымызға қонақтап, дене-дертімізге жайылып кеткен. Әрине бұнымен елді үркітуге болмайды. Полигон жарылып жатқанда туған баламын мен. «Ағайындар, мен атоммен туыспын» деген өлеңім бар. «Қырық жылдай дертпен мен де у іштім» деп келтірем. Солай. Ол менің бір жерімде жатқан шығар. Оны біз білмейміз. Бірақ әрбір бауырыма қарап, әрбір балама қарап ел-жұртымның қабағына қарап, жаныма батады. Өтіп кеткен полигон. Қазір сіздер жабылды дейсіздер. Жапқаны рас. Полигонның исінің енді мұнда жоқ екені рас. Бірақ содан құтқару бағытында ештеңе жоқ. Бірдеңе жасау керек қой. Сауықтыру керек. Бір азын-аулақ тиын-тебен береді. Басқа түкте жоқ. Абайдың елін, Шәкерімнің, Мұхтардың жерін қырық жыл атоммен улаудан асқан қиянат жоқ.

Біз кешірімді халықпыз. Кешірмегенде не істейміз енді. Біз жаны ашымастарды жек көреміз. Айналайын-ай, тұқымыңмен құрып бара жатырсың ғой деп, басымыздан сипап көмектесу керек қой. Жағдай өте қиын. Үкіметтегілер сыртымыздан ғана ойбай полигон деп байбалам салмай, дұрыстап қарауы керек қой деп ойлаймын. 1949-дан 1963-ке дейін ашық аспан астында жарылды. Алпыс үштен кейінгі жер астындағысын санамағанда. Онда 500 жарылыс болған. Ашық аспан астында, Қарауылдың сыртында саңырауқұлақ шығады, соған қарап тұрамыз. Осы арадан 100-120 шақырым-ақ жерде. «Ура, полигон, қазір жарылыс болады», - деп бізді мектептен қуып шығады. Біз сонда анаған қарап тұрамыз. Сол қазір бір жерімізде жатыр. Әйтеу тиіспей отырмыз. Түртіп қалсаң болды, шыға келуі мүмкін. Полигонды ең басты жауым деп есептеймін, мен. Қашан тілім түсіп қалғанша полигонды айтып өтем. Сіз менің кітабымды жырлап оқымайсыз, жылап оқисыз.

Суретте: Ақын, жазушы Мерғали Ыбыраев

- Мерғали ағаңызды полигон жалмағанын айттыңыз...

- Алла тағала Мерғали ағамызға ер азаматқа бітетін ғажайып өң берді. Өте сұлу адам болды. Керемет бұйра шашы бар. Алла тағала Мерғалиға бермеген таланттың бәрін берді. Мына домбыра, пианино, бәрін керемет тартатын. Ғажап драматург еді. Жазушы, ақын еді. Алла тағала оған композиторлық қасиет берді. Бәрін берді. Біздің үйдің үлкені болды. Жанұялы болды. Үш қыз сүйді. Бұл оның трагедиясына айналды. Тәтем ауырды. Жеңгемді айтам. Ол кісі ауырды дағы, мүлдем Мерғалиға қарай алатын жағдайы болмай қалды. Мерғали сөйтіп анау Робинзон Крузоның тағдырын кешті. Балаларын бақты. Балаларын баға жүріп, бір ұлды болды. Соны мейір тұтты. Балаларын баға жүріп жазу жазды. Жалықпай жазатын адам еді. Өлеңнен кейін роман жазуға кірісті. Одан драматургия. Мерғалидің бір күн бос отырғанын көргем жоқ. Содан қырық жасынан бастап жаңағы трагедия мұның мойнына артылды. Жалғыз ұлынан айрылды. Он жасқа келген жалғыз ұл. Дәл іргедегі Ертістің суына кетіп қалды. Мерғали содан үнсіз қалды. Былай адам сияқты жүреді. Бірақ ішкі күрсініс, ахылап-үһілеу, демалыс бүтіндей өзгеріске ұшырай бастады. Сөйтсем сол кезде жанып жүр екен ғой, Мерғали. Көзі мөлтілдеп отырып өлең жазса, сол жалғыз ұл орала береді. Роман жазса сол жалғыз ұл орала береді. Анау «Жоғалған өзен» деген роман дилогиясы мына полигонның дертіне ұшыраған өзі туралы. Кейіпкері өзі. Ең соңында полигон дертінен өледі ғой. Әйтпесе Мерғали елу бес жасында нағыз жазатын кезі енді келіп еді ғой. Шежіре еді ғой, шежіре. Тарихты керемет білетін. Бәрі ішінде кетті, не істейсіз енді. Өкінішті. Енді ең өкініштісі – көзінің тірісінде Мерғалидің пышақтың қырындай бір-екі кітабы шықты. Совет үкіметінің кезінде. Маған трагедия сол болды. Өзімді ұмыттым. Анадан айрылып отырмын, баладан айрылдым, ағадан айрылдым, ініден айрылдым. Сосын ойладым, маған немене тіршілік керек. Өзімде не бар, неге шамам жетеді, кімге сөзім өтеді – Мерғалиды тірілтейін деп шештім. Міне наныңыз, Мерғалидың бүкіл шығармасын басуға бірде-бір мемлекеттік баспа көмектескен жоқ. Мемлекеттің рухани қолдауы дейді. Біреуі көмектескен жоқ. Баспаларда шаң-шаң болып жатқан жерінен, «өліп қалды» деген жазуы бар, аршып алып арқалап алып жүріп, елден ептеп қайыр сұрап жүріп, Мерғалидың екі томдық дилогиясын да, өлеңдер жинағын да, драматургиялық жинағын да, әндерінің жинағын да шығардым. Қазір Мерғалидің шығармаларының бәрі шықты. Шықпаған өзім ғана. Мен совет үкіметі кезінде көп шықтым. Партияның бар кезі.

Т. Жанғалиев: "Кірпіштей кітап көрсем таң қалам..."

- О кезде енді қолыңызда билік бар ғой...

- Жо-оқ ол билігің жүрмейді, ол кезде. Цензураның кереметі, өлеңнің өлеңі шығады. Төрт-бес баспа табақ кітабың шықса, ол – аспан. Бір кітапты бірнеше қайтара жинайтын заман болды. Сол кезде менің 4-5 кітабым шықты. Өйткені 1978 жылғы республикалық жас ақын-жазушылардың «Жігер» фестивалінде жүлдегер болдым. Ауылдан барғам. Серік Ақсұңқарыұлы екеуміз бірге алдық. Мен Ғафуда болдым, ол басқа бір ақында болды, сөйтіп екеуміз бас жүлдені бірге алдық. Екеуміз түйдей құрдаспыз. Сонан кейін менің жолым ашылды.

- Цензурадан өтпей қалған кезіңіз болды ма?

- Болды ғой. Пәлі. «Астапыралла» деген кітабым таза өтпей қалды. Ішінде партия саясатына қарсы ұғымдағы өлеңдер көп екен. Түзет, қысқарт деп қайтарып тастады. Жалпы мен өлеңді өте ащы жазам.

- Ал енді өлеңнің сапасына байланысты өтпей қалған кезіңіз болды ма? Идеологиясы бір басқа.

- Жоқ дейміз ғой, енді. Қазіргі кезде оның сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ қой, сен не жазсаң да басыла береді, ол заманда өткізбейтін...

- Ақысын берсең – боқысын шығарады...

- Менің мынандай өлеңім бар. Соңыра өлең оқытасың ба?

- Қазір-ақ оқыңыз.

- Тіліме шоқ түсті,

Тілді едім, тісті едім.

Жүректе от бітті,

Жүрексіз нүктемін.

...Үндемей сондықтан,

Үйкүшік күн кешем.

Даусымды қарлыққан,

Даладан ізде сен. (Ақынның өлеңдері мына жерде)

Даладан іздесе - дейді. Ано-оу далада өзіммен өзім жүрмін. Айқайлап. Сол даладан ізде, менің даусымды. Басқа жақтан іздемей-ақ қой. Осындай өлеңдер бар...

Суретте: Халық ақыны Шәкір Әбенов Қазақстанның тұңғыш президентіне бата берген сәт

- Сізді атақты Шәкір Әбеновтің қасында көп жүрген деп естиміз?

- Шәкір ақсақалдың жанында жиырма бес жыл жүрдім. Жиырма бес жыл бірге жүру – ол оңай шаруа емес. Жынды шал. Тентек шал. Әзілхан Нұршайықов: «Мен бір ініме қатты ризамын. Ол анау аудандық партия комитетінде хатшы боп істейтін Төлеген Жанғалиев дейтін ақын бауырым. Әкесін, (Шәкір Әбеновті айтады), сексеннен асқан шағында бірнеше рет жетелеп Алматыға алып келіп, кітабын шығартып, құрмет көрсетіп жатқаны – Төлегеннің қазаққа жасаған жақсылығы», - депті. Әлсіреген, көзі шаршаған, құлақ ауырлаған, сексенге тақаған кезі. Кітабын шығару керек. Ел ішінде қалып қоятын түрі бар. Содан бірінші хатшы айтты: «Әй, мына шалдан айырылып қаламыз. Сен осымен айналыс», - деп мені жұмыстан босатты. Төңіректегі тәуір әншілерді жинап алып, ана кісінің аулына барып жатамыз. Сөйтіп әнін үйреткіздік. Кітабын шығардық. Кейін енді егемендік алған соң ауылдастары кітаптарын шығарып жатты ғой...

- Тәуір әншілерді жиып-теріп алып баратын сәтіңізді кеңірек айтсаңыз...

- Бардық. Шал: «Әй, Төлеген, әуелі мыналарыңа айтқызып көр», - деді. Жаратқан-жаратпағанын қабағынан-ақ біліп отырасың. Содан жаңағы барғандардың бәрін тыңдап-тыңдап көрді де: «Әнебіреуің керек жоқ, анау, анауың керек жоқ», - деп үшеуін айдап шықты да, қалған үшеуін алып қалды. Мыналарға үйретейік деп.

Т. Жанғалиев: "Шәкең мені көк ми дейтін еді, жарықтық"

- Аса қиқар адам болған ғой?

- Қиқарлығын айтайын. Съезге бара қалдық. Алматыға. Жазушылар одағына жаңадан өткен кезім. Қазақстан Жазушылар одағының съезі де қызық өтеді ғой, өзі. Олжас Сүлейменов бірінші хатшы. Басталды. Алдыңғы қатарға отыра қалдық. Шалдың жанында отырмын. Президиум толы Қонаев бастатқан ығай мен сығай. Бір уақытта «Товарищи!» - деп Олжекең сөзін бастады. Сол сәтте біздің Шал атып тұрды. Мен түсінбей қалдым. Ондай шалт әрекет жасайды деп ойлағам жоқ. Атып тұрды. «Ойбай қайда барасың?» - деп жеңінен тартып жатырмын. Жоқ түрегеліп алды. Бұл түрегелген соң Олжас Сүлейменов «товарищи» деген қалпы тұрып қалды. Шал әуелі бәріне басын иіп амандасты. Енді жындылығы ғой. Зал жым-жырт. Мына жынды шал не істейді екен деп қарап отыр. Содан бұрылып аяғындағы галошы шиқ-шиқ, шиқ-шиқ етіп жолдағыларға бас иіп амандасып кетіп барады, кетіп барады. Қонаев қарап отыр. Сөйтіп шиқылдатқан күйі есікті сарт еткізіп жапты да кете берді. «Ойбай мынау құртты ғой», - дедім. Матаев тапсырып жіберген, анау сыра-пыра ішіп қойып жүрмесін, пәле болады деп. Одақтың қасындағы үкімет үйінің асты жазушыларға дайындап қойған банкет залы. Сыра-пыраңның неше атасы сонда тұр. Не керек, жиналыстан тұрып кетіп қала алмайсың, бір жарым сағатқа әрең шыдадым. Содан жиналыс біте сала жүгіріп шығып, іздеп жүрмін. Сақалы қауғадай шал көрдіңдер ме деп. Бағана осы арада жүрген дейді. Бір жерде жығылып қалды-ау деп қылпылдап келем. Бір жарым сағат ішсе, бітті ғой. Содан ана-а-андай түкпірде біреу отыр. Сөйтсем шал екен. Алдында төрт бөтелке сырасы бар. Көк ми дейтін мені. «Әй, көк ми, болдың ба?» - дейді. «Ойбай, не істедің?» - деп ем, «Кетем. Маған пойызға билет алып бер. Өзің ертең ана «Жігеріңе» қатыса бер» - деді. Өкпеледім анау-мынау деп ештеңе айтқан жоқ. «И, жарайды, кетсек-кеттік» - деп сыртқа шықтық. Сөйтіп гостиницаға барып, енді шешініп жатыр едік, екі жігіт жетіп келді. Жақсы киінген жігіттер. «Қазақстан» қонақ үйінің жиырма нешінші қабатында жатқамыз. «Ойбай, Шәке, сізді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев шақырып жатыр», - дейді. «Жоқ, бармаймын». Сөйтті де сол беті пойызбен қайтып кетті. Кейіннен білсем, Қонаев ұрсыпты: «Сендердің мыналарың не? Абай елінен келіп отырған ақын. Халық ақыны. Жасы болса сексен үште. Соны өздерің біліп президиумға отырғызып қойсаңдар болмай ма. Біздің бәрімізді ақымақ қылып кетті, ана шал», - деп. Міне, сондай шалмен жиырма бес жыл бірге жүрдім. Ең соңында әлгі бата бергізуге апардық қой...

- Ана кісіге...

- Иә. Мен Сауытбек Әбдірахмановқа айттым: «Мен мына кісіні түзетем деп айта алмаймын. Боқтайды, мені. Өздерің айтып көріңдер», - деп. «Тікелей эфир. Масқара боламыз ғой», - деп Сауытбектің есі шығады. Сондан шал Сауытбекке: «Әй, балам, - деді, - сен өзі менің басымды қатырма. Сен осымен міне, үш рет келдің. Бер десең берем, батамды. Берме десең қазір қайтам. Неменеге алып келдіңдер мені?!» «Жоқ енді, тікелей эфир ғой...» - дейді Сауытбек. «Тікелей эфиріңді білмеймін, батамды берем, болды. Құдай аузыма не салады соны берем», - деді.

- Құдай аузына не саларын...

- Сонда Сауытбек кейін жазды ғой, «Шіркін-ай, аузына дұрыс сөз сала гөр», - деп түні бойы көз ілмей Алла-Тағалаға жалынып шыққанын.

Өмірден өтерінде маған қоңырау шалыпты. Қызына айтыпты: «Әй, ана шақыр, жындыны. Келсін. Мен ауырып тұрмын», - деп. Ондайда босай қаласың ба. Алдында тұмау тиіп ауырып жатыр дегенді естігем. Үлкен адамға грипп те тәп-тәуір нәрсе ғой. Сөйтіп жұмыстан босай сала анау-мынау дәрілерін алып, Қазима деген дәрігерді салып ап бардым. Барсам жүріп кетіпті.

- Ой Алла-ай!

- Қайта-қайта: «Төлегенді шақыр, Төлегенді шақыр», - дей берген. Бірдеңе айтқысы келді ме білмеймін. Теріс қарап жатып алды дейді.

Суретте: Жазушы Кәмен Оразалин

- «Абайдан соң» романын жазған Кәмен Оразалин ұстазыңыз болыпты?

- О кісі еңбекшіл жазушы еді ғой. Тоқсанға келгенге дейін шығарма жазған адам. Мұхтар Әуезов сенген адам ғой. Ғажайып жазушы болады деп ойламаған да шығар бәлкім. Мұхаңа біздің Кәмен ақсақал да адал болды. Мұхаң Кәмеңе «қыдырт, жерін көрсін, елін танысын» деп хат жазып беріп, баласы Мұрат Әуезовты осы кісіге жіберген ғой.

Кәмен мұғалім кішкентай ғана ауылда өтті. Елден кеткен жоқ, мен де елден кеткем жоқ. «Жексен» повесі шыққанда, Мұхтарға барыпты: «Мен де Алматыға келсем», - деп. Сонда Мұхтар Әуезов: «Әй, Кәмен, сен өйтіп қателеспе. Сен нағыз әдеби ортада жатырсың. Сенің әдеби ортаң Абай, Шәкерім емес пе. Ел сенің бесігің. Сонда жат та жаз», - деген ғой. Ал егер о кісі елден жыраққа кетсе, басқаша жазушы болып шыға келер ме еді, кім біледі. О кісіге қазір дұрыс баға берейін деп жүрген де адам жоқ. Біздің мұғаліміміз болды.

- Қасында жүрдіңіз?

- Жасырақ кезімізде кітабын алып кететін. Сосын қайтадан алып келеді, қып-қызыл қылып. Әкең аналар ананы түзе деп жатыр, мынаны түзе деп жатыр деп. Шашы – ёжик. Жазушылармен қалай айқасқанын айтып келеді. «Тегінде алыса бергенде өнеді. Сосын кейде ұятсызды ұятсыздықпен ұтып кететін жер болады»6 - дейтін еді. Содан әбден түзеліп-күзеліп, бітти-бітти боп шығып жатады, кітаптары. Жалықпайды. Қайта апарады. Апара береді, апара береді. Егемендік алған соң ғана түзелген кітаптарын қайтадан түзеп шығарды ғой.

Бұ кісіге Халық жазушысын қимай-ақ қойсын, мемлекеттік сыйлықты беретін адам еді ғой. Мемлекеттік сыйлықты алмаған біздің Семейде екі-ақ адам бар. Екеуі де лайықты. Біреуі – осы Кәмен Оразалин, екіншісі – Медеу Сәрсеке. Семей полигоны жөнінде Медеу Сәрсекедей дәлелді-дәйекті кітап жазған адам жоқ. Наныңыздар. Біз – анау Роллан Сейсенбаев, Мерғали Ыбыраев, мынау Тыныштықбек Әбдікәкімов бәріміз со кісінің шинелінен шыққан адамдармыз ғой. Біз ұстазымызбен мақтанамыз.

Суретте: Ақын Төлеужан Ысмайылов

- Жасындай жарқ етіп өте шыққан Төлеужан Ысмайыловтың жақын бауыры болып араласқан екенсіз. Атақты Жәнібек Кәрменовпен бір класта оқыпсыз. Осы бір жарқын тұлғаларды сағынғанда ойыңызға қандай сәттер оралады?

- Мен өзім бір-ақ адамды көре алмай қалдым. Соны арман қылам. Мұқағалиды көре алмадым. Несіпбектерге бата беріп жүрген кезде мен бармын ғой, Несіпбек екеуміз түйдей құрдаспыз. Төлеген Айбергеновті де көре алмай қалдық. О кезде о кісі де бар. Төлеужан Ысмайловты көрдім. Төлеген мен Мұқағали бірін-бірі қатты сыйлаған. Мұқағали: «Төлеужан қырқында қайтыс боп кетті. Мен де көп ұзамаспын», - деп айтты деген сөз бар.

Төлеужанды алғаш көргенімді айтайын. Бір күні редакцияға өлең алып барсам, біреу отыр. Бойы кішіректеу, басы үлкен, даусы гүжілдеген. «Әй, бала, - деді маған, - немене, өлең жазасың ба?» «Жазам». «Әкеші, өлеңіңді. Осында жұмысқа келдің бе?» - деді. Басын бұлғаңдатып: «Жайлаудағы таң» деген өлеңге шұқшиып қайта-қайта қарай берді. «Ә-әй, шіркін-ай, мінеу жерін былай жіберсем, қалай болады?» - деді. Деді де:

Көлеңке сырғанады,

Түн сайға түнеттірген - деп қосты. Менікі басқаша болатын. «Түн сайға түнеттіргені несі?» деп қоям ішімнен. Кейін қарасам, ана өлеңді өлең қылып тұрған сол жолдар екен. Содан қойшы, екеуміз дос боп кеттік. Сөйтсем, корректор екен ғой. «Өй иттің балалары, мына жерге үтір қойылады ғой», - деп газеттің қатесін түзеп отырар еді...

Суретте: Атақты әнші Жәнібек Кәрменов

- Ал Жәнібек Кәрменовпен бір құдықтың суын іштіңіздер?

- Жәнібектің бастапқы өмірі қиындау болды ғой. Талантты, бірақ жетімдіктің салдарынан көрмегені жоқ. Бір партада отырдық. Екеуіміз де өлең жазамыз. Бірақ ол өктемдеу болды. Тентектеу. Көп адамға бой бермейді. Бертін келе ептеп махаббат хаттарын да тасып жүрдім.

- Тентектеу еді деп қалдыңыз?

- Бірде сызу сабағында екеуміз бір-бірімізді өлеңмен мазақ қылып отырғанбыз. Бір уақытта мұғалім келіп: «Не істеп отырсыңдар? Шығыңдар!» - деді. Жәнібекті тартып еді, қарулы болатын, қолын бір-ақ сілтеп отырып алды. Мен кішіректеумін, мені дырылдатып сүйреп ала жөнелді. Сүйреп келеді. Ол кезде класта контрамаркі пеші болады. «Қолыңызды тартыңыз, қолыңызды тартыңыз», - деп ем, «Мә, тартқан», - деп жақтан салып кеп жібергенде «контрамаркіні» баспен сүзіп құладым. Жәнібек партаның қақпағын сарт еткізіп ашты да (о кезде партаның қақпағы ашылады): «Әй, Төлеген, сен жат. Қазір мен директорды алып келем», - деп шығып кетіп қалды. Жатырмын. Айтқандай директорды алып келді. «Міне, мынау кісі өлтіреді, - дейді Жәнібек мұғалімді көрсетіп. – Мынаның пешке соғылып басы айналып жатыр». Директор: «Тұр! Кет, сабағыңа!» - деп еді, мен атып тұрдым. Сонда Жәнібек айтады: «Өй бұлар бірін-бірі жақтайды. Одан да бұларды біреуге сабаттырайық», - деп.

Т. Жанғалиев: "Өмірге артар өкпем жоқ..."

Өмірінің соңына дейін менен сырын да, мұңын да жасырған жоқ. Бір күні маған: «Төлеген, мен елге қайтам», - деді. «Өй, неге?» «Мына жақтан қажыдым», - деді. «Ағалар-ай» деген әні шығып жатқан кез. «Көрсетінді көп. Біреуді біреу білмейді. Біреуді біреу дәріптемейді. Қашан көрсең, аяқтан шалу, арыздану», - деп кейіді. Халық әртісін бермей қойды бұған. «Елге кетем. Әншілікті қоямын. Енді тек жазушылықпен отырамын. Мәркен Шәйжүнісов дегенге айттым. (О кісі онда облыста әкімнің орынбасары). Сол кісі бір-екі бөлмелі үй алып берем деді. Қайтсам қайтеді?» - деді. «Өзің біл. Бірақ атағың бар, естіген жұрт «Семейіне қайтыпты ғой...» - деп сөз қылар», - дегем. «Әй, жоқ, қайтам», - деді. Сол «қайтам» дегеннен кейін екі айдан кейін қайтыс болды ғой. Түн ішінде хабарын естідік. Ести салысымен машинаға міндім де, бір уыс топырақты екеуміз өскен Ақтоғайдан, бір уыс топырақты Жидебайдан, Абай атасының басынан алдым да, бардым. Рымғали мен Ақселеу: «Мұның досы да, сырласы да Төлеген. Төлеген сөйлесін», - деді. Толқып бардым. Онда Мерғалидың бар кезі. «Төте, сөзіңді жыламай айт. Жылап айтсаң сөзің естілмей қалады», - деді. Кеңсайда. Халық деген ығы-жығы. Содан дес беріп, сөйлеп кеттім. «Ақтоғайдың топырағын аяғыңның астына, Абай бабаңнан алған топырақты басыңа жастаймын», - деп екі уыс топырақты көрсеттім. Халық деген егіліп кетті. Өзім де жылап тұрдым. Сөйткен досым еді.

- Әңгімеңізге рахмет, аға!

Айтпақшы Шәкір Әбенов жыр алыбы Жамбылдың хатшысының хатшысы бола жүріп бастан кешкен әне бір әрі күлкілі әрі қайғылы оқиғаны сылып алып қалдық...

Сұхбаттасқан: Нұрлан Қабдайұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар