Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Төлеген Айбергенов: «Кітабым көп» деп қана мақтану...

12.05.2016 5987

Төлеген Айбергенов: «Кітабым көп» деп қана мақтануды кешірер ем

Төлеген Айбергенов: «Кітабым көп» деп қана мақтануды кешірер ем - adebiportal.kz

705020_1892614051_012_Aibergenov.jpg

Жырлары жүректерді сағынышымен баурайтын ақиық ақын Төлеген Айбергенов жасы отызға да толмай өмірден өтті. Жасындай жарқ ете қалған талантты ақынның артында мәңгі өлмейтін мұрасы, жалынды жырлары қалды.


 

Оның поэзиясында өзге ақындардың ешқайсысында да кездеспейтін дүниеге деген ерекше бір сағыныш бар. Дүниеге ынтызарлығыңды тірілтіп, өмірге құштарлығыңды оятатын ақын жырларының әр жолынан Табиғат-Ананың аялы алақанындай мейрімділікті сезініп, сағыныш оты жүрегіңізді шарпиды. Поэзия аспанындағы ақынның жұлдызына қашан да сағынышпен қарайтынымыз да сондықтан шығар. Төлеген ақынды көру бақыты, онымен сұхбаттасу мүмкіндігі біздің ұрпақтың пешенесіне бұйырған жоқ. Алайда, ақиық ақынға қоятын сауалдардың жауабын ақынның күнделіктерінен, отты, сағынышты жырларынан тапқандай болдым. Айбергенов әлемімен болған сырттайғы сыр-сұхбатты жырсүйер оқырман назарына ұсынып отырмыз.


 

– Өткен өміріңізде өкінер сәттеріңіз бар ма, аға?


 

– Өзгеге қалай көрінетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірім ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткен, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қанша уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтем ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек…


 

– Сағынышқа неге соншама құштарсыз?


 

– Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,

Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап.

Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай,

Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға жарамай.


 

– Сіз ерекше бағалайтын қарағайдың басқа ағаштан айырмашылығы неде?


 

– …Бір қарағайлар көзін тіке бұлтқа қадап: орманның «генералындай» қасқиып тұр да, кей шыршалар жер жастанып тырбиып, қисық өскен. Ал кей-біреулері едәуір жерге дейін түзу барып, ұшар басына жақындауға аз қалғанда… қисайып кеткен. Ағаштардың көбісінде қисықтық бар. Тек жалғыз-жарым бұтақсыз қарағайлар ғана өзгелердің қисық екенін өзінің түзулігімен дәлелдеп тұр. Маған ой туады: егер өмірде әлгідей жалғыз-жарым түзу қарағайлардың өзі де болмаса, біз сөзсіз қисықтықтың бәрін де өз ойымызша «түзу» деп түсінер ме едік, қайтер едік?


 

– Адамдық қасиет туралы не айтар едіңіз?


 

– Жұрт не десе о десін, мен адамға бір берілгенде құлай берілгенді құптар едім. Менің ойымша құлай берілу, ессіз сүю – шексіз адалдықтың белгісі. Өмірде өзінен басқаға құлай берілмейтіндер достықта, жолдастықта, махаббатта қателеспеуі мүмкін, бірақ оның шын адал достарының аз екендігіне, тіпті жоқ та екендігіне сенімім кәміл.


 

– Мақтаншақтыққа қалай қарайсыз?


 

– Мен адамдағы бір ғана мақтанды – арғы түкпірінен көп оқығандығы көрініп тұратын, «Кітабым көп» деп қана мақтануды кешірер ем. Ал басқа мақтанның қандай түрін де, тіпті, тыңдағым келмейді.


 

– Неден қатты қорқасыз?


 

– Мен сағаттың сыртылынан қатты қорқамын. Кейде ол маған «Түк бітірмей тұрғанда тезірек жүрер жолыңды жүріп өтіп, осы бір немеден жылдамырақ құтылайыншы» деп тұрғандай болады…


 

– Ақындықты қалай бағалар едіңіз?


 

– Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.


 

– Ал мына көгілдір дүниенің мәні неде?


 

– Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар да, бәлкім, қолайсыз,

Дегенмен, жаным көгілдір дүние сағынбағасын арайсыз.


 

– Сағыныш тақырыбын шегіне жеткізе жырлап жүріп, өзіңіз сағынышқа айналып кеттіңіз ғой, аға?


 

– О, адамдар, біргемін мен сендермен,

Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен.

Сендер менің бақытымның бұлағы,

Сендер менің дарыныма жел берген…


 

– Сіз сенгішсіз бе?


 

– Өмір ғажап қой! Мен адамдарға нағыз, шын сенім туралы айтқым келіп тұр. Адамға шын ықыласыңмен сенсең, сенім ешқашан алдамауы да мүмкін. Менің бір ғалым апамның өзінің ерінің Ұлы Отан соғысына аттанарында оның соғыста өлмей аман, он екі мүшесі түгел қайтатындығына сенгендігін, ақырында ерінің бес рет соғысқа түссе де ешқандай жарақатсыз келгендігін, шексіз берілгендіктен оның өлімі туралы ойдың тіпті өз басына кірмегендігі туралы айт-қаны бар. Сенімде, адам сенімінде қыруар қайрат, тіл жетпес ғаламат бар…

Сенім мен еңбек бірікпесінің берік-тігіне тең келер металл әлемде жоқ.


 

– Ең үлкен арманыңыз?


 

– Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын…


 

– Болашақ туралы пайымыңыз?


 

– Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде.


 


 

Сырттай сұхбаттасқан Олжас Сәндібек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар