Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Төлек Тілеухан: Сырбаздың сыны...

29.01.2016 2749

Төлек Тілеухан: Сырбаздың сыны

Төлек Тілеухан: Сырбаздың сыны - adebiportal.kz


(Мағзом Сүндетов туралы ой)


Елдегі әжептеуір қызметімді, жиған-терген оны-мұнымды тас­тап Алматыға келіп орналастым. Жоқ, қызметке емес, қоныс тептім. Сонсоң барып жұмыс іздедім. Арқа­сүйерім – Мұхтар Мағауин мен Рымғали Нұрғалиев. Бірер жыл бұрын әңгімелер жинағым шыққан. Шағын ғана кітап. Беткеұстарым сол ғана.

 

Мұхтар қолымнан жетектеп Ілияс Есенберлиннің алдына алып барды. Ол кісі «Жа­зушы» баспасының директоры екен. Мұхтар – баспаның бас редакторының орынбасары. Мені таныстырып шықты.

 

– Ілеке, түнеугүнгі айтқан жігі­тім – осы жігіт. Мектептің оқу ісін басқарған, мектеп директоры бол­ған. Әңгімелер жинағы шықты. Осы баспада қызмет істегісі келеді. Рымғали үшеуміз мектепте бірге оқығанбыз. – Менің де шашбауымды көтермелеген ниеті.

 

– Бірге оқысаңдар – сендерге есе жібере қоймас. Жігіттермен де тіл табысып кетер. Проза редакциясына апар да отырғыз. – Баспаның директоры басқа ештеңені түртпектеп сұрамады.

 

Бөлмеге алдымен Мұхтар өзі кірді. Мен соңындамын. Кең бөлме екен. Қойылған столдар тым тығыз. Алты-жеті жігіт отыр және екі ке­лін­шек бар.

Жігіттерді сырттай танимын. Бәрі де жазушылар. Қызметтері – бас­падағы редакторлық.

 

– Төлек, бері кел. Саған өз қа­­сым­дағы столды ыңғайлап қой­ғанмын. – Сәбит Досанов. Бәрі­нен бұрынырақ жылыұшырап қа­сын­дағы столды көр­сетті.

 

Басымды изеп, жымың ете түстім. Екеуміз КазГУ-де бірге оқығанбыз. Мы­на жазушылардың ішінен сырал­ғы біреуді кезік­тіргеніме қуанып қалдым.

 

– Бәріңді де Төлек жақсы біледі. Сырттай таныс. Түгеліңнің де твор­чествоңды оқыған. Өзі де бірер кітап шығарған. Әңгімелер жинағы. Бір-біріңмен қауышып кетесіңдер. Әлеке, ендігі билік өз қолыңызда. – Мұхтар қысқа ғана тұжырымдады да шығып кетті.

 

«Әлеке» дегені – бөлім бастығы Амантай Байтанаев.

 

Сәбиттің қасындағы бос столға жайғастым.

 

Ақырын-ақырын барлап әрқай­сысына қарағыштап қоямын. Әркімі әртүрлі ақыл-кеңестерін жапырлатып жатыр.

 

– Бұл ақыл-кеңестердің қай­сыбірін миыңда сақтай берем дейсің. Ең абзалы – өз ерекшелігіңді табу. – Мағзом Сүндетов екенін айырдым. Даусын алғаш естуім. Сырбазданып қана қоңыр үнмен сөйледі. Ернін сәл жымырып, қасын да бияздана керді.

 

Сыпайылығын ұнаттым.

 

Сөйте-сөйте редакторлық қал­пымды жетілдіре бердім. Қасым­дағы басқа жігіттер де көмек­тен аянбайды, әрине.

 

Редакцияның бір басты кезе­ңі – редакциялық кеңестің өтуі. Автордың қатысуымен қолжаз­баның кем-кетігі, жетістігі, автор­дың ерекшелігі мен табысы – бәрі-бәрі кең қамтылады, түбегейлі талданады. Міне, осындай сәттерде Мағзомның қамқорлық ықыласы анық танылатын.

 

Өзі қолжазбасын оқып, кітап қылып шығаруға дайындаған авторымен де жұмыс істеуге мұқият дайындалатын. Алдымен ескертпе, кемшіліктерін нөмірлеп тізіп шығады. Өшірмейді. Сызбайды. Тап-таза етіп анықтап жазады. Тол­ғанып отырып, толқып ойланатын сияқты. Сірә, сөйлесетін авторымен алдын ала күй тол­ғай­тын сықылды. Жөн-жосықты қиыстырып жеткізудің амалын іздеу ме, әлде, алдында отырған жазушы автордың көңіліне тиіп алмайын деген елгезек жанашырлық па, әйтеуір, толқып отырған толғаныс күйі анық танылатын.

 

Тексеруіне алған қолжазбаны кесімді мерзімінде қарап, баспаға жіберу – әр редактордың міндеті. Және әрі мұқият, әрі сақтықпен қарау керек. Осындай мұқияттыққа да, сақтыққа да Мағзом ерекше тыңғылықты. Әр беттегі өз кө­кейіне күдікті тиген сөйлем, сөздердің тұсына қарындашпен ғана белгі қояды. Қысқартылуға тиісті жерлерді өз бетімен билеп-төстеп қыс­қарта салмайды. Автор екеуі ақылдаса отырып, бірігіп шешеді. Кейде бөлім бастығының алдынан өтіледі.

 

Бір қалт еткенде, сол әдетінің жөн-жосығын өзінен сұрадым. Қасына отырғызып алды. Ойлы жүзін бетіме тіктеді.

 

– Төлек, сен өзің де авторсың. Автордың әр шығармасы, тіпті, әр сөз, әр жолы – сол автордың жүрегін жарып шыққан перзенті. Ал біреудің көкірегінен шыққан сол перзентін жөнді-жөнсіз сылып тастауға бола ма? Әйтпесе, бір аяғын созып, бір аяғын қысқартып тезге сала қоюға бола ма?

Жауап күтпейді, мақұлдау тілейді.

 

Мен мақұлдаймын, әрине.

 

Қолжазбасын редакциялық кеңестен өткізіп баспадан жарық көруге ұсынудың жөні бір басқа да, облыс, аудандардан келіп ж­ү­ретін авторлардың жөндері бір бөлек. Сондай авторлар көбіне-көп Мағзомға келеді. Жазушы авторларды айтам. Ал ақындар көп-ақ. Олардың келетін топтары біздерден басқа. Біз отырған бөлмедегі топтың ішіндегілерден қалаулысы, әсіресе, Мағзом. Сырттан келген авторлардың қалауларын таба қоюға тырысатын. Олардың әлі қайнауы бітпеген қолжазбаларын қарап беріп, сын-ескертпелерін жанашырлықпен айтып жүруші еді.

 

– Мәке, баспаның жұмысы бар, сырттан келіп-кетіп жүрген жа­ңа авторларға білдіретін ықы­ласты көмегіңіз бар… Соның бәріне ілтифатты көмегіңізді көр­сетіп жүресіз. Сонда өз шығар­мала­ры­ңызды жазуға уақытты қалай жеткізесіз? – деймін.

 

Сәл толғаныңқырап тұрып, жымиып өзіме қарайды.

 

– Ал өзің қайтесің? – Өзіме қарсы сұрақ қояды.

 

– Баспаның күнделікті редак­циялық жұмысынан басқа шаруаға мойын бұра қоймаймын, – дедім.

 

– Мүмкіндігің келсе – ең дұрыс кесім сол. Бірақ бәріміз де пендеміз. Көңілжықпастығымыз және бар, соңынан ішің удай ашиды. Бірақ ертеңгісін сол тіршілікке қайта жегілеміз, – деді. Миығынан жымиған күлкісі енді сап-салқын.

 

Алғашқы шығармаларының қалай жазылу сыңайын сұрадым.

 

– Қай жазушының қалай жазатыны – бір-бір жұмбақ. Әрі жұм­бақ, әрі шытырман дүние. Ал біздердің тіршілігіміз – нағыз ер­ліктің өзі. – Жазушыларға да, өзіне де сүйсінгенінен көрі өкініші бар сияқты.

 

Иә, құр жіберіп алған күндердің бәрі өкініш. Бірақ сол өкінішті ертең қайта қайталайтының одан да өкініш.

 

– Ақын-жазушылардың қайсы-қайсысына молшылық пен емін-еркіндік тиіп жатыр дейсің. Ши­рығасың. Жазуға талпынасың. Мүм­кіндігің жоқ. Уақытың аз. Емін-еркін көсіліп отыратын сто­лың да шамалы. Шіркін, кең кабинет, үлкен столға не жетсін! – Шын­дығында да, ширыға сөйледі.

 

Ақын-жазушылардың көбінің киген кебі. Алғашқы жылдары көретін құқайлары.

 

– Сондағы негізгі лажыңыз қандай? – деймін.

 

– Ас бөлме. Үлкендерді де, балаларды да ұйықтатып тастаймын. Әй, сонсоң емін-еркін кірісемін-ау! – Кәдуілгідей мақтанып айтады. – Менің ғана ойлап тапқан өнерім емес, көпшілігінің әрекеттері осы!

 

– Дос-жарандар туралы не айтасыз? – деймін. Өз көңілімдегі түйткілдерді басқалардан да анық­тағым келеді.

 

Мағзом біраз уақыт толғанып отырады. Балалық шақтағы дос-жарандарын қимай есіне түсіреді. Ал, есейгендегі достары санаулы ғана екен. Өз табиғатының, жаратылыстың ерекшелігіне балайды.

 

– Әрине, шын ойнап-күлетін, шынайы аралас-құралас жүретін достарыңа не жетсін! Бар ғой ондай достар! Әрине, бар. Менің жан досым деп жаныма балайтын адамым – Сайын. Мұратбеков Сайын.

 

Бақылап көрсем, екеуінің сырт биязылықтары үйлесім табады екен. Екеуі де анайы қалжыңға көп бара бермейді. Жеңіл мысқылмен жеңіл ғана қағытып өтеді. Әзілді мысқылдарына өздері қарқылдап күле қоймайды. Олардың мыс­қылдарына басқалар күлсе, олар соған, кәдуілгідей, марқайып қалу­шы еді. Баламінезділіктері шығар.

 

Әлдебіреулер шамына тиіп жатса, бұлқан-талқан ашуланып қайтарым мінез көрсете бермейді. «Көрсете бермейді емес-ау», түйіліп қабақ шытып, еселей есе қайтаруға ұмтылмайды-ақ. Сірә, ондай жай­сыздықты тезірек ұмытып кетуге, елемеген сыңай білдіруге шынайы құлық танытатын.

 

Рас, әлдеқалай бір, бас редактор немесе дирекцияның біреу-міреуі шақыртып, жөнсіздеу мінездерін көрсетсе, қабағы түйіліп, жайсызданып бітетін.

 

Жергілікті жерлерден келіп жүрген ақын-жазушылар бас­шы­ларға кіріп, арыз-шағымды жиірек жасайды. Жоспарға енбеген немесе жоспарға енді ғана еніп, редакцияның жұмысына әлі ілінбеген қолжазбаларының нәтижесін көре қоюға асығады. Дирекция тарапы сондай авторлардан оңай құтыла қоюдың жолын іздейді. Редакторлардың әлдебіреуін шақыртып алады да, арызданып жүрген жазушымен көздестіре қояды. Басшылардың емеурінінен дәме қылған сенгіш автор әлгі редактордың етегінен ұстайды. Сондай емексітуге іліне қалса, Мағзомның күйіп-пісетін әдеті. Өтірік емексітіп, сөзбұйдаға салып, сенделтіп жүргізіп қоя алмайды. Кесіп айтуға, дирекцияны арандатудың жөні тағы келмейді. «Іштен шыққан шұбар жылан», мына жүрген автордың көңіліне және қарайды. Сол себепті де, амалсыздың күйін кешіп, түйіліп отырғаны. «Әлдебір көмегіңді көрсетейін» десең, жасай қояр лажың жоқ. «Директор айтып еді ғой», «Бас редактор айтып еді ғой» деп, салбырап ол байғұс жүреді.

 

Мағзом екі ортасында шыжиды.

 

Буырқанған көңіліне арқау болсын деп, творчестволық кезеңдерін сұраймын. Ондайларын айтуды өзі де ұнатады. «Алғашқы әңгімелерім жеңіл жазылды. Балалық кез, жастық шақтағы өз басыңнан кешкендерің бар, көргендеріңнің бәрі оқиға. Әсершілсің, сезім­тал­сың. Солардың көбін түйін­дей­сің де қағазға түсіресің. Тво­р­чествоның ауыртпалығын бірте-бірте барып сезінесің. Қиыншылық сол кезде көбейеді». Қабағы жадырап, сөйлеуге құш­тарлығы артады. Әсіресе, өзінің әр шығармасының жазылу кезең­деріне көбірек тоқталады.

 

Мағзом шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, сүйектісі де «Қызыл ай» романы. Өзі де соны көбірек сөз ететін. Ерекшелігін дәріптемейді, әрине. Иә, жазушылар өз шығармасын даралап жүруге әуес болса, Мағзом шы­ғармасындағы кейіпкерлерінің өмірде бар нұсқаларын дәріптеп жүруге ықтиятты еді. Ел-жұр­тындағы өзі білетін, көбін өзі кейіпкеріне айналдырған таныс бейнелерді әңгіме қылуды, солармен сырттай таныстыруды көңілі қалап тұратын. Сірә, ауыл адамдарына деген құмарлығы да, құштарлығы да бүкіл өмірі бойы тарқамады. «Мен өзі шығарманы онша көп жаза бермеймін. Бірақ күнкестемді (режим) бұзбауға-ақ тырысамын. Күнде сол мерзімді уақытымда алдыма ақ қағазымды жаямын. Қолыма қаламымды аламын. Сонсоң ой кешуге кірісемін»…

 

Иә, онысы рас. Көп жазбайды, бірақ сол күнкестесін күнделікті бұзбауға тырысады. Күндіз істейтін қоғамдық қызметі және бұзылмайды. Қай істің қай саласы болса да бабына келтіруге ұмтылады. Соның нәтижесі шығар, қызмет бабымен де біраз сатыларға биіктеді. Жай редакторлықтан бастап баспаның бас редакторлығына шейін кө­терілді. Істеген қызметтерінің бәрін де тыңғылықты атқарды. Сонысына орай, қоғам да ол еңбегі жақсы марапатталды. Құрметті атақтар алды. Үкімет наградаларын иеленді.

 

Амал қайсы?! Өмірден ертерек озды қаламдас аға досымыз. Әйт­пегенде бүгінгі сексенінің сең­гірін бірге тойлар едік. Бәрінен де, артында қалың оқырманы бар. Сол оқырмандардың сүйікті жазу­шы­ларының бірі болып қала бермек ол.

 

 

egemen.kz 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар