Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Төлен Тілеубай. Ақбөкен жылаған түн...

30.12.2019 6665

Төлен Тілеубай. Ақбөкен жылаған түн 12+

Төлен Тілеубай. Ақбөкен жылаған түн - adebiportal.kz

(Деректі әңгіме)

Бетпақта келе жатты ақсақ киік,
Сандалып қаңғырақтап басын иіп.
Пана іздеп шыбын жанға сүйретіліп,
Мергеннің кеудесіне оғы тиіп.

Тамады қара жерге аққан қаны,
Қиналып ентігеді шыбын жаны.
Боялып ақ денесі қызыл қанға,
Келеді әлі кетіп жығылғалы.

Сәкен Сейфуллин

Теңіз көлінің алабында биыл қыс жылдағыдан қаттырақ. Бірнеше күн қатарынан соққан ызғырық желдің соңы ақтүтек боранға айналды. Көлдің ызғары суықты екі еселеп жіберді. Бір үйір киік суықты елең қылар емес. Көсем текені ес қылып, алаңсыз жайылып жүр. Кенет жым-жырт тыныштықты қатты гүрілдеген көліктің дауысы бұзып жіберді. Көсем теке үрпиісе қалған үйірдің сыртына шығып, бір сұмдықтың болатынын алдын-ала сезгендей, қалшиып тұрып қалды. Әзәзіл екі аяқтылардың өздеріне ор қазып, қырғын жасағысы келгенін жүрегі құрғыр әуелден білді.

Гүр-гүр еткен қос «Джип» кең далада зуылдап төніп келеді. Көсем теке лезде алға ытқып шығып, аппақ қар жамылған далаға жұлдыздай ақты. Үйір де бет-бетімен жан сауғалап, ойран-асыр безе қашты. Сол-ақ екен, көліктердің әйнегінен бытыраның оғы қарша борады. Бес-алты киік омақаса құлады. Қалғандары қапелімде не болғанын түсінбей, жанұшыра қаша берген. Жер-дүние асты-үстіне түсіп, төңкеріліп кеткендей, әлгіндегі тыныштықтың жұрнағы да қалмаған.

Көсем теке ентігін басып, артына бұрылып қарап еді, оқ тиген аналықтың жанында қалған кішкентай лағын көрді. Бір-екі рет орғып-орғып барып, корғансыз лақты құтқарғысы да келді. Бірақ өзінің шарасыздығына мойынсұнып, алдыңғы аяқтарымен омбы қарды тепкілеумен болды. Сол сәтте жан тапсыра алмай, қиналып жатқан енесінің қасынан кете алмаған лақтың екі көзінен жас парлап тұрды.

***

«Охотзоопромның» инспекторлары 15 күндік ауысыммен жұмыс істейді. Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык үшін кезекшіліктің соңғы күні әдеттегідей басталды. Көп жүрмейтіндері көңілге медеу. Жұмыстың соңғы күні жанар-жағармай аз беріледі. Олар түс ауа сағат 16.00-ден кейін шолу жасауға шықты.

Әдеттегі тірлік. Айнала аппақ. Ауада қар ұшқындап тұр. Бұл кешке таман боран күшейетінінің белгісі. Ерлан қолына дүрбісін алып, айналаны шолып тұрған. Бір сәтте аппақ қарды бұрқыратып зулап бара жатқан екі «Джипті» көзі шалды. Әр жерден андыздай қашып, жан сауғалаған киіктердің қарасы көрінеді. «Әй, мыналар браконьерлер ғой! Оңбаған жауыздар! Біздің жанар-жағармайымыздың азаятын уақытын біліп, сол күні аңға шығыпты. Қап, бәлем, тұра тұрыңдар! Сазайларыңды берерміз!», – деді ол іштей тістеніп өзіне-өзі үн қатып.

Көп ойланбастан рациямен екінші көліктегі топтың жетекшісі Женя Серегинге хабар берді. «Женя, короче, мы их обнаружили! Мы поехали за ними. Вы езжайте за нами!», – деп істің мәнін түсіндіріп, жедел автокөлікке мінді. Тізгінде Петр. Оған жылдамдықты үдете түс деген белгі берді. Бұл кезде Женялар мінген «Хай Люкс» көлігі басқа бағытта жүрген еді. Хабарды естісімен қайтып келіп, қуғыншы әріптестеріне көмекке жетемін дегенше көп уақыт өтті. Оның үстіне алдыңғы доңғалақтың бір бөлшегі істен шығып, көлік қарға батып қалды.

Бұл кезде Ерлан мен Петр ақ және күміс түсті джиптегілерді жедел қуып жеткен еді. Петр әріптесінің ишарасын түсініп, көлікті солға бұрып, мылтық атуға мүмкіндік туғызды. Тарс-тұрс! Аспанға бір-екі оқ атылды. Алайда браконьерлер мылтық дауысынан сескенген жоқ. Керісінше, артқы көліктің терезесінен бір жағынан қос ұңғылы, ал екінші жағынан бес оқпаны бар мылтықтың басы көрінді. Онымен қоса, арматураның кесінділерін артқа лақтыра бастады. Киік аулауға жақсылап дайындалғаны көрініп тұр. Арада біршама уақыт өткенде, артындағы «Джип» біріншісін алға жіберіп, кілт тоқтады.

Көліктің екі есігінен қару ұстаған екі жігіт пен жүргізуші шықты. Үшеуі де еңгезердей екен. Спортпен айналысқандары байқалады. Бет-жүздерінде иманның титтей де нышаны жоқ. «Бізге сендер не істей аласыңдар?» – дегендей аяқтарын әр жерден талтаңдай басып, жетіп келді.

- Вы что, оборзели! – деп айқай салды ішіндегі біреуі.

Бірақ көлігінен секіріп түскен Ерлан олардан титтей де қорыққан жоқ. Доң айбат көрсетіп кісімсіген жігітті жерге алып ұрды. Петр де жүргізушіге тап берді. Екі адам Ерланға жабылды. Қып-қызыл төбелес басталды. Петр жүргізушіні жерге жыққанымен, үшеудің бірі оны мылтықтың дүбімен ұрып құлатты. Ол бетінен тиген ауыр соққыдан есінен танды. Жастайынан өте қарулы, рухты болып өскен Ерланның күші де, мысы да басым еді. Ә дегенде бет қаратпады. Үшеуімен жалғыз өзі бір сағаттай арпалысты. Үш рет оңбай құласа да, бар күш-жігерін жиып, қайта түрегеле берді. Әр құлаған жеріндегі аппақ қарға төгілген қаннан қар жамылған жер қып-қызыл түске боялды. Соңғы сәтте қарақұсынан қатты тиген мылтықтың дүмінен басы айналып, етпетінен құлады. Оның шаруасының біткеніне көз жеткізген браконьерлер қуғыншы көліктің кілтін алып, GPS-ті быт-шыт қылып үзіп, өз көліктеріне мініп, ізім-ғайым жоғалды.

Арада қанша уақыт өткені беймәлім. Әуелі есін жиған Петр Ерланның қансыраған күйі етпетінен жатқанын көрді. Адам қаны үш жерде қып-қызыл болып, үйіліп-үйіліп қалыпты. Бар әл-дәрменін жиып, орнынан тұрды. Қатты соққыдан мыж-мыж болған әріптесінің бас сүйектерін орнына жапсырып, бас киімін кигізіп, көліктің доңғалағына сүйеді. Одан әрі не істерін білмей қиналып тұрғанда қалтасындағы рациясы есіне түсті. Екі аяқты айуандар қалтасындағы құрылғыны байқамапты. Жалма-жан іске қосып: «Женя! Женя! Құтқарыңдар!» – деп айқайлай берді. Бірақ GPS-і үзілген рациядан қайран жоқ еді.

Сол сәтте сайын даладағы қанды арпалысқа куә болған Күннің де қабағы қатайып, ұясына батты. Бұл кезде алай-дүлей соққан боран күшейе түсті. Қатты қансыраған Ерлан өлім аузында жатыр. Браконьерлер қанға бояп, иен далада қалдырған инспекторларды әріптестері кешкі сағат 20.30-да тауып алды.

***

- Ероха, бауырым-ау! Тірі екенсің ғой! Аллаға шүкір! Көзіңді ашшы! Бірдеңе деп тіл қатшы!

Бұл құтқарушылармен бірге келген Ерланның інісі Нұрланның жан дауысы еді.

Ағасының мүшкіл халін көріп, шырылдаған жігіт Жаратқанға жалбарына берді. Қайғылы оқиға болған жер мен Жанбөбек ауылына дейінгі азапты жол. Ерлан өмір мен өлімнің арасында жатыр.

- Ероха, сәл шыдашы! Сен мықтысың ғой! Мен қасыңдамын! Екеуміз бірге барлық қиыншылықтарды жеңеміз! - деп жігерлендірді інісі есі кіресілі-шығасылы жатқан ағасын.

Көліктің жүрісі де өнбей қойды. Сондай сәттердің бірінде ол: «Жігіттер тоқтаңдаршы! Ағам ана жаққа кетіп қалды ғой деймін!», – деп көлікті тоқтатып, жанұшырып ағасының жүрегін тыңдайды. Біршама уақыттан кейін ағасының жүрегі дүрс-дүрс соға бастағанын сезді. Бауыры екі көзінен аққан жасын сүртіп: «О, Алла саған мың да бір шүкір! Айналайындар-ау, бізге тікұшақ жіберіңдерші! Санавиация керек! Ағамды құтқарыңдаршы!», – деп «Охотзоопромның» басшыларына жалынышты даусын қаттырақ естіртті. Арғы жақтағы дауыс: «Тікұшақ таңертең бірақ ұшады», - деген қысқа жауап қайырды. Дың-дың-дың...

Өмір мен өлімнің арасында арпалысқан Ерланды құтқаруға отандық медицина дәрменсіздік танытты. Баршын ауылында да, Қорғалжынның аудандық ауруханасында да жансақтау бөлімі жоқ екен! Жан бауыры үшін жанұшырған жігіт дауысы қарлыққанша көмек сұраумен болды. Жедел жәрдемнен: «Мы за пределы города не выезжаем!» - деген салқын жауап естігенде сұлқ түсіп отырып қалды. Сонда оның несі жедел жәрдем? Бұл кезде әрбір минут қымбат болатын. Көзі жасқа толған Нұрлан мен Астанадағы жұбайы Құралайдың айқай-шуынан кейін: «Жедел жәрдем жолға шықты!» - деген хабар жетті. Малиновка ауылынан асқанда МАИ бекетінде жедел жәрдем көлігі де жетті. Үміт оты оянған сәтте Нұрлан: «Аллаға шүкір! Сәл шыдашы! Қазір жансақтау бөліміне де жетеміз. Саған көмектеседі», - деп ағасының екі қолын қыса берді.

«Өлім аузында жатқан адамды құтқара алмаған медицинаны қалай дамыған деп атаймыз? 10 сағаттан астам қансыраған адамның өміріне неге араша түсе алмады? «Охотзоопромның» басшылары неге өз қызметкерін құтқаруға немқұрайдылық танытты? Қатардағы инспекторлардың заңмен қорғалмағаны былай тұрсын, тым құрығанда өмірін құтқарып қалуға неге ұмтылмады? Ағамның көлігіне браконьерлер шабуыл жасағанда құзырлы мекемедегілер неге жедел әрекет етпеді? Әлде, барлығы алдын-ала ауыз жаласып, бір-бірімен келісіп алды ма екен?».

Астанаға жеткенше Нұрланның басынан осындай жауабы жұмбақ, мешеу сауалдар бірінен кейін бірі тізбектеліп өтіп жатты.

Алайда жолда көп қан жоғалтқан Ерлан оянбады. Қансыраған күйі бір тәулік өткенде фәниден бақиға аттанды.

***

Киіктерді қорғаймын деп мерт болған Ерланның ерлігін ел-жұрты ғана емес, күллі әлем естіді. Бейбіт күннің батырының қазасы Баршын ауылының ғана емес, бар қазақтың қабырғасын қайыстырды. Қара шаңырақтағы әке-шешесі аңырап қалды. Ел-жұрты Ерланды «Халық қаһарманы» атағына лайық көрді. Ерланның үшінші немересінің туғанын көре алмағанына налыды. Нұрғалиевтер әулетінің үмбеті, атасы мерт болған соң атұстар ұрпағын құдай бергендей болып, ата арманын жалғардай, Ерланның туған күнінде, 30 қаңтар күні іңгәлап дүниеге келді.

***

Бәкен апа ұлының суретін қолынан тастамай, асыл бейнесіне қараумен қаншама таңды көзбен атырды. Баласының сәби күніндегі тәтті қылықтары, істеген істері көз алдынан кетпей қойды.

Ұлы кішкентай кезінен жан-жануарларды жанындай жақсы көретін. Жеті жасар кезі. Жақсы көретін бір мысығы бар. Соңынан балаша еріп жүретін. Күндіз мысығын тамақтандырумен, ойнатумен әуре болады. Екеуі бір-бірінен күні-түні бір елі ажырамайды. Түн баласында үйдегі балалар жерге қатар-қатар жатып ұйықтайды. Даладан кірген мысығы иесін иісінен танып, тауып алатын да жанына жатады. Ерлан оянып кетіп, мысығын қатты құшақтап алып, басынан сипап жатып, ұйқыға кетеді. Баланың өзіне деген сүйіспеншілігінен басы айналған үй жануары қойнына тұмсығын тығып алып ұйықтайды.

Итке де жаны құмар еді. Кішкентай төбеті Аққоян бір елі жанынан қалмайды. Мектепке барар жолда қалтасына шақпақ қантты толтырып алып, жеткенше береді. Сабақтан қайтқанша иті мектептің алдында күтіп жатады. Аққоян бірде үйге келген бөтен кісіге үріп, кіргізбей қояды. Тас лақтырады. Таяқпен ұрады. Бірақ ол үйге кіре алмай, кері қайтады.

Мектептен оралған бала есіктің алдында жатқан төбетін көрді. Мұңға толған екі көзінен бір жағдайдың болғанын бірден сезді. Сөмкесін жерге қоя сала:

- Аққояныма кім тиісті? Маған қарап жылап жатыр! - деп көтеріп алып үйге кіргізді. Итін қайта-қайта мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп жүр.

- Апа, мен енді итімді далаға шығармаймын. Үйде жатады! – деді ол жалынышты үнмен анасына.

- Ойбай-ау, оны қайтесің үйге кіргізіп? Дәлізге апар! - деп ұрысқан Бәкен апа итінің көңілін табуға жанын салған баланың қылығына бір жағынан ризалықпен қарады. Бала түні бойы ұйықтамай, төсегінің астына жатқызған Ақққоянының көзіне қарап, жұбатумен болды. Байғұс ит алдына қандай тамақ қойса да зауқы соқпады.

- Әне қараңдаршы, тамақ та ішпейді, маған қарап жылап жатыр! - деп қояды үйдегілерге дауысын қаттырақ шығарып.

- Сен оның жылағанын қайдан білдің? - деген анасының сұрағына: «Әнеки, көзінен жас ағып жатыр!» деп одан сайын итіне бәйек болып, көзіндегі жасын сүртіп қояды.

***

Арада көп күндер өтті.

Алдыңғы «Джиппен» қашып кеткен браконьерлер өз еріктерімен полицияға берілді. Екі инспекторды өлімші етіп сабап, біреуін өлтірген екінші «Джиптегі» браконьерлерге іздеу жарияланды. Көп ұзамай құқық қорғаушылар оларды да ұстады. Арнайы жедел тергеу тобы құрылып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу ұзаққа созылса да қандықол күдіктілер сотталған жоқ. Олардың арасында бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар еді. «Мүйізді мафия» деген алып қылмыстық синдикатқа полицияның өзі қолдау көрсетті. Әділ жазалайды деген соттың өзі адам өлтірді деген күдікке ілінген браконьерлердің қаруы мен көліктерін кәмпескелеуге де шешім шығармады. Жазасыздығынан жалғанды жалпағынан басқан жауыздар киелі аңды қыруды жалғастырды. Жүздеген, мыңдаған киіктерді атып, мүйізі мен тұяғын кесіп алып, жануарлардың киесінен қорықпай тірідей лақтырды. Арқадағы ақбөкендердің басына орнаған зобалаң тоқтамады.

Көп ұзамай Қарағанды облысының Нұра ауданының аумағынан мүйізі кесіліп, далада дөңкиіп өліп жатқан 115 қоңыр аңның денесі табылды. Сайын даланы өлген киіктің қаны мен денесінен тараған қаралы иіс жайлады.

Арам ақшаға құнығып, көздері қанталаған қандықол жауыздар адам сотынан құтылғанымен, Алланың сотынан құтылмасын ойлар емес. Ауыр күнәсі үшін өзі де, ұрпағы да өмір бойы қорлықпен өтетінін қаперіне де алмады. Ел ішіндегі аңызда қасиетті аңды өлтіргендер Адам атаның қарғысына ұшырайтынын айтады.

Ерте заманда өмір сүрген бір аңшы аң аулап жүріп, киіктің ешкісін атып алады. Сонда санынан оқ тиген жаралы аналық киікке адамша тіл бітіп:

– Құдай үшін мені өлтірмеші! Менің кішкентай егіз лағым бар. Олар менсіз өмір сүре алмайды. Қос лағым жетім қалмасын! Егер сен тілегімді орындасаң, саған батамды беремін, сонда сенің жолың ашылып, бар мұрат-мақсаттарың орындалады. Сен өмір бойы бақытты боласың, – деп жалбарыныпты. Бірақ қатігез аңшы киікті тыңдамапты. Жылдар өте келе әлгі аяушылық сезімі жоқ қатігез аңшы өмір бойы жолы болмай, қорлықпен өмірден өтіпті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар