Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Төлеужанның соңғы дәптерінен...

11.10.2018 6477

Төлеужанның соңғы дәптерінен

Төлеужанның соңғы дәптерінен - adebiportal.kz

Төлеужан тумысынан адалдықты, ашық, ақ жарқындылықты, опалылықты, берік достықты, ер азаматтың өз ырзығын ерінбес еңбегімен маңдай тері, табан ақысымен тапқанды сүйетін, ал пасықтық, парақорлық, пайдақұмарлық, ретін тауып, рия іздеушілік, мекерлік бәр-бәріне жұлдызы қарсы болатын. Ол жақсыны сүйеп, жамандықты түйреп, қалам талабынан ләззат іздейтін.

Мұзафар Әлімбаев, ақын,

Қазақстанның Халық жазушысы

...Ғажайып талантты ақын еді, мынау өмірде оның күй-жайы болмай кетті, үйленген секілді болып еді, одан береке шықпады, мұндай арғымақ таланттың бабы табыла беруі қиын ғой, соны іздеп ол ойға да, қырға да шарқ ұрып еді, бірақ таба алмады...

Ғафу Қайырбеков, ақын,

Қазақстанның Халық жазушысы

Бүкіл болмысымды анықтап, тағдыр мен таланттың талқысын тұңғыш рет және мәңгілік арылмайтындай күйге түсіріп сезіндірген, сескендірген, ол есіме түссе бүкіл бозөкпе бозбалалық шағым, ауылым, әкем, алысты-жақынды ағайындарым, тобылғы гүлдеген көктемгі қырқалар, аспанда тізіліп ұшқан тырналар мен аққу-қаздар, қарашаның көксоқта борасыны, арманшыл жүректі шым еткізген алғашқы ыстық та ащы тамшы есіме қоса түсетін, өмір бойы «Есіл» деген сөз арқылы ойыма оралып тұратын бір бейне бар. Сол бейнесіз мен өзімнің балалық шағымды да, арманды, қиялшыл, келешегі үмітке толы пәк жеткіншек күндерімді елестете алмаймын... Ол сағым, ол тұлға – мен үшін Төлеужан Ысмайылов болды.

Тұрсын Жұртбай,

ғалым, алаштанушы

Туған өлке жолдарында

Аңқыған сезіп келем күз демін мен,

Қарақат айнымайды қыз меңінен.

Құйғытып өткен жер ғой Өлең - ата,

Құрғатып кең маңдайын түз желімен.

Ұлы Атам, жолға шықты іздеріңмен,

Шежіре – түздегі тау, түздегі дөң.

Тоғжанға жолықтырған соқпақ - ау деп,

Шөп басқан сүрлеуді де іздедім мен.

Нұрымен өр даңқтың арайлана,

Тұрғандай шың басында Абай дана.

Жанады жанарымда жалын ата,

Бір соның келбеті боп бар айнала.

Уа, жер!

Туған жерім, реңіңде,

Тұрса ұйып даналығың – білемін бе?

Өнердің тоқсан тоғыз құпиясын,

Атамның құйыпсың ғой жүрегіне.

Көріп біз Жидебайда жыр қыстауын,

Жарыстық сілемімен Шыңғыстаудың.

Қастерлі қандай дала төріне алған,

Өлеңнің Абай сынды тұңғыш тауын.

***

Сүйемін, айхай дала, кеңдігіңді,

Шалғының – толқындардай желді күнгі.

Сүйемін нарт гүлдердің ұяңдығын,

Сүйемін, асқар шыңдар өрлігіңді.

Секілді жер шарлаған жырым менің,

Сүйемін жүйрік желдің жүгіргенін.

Сүйемін қарт еменнің қасқаюын,

Сүймеймін тізелердің бүгілгенін!

Кешкі аспан албырайды сәнін төге,

Тынады табиғаттың әні неге?!

Құлайды құз-қиядан тасқын сулар,

Сиқырлы үнін берген Әміреге.

Таза деп ару көркін таңнан гөрі,

Дарынның алау оты жанған жері.

Жалтылдап ән біткеннің қанатындай,

Ақынның тербеледі «Маңмаңгері».

Толассыз ән маржаны, жыр көркемі,

Бесіктей ырғаған ғой бұл өлкені.

Қанатын арай сүйген ақша бұлттар,

Секілді сағыныштың нұр желкені.

Сезімнің құйыны ұшты ойда қандай,

Япыр-ай жер де жылдам айналғандай.

Арбағыш іңкәрліктің жібек желі,

Бұлқынған жүрегіме байланғандай.

Күмбез тау, - дейді, арыңның бақытымын,

Алсам-ау шын асылын жақұтының.

Алыста қызыл күлгін нұр толқиды,

Қайсы екен орамалы бақытымның?!

Жеткізіп сағынышты жырақтағы,

Жүгіріп қалмай қойды бұлақтары.

Желбіреп тұлымшағы иіледі,

Ақ балтыр қыз-қайыңдар жылап тағы.

Сезімнің керең емес құлақтары,

Көңілдің мұз дейсің бе сынаптары.

Ұқсайды жүрегімнің еркесіне,

Секірсе жас киіктің лақтары.

Зуылдап машинаның доңғалағы,

Артымда ирек-ирек жол қалады.

Оңаша жер шетіне әкет дей ме?

«Қыземшек» көк сағымда қозғалады.

Мен қалай Аққорамды қия аламын.

Толқынды ән өлкесін, күй алабын.

Ұқсатам тағдырымның асуына,

Үңгірлі, құз арналы, қияларын.

Шыққанда осы алтын босағадан,

Сағыныш ере шықты –ау қоса маған.

Көзімнің жаңбыры не жауып кеткен,

Сезім бе жырларыма қоса алмаған.

***

Сұлулық бар ма шіркін бұл ғаламдай,

Ғұмырым таусылар ма жырлай алмай.

Тартылды қара бұлттың паранжасы,

Күмбезін әсемдіктің ұрлағандай.

Күйеуі көк қызының шығар өлген,

Жесір бұлт шашын жайып шыға келген.

Табиғат қасіретінің маржан жасы,

Тасыды бұлақ болып құба белден.

Аңдатып арыстаны арбасқанын,

Күркіреп көкірегі қалды аспанның.

Жалт етіп Қарауылдың шоқылары,

Нажағай сермегенде алдаспанын.

Ойпырм-ай, сынар ма екен көк тірегі,

Тұр еді бала қайың көктегелі,

Дүлейдей шатырлаған жаратылыс,

Тағалы тұяғымен тепкіледі.

«Бір туған бауыр еді жасын саған,

Қара бұлт, қуат қосар жасың маған», -

Деп Шаған толқындары танытқандай,

Даланың тағы ашуын тасырлаған.

Аспанның бақталасы – шың басына,

Оралған нар бұлттардың шудасы ма?

Атылса ақ берені нажағайдың,

Қалың құз хабар сала шуласуда.

Жүйріктің тұяғымен жобаланған,

Жол тауды бұғалықтай орап алған.

Жер бетін қайыстырған құж-құж тастар,

Кіл мылқау палуандардай қораланған.

Алып құз танушы еді кімді ірі деп,

Айбарлы, жаңғырығы, күңгірі көп.

Аңыздың қанатында даңқы кеткен,

Бұл «Қоңыр әулиенің» күңгірі деп.

Әрең-ақ сұғынардай ат басын да,

Тастардың қабат-қабат тақтасында.

Тартатын жер астына тесік шықты,

Ажалдың ұқсағандай қақпасына.

Кірдік біз осы арадан құз астына,

Табиғат тастан өрген құрастыра.

Жарық пен күннің нұры жете алмайды,

Мәңгілік жұмған көзін түн ашты ма?!

Қоңыраулы тіршілігі жаңғыра алмай,

Ғасырлар осы үңгірде қалғығандай.

Жарықтан қашқан ойы исламның,

Түнектен әулие іздеп қаңғығандай.

Ұқсаған тіршіліктің жалауына,

Шырақтың лапылдатып алауында.

Көл көрдік жер астының алауындай,

Үңгірдің тас сатылы тарауында.

«Әулие» ұйықтап кеткен тас мүсінді,

Келгендей о дүниеден «жат пішінді».

Сөз ұқпас кейде еттен жаралған да,

Мен қалай тебірентейін «тас кісіні».

Меңіреу тымырсықты ұнатам ба?

Бұлбұлы жырламаған құба таңда,

Жас ару, шырқа жырын махаббаттың.

Әулие әнге тасын құлата ма?

Келгендей сыз үңгірге көктем айы,

Ұшты әннің ерке құсы «көктем-айы».

Уа, ғажап мылқау тастар үнін қосты,

Жан беріп адамзаттың кете ме ойы.

Әншінің шырқағандай жүзі бірге,

Толды-ау кеп өлі мекен құз үңгірге.

Сәулетін тіршіліктің, мадақтаған –

Арманы арай шашып қыз үңгірде.

Кенеттен тас сауыты жыртылғандай.

Алып құз жер бетінен жұлқынғандай,

Дүние құлағына келді бір үн,

Шыңғырған, жау тиген бір жылқылардай.

Шошынған тына қалды ән үзіліп,

Іздеген үрке қалды жаны ізгілік,-

Құз атой салып еді – нажағайдың,

Түскенде семсерінің сабы үзіліп!

Шыға сап көз жібердік ен далаға,

Жер төсін жуып өткен сел жаңада.

Уа, шіркін қандай ыстық жарық дүние,

Қарасақ құз үңгірден кең жағаға.

Табиғат пернесінен шертеміз де,

(Бұл өмір алып ұшқан келте күз бе?)

Сыйлапты кемпірқосақ ленталарын,

Ашушаң аспан – жеңге еркемізге.

Аспанның құйып алып әтірін мол,

Басыпты опаларын татырлы жол.

Ақ қайың маржан қадап қуанады,

Қарт емен ойланады ақылы мол.

Өмірдің түзге құрған шебі жаңа –

Көмкерген көкжиекті егін дала.

Трактор ағаш соқа атасының,

Гүрлейді қара жерден кегін ала.

Отауы сәнді болған жеріміздің,

Жүрегі - жаңа түскен келін біздің,

Оның мол ризығы түйілді ғой,

Ішінде тұрмыс деген келіміздің.

Шілдеде бүркегендей қар алапты,

Ақ тонды қой ауылға бара жатты.

Көтеріп қақ сойылын таудан түскен,

Өзімнің інім екен Боран атты.

- Ассалаумағалейкум!

- Әліксалам!

Сағыныш құсы қонды шарықтаған,

Бұл өлке – бесігі еді жас күнімнің!

Теруден қызыл гүлін жалықпаған,

Інішек бұрды бізді орта жолдан,

Қарғытып арғымағын арқа жардан,

Ауылда көнелерді сұрап көрсем,

Көбінің «топырағы торқа болған...»

Гүл еккен бағбан десек уақытты,

Шыңдардың тастарын да уатыпты.

Тұрмысқа шығыпты ару қарындасым,

Япыр-ай, болды екен кім бақытты?!

Қотанның алтыбақан ортасында,

Жаңғыртқан кәрі шақтың жартасын да,

Жас өмір, ән-қазынаң дірілдесін,

Секемшіл болған жүрек, қорқасың ба?

Реті жоқ мезгіл қуған жылды ұстаудың,

Мұнартқан ай нұрына Шыңғыстауым.

Сондай бір көмескі елес сияқтанып,

Ойлаймын, жас өмірдің жылыстауын.

Мен сені туған елге берем дедім,

Бір соның жас шағына сенем дедім,

Аузынан табыл іні, қарындастың,

Мәңгілік жас рухым – өлеңдерім!

***

Басқызып доңғалаққа мөр таңбасын,

Тағы да төсей берді жер жамбасын.

Толқыны кәрі Ертістің қағып алды,

Атылған көкіректен жыр жамбысын.

Абыралымен арыздасу

Армысың, туған тауларым,

Армысың асқар биігім.

Қашпасын арқар, киігің,

(Танитын шығар жауларын).

Келгем жоқ мен атқалы,

Құз-қия қиын шатқалды.

Жөн сілте, асқар биігім,

Қол ұшын жалға, тауларым!

Еске сал өткен шақтарды,

Іздейін көне сүрлеуді,..

Табаным тиген жерлерді...

Көзімнен жаңбыр жауғанын,

Сездің бе туған тауларым.

Баурыңа жетіп лауладым,

Қызарып күндей батқалы,

Өзіңе келдім жатқалы...

Қоштасу жыры

Шықтым кеп боз дөң басына,

Қызығым қалған жасымда.

Таныдым тарғыл тасынан,

Көзімнің тамған жасын да.

Іздерім жатыр жосылып,

Соқпаққа жаңа қосылып.

Белдеу боп дөңге асыла,

Жарысып жаяу шашыла.

Еңіске қарай асыға,

Құлындай құлдыр шағымда.

Ілестірмей шаңыма,

Келсем де бәйге алдында.

Бақ іздеген басыма,

Осынау дөңнің қасында.

Шарлай да шарлай сан жерді,

Не аңсап келдім, ал енді.

Ақ кірген кезде шашыма?..

Осы ойдан кенет шошына.

Жан бітіп дөңнің тасына,

Жауардай менің басыма.

Монтиған момын боз дөңім,

Дауыл ғып бұрқай өз демін.

Сілкілеп түзді ашына,

Басар ма екен ашуға.

Тіл қаттым жасым сорғалап,

Балалық шақтың досына.

Кетіп ем сенен боз дөңім,

Шығам деп шыңның басына.

Басында мәңгі мұз жатқан,

Асқардың бардым қасына.

Таңғалып қарап құз жаққа,

Өрледім жақпар тасына.

Жүзіндей уыз қыздардың,

Алмасын алдым нуынан.

Өкірген шулап құздардың,

Бет жудым тентек суынан.

Сәлделі шыңнан ұшқанын,

Қыранның көрдім қалқыған.

Сорғалап келіп дұшпанын,

Болат тұяқпен тарпыған.

Гүлдерін тақтым төсіме,

Ұлы таудағы баулардан.

Сен түссең, бірақ есіне,

Жас шақтың досы – боз дөңім.

Жүрегімді жаулаған,

Кеудеме толып өз демім.

Жаңбырын төкті көздерім,

Ит көйлегім іріген.

Кіндігім сенде шіріген,

Қайран да менің боз дөңім.

Отырмын қазір басыңда,

Жоламай сенің қасыңа.

Шалғайды сан жыл кезгенім,

Жарайды батты арыма.

Жүрегіме, жаныма,

Базарлы бала шағыма.

Еңкуге күні ойысқан,

Егделігіме тағы да.

Құлпытас менсіз қойысқан,

Зираттың сонау маңына.

Бетім жоқ оған баруға,

Шөп басып жазда, әр уақта.

Топырақ болған әруақтар,

Зәру ме топырақ салуға.

Жер-жексен қабір теп-тегіс,

Уақыт, ажал – өткен іс.

Жасамыс жан жұбанбас,

Балалық шақ – өткен іс,

Жастық шақ – жанып кеткен іс.

Қарттықты көңіл құп алмас,

Сені ешкім мендей ұға алмас.

Ойлашы, - деді боз дөңім,

Ұланым едің сен менің.

Қанша қыс, қанша жаз өтті,

Толықсып күтіп көлдерім.

Жыл сайын аққу, қаз жетті,

Қалайша сен бір келмедің?..

Жол тартып менен алыста,

Шыққанда шыңға – ғарышқа.

Ақ бұлттар жүзіп алдыңда,

Назардан таса қалдым ба?

Алқа көл, ақ төс атырап,

Құс жолындай жарқырап.

Жатпады ма жаныңда?

Алғанда түнгі ауыл дем.

Сол маңды кездің арумен,

От ойнап еді жаныңда.

Қалды ма күлі қаныңда?

Есіңе бір кез алдың ба?

Ұмыттың ба жылдарды,

Бақытты және қайғылы.

Жетім қыз, жетім ұлдарды,

Шошытқан соғыс айбыны?!

Асқарлы шыңмен таласпан,

Аспайды даңқым ауылымнан.

Үстіңнен талай жол асқан,

Пана да тапқан, адасқан,

Мен өскем сенің баурыңнан...

1972


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар