Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Толымбек Әбдірайым. Бибіжан...

06.05.2020 5976

Толымбек Әбдірайым. Бибіжан 12+

Толымбек Әбдірайым. Бибіжан - adebiportal.kz

(Эссе)

1992 жыл. Қараша айы. Қоңыр күз.

Илья Жақанов қасына әнші шәкірті Қажыбек Бекбосыновты ертіп, Бішкек қаласына сапар шекті. Негізгі мақсаты - қырғызға аса танымал, үлкен жазушы Төлеген Қасымбековті 60 жылдығымен құттықтамақ. Қажыбектің қолында домбыра. Илья қырғыздарға әр кез барған сайын, кездесу-қауышулар қызды-қызды әңгіме-дүкенмен, ән-жыр мерекесіндей өтетін. Сондай, қазақ пен қырғыз арасындағы салтанатты бір күндер болсын деген ой ғой. Алайда, Төлеген ағаның көңіл-күйі пәс көрінді, жұбайы науқас екен.

Илья мен Қажыбек, композитор Алтынбек Жәнібековтің үйіне тоқтады. Ол кісі "Қырғыздың Ұлттық гвардиясының маршын" жазып бітіп, үлкен қуаныш үстінде отыр екен.

Қырғызстанның халық артисі Алтынбек Жәнібеков Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Кешегі Брусиловскийдің шәкірті, Ильямен жолдас, дос. Ол қазақтың бүкіл әнін, операларын, күллі музыка өнерін жатқа біледі.

Алтынбек әңгіме бастады.

- Ілеке, мен де композитормын, сен де композиторсың. Өзіңе мәлім, қырғыз үшін Шыңғыстың тақырыбы үлкен, таусылмайтын тақырып. Шікемнің шығармаларына ән жазбаған композиторлар аз. Мен мықтымын дейтіндердің бәрі жазды, тырбанды. Бірақ, сенің музыкаңдай музыка деңгейіне жеткен жоқ.

Менің бір қызығатын шығармам - "Боранды бекет" романы. Осы кітапта қазақтың бір сал-серісі суреттеледі. Оған құлай берілген шәкірт әнші қыз. Біржан сал мен ақын Сара сияқты бір ғажап нәрсе. Осы эпизод. Кешегі әнші серінің өтіп бара жатқан өмірі; өтіп бара жатқан өмірінің іш күйдіретін өкініші; сарғайтып сағынтатын орындалмаған арманы. Осының барлығы керемет суреттеледі де, сол өмірді кеше шайқаған, шайқап жүріп, қолы еш нәрсеге жетпеген, не отбасына тұрақтап, не жар сүймеген, барлығының қызығын көрмей, шауып өткен жүйрік ат сияқты, сондай бір ғажап адам. Дәурені өтіп бара жатқан кезде сары ала, қоңыр күз келіп, одан бозқырау шалғанда, боқырау кезі... Кәріліктің бозқырауы келіп тұрған кезінде, әлгі әнші қыздың келіп табынып, өзін-өзі серіге, қарт адамға қиюы ғажап оқиға емес пе?!

Илья қозғалақтап, толғанып кетті. Есіне қазақтың "Жиырма бесі" сияқты өткенді сағындыратын аңсаулы әні түсті. "Бұның да әуенін жазсам, сондай ән болады ғой!" - деп ойлады.

Осы толқулы күйімен қырғыздың халық жазушысы, "Манасты" трилогия-драма етіп жазған атақты Жәлел Садықовтың үйіне келген. Жәкең ол кезде "Қырғызстан мәдениеті" газетінің бас редакторы. Әрі Шыңғыс Айтматов Жәлел Садықовты қолдап, кешегі Үсібәлиевтің тұсында қудаланған Жәкеңді бір "Манас" үшін бүкіл әлемге әйгілі етіп, "Жәлел бар жерде, қырғыз драмасы бар" дегенді айтып, әбден дүрілдетіп жүрген.

Илья Жақанов Жәлел Садықовтың, Алтынбек Жәнібековтің, Төлеген Қасымбековтің отбасымен тонның ішкі бауындай араласып, дос болып кеткен. Үшеуі де қырғыздың классиктері.

Ашық-жарқын көңілді дастарқан басында отырып Біржаннан, Ақан Серіден, Мұхиттан, Естайдан ән төгілтті Қажыбек. Орталарында Алтынбек. Жәлел екеуі дос. Екеуінің "Тоқтағұл" операсын жазамыз деп жүрген жоспарлары бар еді.

Әр нәрсе әңгіме болды. Шыңғыстың шығармалары тілге тиек етілді.

Жәлел отырып:

- Ильяны қырғыздарға құдай берді ғой, - дейді. – Ильяның әніндей ән қайда?!. Қырғызда да, қазақта да бірдей айтылып жатыр, Шыңғыстың нағыз шығармасы.

Әңгімені одан әрі Алтынбек іліп әкетті:

- Иә, бұл да бір ғажап! «Қош, Гүлсары» повесіндегі Танабай ше? Танабайдың прототипі Шыңғыс Айтматовтың әкесінің інісі Керімбек қой. Бұлардың әулетін репрессия жылдары ұстаған кезде Керімбек таудың ішінде мал бағып қалған, ешкімнің көзіне түспеген.

Танабайды қырғыздар Керімбектің образынан алған дейді. Шыңғыстың өзі де солай жасаған. Керімбек соғыс кезінде малшы, кейіннен жылқышы болған, серілік құрған. "Боранды бекет" романындағы сері мен Танабайдың серілігі. Көшпелі ел тұрмысындағы, жайлаудағы көкпар, қызықшылық... Жігіттің дүрі, гүлі. Соғыс кезі, соғыстан кейінгі жылдар. Гүлсары ат өмірде болған. Мынау қырғыздың Талас жағы, Шыңғыстың Шекер ауылы. Сонда, Гүлсары Танабайдың қолында көрінеді.

Қос кітап оқиғасы әңгіме болған кезде, екеуі де Ильяны толғандырды. Қырғыздардың әлгінд айтқандары композиторды көтеріп алып кетті, шабыт берді. Тағы да бір әуелететін, арманды әнге ынтықтырып, ойландырып, буып тастап отырды.

Кітаптағы эпизодтардың бәрі Ильяның көз алдынан өтіп жатыр. Екі кітапті де оқыған. Ққай жерден жазылуы керек, екеуінен де тауып отырды. Мұндай жайт "Жәмила" повесінде де, "Шынарым менің, шырайлым менің" де осылайша, қаз-қалпында көрінген.

Ертеңінде Илья мен Қажыбек Алматыға қайтты. Алтынбек шығарып салуға бірге келді. Дәл сол жерде Илья "Боранды бекеттегі" Бегайымға, үлбіреген гүлге, аянышты көзбен қарады. Дәурені өтіп бара жатқан сері, жас гүлдің ессіз махаббатына күйзеліп, қиналып, кешегі дүрілдеген жиырма бес, отыз, тіпті, қылшылдаған қырық жасының өзін, мықты кезін елестеткеніне қайран қалды.

"Жиырма бес" әніндегі өткенге аһ ұра қарайтын үлкен сезім елестей бастады Ильяға.

Бір кезде Бегайымның әуені туды.

- Ілеке, келді ғой! Келді, мынау Бегайым, - деп Алтынбек орнынан қозғалақтап кетті. Қағаз бар ма?

-Оның керегі не?

-Сен ұмытасың.

-Жоқ, ұмытпаймын.

-Сен біз

- Жазсаң міне, блокнот, - деді Илья Жақанов қалтасынан қара блокнот алып беріп. (Бұл қара блокнотта Ықылас Дүкенұлының қобыз шабу әдісі, атақты қаракесек Айтбайдың, Шыңғыс Айтматовтың әулеттері жазылған. – Т.Ә.)

Алтынбек сол жерде "Бегайымның» алғашқы екі тактысын нотаға түсірді.

Илья жол бойы толғанып, Қажыбек екеуі Алматыға келді. Үйге келген соң да "Бегайымның әні" қатты толқытты. Бір уақытта "Бегайым" жоқ. Танабайдың «Бибіжаны» әкетіп бара жатыр. "Қош, Гүлсары" повесіндегі эпизод көзіне анық көрінді.

Жаз. Жайлау. Қырғыз бен қазақтардың жойқын көкпарының басылған сәті. Шарайна күн қып-қызыл боп батып барады. Танабай алдына өңгерген серкені кеудесімен басып алған. Оны қаумалап қоршаған, сел-сел боп шаршаған аттар, салбыраған жігіттер. Қатты ағынмен келген қырғыздар алдағы өзенге бірден қойып кетті. Не керек, ер жігіттер жорға тұлпарды арғы бетке сүйрелеп, алып шықты-ау, әйтеуір. Бітті!.. Жеңіс!..

Өзен-өткел кырғыз бен қазақ арасындағы белгі-шекара. Міне, қазақтар өз ауылына, қырғыздар өз ауылына кетіп бара жатыр. Жеңгені де арманда, жеңбегені де арманда.

Танабай болса жылқышы, өзінің жылқы ауылы бар.

Танабай да, жорға Гүлсары да бой-бой болып терлеген, шаршаған. Бірақ көкпаршы құрдастары бірден жібере қоймады. Гүлсарының арқасында жеңіске қол жеткізгендерін қайта-қайта айтып, арақ ішеді. Гүлсары сыртта тері қатып, ауыздығын шайнап каңтарулы тұр. Иесі түннің бір уағында шықты-ау.

«...Танабай жорғаға таяп келіп, шоқтығынан сипалап, терліктің астына қолын салып көрді.

- Біраз суыдың ба? Болдырдың ғой? Мен де өлердей шаршадым. Сен маған оқшиып қарама, сенің кұрметіңе деп ішкенім рас. Мейрам ғой. Аздап ғана ауыз тидім. Сен байқа, мен өз шамамды білемін. Майданда жүргенде де шамамнан асқан емеспін. Қой, Гүлсары, оқшима. Кетеміз қазір табынға, әйда демаламыз...

Танабай тартпаны мықтап тартып болып, үйден шыққан кісілермен сөйлесіп біраз тұрды. Содан соң бәрі де атқа қонып жан-жаққа тарасты.

Ауыл түгел ұйқыға кеткен. Айнала жым-жырт. Терезелерден от көрінбейді. Аулақтағы айдауда жүрген трактордың тырылы ғана еміс-еміс естіледі. Тау шоқыларының үстіне ай көтеріліп қалыпты, бауда алма ағаштарының ақ шаңқан гүлдері ағарандайды, әлдеқайдан бұлбұл сайрайды. Неге екені белгісіз, күллі айылда жалғыз-ақ бұлбұл. Сайрап алады да, өз әніне өзі кұлақ түріп үнсіз біраз отырады, содан соң қайтадан құйқылжыта жөнеледі.

Танабай аттың басын тежеңкіреді.

- Пай-пай, кереметін-ай, - деді ол дауыстап. - Жым-жырт қой. Бұлбұл ғана сайрауық. Сен түсінемісің, Гүлсары? Қайдан болсын. Сен табынға барасың, мен ше...

Жорға жортып берді. Танабай тізгінді етектегі өзенге қарай бұрды, жолға шыққан соң аттың жүрісін жылдамдатты. Гүлсарының тілегені де сол еді, жылқыларға қосылғанша асық. Шабындық саздан өтіп, өзенге түсті. Жағадағы малта тасқа тиіп, аттың тағасы шықылдайды. Сарқырама су тастай екен. Өткелдің ортасына жете бергенде кенет қожайын тізгінді кілт тартып қалып, аттың басын кері бұрсын. Қожайын қателескен шығар дегендей, Гүлсары басын шұлғып, ауыздықты сүзгілеп алға тартты. Кері қайтып не керек?.."

Осы эпизод негіз болды әнге. Сосын: "Аяңда. Жорғала. Тартынба. Қарқында. Тез жет!.." - деп өліп-өшіп келе жатқан осы бір сәтіне композитор риза болды да, "Қой, Танабайды еш уақытта Бибіжанға жеткізуге болмайды. Сонда махаббаттың парқы, сүюдің ыстық қызуы, жалыны, өртеуі сезіледі..."

Танабай не үшін келе жатыр?!

Өмір деген қас қағым сәт. Сол қас қағым қысқа ғұмырдың бір ләззатты сәті, ол - махаббат! Міне, осындай ойда, халде отырып Ильяға мынадай шумақтар келді.

Ай тусын деші қорғалап,

Тауларды тербеп құс үні сорғалап

Бибіжан, саған жетермін,

Гүлсары атым астымда жорғалап...

Қайырмада ыстық құштарлық бар. Күйіп-жанған адамның сезімі. Бір-екі ауыз сөзбен ғана беріледі. Көп сөйлеудің керегі жоқ. Аса қызулы, қуатты. Адам өзін-өзі зорға тоқтатады.

А-а-ай-й, Бибіжан,

Барады, сәулем, күйіп жан,

Барады, сәулем, күйіп жан

Күйіп жан!

Жұпарың дала гүліндей,

Лебізің тәтті бұлбұлдың үніндей.

Аққан бір жұлдыз секілді,

Өтеді дәурен, Бибіжан білінбей.

Қайырмасы.

Ұзақ жол қалды артымда,

Гүлсары атым, сілтеп бер, тартынба.

Сүюдің парқын кім білген,

Бибіжан, сәулем, ойна да жарқылда!!!

Қайырмасы.

Әннің кейбір жолдары кейін өзгерді. Жоғарыдағы сөздің тоқтаған сәті 1994 жылдың мамыр айының 9-ы күні.

Композитордың ұқыпты жиналған, қолжазбалары сақталған пәпкілерінің бірінде жоғарыдағы "Бибіжан" әнінің сөзі бар. Төмендеу тұсына былай деп өз қолымен жазып қойыпты:

"Қажыбек!

Соңғы варианты осы. Тоқтадым осыған. Илья Жақанов. 9.05.1994 жыл".

Ілекең әнші Қажыбек Бекбосыновқа осы сөзді береді. Өйткені, Қажыбек "Бибіжан" әнінің қалай шығып жатқанын көзімен көрді. Илья Қажыбекке ешқашан "осы әнді айт" деп қыстап көрген емес. Қажыбек те өзінің сүйген әнін айтады. Ол Ильяның «Бозқараған», «Бозкөл», Қарағаш», «Арыс», «Дүние» деген әндерін өз жүрек қалауымен айтып жүр. Жалпы Илья Жақанов әншілерді еш уақытта қыстамайды.

Қазақ әншілері «Бибіжанды» әлі айта қойған жоқ. Ал қырғыздар «Ай тусын деші қорғала-а-ап» деген жерін, «О-о, қырғыздың әні!» дейді.

Тауларды тербеп құс үні сорғалап,

Бибіжан саған жетермін,

Гүлсары атым астымда жорғалап...- дейді де, таудың ішінде... қиял кетеді шарықтап... арман кетеді биіктеп...

А-а-а-ай-й, Бибіжан... – ат үстінде тербеліп...

Барады, сәулем, күйіп, жан,

Барады, сәулем, күйіп, жан,

Күйіп жан!.. -

деп, ентелей басып, ұмтылып ат үстінде ұшып кете жаздап отырады. Жетем дейді, жетем дейді, жете алмайды, композитор жеткізбейді. Жеткізбейтін себебі, адам биік идеалмен өмір сүреді. Өмір өте тұңғиық. Шешімі жалғыз Жаратушыға ғана аян. Лаухулмахпузда, жазылған тағдырды адам баласы орындаушы ғана! Өмірдің беймәлім құпиясына еш уақытта адамның көзі жеткен емес. Егер, өмірдің не екенін адам біліп, "өмір деген осы екен ғой" дейтін болса, онда өмірдің, тіршіліктің ешқандай парқы болмайды. Онда тіршілік үшін күрес те жоқ, күйініш-сүйініш те жоқ. Әрекет те жоқ, қарекет те жоқ. Арман-мақсатыма жеттім дейді де, арғы жағында Абайдың:

"Елсіз жер тұрғандай бір қаққа мүлгіп..." дегендей, бір мүлгіген хақ тіршіліксіз, өмірсіз, әрекетеіз, қозғалыссыз жансыз дүние болып шығады.

Танабайдың Бибіжанға деген махаббатында шек жоқ. Бір сәттік кездесудің өзінде де ол оған өте жұмбақ. Бибіжанды қанша сүйіп, қанша аймалап, канша ләззат көргенмен, Бибіжан оған әлі алыстағы қол жетпейтін жұлдыз сияқты, ала алмайды, билей алмайды, сол үшін өліп-өшіп келе жатады.

Мұның барлығы Шыңғыстың Гүлсары атпен Танабай екеуін тағдырлас етіп суреттеуі. Күндердің күнінде Гүлсары өледі ғой. Соның сәл алдында:

"... Дәуреніміз өткен екен, Гүлсары, - деді ол. - Қартайыппыз... Енді кімге керекпіз? Менен де қауқар кетті. Төрімізден көріміз жақын, Гүлсары...", - деп күйзелетін жері бар ғой. Осы эпизод, Біржанның "Айбозым" әнін еске түсіреді.

Айбозым, ай-хой, бозым, даңғыл бозым,

Ел шалғай, жүре алмадым жалғыз өзім.

Сүйгенді, сүйіскенді сағынғаннан,

Талады, қарай-қарай екі көзім ...

Өзіңнің теңдес құрбың болмаған соң,

Өтеді енді кімге, айтқан сөзің...

Иә, Танабайдың да, Гүлсарының да дәурені өткен, көрген қызық, күйініш, сүйініш бәрі көзден бір-бір ұшқан...

* * *

Ән өмірге келді. Қашанда Илья асықпайды. Алдымен әншіні іздейді. Ойдағыдай әнші жоқ. Әр әншінің өз әні болады. Қажыбек қызығып, орындаймын деп жүр. Ол қалай айтады? Бұл композитор үшін әлі жұмбақ.

1994 жылдың күзінде Республика күні аталып өтті.

Желтоқсан айының 16-ы. Алматының айнымалы ауа райы құбылып, ақпан айындағыдай еріп жатты. Той Республика сарайында өтті.

15-і күні кешқұрым Илья Жақановқа қырғыздың симфониялық оркестрінің бас дирижері, Кеңес Одағының халық артисі Асанхан Жұмахматов телефон шалып, "Ертең Республика сарайындағы концертке келіңіз" деді.

Кеңес Одағының халық артисі, қырғыздың атақты әншісі Дариға Жалғасынова "Жәмила" әнін осы салтанатқа алып келмекші. Өйткені, Люксембург елінде жүрген Шыңғыс Айтматов шақырылып, оған Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы беріледі. Осыған орай, қазақ пен қырғызға ортақ ән деп "Жәмила" орындалады. "Бұл жүрекжарды қуаныш болатын болды", - деп ойлады Ілекең толғанып.

Сөйтіп, Алматыда Республика сарайында, жер қайысқан қалың жұрт алдында, сәулетті сахнада "Жәмила" орындалды.

«Жәмила» айтылып жатқанда Илья тоғызыншы қатарда болатын. Қасындағы Шота Уәлиханов бір кезде:

- Илья, бірінші қатарда отырған Президент пен Шыңғыс Айтматовтың артынан бір орын босады. Сені қазір шақырады, қалай да сол жерге бар, - деді.

Илья қарапайым қалпы, аса қозғала койған жоқ. "Алда-жалда шақыра қалса, осы жерден тұрып барам ғой", - деп ойлады.

- Ой, Илья, баршы енді. Барып Шыңғысқа сәлем бер! – Тағы Шота. Қояр емес.

Илья екінші қатарға келді де, дәл Шыңғыстың желке тұсынан әннің саябырлаған, оркестровка жүріп жатқан кезінде:

- Шыңғыс аға! Ассалаумағалейкум! Бұл Илья ғой. Сәлем беруге келдім. «Жәмила» әні орындалып жатыр. Құтты болсын! – деді.

Шыңғыс еңсеріле бұрылып, қолын ұсынды да:

- Шоң рахмет, Илья! Өте ұқмыш, ұқмыш, - деді.

"Жәмила" әні концертке қатысқан жұртшылықты толғантты. Қатты әсер етті. Өйткені, отыз жылдан соң Қазақстан сахнасында айтылды ғой.

Ильяны құттықтаушылар сол күні де, ертеңінде де өте көп болды.

Илья Жақанов Қазақ радиосының музыка редакциясын ұзақ жылдар басқарған адам. Он жыл дүрілдеген бас редактор болды. Осы күні бірге істегендер "Ілекеңнің сол кезі нағыз легендарный кез болды" деп тамсана айтады.

Он жыл! Сол кездері Ильяның шәкірттерінің ішіңде Қайрат Байбосынов, Зейнеп Қойшыбаева танымал болды. Қазақтың сал-серілерінің әнін шығарды. Алматыдағы бүкіл концерттік ұйымдар мен оркестрлер, әншілер мен орындаушылар қолында еді. Соның өзінде "Жәмиланың" жан сезімін толық беретін, бүкіл хал-күйіне келетін әншіге тоқтай алмай қойды. Ән ұзақ жылдар композитордың пәпкісінде жатты. Кейінірек бірде қырғыздар келгенде "Жәмиланы" байқап қалып, "Ойпыр-ау, мынау керемет ән ғой!" - деп, алды да кетті.

Сол "Жәмила" әні қазақпен қайта қауышты. Ильяны қауыштырып кетті.

Ертеңінде, желтоқсанның 17-і күні композитор жайбарақат қана әдеттегідей шай ішуге отырған. Алматы мақта-мата комбинатының мәдениет сарайынан Алатау ауданы әкімшілігінің бір қызметкері телефон шалды.

- Ағатай, сіз Алатау ауданының ең бір сыйлы азаматысыз. Кешегі салтанатты сарайдағы әніңізді тындадық.

Бүгін бізде үлкен мереке. Жәрмеңке болып жатыр. Бір киіз үй тіктірдік. Астына еден жасаттық. Мерекеге Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Шыңғыс Айтматов келеді. Меймандардың ішінде Талғат Бигелдинов, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев, қала әкімі Заманбек Нұрқаділов, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің бастығы Болат Баекенов және Кеңес Одағының Батырлары мен аналарымыз бар. Тезірек жетсеңіз.

Сағат 11 шамасында Президент келді. Халықпен сәлемдесті. Бірге суретке, киноға түсті. Сөз сөйленді. Сөйтіп бәрі киіз үйге кірді.

Төрде Нұрсұлтан Назарбаев. Сол жағында жұбайы мен қызы. Одан кейін Шыңғыс Айтматов, Талғат Бигелдинов және басқалар.

Шыңғыс Айтматов та кино операторлармен, фототілшілермен жүр. Баяғыда, Шыңғыс Айтматов пен Ильяны бірге суретке түсірген фотограф та бар. Ол Ильяны таныды. Тұрсын Естемесов деген қырғыздың төкпе ақынын да көрді. Өзі зор денелі, биік кісі. Сол Тұрсын аға киіз үйге кірген бетте құттықтау өлеңді шырқады дейсіз. Жыр-шашу түйдек-түйдек төгіліп барып аяқталған тұста жұрт ду қол шапалақтап жіберді. Он қанатта отырған қазақтар Ильяға ым қаққандай болды, "Бірдеңе айтсаңшы" дегендей. Және барлығы композиторға қарап, қадалып отырғандай сезілді.

- Илья, - деп қалды біреу. Кім айтқаны белгісіз. Президенттің артында екі домбыра ілулі тұр. Қасында қаскырдың, түлкінің, қарсақтың ішіктері. "Бұл жерде Шыңғыс Айтматов отыр. Сондықтан "Жәмиладан" бір шумақ, ал "Бибіжанды" толық айтып шығайын", - деп ойлады.

Сөйтті де:

- Нұреке, ана домбыра шертіле ме? – деді.

Президент орнынан тұрып, домбыраның біреуін алып берді.

- Нұрсұлтан, - деді Илья. Президент жалт қарады. Сәл үнсіздіктен соң, сөзін жалғастырды. – Жасың кіші болса да, Елбасысың. Енді мен «Сіз» деп сөйлейін.

Кеше үлкен мереке болды. Құдай сізге қуат берсін! Егеменді еліміздің бүкіл әлем алдында дәреже-мәртебесі биіктей берсін! Отбасыңызға, өзіңізге, бүкіл халыққа жақсылық тілеймін! Қазақтың кемеңгер жігіттері қасыңызда, төңірегіңізде бола берсін. Сізді халық Абылай десе, ендігі Бүқар жырауымыз осы - Әбіш Кекілбаев сынды жігіттер болар. Қасыңызда, төңірегіңізде осындай кемеңгер, ақылды, көшелі, терең жігіттер көп болсын!

Мен, Шікемнің бірнеше кітабына ән жаздым. Аз емес бұл.

Илья "Әселдің" бір шумағын айтты. Одан соң "Бибіжанды" толық орындады. "Бибіжан" біте берген кезде Шыңғыс аға орнынан тұрып, сырт айналып келді де Ильяны қатты құшақтап сүйді.

Содан дәм желінді. Әзіл сөздер, жақсы әңгімелер айтылды.

Шыға берісте Шыңғыс Айтматов пен Илья Жақановтың жолдарын кес-кестеп, кезек-кезек суретке, киноға түсіріп жатты. Шыңғыс аға Ильяның қолынан ұстап:

- Илья, жүрегімді ұйытқан бір лирикалы повесть жазып біттім. Осы повеске де музыканы өзің жазасың. Мен саған ризамын,- деді.

-Ол кітапты қайдан аламын?

-Бішкекке келіп жүрем ғой.

Міне, Шыңғыс ағамен "Бибіжан" әнінің кездесуі осылай болды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар