Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Толқын Әділханқызы: Қосылғанмен, сүйе алмаған сыңа...

24.05.2018 6904

Толқын Әділханқызы: Қосылғанмен, сүйе алмаған сыңар көп

Толқын Әділханқызы: Қосылғанмен, сүйе алмаған сыңар көп - adebiportal.kz

Поэзия – жүректің үні, көңілдің нұры. Ақ қағаз бен қара сияны ермек қылып, жан дауысын өлең арқылы жеткізген ақындардың бар байлығы осы ма дерсің. Аталған дарын иелерінің тебіреністен туған тың шығармаларын оқырман қауым да асыға күтеді. Ендеше, «Әдебиет порталы» ақын мен оқырман арасында алтын көпір болуы керек. Осыған орай, бүгін сіздерге Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылының тумасы, жас ақын Толқын Әділханқызының өлеңдерін ұсынамыз.

Күз және біз

Осы күзде кездестік те, осы күзде қоштастық,

Күзбен бірге күңіреніп, күзде тағы достастық.

Бәлкім, біздер кездесерміз, сырласармыз өлеңде,

Ал өмірде бола алмаймыз қос ғашық.

Қосылғанмен, сүйе алмаған сыңар көп,

Нағыз сезім мөлдірлікте шығар тек.

Кейде ойлаймын, жер жастанған жапырақ,

Сенің сары сағынышың шығар деп.

Біздің мұң да, қуаныш та тереңде,

Жандар көп қой қосылмаған әлемде.

Бір төрді алып тоғысқанша екеуміз,

Бір жыр жазып жолығайық өлеңде.

Кездесу мен қоштасу

Кездесу дейсің, кездесу бізге тым артық,

Жазбаған шығар, жазбаған шығар сыңар ғып.

Басыңнан биік қуанышыңмен қолтықтас,

Қайғыңа қайтем қайғыңа қайтем құмартып?

Сағыну дейсің, сағыну бізге жат қылық,

Байлаған сені басқа ғұмырға бақ қылып.

Есіңе мені, түсіңе мені жолатпа,

Жейде көңілді түймелемесін тәтті үміт.

Өтінем сенен, өтінбе менен өзгені,

Тағдырың сенің, өмірім менің өзге еді.

Басқасын қойшы, жүрекке обал демесең,

Басқарып жүрген бөтен сезімді біздегі,

Қоштасу керек, қоштасу керек бізге енді,

Күз келді..!

Әке

Есейген шақта есері болар естің де,

Кемшілігімді кеңшілігіңмен кештің бе?

Өмірде мынау қиялау басқан ізіңді

Көтермейді екен ешкім де...

Қойныңа қарай ентелеп жүріп өстім мен,

Мойныңа талай өрмелеп өмір кештім мен.

Адамдығыңнан аспадың есім кіргелі,

Кем қылмадың да ешкімнен.

Тарғылдау тағдыр беліңе салып кеселін,

Сәби жолына алақаныңды төседің.

Ездіктен алыс ер болып жүрсек бүгінде,

Еңбегің сенің еңкейіп қалған еңселім.

Ана

Жаратушым жасар жанға қазылық,

Ғұмыр жолда кездеспейді-ау аз үміт.

Анау аппақ жүзіңдегі жолдарда,

Мендік тағдыр жатыр ма екен жазылып?

Сендей жұмсақ табылмайды еш жерден,

Ақылымды айыптадым кеш енген.

Жаппар ием құрметіңді көтеріп,

Жұмақ сенің табаныңа төселген.

Шеше, сені баурамасын бөтен ой,

Балапаның бағытына бекем ғой.

Таңдайдағы менің тәтті тілегім –

Маңдайыңда мөр боп жатыр екен ғой.

Балаң үшін бағаланбас бақсың-ау,

Көзің нұрлы болғанымен, қас қылау.

Маңайыңда жаз жадырап тұрғанмен,

Самайыңды шалыпты ғой ақ қырау.

Өмір

Кектенеміз алмаған соң кешіре,

Еске аламыз білмеген соң өшіре.

Көз алдыңнан өте шығар қас қағым,

Бұл өмірге өкпелейміз несіне?

Сыны да жоқ, сыйыспайтын сыңар көп,

Тыныштық жоқ, тыпыршимыз тынар деп.

Қиындыққа алданамыз әдейі,

Тағдырымның бір тарауы шығар деп.

Сағаттардың тырсылына ілесіп,

Минуттарды тоқтата алмай күресіп.

Секундтардың сілекейін жұтып ап,

Жылдамдықтың жетегінде жүресің...

Өмір солай, көңіл қалай бұрса да,

Жүректерді көндіре алмай жүр сана.

Ең жеңілі бағалау ғой барыңды,

Қақ алдыңда қандай қамал тұрса да.

Шам

Күн кіргенде ұясына көлбеуден,

Өтер-кетер оқиғалар сен көрген.

Қараңғылық қорқытады-ау әр үйде,

Аппақ шамдар жанып жатты бір-бірден.

Аппақ шамдар үмітіндей пенденің

Жаратқанға сенің, менің сенгенім.

Шамаң келсе шам намазын қалдырмай,

Маңдайыңа ізін қалдыр сәжденің.

Адамдар бар өмірінен шаршаған,

Жүрек кірлеп, азып кетер жан содан.

Шам намазын оқымастан кетті екен,

Шам жағуға үлгермеген қанша адам?

Ақпан

Жазылмай қалған тарауы,

Қолында ақшыл қаламы.

Армандарымды боратып

Ақпан да өтіп барады.

Дегендей мені танысын,

Жасырып жердей қалысын.

Көктемге жылжып кетеді,

Жамылып аппақ шәлісін.

Ақпанда алғаш қалды дем,

Ақпанда көрдім таңды мен.

Ілікпей көктем көзіме,

Ақпанды сүйдім, алдымен.

Біледі жалғыз хақ бәрін.

Біледі бәрі ақ барын.

Көктемде жасы көл болар,

Ақ шәлі таққан ақпаным.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар