Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Толқын Қабылша: Көз жасын күн сүйетін көктеммін ме...

15.01.2016 5846

Толқын Қабылша: Көз жасын күн сүйетін көктеммін мен...

Толқын Қабылша: Көз жасын күн сүйетін көктеммін мен... - adebiportal.kz

                     


11238259_656666294476494_546434553579083032_n.jpg


Сыр іздеп өткен күннен,
Кеткен күннен.
Күмілжіп,
кімге айтамын, өкпемді мен?
Күлкісі күрсінісін көлейгелеп,
Көз жасын күн сүйетін көктеммін мен.


Кім ұққан?
Жанымның бар арпалысын.
Кім ұқсын?
Жүрегімнің әр қағысын.
Мен мәңгі қарыздармын мына өлеңге,
Кеудемнің күліп атқан әр таңы үшін.


Аңсау мен жанды өртеген сағыныштың.
Сертімен сергелдеңнің,
Сабылыстың.
Жаңбырдай жауа алмаған аласұрам,
Өртеген әр мезетте жалыны іштің.


Осылай көктем болып күн кешемін.
Көк бұлтпен,
ақ жауынмен тілдесемін.
Жазмыштың маған қиған ғанибетін,
Ақын боп туылмасам білмес едім.








***


Өн бойымның өлең бе әлде киесі?
Мен еместей.
Мына жанның иесі.
Жұдырықтай жүрегімен алысқан.
Періште емес.
Пері де емес күй осы.


Бір тылсым бар,
Ыршып мына кеудемнен.
Байыз таппай,
секунд сайын сенделген.
Бір құдірет құлазытып жанымды,
Бір құдірет әлек оны емдеумен.


Бір ұшқын кеп,
Ізгілейді тәнімді.
Бір ғажайып бағатындай хәлімді.
Мың сан күйді бір мезетте сүрем мен,
Бір мезетте,
Сағынамын бәріңді.


Өзімді-өзім
Оңашада тергеумен.
Жанның дертін,
жүрмін бе әлде емдеумен?
Ғұмыр осы,
Киесі оның бір өлең.
Жер мен Көктің арасында сенделген.



***


Үнсіздіктің ұлылығын ұқтырып,
Жанарларға сағыныштан шық тұнып.
Әр күн сайын,
Бақыт кейпін безбендеп,
Ғұмыр кешу-
бәлкім,біздің мықтылық?


Ақиқатқа жазмыштағы бас ұрып,
Аңсағанын ақша бұлттан жасырып
Біздің бақыт,
кезікпеген күндер ме?
Тәңіріне жасай алмай асылық.


Жалқылығы жұбата алмай түнекті,
Аспанға айтып, жанды жеген тілекті
Бәлкім,бақыт,
күнәсі жоқ түндер ме?
Жаныштайтын
Жазығы жоқ жүректі?


Базынасын батқан күнге ұқтырып,
Таң атқанда қарашыққа шық тұнып.
Терезесін күзету ме тірліктің?
Тағдырым деп,
маңдайдағы мықтылық.
Кім білсін?


***


Бақыт кейде болады екен қас қағым.

Ғайыбыңды кім білген?

Кездер қайда?

көздерімде күн күлген,

Аяқасты аласарды аспаным.

Бар ғажабын ұсынбақ боп ұмсынған,

Көңіл ме әлде баянсыз?

Көбелектей көзсіз мұңға ұмтылған,

Жүрек сен бе аяусыз?

Қиялдағы хор қызындай үміттің,

Баянсызын күн кешеді біліп кім?

Ғажайыбың...

Ғұмыр қалай келте еді?

Үргедек жел,

жанымды кеп үгіттің.

Тағдыр солай деймісің?

Алма кезек бақ пен соры басында

Ащы өзектен бал татамын деймісің?

бақытты ем ғой,

бақытты едім, расында...


***


Маңдайдағы бағым сірә,бес елі
Аз болмады соған лайық сорым да.
Бір кем дейді,
Дүниенің есебі.
Тепереші қалар кейін қолыңда.


Бәзбіреулер баз кешкенде әлемнен.
Бір кем дейді,
бақ пен сордың себебін.
Неге ендеше,жанұшырып келем мен?
Өзегімнен өшпесін деп өлеңім.


Бір кем болса,
ғұмыр күннің ғажабы.
Ессіз сүйген кеудемдегі шаттығым.
Неге ендеше жүрегім бар жазалы?
Неге ендеше,басылмайды аптығым?


Енді біреу
«бәрі жалған»деседі.
Ақиқат боп өлең қалсын соңымда.
Маңдайымның бағы білем,бес елі.
Тағы да мұң.
Тағы да сор жолымда.



***


Көздерімнен күнді өшіргім келмейді,
Жалт еткен сәт,
жарты әлемді жылытқан.
Жүрегімнен жырды өшіргім келмейді,
Жалынына жан-тәніммен құныққам.


Сенімімді кір шалдырғым келмейді,
Өзегімді өкініштен аршыған.
Қабағыңды мұң шалдырғым келмейді,
Түгесіліп қалса дағы бар шыдам.


Көңіліме күдік алғым келмейді,
Күмән барда,
күмілжу бар, бар күнә…
Үмітімді үзіп алғым келмейді,
Үмітсіздің үрейімен шарқ ұра.


Мен ғұмырды сенсіз кешкім келмейді,
Белгісіздеу бақытының дерегі .
Қабағына бұлттың көшкім келмейді,
Көздеріңде шуақ болғым келеді.


Мен ғұмырды сенсіз кешкім келмейді!



***


Жұлдыз көп,
түн қойнында жымыңдаған.
Жымыңдап,сан тағдырдан сыр ұрлаған.
Мен — Күнмін,
Жүрегі- нұр, тәні — Шуақ.
Сөнбейтін сәуле берген ғұмыр маған.


Жанымнан жылу сезсең,
шырайланған.
Мен емес,
күн кейпім ол — ұнай қалған.
Түнменен қабыспайтын тағдырымның.
Еншісін ертең менен сұрайды Аллам.


Жарыққа бөлесін деп бұл ғаламды.
Жүректі тәңір өзі нұрға малды.
Түн кейпін жатырқайтын болмысыммен,
Күн кешем,
ынтызар боп жырға мәңгі.


Жан бір күн кететіні анық болып,
Ғалам тұр,
Бар сырыма қанық болып.
Күнге ұқсап,
сәуле шашып үлгерейін,
Ғұмыр кеш,
кеудемдегі жарық болып!



***


Сен сүйетін көктемімнің көзінен
Мөлтілдетіп тамшы мұң.
Тайқымаған тағдырымның тезінен
Тағы бір сыр аршыдым.


Сен баспаған көшелерді кездім де,
Жоқ іздерден жаңылдым.
Жылап тұрып,
Сені ойладым сездің бе?
Қолын бұлғап тағы мұң.


Сен құшпаған қиялымның әрбірін,
Құла дүзге лақтырып,
Сағыныштың сарқып іштім әр күнін,
Тамағыма тас тұнып.


Сен ұнатқан болмысымның бағамын,
Жатырқадым сосын мен.
Өзгеге емес,
Өзіме айып тағамын.
Сәттер осы, безінген
Солай…



***


Күндер қалды,
сағынышпен өткен көп.
Күндер қалды,
көздің жасын төккен көп.
Жаным кезіп, жаз бен қыстың арасын,
Мен тағдырды сүріп келем көктем боп...


Ұғынғанға ғұмыр шаттық,әрі сын.
Жаңбыр жаусын,
жанымды аяз қарысын.
Көктем болып үміт күттім ертеңнен,
Көк тәңірден сауға сұрап әр ісім.


Қарлы соқпақ кезіксе де алдымнан,
Болса да сәт, қадамымды шалдырған.
Қара күзге желегімді ұшырмай,
Көктем сүйген жүректі аман қалдырғам!


Содан бәлкім,
Өткен күнге өкпем жоқ.
Жаным жасыл, ал,аспаным көкпеңбек.
Далада күз, жауратса да тәнімді,
Міне, тағы
күлімдедім көктем боп.



***


Мұншама ауыр болар ма еді күзгі өлең?
Көңіл мынау,
бір үмітті үзбеген.
Сәттер ғайып біз деген.
Жүрегімді жұбата алмай отырмын.
Ғұмыр бойы.
Бір бақытты іздеген.


Алып ұшып,
айта алмаған сыр маған
Күндер өтті,шаттығымды ұрлаған
Жолдар қалды бұрмалаң
Шарасыздың күлкісімен жымиған,
Ғұмыр қалай,шырғалаң?


Жалғандықтың әлегіне сенбеген
Жазмышының әміріне көнбеген.
Сан суықта өлмеген
Жүрегімде бір гүлім бар,
қайтейін…
Мейірімге шөлдеген.


Өмір,бәлкім,бәзбіреуге шын сынақ.
Өзекте жыр,
көзімде мұң тұнжырап.
Көңіл қалай тыншымақ?
Қарашықта сол баяғы сағыныш.
Жүрегімде сол сұрақ.



***


Біз екеуміз ойда жоқта кезіктік,
Тағдыр ма екен?
ұқпадым.
Жан едім мен- жүрегі шер,
Дерті — өлең.
Жанардағы шық та — Мұң.


Өмір бәлкім, ұғынғанға- үндестік?
Қарашықта күн күлді.
Жалғыз сөзсіз,
Жанармен- ақ тілдестік.
Үнсіздікте үміт барын кім білді?


Сан ғасырлық сағыныштан өлмеген,
Жүректегі жауқазынды ұсындым,
Аңызақ жел аптабында шөлдеген,
Жазмышыңның жұмбағы бар,
түсіндім…


Неге керек,
әлдене деп ақталу,
Тағдырға айту көп нала.
Мүмкін бе өзі?
Мына өмірден бақ табу,
Үзілмеген үміт болшы тек қана!





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар