Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Томрис Уяр. Гүл тірілтушілер (әңгіме)...

25.08.2018 6711

Томрис Уяр. Гүл тірілтушілер (әңгіме)

Томрис Уяр. Гүл тірілтушілер (әңгіме) - adebiportal.kz

Күні бойы толастап жауған жаңбыр шатырдағы тақта тастардың мазасын алып бітті. Желдің ұйытқып соғуы үңірейіп қалған жерлерден, терезелерден ішке қарай азынады да тұрды. Жолдың бойынан бастарында орамалдары бар қыз-келіншектер өтіп жатты. Ал тастар судан бастарын ала қашардай болып сілкініп кебуге тырысты. Бұлттардың арасынан шеңбер секілді жарқырап шыққан күннің нұры жіңішке әрі нәзік. Осы кезде үш автокөлік өте шықты. «Екеуі де жеке меншік емес. Соңғысы менікі» - деді Шүкүрие. «Менікі болады!» терезеге таянған шынтақтарын түкіріктеп жатып.

«Әкең сәлден соң келеді». Шүкүриенің анасы бұрыштағы орындықта аяқтарын айқастыра жайғасқан. Қолындағы айнаға қарап бет-әлпетін «зерттеу» үстінде.

«Әкең сәлден соң келеді». Шүкүрие анасын сұлу ма немесе ұсқынсыз ба деп ойланып қалды. Әкесінен сұрағанда «сұлу» деген болатын. Анасы маңдай тұсындағы безеуді сығып, қолын алжапқышына сүртті. Шүкүрие терезе жаққа бара жатып ойланбастан кері бұрылды.

«Әкем сәлден соң келеді.» Ауа райы ап-ашық һәм жап-жарық болып тұрған кез. Көшеден өтіп жатқан адамдар жаңбыр тоқтағаннан кейін қартаң болып көрінді. Балақтары лай. «Әр жексенбі күні киноға барамыз, бірақ арасында әжемнің үйіне де соғып тұрамыз.» Шүкүрие анасын естімесін деген оймен сыбырлап барып тоқтады. Дауысын аз ғана шығарып тағы да қайталады «арасында әжеме...» Анасы тағы да естімесін деген оймен. Содан соң бұрылып қарады. Анасы шашындағы түйілген жерді қатты қысып тұру үшін қыстырғыштармен тесіп, түзетуде. Шүкүрие тұтығып қалды. Анасы екеуі жеке қалса сөйлеуге сөз таппай қалатын. Екеуі бірге болса үнсіз қалушы ед. «Әкең сәлден соң келеді.» Шүкүрие жалықты, ермек болсын деп столдың үстіндегі ыдыстан кесесіне су құйып ішті.

– Сіз де бізбен бірге барасыз ба?

– Жоқ, жұмыстарым бар – деді анасы, - сосын Рашит мырзаларға баруым керек.

«Онда біз әжемнің үйіне барамыз.» Шүкүрие кішкентай бір қызыл нәрсенің мойнына келіп қонғанын көрді. Қазірге дейін қанша рет жылағанын есептеді. Он төрт рет жылапты. Жиырмаға дейін аузын ашпауға бел буды. Жол бойынан, жаңбыр жауған сәтке үлгере алмаған қап-қара қолшатырлы адамдар өтіп жатты.

Бір кезде есік ашылып үйге әкесі кірді.

– Тағы да майлауды ұмыттың ғой- деді анасы. Не жаңалық?

– Кеш қалдым, ренжіме. Қане, Шүкүрие, Назан, киноға кетейік.

– Мен бара алмаймын,- деді Назан. Жұмысым бар. Үйде отырсаңдар болмас па еді? Баланы суықтатып аласың.

Шүкүрие қанша рет суықтап қалғанын да есептеді, «тоғыз рет».

Есіктен шыға бере әкесінің қолынан ұстады, бір-екі рет мұрнын қасығаны болмаса, жолда қолынан айрылмады. «Әже» деген кезде әуелі әжесінің үйін ойлады, сонсоң барып жүзін. Әжесі сұлу кісі. Шашын ортасынан бөліп, лимон иіссуымен сулап жатқызатын. Жағасында үнемі екі кілт бауы ілініп тұратын.

Шүкүрие, жол бойындағы ылғал тастың үстінде жүре алатындай бір сызық тапты. Әр көшеде жүретін ең жақсы сызық жолды табу ол үшін керемет сезім болатын. Қара өлең оқи алмайтын. «Һ-ға дейін оқи аламын. Сосын әрі қарай оқи алмаймын» - деп ойлады. Әжесі үйде қонақтар бар кезде Һ-ға дейін оқытқан. Шүкүрие ұялатын. «Қандай керемет! оқи алады!» - деп қонақтар жамырайтын.

Әжесінің жасыл гүлді кеселері бар. Сол кесені дастархан басына алып келу үшін әкесі орнынан тұрушы еді. «Әуре болдың ғой. Келесі апта Назан да келетін шығар» - дейтін. Дегенмен үшеуі де оның келмейтінін біледі.

Анам келгенде мені суықтатып алар еді, солай ма?- деп Шүкүрие әкесіне қарады. Анасын жақсы көреді, дегенмен әкесін одан да қатты жақсы көреді. Әкесінің қолдары қатты, тырнақтары сары, бойы Филиздің әкесінен де ұзын. Не деген өкпелегіш ол қыз!? Тапсырмаларын екі реттен жазады, сонсоң аппақ қардай ақталушы еді: бұл үшінші. Бірақ оның әкесі көпке бармасы белгілі. Шашы төгіле бастаған.

– Симит жейсің бе?

– Жоқ.

Кешкі асын ішпесе анасы ашуланатын. Тиіп қашып жегендері есептелмейді екен. Әжесі үлкен ыдыспен аппақ тәтті әкелгенде кері қайтармады. Бір кесе суы да бар жанында. Кесе мен табақтардан жасыл сабынның иісі мүңкиді. Әкесі кофеге аз ғана қант қатып ішеді. Шүкүрие де ішсін деп оның ыдысына құйып береді. Әжесінің орнына ас үйге кіріп шығады. «Үйлері біздікінен кішкентай екен ғой» - деп ойлады қыз. Өйткені ас үй тас қабырғаға қарап қалған. Тағы осы сияқты бір есік бар. Бірақ Шүкүрие оны ешқашан ашып көрмепті. Шүкүриенің әкесі үш ай бұрын сол бөлменің жарығын ауыстырған болатын. «Қайдағы әурешілік анашым. Жұмысым осы ғой». Ол қалтасынан бұрандасымен тексеріп, өлшегіш қаламын шығарып, жұмысын жалғастырып жатқанда, Шүкүрие әкесі үшін маңғазданып тұрды.

Дүкенге жақындаған кезде әкесі тоқтап, «Анаңа киноға барғанымызды айт» - дейтін. «Әжеңнің үйінде болдық десек сені суықтатып алады деп қорқады». Сенбесе де, әкесінің айтқандарын тыңдайтын Шүкүрие, құпия бір нәрсені бірге бөліскені үшін көне кететін. Кешкі асқа отырған кезде столдың астынан әкесінің қолын ұстап алатын. «Кино керемет болды», дейтін анасына. «Үш адам өлді. Сосын қатты жыладым». Әкесін күлдіру үшін қолынан келген нәрсені жасайтын: «Алғашқы кезде Микки түрлі түсті еді.» - дейтін. Сосын әкесі Һ-ға дейін оқитындай күлетін. Көзі бір-біріне жақын орналасқан, қасы қалың сызық секілді, бірақ күлгенде тістерінен басқа ештеңе көрінбейтін.

***

Есікке жақындай бергенде бір аяқтап секіре бастады Шүкүрие. Сол жерге дейін жүгіріп барса да соңғы жеті метрге келгенде тоқтап, жолды қысқарту үшін бір аяқпен секірді. Қатты қуанғаннан ба әлде ұялғаннан бе белгісіз?

Табалдырықта аз уақыт тосып қалды. «Қош келдің балам» - деген әжесінің дауысы естілді. «Қош келдік». Есіктен кірген кезде, «Аяқ киіміңді шешуді ұмытпа қызым Шүкүрие» - деді. Ташлықта Шүкүрие тағы да әкесіне көзінің айызы қанғанша қарап алды.

– Әкең сырқаттанып қалды, қазір төсек үстінде.

Әжесінің дауысы түтіктен естілгендей ашық жарқын естілді ташлықтан. Жасарып кеткен. Ташлықтың төрт жағы да гүлге оранған. Себетке толы гүлдер. Лалагүлдер, айылқияқтар, жұлдызшешектер, раушангүлдер, шегіргүлдер...

– Бір қалампыр жұлып әкел Шүкүрие,- деді әжесі.

Қыз шашына қызғылт раушан іліп алған. Жүзі де қызғылт тартыпты. Шүкүрие атасының сырқаты мен гүлдер арасында бір байланыс құруға тырысты. Әкесінің жүзі қызарып кетті. Шүкүрие атасын ешқашан көрмегенін ойлап алды. Олар бөлмені ашқан бойда гүлдің иістері мұрынды жарып жіберді.

Бөлмеде ешкім жоқ-ты. Әжесі иығына қара мойынорағыш байлап алған. Ас үйге кофе дайындау үшін дереу жүгіре жөнелді. Шүкүрие аяғын айқастырып кофесін суытты. Еріннің үстіндегі қаламұштардың дауысын ести сала кофесін ішуді бастап кетті. Әжесі тыныш сәтті бөліп «Назан қалай?» - деп сұрады. «Шүкүрие қызым, ташлық жақта ойнай тұр. Біз әкеңмен сөйлесіп алайық. Тек гүлдерге тиіспе.»

– Назан жақсы, жұмысы бар екен, - деді әкесі. Әкеме не болды?

– Суықтап қалыпты.

Ташлық қараңғылау. Иісті қараңғы бөлмеде гүлдердің түстері әженің нәзік дауысына жалғасып жатты: «Қолын сүйе сал балам. Әке мен бала арасында реніш болмауы керек.»

Шүкүриені гүлдер емес ташлықтың ар жағындағы дүние қызықтыра түсті. Ашып қараса ма екен? Атасы сол жерде ме екен? Жүрегі қатты соғып есіктің тұтқасын бұрады. Дәл сол сәтте еш нәрсе көре алмады. Бөлмеде тек жағымсыз иіс бар еді. Көздері үйренген соң төсекке қарай беттеді. Екі орындық пен бір стол төсектің жанындатұғын. Қарсы бетте әжесінің ақ көйлекті жас кезіндегі суреті ілініп тұр. Суретте шашы өрілген. Бір орындаққа сүйеніп алған. Ұзын қоныш етік киген кісі екінші орындықта отыр. Шүкүриенің үстіне бағзы заманғы бөлмені көру сәтінің жағымсыз сәттері жүк болып жиылып жатқандай. Сол сәтте төсектегі көлеңке тұрып: «Кімсің сен?»

Шүкүрие жауап беруге тырысты, бірақ бере алмады. Тұрған жерінде қатып тұрып қалды.

Кәрі шал қолын созды.

– Сен Шүкриесің білуім бойынша? Келе ғой. Жаныма кел. Бірақ алдымен терезені аш, жүзіңді көрейін.

Шүкүрие кері кетіп терезе жаққа жақындады, аяғының ұшымен барып әйнекті итерді. Жоғарыдан келген жарық, шалдың мыжылған шаштарын, төмен қарай созылған қара қастарын, жұмсақ мұрттарын жарқыратып жіберді.

– Қашан келдің сен Шүкрие?

– Көп болмады...

Осылай деп өзінің кінәсін жеңілдетуді ойлады.

Шалдың жүзінде кінәлаушы реніш жасырын тұрғандай көрінді. Әсіресе аузының айналасындағы қатпарларынан.

– Отыра ғой,- деді - Отыра ғой мұнда.

«Кішкентай қыздан не сұрау керектігін білмейді екен» - деп ойлады Шүкүрие. Сөйлесуге тырысып.

– Мектепке ендігі жылы барамын. Атым Шүкрие емес Шүкүрие. Сырқатсыз ба?

– Суықтап қалдым.

– Суықтап қалу жаман, анам...

Атаның ұнатпайтынын сезіп кідіріп қалды. Сосын:

– Гүлдер сіздікі ме?

– Менікі.

– Бәрі ме?

– Бәрі.

– Не істейсіз осыншама гүлдерді?

– Сатамын.

– Жақсы, егер олар ұнатпай қалса ше?

– Ұнаттырамын. Неге ұнатпайды екен? Осыншалықты тер төктім. Қара; әр кеш сайын үлкен шелек алып гүлдердің шіріген сабағын, қарайған жапырағын тазалаймын, тамырын аздап кесіп шелектегі суға батырып қоямын. Оларға үнемі су себемін. Таңға жуық тіріліп шығады.

– Демек сіз гүл тірілтушісіз бе? – деді Шүкүрие. Біздің көшенің бұрышында сондай адамға кезігіп қалған едім. Сосын гүлсауыт сататын бір кісі де көргем; үлкен гүлсауытты құшақтап айналып жүретін. Ақшам болғанда алушы едім.

Шал көзіне жас алды.

– Жақсы қызсың Шүкрие – деді. Әкеңе ұқсапсың. Осында ма өзі? Көп болды көрмегелі ол ешекті...

Шүкүрие ұялды бірақ ашуланбады.

Шалдың мұрты дірілдеп тұрды.

– Сен керемет қыз боласың Шүкрие. Солай көріндің. Тез үйреніп кетесің. Білесің бе, бұрын сата алмайтын едім гүлдерімді, қимайтынмын. Ол кезде жас болдым. Әдемілікке үйренбеген едім. Уақыт өте келе адам баласы бәріне көнеді, үйренеді екен.

– Мен де тамырын, жапырағын ажырата аламын ба?

– Ажырата аласың, - деді шал, ажырата аласың. Сонсоң мүлкіңді қолдан шығарып та үйренуің керек. Анда санда ішің ашиды, бірақ ол өткінші дүние. Суыққанды болуың керек. Күш пен қара жұмыс біздікі. Басқа істерге ұқсамайды. Газеттердің кіші хабарландыруында жазылған мамандық емес бұл.

– Әкем маған газет оқып беретін- деді Шүкүрие. -Таңертең жұмысына бармай оқитын. Және білесіз бе, сіздің жұмысты кез келгені жасай алмайды.

Шал бұл сөзді естіп күшіне енді. Денесі, ескі пижамасының ішінде қозғалып тұра алмады.

– Төсбелгі сатушысы сияқты - деді деміге.

– Сабын көпірігін үрлеушісі секілді! - деп айқайлады Шүкүрие.

– Сынықшылар сияқты- деді шал.

– Гүлсауыт сатушысы сияқты - деді Шүкүрие.

– Жетілдірілеген мамандық...- деді шал. Бәрі қалай ақша тапқаныңа қарайды. Істің басында, сенген дүниенің жоқ болып кету себептері де шығуы мүмкін. Әкең сияқты. Есікті тарс жауып кеткен күннен бастап әлім құри бастады. Ол саудагердің қызымен үйленуді жоспарлап қойған екен. Мені тыңдамады да. Қолымды келіп сүймеді әліге дейін.

Шүкүрие мұрнын қасып алып жыламауға тырысты.

– Не айтып жатыр едім? – деді шал. Адал дүние сатып жатырмын, бірақ амал нешік мамандығым көзге ілінбейді. Адал бірақ маңызсыз.

Төсегінен бір аунап алды. Шүкүрие, оның денесіне сай келмейтін жүдеу білегіне қарады.

– Шаршадым - деді атасы. Қане енді бара ғой, уайымдамасын мені. Жақсы қызсың сен. Тағы да келіп тұр маған, жарай ма?

– Келемін, - деді Шүкүрие. Сөз берем.

Шал жөтеліп жатып төсегіне жайғасты. Көрпенің астына кіргенге дейін Шүкүрие одан көз айырмады.

Жолда әкесімен еш сөйлеспеді. Шүкүрие жол бойы атасын ойлады. Үйге кіргенде анасы кереуетте отырып тырнағын бояп жатқан-ды.

– Рашит мырзалар әкеммен бірлесетін болды, - деді. Капитал мәселесі шешілетін болды осылайша. Сендер не істедіңдер? Кино қалай болды?

– Әжемнің үйіне бардық, - деді Шүкүрие, атамды жақсы көріп кеттім.

Түрік тілінен аударған: Бану НАҚЫШБЕК



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар