Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тұманбайдан бата алу...

24.04.2017 6487

Тұманбайдан бата алу

Тұманбайдан бата алу - adebiportal.kz

Бұл осыдан он төрт жыл бұрынғы әңгіме. Онда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің бірінші курсында оқитынмын. Өлеңнен басқа өмір бар дегенге сенбей өртетіп жүрген шағымыз. Бір күні факуллетте қазақтың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиевпен кездесу өтеді деп хабарланды. Жырларын жөргегімізден жаттап өскен, аңыздай болып елестейтін ақынмен кездесу кешіне ерекше асықтым. Шынын айтайын, Тұмекеңді аңыздай көргенім сонша, тірі болса да өмірде бар адамдай елестетпейтінмін. Факультеттің барлық студенттері жиналған үлкен залда кездесу басталды. Жалпақ жұрт жырына сусаған тірі Тұманбай алдымызда отыр.

Кездесуді факультет деканы, адебиеттанушы ғалым Қансейіт Әбдезұлы жүргізді. Елді білмеймін, менің есі-дертім ақында, Тұмағаңда. Оның әр сөзіне таңырқап, жырларына елітіп отырмын...

Жан-жақтан қойылған сұрақтарға жауап беріп, студенттік шақтарының қызығын әңгіме етіп отырған адамның Тұманбай екеніне сенгің келмейді. Енді-енді қолымызға қалам алып, жыр әлеміне жорық бастаған менің мынау қазақ поэзиясының аңызымен кездесу сәттің бақыты әлі күнге есімде...

Кездесудің орта тұсында өз өзіме ерік бердім, байқасам шыдап отыратын жағдайым жоқ. Қойын дәптерімді ала сала, тілкімдей бұрышына «мен Тұманбай атаға өлең оқып, батасын алғым келеді» деп жазып, жеделхатымды деканға жөнелттім. Арада аз уақыт өткесін, Қансейіт ағай «біздің факультеттің бірінші курс студенті, жолыңызды қуған жас ақын Талапбек Тынысбекұлы деген балаңыз, сізге өлең оқып, батаңызды алғысы келеді» деп мені шақырды, зал ду қол шапалақпен басылды, жалындап тұрған шағымыз, жүгіріп сахнаға шықтым. Ата жосынымен сәлемдесіп алғасын, қаламымнан туған жырларымды жатқа соғатын дағдылы әдетім бойынша бірден өлеңді зулаттым, басқаша ойлауға жүрегім дауаламаған болар. Сонда оқыған өлеңім:

Күзінен өмір қорқамын

Қоңыр күз бақтың құшағы,

Сүреңсіз сондай құсалы.

Көркінің қалмай нышаны,

Гүлдерден тозаң ұшады.

Күн санап солды еккен гүл,

Қасырет еді неткен бұл?!

Көрікке құмар көбелек,

Қурайға қонбай шеттеп жүр.

Соратын шырын қадала,

Көрінбейді ешбір бал ара.

Жайқалған гүлдің орынын,

Жапырақ басқан сары ала.

Табиғат күзгі арпалыс,

Тырбанған тірлік сарқа күш.

Үзіліп түскен жапырақ,

Іздейді бақтан қалтарыс.

Салмады бұлбұл шалқып ән,

Исі жоқ гүлдің аңқыған.

Төңірек толы мол тұман,

Желменен ұшып қалқыған.

Сыйлаған баққа нәр сәнін,

Келер деп көктем жортамын.

Танытса тірлік тарпаң үн,

Күзінен өмір қорқамын...

Атақты ақынның десі басып тұрды білем, арасында кідіріп қалып тұрдым.

Өлең аяқтап, зал қошаметінен кейін Тұманбай ата асықпай орнынан тұрып, маған бұрылып, «келе ғой, әкел маңдайды» деп шекемнен сүйіп, құшағына басты. Содан көпшілікке қарап «сөз танитыным рас болса, мықты ақын болады, көп іздену, оқу керек, бердім батамды», - деді. Мен ішімнен күбірлеп, бетімді сипадым. Кейіннен тура осындай жағдай Астанада 2011 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында қайталанды. Онда да жиналған жұрттың көзінше маңдайымнан сүйіп, батасын берді әрі «Алматыға барғасын хабарлас, кітабыңды өзім шығарып берем», - деді. Сол жылы күзде үлкен үйімді Атажұртқа көшіріп, қоныстың қамымен жүргенімде Тұмағам ит үрмеске тартып берді...

Кітабыңды шығарып беремін деп те ешкім айтпады....

Талапбек Тынысбекұлы

Әл-фараби аытындағы

Қазақ Ұлттық Университеттің

Филология факультетінің 2007 жылғы түлегі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар