Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Түнгі лирика - Шығыс әлемінің айнасы...

05.11.2021 3717

Түнгі лирика - Шығыс әлемінің айнасы 12+

Түнгі лирика - Шығыс әлемінің айнасы - adebiportal.kz

Ақын Аида Эгембердиева Мұратхан Шоқанның қырғыз тіліне аударған «Түнгі лирика» атты кітабын оқи отырып, мен қазақ ақынының өте тұнық, өте нәзік лирик ақын екеніне әрбір жырын оқыған сайын көз жеткіздім. "Түнгі лирика" - бұл шын мәнінде өте сырлы, құпиялы, нәзік сезім мен махаббатқа толы жинақ екен.

«Түнді сұмдық жақсы көрем, Айы бар» деп жырлаған ақын «Түнгі лирикасын» «Айды қонақ қылу...» деген жырмен бастайды. Осы жырдан басталған лирикалық дауыс, лирикалық сезімдердің ырғағы бара-бара заман туралы, ел туралы, тіл туралы, Отан туралы, адам тағдыры туралы поэтикалық ойларға оқырманын жетелеп кетеді. Алайда Мұратхан ақын қай тақырыпқа жүгінсе де, бәріне нәзік сезім менен көркемдік тұрғыдан қарайтынына бірден назар аудартады.

Мұратхан Шоқанның лиризимге тұнған жырларында гуманистік ой бірінші орынға шығады. Мысалы: Ақынның лирикалық кейіпкері қызға деген махаббат сезімдерін білдіре отырып:

«Шын ақынның жүрегімен арлы, ізгі,

Өзіңді ойлап аяимын мен бар қызды.»

деп барлық қызға аяушылық, адамгершілік сезіммен қарайды. Лирик ақын сонымен қатар жапырақтың тыныстаған лебін сезеді. Бір жырында:

«Жапырақтың бетіме ұрған лебін,

Періштенің тірлігі деп білемін» дейді.

Тағы бір «Саусағымды созамын» деген жырында:

«Ұйысқақ кеш толтырып ап уысын,

Маған берген сезім қалай суысын.

Сонан бері кештер менің жақыным,

Сонан бері түндер менің туысым», -

деп табиғат құбылысына жан бітіріп, көңілге қонымды көркем қылып жырлайды.

Әр дәуірдің көрнекті ақындары өздері өмір сүрген уақыттың өрлеуі мен құлдырауын міндетті түрде жырлады, олар туралы толғанды. Тарихты зерттейтін ғалымдар естімейтін уақыттың тынысын тек ақын ғана, ақындық жүрегімен ести алатыны рас. Мұратхан Шоқан да өз заманының ең өзекті мәселелеріне ақын ретінде толғанады. Өзі жасап жатқан уақыттың ағы менен қарасын ақын ретінде жүрегінен өткізіп, ақын жанымен сезінеді.

«Адамзатты дүниенің құлы ғып,

Біздің ғасыр кетті қатты былығып.»

Не болмаса:

«Ғаламға қажет бөлек серпін бүгін,

Қаламас шыққан түпкі төркінді кім?

Өзіне қайтарған жөн адамзаттың,

Қоғамға қолды болған еркіндігін.

Әр тармақ, әр сөзінен сұс таматын,

Ғасыр бұл қатал заңдар ұстанатын.

Паспортсыз кейде әлемді кезбек болам,

Қарызға сұрап алып құс қанатын.»

Бүгінгі күнде Мұратхан Шоқанды басқа ақындардан ерекшелейтін нәрсе – оның барлық адам баласын, жаратылысты, әлемді сүйіп жырлағаны. Оның гуманизмі – шығыс әдебиетіне тән гуманизм. Қазақ ақыны жырларында дүниенің быт-шыты шығып, тұрмыста әділетсіздік жеңген заттық дүние үстемдік құрған мезгілді шығыс даналығымен қабылдайды. «Мен мұңайсам» деген жырын мысалға алып көрейік:

Біреулерге ұнамаймын, ұнаймын,

Несібесін теріп келем, күн, айдың.

Мен мұңайсам, сүйіп тұрып ұлтымды,

Адамзаттың көңілімен мұңайдым...

Тамырларға жылы қан боп тараймын,

Күн кешпеймін ақыны боп сарайдың.

Салт-санама, басымды иіп дініме,

Барлық дінге құрметпен қараймын!

Мешіттер ме, храмдар ма, шіркеу ме,

Еш қақым жоқ сенімдерді бүркеуге.

Сеніміне қарсы шығып басқаның,

Көз жасынан көл жасайды құр кеуде...

Мұндай жомарттық – бүгінде әлемге жетіспейтін төзімділік емес пе? Бүгінгі әлемнің негізгі мәселелері көп түрлі мәдениетке, көп түрлілікке түсіністікпен мәміле жасап, басқа мәдениеттерді сыйлауға ұран тастап жатады. Сонымен қатар, бірегейлік проблемасы да неғұрлым өткір. Қазір жаһанданудың құшағына жұтылып жоқ болып кетпей, әр ұлт өзін, тілін, мәдениетін сақтап қалудың жолдарын іздеуде. Мұратхан Шоқан бұл мәселеде өзінің патриот екенін ащы айғаймен айтпайды, тек шығыс елдерінің сабырымен жай ғана:

«Басымды ием исламдық ілімге,

Дұға қылам бірақ ана тілімде.», - дейді.

Онан ары қарай, өзінің құдайға ұнайтын нәрсе бұл:

«Мүсәпірді кездерім жоқ құр еткен,

Ғұмыр сүрем мейірімді жүрекпен!»

Және:

«Бабалардан қалған салтқа иемін,

Жөнін білем обал, сауап, киенің...», -

деген ойын білдіреді.

Мұратхан Шоқанның өлеңдері маған ата-бабаларымыз өмір сүрген аймақта гүлденген мәдениетті құрған, поэзияның асыл әлемін жаратқан ғұлама софист ақындарды еске салды. Мұратхан Шоқан Ахмет Яссауи, Низами, Әлішер Науаи, Хафиз Ширази сияқты ұлы данагөйлер аяқ басқан жерде туып-өскен

Мұратхан Шоқанның шығыс мәдениетінің өкілі ретінде, осы ретсіз, тұншығып қалған әлемге сол софисттер секілді терең ақыл-оймен, үлкен махаббатпен, дүниеге соншалық мейіріммен, сабырлылықпен қараған қазақ ақыны атынан ғана емес, бүкіл шығыс әлемінің ақыны ретінде дүниеге айтатын өз сөзі бар.

Ақынның өзі, менің пікірімді растағандай, "Түсінемін жаныңның тазалығын"өлеңінде:

Білмеймін саған сірә не берейін,

Бір көрем сеніменен не көрейін?

Қаласаң Хафиз жазған иранбақты,

Ұстап ап уақытты шегерейін

Ғасырды қара нардай шөгерейін.

Елеңдеп екеумізге құлақтар,

Бас исін гүл біткеннің құлап бәрі.

Бәлкім бір жақсы жырға себеп болар,

Хафиздің шөлін басқан бұлақтары.

Мұратхан Шоқанның поэзиясында қазіргі жаһанданған интеграцияланған әлемде патриоттық сезімдерді жоғары адамгершілікпен бірге қарастырылады, ал ұлттық бірегейлік мәселесі толеранттылықпен бірге қарастырылады. Қазақ ақынының ерекшелігі де, артықшылығы да осы деп есептеймін.

Гүлзада Станалиева

Филология ғылымдарының кандидаты,

әдебиетші, «Манас» қырғыз-түрік

университетінің аға оқытушысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар