Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Тұрдыхан Айдарханұлы. Ғарыш жақтан келгендей бір о...

02.04.2022 3000

Тұрдыхан Айдарханұлы. Ғарыш жақтан келгендей бір ой ағып... 12+

Тұрдыхан Айдарханұлы. Ғарыш жақтан келгендей бір ой ағып... - adebiportal.kz

Сол қырда...

Сол қырда сағым қуып сандалған ән,

Сездің бе, менің әнім арман далам.

Сәбилік қалған еді тәтті елесің,

Үміттің жібін ұстап жалғанбаған.

Қайран шақ қалай ғана ұмытылады,

Ойға алсам жанарыма мұң тұнады.

Ойнақтап бұзауқандар сонау сайда,

Сезім боп жүрегімде жүрсің әлі.

Алысса алапат бір сезімменен,

Бозбала ымырттағы жоқ іздеген.

Жарысса қозы – лақтар үйге қарай,

Қой жайған атам келер өгізбенен.

Түтіні түтеп өмір шаңырағы,

Қараша үй кешкі арайды жамылады.

Маңдайшадан үздіге қарайтұғын,

Аяайды сол аруды жаным әлі.

Армысың қозы жайған көк жүрекше,

Аспанын тыныштықтың мөлдіреткен.

Ауылға ат ойнатқан ол кім еді?!

Түсіріп тарихымды шерлі кепке.

Ырғайлы сай, ұшқатты, тобылғылы,

Өзіңмен қымбат еді – ау өмір құны.

Қарт терек жар басында қалжыраған,

Шертеді өткен күннің не бір мұңын.

О, шіркін! Тұнық дүние бақ қайнаған,

Кім еді несібемнен қақпайлаған?

Ырымдап ізгі ниет жүрегімен,

Бастаудың басына апам ақ байлаған.

Тепсіген теріскейім күреңселі,

Жанымның жәннәті деп білем сені.

Қуылған ұжымағынан пендең едім,

Көгіне көтере алмай жыр еңсені.

Қарсы алған таудың таза таңын ғажап,

Балалық жүрегің - гүл, бағың да абат.

Жанымды әлсін - әлі жазалайды,

Жартастың жаңғырғаны жадымда қап.

Халық әні

(Ықылас ожайға)

Айтамын деп қазақтың қазынайын,

Тағдырымнан тартпадым аз уайым.

Әуелете шырқашы халық әнін,

Ауырудан аз уақыт жазылайын.

Аспандата шырқасаң халық әнін,

Қатпарынан тарихтың табыламын.

«Ағажайдай» естісем есіл мұңын,

Алтын Алтай өзіңді сағынамын.

Сағынамын тауыңды, өзеніңді,

Ертіс бойын еңселі еменіңді.

Сары атанның бұйдасын соза тартып,

Көшім асқан Көккейкең кезеңімді.

Көзіңде үміт, кеудеңде қазына жыр,

Арғы бетте бауырым сағына жүр.

Үріккен аққу секілді тағдыр деген,

Қайта айналып қонбаған сазына бір.

Біле тұра жалғанның жалғандығын,

Таусылмайды жанымның арман мұңы.

Қара таңба басылып маңдайыма,

Қорғасыны құйылған таңдайыма,

Біржан салды арбаға таңған күні.

Ақан жоқтап жатқанда құлагерін,

Шуламадың, шұрқырап ұлар елім.

Селкілдеген серінің зарын еміп,

Жанарда жас, ішімнен тынар едім.

Қазақ қанша құлады Құлагерің?!

Жанға батып заманның зобалаңы,

Басылмады көңілдің көп алаңы.

Мекенінен үркіткен кімдер екен,

Айғыр үйір жылқымды көгалалы.

Біздің тарих толағай бұлты қалың,

Қонады ертең бабамның жұртына кім?

Әуелемей қалса егер қайран әнім,

Қанатымның білемін қырқыларын.

Қонады ертең бабамның жұртына кім?

Болмыс

Өзгертіп өмір реңін,

Өтеді жылжып күн – айлар.

Мәңгіріп кетті білемін,

Мәңгілік деген құдайлар.

Кетеді кейде ми қатып,

Өмірдің жолы жұмбақ тым.

Ұсынбай уақыт сыйға түк.

Қысылып кетем қымбаттым.

Арқамда тірлік азабы,

Құртады талай мысымды өр.

Желіккен желдің мазағы,

Алтыннан құйған мүсіндер.

Аспаның бір күн қуарып,

Ұятын жерге төгеді.

Сарқылмас көлің суалып,

Табынған тауың шөгеді.

Азайып кетті жақсылар,

Өмірге қылмас қиянат.

Жалғанда мүлде жоқ шығар,

Табаның тірер тиянақ.

Соңғы сөз

Ғарыш жақтан келгендей бір ой ағып,

Маңғаз таулар мекіреніп қояды.

Шүлен таңның жатыр мынау жыр – далам,

Шұбатылған шұғыласына боялып.

Жырдан басқа бермегендей құдай түк,

Тастайды өмір кейде мені мұңайтып.

О, ұлы сөз! Күлтегін боп тірілген,

Жыр болмаса береді оны кім айтып?!

Жырсыз ғалам тірлік үшін кем құны,

Ақын айтар ақиқат бар ендігі.

Қазтуғанның жырыменен еңселі,

Жырау қазақ даласының елдігі.

Тарихымды жырмен септеп жоғалған,

Құздар жайлы құшақтадым мол арман.

Дара шыңдар барасыңдар алыстап,

Аппақ басы бура бұлтқа оранған.

Ошақтардан оты сөнген мұң үрлеп,

Асқынғанда астамдықтар іріңдеп.

Құранындай құба дала құмдардың,

Ақын айтар соңғы сөзді күбірлеп.

Есілім – Ертіс

Бала күнді өткізіп жағаңда біз,

Жас сәбиің кешегі саналғамыз.

Ағысыңнан өркешті жыр алғамыз,

Мөлдіріңнен Тұп-тұнық ән алғамыз.

Толқыныңдай шұбырған санамда сан,

Сағыныш бар,

жетемін саған қашан?

Балаң болып аңсадым құшағыңды,

Анам болып Ертісім алаңдасаң.

Бағып мынау Тағдырдың қас-қабағын,

Жыр жазамын жоқ енді басқа амалым.

Тайдай тулап арда емген құрық көрмей,

Дүрсілдейді жүрегім ырық бермей,

Секілденіп айдындағы ақ сазаның.

Толқын жырын бейуақта тыңдап аққан,

Жағаңа кеп мен едім мұңға батқан.

Есіл Ертіс кеудемді шымырлатып,

Тамырымда қанымсың тулап аққан.

Армандайды, аңсайды босқа балаң,

Кекілді күн, кең дәурен хош бол аман.

Оңашада кінәсіз ойға батқан,

Жолаушыңдай едім мен жоқ қараған.

Сағынышым мәңгілік

Төрелігін айтқанша қазы – жалған,

Бір жаңалық күтеміз тағы да алдан.

Көшпелі алтын сияқты күн дегенің,

Өтіп кетсе, әрине, жазың арман.

Көшпелі алтын секілді күн дегенім,

Ол мезгілдің дерексіз мүрделері.

Сұлулықтың тұрақсыз болатынын,

Қайтқан құстан күздегі білген едім.

Су күлкісін сағынған гүл ырғағын,

Шырын түстің құрбаны шыбын жаным.

Көремін де мұңайып қалам ылғи,

Көз алдымда күндердің құбылғанын.

Көктемдердің көңілім құшты бағын,

Көбелектей күздерім ұшты бәрі.

Жаздың әнін жырлайды шегірткелер,

Қыстың әнін айта алмай қыстығамын.

Табиғаттың қойылған көрмесіне,

Тасқа айналған жүрегім, пендесі мен.

Сағынышым жылайды жаны жасып,

Уақыттың итеріп кеудесінен.

Қаракөлде бір қыз бар

Дүриә мешпет жарасып дүр жамалың,

Күлкіңдей боп сыңғырлап сырғаларың.

Тереңіне тартатын ойларымды,

Қаракөлдей тұңғиық түн жанарың.

Үйің бізбен көрші еді әудем жерде,

Аузым бармай қиналдым сәулем дерге.

Қарай-қарай ауылыңнан аттанушы ем,

Қара арғымақ астымда сау желгенде.

Үйіңе кеп шай ішкен бозбаланың,

Қайсысына білмедім көз қададың.

Жақсылыққа жоримын өзім іштей,

Неге тарта береді оң қабағым?

Қаракөлдің саялы көк терегі,

Сеніміне Жанымды көп бөледі.

Содан бері үйіңе көп келемін,

Сезбеген боп жүресің ештеңені.

Қаракөлдей тұңғиық түн жанарың,

Қозғап еді жанымның мың ғазалын.

Дүлдүл мініп қолыма құрық алып,

Махаббаттың жүректе сыры жанып,

Іздеп шығам өзіңді түсімде ылғи,

Алаулаған ақ маңдай жыр жамалы,

Қаракөзі қайда деп бұл даланың?!

Аңсау

Елік мүсінің елітеді жанды,

Жарқырап жаздай жамалың.

Ертістің қызы ертегі мәңгі,

Еркесі едің даланың.

Лапылдап жанған ләйлім-шырағым,

Жүректің қайда жылуы.

Сезім дейтұғын сертке суарған,

Семсердің жүзі суыды.

Санамды жайлап сағыныш мүлде,

Аңсадым алыс тәтті шақтарды.

Махаббат шарабын қанып іштім де,

Есіме алдым пәк құшақтарды.

Көктем де келді көгілдір жүзді,

Көк өрім талдар көп бүрлеп.

Көктемгі сеңдей көңіл бұзылды,

Тек өзің жаққа кеткім кеп.

Ертістің қызы есімде әлі,

Сендік деп кеткен жүрегім.

Абыз даланың арғымақ мініп,

Аңызға сенген ұлы едім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар