Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Тұрдыхан Айдарханұлы. Жалғыздықтан кейінгі жалғызд...

12.04.2020 3376

Тұрдыхан Айдарханұлы. Жалғыздықтан кейінгі жалғыздық 12+

Тұрдыхан Айдарханұлы. Жалғыздықтан кейінгі жалғыздық - adebiportal.kz

Әрбір өнердің өсу-өркендеу жолы болатындығын ешкім де жөққа шығармайды. Кесек шығарма бір-ақ жолда аспаннан түсе қалмайды. Ол үшін белгілі бір барыстарды, заманды басып өткесін кемелденетіні де айқын. Сол сияқты әдебиетімізде көшбасшы болып алғаш қолына қалам алып, әңгіме, роман жазып, халықтың рухани дүниесін оятуға ұмтылған, бүгінгі күні егделеген алдыңғы аға буын бір шоғыр жазушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Себебі қоғамдық қысым мен қиын кезеңдерде халық алдындағы өз борыштарын өтеуге ұмтылған қайсар, жан кешті қалам иелері. Әрине бүгінгідей өзіндік даму беталысы бар әдебиетіміздің іргетасын қалап, біздің жел жағымызға ық болғанын әрқашан мақтаныш етпей тұра алмаймыз. Мақаламызда айтпақшы болып отырған жазушы Жұмабай Біләлұлы да дәл осы қатардағы сақа жазушыларымыздың бірі.

Бейнетқор жазушының «Жетіқарақшы» аталар әңгіме-повесттер жинағы да қолымызға тиді. Бұл жинақ негізінен қазақ әдебиеті аталатын әдебиеттің сорпа бетіне шығар, Бір құнды құрамдас бөлімі десек те артық айтқан болмаспыз. Алайда мақаламыздың мақсаты жазушының барлық шығармасына баға беру емес, қайта жақынғы жылдарда жариялаған «Арулар» атты романы туралы ғана өз. Ой-пікірімізді шаманың келісінше жеткізіп, романның өзіміз сезіп білген кейбір жаңалықтары мен өзгешелігі туралы барлық оқырман қауыммен ой ортақтастыру.

Жазушы Жұмабай Біләлұлын өз басым ес біліп, хат танығаннан бері қарай білем десем артық емес. «Қоңыр таудың күңгірі» атты әңгіме-повесттер жинағын балаң көңілмен қайта-қайта оқығанымыз күні бүгін есімізде. Бір жазушының жаңа шығармасын алғаш оқығандағы әсер оқырман көңілінде мәңгілік сақталып қалатыны шүбәсіз. Сонымен алғашқы әсерден арыла алмай, енді қандай жаңа шығарма ұсынады екен деген тәтті тілекпен жүретінің де шындық. Мінеки бұл жазушының бойындағы дарын қуаты мен өміршеңдік күшінің айғағы есептеледі. Ол бір шығармадан енді бір шығармаға қарай биіктеп отырады да, сонымен бірге оқырман санасы да өседі деген сөз. Ал оқырман санасының өсуі барлық шығармаға болған рухани сұраныстың артуы болып табылады. Ендеше, оқырман санасын өсіру тек талантты жазушыға ғана байланысты іс. Бір дәуірдің айнасы болған осынау қатпары мол, құлашы кең жаңа шығарма туралы айту біз үшін де оңай шаруа емес. Шығарманы боршалаған яки талдаған осы екен деп ауызымызға келгенді айта берсек, онымыз ой формасы күрделі келетін жазушы санасына жүк әрі былайғы оқырман қауымға қиянат болады. Бізде әрқашан оқырман мәдениеті, сыншы мәдениеті деген сөзсіз болу керек. Ендеше, сыншы алдымен автордың ой-сезіміне, танымына құрмет ету керек. Себебі, автор, оқырман, сыншы ортасында оңайшылықта байқалмайтын нәзіктік бар. Сондықтан бұл жерде әркім әрқандай шығарманы өз сезімімен өзінің жеке пікіріне қарай бейімдеп жұлмалай беру ешбір мәдениеттіліктің белгісі емес. Шамаңыз келсе, автордың айтпақшы болғаны жайында, шығарма ақиқаты жайында өз ой-сезіміңізді шалқыта жеткізіп, оқырманды ой әлеміне бастай алсаңыз, оның өзі бір ғанибет саналар еді. Енді неде болса «Шешінген судан тайынбайды» дегендей, шығармадағы асау сезім мен ақ бұрқақ ағыстың толқынына өзімізді бір мезет тоғытып көрейік. Жағаға шыға алмасақ, былайғы оқырман қауым кешірер деген ізгі тілектеміз. Оның үстіне «Арулар» романы бірер мақаланың көлеміне ғана саятын шығарма да емес. Сондықтан жекелік пікірімізді айтсақ, бұл да сол шығарма туралы аз да болса қосылар үлес болар деп ойлаймыз.

Аталмыш «Арулар» романында негізінен әдебиеттің адам тағдырындағы адам жанының асылы мен жасығы, ізгілігі мен пасықтығы, мидай шатасқан құпия жан әлемін бетке ұстай отырып, оған үңілу арқылы адамды адамдық қалпында бейнелеу. Сондай-ақ еркін ойлай алатын, шынайы жаны мен көңіл-күйі бар тірі кейіпкер жаратуды мақсат тұтады. Шығарманы белгілі жүйеге бағындырып, ал кейіпкердің жан сезімін тоқтау суға қамаған шабақтай етіп тар өріске қамап қоию ешқашан өрісті жазушының ісі емес. Мұның бәрі де қаламгердің ой шеңберіне саятын мәселе. «Арулар» романынан алғаш байқағанымыз, ой кеңдігі мен пікір сонылығы. Жазушы тағдыр атты жұмбақ әлемге сапар шеккен жалғыз атты жолаушыдай хиял әлемінде еркін самғайды. Бүгінгі экономика жер шарыланған дәуірде, әрине, жазушының да ой өрісі биік белеске көтерілмесе, жаңа шығарманың яки сауатты шығарманың туылуынан сөз қозғауға қайдан болсын? Сондықтан да роман дәуірдің өз пірезенті болып қалу үшін дәуірге сәйкес туылуы керек деп білеміз. «Арулар» романы жоғарыдағыдай кең өрістілігімен, сондай-ақ кейбір қасаң қағидаларды бұзып өтіп, адам жанының терең түкпіріндегі құпиялығын ашудай жаңалықтарымен дәуірдің төл перезенті болып, қалам иесі сол дәуірдің жыршысына айналып отыр.

Әдебиеттің адам сезімінің не бір тереңдеріне үңілген сайын, қолға қалам алудың жолы қиындай түседі. Себебі, адамды емес, қоғамды жазған, өмірді емес, көмірді жазған, кейіпкердің ой-сезімін емес, оқиғаны жалаң суреттейтін, сөйтіп өмір атты өзеннің бетімен қайықтай қалқып өте шығатын шығармалар да бар. Жоғарыдағы сала құлаш сөйлемнің қортындысы «Арулар» романы адам жанын зерттеу сатысындағы жаңашыл шығарма әрі болашақтағы жаңа шығарманың мықты іргетасі десек артық емес.

Шығарманың алтын арқауы Бараншаның жесірі мен әйелі қаза болған салт судия. Осы екі кейіпкер арқылы жазушы бір емес, екі түрлі қоғамдық формациядағы сан мыңдаған адамдардың қилы тағдырын көрсетеді. Екі кейіпкер екі қоғамның екі түрлі салт-дәстүрі мен қараңғы қалтарысын әшкерлеуге мұрындық болып айта қалсын айналық ролдарын атқарады. Бұл екі кейіпкердің қоғамдық жақта атқарған ролының бір қыры болып саналады.

Енді бір қыры, қазір әлем әдебиетінде басты тақырыпқа айналып, күллі жазушының қаламына ілігіп отырған ер-әйелдің жыныстық құпиялығы туралы жазушының сезім лабыраториясындағы жіті зерттеудің арқасында барлыққа келген натижесінің қоғамдық түс алуы бір мәселе.Ендеше, екі кейіпкер бұл жағындағы шиырыққан сезімдік күйдің айғақтары. Бұдан біздің түйгеніміз адамдардың жыныстық жақтағы сезімдерінің де әр түрлі даму сатысы, Жалпы адамзат қоғамының дамуына қарай дами келе, ақырында көшеге жалаңаш шыққанын, адамдардың өздері де байқамай қалғанын зерделі жазушы айтып салады. (ал бұл алғашқы дәуірдегі санасыз тобырдың әрекетінен мүлде парықты екендігін оқырман түсінетін шығар деп отырмыз) Мінеки адамдардың жан бағу жағындағы тырбың-тірлігі саналы болғанымен, ар-ұят, рухани әлемі жағындағы іс-әрекеті ешбір санасыз, тек нәпсі мен сұрқия сезімнің рахатында дәуірлер бойы мастанып бір-ақ күнде көрпесі ашылып қалатынын білдіреді. Бұдан сүйіспеншілікке де саналы әрекет керек болатынын аңғаруға болады.

Ал жергілікті тұрғындар бөгде мәдениетті қабылдау барысында зобалаңы арылмай, өлі де санасыз қабылдап, ауызының суы құрып таңырқайды. Әйтеу жаратылыстық ғылымның біткенін техникалық тетікпен басқарып оңайластырып жібергені сияқты, енді адам баласына сүйіспеншілік жағы да оңайласып кеткен дегендей ойға келесің. Байқасақ, осының бәрі айта-айта таптаурын болған рухани сананың кемшілігінде екен, жалаң еліктеу болмысыңды күйрету деген сөз. Оның үстіне ер-әйел арасында махаббат қатынасы тек құпиялығымен ғана қымбатты құбылыс. Ол туралы қазақ ақыны Серік Ақсұңқарұлы бір өлеңінде:

Еңлік-Кебек ағып кетті жасынша,

Қайтер еді тылсым сырын жасырса.

Жан баспаған жапан сынды махаббат,

Құриды егер құпиясы ашылса!

- деген болатын. Мінеки бұл екі кейіпкердің сезімдік күй жағын аңғартатын екінші жағы.

Ал енді үшінші жағына назар аударар болсақ, қазір әлем халықтарында экономиканың жер шарылануы, мәдениеттің жер шарылануына жол ашты. Олай болатыны, экономиканың үстем орында болғандықтан ол сөзсіз мәдениетті ықпалына алмай қоймайды. Жазушы жаратқан екі кейіпкер бір-біріне қайшы екі түрлі қоғамдағы екі түрлі мәдениеттің өкілдері. Бұлардың арасында дыраммалық тартыс бар. Бұдан білеріміз экономикалық шарықтаудың мәдениетке жасаған зобалаңының натижесынде адамдарды рухани жақтан аздырып жібергендігі. Бүгінгі дәуірдің жан тамыры болған экономика қоғамды ілгерлетумен бірге, адамзатқа алуан түрлі зияны аз болмаған алапаттар ала келгендігін көреміз. Сондай-ақ мәдениеттің өңірлік, ұлттық түс алуымен қатар, әр халықта дара өмір сұратын қасиетін де аламыштап жібергенін байқаймыз. Осыны ойлағанда, ұлтымыздың тек өзіне ғана тән қыз өсіру, келін тәрбиесі жағындағы әлемдік озық өредегі салт-дәстүрін ту етіп тіктеу керектігін еріксіз еске аласың әрі бүгінгі күні оның өз мұрагерлері жағынан өзекке тебілгеніне ашынасың. Ендеше, ұлттық мәдениеттің өшкіндеуі ошақтағы маздаған оттың сөніп бара жатқанымен бірдей жұмыс әрі әр халыққа болған рухани шабуыл. Әр мезгілдегі адам қанын судай ағызған айтулы дүниелік соғыстардан да қиын. Ақын Қадыр Мырзәлінің «Бейбіт күннің өзі күрес мылтықсыз» дегеніндей, аса қауіпты жайды аңғартады. Ендігі жерде адамзат осы рухани шабуылға қалай төтеп береді мәселесі ортаға қойылады. Жазушы шығармасында халықтың көкейтесті мәселелерін көтерсін-ақ, алайда оған шығар жол тауып бере алмаса, шығарма қайратсыздық танытады. Яғни күш-қуаты жоқ, тек сезіну санасынан аса алмайтын салғырттық байқатады. Сондықтан автордың қырағы да көреген жүрек көзі ғана барлығын аңғарып, оған шығар жол іздеуге ұмтылады. Енді осы ойлар көркем шығармада бейнеленіп, оқырманды рухани жақтан оятады деген сөз. Ояну әрқандай тірліктің жаңа бастамасы. Көркем шығарманың мақсаты мен мұраты да дәл осымен құнды.

Жоғарыда адамдардың махаббаттық сезімдерінің бір қоғамды шарпитын рухани ашаршылыққа апарып соққандығы жайында типтік кейіпкерлердің іс-әрекетіне, ой-сезіміне арқа сүйей отырып өз ойымызды айттық. Енді төменде аталмыш романның оқиғалылығы мен тілі жайында да айта кетпекшіміз. «Роман бір дәуірдің айнасы» дегенді өнер сүйер қауымның бірқыдыруы біледі. Расында, роман өте күрделі кесек туынды болады екен, әрине, бір немесе, шеберлігі жеткенде, бірнеше дәуірді қамтып суреттеп берері хақ. Ендеше, тілімізге тиек болып отырған «Арулар» романы ескілі-жаңалы екі дәуірді суреттеп отырғанын оқыған адам түсінеді деп білеміз. Романда осызаманшылдық ой да басым орында тұрады. Жазушы осызаман шындығын шытырман сивжетке құрған әрі экономика мен мәдениеттің жер шарылануы сынды ұлы ауқымның адамның жан дүниесін де аздырып, алуан ағысқа апарып, дәуірдің асау толқынына тоғытып, бір бөлім бағдарсыздарды барлыққа әкелгенін ашына айтады. Ескілі-жаңалы екі дәуірді бейнелеп, ондағы адам тағдырына үңілгенде, автор ой және көзқарас жағынан айтар ойын айтып үлгірсе, романның көлемі жағынан басы артық, былайша айтқанда, бірді айтып, бірге кететін, оқиға қуалап, онан қалса, қызыл сөзді қызықтап, ақыл айтып тіпті, оқырманға белгілі заттарға түсінік беріп, ұзақ сөйлеп отырып алатын нашар әдеттен мүлде аулақ түрде қимыл жасайды. Мұндай әдет жазушыда бұрыннан жоқ дерлік тәсіл деуге болады.

Затында шынайы қаламгер екінің бірі білетін шындықты айтып шығарма жазуға отырмайды. Жалаң идеяға ғана жабысып алып, оны қан-сөлсіз оқиғаға құрып баяндап беру қаламгердің көркемдік мұраты да саналмайды. Қаламгердің дарыны тек ел көзіне іліге бермейтін тасадағы шындықты және қоғамдық кінаратты байқаумен, соған терең тұжырым жасаумен. Сондай-ақ өзі сезген жайларды төте айта салмай образдап, астарлап, тілдің мамығына орап үлпілдетіп жеткізуге тырысып, тыңнан жол іздеу. Ой мен тіл екеуінде жаңартуға күш салу десек, бұл бүгінгі көркем әдебиеттің талабына сәйкеседі деген сөз. Сондықтан да бүгінгі күні шығармаға қойылатын талап емеурінмен айтар ойды астарлап жеткізу, оқырманды ойға жетелеу әрі ойлануға мүмкіндік қалдыру. Ешқашанда бір сағаттық сабақты түсіндіргендей автор алдыға түсіп алып желіп отыру әсте емес. Егер жазушы жай адамдар білетін жайларды оқиғаға құрып, күні кешке дейін қарабайыр әңгімені суша сапырып, үртіс әуізекі тілмен баяндай берсе, онда оны қалайша халықтың жазушысы яки парасат биігі деуге болсын? ! (бір ғажабы қазіргі шығармалардың дені ауылдағы екі әйелдің от басындағы әңгімесіне ұқсап барады) . Жазушыны ауыз екі әңгімешіден парықтандыратын да оның пайым-парасат биігі болмақ. Қазір көбінде әдебиет ауқымы эссе-есте лік, өмір-баян, қатарлы жанрларға ауысып, тарихи шығармалармен өркендеп, тіпті кейде шын жазушы мен ауыл әңгімешісін айыра алмай қалатын күйге де жеттік. Ондай болса, адамзат ой-санасы үздіксіз өрлеп отырған бүгінгі күні, қалам иесіне қойылатын талап біз ойлағандай әсте жеңіл болмауы керек. Бұдан шығар қортынды қолына қалам алғанның бәрі жазушы емес дегенді асқар аталатын өнерде не құн қалды дейсің?! Ендеше, қаламгерлык жай сауатты, азырақ көркемдік иқуаты мен ебі бар адамдардың айналысатын жұмысына айналып қалмау керек.

Нағыз сөз зергерінде тұнып тұрған көркем тіл, сондай-ақ табиғатқа қатысты дара талғам, адам атаулыда екінің бірінде бола бермейтін ұшқыр қиял, асқақ рух болуы шарт. Бірер ауыз сөзбен айтқанда, қаламгер жүрегі арғы-бергі тарихтың, жаратылыс әлемінің алтын қазынасына толы болғанда ғана, парасатты шығарма өмірге келеді. Жазушы үшін тек жалаң өмір тәжірибесіне, көрген-білгеніне, өмірден түйгеніне сүйену де аздық етеді. Былайша шама келсе жалпы адамзат тарихы мен мәдениетін біршама қанық білетін білімі болса, енді оған жекелік тәжірибесі мен таланты қосылса, мұның өзі өмір көркемдігін онан ары қуатты етіп, адамдарға нәзік те сырлы, мұңлы да күйлі, сезімді елітетін көркемдік сұлулық сезімін бағыштаудан қол үзе алмайды. Үйтетіні көркем шығарма ғылми қағидалардың да үйіндісі емес. Қайта адам сезіміне қатысты биіктікпен өлшенеді. Бұл жазушының эстетикалық талғамы мен көркемдік мұратын бейнелейді. Айтылмыш «Арулар» романының ауыз екі әңгімеден ауашалығы, қарабайыр оқиғадан аулақтығы, сарнампаздық, шешендік идеясының жоқтығы, сонымен қатар естелік сипатты еске алудың да байқалмайтындығы оны басқалардан дараландырып, жаңа шығарма екендігін растай түседі.

Енді мақаламызға қойылған тақырыпқа сай, бағана сөз болып кеткен Бараншаның жесіріне қайта оралайық. Көркем шығарманы бағалағанымызда көбінесе кейіпкер образының көңіл күйін, жан әлемін ішкерлей сезінуге, былайша айтқанда, сезімдік жақтан шынайы сезе алып, оны ақыл таразысымен өлшесек, кейіпкерлердің жан дүниесіне жақындауымыз әбден мүмкін. Кейіпкерлердің жан дүниесін зерттей білу, түсіне білу, әрине, автордың қажыр-қайраты мен күллі парасат құзырына жол ашу болып табылады. Шығармадағы жас жесірдің қиыннан қиыстырылған тағдыры, тас тірлікке қарсы қайсарлығы, жанының ең тұнық сыры мен жанарынан ағып түскен кіршіксіз тамшылар, әрине, біздің өз арпалысымыз сияқты болады да тұрады. Енді арудың мөлдір жанарының моншақ мұңы тас тағдырды жібіте алмайды. Әрине, өмірдің заңы осылай, ендеше бастабында-ақ сәмбі талдай солқылдаған уыз шағында-ақ жан серігінен айырылып, тағдыр тұманында бақытынан адасқан жас жесірдің көңілін түсінер пенде барма? Мәселе осында. Егер бар болса, ол өмірді айна-қатесіз сызып берген жазушы көңілін ұғынған жан болар еді. Шығармада көргілыгі басынан асқан жас жесір көз жасын көлдете отырып, ақ батаның алдында ата-бабаның жолын берік ұстанып, мәңгілік махаббат сезімі мен бақи дүниеге кеткен арсы азаматының аруағы алдында тұл жесірлік кебін киюге разылығын білдіріп қасам ішеді. Міне бұл жазушы жаратқан кейіпкер обыразының ішіндегі бір керемет. Бұлай дер себеп Бараншаның жесірі даралығы басым тыңнан жаратылған дара кейіпкер. Адамды ойға салатыны басқа шығармаларда бас кейіпкер жесір әйел не сезімнің еркінде кетіп басқа біреумен көңілдес болады, не әкесіз ұрпақты дүниеге әкеледі. Қалайда әйел кейіпкер тағдыры туралы не қоғамнан көресің, не кейіпкердің өзінен көріп лағынат айтасың. Мінеки осындай болатын. Ал бұл шығармада автор оқырманға салмақты ой тастап, амалсыз өзіңмен өзің ғана қаласың. Жас жесірдің жанында шаңырақ мұрагері шикі өкпе ұлы қалғанына шүкір дейік! Егер ол болмағанда әлдеқалай болар еді? Шығармада ерінен мезгілсіз айырылған әйелдердің аянышты тағдыры баяндалады. Шындығында, мұндай адамдар өз ортамызда да бүгінгі күні әйтеу бір тәңіріне сыйынып жүріп жатқанын көріп те жүрміз. Ендеше, жазушыны ойландырған әлемдегі жесірлер тағдыры екендігін білген жөн. Аумалы-төкпелі замандағы жесірлер тағдыры біздің сонау арғы ата-бабамыздың шерлі шежіресіндай құлағымызда жаңғырады да тұрады. Шығармада өткен заман мен бүгінгі күннің мәселелері сөз болып, жесірлердің қым-қуыт тағдыры айтылады. Сонымен бүгінгі күннің жесірлері барған сайын көбейуде, онда сансыздаған трагедиялы тағдырлардың шығар жолы қайда? бізше, шығармадағы толғақты ой да, тоқталар мәселе де осы арада ма деп ойлаймыз.

Иә, оқырман, өмірден өз бақытын, өз несібесін іздемейтін пенде кемде-кем шығар-ау. Ендеше, өз бақытын күтіп шығар жол іздеп жанталасқан жесірлердің күні, қайшылыққа толы өмірі, аянышты тағдыры жайлы ойлап көріңіздерші! Бұл жағы романда қандайлық дәрежеде сөз болғанын «Арулар» романын бірер парықтағасын өзді-озіңізбен қалып ойланарсыздар. Адам баласын аздыратын да, құртатын да өмірге ерепайсыз өгейлік пен жападан жалғыз қалып, осы жалғыздықтан құлазу емес пе? Ендеше, автор осы бір шығармасы арқылы бізге адамзаттың күллі қасыретінің қалай келгендігін ұғындырып тұрған сияқты. Шығармадағы жесірлердің аянышты тағдыры адам баласының басына төнген қатер емес деп кім айта алады. Заманның қайғысы әрине, жазушының қасыреті екендігін осыдан-ақ білуге болады. Бұл бүгінгі шығар жол іздеп арыпталасқан сансыздаған адамның көкейінде жүрген әрі өз басынан кешкен қайғылы хал екендігі рас. Өмірдің өзегінен өріліп, заманның шыңғырған шындығын айтқан дәуірдің жыршысы шынайы жазушы ғана осындай күрделі мәселелерді айтуға хақылы екендігін романды оқығасын барып ұғынғандай болдық. Мейлі ер, яки әйел болсын, жесірлік пен жетімдіктің алды бұлдыр. Алда қандай тағдыр күтіп тұрғандығын болжауға болмайтын қатерлі жол. Жалғыздық адам пендесіне туада жабысқан қасырет емес. Десе де оны келтіріп шығарар факторларды адамдар өздері дайындап алатындығы әрине, шындық. Оның үстіне бұл арада тағдыр дегеніміз шамалап білуге болмайтын, қашып құтылуға да келмейтін болмыс. Бұл жағы шығармада шынайы көрнектіленеді. Олай болатыны ит май жемейтін заманда атағы жер жарған судия не үшін жалғызсырайды? Не үшін сергелдең тұрмысқа тап болады? Мұның өзі ешкім де шамалап білуге болмайтын оның шынайы маңдайына жазылған жазмыш екендігін судия обыразынан білуге болады. Сондықтан «Арулар» романына адамның шынайы тағдыры арқау болып, жалғыздық, жесірлік туралы мәселелер көтеріледі. Мінеки бұдан әлемге әйгілі жазушы Габриэль Гариа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романынан кейінгі өз ортамызда тағы бір «Жалғыздықтың» бой көтергенін байқаймыз. Біз мұнда автор сол шығарманы көріп, сосын роман жазуға отырды деуден мүлде аулақпыз. Сондай-ақ онымен салыстыру да ойымыз жоқ. Тек біздің де өзіміздің Маркесіміз бар демекшіміз. Сосын ұқсас тақырыпты ұқсамаған ортада бейнелеп, ұқсамаған типтік кейіпкерлер жарату арқылы жалғыздықтың сан алуан сырын ашу жағынан белгілі тамырластықты байқаймыз. Ал біздің мақаламыздың «Жалғыздықтан кейінгі жалғыздық» деп аталуының себебі де Жұмабай Біләлұлының ой өрісі кең, ізденісі мол, үздіксіз түлеп отыратын, көркемдік көкжиегі алыс, зерттермен жазушы екендігінің айғағы болмақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар