Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Түрік поэзиясы: Жүніс ЕМРЕ...

20.07.2016 5418

Түрік поэзиясы: Жүніс ЕМРЕ

Түрік поэзиясы: Жүніс ЕМРЕ - adebiportal.kz

(1240–1320)

 

ХІІІ ғасырдың ортасы мен ХV ғасырдың басында Анадолыда  өмір сүрген, исламның сопылық бағытын ұстанған түрік ақыны.  1240 жылы туылып, 1320 жылы қайтыс болған деп есептелінеді. Осынау 80 жылдық өмірінде ол көп жайды бастан кешкен, көпті көрген, көп білген. Сондықтан оның өлеңдері философиялық терең ойлы, мол мағыналы, шынайы да шырайлы болып келеді.

Жүніс Емре де Қожа Ахмет Яссауи сияқты түрік халқының жақ- сы көрген буын ұйқасын жəне жай тілді қолданады.

Аңыз бойынша Жүніс Емре үш мың өлең жазыпты-мыс. Соның бір мыңы аспанға жіберілген, бір мыңы суға жіберілген. Қалған бір мыңы ғана бізге, жер бетіндегі адамдарға мұра болып қалса керек.

ДЕРТТІ ӨЛЕҢ

 

–      Ыңырсисың, ыңқылдайсың тынымсыз, 

Дөңгелек-ау, неге мұнша жылайсың?

–      Ыңырсимын, ыңылдаймын тынымсыз, 

Қапаланып, қайғы жеңіп жылаймын.

 

Мен атандым дөңгелек деп дерті көп, 

Жандырады жүрегімнің өрті боп.

Құдіреттің орындаған серті жоқ, 

Қапаланып, қайғы жеңіп жылаймын.

 

Мөлдір суды көтеремін жоғары, 

Сонсоң көзден қанды жас боп ағады, 

Жан жүрегім сор-бейнеттен жанады, 

Қапаланып, қайғы жеңіп жылаймын.

 

Жас ағаш ем, таудан кесіп əкелді, 

Жас жанымды құртты сөйтіп əсерлі. 

Дөңгелекпін, мұңды жырға бас енді, 

Қапаланып, қайғы жеңіп жылаймын.

 

Жас ағаш ем, мені кесіп құлатты, 

Бұтағымның бəрін бұтап, жылатты. 

Дөңгелек қып суға қойды тұрақты, 

Қапаланып, қайғы жеңіп жылаймын.

 

Судың қатты ағынына орнатты, 

Күндіз-түні дөңгеле деп сорлатты. 

Бір құдайға адал бол деп зарлатты,

Қапаланып, қайғы жеңіп жылаймын.

 

Жүніс Емре! Сен ессіздің бірісің, 

Сен ессізсің, масайрайсың күн үшін. 

Сен құдайдың басыбайлы құлысың, 

Қапаланып, қайғы жеңіп жылаймын.


 


 


 

*   *   *


 


 

Шындық терең теңіз ғой, ашықтарға сол керек, 

Терең теңіз түбінде асыл тастар жатады.

 

Терең теңіз болдық біз, маржан теріп алдық біз, 

Сол шын асыл тастарды кім қалай деп атады?

 

Сыр сақтай біл ішіңе, істесең де қандай іс, 

Сақтауға сыр ер керек, Ғалидай бар атағы.

 

Мұхаммед танып құдайды, бір құдайға сиынды, 

Көз керек оны көруге, əлемге нұрын шашады.

 

Ашықпын ғой: мен де бір өзімше дұға оқыдым, 

Оған-дағы ер керек, кім қалай мейірім жасады.

 

Кітапты ғалым жазады ақ қағазға сиямен, 

Кітаптағы сүрені жүрегіне əркім жазады.

 

Екі жүзді сопылар бұл маңайда жүрмесін, 

Құдайға құл болмаған өзінен-өзі тозады.

 

Құдайдың өзі жүректе, ал сөздері Құранда, 

Құдай көкте, махаббат одан да биік тұрады.

 

Ойымда жоқ ешнəрсе, менің есім ауысты, 

Махаббат оғы тиді де, жаралы жүрек жылады.

 

Сорлы Жүніс ал енді көздің жасын төге бер, 

Бақытсыздар еріксіз ол дүниеге мойын бұрады.


 


 


 

МЕНДЕЙ СОРЛЫ БАР МА ЕКЕН?..


 


 

Мынау жердің бетінде 

Мендей сорлы бар ма екен? 

Қаңғыған желдің өтінде, 

Мендей сорлы бар ма екен?

 

Румге бардым, Шам бардым, 

Жоғарғы елде сандалдым, 

Кезіктірмедім ешкімді, 

Мендей сорлы бар ма екен?

 

Ұстазым-ау, дүниеде, 

қаңғыбас ешкім болмасын, 

Қайғыменен қан жұтқан, 

Мендей сорлы бар ма екен?

 

Жанарына жас толып, 

Қаңғыбас зар еңірейді. 

Алдынан жұлдыз жанбаған, 

Мендей сорлы бар ма екен?

 

 

Мен жалғызбын жалғанда, 

Өліп, көрге барғанда, 

Табам ба көрден бір туыс, 

Менен сорлы бар ма екен?

 

 

Бір қаңғыбас өлді деп, 

Хабар жетер үш күнде, 

Жыламас сонда ешкім де, 

Мендей сорлы бар ма екен?

 

 

Сонда Жүніс не істейсің? 

Қала кезіп қаңғисың, 

Қысы-жазы қаңғыған

Мендей сорлы бар ма екен?

 


 


 

*   *   *


 


 

Ей жарандар, ей құрдастар, 

Айтыңдаршы, қандай едім. 

Махаббаттың мұхитында 

Енді міне жүзіп жүрмін.

 

Жер, дүние жаралмастан 

бұрын бəрін көрдім дағы, 

Жаратқанның құдіреті 

көріп көзбен, жүзін білдім.

 

Мұны сезер білген адам, 

таза ұстасын бойын сілкіп. 

Іштей нəзік құпияны, 

Оятпасын тағы түртіп.

 

Төрт кітапты түгел оқып, 

ешқайсысын таңдамадым. 

Жүрегіме қонды енді 

Құранды оқып, тыңдағаным.

 

Жүз мың құлдың бəрі-дағы 

бақытсыз ба мына мендей. 

Мен жұмаққа сұлтан болдым, 

Бір орында тұра бермей.

 

Мені өзі сақтады да, 

құдіретімен тұрды қорғап. 

Махаббаттың арқауы боп, 

Жанына оның кірдім сорлап.

 

Жұлдыз болдым аспандағы, 

періште боп ұшып жүрмін. 

Жасағанның құлы болып, 

қасиетін енді білдім.

 

Жүз жетпіс мың періштенің, 

қатарға кеп бəрі тұрды.

Жəбірейілді көрдім сонда,

Жырымменен болды нұрлы.

 

                            Бір құдайдың дəл тоқсан мың 

Хабибтей боп сөзін білдім.

Отыз мыңы құпия сыр 

екенін де сезіп тұрдым.

 

Мен Жүніс боп жаралмастан,

білмес едім мұның бəрін.

Махаббаттың мəңгілікке 

енді білдім мұңын, зарын.

 

 ***


 

   Махаббатқа алаң болдым, 

   Маған сен керексің, сен.

Күн-түн демей жанар болдым 

Маған сен керексің, сен.

 

Тоқшылыққа қуанбаймын, 

Жоқшылықтан қыңа алмаймын, 

Сенсіз əсте тұра алмаймын, 

Маған сен керексің, сен.

 

Махаббатың ажал сынды, 

Аяу білмес тажал сынды, 

Жүрегімді жазар мұңлы, 

Маған сен керексің, сен.

 

Шарабыңнан ішсем деймін, 

Мəжнүн жолға түссем деймін, 

Болар еді түссе пейілің, 

Маған сен керексің, сен.

 

Сопы сүйер əңгімені, 

Емшек сəби бар білері,

Мəжнүнге қат Лəйлі еді, 

Маған сен керексің, сен.

 

 


 

Өлсем егер қан майданда, 

Тəнім күлге айналғанда, 

Аһ ұрмасқа айлам бар ма, 

Маған сен керексің, сен.

 

 

Жəннат бағы десең қалай, 

Хор қызы һəм биік сарай. 

Алсын, пенде сүйіпті қай, 

Маған сен керексің, сен.

 

 


 

Жүніс болар атым менің 

Өр де едім, батыл да едім, 

Екі дүниеде шақыр дедім, 

Маған сен керексің, сен.

 

 

 

 

КӨРШІ, МАҒАН НЕ ІСТЕДІ МАХАББАТ

 

Махаббатым кейде мені жандырды, 

Енді бірде жүрегімді қан қылды,

Күн тынышта есі ауысқан жан қылды, 

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Енді бірде жел тəрізді есемін, 

Енді бірде сел сияқты көшемін.

Бірде өзімін шаңы шыққан көшенің, 

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Ағын судай сарқырармын бірде енді, 

Енді бірде тердім қырдан гүлдерді. 

Көз жасымды сүртуді əсте білмен-ді, 

Көрші, маған не істеді махаббат.


 


 

Өзің бүлін демессің һəм бүлдіргін, 

Қолыңды бер, қасиетіңді білдіргін. 

Көп жылаттың, енді мені күлдіргін, 

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Өмір мынау елден-елге сабылды, 

Жат тілде де айтармын-ау зарымды. 

Бөтен елде кім біледі халімді, 

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Жан болғасын Мəжнүн болып шегер мұң, 

Аяулымды түсімде де көрермін, 

Оянғасын тілден уды төгермін,

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Байғұс Жүніс атым болды бүгінде, 

Денем дертті, əл қалмады жүруге, 

Достарым да ақымақ деп күлуде, 

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

 

 

МЫНА ƏЛЕМНЕН КЕТЕМІЗ

 

Мына əлемнен кетеміз, сəлем болсын қалғанға, 

Сəлем болсын біз үшін қайыр дұға қылғанға.

 

Ажал алып алқымнан, күрмелгенде тіл мен жақ, 

Сəлем болсын көңілді келіп сұрап тұрғанға.

 

Жаным ұшып кеудеден, тəн қалғанда жалаңаш, 

Сəлем болсын тəнімді таза қылып жуғанға.

 

Тамырдағы қан құрғап, Əзірейіл төнгенде, 

Сəлем болсын кебінге орап жайлы салғанға.


 


 

Ең ақырғы сапарым, енді үнсіз жатамын, 

Сəлем болсын қабірге бізді алып барғанға.

 

Бұл араға келгендер жолға түсер оралмас, 

Сəлем болсын халімді келіп сұрап тұрғанға.

 

Хақты сүю – ғашықтық, дауа табу дертіңе, 

Сəлем болсын біз үшін қайыр дұға қылғанға.

 

Міскін Жүніс сөзі осы, жанар толы қанды жас, 

Сəлем болсын білгенге, білмес жүрмес бұл маңда.

 

Аударған Əмірхан БАЛҚЫБЕК


 


 


 

Дəруіштер айтар маған, 

Сен дəруіш бола алмайсың. 

Диуана-көңіл байқалмаған,

Сен дəруіш бола алмайсың.

 

Дəруіштің басы болар, 

Көзінен аққан жасы болар, 

Қойдан жуас, момын олар, 

Сен дəруіш бола алмайсың.

 


 

Жауласқанмен жұлыспаған, 

Дауласқанмен ұрыспаған, 

Дəруіштер жұғысты адам 

Сен дəруіш бола алмайсың.

 


 

Өлең айтып, еліресің, 

Болмашыға берілесің, 

Кеуде  қағып,  керілесің, 

Сен дəруіш бола алмайсың.


 

Кеудең көкке айналған ба, 

Мақтанбаған пайғамбар да, 

Қиқар мінез, жалған бар да, 

Сен дəруіш бола алмайсың.


 

Шындық саған кəсіп болмай, 

Кəміл пірдің көңілі толмай, 

Хақ Тағаладан нəсіп болмай, 

Сен дəруіш бола алмайсың.


 

Дəруіш Жүніс болып көрші, 

Теңіз түбін шолып көрші, 

Тұңғиығына жете алмайсың, 

Сен дəруіш бола алмайсың.

 

Аударған Дархан ҚЫДЫРƏЛІ

 

 

 

ЖАН ӨЛМЕЙДІ

 

Жаны таза пендеге Аллам өзі дем берер, 

Тура жолды тапқанға мəңгі өмірге жол берер.

 

Жан шыққанда кеудеден – соңыңда із, шаң қалар, 

Денең жерге көміліп, кеңістікте жан қалар.

 

Кейбір дінсіз дүмшелер, мақтау сөзге мастанар, 

Құдай нəсіп қылмаса тозағына аттанар.

 

Қайран көңіл айнадай нəзік болар, сырласым, 

Мықтап ұста сен оны, қолдан түсіп сынбасын.

 

Абай болғын жəне де Тəңір берген кесеңе 

Өздігінен толмайды ол, жақсылықпен еселе.

 

Өз ісіңе адал бол, Жүніс – арсыз демесін, 

Өткеннен соң өмірден, қайдан қайтып келесің?..


 


 


 


 

ҚОРҚАМЫН

 

Уа, ағайын, дос-жаран, мен қорқамын өлімнен, 

Арқалаған күнəм көп, көрім жақын төрімнен.

 

Барлық күнəм өлгенде, көз алдыма тартылар, 

Ақыретті ойласам – өне бойым қалтырыр.

 

Қызығына баттым да мына фəни-жалғанның, 

Құлдық қылмай Құдайға, кір нəпсіге арбалдым.

 

Бет-пердеңді ысырсаң, Қайран Жүніс – күнəң көп,

Шын сыйынсаң Бір Алла кешіреді – күмəн жоқ!

 

 

 

СҮЙЕМ СЕНІ

 

Күллі əлемге жайлы нұрын таратқан, 

Жаннан артық сүйем сені Жаратқан!

 

Мен – мен емес сияқтымын, шегім бар, 

Өзегімде менен өзге «менім» бар.

 

Дүниеде барсың Ием, сеземін, 

Бір өзіңе зəру боп тұр өзегім.

 

Көре алмаймын ішімдегі «өзімді»,

Құр сүлдерім кезіп жүр бұл өмірді.

 

Күмəнсіз ғой Жаратқанның дерегі, 

Бірақ діннің кім теріп жүр дəнегін?

 

Қай пендеге түссе Алланың назары, 

Көгінде оның Бақ жұлдызы жанады.


 


 

Маған деген махаббатын Алланың, 

Бағамдауға жетпейді ғой талғамым.


 


 

Асыл дінді мансұқтаудан тыйылам, 

Бір Аллға шексіз сенем, сыйынам!

 

 

 

САБАҚ АЛ...

 

Адам – пендем, бір сабақ, Алғың келсе Өлімнен.

Тірлігіңде пұл санап, Босқа өтпегін өмірден.

 

Аруақтың көрдегі, Қалды қандай амалы? 

Осыны ойла сен де бір, Тірлік етіп саналы.

 

Байлар қайда бұрынғы, Байлығына сыйынған? 

Оларға да бүгінгі, Бейіттен жер бұйырған.

 

Ханзадалар қайда асты, Хан сарайға сыймаған? 

Көрге олар да жайғасты, Құм төсегін жимаған.

 

Қай жақта жүр шашырап, Сұлу қыздар – асыл жан? 

Олардың да топырақ, Айдай жүзін жасырған.


 


 

Кішік пенен ұлығым, Теңеседі көмген соң. 

Бегі қайсы, құлы кім, Маңызы жоқ өлген соң.

 

 

 

НƏПСІ

 

Бір Аллаға сыйынған дос-бауырға жанасам, 

Қайда барсам солармен бірге жүріп жол ашам.

 

Бір күні мен жан беріп, дүниемен қоштасам, 

Мүмкін, сонда пейіште періменен достасам.

 

Таза, жұмсақ киіммен мəңгі жүру жоқ маған, 

Құмнан төсек салынып, тас жастықты жастанам.

 

Жаман қара ниетті арқандасам деп едім, 

Тыйып нəпсі қалауын талқандасам деп едім.

 

Қасиетін Алланың терең ұғып, білмеп ем, 

Тазартатын кез жетті жан мен тəнді кірлеген.

 

Аударған Алмат ИСƏДІЛ

"Түрік поэзиясы" кітабынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар