Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Түркілік танымды түлеткен ақын...

27.10.2020 4076

Түркілік танымды түлеткен ақын 12+

Түркілік танымды түлеткен ақын - adebiportal.kz

Халқымыздың «бай мәдени мұрасы – қазақ әдебиетінің» сан ғасырлық тарихы бары баршаға аян. Ежелгі сақ, ғұн дәуірлерінен бастау алған, Орхон – Енисей ескерткіштері мен халық әдебиетіндегі көптеген жыр жауһарлары – қазіргі төл әдебиетіміздің бастау көзі, қайнар бұлағы екендігі шындық. Одан бергі орта ғасыр әдебиеті мен қазақ хандығы тұсындағы жыраулық поэзия – бүгінгі әдебиеттің тамырының тереңде жатқандығының айқын көрінісі.

Қазақ әдебиетінің жетілген, ұлттық, жанрлық, стильдік, көркемдік ерекшеліктері үздіксіз дамып отырған арналы саланың бірі ол – поэзия. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары поэзияның, әсіресе қазақ лирикасының керегесін кеңейтіп, кемелденуіне Ғ.Қайырбеков, С.Жиенбаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Мақатаев, Қ.Шаңғытбаев, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев т.б ақындар айтарлықтай өз үлестерін қосты. М.Әуезовтың «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген тұсы да осы еді.

Осы қатарда ұлттық поэзияның көшін алдынғы толқын ағаларынан кейін жалғастырған Темірхан Медетбек, Несіпбек Айтұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржанов, Сабыр Адай, Жәркен Бөдешұлы сынды ақындарымызды айтуға болады.

Әдебиеттің қоғамдық ой – санаға белсене араласуы, әсіресе халық басына күн туған қысылтаяң кезде анық көрінді. Қылышынан қан тамған кеңес өкіметі кезінде «көк бөрі» болып ұлып, бағзы бабаларының рухын іздеп, шындықты жырлаған ақындарымыздың бірі – Серік Ақсұңқарұлы. Жазушылар одағына бір ғана кітабымен мүше болған ақынға қазақ әдебиетінің классиктері – Ғафу Қайырбеков, Шерхан Мұртаза, Серік Қирабаев, Қуандық Шаңғытбаев Тұманбай Молдағали, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шахановтар ақ батасын беріп, жолын ашты. Алғаш «Қасқырдың монологымен» қалың оқырманның жылы лебізіне бөленген ақын бүгін де сол биігінде келе жатыр. Кеңестік заманның тигізген кесірі ақынның адуынды жырларының тууына түрткі болды.

Серік Ақсұңқарұлының бар өмірінің айнасы – өлеңі. Өлеңдеріндегі асқақ рух бұл көктен түсе салған дүние емес, өз тарихын тасқа қашап жазған бағзы бабаларымыз Күлтегін, Тоныкөктерден бастау алып, аузынан от шашқан жырауларымыз Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет толғауларымен жалғаса келіп, өр ақынымыз Махамбет, «Бөрлі менің байрағым», - деп жырлаған Сүйінбай ақын поэзияларымен ұштасып, жиырмасыншы ғасырдың өрт ақыны Қасыммен үндеседі.

Ақын поэмаларының көбі өмірден өткен ірі тұлғаларымыз бен халықтың басынан кешкен қиын да қасіретті кезеңдеріне арналған. Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин сияқты ұлы қайраткерлеріміздің адами, тұлғалық келбеттерін аша түседі. Ірі тұлғаларды жырлау үшін ақынның өзі де ірі болуы керек. Ал, осы айтқан ірілік Серік Ақсұңқарұлының бойында бар десек қателеспейміз. Ақынның өзіне тән асаулығы, мінезі болуы бұл заңды құбылыс.

Ақынның тағы бір ерекшелігі - өте білімдарлығы. Еуропа, әлем әдебиеттерін еркін меңгерген. Қай кезде де шындықты шырқыратып, әділдікті ту еткен ақын тәуелсіздік алмастан бұрын да, тәуелсіздік алған тұста да бір көзқараспен өлең өріп, өмір сүріп келеді.

Серік Ақсұңқарұлы поэзизиясының ең басты өзектілігі тарихпен байланыстылығы. Ешкімге бас имеген «Көк бөрілік» рух. Алаш азаматтарының азалы келбеті мен асқақ бейнесін қоладан құйғандай ғып ұрпақтың жүрегіне орнату, жер бауырлаған ұлттық рухымыздың басын көкке көтеру.

«Қазақ деген - Кенесары, денесі – бар, басы - жоқ», - деп бұрынғының жырауларындай күңіренген арқалы ақын атақты Аңырақайды айтып аңырайды, атом аждаһасының апаны астындағы Абыралы апатын еске алып, зар илейді, киелі Ұлытаудағы ер Едігені ұлықтап, қайтпас қайсар хан Кенесарыны, ел еркесі Мәди мен ержүрек Кейкі батырды жоқтайды. Құдайдан басқаға басын имеген өр халықтың бойына бітіп, сүйегіне сіңген мінезді ұлдары кешегі жыраулардың ханның алдында именбей қасқайып тұрып сөйлеген өткірлігін жиырмасыншы ғасырдың соңы мен жиырма бірінші ғасырды жалғап жатқан Серік Ақсұңқарұлы поэзиясынан анық көре аламыз.

Көшпелілер бейнесі, көне түркінің өр рухы – ақын поэзиясының басты арқауы. Серік Ақсұңқарұлының өзіне тән тағы бір ерекше қасиеті - шыншылдығы. Бұл нағыз ақында ғана болады. Шындықты жырлаған өлеңдері алғашқы жинақтарына кірмей кейіннен жарыққа шыққан.

Серік Ақсұңқарұлының тәуелдіктен бұрын да, тәуелсіздік алған кезден бері де қалам тербеп келе жатқан басты тақырыптары - туған халқының азаттық жолындағы тарихы ақынның азамат ретіндегі де басты ұраны - ұлттық рухқа қызмет ету, ұлттық намысты ояту.

От болып маздау, мол ақыл – білім иесі болу, асаулық та әр ақынның бойынан табыла бермейді. Серік Ақсұңқарұлына тән бұл қасиеттер оқырманға өмірінің өрнегідей болған жырларымен таныс. Серік Ақсұңқарұлы ХХ ғасырдың соңы мен ХХI ғасырдың басындағы қазақ поэзиясында өзіндік үні, болмысы бар ірі ақындарымыздың бірі.

Серік Ақсұңқарұлындағы тың ізденістердің тағы бірі ол – қасиетті кітап Құран - Кәрімнің кей сүрелерін өлең формасында қазақша тәржімалаған. Мысалы: «Бәләд, Зілзала, Ғадият, Қариға, Ғасыр, Һұмаза, Құрайш, Мағун, Кәусар, Кәфирун, Насыр, Мәсәд, Ықылыс, Фәлақ, Нас» қатарлы 15 сүрені өлеңмен жырлаған.

Серік Ақсұңқарұлы поэзиясының тағы бір арналы саласы – арнау өлеңдері. Арнау өлең туралы А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұмалиев сынды ғалымдар еңбектерінде құнды пікірлер білдірген. Қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушы А. Байтұрсынұлы арнауды төмендегідей үш түрге жіктейді: Сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау. Ақынның арнау өлеңдері: Абай мен Шәкәрім, Кенесары хан, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Сәбит Мұқанов, Шәмші мен Нұрғиза, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Мағауин, Зағыпар Шәкентаев сияқты қазақтан шыққан қаймақтарға арналған. Арнау өлең белгілі бір адамның бейнесін, мінез-сипатын суреттеу мақсатында жазылады.

Ақындар да бір бейкүнә сәби ғой. Алабұртқан көңілмен жас дәуреннің сайранын іздеп, енді бірде алманың отаны болған Алматыға ат басын тірейді. Алаштың осы бір рухани киелі астанасында ана бір жылдары қазақтың бекзат азаматтарының бірі Сәкеннің отырғызған терегі көз қуанышы болып, жапырағы жайқалып тұрушы еді. Қала көшелерінде мұздыбалақ Мұқағали мен Төлегеннiң, Жұматай мен Дәуітәлінің іздері қалған. Барса, базар іздеп босқан жұрт, сөмке көтерген саудагер, жыртыңдаған салдақы, жаяу өсек соққан қырт еркектер. Терек те жoқ, одан қалған дерек те жоқ. Расымен де сол Алматы ма деп таңданады! Бұл, Алмaтының өзі! Бірақ, бұpынға Алматы мен бүгінгі Алматының арасы жер мен көктей. Осы көрініске ақын жаны қалай күйінбей тұра алсын. Ақынның қаруы ол – өлеңі. Ащы да болса шындықты ақын өткір тілімен түйрейді:

Арулар жүретін көшеңде – Салдақы!

Күлаштың орны бос қалды.

Рухани астанам, Алматы,

Хош, мәңгі! - деп жүрек мұңын жырмен жеткізеді. Алматыға деген махаббаты су сепкендей басылған ақын, Арқаның ұлан байтақ даласына тұрақтайды. Топтан оқшау жүріп жетілген ақын бүгінде өз биігінде қалды. Ақынның өзі айтатын ғажабы – «жүрегіндегісін жаза білді», ұсақ-түйек тақырыптарға бармады. Тек елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қуанышын жырлап келе жатыр.

Поэма – Серік Ақсұңқарұлы шығармашылығының арналы саласының бірі. Елдің басынан өткен зобалаң жылдардағы халі Серік Ақсұңқарұлы поэмаларында молынан кездеседі. Өткен заман мен тұлғалар бейнесі ақын поэмаларында анық көрініс табады. Серік Ақсұңқарұлы отыз жыл бойы жазған «Моцарт пен Сальери ( осы заманғы нұсқа)» атты поэмасының соңғы нүктесін 2015 жылы қойды. Бұл ақынның жаңа ізденіс үстіндегі өткенге көз салып, ой жүгірте жазған ірі тундысы.

Шығарманың негізгі тақырыбы – қазақтың бір туар перзенті ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің тағдыры және Сальерилeрдің қолымен жасалған қастандық тарихы. «Автордан» атты шығарманың кіріспесінде ақын тақырыбымен таныстырып, Сәкен және онымен бірге заман құрбандығына шалынған адамдарды еске алады. Олардың түбіне жеткен Сальерилер жайлы сөздің әлі де жабық жатқанына назар аударады. Шығарма әрі қарай «Қасіретті хикая» атты толғаныспен жалғасады. Өлеңді Сәкеннің жары Гүлбаһраммен (Гүл - апа) сырласуға құра отырып, сол заманның бірталай шындығын еске түсіреді. Моцартты өлтіріп, Сальерилердің қалай тойлағандарын жырға қосады. Мұнда белгілі бір айтылатын кейіпкер жоқ, бірақ заман шындығы бар. Жаңа заман Сальерилерін күллі әлем жендеттерімен салыстыра қарайды.

«Алты арыс», «Бес бәйтеректер» өмірден озды. «Құранды өлеңмен жазған» ақындық та, « Әулиенің әулиесі» Иассауидің «Хикметі» де далада жыртылып, желге ұшырылды. Осылардың барлығы ақын толғауында суреттеліп, адам тағдырын ойыншық еткен сол дәуірдің «қайраткерлерін» лажсыз көз алдыңа алып келеді.

Сюжетті өлең, балладалар, поэмалардың бастапқы баспалдағы болып табылады. Қазақ поэзиясында Сәкен Сейфуллин тұңғыш түрен тастаушы болса, жиырмасыншы ғасырда ақынның ізін Бернияз Күлеев пен Ілияс Жансүгіровтар балладалық өлеңдер жазды.

Серік Ақсұңқарұлы жауһар жырларының бойында өршіл ұлттық рух пен сергек сезім бар. Ұлтық рух – ұлттық сезімге ұласып жатады. Ұлттық рухпен қанаттанып, ұлттық сезімді ту етіп, ұлттық идеяны бетке ұстаған поэзияның орны да биікте болса керек. «Қарапайым халықтың тағдыр - тауқіметімен, қуаныш - үмітімен үндес Серік поэзиясы аз уақыт аралығында ұлттық өре биігінен оңай асып түсiп, бүкіл адамзаттық мәнге ие болды. Ол өлең жырларында туған халқы атынан үн қатады, бірақ ол - бүкіл түркі әлемінің ақыны. Оның өлеңдерінің негізгі өзегі де осы түркі мұңы, түркі арман – мүддесі, түркілік рух мәртебесі мен абыройы, қасиетті Көк Бөрі киесінің қайтып оралуы. Сондықтан да Серік Ақсұңқарұлы жаңа ғасыр көгінде қазақ поэзисын ғана емес, бүкіл түркі поэзиясын жаңа биікке көтерген ақын дeп тану керек», - дeп С.Қорабай ақынға жоғары баға берген.

«Кеңес өкіметінің заманы еді. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезі өтіп жатты. Басқарманың мүшелерін сайлау кезінде баяндама, жарыссөз, айқай-шу тоқтап, аздап тыныс орнаған кезде мен: - Қарқаралының Қызыларайынан келген Ақсұңқаpұлы, қайдасың? «Көк бөріні» оқы! - деп айқай салдым. «Көк бөрі» съезд күмбезін күмбірлетті. Айтыстан шаршағандар Көк бөріден қуат алғандай сілкініп қалды. Әне, содан бері заман өзгеріп, заң өзгеріп, талай жылдар өтіп кетіпті. Сондағы «Көк бөріні» оқыған «бөлтірік» қазір өзi Көк бөріге айналып, ердің жасы- елуге толыпты» - деп халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай қазақ поэзиясының «Көк бөрісі» бүгінде пайғамбар жасынан асқан ақын.

Белинский айтқан екен: «Пушкиннің бағы - ақындығы сарқылмай кеткенінде», - деп. Серік Ақсұңқарұлы сарқылмаған ақын. Поэзиясы қашан да халықының мұңы мен қуанышына арналған, бар өмірін өлеңіне сиғызған өзіндік болмыс – бітімі, өзіндік мені бар адуынды ақын.

«Ақын боп ғұмыр кешу оңай деймісің, қарағым, аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», - деп Төлеген Айбергенов айтқандай Серік Ақсұңқарұлы да «сыздаған әр бір жараның» ауызын тырнап ашып, елінің қайғысы мен мұңын арқалап жүрген ақын. Қарқаралыны өрт шалғанда, ақынның ішіндегі өрт жырлары да сыртқа шықты.

Серік Ақсұңқарұлы поэмаларына тән тағы бір ерекшелік, ұлттық дүниетанымды ту етіп ұстаған кейіпкердің болмыс-бітімі тек сол ұлтқа ғана тән парасат, пайым, мінез-құлық, өзгеше өлшем мен орнықты ой байқалады.

Көбінесе авторлық баяндау, лирикалық кейіпкердің монологтары арқылы оқиға желісі өрістеп, идеялық-тақырыптық тұтастығы сақталған, барлық күш-жігер кейіпкердің өн бойынан байқалады. Серік ақынның поэмаларының басым көпшілігі лирика-публицистикалық поэмалар қатарына жатады. Тақырыптық, идеялық жағынан алып қарағанда ақын поэмаларын соны туындылар деуге болады.

Серік Ақсұңқарұлы шығармашылығына тұтастай тән ерекшеліктері ретінде ақынның тақырып талғамай, тақырып ақынды талғайтынын атап өткен жөн болар. Жарқылдаған найзағай ма, сыңарынан айырылған аққу ма, жеті қаранғы түнде жортып жүрген бөрілер ме, өртке оранған орман ба барлығы ақынның іздеп жүріп тапқан немесе тапсырыспен жазған өлеңдері емес, жүрегінің қазанына қайнап, ой елегінен өткен шынайы дүниелер.

Серік Ақсұңқарұлы жырларында жыраулар жаратылысының жауқазындары жаңа дәуірдің демімен дараланып түрлене түседі. Мұқағали Мақатаевша айтсақ: «Поэзия – сезіммен рухтың құймасы». Поэманың ғана емес, жалпы поэзияның тууы осы екеуінен. Серік Ақсұңқарұлы – қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі ғана емес, өз сүрлеу, соқпағы бар арналы ақын. Қазақ поэзиясында мифтік-поэтикалық көркем ойлау жүйесін қалыптастырып, ұлттық идеяны ту еткен арлы ақын. Ұлы ақынның бәрін ұлт ақыны деуден гөрі, ұлт ақынының бәрін ұлы ақын деген жөн болар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар