Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Түркияның үздік кітапханалары – 1...

05.02.2019 9141

Түркияның үздік кітапханалары – 1

Түркияның үздік кітапханалары – 1 - adebiportal.kz

«Адам кітапханада, өзін үнсіз әрі есепсіз пайыз әкелетін

бір қазынаның жанында тұрған секілді сезінеді».

И.Гете

Қасиетті Құран Кәрім кітабының бірнеше нұсқасы, француз архитекторы салған кітапхана, XIV ғасырда ашылған медресенің кітапханаға айналуы, Ататүрік және Ыстамбұл қаласы туралы және зағип жандарға арналған бір ғасырлық тарихы бар кітапхана, сондай-ақ, өзгеше кітапханалар туралы қызықты ақпараттар білгіңіз келсе, осы мақаламызда сөз қозғайтын боламыз...

1. Измир Ұлттық кітапханасы (İzmir Milli Kütüphanesi) / ИЗМИР

Тізімді Түркияның ең үлкен қалаларының бірі – Измирден бастамақпыз.

Измир Ұлттық кітапханасы алғашында Түркияның жеке кәсіпкері бастамасымен құрылып, 1912 жылдан бастап бүгінге дейін Измирдің ғана емес, Түркияның білім, ғылым саласында «Ұлттық кітапхана» статусымен халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Измир Ұлттық кітапханасының ағаш декоры мен кітаптары бір-біріне үйлесім тапқан. Неоклассикалық түрік архитектурасына тән бұл білім ошағының сыртқы көрінісі ерекше тартымды әрі Гутенберг басып шығарған алғашқы Аристотельдің кітабы мен 74 қолжазба Құран Кәрім жинақтары сақталуымен қадірлі.

Кітапхана жұмыс уақыты: 09:00-17:00 (дүйсенбі-сенбі). Жексенбі – демалыс.

Мекен-жайы: Milli Kütüphane Cad., No.39, Konak / İZMİR.

2. Солт-Галата кітапханасы (Salt Galata Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ

Солт-Галата кітапханасы Түркияның мәдени және өнер астанасы атанған Ыстамбұл қаласында орналасқан. Кітапхана француз архитекторы Александр Валлауридің жетекшілігімен салынып, «Солт-Галата ғимаратында» орын тепкен. Кітапханада өнер, сәулет өнері, дизайн, урбанизм, әлеуметтік тарих және экономикалық тарих салаларында 40 мыңға жуық басылым бар.

Солт-Галата кітапханасында көптеген кітаптар мен журналдар, CD/DVD және диссертациялық жұмыстар, кітапханаға қатысты цифрлы және заттай құжаттар да бар. «Кітапхана 2.0» стандартына сәйкес лайықталған бұл орында оқырмандар өздерін жайлы сезінеді. Ерекше сәулетімен көз тартатын, ішкі көрінісі мен айшықтары рухыңызды шабыттандырып қана қоймай, кітап оқуға деген құлшынысыңызды одан әрі арттырады. Бұл орынды міндетті түрде көруіңіз қажет.

Кітапхана жұмыс уақыты: 10:00-20:00 (cейсенбі-сенбі). Жексенбі, дүйсенбі – демалыс.

Мекен-жайы: Bankalar Cad., No.11, Karaköy / İSTANBUL.

3. Инебей қолжазба мұралар кітапханасы (İnebey Yazma Eserler Kütüphanesi) / БУРСА

Қазір кітапхана ретінде қызмет етіп келе жатқан «Инебей медресесі» Йылдырым Баязит кезеңінде мемлекеттік қайраткер, әскербасы Инебей тарапынан тұрғызылған.

Медресе ғимараты XIV ғасырға тән, сәулеттік ерекшеліктерге өте бай. «Т» тәріздес типте тас және кірпіштен салынған бұл медресе Осман мемлекеті құлағанға дейін қызмет етіп келген. Медреселер жабылғаннан кейін бірнеше тарихи шығармалар жеке адамдардың қолына өткен және 1962 жылға дейін фабрика ретінде қолданып келген.

Ғимарат мүлкі осы күнге дейін Қорлар Бас басқармасына тиесілі. Ал кітапхана ретінде қолданылуы «Кітапханалар мен Басылымдар Бас басқармасына» (Kütüphaneler ve Yayımlar Genel Müdürlüğü) берілген.

Инебей медресесіне Бас басқарма тарапынан қажетті қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалған. 1969 жылы Орхан мешітіндегі кітапхана Инебей медресесіне көшіп, «Инебей Қолжазба және басылым мұралар кітапханасы» ретінде халыққа қызмет етіп келеді.

2010 жылдың 28 желтоқсанынан бастап «Түркия Қолжазба мұралары ұйымы басқармасы» Ыстамбұл аймақтық басқармасына қарасты Бурса Инебей қолжазба мұралар кітапханасы болып қайтадан құрылды.

Кітапханада 9 мыңға жуық кітап және 20 мыңға жуық қолжазба мұралары сақталған.

Кітапхана жұмыс уақыты: 09:00-17:00 (дүйсенбі-жұма). Сенбі, жексенбі – демалыс.

Мекен-жайы: İnebey Cad. İnebey Sok. No. 5, Osmangazi / BURSA.

4. Ұлттық кітапхана (Milli Kütüphane) / АНКАРА

Ұлттық кітапхананың құрылу жұмыстары 1946 жылдың 15 сәуірінде Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігі Басылымдар Басқармасының шағын бір бюросында басталған. Қысқа уақыт ішінде 8 мың туындысы бар рухани материалдық құндылықтар жинастырылған.

1947 жылдың 1 сәуірінде уақытша басқа бір ғимаратқа көшкен және сол уақытта рухани материалдық құндылықтар саны 60 мыңға жеткен. Дейтұрғанмен, бұл рухани құндылықтар халыққа ұсынылуы үшін Анкараның Кумрулар көшесіндегі Анкара аймақтық қоғамдық кітапханасы ғимаратында орналасқан. Кейінірек оқырмандарға 1948 жылдың 16 тамызында Ұлттық кітапхана ретінде ашылады. Ұлттық кітапхана 1950 жылдың 29 наурызында «Негіз қалаушы Заңымен» (Kuruluş Kanunu) заңды тұлға ретінде қабылданды.

1965-1973 жылдар арасында кітапхананың алғашқы ғимараты қажеттіліктерді қанағаттандырмайтыны ескеріліп, жаңа бір ғимараттың жоспарлану жұмыстары басталып, ғимарат 1982 жылы аяқталады. 1983 жылдың 5 тамызында Ұлттық кітапхана өз оқырмандарына жаңа ғимаратта қызмет көрсете бастайды.

3 мыңнан астам Мұстафа Кемал Ататүріктің құжаттарына байланысты материалдық құндылықтар кітапхананың ең құнды әрі назар аудартар дүниелері болып саналады. Бұл кітапхананың басқа кітапханалардан айырмашылығы, ұлттық архив және музей қызметін де ұсынады. Қазіргі таңда Ұлттық кітапханада 2 млн.-ға жуық рухани материалдық мұра бар.

Кітапхана жұмыс уақыты: 09:00-24:00 (дүйсенбі-жұма); 09:30-22:00 (сенбі, жексенбі).

Мекен-жайы: Bahçelievler Son Durak, Çankaya / ANKARA.

5. Конья аймақтық Қолжазба мұралар кітапханасы Басқармасы (Yazma Eserler Bölge Müdürlüğü Kütüphanesi) / КОНЬЯ

Конья аймақтық Қолжазба мұралары кітапханасы Басқармасы 1984 жылдың 20 шілдесінен бастап Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты ұйым ретінде қызмет көрсетіп келеді. Жалпы ауданы 2800 м² алып жатқан үш қабатты бұл кітапхананың түрлі мақсаттағы залдары, он бір жұмыс бөлмесі, бір CD архив бөлмесі, қолжазбалар және баспа мұраларын сақтайтын қоймалары бар.

Конья аймақтық Қолжазба мұралары кітапханасының мақсаты – Бурдур аймақтық Халықтық кітапханасын сел басу кезінде құнды жәдігерлердің зарар көруінен Түркияның түрлі кітапханаларындағы құнды қолжазбаларды бір жерге жинақтау, сақтау, жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары мен оларды қолайлы ортада сақтай отырып зерттеуші қызметкерлерге ұсыну.

Кітапханаға түрлі сала мамандары, кітапханалар мен ұйымдардан көптеген сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қайырымдылық, сатып алу және аудару тәсілдері арқылы мұралар жинақталған. Бүгінгі күнге дейін кітапханада жүзден астам сирек кездесетін кітап пен қолжазбалар жан-жақтан жинастырылып, зерттеуші мамандарға құнды жәдігерлер қызметі ұсынылып келеді.

Конья аймақтық Қолжазба мұралар кітапханасы басқармасы 2010 жылдың 28 желтоқсанында қабылданған «Түркия Қолжазбалар ұйымы басқармасы» туралы Заңына сәйкес Конья Қолжазба мұралар аймақтық басқармасы ретінде құрылған.

1984 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан кітапханада Садреддин Коневи (Sadreddin Konevi), Ибн-и араби және Мәулана Хз. сияқты үлкен ғұлама ғалымдардың баспа және қолжазба туындыларын да осы жерден көруге болады. Кітапханада 18 мыңға жуық қолжазба және кітап реставрациясы туралы жан-жақты білім алуға көп мүмкіндік бар.

Конья Қолжазба мұралар аймақтық басқармасына қарасты кітапханалар төмендегідей:

1. Юсуф Аға Қолжазба мұралары кітапхана дирекциясы (Конья);

2. Зия Гөкалп Қолжазба мұралары кітапхана дирекциясы (Диярбақыр);

3. Рашит Эфенди Қолжазба мұралары кітапхана дирекциясы (Кайсери);

4. Маниса қолжазба мұралары кітапхана дирекциясы (Кайсери).

Кітапхана жұмыс уақыты: 08:00-17:00 (дүйсенбі-сенбі)

Мекен-жайы: Abdülaziz Mah. Yavuz Selim Cad., No. 86, Meram / KONYA.

6. Идрис Гүллүже қоғамдық және балалар кітапханасы (İdris Güllüce Halk ve Çocuk Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ

30 мыңнан астам кітап қоры бар Тузла Идрис Гүллүже қоғамдық және балалар кітапханасы 2006 жылдың наурызынан бастап «Кітапханалар апталығында» ашылып, Ыстамбұл тұрғындарына қызмет етіп келеді. Кітапхана «Идрис Гүллүже мәдениет орталығының» жанында орналасқан. Кітапханаға 15 түрлі мерзімді басылым түсіп отырады.

Заманауи түрде соғылған кітапхана 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта қабылдау бөлімі (энциклопедия, сөздіктер т.б), психология және дін; ортаңғы қабатта қоғамдық білімдер, әдебиет және өнер, ал үшінші қабатта тарих және биография саласындағы кітаптар бар.

Орналасқан жеріне байланысты кітапхананың негізгі оқырмандары: оқушылар мен студенттер. Кітапханада 1500-ден астам белсенді оқырман бар және олардың саны күннен-күнге артып келеді. Сондай-ақ, кітапханада кітапты оқып пайдалануға беру және көшірме жасау қызметтері де қарастырылған.

Кітапхана жұмыс уақыты: 08:00-16:30 (дүйсенбі-жұма), 09:00-18:00 (сенбі).

Мекен-жайы: Aydınlı Yolu Üzeri Oto Sanayi Sit. Karşısı İçmeler, Tuzla / İSTANBUL.

7. «Ататүрік кітапханасы» (Atatürk Kitaplığı) / ЫСТАМБҰЛ

Ыстамбұл қалалық муниципалитет Кітапханалар қорына қарасты «Ататүрік кітапханасы» Түркия мемлекеті құрылғаннан бері қызмет көрсетіп келе жатқан алғашқы кітапханалардың бірі болып саналады. Кітапхана теңізге жақын, керемет табиғат аясында орналасқан.

Кітапхананың негізін қалағандар: Osman Ergin, Muallim Cevdet, Haşim İşcan, Muhsin Ertuğrul. Кітапхана қорына жүздеген кісінің 140 мыңға жуық жеке кітабы тапсырылған. Ал, алынған жаңа кітаптар мен кітапхана қорына өткізілген кітаптар санын қосқанда жалпы кітап саны 500 мыңға жуықтайды.

«Ататүрік кітапханасы» – бастауыш мектеп оқушыларынан университет студенттеріне, ғалымдардан халықаралық ғылыми зерттеушілерге дейін мамандарға қызмет көрсетіп келе жатқан кітапханалардың бірі.

Кітапханада 50 мыңға жуық түрлі жазбалар, альбомдар, атлас карталары, күнтізбелер, постерлер мен газеттер, сондай-ақ, Ататүрік, Ыстамбұл қаласына қатысты мол мұралар бар. Бұл мұралар оқырмандардың қолдануы кезінде жыртылып бүлінбесі және жоғалмауы үшін цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Миллион бетке жуық цифрлық форматқа көшіріліп, қыруар еңбек атқарылып жатыр.

Алфавиттік және тақырыптық каталогтары (Dewey) бар кітапханада сөздік және тақырыптық іздеу жүйесі, ағылшын-америкалық каталог құралдары (AAKK 2) қолданылып келеді.

Кітапхана жұмыс уақыты: «24/7» тәулік бойы жұмыс істейді.

Мекен-жайы: Miralay Şefik Bey Sok. No: 6, Taksim, Beyoğlu / İSTANBUL.

8. Баязит мемлекеттік кітапханасы (Beyazıt Devlet Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ

Түркия Республиканың алғашқы кітапханасы атанған «Баязит мемлекеттік кітапханасы» 1884 жылдың 24 маусымында Баязит Куллиесінің[1] имарет[2] бөлігінде ашылған. Ғимараты 1501-1506 жылдар аралығында Фатихтың ұлы ІІ Сұлтан Баязит салдырған. Жалпы 17 күмбезден тұратын имареттің алты күмбезді бөлігі кейін падишах ІІ Абдулхамиттің бұйрығымен реставрациядан өткен.

«Күтүпхане-и Умуми-и Османи» (Kütüphane-i Umûmî-i Osmanî) деген атаумен ашылған бұл кітапханаға 1961 жылы Ұлттық білім беру Кеңесіндегі шешім бойынша «Баязит мемлекеттік кітапханасы» атауы беріледі.

135 жылға жуық тарихы бар бұл кітапханада зағип (көр) жандарға арналған арнайы бөлім де бар. Еріктілер тарапынан 6 мыңға жуық шығарма аудиодыбысқа жазылған.

Баязит мемлекеттік кітапханасы Түркияның кітапханашылық саласында «ең үздік кітапхана» болып саналады. Сондай-ақ, алғашқы кітап түптеу шеберханасы мен баспаханасы құрылған кітапхана болып саналады.

1952 жылдың 24 сәуірінде кітапхананың бір бөлігінде Түркияның ең алғашқы жабдықталған «Баязит балалар кітапханасы» (Beyazıt Çocuk Kütüphanesi) ашылады. Бірақ бірнеше жылдан кейін орын жетіспеушілігінен 1961 жылы жабылуға аз-ақ қалады. Баязит кітапханасы құрылған жылдарда ең аз жарты ғасыр бұрын ең алғаш заманауи кітапхана саласында қолданыла бастаған заманауи каталог ісі жұмыстарымен танымал болған.

Кітапхана жұмыс уақыты: «24/7» тәулік бойы жұмыс істейді.

Мекен-жайы: Turan Emeksiz Sоk. No. 6, Beyazıt / İSTANBUL.

9. Неміс археологиялық институты кітапханасы (Alman Arkeoloji Enstitüsü Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ

Түркияның ең үлкен археологиялық кітапханасында 56 мың кітап және 250 мыңнан астам ғылыми журнал бар.

Орталығы Берлинде орналасқан Неміс археологиялық институтының (DAI) шетелдегі филиалының бірі – Ыстамбұл шаһарында орын тепкен. Филиалдың қызметі Түркиядағы археологиялық және тарихи зерттеулер жасау және дамыту. Сондай-ақ, DAI Ыстамбұлдың ғылыми іс-шаралары, классикалық археология және сәулеттік зерттеулердің дәстүрлі саласымен шектеулі қалмай алғашқы қауымдық қоғам, Алдыңғы Азия және Византия археологиясы, ориенталистік/Османлы өнер cаласы тақырыптарымен де айналысады. Кітапхана тек неміс зерттеушілеріне ғана емес, сонымен қатар түрік зерттеушілеріне де қолдау көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда кітапханада 28 мың монография және 800-ге жуық түрлі мерзімді басылым, 14 мың томдық кітап бар. Сонымен қатар, 6 мың түрлі басылымнан құралған мол мұраға ие. Кітапхана қоры жыл сайын 1000 томнан аса кітаптармен толықтырылып келеді. Фотография архив бөлімі болса 1870 жылдан бүгінгі күнге дейін жүз мыңнан аса фотография мұрасымен институттың екінші маңызды жұмыс жабдығына айналып отыр. Бұған ұқсас фотография көлемі жағынан Пергамон-архивін де айтуға болады. Фотография архивінде тек қана археологиялық суреттер ғана емес, атақты фотограф Sebah және Joallie-дің қорындағы Осман мемлекеті кезіндегі Ыстамбұл қаласы түсірілген фотомұралар көздің қарашығындай сақталған.

Тек қана Ыстамбұл қаласы ғана емес, Византия және Осман мемлекетінің тарихы жайында қызықты мәліметтер алғыңыз келсе, міндетті түрде осы кітапханаға барыңыз.

Мекен-жайы: Gümüşsuyu Mah. İnönü Cad., No.10 / İSTANBUL.

10. Ислам зерттеулері орталығы (İslam Araştırmaları Merkezi - İSAM) / ЫСТАМБҰЛ

Түркия Дін істері басқармасы қызметіне демеушілік көрсету мақсатында 1975 жылы құрылған Түркия Дін істері қоры (TDV), Түркия және шетелде қызмет көрсету аясында авторлық құқыққа ие Ислам энциклопедиясын (DİA) дайындауға шешім қабылдайды. 1983 жылы осы мақсатта Ыстамбұлда (TDV) Ислам энциклопедиясы Бас басқармасы құрылады. Бес жылдық дайындықтан соң, 1988 жылдың қараша айында энциклопедия жарық көре бастайды. Қор магистрант және докторанттарға шәкіртақы беру арқылы демеушілік көрсете отырып зерттеуші мамандарға тиімді әрі жүйелі түрде қызмет көрсету үшін бір Ислам зерттеу орталығын (İSAM) құруға шешім қабылданады. Бұл орталық та 1988 жылы Ислам энциклопедиясы Бас басқармасы ғимаратында қызмет ете бастайды. 1993 жылы осы екі ұйым Түркия Дін істері басқармасы Ислам зерттеу орталығы (İSAM) ретінде бірлесіп энциклопедияның дайындалу қызметі де бұл Орталыққа беріледі.

Бұл орталықтың кітапханасында тек қана Шығыстану, Ислам ғылыми зерттеулері туралы шығармалар емес Түркі тарихы, әдебиеті, мәдениеті мен әлеуметтік ғылымдары жайлы мол мұралар сақталған. Сондай-ақ, кітапханада Ziyad Ebüzziya, Orhan Şaik Gökyay, Hilmi Oflaz, Albert Hourani, Jacques Waardenburg, Kemal Beydilli, Kasım Küfrevi, Nuhoğlu Ailesi, Kathleen R.F.Burril және İlber Ortaylı тұлғаларға тән жеке мұра қорлары да бар.

İSAM тәуелсіз ғылыми-зерттеу орталығы құрылғаннан бүгінгі күнге дейін Ислам мәдениеті мен өркениеті бойынша жүргізген зерттеулері баспасөз, симпозиум, конференция, панелдік талқылау және семинарлар мақсатына негізделген халықаралық бір ұйым болып саналады.

Кітапхана жұмыс уақыты: 09:00-23:00 (дүйсенбі - жексенбі)

Мекен-жайы: İcadiye Bağlarbaşı Cad., No. 40, Üsküdar / İSTANBUL.

Кітап оқиық, сыйлайық!

(Суреттер ғаламтордан алынды)

(Жалғасы бар)


[1] Куллие – мешіттің айналасындағы мешітпен бірге салынған медресе, қайырымдылық орындары, себиль, кітапхана, аурухана т.б. ғимараттардың бірігіп орналасқан жері.

[2] Имарет – жетім-жесір, кедей-кепшік және медресе оқушыларына ақысыз ас берілетін қайырымдылық ұйымы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар