Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Тұрмағанбет Кенжебаев. Күз. Түс. Біз... ...

25.09.2018 4439

Тұрмағанбет Кенжебаев. Күз. Түс. Біз...

Тұрмағанбет Кенжебаев. Күз. Түс. Біз...   - adebiportal.kz

…Күз де келіп қалыпты-ау кезегімен,
Құтылмақ жоқ қашсаң да межеліден!..
…Көк жүзінде қия алмай қош айтысып
Құстар қайтып барады өз әнімен!..

Өтер өмір осылай білінбестен,
Ұмытылар түбінде кімің де естен!..
Келген – кетпек, қарағым, жанған – сөнбек
Қайда кетті болмаса бұрынғы өткен?!

Сары бақта сарғайтып сары уайым,
Көп отырдым, тағдырға не қылайын?..
…Жақсылықпен біткей де бәрі лайым –
Жапырағы таусылған кәрі қайың!..

***

…Қыз көрікті
Саябаққа сары ала күз келіпті…
Аңғармаймыз өмірдің өткенін де
Қу тірлікпен жүргенде күнделікті!..

Күз келіпті…
Жасыл баққа жайқалған қыз көрікті.
Сары орамал тағынған ақ қайыңдар
Сынық мінез, самарқау күйге еніпті!..

…Күйге еніпті,
Бар тіршілік тағы бір түрленіпті…
…Өтер өмір осылай білінбестен –
Кетер күндер қалдырып бізге үмітті!..

***

… Әкемнің көзін көрген қарттарым-ай,
Бойға күш, дауа берсін дертке құдай!..
Селдіреп күзгі бақтай қатарыңның
Күн сайын сиреп бара жатқанын-ай!..

Армысың, ақсақалды абыздарым?..
Өткізген не сұрапыл дауылдарын,
Тәңірдің көнеміз де дегеніне –
Өмірдің көреміз де жазылғанын!..

Аман ба асқар таудай биіктерім?..
Тағдырдың татқан талай күйік-шерін.
Төзімің тарқалса да үзілмедің –
Сенімің шайқалса да иілмедің!..

Кешегіні жалғаған бүгініңе,
Келер күннің бұйырар нұры кімге?!.
Қиқулаған құстардың күз-керуені
Көз ұшында бұлдырап үзілуде!..

… Әкемнің көзін көрген қарттарым-ай,
Бойға күш, дауа берсін дертке құдай!..
Күздегі жел ұшырған жапырақтай
Күн санап сиреп бара жатқаның-ай!..

***

… Біз екеуміз
Биік шыңның басында тұр екенбіз!..
Қолаң шашың төгіліп иығыңа
Күн астынан күлесің Күнекей қыз!..
… Біз екеуміз!..

“… Төбеде – Көк!..
Төменге қарай беріп неге керек?!.” –
Дедің дағы, қалықтап көтеріліп
Кете бардың… Аң-таңмын : “Немене?..” деп…
… О, керемет!..

Түсінбеген…
Тысы таныс болғанмен іші бөтен,
Мына тылсым тірліктің жұмбағына
Көзімді ашсам жете алмай – түсім екен!..
… Шүкір етем!..

***

Түсімде сені көрдім… Өзгеше күз!..
«Ағатай, әлі талай кездесеміз!..
Ешқашан ренжімеймін келмесеңіз –
Тек қана асықпаңыз мен десеңіз!..»

Дедің де, қош айтысып қала бердің…
Сол баққа өзіңді іздеп талай келдім.
Сен жоқсың – сен отырған орындыққа
Қия алмай қайта-қайта қарай бердім!..

Сағыныштан сарғайған сары ала күз,
Сары баққа әлі сан оралармыз!..
Жел ұшырып жұлынған жапырақтай
Ертең біз де үзіліп, жоғалармыз!..

Тағы көрдім түсімде… Өзгеше күз!..
«…Асықпаңыз, ағатай, мен десеңіз!..» -
Деп едің-ау, кешіктім, білем оны –
Бәрібір бір күні ақыр кездесерміз!..

* * *

... Тырбанған тірі жанбыз!

Тірлікті де түбі ақыр ұғынармыз.

Білте шамға жиналған көбелектей

Жарығына өмірдің жылынармыз!..

... Өйткені – тірі жанбыз!..

Әзірге тірі жанбыз...

Әлі талай сүрініп, жығылармыз!..

Тәуба қылып содан соң тіршіліктің

Құшағына қайтадан тығылармыз!..

... Себебі – тірі жанбыз!..

Біз деген тірі жанбыз!..

Құмартамыз сондықтан, қызығамыз...

Адасамыз жетпеске жетпек болып

Таласамыз – тағы да ұрынамыз!..

... Ақыры жығылармыз!..

Тырбанған тірі жанбыз!..

Тірі жанның ертеңгі күні қарыз...

Ертелі-кеш пенденің бұл өмірге

Неге келгендігін де ұғынармыз!..

... Өйткені – тірі жанбыз!..

* * *

Сергелдең болдым сенделіп,

Сабылып босқа шаршадым.

Алдады арман, ақ үміт

Айналам тұнған сар сағым!..

Таусылды тағат-төзімім,

Қырқылды қиял-қанатым

Өтеусіз өткен өмірім

Қай жаққа кетіп барасың?..

Күндерім қайта оралмас,

Түндерім түнек жамылған…

Жүрегім мынау – жалаңаш,

Тірегім қайда табынған!..

Сенімнің сынып семсері,

Жігердің жүзі мұқалды.

Үзілді ме әлде жол шегі

Сөнді ме сезім шырағы?!.

Жеткізбес жүйрік уақыт,

Кеудеден қағып қарсы ағын…

Қажеті қанша жұбатып –

Шаршадым, жаным, шаршадым!..

* * *

Өткінші бәрі, бәрі де

Өткінші бақыт, бақ деген.

Алдамшы мынау өмірде

Өлімнен шындық жоқ бөтен!..

Өңмендеп, өктеп, өзеуреп

Жарқыным, босқа аптықпа!..

Даурығып сонша не керек –

Бір күндік аштық-тоқтыққа?!

Жанықпа, жаным, желігіп

Алдың – жар, артың – қара түн...

Дегбірің қашып, демігіп

Құдай-ау, қайда барасың?!

Жанарың жаудай арбасып,

Жағаға қолың жармасып,

Жүргенде көзді шел басып

Өмірің өтер сорлатып!..

...Жоғалтқан жарық, жылуын

Жүрегім – жамау, ой – құрау...

Онсыз да қысқа ғұмырдың

Қадірін білмей қойдық-ау!..

* * *

Қаламымның ұшынан қаным тамып,

Қаным тамып, құмарым, жаным қанып

Бір жыр жазсам, содан соң өкінбес ем –

Өкінбес ем кетсе де барымды алып!..

Тірлік біткен жеңілер түбі өлімге,

Сұрарым тек сол ғана – тілерім де...

Бір-ақ өлең, жыр құмар бар қазақтың

Мәңгі-бақи қалатын жүрегінде!..

Қаламымның ұшынан қан тамызып,

Кең далама қалғыған ән салғызып

Бір жыр жазсам, шіркін-ай, бар ақынды

Бұл кім өзі дейтұғын таң қалдырып!..

... Содан кейін!..

* * *

...Ештеңеге зауқым жоқ, денем дел-сал зіл басқан,

Жата бергім келеді, сол жатқаннан тұрмастан!..

Жазылмаса жазылмас мен жазбаған бір дастан –

Айтылмаса айтылмас мен айтпаған бір жақсы ән!

Қара түннің қызулы құшағына көміліп,

Жата бергім келеді тәтті мұңға беріліп.

Ақ үміттің өрмегі тарқады ма сөгіліп,

Алдамшы қу тіршілік шаршатты ма мезі қып?!

Жас баладай тербеген елтіп тылсым күйіне,

Қалғып кетсем шіркін-ай, балқыған сол күйімде!..

Сан тұрып, сан жығылған – мың күйіп, мың сүйіне

Қош бол, кеттім ұйқыға, қайран бір кем Дүние!

* * *

...Мен не істемедім?..

Ерте кетіп әйтеуір, кеш келемін...

Тауға да ұрып басымды, тасқа да ұрып

Қу тірлікті қанша жыл өкшеледім!

Сонда да бос келемін!..

Мен не істемедім!..

Қарамастан бетіне ештеңенің,

Өмір бойы шарқ ұрып шабылсаң да

Жеткізбесе қайтесің көксегенің?.

..Құдай-ау, не істегенің?!.

...Мен не қылмадым?..

Жас та болып жалындап, арындадым!..

Мас та болып тірліктің тарылғанын

Көрдім талай!..

Жанымның, жарығым-ай,

Көзім жетіп бекерге сабылғанын –

Ақыры дамылдадым!..

..Мен не іздедім?

Жер тағында тұрғанда, көгінде – Күн!..

Неге сонша жанығып, жанталастық?

Енді міне, көзде – жас, көңілде – мұң!..

...Не іздедім?!.

* * *

Жаратқан ием, күнаһар құлмын

Санасын тұрмыс билеген!

Айтағына еріп сайтан мен жынның –

Құлқынның қамын күйлеген!..

Жаратқан ием, жаңылсам кешір

Адасқан соқыр пендеңмін!..

Өкінішпенен өткізген есіл

Келер ме қайтып өлген күн?!

Жаратқан ием! Айыбым шексіз

Амал не, бәрін кеш ұқтым!..

Сонда да мынау өмірге ессіз –

Өлердей бірақ ғашықпын!..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар