Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тұрсын Жұртбай. Ұлтының көк семсері (эссе)...

09.02.2018 6619

Тұрсын Жұртбай. Ұлтының көк семсері (эссе)

Тұрсын Жұртбай.  Ұлтының көк семсері (эссе) - adebiportal.kz

Жүрек қабын сыпырып тұрып, азаматтық арыңмен кепілдік беріп, ешқандай қысылып-қымтырылмастан қасқая қарап айтатын шындық болады. «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» – деп Абай айтқандай, сол «жамандаудан аман емес» бір тұлға туралы көзінің тірісінде «ұлы ақын» деген теңеуді айтудың реті келіп-ақ тұр. Күңкілшіл күншілдердің күндестігінен сескенбей, күйінішпен емес, сүйінішпен жариялағым келеді. Бүгін тілімізді тістегенмен, түбінде айтқызатын, заманының емес, заманның ұлы ақыны атануға тиісті, ұлтының мүддесі үшін Күлтегіннің көксемсері сияқты қайралып туған ондай тұлға арамызда жүр.

Ол – Олжас Сүлейменов. Бұл – шындық. Бүкіл тағдыры мен талайын алмас қылыштың жүзінде өткізген осынау көксемсер тұлға: «Кенен келді сексенге, енді Кенен табылмас, Алатауға ексең де» – деп Кенен абыз айтқан, «қайтып табылмайтын», мүмкін тумайтын, қайталанбайтын жаратылыс иесі. Өйткені, атақ пен даңқтың шыңына жиырма бес жасында шыққан Олжас үшін мұндай теңеудің пәлендей таңсықтығы жоқ.

Ол ұлтының көксемсері болатынын: «Мен қазір жиырма алты жастамын... Көшпелілердің тарихы әлі анықталған жоқ. Сондықтан да ешқандай жүрексінбестен дәл осы сәтте мынадай мәлімдеме жасаймын: түркі тарихын білмей, қадымы хатқа түскен халықтардың тарихындағы беймәлім тұстарды түсіндіріп бере алмайсыз. Түптің-түбіңде нақты шындықты жазған «Шынайы тарихтың» дүниеге келетініне көзім анық жетеді, сәтін салса, соны біз жазатын шығармыз... Біздің толқын іріктеліп келеді. Халықтың намысын оятатын қозғалыс жүріп жатыр. Қорланып өмір сүргендердің қуануға қақысы жоқ. Ақындар халықтың ар-намысын оятатын қуат-күш беруге міндетті» – деп жариялаған ол бозбала кезінде-ақ сезінген. Олжас ол мақсатына жетті де. Ендеше, ұлтының ұлы мүддесін көздеп, халқының тарихқа кеткен есесі мен басылған мысын дүниежүзілік деңгейге көтеріп, әлемді аузына қаратқан ұлының тұғырын аласартпай, асқақтата марапаттау – біздің, яғни, қазақ елінің парызы. Бәрібір, мұны біз айтпасақ, жат айтады. Айтып та жүр. Мұндай бағаға лайық екендігіне Олжастың мұқым өмірі мен шығармасы кепілдік бере алады.

Ол, өмірге де, өлімге де Олжас боп келді және қазақтын рухани тарихында Олжас болып қалады.

Олжастың тұғыры қандай биік болса, тамыры да сондай тереңде. Күрделі ойлау жүйесі мен астарлы теңеулері, Абайдың: «күлсең – ызаланып күл» дейтін уытты мысқыл-кекесіні, тұңғиық білімі, екі жүзді қанжар сияқты өткірлігі, өлеңдеріндегі тентек мінез бен бас асауы басылмаған еркіндігі, өміріндегі де, өнеріндегі де тосын шешімдері, жауқабақ келбеті мен жылы жүрегі оны заманымыздың «жұмбақ адамдарының» қатарына қосты. Серілігі мен сесі, батылдығы мен ұяңдығы, паңдығы мен кішіпейілдігі, ақылы мен аңғалдығы тұла-бойына қандай жарасса, жазушылығы мен қайраткерлігінде де сол қасиеттер тұтаса келісім тапқан. Мұның басты құпиясы мен кілтипаны – Олжастың адалдығында. Рухы мен жанының кілтінде сол таза жан-дүниесінің сыр сандығында сақтаған. Намысы мен талантының азаматтығының ақ алмас қайрағы да сол ақкөйлек көңілі. Қырық тоғыз мүшелінде аяулы анасына ашқан жан дауасында:

Не всем, кто ждал, помог, но я не бог,

что в силах одинокого поэта?

На все вопросы не нашел ответа,

но людям я не лгал, хотя и мог, –

деп өзі айтқандай, кісіге қиянат жасап көрген жан емес.

Сол ақжарма аңқаулығының салдарынан аранға түсіп қалған кездері көп. Бірақ өр де өжет тұлға оны елеп-ескеріп, кек қайырмады.

Ал ұлты мен өзінің намысына тиіп көрсінші! Онда атай көрмеңіз, нағыз ақылды да ашулы арыстанның өзі боп шыға келеді. Кейіпкері Ишпақай сияқты, Олжас семсерін тегін көтермейді, көтерсе бітті – қиып түседі. Оған сіз де, біз де куәміз.

«Досымбысың – мә, құшақ,

Қасымбысың – мә, пышақ!»

немесе:

«Таспен атқанды аспен атпа, таспен ат!», –

деп жалы күдірейіп шыға келетін Олжас, «дұшпанының бойындағы талантсыздыққа да», «дұрыстап дұшпандық жасай алмаған дарынсыз дұшпандыққа» да төзбейді.

Қарсыласының мықтылығынан, азуының өткірлігінен сескенбейді, керісінше, мияулаған міңгірі үшін, қаппай үргені үшін қорланады. Ол ешқашан да өз ұлтынан және өз ұлтының ішінен жау іздеген емес. Оның дұшпаны – «әрбір атқан оғынан кейін мәдениетті бір мезет мылқауға айналдыратын малғұндар». Ал мұндай сіңбелер мен сымпыстарды Олжас өз өмірінде аз көрген жоқ. Заманның дауылы мен найзағайының арасында арпалысқанды жаны сүйетін Олжас, құласа да – «Хан - Тәңіріден құлағанды ұнатады». Ол неғұрлым жерге жақындап, төмендеген сайын еркін ұша алмайтын, тосырқап қалатын қыран сияқты. Оған самғау үшін кеңістік, биік аспан керек. Тар кеңістікке Олжастың құлашы сыймайды.

Оның таңдап алған қарсыластары кімдер дейсіз бе? Мінекиіңіз: күні кешеге дейін дүниежүзіне сес көрсетіп, жанын түршіктірген «сұр кардинал» Суслов, аспан мен жерді ғана емес, ғарыштың өзін идеологиялық майданға айналдырған Совет армиясы мен соғыс теңіз флоты саяси бас басқармасының бастығы Епищев, «ұлы орыстық» ғылымның көсемдері Греков пен Лихачев, Рыбаков, «оқшантайдан шыққан бұқакөз» Колбин... Мұндайлардың Олжастың жүрегіне түсірген сызаттары қаншама десеңші!

Ал жаһангер жаһилдардың салған жарасы жүректі осып түсті. Тіпті Олжастың өз басын қатерге тігуге мәжбүр етті. «Аз и Я» кітабының жарық көруіне септігі тиген баспагерлерді қызметтен алып, партия қатарынан шығару туралы қаулы қабылдағанда Қазақстан Орталық комитетіне: егер де бұл адамдар жазықсыз зәбір көрсе, онда өзінің жеке басын құрбандыққа шалу құқығын сақтап қалатындығын айтып ескерту жасады. Бұл – өзгенің намысы үшін өзіне қол саламын деген сөз еді. Бұрын-соңды мұндай батылдықты көрмеген идеологтар сескеніп қалып, қаулыны қайта қарауға мәжбур болды. «Сұр кардинал» атанған Суслов та ішін тартып сақтық жасап, кітапты талқылауды Ғылым Академиясының қарамағына ысырып тастады.

Сырттай қарағанда бұл сипай қамшылаған сияқты көрінгенмен, зілі ішінде жатқан империялық ызғарлы пиғыл өзінің астыртын жазалау саясатын одан әрі жүргізіп, адымын кең аштырмай арандата берді. Бұл тек Олжастың жеке басына ғана емес, отандық тарих ғылымына да соққы боп тиді. Қаламгерлерден қатты сескенген жаһилдік идеология жалдаптары «ұлы орыстық» идеяны заңды түрде бекітіп, әнұранның сөзіне кіргізді. Сөйтіп, күнде таңертең шіркеуге шоқынған поп құсап, «ұлы орыс ұлты жасасын» деп мінәжат еткізіп қойды. Мұның барлығы қайта бас көтертпеудің тәсілі еді. «Когда молчат живые, говорят духи» – деген заман туды.

Міне, ұлы рухани егес осылай басталды. Тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастырған Олжас өзінің өлеңі арқылы «Мне до свободы нужен шаг!...» – «Маған бостандыққа жетуге бір-ақ қадам қалды» – деп жар салды. «Стихи может быть и не верлибром, поэзия была бы свободной» – деп, бостандықты ашық айтқан да Олжас болатын. Ол жиырма бес пен елу бес жасының арасындағы отыз жылын семсердің жүзінде, қараулардың қарауылыңда өткізді. Тағдырын бәсіреге беріп, тәуекелмен өмір сүрген мұндай талант иесі тура сол кезде қазақ арасында жоқ еді. Тек Әнуар Әлімжанов марқұм ғана Олжасқа серік болды. Өкінішке орай, өмірінің соңында осынау екі арыстың арасына да сына қағылды. Қандай адал достықтың өзі арандатуға қарсы араша таба алмады.

Ал екеуі тізе қосып, ұлттық мүдде мен тарихтың тағдырын қозғап, «халқының намысы мен ар-ожданын, тәуелсіздік рухын» қозғап жүрген тұста қазіргі кездегі Олжастың біраз «жанашырлары» өзінің жеті атасын білмейтін танымдық тоқыраудың күйін кешіп жүр еді.

Қазақ әдебиетіндегі рухани тәуелсізділіктің дәуірі Олжастың есімімен тікелей байланысты. Біз сол үшін де оны қадір тұтамыз. Дәл қазірдің өзінде де Олжастың ақындық, рухани, ғылыми идеяларының тереңдігін біз толық түсініп болғамыз жоқ. Қазақтың жыл қайырудан бұрынғы көшпелі кезеңі мен Кетбұғаға дейінгі екі жарым мың жылдық тарихы мен тағдырын қамтитын «Дулыға» атты екі томдық кітап жазғаннан кейін барып мен Олжастың «Қыш кітабы» мен «Аз и Я»-сының түпкі астарын аңғардым. Ал оны зерттеп оқу үшін әлі де қалам қарымының қуатын ұштай түсуім керек екендігін түсіндім. Демек, оның көркемдік әлеміне танымдық дайындықпен келу керек. Сондықтан да, оның шығармалары туралы тиянақты сөзді келешектің үлесіне қалдыра отырып, тек азаматтық, ақындық тұлғасына қатысты пікір білдірумен шектелсем деймін. Оның ішінде тікелей өзім көрген жайларға ғана тоқталамын.

Қазір де, бұрын да Олжастың жеке басына қатысты әңгіме-дүкен бола қалса, оның бойындағы басты міні ретінде, ана тілінде жаза алмайтынын тілге тиек етеді. Тіпті соны Олжасқа қарсы құрал ретінде де пайдаланады. Иә, Олжас орыс тілінде жазады. Ол – заманның, тағдырдың, ортаның Олжастың маңдайына жазған сыйы. Бірақ та бұған қарап, Олжасты ана тілінің дұшпаны етіп көрсетуге болмайды. Ол – жала және қасиетсіздіктің белгісі. Өйткені, қазақтың сөйлеу тілін білгені үшін ғана өзін Олжастан зор тұтатындар қазақ тілі үшін дәл Олжастай еңбек сіңірген жоқ. Ол өзінің шығармалары арқылы қазақ тілінің ұғымдық құрылымын әлемдік деңгейдегі ғылыми тіл дәрежесіне, көне түркі ғылымы туралы еңбектердің үлгісі ретінде алынатын тілдің деңгейіне көтерді. Түркологтар қазір қазақ тіліне, оның ішінде Олжасқа жүгінбей өте алмайтын болды. Әлгі мысқылдай күлетін «қазақшыл қазақтың» қай жазғаны ұлттық тіліміздің ұстыны болып қалатынын кім білсін, бірақ, Олжастың «Мың бір сөзі» ғасырлардың еншісіне тиесілі мұра.

Екінші: қазақ мектептерінің азайып, қазақ тілінің қолданымнан шығып бара жатқанын сонау 1962 жылы ашық айтып, «ана тілімді әлемдік деңгейдегі тарихи орнына қою менің парызым. Ол индеецтердің тілі сияқты өлі тілге айналмауы тиіс. Ондай зауалдан сақтасын», – деп мақала жазып, ұран тастаған кім? Қане, әлгі жанашыр сол кезде қайда жүр еді? «Тауларды аласартпай, даланы биіктетемін!» – деп мәлімдеген де Олжас емес пе еді. Сондағы басты мәселе – тілдің тағдыры еді ғой! Ана тілінің мемлекеттік статусын көтеру туралы мәселе қозғап, Ғабит Мүсіреповке арнайы баяндама жасатып, жазушылардың пленумын шақыртқан да Олжас еді ғой! Ділмәрлардың ол кезде үні шықпайтын. Енді Олжастың сол еңбегін жоққа шығарып, оны өзі иемденіп, ана тілі үшін жанын алып, жанын берген Олжасты оқтың ұшына байлап, мазақтай сөйлеуді машыққа айналдырып барады. «Ар-ұяты бар» азамат үшін бұл – мін.

Әрине, ана тілінде көркем шығарма жазбағаны өкінішті. Алайда ол Олжастың соры емес, бақыты деп те айта алмаймын, дегенмен де, ұлтымыздың рухын әлемге танытуға мұның өзі шешуші септігін тигізді деп те есептеймін. Абай мен Әуезов, Аймауытов пен Мүсірепов шырынын шығара пайдаланған тілдің тілдік қоры Олжас қазақша жазбағандықтан да кедейленіп қалмайды. Оның есесі толық қайтты, Олжас қазақ тілінің дамуына өзінін тарихи үлесін қосқан тұлға деп бағалаймын.

Олжастың көркемдік рухани құралы орыс тілі болғанымен де, оның рухы нағыз қазақ. Бүкіл шығармасы мен өмір жолы, көзқарасы, қайраткерлік әрекеті соған толық кепіл болады. Ол Нью-Йоркте, Алабамда, Африкада, Бихарда, Токиода жүрсін, солар туралы жазсын мейлі, ешқашан да ұлы даласын ұмытқан емес. Ол өзін үнемі сол даланың перзенті ретінде сезінеді.

Душно. Дождь.

Я бреду по колена,

Мне на руки проситься мутный ручей.

Ему так одиноко, степному,

Средь каменных зданий.

Аминь. -

деп жазғанындай, ол – туған жерін тұмар етіп жүрегінде сақтап жүретін қасиетті сезімнің жыршысы.

Сол ұлы махаббаттың нәтижесінде ғана ол осыдан отыз жыл бұрын қазақ ұлтының отаршылдықтың бұғауында екенін ашынып айтты. «Қазақстан – рухани отар емес, оны отар ел деп қарайтын еркөкіректік көзқарасты ұялмай насихаттап жүргендердің ары таза емес...», «Дүниені славяндар билейді, ал славяндарды Россия билейді» – деген пиғылды насихаттаған Скобелевтер үшін бұл бұлтсыз күнгі найзағайдай жарқылдаған сөздер еді. Егер елін сүймесе, оның рухани азаттығына құлшынбаса, намысын жыртпаса, Олжас бұл сөзді айтпас еді. Сол кезде интернационализм туралы шабыттана жазған кейбір тұстастары мен қандастарының бұл күнде ұлтжанды болып шыға келгеніне таңмын. Айтсын. Айтатын кез туды. Бірақ бұл пікірді сенен де бұрын айтқан, тәуекелге барып, басын бәйгеге тіккен адам бар екенін есте ұстағаны, ұмытпағаны абзал. Тіпті соны Олжастың өзіне қарсы пайдаланатындығы ашындырады. Тарихтағы қиянатты айта келіп: «Қазіргі ғалымдардың қанында аристік (нәсілдік) жіктеушілік бар» – деп мәлімдеген де Олжас болатын. Сондай батыл ойды жеткізіп, жас толқынның санасын оятқан ақынның ұлттық намысына тиюге сондай әуестеніп алғанымыз жақсылық пен жанашырлықтың не ашықтықтың нысаны емес. Қалайда ретін тауып инемен шаншып алудың амалы сияқты. Олжас – біздің ұлттық тұлғамыз. Ал ол туралы сөзді кім көрінген және ретті-ретсіз, кез келген жерде айта бермеуі керек. Сонда ғана бір-біріміздің қадірімізді біліп, сыйлай алатын боламыз.

Тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен дербес мемлекеттің әрбір азаматы, мектептегі оқушыдан бастап ақсақалды қарияларға дейін саясатшы болуға тиісті. Өйткені, біз болашақ рухани тәуелсіздіктен ада, еркін, отаршылдықтың не екенін білмейтін және заманалар тарихындағы тұңғыш мемлекетіміздің іргесін қалап жатырмыз. Тіпті үй-ішіміздегі тәрбиеміздің өзі де саясат. Ал мұндай шешуші кезеңде Олжастың саясатқа араласуын заңды деп есептеу керек. Шын достарының бірі – оның саясатпен айналысқан жылдарын Олжастың текке өткізген жылдары деп есептейді, екінші бір достары – Олжастың соңғы бір жылда саясаттан алыстауын орны толмас өкініш ретінде бағалайды. Ал Олжасты саясатшы есебінде атын естігісі келмейтін, онысын кешірмейтіндер де бар.

Мен олардың барлығының пікірін жоққа шығара алмаймын, бірақ әйтеуір бір үйлесімсіздіктің бар екенін білемін. Реті келіп кеңсесіне бара қалғанымда түннің бір ортасына дейін кәсіпорындардың мамандары мен директорларын жиып ап ұзақ әңгімеге кетіп, бас қатты қатып отырғанының үстінен түскенім бар. Онда Олжас әр заттың бағасын-жатқа айтып, экономикалық талдау жасап, оның Қазақстанға қандай жақсылық әкеле алатынын атап отырды. Сөйтсем менің алдымда ғана Польшадағы «естен тандыру» экономикасының авторы, сол кездегі премьер министрі (атын ұмыттым) екеуі ұзақ әңгімелескен еді. Шынымды айтайын, өзі жаңа ғана ауруханадан шыққан Олжасты аяп кеттім. Саясатта несі бар екен деп ішім қатты ашыды.

Бірақ дәл осындай сәтте оның саясатқа араласпай тыныш өмір сүруге мүмкіндігінің де жоқ екенін, ол мүмкін де емес екеніе түсіндім. Өйткені, тәуелсіз қазақ елінің рухани тәуелсіздігі жолындағы Олжастың үш ерлігінің тікелей куәсі болып едім. Осы күнге дейін сол ұлы күреске менің де лебімді тигізгені үшін Олжасқа рахметімді айтамын және ел үшін атқарған бір септестігім үшін тәубе етемін. Бұл үш мәселе де империялық рухани және саяси тәуелділік пен басыбайлылық тұсында көтерілгендіктен де қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы алғашқы қозғалысы, кейінгі жетістіктердің нысаналы нышаны деп бағалаймын.

Екіншіден, таяуда үш-төрт азаматтың: «Ойбай, кезінде Олжас Колбиннің қолшоқпары болды» – деп сәуегейсіген пікірсымағын оқыдым.

Өзге-өзге, дәл Олжасты мұндай «арандатудың ешқандай қажеттігі жоқ еді. Өйткені, шындықты білетіндердің дені әлі тірі. Ал қалайда Олжасты мұқату қажет болса, оның өзгеше бір жөнін табуға болатын шығар. Ол осы уақытқа дейін аузыма алмаған жай еді.

БІРІНШІ ҚОЗҒАЛЬІС: Барлықтарынызға белгілі, қазақ ұлты үшін 1987 жыл өте ауыр кезең болды. Колбин мен Камалиденовтің, Меңдібаевтің қылыштары Қазақстанның аспанында жалаңдап тұрды. Боздақтар бірінен кейін бірі түрмеге түсіп, жер аударылды.

Алматыда және он тоғыз облыстың бәрінде қазақтарға, онын ішінде қазақ жастарына қарсы әшкерелеу, жазалау шаралары аса қарқынмен жүргізіліп жатты. Ұлтшылдық идеологиясын қоздырушылардың қатарында жазушылардың есімі аталды. Әуелі марқұм Ілияс Есенберлин әшкереленді. Қалғандары өз кезегін күтіп тұрды. Колбиннің, кейіннен Камалиденовтің ұлтшылдар туралы жасалуға тиісті баяндамасындағы Есенберлин, Санбаев, Нұржекеев, Сматаев бастатқан жеті жазушының тізімінен соң ұлтшылдық пиғылды мұрат еткен «жас алаш ордашыл» ретінде менің де атым аталмақ екен. Ол пленумның бір жыл бойы өтпегенінің арқасында бәріміз де қара тізімнен аман қалдық қой. Бірақ түрлі-түрлі түсініктерді аз жазғамыз жоқ. Даудың бұлты үйіріліп Олжастың жеке басына келді. 1987 жылдың қараша айында мені бөлмесіне шақырып алды да: «Декабрь оқиғасына қатысқан жастар сотталып жатыр. Жазықсыз кеткендері де, әдейі арандатылғандары да бар. Бұл – заңсыздық. Міне, маған көмектесуді өтінген елудей хат пен тоқсанға тарта телеграмма келді. Біз – жазушымыз. Халықты қолдауымыз керек. Сондықтан да Жазушылар одағының қасынан праволық комиссия құрмақшымыз. Оны сен жүргіз. Өте адал бол, бірақ орыстарға қарсы, партияға қарсы іс-әрекетке жұмсап отыр деп ойлама. Орыстардың өзін пайдалан, комиссияның құрамына тарт. Ал СССР Жазушылар одағының жанынан да тура осындай комиссия құрылады. Сен оның қорғауында боласың» – деді. Құрметті төрағасына академик Салық Зимановты ұсынды. Сол кездегі жазушылар одағының хатшылары Сайын Мұратбековтің, Әкім Таразидің, Геннадий Толмачевтің қостауымен іске кірісіп кеттім. Салық ағамыз төрағалықтан сыпайы түрде бас тартты. Содан кейін Олжастың көмекшісі Сүният Бәкеновтен барлық хаттар мен телеграммаларды алып, өзімше құпия дәптер ашып, жеке қағазға түсірдім. Ақыры комиссия мүшесін де анықтадық. Оның құрамында С.Шаймерденов, Қ.Қайсенов, Қ.Исабаев, Ғ.Ахмедов, С.Елубаев, К.Бекетаев, К.Тәбеев, А.Тасымбеков және неміс К.Эрлих, орыс Е.Гусляров, ұйғыр Ә. Дөләтов, корей Л. Сон іспетті қаламгерлер болды. Олжас Қазақстанның жоғары сотының төрағасы Т. Айтмұхаметовке хабарласып, сенімді заңгерді мүше ретінде бекітіп беруді ұсынды. Ол адам – қазіргі тәуелсіз қазақ елінің бас прокуроры Мақсұт Нәрікбаев еді. Реті келгенде айта кетейін, сондай қиын кездің өзінде осынау азамат жаңағыдай міндетті орындауда аса жауаптылық пен кішіпейілділік және ұлтжандылық танытты. Содан кейін жолымыз түйіспесе де, сәлем берудің орайы келмесе де, сол екі жылдың ішінде мен М. Нәрікбаевтан және Орталық Комитеттің заң бөлімінде істеген Сабыр Қасымов деген азаматтан үлкен қолдау таптым. Олар шынайы азаматтығымен көрінді.

Комиссия бір жарым жыл жұмыс істеді. Көптеген заңсыздықтарды анықтадық. Тиісті орындарға комиссияның және Олжастың атынан қаты-настар жібердік. Әрине, барлығын ақтап қалудың мүмкіндігі болмады, бірақ та кезінде баспасөз арқылы айтылғанындай, 40-50 адамның тағдырына араша түстік. Ал жер аударылғандар мен облыстық қалалардағы қозғалған істердің дені тоқтатылды. Әсіресе, Өскемендегі жас қыздың қаза табуы туралы хабар ешкімге бимәлім еді. Асқар Алпысбаев құпия барып анықтап келді. Мен кейбір деректерді комиссия мүшелерінен де жасыруға мәжбүр болдым. Олжастың өзі ғана біліп отырды. Тек Орал қаласынан келген бір қыздың, мүмкін орынборлық шығар, тағдырын анықтай алмадық. Біздің ісіміздің нәтижесі көріне бастағанда өзімізге де аңду түсті. Сондықтан да комиссия мүшелерінің өздеріне білдірмей топ-топқа бөліп тастадық. Әрине, бұл өзі жеке әңгіме. Бірақ та осыншама тәуекелді жұмысты басқарған Олжастың өзі еді. Бір жылдан кейін Мәскеуде СССР Жоғарғы кеңесінің депутаттарының сессиясы болды. Әлгі комиссияның барлық қортындысын Олжасқа ұсындық. Ол қалайда сонда сөз сөйлеп, декабрь оқиғасына басқаша баға беру керектігі туралы пікір айтуға дайындалды. Іле өзгелерден кешігіңкіреп Мұхтар Шаханов депутаттыққа сайланды. Ол кісінің сұрауы бойынша әлгі мәліметті оған да бердік. Бұдан кейінгісі оқырмандарға белгілі. Мұхтар Шаханов сөз алды. Үкімет комиссиясы құрылды. Шындық қалпына келе бастады. Алайда, біреуі сотталып, жер аударылып жатқанда, екіншісін ақтауға тырысқан Олжастың ерлігіне сүйінбеске амалым жоқ. Айтпақшы, жариялылықты пайдаланып, Қауіпсіздік комитетінің жеті бірдей басқарма бастығын одаққа шақырып, кездесу өткізгенімізді жазушылар ұмыта қоймаған шығар. Бұл да бізге кәдімгідей сес және демеу болды. Сол кезде комиссияда қызмет еткен жазушыларға деген ішкі құрметім үлкен. Комиссия тек мұнымен шектелген жоқ. Көп салалы істер атқарды. Отыз жетінші жылғы қаза тапқандарды ақтау, жазықсыз сотталғандарға көмектесу, тіпті, Асанбай Асқаровты қолдау қозғалысы да осы Жазушылар одағында құрылды. Сонда келген бір топ меркелік ардагерлердің іс-әрекетін демократиялық пікір ретінде қолдап, заңдастырып бергенімізді ол адамдар ұмыта қоймаған шығар. Менің ойымша, мұндай азаматтық ерлікке бару, ұлттың өзін-өзі қорғай білуіне мүмкіндік беру – Әлихан Бөкейхановтан кейін ешкімнін ойына келмеген нәрсе. Ал біз Олжасты «колбиншіл» болды дейміз.

ЕКІНШІ ОҚИҒА: Тура сол комиссияның кезінде Олжас мені тағы да шақырып алды да: «Жә, Байтұрсынов пен Бөкейхановтарды ақтайтын кез келді. Сен білесің ғой. Сол туралы пленумға мәселе қой. Өзіміздің ақсақалдармен сөйлес, солар сөйлесін. Сондай-ақ сен қазір Айтмұхамедовке бар. Жоғарғы соттағыларға «Алаш орда» мен ол кісілердің шығармасы туралы мәлімет бер. Жасыма. Құжаттардың бәрі өтірік куәлікке құрылған. Жер-жерден хат ұйымдастыр» – деді: «Ағалар алқасындағы» ардагер жазушылар кейін пленумда сөйледі. Шәкерім туралы сол кездегі Абай ауданының басшысы Ғафиз Матаевқа айтып хат жаздырдым. Ал «Алашордашылар» туралы сөйлеуге ешкім де келісім бермеді. Шәкерімнің өзгелерден сәл бұрын ақталуының себебі осында. Араға бір жыл салып барып мемлекеттік комиссия құрылды. Арыстар ақталды. Ал осыны істеген Олжас қой. Тура сол кезде Колбин мен Камалиденовтің Олжастың соңына шырақ алып түскен кезі емес пе еді. Егер де бас пайдасын ойласа, мұндай көзсіздікке барып несі бар? Зады, Олжас не істесе де шабытпен, асқан өжеттікпен және ашық істейді. Бұл оның бойындағы әрқайсымыз үйренетін ең үлкен қасиет. Қанша кішіпейіл болғанмен, біз де пендеміз ғой, мен Олжастың осы екі тапсырмасын орындай алғаным үшін кәдімгідей мақтанамын.

ҮШІНШІ ОҚИҒАҒА араласу менің азаматтық міндетім еді. Мен үшін және менің жерлестерім үшін, ағайын-туғаным үшін, кластастарым үшін өте қасіретті, өлім мен өмірдің мәселесі еді. Мен 1962-1964 жылдары қазіргі жабылған полигонның тура түбінде, бес шақырымдай жерде тұрдым. Әкем бақташы еді. Бізге ауыз суды әскерлер әкеп берді. Ол – Сапарғали Бегалин мен Жүсіпбек Елебеков марқұмның туған қыстауы болатын. 1968 жылдың қысындағы жұтта да сол арада қызмет еттім. Полигон туралы шындықтың шет жағасын көріп өстім. Ақ қаннан ауырғандар мен өлгендердің тізімінде менің туған қарындасым Төлеу марқұм да бар еді. 1988 жылы мектеп бітіргеніміздің жиырма жылдығы болды. Мамыр айында ауылға бардым. Семей қаласына түсісімен кластасым, әскери дәрігер Қабыл Көшербаев жаңа салынып біткен «Спутник» қонақ үйін көрсетіп: «Мынаның іші толған жас сәбилер. Полигоннан радиация тарап кетіпті. Улы газ жас балалардың өкпесін күйдіріп жібереді екен. Үлкендер шыдайды» – деді. Ауылға барғанда аузынан көбігі ағып, талып жатқан сәбилерді көріп зәрем ұшты. Қарауылдағы ауруханадан үлкендерді шығарып, балаларды орналастырған екен. Колбин іле-шала барып, Семейде жұқпалы ауру шығыпты деп Алматыға қайтып келді.

Жанымды түшіктірген осы шындықты Олжастан жасырып қала алмадым. Басын шайқады. Бір шара істерміз деді. Бірақ күнделікті арпалыстың қарбаласында кетті.

1989 жылы февраль айында тағы да Қарауылға бардым. Жазушы Төкен Ибрагимовтің 50 жылдық тойына қатыстым. Сол күндері екі рет қатарынан полигонда сынақ болды. Тойға барған басым, ауылда көңіл айтудан қолым тимеді. Бұл – бұрын мен көрмеген апат еді. Әлі есімде, сейсенбі күні таңертең самолеттен түстім де бірден Одаққа келдім. Олжасты күттім. Өтіп бара жатып қал сұрады. «Олжеке, менің өмір сүргім келмей тұр. Сізге соның жайын мәлім етейін» – деп шындығымды айттым. Тіксініп қалды. Жай-жапсарды түсіндірдім. «Енді жасырып қала алмаймын. Жазушы, депутат ретінде Сізге келіп тұрмын. Шешуші сөзіңізді айтыңыз», – дедім қамығып. Басын шайқады. Темекі тартты. Темекі ұсынды. Геннадий Толмачев келе қалды. Оған: «Енді төзуге болмайды. Сволочи!» – деді де телефонға қол жалғады, ал маған: «Бар, «Барға» бар. Барамын» – деді. Осы бір іркес-тіркес айтылған төрт «барды» қанағат тұтпай мен дәлізге шықтым. Бірақ кетпедім. Сәлден соң жүгіріс басталды. Ген-ағаң: «Не мучайся!» – деп қойып (Олжастың жан досы Толмачев) арлы-берлі безектеп кетті. Бір уақытта Олжас: «Тұрсын! Кел!» – деп қатты айғайлады. Бардым. «Сволочи! Мен осындағы әскерилермен және Мәскеудегі қорғаныс министріндегі сенімді адамдармен сөйлестім. Улы газ шыққан. Қазір ЦК-ға мәлімдеймін. Протест хат жазамын! Енді үнсіз қалуға болмайды. Ал сен үйіңе бар. Демал!» – деді. Сонда ғана жаным кірді. Жұма күні Одаққа барсам арлы-берлі сапырылысқан жүгіріс ЦК-дағы идеологтарды да көрдім. Баяғыдай емес, қабақтары пәс. Олжас шабытты. Арқамнан қағып: «Сен азаматтық міндетіңді орындадың. Ендігісін бізге бер. Сөзсіз күресеміз! Міне!» – деп үндеуді көрсетті. Жексенбі күнгі жиналыста бірінші боп мен сөйлеуім керек еді. Бірақ, Бақтажар Мәкішев ағамыз кезекті алды. Ол кісі жағдайды толық білетін... «Семей-Невада» қозғалысы осылай өмірге келіп еді. Оның түпкі мақсатына жеткеніне бәріңіз де куәсіздер. Несін таратып жатайын. Бұл – мен көрген Олжастың үшінші, ерлігі еді.

Осы үш оқиға да қазақтың рухани-ұлттық күресінің бастамасы болғаны анық. Колбиннің тамырын қопсытып, Қазақстандағы беделін жермен жексен еткен де осы қозғалыстар емес пе еді! Ұлттық санамыздың оянуының қозғаушы күші еді ғой!

Осы қозғалыс ұранын қолдаған республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен Семей полигонының үні өшті.

Тез тұтанып, тез сөнетін ұлттық мінезімізден әлі де айырылмаппыз. Алайда дәл осы оқиғаларды ұмытуға қақымыз жоқ еді ғой, ағайын! Тіпті, Қазақстанның азаттығын дәріптеуге құрылды деп жүрген «Азаттық» радиосы да қазір Олжасты кекете сөйлеуге әуес боп жүр. Мүмкін, соңғы жылдары Қазақстаннан барған ағайындарымыздың салқыны тиді ме екен, кім білсін. Бірақ сол жігіттер осы үш оқиғаның да куәсі болып еді ғой! Олжастың етегінен бір тартып қалу үшін алыстан дауыс көтерудің пәлендей қажеттігі бола қоймас. Ол үшін дүние жүзіне жар салудың, сүйінші сұраудың жөні де жоқ-ау, сірә! Олжас – өз ұлтының алдындағы парызын орындаған азамат. Егер де, сіз бен біздің әрқайсымыз еліміз үшін сондай еңбек сіңірсек, онда тәуелсіз мемлекетіміздің толық тәуелсіздікке тез арада қол жеткізетініне мен сенемін. Олжас – өмірде де, өнерде де, қарсыласына қолайсыз, өте тәуелсіз тұлға. Ол ақылы мен мінезін бір-біріне билеткен күрделі азамат. Сырты сұсты да сұлу қөрінгенімен, жандүниесі сондай жайдары, қарапайым, тіпті адамды ренжіте алмайтындай жұмсақ мінезді. Ал мұның барлығы көзқарасқа кеп тірелгенде ерекше тұлғаланып шыға келеді. Ірі харакеттің иесін кейде ұсақ сөзбен шымшылап жатамыз. Ол да керек шығар. Бірақ қасиетін біліп, мойындап тұрып, ойланып айтсақ, түсінбейтін тоңмойын кісің Олжас емес.

Өйткені, оның да көздегені – қазақ ұлтының тәуелсіз мемлекеттігінің бүгіні мен болашағы. Олжастың өзі айтқандай, «ұлтымыздың басынан бақ кетпесін! Әмин» – дейік.

18 мамыр, 1996 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар