Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тұрсын Жұртбай: Кім қалай шабыт шақырған? (Бейнет ...

09.03.2017 5577

Тұрсын Жұртбай: Кім қалай шабыт шақырған? (Бейнет сусыны туындысынан үзінді)

Тұрсын Жұртбай: Кім қалай шабыт шақырған? (Бейнет сусыны туындысынан үзінді) - adebiportal.kz

2.«НЕ?» – ЖҰМЫС: ОҢТАЙ МЕН ОРАЙ

Әрине, жұмыс, миһнаты – кәдімгі қара жұмыстан батпан есе ауыр, «ақыл азабын» тартқызатын жұмыс.

Орайы келіп, оңтайына ілінген іс қана діттеген жеріне жетіп, барқадам табады. Қазақ мұны «ұқсаттыру» дейді. Ал «Сабақты ине – сәтімен» дегеннің де саятын жері сол.

Алайда, қашан орайы келіп, оңтайыңа ілініп, сәті түсіп, шабытың шалқығанда қолыма қалам аламын – деген суреткер ешқашанда мақсатына жетпейді. Шабытын шақырып, шалықтай берсе, түбінде шалдығып барып, шалыққа ұшырап тынатыны анық. Мұндай әсіре күйден арыла алмай, сау мен аурудың арасында делбелік күй кешіп, қаншама талант өмірден өтті десеңші. Олардың дені ғұмырын жындыханада, не мәйханада аяқтады. Біразын көзімізбен көрдік. Ал ілгері жұрттарда олардың сауынан сандырақтап өмір сүргендерінің саны көп боп келеді.

Ілкі ғасырда шығармашылық түрлерінің саны молайып, баспагер, сыншы, тәржімәші, тілші, қоюшы-сценарист, редактор, шолушы, әр саладағы суреткерлерге демеуші, көмекші, дерек жинаушы, жарнамашы сияқты кәсіби мамандықтың саны молайып, іштегі булығуын сыртқа шығарудың амалын тапты. Олар шетінен сауатты және шығарманың талмауытты жерін дәл табатын, суреткерді етекбастылықтан құтқаратын нағыз жанашырлар. Сонымен қатар өзіне бұйырмаған таланттың желінін қақтап сауып алатын атжалмандар да бар.

c57488964ffcef94916933d62edeafbb.jpg

Әдебиет саласында алғаш рет «қолбала ұстаған» жазушы әйгілі Дюма. Оның «Граф Монте Кристо», «Үш мушкетер» атты атышулы романдарының алғашқы қарабайыр нұсқалары можантопай ауыл дәбірінің қолынан шыққан. Кеңестік кезеңде ондай мүмкіндікті Константин Симонов пайдаланса керек. Қазақ жазушыларының арасынан «қолбалаға» жарыған ешкім жоқ. Әркім өзінің киген қамытын өзі сүйретіп келеді. Шетелдік жазармандардың бұл орайда арнайы жасақ ұстап, әдебиетті ақшаның көзіне қалай айналдырғаны қақында атышулы «Леонардо да Винчидің таңбасы», «Періште мен ібіліс», «Құпиясы ашылған ныспылар», «Сан қамалы» атты жинақтай есептегенде жүз миллион данадан артық таралған романдардың авторы Дэн Браун туралы «әдеби шикізат» тарауында арнайы тоқталамыз.

Жоғары деңгейдегі талғам мен жазу мәнерін игерген әлгі атжалмандардың басты кінәрәті – алдыңғы тараушада айтылған «бейнет сусыны» мен «ақылдың азабына» төзіп бере алмағандығында сияқты. Тәп-тәуір бастап, тастап кеткендер де солардың қатарын толтыратыны өкінішті. Ғұсман Жандыбай ақынның бәйге аттардың даңқы туралы: «Біреуінен біреуінің артылатын жоқ түгі, Болғандығы алғашқының сәл биіктеу шоқтығы» – деп дәп басып айтқанындай, тұяқты тұяқ жібермейді. Бірақ талант иесінің пешенесіне жазылған «итшілік жанкештілік» пен азапқа төзу де оңай емес. Оған қилы-қилы себептер мен салдарлар, «Сұм тағдыр шырмауықтай шырмап алған»6 – деп Ақан сері айтқандай, шырмауықтай шырматылған күйкі тіршіліктің қам-қаракеті де тұсау. «Жетім қозы – тас бауыр, түңілер де отығар» демекші, шығармашылықтың азабына да «мың өліп, мың тіріле» білетін жансебіл жан ғана шыдас береді.

Мұндай қиямет-қайымдық қинаудан және шабыттың жалған шалығынан құтқаратын дауа, әлгі Флобер айтқан, «тұрақты жұмыс». Қадыр ақынның: «Тамаша – тамаша емес бірақ құрбым, Бір мезгіл кетпен, күрек ұстамасаң» – деп айтқанындай, қанша талантты болсаң да, қаншама шабыт құшағында жүрсең де, бір мезгіл және жанкешті күйде еңбек етпесең, сенің талантың – талант емес, ет пен терінің арасындағы желік қана болып қала береді.

Өмірін желкөбік күйде текке өткізген таланттар өзге ұлттарда да, қазақ ішінде де аз болмаған. Оған мысал жетіп артылады. Олардың біразын өзіміз де көрдік, қазір де бар, ертең де кездеседі. Күй таңдаған бәйге ұзаққа бармайды. Ал «азап қамытын» еркімен киген жанкештілердің жұмыс істеу тәсілдері де әр қилы болған. Оның басты себебі, әр істің, әр таланттың өз оңтайы мен орайы болады.

13f54dd74dcf824a601851abdcd5031b.jpg

Әрине, төрт құбылаң сай болғанға не жетсін. Алайда «жын қонған» өнер иелерінің басым көпшілігі Марк Твен айтқан «бақытсыз балалықты» басынан кешкендер болып келеді. Мұның басты себебі, оларға өмірдің азабынан көрі өнердің азабы жеңіл көрінгендігінен емес, керісінше тұла бойын, ақыл-санасын, сезім-жүйкесін дуалап алған азапты сыртқа шығарудың, «бейнет сусынының» уытын қайтарудың жалғыз мүмкіндігі болуында шығар. Сол ықтай жүріп кешкен өмірді әдетке айналдырып алған кейбір мінез-қылықтары, оның шығармашылық жұмысына да татын қалдырса керек-ті. Әр суреткердің жұмыс тәртібінен өзі кешкен ғұмырдың, тәрбиесінің, ортасының табы танылады.

Мәселен, адамды ойлаған ойы үшін жазаға тартқан еуропалық орта ғасырдығы инквизиция – діни ғазауат дәуірінде өмір сүрген атақты Италия ақыны Петрарка өзінің Лаура аруға арнаған сонеттерін елді мекеннен аулақта, ат үстінде серуендеп жүріп шығарған. Түн ортасында оянып, шам жақпастан әлгі шығарған сонеттерін қараңғыда асығыс-үсігіс жазып қояды екен. Көңіл көзі байланған, ойы шырмалған, үрей билеген адамның жазуы қайсыбір дұрыс түсті дейсің. Жазуын жазғанымен де, ертеңінде өзінің жазғанын өзі әрең танитын көрінеді. «Шабыт», яғни, Лаура сияқты «кінәмшәл сұлулар» не істеткізбейді, тіпті, жүрегің мен миыңның түкпірін тіміскелеген «әулие әкейлерден» де шіміріктірмеген. Сөйтіп, Италияның «гүлдену дәуірінің гүлтәжі» атанған Петрарка сейілге шыға жүріп өлең жазуды, дәлірек айтсақ, өлең шығаруды еркінен тыс «жұмыс дағдысы» етіп алыпты.

fe7f87c5b3dc5b6e846df2de7ff12b30.jpg

«Ауру қалса да әдет қалмайды». Оған әр заманда өмір сүріп, өзінің тосындау, өрескелдеу көрінетін ғадеттенген әдетімен шығармалар жазып, адамзат руханиятының тарихында қалған не бір ұлылардың «жұмыс дағдысы» дәлел. Мысалы, Шиллер аяғын суық суға малып, Бальзак – тасқа жалаң аяқ отырып, Пруст – иіссу (духи) иіскеп, Руссо – басын күнге қыздырып, Мильтон – аяғын көтеріп отырып жазған (себебі, басқа қан мол құйылып, оның айналымын күшейтеді, сөйтіп ми жұмысын жақсартады екен. Бұл медициналық тұрғыдан дәлелдеген).

Гете – ит жетектеген, көзілдірік таққан, усарымсақ жеген адамды жек көрген. Усарымсақтың иісін сезген соң көпке дейін қалам ұстамайды екен. Ал театрға ит жетектеп келушілер пайда болғанда (герцог), жазу қабілетінен айырылып қалудан сескеніп, директорияны тастаған.

Бальзак – түнде, Вальттер Скотт – таңсәріде жазған.

Виктор Гюго жазу столынан тұрмас үшін шашының, сақалының жартысын алып, не бояп тастайтын болыпты.

Метерлиник – таңертеңнен түске дейін түк жазбаса да жазу столында отырады екен.

Француздың атақты жазушысы Анатоль Франц жазар алдында алдына 1 графин шарап қойып қойып, соны ұрттап отырып жазады екен.

Өнер атулының барлық түрін меңгерген Ромен Роллан жазуға отырардың алдында жарты сағаттай рояльда ойнайды екен. Сөйтіп, сезім талшықтарын босатып барып жазуға алаңсыз кірісетін көрінеді. Демі біте бастағанда тағы да рояльға отырады екен.

Марсель Пруст есік-терезені жауып, тесігіне тығын тығып қояды екен.

Заманы мен қазақ әдебиетіне деген ықыласы бізге жақын жазушылардың ішінде Илья Сельвинский барлық шығармаларын жылы су толтырылған астаудың (ваннаның) ішінде отырып жазыпты. Шығармашылық демалысқа барғанда, тіпті, ұлы отан соғысы жылдары қоныс ауыстырған кезінде де «астауын» сүйрете жүріпті.

Қазақ жазушыларының арасында мұндай өрескел қылықтар байқалмайды. Тек Мұхтар Әуезов өзінің шығармаларын ауызекі хатқа түсірердің (диктовка жасардың) алдында жарты сағаттай ән, күй тыңдайды екен. Жұмыс ережесін радиодан берілетін концерт бағдарламасына орайластыра белгілейді екен.

dd6e530212e11d55af71ab93a07c117b.jpg

Ғабит Мүсірепов жазуға отырардың алдында қорабымен тұрған су жаңа қарындаштарды ұштайды екен. Егерде қарындаштың біреуінің ұшы сынып қалса, не көңіліндегідей әдемі ұшталмаса, әрі қарай жазуға ұмтылмай, сол сәтте орынынан тұрып кетеді екен.

bb52ebd3ee5d685f485fd18e377763b8.jpg

Ал олардың ізін басқан Дүкенбай Досжан барлық шығармаларын жерге етпеттеп жатып алып, жастықты кеудесімен бауырына басып отырып жазған. Мұны – аталғандардың барлығы да өздерінің «жұмыс дағдысы» ретінде көзі тірісінде көпке жария етті.

Әгәрәки, усарымсақтың иісі мүңкіп тұрса, ит жетектегендер жоғалмаса, есік-терезе тығындалмаса, сақал-шаш бояйтын бояу табылмаса, радиодан дер кезінде жақсы ән берілмесе, қарындаштың бәрі морт болып шықса, төсеніш не жастық жайсыз болса, онда сол күні мұндай кірпияз мінездің иелері жазуға отырмас па еді, қайтер еді.

Ғабит Мүсірепов бөлмесін тәрік етіп, серуенге шығады екен, жазатайым алдынан өзіне ұнамайтын адам кезіге қалса, сол күні міндетті түрде, ал кейде екі-үш күн жазу столына жақындамайды екен. Мұхтар Әуезов: «Осылар өстиді. Бұларда тәртіп жоқ. Тыңдаушыны сыйламайды», – деп күңкілдеп біраз жүріп диктовкасын бастап кеткенін өзі де аңғармай қалатын көрінеді. Дүкенбай Досжанның мұндай жағдайда өзін қалай ұстайтынын сұрамаппыз. Мәтқапылық деген сол.

1268b1fcf057e8679a8994f65eb05334.jpg

Ал енді осы айтылғандар қызық па, шыжық па, кім білсін, оны біз білмейміз, бірақ әр жазушы өзінің «көңіл қошын» келтіретін «оңтайлы орайды» әр қалай табатыны анық.

Сонымен, иттің қарасы өшті, усарымсаққа тиым салынды, шарап әкелінді, пианино ойналды, тесік біткен бітелді, астауға жылы су толды, ән айтылды, қарындаш ұшталды, жастық жайлы болды. «Көңілдің қошы» келді, жұмыстың «оңтайы орайласты», «ойдың көзі ашылды». Әлгі «отыз үш пен қырық үштің» арасындағы «кінәмшіл келіншектермен» қытықсыз майдан басталып кетсе керек-ті. Нағыз тоят тұсы осы. Енді «дағдылы машыққа» үйренген қалам еш алаңсыз ақ қағаздың бетінде ойқастай жөнелуі тиіс қой.

Жоқ, мүлдем олай емес екен. Әлде бір қара мыс (черная магия) иығыңнан басып, бойыңды буып, сірестіріп тастайтын көрінеді.

Мысалы, «шабытты» жоққа шығарған Флобердің өзі бірде 3 күн қатарынан 4 сағаттан отырып түк жаза алмаған соң, ақыры ызаға булығып жылап қоя беріпті. Содан түн ішінде оқиға есіне түскенде қуанғаны сондай, сасқалақтап көз жасын сүртетін орамалды әзер іздеп тауыпты. Мұндай мысал әр суреткердің өмір тәжірибесінен табылады.

Өзгенің өміріндегі сәтсіздіктерді тізбелемейін, өз басыма жүгінсем де, ондай мысал жеткілікті. Мәселенки, «Бұзылған бесік!..» атты эссенің шикізатын дайындап қойғаннан соң екі жыл бойы жиған-тергеніміз жазу столының үстінде жатты. Жазуға арналған ақ қағаз сарғайып кеткеннен кейін барып, қорлана отырып жиыстырып тастадық. Он жылдан кейін тағы да «жайма» жайылды. Ол жолы жарты жыл жатты. Ақыры арада тағы да он жыл өткен соң «жаймамызды» жаймай-ақ, аяқ астынан кірісіп кеттік.

Әрине, алғашқы ойлаған терең сүйіспеншіліктен ада болған, екінші жолы терең толғаныстан айырылған, сұлбасы ғана қалған құрғақ талдау болып шықты. Қалайда қағазға түсірмесе болмайтын еді. Өйткені «Хан Кененің» тағдырын аяқсыз қалдыру азаматтық парызымызға мін еді. Дерегінің өзі жұртқа қат мағлұматтардың қатарына жататын.

«Күнделігіме» жүгінсем, Абылайдан бастап сыйынбаған әулием жоқ екен. Ешқайсысы қолтықтан демемепті. Орайы келді, ыңғайы табылды, тура осы жазбалар сияқты күтпеген жерден басталып кетті. Ал бастаған нәрседен нәтиже шығармай аяқсыз тастау әдетімде жоқ еді. Сол «машықты әдет» жеңді және өзінің алғаш кіндігі байланған Алматы қаласындағы пәтерде жазылды.

Осы жолдар да сол Алматыдағы үйде оқыстан басталып кетті. Ал неге былай болғанын әлі де түсіндіріп бере алмаймын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар