Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тұрсын Жұртбай. Саусағыңыздан айналдым, Ақа!...

09.08.2020 4589

Тұрсын Жұртбай. Саусағыңыздан айналдым, Ақа! 12+

Тұрсын Жұртбай. Саусағыңыздан айналдым, Ақа! - adebiportal.kz

Тал бойы сұлу жігіттен мін табу қиын. Ал Ақаңның – Ақселеудің біреу тілін, біреу түрін, біреу жүрісін, біреу тұрысын, біреу аңшылығын, біреу әншілігін мақтайды. Азаматқа тән келісімінің бәрі бойынан табылып жатқан Ақаңның сол қасиеттерінің бәрінен де мен оның саусағын ерекше бағалаймын. Сол саусақтар болмаса, руханиятымызды байытқан қаншама кітаптардың жазылмай қалатыны рас. Бірақ мені ол да таңдандырмайды. Шынын айтсам, сол саусақтарға Ақаң домбыра шерткен кезінен басқа уақытта мән де бермеймін. Ал домбыраға тиген кезінде ерекше салаланып, сұлуланып, қасиеттеніп кетеді. Даланың өзі ән салып қоя бергендей. Ол саусақтарда қаншама сыр мен жыр жатыр десеңізші! Ол саусақ не көрмеген саусақ десеңізші! Маған салса, Ақаңның қасиеті сол саусақтарға тікелей байланысты. Ол саусақтар болмаса, ол саусақтар күй шертпесе қазақ өнері де біраз сілкіністен ада қалар еді. «Толғауы» (Ақтамбердінің толғауы) мен «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Алтын асық» дүниеге келмес еді. Өлі күйлер тірілмес еді. Жәнібек Кәрмен сияқты сұңғыла әншілердің даусы халқының жүрегіне толық жетпей, өшіп тынар еді.

Әлі есімде, жетпісінші жылдардың аяғы болатын. Ақселеу ағамыз Қа-рағандыдан Алматыға ауысып, «Социалистік Қазақстан» газетіне бөлім меңгерушісі болып келе қалды. Тілшісі түгілі, еден жуғышының өзі ЦК-дан басқаға сәлем бермейтін, есепшісіне дейін галстук тағып жүретін бұл мекемені орағытып өтетін едік. Қалай Ақаң келді – үшінші қабатқа жан кірді. Әуелі теннис ойнайтын болдық, одан жаппай насыбай ату басталды. Соның бәрінен ерекшелігі – редакцияға домбыра келді, домбырамен қосылып ән келді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тығылып жатқан таланттар сол арадан табылатын болды. Күйші Төлеген, Дәнеш, Мәдениет, Рақым, Қажыбек, Қайрат, Жәнібек сол арада бас қосып жүрді. Несіпбек, Жәнібек үшеуміз де үйірсек тарттық. Бір күні, иә, бір күні...

Жаңылмасам, қыс айының іші... Ақаң мен Жәнібек оңашалана бастады.

Апта өтті. Ай өткен жоқ. Біз де қалатын болдық... Тыңдаушы керек екен.

Ақаң бір әуенді ұзақ қайталап тартады. Жәнібек тамсанады. Қабағын түйеді, қолын шошайтады. Мен Ақаңның саусағынан көз алмаймын. Осы күй он күнге созылды. Енді Жәнібек жұрттан бой тасалай бастады. Бір айдың мөлшерінде ол мені үйіне шақырды. «Мынаны тыңдап көрші», – деді. Бұрын мен естіп-білмеген бір алапат жыр. Ақтамбердінің толғауы. Үш-төрт күннен кейін Ақаңа тыңдатуға бардық. Кешкі мезгіл. Жәнібек сорғалата жөнелгенде басында еркіндеу отырған Ақаңның басы иілді де қалды. Тыңдап болған соң: «Ой, Алла-ай! Не деген ғажап, не деген философия, не деген кеңдік?! Жәнібек, енді сенің бағың ашылады!» – деді. Күй сарынын арқау ете отырып шығарған сол әніне лайық Ақтамбердінің сөзін тауып, домбыраға түсіріп, Жәнібекке үйреткен Ақаңның өзі емес пе еді?! Бүгінгі қазақ әнін Ақтамбердінің толғауынсыз елестетіп көріңізші. Ақаң болмаса, Ақаңның жүйрік сасусағы болмаса ол ән өмірге келмес еді. Осыдан кейін Ақаң мен Жәнібек, Несіпбек үшеуі қосылып алып, «Дәурен-ай» мен «Сарыарқаны» сол қыста жазып, жұртты таң-тамаша етті. Бұл қазақ әнінің жаңа белеске көтерілген, Жәнібектей жампоздың, Несіпбектей сужорғаның Ақаңның алдына түсіп алып, халқына қарай жайтаңдай жөнелген тұсы еді. Сол ән бүгінгі Бекболаттың бесігі тербеліп, ауамен қоса жүрегіне құйылып жатқан кезі еді. Жамбасымен жорғалайтын Бекболаттың қызығын қызықтап Жәнібек бөлме-бөлмені аралап ән айтатын, ол қай бөлмеге барса, соған жам-бастай жорғалап баратын Бекболаттың ұзын сапарымен өз жүрегіне ұя сал-ған тұс еді. Оны ұялатқан Ақселеудің саусағы болатын.

Мен сондықтан да Ақаңның саусағындай сұлу саусақты сирек кездестірдім.

Ондай саусақ қазақта Сәкенде ғана болған шығар.

Мен Ақаңның саусағына ғашықпын. Сол саусақтардан суси құйылған әндер мәңгі өшпесе екен, сол саусақтар талмаса екен, буынына сарысу ұйы-маса екен, сіңірі қатпаса екен деп тілеймін.

Саусағыңыздан айналдым, Ақа!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар