Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Мі...

19.11.2015 7563

Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Міржақып Дулатов) - 3

Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Міржақып Дулатов) - 3 - adebiportal.kz


(Жалғасы. Басы мұнда

4.


1929 жылы І/І күні тергеуге алынған Міржақып Дулатовтың жауабының хаттамасындағы қамтылған мәліметтердің астары мен ұзын-ырға мазмұны осындай. Айыптау санкциясы мен Д.Әділевтің көрсетіндісіне қарағанда алғашқы сұрақ-жауап: 1). Міржақып Дулатов пен Дінше Әділев және де басқалар бірігіп түскен суреттің тарихы, 2). 1921-1922 жылғы Ташкентте құрылған-мыс делінетін астыртын ұйым, 3). Голощекинге қарсы қастандық жасау әрекеті-міс делінетін оқиға туралы қойылуы тиіс еді. Ал мұнда алғашқы тергеудің өзінде бірден 1918-1919 жылғы Торғайдағы азаматтық соғыс кезіндегі оқиғалар, оның ішінде Аманкелді Имановтың қазасы туралы сұрақтар қойылған.


Голощекин бір халықтың ұлттық, азаматтық күрес тарихын бар мен жоққа тели үкім айтып, тағдырын тауқыметке итермелегісі келді.Өзгені былай қойғанда, 1916 жылғы азаттық көтерілістің өзін әуеліде реакцияшыл қозғалыс деп атап, Шапиро мен Брайнин деген идеолог-тарихшыларға теріс тұжырымдар жасатты, оның: «ұлтшылдықтан туған, орыс халқына қарсы көтеріліс” екенін дәлелдеп екеуіне мақала жаздырды. Аманкелді Имановтың қаза табуына „Алашорда” жасағының қатысы барлығы анықталғанда, алашордашылардың көзін құртудың мүмкіндігі туғанын білді. Сол кезде Сталин «партия ішіндегі оппортунистер» деп атаған Каменев, Зиновьев, Троцкийге қарсы науқан лап ете қалды да, соны арқаланған Голощекин бетіне еш жанды қаратпады. Сөйтіп, бастапқыда  Аманкелдіні «барымташы», «бунтарь», «дала қарақшысы» етіп көрсеткен әлгі екі әккі тарихшыға енді Аманкелді Имановты „большевик”, ұлттық қаһарман ретінде баяндайтын монография  шығартты. Тергеушілердің Брайнин мен Шапиро дайындаған, Ораз Исаев редакциялаған “Алашорда” туралы жинақтардың қолжазбасына сүйенгені анық байқалады. Сол жинақтың ішіндегі құжаттарды тергеу ісіне айғақ ретінде тіркеген.


“Стенограмма. 1929 жылы 3 қаңтар күнгі Міржақып Дулатовтан алынған жауаптың хаттамасы.

Төмендегі құжаттардың мазмұнын білемін бе, жоқ па деген маған  қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: (Бірінші құжаттың мәтіні):


Министрлер Кеңесінің Төрағасы /Колчакқа/ “Алашорданың” Торғай бөлімінің мәліметі:

“Орынбор Әскери Округының ұсынысымен және қолдауымен Торғай облыстық бөлімі Бүкілодақтық 2-атты полкті жасақтауға 1918 жылдың қараша айынан бастап кірісті, ал Бүкілқазақтық І-атты полк 18-жылдың жаз айында жасақталған еді. Қостанай уезіндегі І-полк дербес Урал корпусының қарауында болды және барлық жарақты қазынадан алды, 2-полк "Алашорданың" Торғай облыстық бөліміне қарады. Торғай мен Ырғыз уезі Сібір Уақытша Үкіметіне, Дербес Урал корпусының қолбасшысына, чехословактарға көмек сұрап хат жазып еді, алайда ешкімнен көмек ала алмады.


Сәуір айында “Алашорда” бөлімі Торғай қаласын алды, әскери комиссарын тұтқындады, ол кейінен атылды. Сөйтіп, Торғай уезіндегі Кеңес өкіметі құлатылды, қалалық және жергілікті басқару жүйесі қалпына келтірілді және бұл арада Адмирал Колчак бастатқан Уақытша үкіметтің өкілдігі жарияланды. 22 көкек күні құрамында 337 адамы бар Таранның отряды түгелдей қарусыздандырылды, оның ішінде Таранның өзі бастатқан 30 сарбазы да ұсталып, бәрі де атылды. Таранның қарусыздандырылған отрядының барлығы да Атбасарға жіберілді. Одан қалғандары Атбасарға бара жатқан жолда құртып жіберілді. Таранның отрядының қарусыздандырылғаны және олардың көзі жойылғаны жөніндегі оқиға туралы мәлімет беру үшін біздің өкіліміз Кенжеғали Ғабдуллин Дербес Орынбор Армиясының штабымен хабарласу үшін мен оны сонда жібердім, ол Армия штабына барды...”.


Бұл “Алашорданың” Торғай бөлімінің 1919 жылғы 11 мамыр  күні Министрлер (Сібір кеңесінің төрағасы (Колчакқа – Т.Ж.)) жіберген мәліметі. Қолжазбасы Омбыда сақталған, 1919 жылдың 24 маусым күні қол қойылған.


М.Дулатов (басы): “Менің беретін жауабым мынау: “Алашорданың” Шығыс бөлімінің жетекшісі Бөкейханов және басқалары 1919 жылдың жаз айларында Омбы қаласында тұрған еді. Біздің оларға Кенжинді қандай тапсырмамен жібергенімізді қазір есіме түсіре алмай тұрмын. Мына құжатты маған көрсеткенде ғана оны амалсыздан алдарқату /тактикалық/ тұрғысында жазғанымызды есіме түсірдім. Себебі, қалыптасқан жағдай мынадай болатын: біз ол кезде Колчак үкіметімен де, Орынбордағы Әскери Үкіметпен де қарым-қатынасымызды үзілді-кесілді доғарып, Торғайға келіп орналасып, кеңес өкіметі жағына шыққан едік те, Байтұрсыновты Москваға келісімге жіберген болатынбыз. Алайда менің жоғарыдағы тергеуге берген жауабымдағы жағдайларға байланысты кеңес өкіметі жағына толықтай қосылып кете  алмадық, сөйтіп, шарасыз күйге түстік. Барар жеріміз қалмады, оның үстіне Торғайға және Торғай арқылы Шалқарға казак отрядтары үздіксіз ағылып жатты. Мұндағы жазылған сөздер біздің шын ниетімізді білдірмейтін, Колчак үкіметі жағынан қысым мен қуғын жасалмас үшін, жай ғана көз бояу үшін ғана жазылған еді. Ондағы біздің басты мақсатымыз: қалайда қазақ халқын қырғыннан сақтап, оны қорғап қалу болатын. Біз өзіміздің күшіміздің аз екенін, ешкіммен де соғысып шекеміздің қызбайтынын жақсы білдік. Тек сол мақсатты жүзеге асыру үшін ғана осы құжат жазылған болуы мүмкін.


Өткен өмір жолымды жасырып қалудың мен үшін ешқандайда мәнісі жоқ. Кеңес өкіметіне қарсы қолыма қару алып күрескенімді, Уақытша үкіметті қолдағанымды жасырмаймын. Мұның барлығы 19-жылғы оқиға болғандықтан да көптеген жайлар менің жадымда қалмапты. Әрине, Иманов пен Таранның өліміне байланысты әдептік тұрғыдан алғандағы жауапкершіліктен мен де құтыла алмайтынымды білемін. Біздің жасағымыз екіге бөлінді. Оның бір бөлігін басқарып мен Торғай қаласынан сыртқа шығып кеттім, ал біз қайтып келгенде олар тірілердің қатарында жоқ еді. Біздің жасақтың  бір бөлімі Торғайда қалған болатын, оның сардары Қасымов еді. Ал бізге бұл істі басқарған Мақатов деп мәлімдеді.


Дәл осы мағынадағы құжаттың Сібірдегі Министрлер Кеңесінің Председателіне жіберілуін мен жоққа шығара алмаймын, бірақ та ол кезде Торғай мен Омбының арасында ешқандай да почта қатынасы жоқ болатын, сондықтан да ол құжатты сол кезде үкіметтің атынан мәлімдеме жасауға арнайы Омбыға жіберілген Кенжин ғана жеткізуі мүмкін. Колчактық өкіметтің көңілін тыныштандыру үшін бояуды қалыңырақ жағып, ату жазасына кестік деп көрсеткен болуымыз керек...”.


Міржақып Дулатовқа ұсынылған екінші құжат-айғақ мынадай:


“Алашорда” Уақытша қазақ үкіметі. Торғай облыстық Әскери кеңесі. 19-жыл. Шілде. № 441. Торғай қаласы. Шобан болысының болысынайына


Торғай қаласы маңында Жильяевтің бандыларымен болған ұрыстан соң “Алашорда” жасағы шегінген кезде ұрыс майданында қалған көптеген аттарды, ертоқымдарды, винтовкаларды, оқ-дәрілерді, қылыштарды және киімдерді қыр елі жиып алыпты. Барлық киімдерді, аттарды жекелеген жарақтарды жиып, қалаға алып келіп, “Алашорда” жасағына тапсыруыңыз керек. Мұны орындамағандардың жауапқа тартылып, әскери кезеңге сәйкес қатаң жазаланатынын елге түсіндіріңіз. “Алашорданың” Торғай облыстық әскери кеңесінің осы жарлығын хабарлай отырып, барлық болыс тұрғындарына өз тарапыңыздан ықпал етіп, аталған қару мен жарақтарды қалаға жеткізуді қамтамасыз етіңіз. Ат пен қару, басқа да заттарды алған адамдардың тізімін жасап, “Алашорда” әскери кеңесінің үйіне әкеп беріңіз. Әскери кеңестің мүшелері – Сейдалин, Қадырбаев”.


Бұл құжат-айғаққа Міржақып Дулатов нақты жауап бермепті. Оның екі жаққа да пәлендей маңызы жоқ екені онсыз да анық еді.


Осы түсініктемелерден кейін барып Д.Әділевті тінту кезінде табылған, ішінде М.Дулатовтың бейнесі бар бір топ адамның суреті көрсетіліп:


“Мына фотоға кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйымның бағдарламасын талқылаған соң түстіңіздер ме, жалпы сіздер жиі бас қостыңыздар ма, мұндағылардың қайсысын білесіз?”, – дегенге саятын сұрақ қойған.


Жауап стенограмма ретінде қағазға түскендіктен сөз арасында қойылған сұрақтардың мазмұнын жобалап қана аңғаруға болады:


М.Дулатов (жалғасы): “Біз бәріміз басымызды жиі қостық, бірақ та кеңес  өкіметіне қарсы және онымен күресудің ешқандай бағдарламасын ешқашанда жасағамыз жоқ, ондай мақсат та қойғамыз жоқ. Болғанбаев Хайретдинді мен оның Орынбордағы Хұсайыновтар медресесінде оқып жүрген кезінен білемін. 1921 жылы Орынбордан Ташкентке келіп, Қожановқа жолығып, жұмысқа орналаспақ болғаны есімде. Болғанбаев Ташкентке Әділев Мұқышпен бірге келді-ау деймін, кейінгісі әуелі коммунистік партияның қатарына мүшелікке өтіп, содан кейін еріктілердің қатарында қызыл әскерге кіріп, Қиыр Шығыстағы қызыл партизандар отрядының құрамында болған, 1920 жылы Орынборда Ішкі істер халық комиссариатында істеді. Бұл жерге ол Ташкенттен келген болатын, онда не істеді, ол жағын білмеймін. Бірімжанов та ол кезде Ташкентте болатын. Әділев Ташкентте нақты ештеңемен айналыспады-ау деймін, әйтеуір институттағы студенттерді жиып алып, сөз сөйлеп жүретін. Ол уақытта жастардың біразы оқыған мектептеріне көңілі толмайтын. Содан кейін ол бір жаққа кетті, қайда кеткенінен хабарсызбын”.


Суретке түсу рәсіміне нақты тоқталмайды. Ол тек тілге тиек үшін ғана қажет болса керек. Ол сурет туралы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова:


«Жоғалып табылған сурет 5.V.1921 жылы Тәшкентте түсірілген. Онда шайханада дастархан басында, өзбекше киініп, мәслихат құрып отырған үш кісі бейнеленген. Ортадағы М.Дулатов қақорқор тұтатып беріп жатқан Ғазымбек Бірімжанұлы, ал оң жақтағы ақ шәйнектен шай құйып беруші – Ахмедсафа Юсупов. Суреттің төменгі жиегінде әкемнің: "Осартившиеся киргизы в чайхане", – деген ескертпесі бар. Бұл сурет – Торғай топырағынан шыққан үш азаматтың бір-біріне деген жақындығының, достығының белгісі», – деп еске алады өзінің естелігінде.


Сондай-ақ көпшілік боп топталып түскен адамдардың есімдерін анықтап берген де Гүлнар апай.


М.Дулатов (жалғасы): Әділев туралы қайталанып сұрақ қойылған): Айттым ғой жаңа, осыдан екі-үш жыл бұрын Әділев бір жаққа кетті, қайда кеткенін білмеймін деп. Әділев туралы осыдан басқа ештеңе айта алмаймын.


Бұл арада М.Дулатовтың Ташкентке қашан келгені және Бөкейхановтан алған хаты туралы сұрақ берілген:


“Мен Ташкентке Орынбор арқылы бардым, сонда “Алашорданың” көрнектi қайраткерлерінің біразы – Бөкейханов Әлихан, Байтұрсынов, Әуезов Мұхтар, Сәрсенов Биахмет сонда тұрады екен. Ташкент пен Орынбордың арасында почта байланысы болғанымен, курьерлік арнайы жүйе әлі жоқ еді. Болғанбаев маған іскерлік тұрғыдағы емес, кәдімгі аман-саулықты сұрасқан Бөкейхановтың жазған хатын табыс етті, оның мазмұны тек қана жеке бастың амандығын қамтитын, Болғанбаевтың әкеп берген хаты сол ғана”.


Тағы да Д.Әділевтің көрсетіндісіне жүгініп сұрақты нақтылай түседі:


“Әділевпен кездесіп жүрдім, бірақта біздің арамызда іскерлік мақсаттағы пікіралысулар болған емес. Әділевпен мен көбінесе Ташкенттегі Қазақ университетінің ішінде, оның өзінде кездейсоқ кездесіп қалып жүрдім. Кейде редакцияға соғып кететін. Онымен Кауфманның ескерткіші алдында ұшырасқаным бар, бірақ не туралы сөйлескеніміз есімде жоқ. Әділевпен ТурЦИК-тің жатақханасында кездестім бе, жоқ па, қаперімде қалмапты, мүмкін ғой алайда. Мен Әділевпен “Шолпан” журналын ашу туралы жиналған мәжілісте жүздестім, өзгедей ресми жиналыстар мен жиындарда оны көргенім жоқ...


Ташкент қаласында Әділевті ертіп Рысқұловқа жолыққан емеспін. Сондай-ақ, оның тұтқында жатқан ағасы Байсейіт туралы менімен ақылдасқанын есіме түсіре алмай тұрмын. Ешқандай Нұрланды білмеймін, дүрбі мен құбылнама дегенді де естіген емеспін...”


Міржақып Дулатовқа бұл сұрақтардың қойылуы кездейсоқ емес. Өйткені тура сол күні, түске дейін Д.Әділевтен де жауап алынып еді. Тергеуші соған сүйеніп бопсалап отыр. Ал Д.Әділевтің жауаптарынан қатты қысым көрген адамның сыңайы байқалады әрі ретті-ретсіз ойына түскен нәрсені айта берген. Бірді айтып, бірге көшуінің себебі, тергеушілер де әр нәрсені қузай берсе керек. Сөйтіп отырып өздеріне керекті және кейіннен ондаған адамды ату жазасына бұйыртқан, ал нақты төрт адамды (Діншенің өзі де бар) аттырған өтірік-шыны дәлелденбеген көрсетінді жасаған.


Тергеудің басында Д.Әділев террор туралы ұзақ толғайды. Соның ішінде Әлихан Бөкейханов: қазақта мықты террористер жоқ. Әйтпесе осыншама басынбай, аяғын аңдып басар еді. Ондай батыл жігіттерді қазақ әйелі әлі туа алмай келеді – деді. Мен соны дәлелдегім келді, – дегенге саятын сөздер де бар. Іске тікелей қатысы болмағандықтан да келтірмедік.


“Стенограмма. Әділев Дінмұхамедтен алынған жауаптың хаттамасы. 3 ақпан. 1929 жыл.


Д.Әділев (жалғасы): “…Айтпақшы, Есполовтің үйінде Голощекин туралы әңгіме болды. Онда Голощекиннің өміріне тікелей қауіп төндіру жөнінде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана сөз болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да (Дулатов, Есполов, Әділев – Т.Ж.): егер де реті келсе оған қастандық жасаған артық болмас еді, бірақ та бұл өте қиын дүние, бұл біріншіден; егер қастандық жасала қалған жағдайда бүкіл халыққа қатты күйзеліс әкеледі, – деген қорытындыға келді. Сөйтіп, біз үшеуіміз осы тақырып төңірегінде әңгімелестік, алайда бұл мәжілісте нақты шешім қабылдағамыз жоқ.


Менің ағайым тұтқындалғаннан кейін екінші рет келгенімде ол әңгімеге қайтып оралғамыз жоқ.


1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келіп, Аймауытовпен жолықтым. Әңгіме арасында Голощекин жөнінде сөз қозғалды. Оған дейін мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетінің предаседателі кім деп сұрағанымда, Аймауытов: “Макин. Ол жерде оңбаған бір бұзықты қойды”, – деп жауап берді. Содан кейін: Жетісу губерниялық атқару комитетінің председательі кім, – деп сұрадым, бұрын ол орында Әбілевтің отырғанын білетінмін: оған да бір бұзақы қойды, – деді Аймауытов. Ташкентке бару-бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: Әйтеуір бір қара түнек төніп келеді, дүниенің астан-кестеңі шығып, асты-үстіне төңкеріліп барады, айналаң толған тыңшылар мен “үндеместер”, тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың. Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелтті, соның барлығына Голощекин кінәлі. Сол келгеннен бастап дүние асты-үстіне төңкерілді, – деп мұңын шақты. Сөйтіп, біздің әңгімеміз Голощекин жөнінде болды. Әңгіме арасында не ол екені, не мен екенім есімде жоқ, әйтеуір біреуіміз: оған қастандық жасамаса болмас па екен, – дедік. Аймауытов өзінің мұны – қастандықты қолдайтынын білдірді. Ол маған: “Ол қолдан келе ме, жоқ па, білмеймін. Сен өзіңнің ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзіңнің адамыңды жібер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремін”, – деді.


Д.Әділевтің бұл көрсетіндісі Жүсіпбектің басын жұтып тынды.


Д.Әділов (жалғасы): “Сондықтан да, 28-жылы күзде Нұрланды Қызылордаға жібердім де, оған Голощекиннің қазір қайда екенін Дулатовтан сұрап біл, – деп тапсырма бердім. Осыдан-ақ ол істің мәнісін айтқызбай түсініп, не істеу керектігін айтар деп ойладым. Нұрланның не деп және қалай жеткізгенін білмеймін, бірақта мен Нұрлан арқылы Голощекиннің өміріне нақты қандай жолмен қастандық жасаймын деген сөзді қадағалап сұрағамын жоқ. Тек Дулатовпен әңгімелесе қалған кезде Голощекиннің қайда екенін біл деп қана айттым. Қайтып оралғаннан кейін Нұрлан маған, Дулатовтан Голощекиннің қайда екенін сұрағанын, сонда ол: Голощекин қазір Қызылорда қаласында тұрады, бірақ та, Голощекиннің өміріне қастандық жасау мәселесі әзірше ашық қалды, себебі, біреуінің көзін құртқанмен, бәрібір, екіншісі келеді. Сөйтіп, жаппай жазалау басталады, ал біз мұнда үй-ішімізбен тұрғандықтан да қол-аяғымыз байлаулы, сондықтан да бұл әрекет өзінің кері нәтижесін беруі мүмкін, – деп жауап бергенін айтты.


Ол кезде Аймауытов Шымкент қаласында тұрса да Қызылордаға жиі-жиі барып келетін. Мен онымен 28-жылдың жазында жүздестім, ал Дулатовпен және Есполовпен 27-жылдың (28-жыл деп жазылып, қайтадан 27 деп түзетілген – Т.Ж.) көктемінде әңгімелескемін. Нұрлан Дулатовтан Голощекиннің қайда екендігін сұрағанда, Дулатов: өзінше Голощекинді жолдан ысырып тастайтын кез келді ме деп сұраған болуы керек деп түсінген болуы мүмкін. Голощекинді қай жерде, кім, қалай өлтіреді деген мәселе ашық қойылған емес. Ал тек қана өзімнің күшіме сеніп, тәуекелге баруға менің шамам жетпейтін. Әңгіме тек Голощекинге ғана қатысты еді, өзгелер жөнінде сөз қозғалған жоқ.


Сұрақ: Сіздің Голощекиннің өміріне қастандық жасау ойыңыз бар екендігін Нұрлан білді ме?


Жауап: Әрине, біздің Голощекинді жек көретінімізді, барлық қазақ ұлтшылдарының оған өшпенділікпен қарайтынын, оны жолдан тайдырып жіберу әрекетінің ойымызда барлығын Нұрлан біледі.


Мен өзімнің бұрынғы жауаптарымда бұл оқиғаға тоқталмап едім, өйткені бұл мәселе қозғалмаған болатын. Өзімнің өмірімнің еңіске қарай құлдырай бастаған кінәлі кезім туралы қысқаша баяндап бергенімде Сіздер Орынбордағы, Ташкенттегі және Орта Азиядағы астыртын ұйымдарға байланысты жайлар жайына қатты назар аударып, соны сұрай бастадыңыздар. Соңғы оқиғаға кезек бермедіңіздер және нақты сұрақ қойылған жоқ. Мен Голощекин туралы әңгімені айтпай-ақ қояр едім, бірақ та мен еш нәрседен қорықпаймын, оны айтудан сескеніп те тұрғамын жоқ, өйткені мен ақырына шейін тек шындықты айтуға бел будым”.


Бұдан кейінгі әңгіме күрт басқа жаққа ауысқан. Осы арада үш адамның басы қосылған әңгімені мәжіліс деп көрсету үшін тергеушілер Д.Әділевке қайталап сұрақ қойған сияқты.


Д.Әділов (жалғасы): “Біздің жиналысымызға Мен, Дулатов пен Есполов, сондай-ақ, маған Ағабек Байдуллаев қатысқан сияқты көрінеді де тұрады. Ол әңгімеге араласқан жоқ, бірақ та осы әңгімелердің куәсі болды. Мен Шымкентте болған кезімде бұл тақырып туралы оған ештеңе айтқамын жоқ, Сарыарқада жүргенде де оған айтпадым. Ағабек бұл әңгіменің шет жағасын білуі тиіс”.


Өзінің қылмысы дәлелденбегендіктен де істі жабу туралы арыз берген Ағабек Байдуллаевты сөзге тарту арқылы, енді ел ішіндегі адамдардан қылмыскер іздеуге көшкен. Онда – тарақты Битембай, Бақай, Мәдібектердің Әубәкіровтің ісіне қатысы айтылады. Содан кейін қайтадан М.Дулатовқа көшеді:


«Сұрақ: Нұрлан арқылы сізге берген Дулатовтың соңғы тапсырмасы не туралы еді?


Жауап: Нұрлан арқылы ол бізге: Ел жұрттан бір күншілік жердей алыстап саяқ жүрсін, адамдарды үнемі шолғыншылыққа жіберіп тұрсын. Бұл – уақытша ғана құбылыс. Дегенмен де Қытай жаққа қарай ақырын жылыстай берсін, – депті. Оның мәліметіне қарағанда Қарқаралы округінде шамамен 80 адамды біріктірген қарулы топ бар екен. Ол топта оның жақсы танысы бар көрінеді, кім екенін ол айтқан жоқ, алайда бізге осы топпен байланыс жасап, Қытай шекарасына қарай өтіп кетуге тырысыңдар деп кеңес беріпті. Ол: өздерінің де тұтқындалуын күтіп отырғанын, егер де олар жаппай қамауға алу жөнінде бір нәрсе сезе қалса-ақ болды, Қызылордадан қашып шығып, біз қырда болайық, не Қытай өтіп кетейік, бәрібір бізді тауып алып, бірге болатынын айтыпты. Ол: ең дұрыс жол – Қытайға өтіп кету депті. Содан кейін тағы да: Смағұл Сәдуақасов Москвадан Қызылордаға келісімен онымен жолығып, одан біз туралы сұрап біліпті де, біздің жайымызды естіген соң: оның өзінің де бізге қосылатын күнінің алыс қалмағандығын айтыпты. Дулатов сонымен қоса біздің өте берік болуымызды, өзімізді-өзіміз қатал ұстауымызды тапсырыпты. Шынын айтсам, Смағұл Сәдуақасовтың жаңағы сөзі мені қанаттандырып жіберді, көңілім көтеріліп, еңсем биіктеп қалды. Мұны өзге емес, анадай беделді қызметкер, өзі Москвада істейтін, Қазақстанның тарихында аса үлкен роль атқаратындай аса беделді қайраткер, үлкен коммунист айтып отырса, қуанбағанда қайтесің. Егерде Сұмағұл Сәдуақасовтың өзі осындай мәлімдеме жасаса, онда жағдайымыз шынында да төзгісіз екен ғой деп ойлаймын.


Қазақстан – түрмеге айналыпты, бұдан ебін тауып құтылу керек екен деп шештім.


Қазақстандағы астыртын әдебиет үйірмесінің бар екендігі туралы мен ештеңе естігемін жоқ. Ұлтшыл көсемдердің жанама аттары маған белгісіз. Мен Ташкентте жүрген кезімде бір күні маған Байтасов па, әлде басқа біреу ме, ұмытып қалдым, маған Жұмабаевтің бағдарламасын көрсеткені есімде. Өзімнің әдеби үйірмеге тікелей қатысым болмағандықтан да, оған қатысқан жоқпын, ол жөнінде ештеңе айта алмаймын.

Д. Әділев.


Сұраған: ПП ОГПУ-дің КССР бойынша шығыс бөлімінің бастығы – Петров».

 


Бұдан кейін тергеу ісіне Д.Әділевтың кезекті жауабы хатталған. Онда Ахметсафа Юсуфов пен Жүсіпбек Аймауытовтың, оған қоса Сұмағұл Сәдуақасовтың „өзі білетін өмірлеріне қайраткер” ретінде шолу жасайды. Мұнда айтылған жайларға тергеу істерін талдау барысында нақты тоқталатын болғандықтан да, бұл арада мазмұндап жатуды артық көрдік. Онда 1922-ші жылы ашаршылықа ұшыраған Торғай еліне Семей өңірінен мал айдап барған Жүсіпбек Аймауытов пен Ахметсфа Юсуфовты жалған жаламен сотқа тартылған оқиға туралы баяндайды. Д.Әділев М.Есполовтың өміріне „саяси баға береді”. Сөзінің соңын:


„Голощокинге қастандық жасау туралы ойымды Дулатовқа айттым. Ал Бөкейханов болса, Москвадағы, Орынбордағы террористердің батыл қимылдайтынын, қазақ қызметкерлерінің ондай әрекеттен қорқатынын бізге айтты. Маған Голощокинге қастандық жасау туралы ой сол кезде түсті”, – деп „ағынан жарылады”.


Тергеушілер Дінмұхамед Әділев атып өлтірген «Қара Ноғайдың» ісіне емес, бүтіндей Орынбордағы, Ташкенттегі және Орта Азиядағы астыртын ұйымдардың әрекетін баяндауға көшті. Сөйтіп, тергеушілер басты мақсатына жетіп тынды. М.Дулатовты, М.Есполовты, Ж.Аймауытовты, Ағабек Байдулдаевті, Нұрлан Кәрібаевті Голощекиннің өміріне тікелей қастандық ұйымдастырушы террорист ретінде айыпты етіп шығарды. Сондай-ақ қылмысты іске енді шығармашылықпен айналысатын зиялыларды тарту үшін тергеушілер әдеби үйірмелерді де астыртын ұйымның қатарына қосты.

 

Бұдан кейін тергеудің басты әшкерелеуші бағытына айналған 1918-1919 жылдары тұңғыш тәуелсіз Башқұрт мемлекетінің төрағасы, жалпыға ортақ Түркістан мемлекетін құру туралы ұсыныстың белсенді авторының бірі, Кеңес өкіметіне қарсы ашық майданда күрескен, Түркістан үкіметін құру мақсатында Самарқанға құпия түрде барған Заки Уәлиди Тоған (Валидов) туралы сұрақ қойылған:


М.Дулатов (жалғасы): “Валидов Башқұрт Үкіметінің басшысы болатын. Оның кейінгі кезде кеңес үкіметіне қарсы шыққанынан хабардармын, бұрын ол партия мүшесі болатын, кейін одан бас тартты. Қазір шет елде жүр деп естідім...”.


Осы арада: “Заки Валидовпен кездестіңіз бе және қашан?”, – деген мазмұнда сұрақ қойылған:


М.Дулатов (жалғасы): “Валидовпен мен бірінші рет төңкерістен бұрын Орынбор қаласында кездестім, онда не үшін келгенін білмеймін. Ол сол кезде Байтұрсынов шығарып тұрған “Қазақ” газетінің редакциясына келді. Ол бізбен бір-бір жарым сағаттай әңгімелесті. Бұл – 1915 не 1916 жылдардың бірі еді. Әңгіме – түркі әдебиеті мен тарихы, түркі терминдерін ортақтастыру туралы қозғалды.


Екінші рет 1918 жылы күз айында Орынборда кездестім. Башқұрт Үкіметі ол кезде Орынбордағы Керуен-Сарайда орналасқан еді. Бұл кезде ол Башқұрт үкіметін басқаратын, әрі Кеңес өкіметіне қарсы еді, мен онымен байланыс жасап тұрдым. Оның Керуен-Сарайдағы пәтерінде мен екі рет болдым және ең өзекті мәселелер жөнінде әңгімелестім. Ол кезде мен “Қазақ” газетінде істейтінмін, сондықтан да пәлендей беделім болмады. Валидов сол кездің өзінде кеңес өкіметін жек көретін. Оның басты мақсаты – қазақтар мен башқұрттардың күшін біріктіріп, кеңес өкіметіне қарсы жұмыс істеу еді. Міне, осы мәселенің төңірегінде әңгіме өрбіттік. Мен оның пікірін қостадым. “Алашорда” мен Валидовтың арасында тығыз байланыс бар еді. Башқұрт үкіметі мен “Алашорданың” арасындағы байланысты Бірімжанов жалғастырып тұрды, бұл оқиға 1919 жылдың аяғында ма, жоқ 1920 жылдың басында өтті ме, оны ұмытып қалыппын. Бірімжановты Валидовке жіберген кезде мен жолсапарда жүр едім. Бірімжанов Валидовқа хабарласу үшін және әрі қарай байланысты үзбеу үшін жіберілді. Оны жібергендер облыстық бөлімнің жетекшілері – Есполов, Қадырбаев және Байтұрсынов еді. Бұл сапардың ешқандай нәтижесі болмады. Валидов өзінің қандай күшке ие екендігін айтыпты. “Алашорда” үкіметі мен Башқұрт үкіметінің арасында тығыз байланыс болды. Ал Башқұртстаннан бізге бір татар келіп тұратын, оның атын да, түрін де білмеймін. Содан қайтып Валидовты еш жерде, ешқашан көрген емеспін.


Тек ол туралы: тығылып жүр екен, ТурЦИК-ке кешірім жасау туралы хат жолдапты, Бұқара жақта тығылып жүр екен, – деген іспетті алыпқашты сөздерді естідім, бірақ оған барып жолыққан кім, ол жағынан мақұрыммын. Бірімжановпен Ташкентте кездестім, ол ол кезде “Ақ жол” газетінде істейтін, ол Валидовпен таныс болатын, бірақ та менің ойымша ол Ташкенттен аттап шықпаған сияқты, бұл жайдың жай-жапсары маған бимағлұм.


Жалпы түркі тектес халықтардың тәуелсіздігі жолындағы саяси стратегиялық іс-қимылдарды реттеп, үйлестіріп, шешім қабылдауда 1918 жылғы 30-тамыз бен 7-қыркүйектің арасында Орынбор мен Самарада өткен Башқұртстан, Қазақстан, Түркістан үкіметтерінің мүшелері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қоқан үкіметінің төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев, сыртқы істер министрі (Қоқан үкіметінің) Мұстафа Шоқаев, Убайдулла Хожаев т.б. қатысқан мәжіліс ерекше орын алады. Онда осы үш үкіметтің негізінде «Оңтүстік-Батыс мұсылмандары федерациясы» құрылып, қазақ-башқұрт біріккен әскерін жасақтау жөнінде ұйғарым жасалды. Сондай-ақ Социалистердің азаттық партиясының бағдарламасы түрік халықтарының талабына сәйкес келетіндіктен де, сол партияның айналасына бірігу көзделді. Мұны Әлихан Бөкейханов және оның жақтастары дерліктей қолдады. Оған өзбектер жағынан Низам Хожаев, Шолпан, Әбділхамит Арипов те қосылды. Ең бастысы: кеңес өкіметі тарапынан қысымға ұшыраған түркі зиялылары Түркістанға шоғырлансын, қандай жағдай болса да күресті ешқашанда тоқтатпау керек, деген ұйғарымға келеді.


Ресейдегі әскери-саяси жағдай шиеленісіп, Колчактың Сібір үкіметі, Самарадағы Құрылтай үкіметі өзара қақтығысып, большевиктерге қарсы күресті әлсіретіп алды. 1918 жылы 21 қарашада Колчак өзін Ресейдің билеушісі деп жариялады. Башқұртстан мен «Алашорданы» мойындаудан бас тартып, оларды таратып, көсемдерін ату жазасына кесу туралы бұйрық берілді. Сондықтан да Башқұрт әскері мен «Алашорда» жасағы төрт жақты: Колчак үкіметі әскері, казак атамандары әскері, қызыл армия және жергілікті ұлт жасақтары (башқұрттар үшін – татар атқыштары, қазақтар үшін – Жангелдин мен Иманов жасағы) тарапынан қыспаққа түсті.Сөйтіп өте қиын жағдай қалыптасты. Франция, Англия, АҚШ, Жапония мемлекеттері Колчакты жақтап, ұлттық федерацияларды шеттетті. Енді төрт жақты қысымға түсіп, жазаға ұшырау қаупі шындыққа айналды. Азаттық үшін күрескен әскерді қырғынға ұшырату, не оның өзге амалын тауып, аман сақтап қалу мәселесін шешу керек болды.


Бұл туралы Заки Валидов: «Соған қарамастан «Алашордамен» бірігіп Ақтөбе майданындағы қарсыластарға соққы беруді тездетіп, Түркістандықтардың қарулы күшімен қосылуды ойластырдық. Торғайда бізді Ғадельхаң Ғабитов пен қазақ Ғазымбек Бірімжанов жанкешті еңбек етті. Темір жол арқылы байланыстың үзілуіне байланысты біз «Алашордамен» тек салт атты шабармандар арқылы хабарласып тұрдық. Оқиға сондай үрейлі жылдамдықпен дамыды. Біз дұшпанның төрт жақты: Самара мен Ақтөбе жақтан қызылдардың және Дутов пен Колчактың әскерінің қыспағында қалдық»,деп еске алды.


Сондай құрсаулы қоршауда жүріп түркі тектес халықтардың үкімет мүшелерінің кеңесін өткізіп, Түркістаннан жасырын келген Мұстафа Шоқаевті жалпы түркістандық үкіметтің сыртқы істер министрі міндетін атқару мақсатында Гурьев арқылы шет елге жасырын жібереді. Ермолаевка селосындағы башқұрт, қазақ біріккен әскери кеңсесіне түскен барлау мәліметтері «майдан шебін өзгертуге» мәжбүр етеді. Бұл «Алашорда» үкіметінің де бағыт-бағдарын өзгерткен, «Алаш» автономиясының да, қазақ қоғамының да дамуына бетбұрыс әкелген бетбұрыс еді.


М.Дулатов (жалғасы): (Сталиннің арнайы жарлығымен жабылған, Ташкентте шығып тұратын) “Ақ жол” газетінің жабылу себебі: астана Қызылордаға көшті, ал оның орнына “Еңбекші қазақ” газетін қалдыру туралы шешім қабылданды. “Ақ жол” газетінде мен істеп жүргенде ешқандай идеологиялық ауытқушылық болған жоқ сияқты”.


1929 жылы 3 қаңтар күні Міржақып Дулатовтан екінші рет жауап алынған. Мұнда тағы да “Алашорда” тұсындағы оқиғалар қайталана алдыға тартылады. Тергеудің хаттамасы:

 

“Сұрақ: сіз өз жауабыңызда: Колчак Үкіметінің “Алашорданы” тарату туралы ұсынысымен келіспегендіктен де, Торғай қаласына аттанып, үкіметтің жұмысын сонда жалғастырдық, деп жаздыңыз. Торғай қаласындағы осы ұйымның қалай деп аталғанын менің білгіп келіп отыр.


Жауап: Ол – Торғай бөлімі деп аталды. Семейде – Шығыс бөлімі, Оралда – Батыс бөлімі болды. Сондықтан да, біздің бөліміміз – “Алашорданың” Торғай бөлімі деп аталды.


Сұрақ: “Алашорданың” Торғай бөлімінде атап-атап айтқанда кімдер болды?


Жауап: Мен, Есполов, Қадырбаев және Байтұрсынов.


Сұрақ: Сіздер өз араларыңыздағы міндеттерді қалай бөлістіңіздер?


Жауап: Біз жұмысты жұмыла істедік, ешкім де нақты бір саланы бөліп істеген жоқ, өйткені біз көшпелі өмір сүрдік.


Сұрақ: Дегенмен де сіздерде қандай да болмасын белгілі бір бөлім болды емес пе?


Жауап: Генерал Дашкин басқарған әскери бөлім болды. Екінші бөлім Әскери Кеңес деп аталды.


Сұрақ: Азаматтық істерді кім басқарды?


Жауап: Әскери Кеңес.


Сұрақ: Торғайда сіздерге бағынышты қандай әскери бөлімдер болды?


Жауап: Генерал Дашкин кеткеннен кейін біздің жасақты Қасымов басқарды, ол оққа ұшты. Бізге тек өзіміздің жасағымыз ғана бағынды.


Сұрақ: Ол қалай деп аталды және оған кім қолбасшылық етті?


Жауап: Ол – “Алашорданың” жасағы деп аталды және оған Қасымов басшылық етті. Өзге әскери бөлім болған жоқ. Казактардан (орыстардан) құралған Могилевтің полкі болды.


Сұрақ: Басқа әскери бөлімдер, яғни, тек қана қазақтардан құралған жасақ болған жоқ қой?


Жауап: Жоқ. “Алашорданың” жасақтарынан басқа қазақтардан құралған әскери бөлім болған жоқ.


Сұрақ: Сіздің берген жауабыңызға қарағанда Колчакқа бағынғыңыз келмей Торғай даласына кетуді ұйғарыпсыз. Демек, Сіз Колчак үкіметімен ешқандай да байланыс жасамаған болып шығасыз ғой?


Жауап: Ол түгіл біз Шығыс және Батыс бөлімдерімен де байланыс жасағамыз жоқ. Ал Колчак үкіметімен не менің өзім, не өзгелердің ешқайсы байланыс жасаған жоқ. Алғашында, “Алашорда” құрылтай мәжілісінің Комитеті мен Колчактың үкіметі бірлесіп жұмыс істеген кезде “Алашорданың” олармен байланысы болды. Бірақ та, мен Торғайға кеткен соң байланыс та, хабар алмасу да болған жоқ, яғни, кәдімгі әскери отрядтармен тікелей қарым-қатынас жасалған жоқ.


Сұрақ: Демек, Торғай қаласындағы “Алашорда” үкіметі Колчак үкіметімен ауызша да, жазбаша да байланыс жасаған жоқ қой?


Жауап: Жоқ, кейіннен біз кеңес өкіметіне (совдепке) қосылған соң оларға өзіміздің өкілімізді жібердік.

Сұрақ: “Алашорданың” Торғайдағы бөлімі сот-тергеу ісімен айналысты ма?


Жауап: Жоқ.


Сұрақ: Сіздің өзіңіз немесе “Алашорда” Үкіметінің жекелеген мүшелері сол кезде Торғайда тұрған қызыл әскерлер отрядының жекелеген адамдарын атуға қандай да бір ықпал еттіңіздер ме?


Жауап: Жоқ, кеңес өкіметінің жекелеген өкілдерін атуға ешқайсымыз қатысқамыз жоқ. Могилевтің полкі біздің рұқсатымызсыз-ақ өздері атып жатты.


Сұрақ: Сонда да сіз оған қарсы болған жоқсыз ғой?

Жауап: Оған біздің дәрменіміз жетпеді, өйткені, Могилевтің полкі келісімен барлық билікті өз қолдарына алды.

Сұрақ: Атардың алдында сіздермен ақылдасты ма?


Жауап: Жоқ.


Сұрақ: Сіз өзіңіздің қай уақытта Торғайда болғаныңызды есіңізге түсіре алмайсыз ба?


Жауап: 1919-жылдың наурызының аяғында, не көкектің басында келдім де, шамамен шілдеде не тамызда ол арадан кеттім.


Сұрақ: Сіздің жауабыңызға қарағанда Сіздің кеңес өкіметі тұсындағы үздіксіз істеген еңбек жолыңыз 1920 жылдың 20 қыркүйегінен, яғни, Омбы қаласына барып губерниялық атқару комитетіне кірген сәттен басталады екен. Содан бері Сіз кеңес өкіметінің мүддесі үшін қызмет етіп келесіз. Осы 1920-1929 жылдардың арасында Сіз қандай да бір болмасын кеңеске қарсы әрекет етуге ниеттенген жоқсыз ба?


Жауап: Кеңес өкіметі тұсындағы атқарған қызметімнің бәрінде де оған қарсы бағытталған әрекеттерге қатысқамын жоқ, ешқандай жасырын жұмыс жүргізгемін жоқ”.


Осыдан кейін Міржақып Дулатовтың өз қолмен жазылған мынадай сөз бар:


“Өзімнің берген жауабыма қосарым мынау: Торғай бөлімінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі барысында “Алашорданың” Шығыс бөлімінен бір адам келді, бұл 1918-жылдың аяғы не 1919-жылдың қыс мезгілі болатын (Келген адам Сәрсенов Далил еді), содан кейін біз Торғайда тұрған кезде 1919-жылдың жазында Кенжин біздің атымыздан соларға барды. Қолы қойылған. Сұраған ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша орынбасары – Саенко”.


Зады, бұл сұрақтар стенограммадан тыс қойылғандықтан да алынған айғаққа жалған мағлұматтар қосылып кетпес үшін өзі қол қойып растаған. Себебі аталған адамдар жөнінде жалған мәліметтер келтіріп: М.Дулатов сіздің үстіңізден мынадай көрсетінді берді, – деп айғақ есебінде пайдалануы әбден мүмкін еді.

 

5. Дамолла Битілеуов


Сұрақ-жауаптың келесі кезегі Ташкентте суретке түскен топты кісінің ішіндегі Дамолла Битілеуовке келді. Ол кезінде “Алашорда” әскерінің сабында болғандықтан да, тергеушілер сұрақты бірден Торғай оқиғасына қатысты қойған. Сондай-ақ тергеушілер өздеріне күдікті көрінген жайларды, әсіресе, Абдуллин мен Бірімжанов жөнінде тәптіштей қазбалаған сияқты.


“Дамолла Битілеуовтің тергеуінің хаттамасы. 1929 жыл. 3 қаңтар.


(Екінші жауап, бірақ мазмұнына орай алдыға салынды): 915 жылы жәдитше бала оқыту үшін біздің ауылға өз болысымыздың ішінде тұратын Абдуллин Кенжеғали мұғалімдікке келді. Абдуллин бізге келісімен мен ескі медресені тастадым да, Абдуллиннің мектебіне ауыстым. Ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты бәрінен жоғары қоятын. Одан дәріс ала жүріп мен соның ықпалында кеттім де ұлтшылдық дертіне шалдықтым. (Бірінші жауаптың басы): 1918 жылы “Алашорданың” жасағына жігіттер жинау үшін біздің ауылымызға Кенжин мен Қаратілеуов келді, олардың қасында ақтөбелік Абдуллин бар екен. Мен ол кезде 18 жаста едім, еш жерде оқымайтынмын, орысша білмейтінмін, тек қана “Қазақ” газетін ғана оқитынмын, сол жолы олар мені “Алашорда” жаққа шығуға үгіттеді. “Алашорданың” жасағына енген соң мен алты ай бойы жай ғана жасақ (милиционер) міндетін атқардым. Колчак үкіметі “Алаш” автономиясын мойындамайтынын мәлімдегеннен кейін біздің ақтөбелік жігіттер ауылдарына қайтып кетті. Біз Торғайдан мамыр айында кеттік, алашордалықтар сонда қалды. Қыс бойы Орынбордағы қазақ ревкомында істедім де, көктем шыққан соң ауылға қайттым, онда ауылшаруашылық жұмысымен айналыстым.


Күзге қарай Ташкентке аттандым. Есполов, Дулатов, Бірімжанов менен кейін келді, ал Досмұхамедов Жаһанша мен Халел, Жәленов Кәрім, Иса Қашқынбаев маған дейін осында келіп алыпты, мен оларды танымаушы едім. Дулатовты, Есполовты, Бірімжановты бұрыннан “Алашорданың” тұсынан білетінмін. Ташкентке Қазақ институтына түсу үшін барып едім, алайда қабылдау уақыты өтіп кетіпті де, мені сол институттың жанындағы үлгі-тәжірибе мектебіне мұғалім етіп алды. Мен сол кездің өзінде жастардың арасында әлдебір салқындықтың барын аңғардым. Ол кезде Әділев пен Болғанбаев жоқ еді.


Күндердің бір күнінде Дулатов маған: сен бүгін редакцияға келіп кет, онда Торғайдан, Ақтөбеден, тағы басқа да жерден Ташкентке келген бауырларымыз жиналады, ақылдасатын мәселе бар, деді. Мен оның бұл шақыруына қатты таңданып қалдым, зады мені  “Алашордада” қызмет еткен деп ойлап қалса керек.


Шақырған жеріне барғанда, ол арадан Есполов пен Досмұхамедов Халелді көрдім. Алайда бұл кеш босқа өтті, себебі ешкім де жиналмады. 2-3 күннен кейін тағы да кездесу мезгілі белгіленді. Бұл  жолы Досмұхамедов Халелдің үйіне жиналдық. Олар әлдебір ұйым құру, оның жарғысын қабылдау, мүшелікке алу т.б. туралы пікір алысты. Олар ұйымның жоспарын тияақтап, Орынбордан нұсқау алуды не Дулатовқа, не Есполовқа, әйтеуір, екеуінің біреуіне тапсырды. Досмұхамедов Халел мен Дулатов екеуі бұл арада ерекше ықпал жасап, ынта танытты, қысқаша айтқанда, бар істі сол екеуі шешті. Содан кейін Болғанбаев пен Әділев келді. Одан бұрын Әділевті білмейтінмін, ал Болғанбаевті төңкеріске дейін Орынбор қаласында бірінші рет көргемін. Ол сол күні түнде келіпті, бұған дейін Досмұхамедов Халелдің үйінде, не Дулатовтың үйінде болып, Болғанбаев пен Әділев өзара кеңес өткізіпті, мен ол жиналыста болғамын жоқ. Ол кезде Дулатов ТурЦИК-тің жатақанасында тұрды.


Арада 3 күн өткеннен кейін тағы да бас қостық, Әділев пен Болғанбаевтің Орынбордан келгенін, олардың біреуі осында қалатынын, ал Болғанбаевтің шығыс жақтағы бір елдің шекарасынан өтуі керектігі жөнінде айтылды. Мен көп нәрсені түсінгемін жоқ. Болғанбаевті Жетісуға жібермеді. Ол кезде Валидов Бұқарада еді, сондықтан да олар Бұқарадағы Валидовке бір өкіл жіберу туралы шешім қабылдады. Болғанбаев пен Әділев барсын десті. Ол кезде менің дәрістерім де бітіп еді, сондықтан да Бұқараны көргім келіп, олармен бірге мен де барып келсем қайтеді, – дедім, олар келісімін берді, неге екенін білмеймін олар жолға шығуға үлгере алмай қалды, мен қай жерде кездесетінімізді айттым да, жолға шықтым. Мен Қоқанға (Бұқара болуы тиіс, өйткені Қоқан шаһары мүлдем басқа бағытта – Т.Ж.) түн ішінде келдім де, әскери  нәзір Арифовтың үйіне бардым. Келесі күні сол араға Әділев пен Болғанбаев та келді. Сөйтсем, Арифов Валидовты біледі екен.


Сол жерде 2-3 күн тұрған соң өзбек арбамен Валидовке бет алдық. Мен, Әділев және Болғанбаев үшеуіміз аттандық. Валидов қаладан тысқары 15 шақырымдай жерде тұрады екен, қалған екеумізді танымайтын еді. Біз оның үйіне келдік, ол үйінде екен. Үстіне өзбектің ақ халатын жамылып, қысқа дамбалын киіп, кішкене башмақты аяғына іліп, басына шалма орап алыпты, сынық көзілдірігі бар екен. Біз ең алдымен шай іштік. Валидов әуелі тек Болғанбаевпен ғана сөйлесетінін, біздің топтанып келгенімізді құптамайтынын білдірді. Содан кейін екеуі бақшаға барып, оңаша сөйлесті. Қайтар жолда біз оған Валидовтің не айтқанын естіп-білдік... Сөйтсек: біз қазір ең сенімді ұйым басмашылармен байланыс жасауымыз керек екен, сондай-ақ, Ташкенттегі ұйым оған зерек те қабілетті бір адамды өздерінің өкілі етіп жіберсін және бұған көмектесіп отыратын болсын, депті.


Валидовтен шыққан соң біз Арифовқа қайтып бардық, ол үйде үшеуміз 15 күндей бірге тұрдық. Содан кейін Болғанбаев пен Арифов тағы да бір рет барып қайтты. Іле мен Ташкентке қайттым да, Әділев сонда қалып қойды. Бұл мамыр айының не маусым айының басы, әйтеуір, көктем айы болатын. Ташкентке келген соң мен демалыс алдым. Мен қайтып келгеннен сәл ғана бұрын Дулатов үйелменін іздеп Семейге кетіпті. Ол жеке вагонмен кетіпті. Менен ешкім ештеңе сұраған жоқ. Өйткені, Досмұхамедовтер өте тік мінезді адамдар, ал Дулатов аса сақ кісі еді. Олар қазір де менімен сөйлеспейді. Ауылда мен ауыл шаруашылығымен шұғылдандым. Бұл кезде ашаршылық болып жатыр еді.


Осы арада Д.Битілеуовтен оның Германияда оқуда болған кездері сұралған сияқты.


Д.Битілеуов (жалғасы): “Германиядан қайтып келгеннен кейін мен Дулатовпен кездестім. Мұңайтпасовтың (Ол да Германияға оқуға барған – Т.Ж.) менен бұрын келуіне байланысты мұндағылар Валидовтің Германияда тұратынын біліп алыпты. Менен: Валидов қалай тұрып жатыр екен?, – деп сұрады. – Жаман тұрмайды, бірақ менен ешнәрсе беріп жіберген жоқ”, – дедім... Кейбір жайларды ұмытып кетуім мүмкін, бірақ та ол туралы келесі жауабымда толық жазып беруге уәде беремін” – деп, Дамолла Битілеуов қол қойған.


Айыпкер Битілеуов Дамолланың қосымша тергеуде берген (өзі айтқан келесі) жауабы.1929 жылғы 26 маусым:


“Менің есіме маған берілген сұрақтан кейін мына жай түсті, мен Берлиннен қайтар кезде Дулатовқа мәлімет – хабар беру үшін Бірімжанов пен Валидов хат жазған кезде мен ол хаттың ішіндегі шартты белгілерді қойын дәптеріме көшіріп алдым ба, әлде бетін жыртып ап бере салдым ба білмеймін, ал тері өңдеу ісі жөніндегі кітаптың ішіндегі сөзді көшіріп алдым. Әйтеуір, сондағы жазылғандардың барлығын Дулатовқа бердім, оны есіме жақсы сақтадым. Мұның барлығын Бірімжанов пен Валидовтің көзінше және олар қай жерге не деп жаз десе – солай жаздым. Сондықтан да кітаптың беттерінің арасына шашырап жазылған сөздер рет-ретімен және мазмұнына сәйкес орналастырылды ма, жоқ, басқаша оқу тәртібі болды ма, оны білмеймін. Тері өңдеу ісі жөніндегі кітаптағы сөздерді қандай тәртіппен көшіріп бердім, ол да қаперімде қалмапты.”


Осыдан кейін: “аптаж”, “хадрез”, “сашгаф”,  “каклем”, “нуги”, “латиф”, “Загиди”, “Загид”, “Л кадак” – деген сөздерді жазып, әр бетін, әр күнін көрсетеді. «Шифр» деп жүргені осылар. Міржақыпты, Ғазымбекті қалайда шет елдің шпионы етіп көрсетуге тырысқан. Бұл өтірікті тергеуші Саенко құрастырды ма? Әрине, оның тырысуынсыз бұл іс дәл осылай бет алмас еді.


Оның барғаны рас болатын, оны өзінің “Қатиралар” атты 1969 жыл Станболда шыққан естелігінде жазып қалдырған. Онда Д.Битілеуовтың есімі аталмайды.


Ташкенттегі үй-ішілік немесе мекеме жұмысына қатысты бас қосулардың өзін (Міржақып Дулатовтың Семейге жүруіне байланысты жиналып, суретке түскен) Д.Битілеуов астыртын ұйымның мәжілісі ретінде мәлімдеген. Мысалы:


“Бірде мені Дулатов редакцияға кел деп шақырды, онда барсам, мұнда ұмытпасам Есполов, Досмұхамедов Халел және Дулатовтың өзі отыр екен, соңғысы мені оларға өз адамымыз деп таныстырды. Мен, ақымақ басым, олардың қойған көпшігіне масаттанып олардың айтқанына көне бердім. Бұл күні шақырылған адамдардың біразы келмегендіктен де бір күнді белгілеп, сол күні Х.Досмұхамедовтің үйінде жиналатын болып тарасты. Келісілген күні олардың барлығы Досмұхамедов Халелдің үйіне жиналды, олардың ең бірінші талқылаған мәселесі ұйымның бағдарламасы мен жарғысын дайындау болды. Егерде жаңылмасам ұйымның жарғысы мен бағдарламасын тиянақтау Дулатов пен Досмұхамедов Халелге тапсырылды. Ондағы айтылған сөздердің барлығы есімде жоқ, бірақ та олардың бәрі де: “Кеңес өкіметінің өмір сүруіне санаулы ғана уақыт қалды”, – дегенге  саяды, олар мұны ана жерде анадай оқиға, мына жерде – мынадай оқиға өтіп жатыр деп түсіндірді. Талқылай келіп, Орынбордағы ұйыммен жалғасқан байланысты тереңдете беру керек деп шешті. Олардың бірде маған: “Егер де Зәки (Валидов) келгісі келсе, онда оны міндетті түрде Ташкентке шақыру керек”, – дегені бар. Бұдан кейін тағы да бір жиналыс өтті. Бұл мәжілісте жарғы мен бағдарлама талқыланды, онда кімді қалай ұйымға мүшелікке тарту керек, ұйым үшін қаражатты қайдан және қалай табу керек екендігі көрсетілді. Оның көбі есте қалған жоқ. Ташкенттегі ұйымның жетекшілері – Досмұхамедов Халел мен Дулатов болды”.


Емін-еркін түзетілген мәтіннің ішіндегі саяси астары бар деген сөздердің асты сызылып, барынша батыра өңделіп, астарлы сөздер қосылған. Мұны аударған адам түзетті ме, әлде аударма деп тергеуші Петровтың өзі өңдеп жазды ма, белгісіз. Осыдан кейін тергеушілер 1929 жыл 8 қаңтар күні Дулатов пен Битілеуовты беттестірген.


“Битілеуов пен Дулатовтың бетпе-бет жауаптасуының хаттамасы. 8 қаңтар. 1929 жыл.


Сұрақ: (Битілеуовке Қай уақыттан бері Сіз Дулатовты білесіз?


Жауап: 14-жылдан бастап газет арқылы білетінмін. Содан кейін 18-жылы Орынборда өткен құрылтайда көрдім, тек 18-жылдың күзінде “Алашордаға” қосылғаннан кейін ғана онымен көзбе-көз таныстым. 1920 жылы күзде Ташкентке барғанда Дулатовпен тағы да кездестім.

Сұрақ: Сіз онымен қандай жағдайда кездестіңіз?

Жауап: Біз мен жұмыс істейтін институтта кездесіп тұратынбыз.

Сұрақ: Дулатов ол кезде қайда жұмыс істейтін еді?

Жауап: “Ақжол” газетінің редакциясында.

Сұрақ: Ол кезде оған келіп-кетіп жүрген адамдар болды ма?

Жауап: Ол Бірімжановпен және Юсуповпен бірге ТурЦИК-тің жатақханасында тұратын, анда-санда мен де сонда барып жүрдім.

Сұрақ: (Дулатовқа) Сіздің бөлмеңізде Битілеуоов болды ма?

Жауап: Келіп кетуі мүмкін.

Сұрақ: Оның келгенін не келмегенін нақты айта алмайсыз ба?

Жауап: Иә, келіп тұрды.

Сұрақ: (Битілеуовке) Сіз бен Дулатовтың арасында қандай да бір астыртын ұйым туралы сөз болды ма және қандай жағдайда өтті?

Жауап: Менің білетінім: Ташкентте астыртын ұйымның болғандығы ғана.

Сұрақ: Оны кімнен білдіңіз?

Жауап: Мен оны әуелі Дулатовтан, мені кешке қарай редакцияға келіп кет деген күні естідім. Мұны ол институтта айтты ма, жоқ, көшеде айтты ма, ол жағы есімде жоқ.

Сұрақ: (Дулатовқа) Ол оқиға сіздің есіңізде ме?

Жауап: Жоқ, ондай әңгіме болған емес .

Сұрақ: (Битілеуовке) Сонымен Сіз әлгі жиналысқа келдіңіз, әрі қарай не болды, соны айтыңыз.

Жауап: Иә, мен сонда болдым... Ол мәжілісте Дулатов мені өз адамымыз деп таныстырды.

Сұрақ: (Дулатовқа) Азамат Дулатов, мұндай жайдың болғаны рас па?

Жауап: Бұл адамды жиналысқа шақырып, өзгелерге мұны таныстырғандай жағдай болған емес.

Сұрақ: Мәселен, Битілеуовпен бірге Халел Досмұхамедовтың үйінде болдыңыз ба?

Жауап: Ондай жағдай болған емес.

Сұрақ: (Битілеуовке) Мүмкін сіз кейбір жайларды нақтылап айтып, оны Дулатовтың есіне түсірерсіз?

Битілеуовтың жауабы: Дулатовтың ол үйде болғанын мен білемін. Ол үйде орындықтар жоқ болатын, сондықтан да біз қазақша малдас құрып отырдық. Бұл мәжілісте ұйымдастыру жұмыстары, ұйымның бағдарламасы мен жарғысын талдау мәселесі қаралды. Бағдарламаны бірнеше адамның бірігіп жасауы мүмкін емес қой, сондықтан оны Дулатов пен Халел Досмұхамедовке тапсырды, әлде біреуіне ғана тапсырды ма екен...

Сұрақ: (Дулатовқа) Мүмкін мұндай жайды енді есіңізге түсірген шығарсыз?

Жауап: Ондай мәжіліс өткен жоқ. Менің Битілеуовке қоятын сұрағым бар: қандай ұйым туралы айтып отырсың?

Битілеуовтың жауабы: Бір кезде “Алашорда” болды емес пе, мен мұны сол ұйым ғой деп ұқтым, “Алашорданың” бағдарламасы деп түсіндім, мен бұрынғы “Алашордашы” ретінде, бұлардың қатарындағы сарбаз – жігіті есебінде бұрынғы жетекшілерімнің айтқанына көніп, соңдарынан ере бердім”.


Қандай жиналыс екенін өзі білмейді, білмесе де астыртын ұйымның мәжілісі өтті деп сендіре айтқан.

“Дулатов: Мұның сөзінен менің түсінгенім мынау: біз ол жиналыста “Алашорда” ұйымының мәселесін және сол ұйымның бағыты мен жарғысын талқыға салыппыз. Бұл ешқандай да қисынға келмейді, өйткені кезінде “Алашорданың” өзінің бағдарламасы болды, демек, оны талқылайтындай ешқандай да қажеттілік жоқ.


Иә, “Алашорданың” бағдарламасы мен жарғысы бар, баспасөзде жарияланып, жинақта басылған. Оны қайталап жазудың не талқыға салудың ешқандай қажеттілігі жоқ болатын. М.Дулатов Д.Битілеуовтің  бұл долбарының өтірігін шығарып, нақты тойтарыс бергеніне қарамастан Дамолла сондай бір “сауатсыз білместікпен” қарсы сұрақ қойған.

Битілеуов: Әйтеуір астыртын ұйым құрғылары келді. Егерде оның ешқандай құпиясы болмаса, онда неге бұл мәселе пәтерде оңаша талқыланды (Мұның да логикасы дұрыс – Т.Ж.).

Сұрақ: (Дулатовқа) Демек Битілеуов өтірік айтып тұр ғой?

Жауап: Иә.

Сұрақ: Оның сізге жала жабатындай қандай өкпесі бар еді?

Жауап: Ондай өкпе біздің арамызда болмаған сияқты.

Сұрақ: (Битілеуовке) Сіз Болғанбаев пен Әділевтің Орынбордан неге келгенін білесіз бе?

Жауап: Білмеймін.

Сұрақ: Олар қандай мақсатпен келді?

Жауап: Менің ойымша оларды мұнда жіберген Орынбордағы дәл осындай ұйымның адамдары.

Дулатовқа қойылған сұрақ: Бұл туралы сізге мәлім бе еді?

Дулатовтың жауабы: Ол: не солай болуы керек деп жорамалдап соғып отыр ма, әлде, нақты солай болды деп отыр ма?

Битілеуов: Мен ол туралы білетінмін. Орынбордағы ұйым Болғанбаев пен Әділевті байланыс жасау үшін Ташкентке әдейі жібергенін анық білемін.

Дулатовқа қойылған сұрақ: Олардың келуінің мақсатын білдіңіз бе?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Жиналыста болдыңыз ба?

Жауап: Жоқ, ал Досмұхамедов Халелдің үйіне барып тұрғаным рас.

Сұрақ: Әділевтің де неге келгенінің мәнісін сіз білесіз бе?

Жауап: Жоқ.

Дулатовқа қойылған сұрақ: Болғанбаев пен Әділевтің Бұқараға баруының себебі Сізге белгілі ме?

Жауап: Олардың қандай мақсатпен кеткенін білу былай тұрсын, мен олардың онда барғанынан да хабарсызбын. Сол кезде мен Ташкентте ме екем, соны білгім келеді?

Битілеуов: Мен кеткен кезде сіз Ташкентте болатынсыз, ал мен қайтып келгенде Сізді үйіне кетіп қалды деді.

Сұрақ: Демек сіз Бұқараға барып қайттыңыз ғой?

Битілеуов: Иә, барып қайттым. Мен бір кезде өзімнің ұстазым болған Арифовке жолығуға бардым.

Сұрақ: Ал Дулатов ол кісімен таныс па еді?

Жауап: Оны ашып айта алмаймын.

Дулатовқа қойылған сұрақ: 1921 жылы сізбен байланыс жасау үшін Валидовтен бір башқұрт келіп жолықты ма?

Жауап: Ешқандай да башқұртты білмеймін.

Битілеуовке қойылған сұрақ: Бір башқұрт адамның келгені сізге белгілі ме, жоқ па?

Битілеуов: Ол адамды менің өзім көргенім жоқ, бірақ та Дулатов пен Есполовтың әңгімесінен ол башқұрттың келіп-кеткенін анық білемін.

Сұрақ: Ол әңгіме қандай жағдайда қозғалып еді?

Жауап: Әлде редакцияда ма, әлде пәтерде ме, есімде жоқ, бірақ та Дулатовтың Есполовқа: “Сен оны қалай көрмей қалдың, оның басында үлкен қалпағы бар еді”, – деп айтып жатқанын естіп қалдым. Мен олардан кім туралы әңгімелесіп тұрғанын сұрадым, сөйтсем бір башқұрт келіп кетіпті, әрине, ол Валидовтің адамы, оның қайдан келгенін білмеймін. Менің өзім оны көргемін жоқ, бірақ та ол адамның башқұрт екенін анық білемін.

Дулатовқа қойылған сұрақ: Башқұрт туралы Есполовпен сөйлескеніңіз есіңізде жоқ па?

Жауап: Жоқ”.


Осыдан кейін екеуі де қолын қойған. Бұған қосымша түсініктер беріп жатудың пәлендей қажеттілігі шамалы сияқты. Д.Битілеуовтің жауабынан нақты шындықты аңғару мүмкін емес. Олар кездесіп, бірге отырыста болған күннің өзінде де, қандай ұйым туралы сөз болғанын айтып бере алмауы қисынға келмейді. Өзге-өзге, Д.Битілеуовтің мұны түсінетіндей сауаты бар болатын.


Д.Битілеуов, 23 қаңтар, 29 жыл: „Мен Ғазымбек Бірімжановтың „Алашордадағы” іс-әрекетін айта алмаймын, ол кезде мен Бірімжановты білмейтінмін. Онымен Ташкентте ғана таныстым. Біз ол кезде (алаш жасағында жүргенде Т.Ж.) Ор мен Торғай арасында жортуылдап жүретінбіз. „Алашорданың” қатарында Бірімжановты көргем жоқ».

Бұдан кейін Д.Әділев пен Х.Болғанбаевтің айғақтарында көрсетілген жайларды: „Алдашорда” әскерінде болғандығын, Бұқараға барғанда Әділев пен Болғанбаевтің Ариповке жолыққанын, содан кейін Болғанбаевтің ауырып бір емші (?) докторына емделгенін, одан Ташкентке келгенін айтады.


«…Ахметсафа Юсуповты мен ұйымға мүше болған шығар деп ойлаймын. Дулатов, Юсупов, Бірімжанов үшеуі де Түрксибтің жатақханасында тұрды, бірге қызмет істеді. Жиналыста мен оны көргемін жоқ. Мені Дулатов қатты ұстады.

Сұрақ: Олардың Жарғысының мазмұнын білесің бе?

Жауап: Менің есте ұстау қабілетім нашар, сол үшін де осында отыр емеспін бе. Орысша да сауатсызбын. Ал олар орыс тілінде сөйлесті. Жарғыларында ұйымға мүше болу үшін өте беделді қайраткерден кепілдік алу қажеттігі көрсетілген сияқты. Мысалы мені ұсынған жоқ. Ал Досмұхамедов пен Дулатов ұсынылды. Олар енді ғана жұмысты бастап, адам тарта бастады ғой деймін. Оларда тәртіп қатаң сақталатын. Мен Бұқараға өз қаражатыммен бардым. Болғанбаев Халық комиссариатының іссапарымен барды”, дейді.

Алаш жасағының қатардағы әскері Д.Битілеуовтің жауаптары осындай мазмұнда жалғаса береді. Өзін тым қарапайым етіп көрсету арқылы тергеуден құтылуды ойластыруы да мүмкін. Әйтпесе, соншама келеңсіз адамды Дулатовтардың жақын тартып, тапсырма беруі неғайбыл.

 

1929 жылы 4 ақпан күні Д.Әділевпен бірге 1928 желтоқсанның 14 күні тұтқындалған Байдуллаев Ағабектен жауап алынған.


А.Байдуллаев: «Тергеу хаттамасының стеонограммасы. Ауызба-ауыз жазба. Әділев Дінмұхамедпен 1922 жылдан бастап таныспын. Мен өз ауылымнан алысқа шыққан емеспін, сондықтан да жұмыссыз жүрдім. Тамыр-танысым аз болды. Содан кейін 1925 жылы мен Дінмұхамедке бардым, бұл кезде ол Шымкенттің губерниялық сотында хатшы болатын. Оның танысы көп болғандықтан да одан мені жұмысқа орналасуыма көмектесуін сұрадым. Ол: мен таяуда Қызылордаға барамын, сонда сен менімен бірге жүр, – деп ұсыныс жасады. 1925 жылы шілде айында мен, Дінмұхамед, оның бауыры Асқар және оның әйелі бәріміз Қызылодаға келдік, онда Қожановтың пәтеріне орналастық.


Дінмұхамед маған және өзінің бауыры Асқарға Қылмысты Іздестіру бөліміне орналастыру туралы өтініш жазып берді. Бізді сол арада қызметке алды да, мені Әулие-Атаға жіберді, ал оның інісі Асқар онда барғысы келмеді. Мен ол жерде 1927 жылға дейін қызмет еттім, қызмет орнының қысқаруына байланысты жұмыстан босап қалдым.


Наурыз айының басында біздің ауылға Әділев келді. Жайылма деген жерде ол өзінің ағасы Байсейіттің ұсталғаны туралы хабарды естіді де, ол сол арада қалып, қазір Тама ауданында милиционер немесе шабарман болып жүрген Оразбек Наубаевті Шымкентке жіберіп, Байсейітті ұстаған кім және не үшін ұстады екен, соны біліп кел деп тапсырма берді. Ол (Наурызбаев – Т.Ж.) ауылға қайтып келген соң: Байсейітті Қызылордаға жіберіпті, – деген хабар айтты. Содан кейін Аймауытовқа жолыққанын, оның Дінмұхамедтің өзі осында келіп кетсін – деп тілек білдіргенін айтты. Дінмұхамед маған өзімен бірге Қызылордаға барып, ағасының жағдайын біліп қайтуды ұсынды. Мен оған борыштар болғандығымнан да жігіттің серігі болайын деп келісімімді бердім, шешем мен туыстарымның алдынан өтейін деп рұқсат сұрадым».


Бұдан кейін бей-берекет шашыраңқы, қиылыспайтын сөздер айтылған. Мұны А.Байдуллаевтің өзі қате баяндады ма, не стенограммаға түсіруші жаңсақ жазды ма, белгісіз. Ә.Байдуллаевтің көрсетіндісіне сенсек: Қызылордаға барған соң Д.Әділевтің өзі далада сексеуілден күрке жасап алады да, мұны М.Есполов арқылы Смағұл Сәдуақасовқа жібереді, ол арқылы Сәкен Сейфуллинмен хабарласып, хат жолдайды. Олармен Есполовтың үйінде кездеседі. Қанша партизан болса да С.Сәдуақасов пен С.Сейфуллинді жұмсайтындай бедел Д.Әділевте ол кезде жоқ болатын. Ал келесі бетте ол адамы М.Дулатов боп шығады:


А.Байдуллаев (жалғасы): “...Дінмұхамед Голощекинге қастандық жасау туралы сөз қозғады, Есполов ештеңеде айтқан жоқ, ал Дулатов: “Голощекинді жолдан тайдырғанмен оның орынына басқаны қояды, одан қандай пайда бар?, – деді. Оның сөзін Есполов та қостады».


Содан кейін өзінің Д.Әділовпен бірге қалай ұсталғанын, Д.Әділевтен Міржақып Дулатовқа қалай хат әкелгенін айтады. Әңгіме өзінің ұсталуымен тәмәмдалады. А.Байдуллаевтің бұл мәселе туралы өзге жауабы да осы мазмұндас болып келеді және ауызекі әңгіме есебінде жазылған. Сондықтан да тәптіштеп жатпадық.


Жалғасы бар...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар