Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұрсынбек Башар. Іңірдегі Қазақстан

18.07.2020 1362

Тұрсынбек Башар. Іңірдегі Қазақстан 12+

Ночь, улица, фонарь, аптека,

Бессмысленный и тусклый свет.

Живи ещё хоть четверть века —

Всё будет так. Исхода нет.

Блок.

Іңірдегі өрмекші үміт отын жағады,

Әлемді құтқарушы жымиып қарады...

Қасиетті Қазақстан, бейбақ Қазақстан,

Ойынмен,

Күлкімен,

Сауықпен,

Келесі ғасырға кетіп барады.

Қамалған ойменен, тұтқындалған баспенен,

Сауықшыл қарттар мен ұраншыл жаспенен...

Күмәншіл жүрекпен, азат тілменен,

Алтынмен,

Қоламен,

Мыспенен...

Торыққан сезімдер...

Қорыққан көкелер,

Ұрандап тобырды жетелер,

Қазақстан келесі ғасырға кетіп барады,

Көш басында қоңыраулатқан серкелер.

"Қазақстан келесі ғасырға кетіп барады,

Есек дәмелердің бәрі осында қалады!

Мыналар береді, аналар алады", -

деген жаңбырдың тамшысы

жалыққан бетіме тамады.

Іңірдегі өрмекші үміт отын жағады,

Әлемді құтқарушы күмәнмен қарады...

Жалт-жұлт етіп қазағымның аспаны,

Әлі қанша от шашып тұрады?!

СКЕПТИЦИЗМ

Дауылдар өтінде, жауынның астында,

Кеземін Алматы көшесін.

Өз жаным тәнімді жатсынған,

Таба алмай шиыр жол төтесін.

Аялдама…

автобус келеді,

Мен оған өзімді сүйрелеп мінемін,

Ұлы ойлар темекі ұшында өледі,

Күйбең тіршілікке көнемін.

“Төлеу керек пәтердің ақшасын,

Өлең жазу не теңің?!

Бас ауыртпа, не істейсің басқасын”, –

Деп,

Ақындық бейнемнің жанынан өтемін.

Мен ойша,

сыра да ұрттаймын, шарап та ішемін,

Сынаймын тағы да төзімді.

Келесі аялдамадан түсемін,

Ішке қалдырып өзімді.

Әкесін ойлаған, анасын сағынған,

Мына мен – қоғамның кішкентай бөлшегі,

Әрекетіміз уақытқа бағынған,

Жас өскін алға шықпа белсеніп!

Иисусты 30 күміске сатқан қоғамдай,

Өмірде бәрі де сатылар.

Дәуірлер өзгермей, ғасырлар жаңармай,

Арамыздан бір Иуда табылар.

Көкжиек шетінде ұлы ойлар өледі,

Мен солай думандатам талаймен.

...ХХІІ ғасырға аяқ басқым келеді,

Жаңарған қоғаммен, ескірген Абаймен.

ПЕССИМИСТІК ОЙЛАР

Бір өзеннен құлап аққан ойларым,

Төрт тармаққа бөлінді.

Жиренімді мамағашқа байладым –

Жеңілдім...

Иіре-иіре,

түтеленді үмітім,

Жоғалыпты тұмарым.

Әр кез сайын қайталанып өлі түн,

Азаптайды құмарым!

Бір қорқыныш көңіліме орнайды,

Иесіндей пәтердің!

Бозала таң азан даусы сарнайды,

Сен ақырын жөтелдің.

Мені өзіне баурайды да тұрады,

Иесі жоқ табыттар!

Кеше біреу себепсізден жылады,

Қорқыныш жоқ, қауіп бар.

Мен ылғи да Мунк салған бас көрем,

Айқайы тым жаңғырық!

Оу, ағайын бәріңізге ас берем,

Бір кітапқа көшкен күні мәңгілік.

***

Арамыз тым алыс һәм жақын,
Көремін сыртыңнан күнде.
Отырмын жолыңа шам жағып,
Келер деп уыздай түнде.

Уыздай түн...
О, неткен киелі,
Жалғыздық...
Жалғыз-ақ досым...
Бұл неткен қоңырқай күй еді,
Ай керіп қарайды қасын.

Тағы да барады түн ауып,
Отырмын өзімді қамшылап.
Ақ жаңбыр мұншама жылауық,
Ал, сыртта шатыр тұр тамшылап.

Сол бөлме, сол адам...
Жүрек...
Отырмын байланып қаламға,
Бір сезім барады үдеп,
Тыныштық жаңғырып санамда.

Арамыз тым алыс һәм жақын,
Болама ойламауға мүлде?!!!
Отырмын себепсіз шам жағып,
Тағы да өлең оқып гүлге.

***

Көңіліңе күдік келіп қонатын,
Ой, не деген үрейлі еді мына түн!
Аспан жақа қарап қойып...
Ойланар,
Сол баяғы...
Сол ақын...

Сол баяғы...
Сол ақын...
Қараңғыда өксіп-өксіп алатын.
Уақыт деген шындығында тым қатал,
Жүрек семіп қалатын!

Құлақ түрші сырымды айтам мен саған,
Мекен қайда біз баратын, аңсаған?!
Сезім -гүлім солып қапты сусырап,
Ал, рухым шаршаған.

Не бар өзі айтылмайтын ұрансыз,
Не қалды өзі сенетіндей күмәнсіз?!
Өмір деген шындығында көшірме,
Өлім деген өмір сүру алаңсыз.

Күте-күте кереметті келмеген,
Мына өмірден өтіп барам мен деген.
...Жанарыңа тұнып қалған бір тамшы,
Менің жаным мейріміңе шөлдеген.

***

О,менің кермиығым, кермаралым,
Қайтейін қалмады ғой енді амалым.
Жұлдыздай жүрегімді жайып тастап,
Көзіңе ғашық болар Мен ғанамын!

Күнде ойлаймын, түнде ойлаймын ессіздік,
Санамызды сайтан суға ішкіздік.
Мына әлем сан түстерден тұрады,
Сен жоқ жерде – түссіздік!

Қап-қара, қара тұман төңірегі,
Бір құрт бар!
Миымды әбден кеміреді.
Құралған тәтті-тәтті өтіріктен,
О, неғылған өмір еді!

Одан басқа күш-қайратым қалмаған,
Күнде соны жалап қойып...
Малданам!
Арқамнан қанат өсіп шығатындай,
Болашаққа алданам!

Не қалды мына өмірде сенетіндей,
Болмасты болатындай көретіндей.
Түн сайын әр таңымды күзетемін,
Ажал кеп арамызды бөлетіндей!

***

Менің жырым Алматыға белгісіз,

Малшы ауылда жатқа айтады бірақ та.

Б. Алдияр

Менің жырым Алматыға белгісіз,

Туған жерде оқылады бірақ та.

«Туған жерің қайда?» дерсіз енді сіз,

Ол алыста, Алматыдан жырақта!

Ол жердің адамдары пәк көңіл,

Бірін-бірі жақын тұтар аңғал тым.

Жұмақтайын...ондағы өмір – тәтті өмір,

Тәтті өмірді тастап мұнда сандалдым!

Мені мұнда танымайды ақын деп,

Туған жерде қолдан-қолға түспеймін.

Алматыда ішетұғын ақын көп,

Бар айырмам – ішпеймін!

Әй, осы мен жүрген жоқпын жарытып,

Екі сөзді құрағаным...далбаса!

Туған ұлын Туған жері танытып,

Жүргендігі болмаса!

Менің жырым Алматыға белгісіз,

Туған жерде оқылады бірақ та.

«Туған жерің қайда?» дерсіз енді сіз,

Ол алыста, Алматыдан жырақта!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар