Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тұрсын Сыдықов. Жыр қағанының келбеті...

22.09.2015 3772

Тұрсын Сыдықов. Жыр қағанының келбеті

Тұрсын Сыдықов. Жыр қағанының келбеті - adebiportal.kz


Cumatay. Жұматай.jpg

Асбұлақтың суындай нәрлі, жаралы жүрекке дәру, мұңсыз көңілге ұшқын тастап, ер көңілге қажыр-қайрат бітірген, қара судан шырын ағызып, сары майдан қылшық айырған, қара сөзге жойқын күш дарытқан дуалы ауыздан шыққан уәлі жырымен ел есінде ақсұңқар құстай түлеген қалпында қалған біртуар Алаш ақындарының бірі – Жұматай Жақыпбаев десек, ақиқат­тың ақ жолынан бұра тартпасымыз әдді. Не нәрсенің де, қадір-қасиетін, нарқын сан емес, сапа шешеді. Артыңда қалған мұра, тасқа басыл­ған із жаудың бастысын бағындырған, тізесін бүктірген хас ерліктей елдің есінде сақталатыны, жадында жатталып, жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа кететіні күмәнсіз. Небәрі 45 жаспен шектелген қысқа ғұмырында ол «Саратан» (1979 ж.), «Ләйлә» (1981 ж.), «Шұғынық гүл төркіні» (1984 ж.), «Көктемгі хаттар» (1992 ж.) атты төрт-ақ кітап қалдырған.


Жақыпбаев аз жасаса да өз айтарын айтып, өз стилін қалыптастырып кетті. Замандастары үшін оның бар болмысы үлгі саналды. Өлеңшілердің өлеңдеріндегі секілді құр көпіріп, құлақ сарсылтып ығыр етпейтін мінезді өлең жасау ізде­ністері өзіне үйіре тартып, өз әуез, әуе­німен «Жыр қағанаты» мүшелерінің жақ­сы жырға сусаған жүректеріне жол тапты. Енді сол «Жалын» альманағы жанынан өзі құрған «Жыр қағандығы» мүшелері көзі­мен ақын, сері, «қаған» Жұматай Жа­қып­баевтің тұлғасына үңілейік. «Ол жұмыр денесіне қонымды киім киетін. Сәнденіп, сыланып-сипанып жүруге ерекше көңіл бөлетін... Уыздығы жарыған қозыдай томпиып отырған жұмыр денелі, орта бой­лы, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, қияқ мұртты, ойлы өткір қара көздері әр кез­де күлімдеп тұратын сәл толқыны бар қара шашын оң жақ шекесіне жыға қайыр­ған жайдары, топан су тобығынан келмейтін Жұматайды кім көрсе де жарық дүниеде нені іздесе де табатын, жанында қылаудай жамандығы жоқ екеніне сенемін. Ол сондай адалдықтан жаралған еді», – деп жазыпты Досан Жанбота. Демек, мұнан біз Жұматайдың статикалық, мүсін­дік портретін, психологиялық жан құбы­лысын, сұлулығы мен сырлы сезіміне қы­лау түсірілмей, қапысыз бейнеленген тұл­ғасын тұтастай танимыз. Шындығында да, адалдық пен әділдікті пір тұтқанын Досан Жанботаның шоқырақсыз шұрайлы тілі шынайы, мөлдірете жеткізген. Оның серіге лайық қасиетін Досан мырза: «Жұматай бабаларынан мұраға қалған сол серіліктің ХХ ғасырдағы мөлдір бұлақтарының бірі әрі бірегейі. Өзін қоршаған әлемнің тұман­дан­ғанына, кірленгеніне төзбейді» десе, Жұ­матайдың рухани әлеміне бойлай келіп: «Ол жыр болып буырқанды. Қанша­ма күліп жалған пәниді жалпағынан ба­сып жүрсе де, күй болып күңіренгенін» асау қаны басына шаба күрсіне еске ала­ды. Көзі өткір, көңілі таза, жүрегі құнар­лы, жақсыға ауызданған жастың, бұл дегеніңіз, асыра мақтамай, жөнсіз мадақ­тамай барды барынша қабылдауы. Жұма­тайдың екінші бір «Жыр қағанатының» мүшесі Қанат Тілеухан естелігін былайша өрбітіпті: «Бар-жоғы қырық бес жыл өмір сүрген ақын, ғажап өлеңдерін айтпа­ған­ның өзінде, артына аңыз боларлық өнеге қалдырды. «Жыр қағанатын» құрды. Көк­тем келісімен қойнауына мал толған Сар­ноқайына аттанып, Кенежиренін бап­тады. Қазмойын домбырасының шанағынан «Ләйлә келген» күйін төгіп, Ләйләсін жа­лауы жығылғанша жырлаумен болды. Бұл фәниден тақымы кеппей суыт өтіп кетті» – деп күрсінеді. Мұнда да «азып-тозып», «жұмыссыз жүрген», жөнсіз қудаланған ақынды көрмейсіз. Кеңес өкіметі кезінде ақын-жазушы еңбек етсе де, таза шығар­ма­шылық жұмыспен айна­лыс­қысы келсе де, ешкім көлденең тұр­маған. Әдеби қор­дан көмек алып, бала-шаға­сы­ның нәпа­қа­сын айырып, алаңсыз қалам­ның қимылын баққан. Қатарлас таланттар соны ескеріп, сүйікті ақынының сүйкімді істерін саралап береді, біз олар­дың ұлт­тық-интеллек­туал­дық мінез-құлқ­ы дұрыс қалыптасқанына көңіліміз көншиді.


Тәрбие деген салт-сана, әдет-ғұрып, ұлттық дәстүрге, тәңірге, наным-сенімге, ата-анадан дарыған қанына сіңген құлқы мен ниетіне, арға, ұятқа, намысқа, қор­ша­ған ортаның ұстанымы, үрдісіне қатысты. Әрбір индивидте этноұлттық өзіндік ерек­ше­ліктері, философиялық дүниетанымы мен психологиялық құбылысы берік орын тебеді. Жұматайдың жырларында оның ба­ла шағынан дана шағына дейінгі өмір­бая­ны сайрап жатыр. Дана халқымыз ұлы­лықтың бойында да «ұлы пенделік» жа­татынын теріске шығармайды. Жұма­тай сонау сәби шағынан өз бойында бала­лық бал дәуреннің қылықтары, жасөспірім шақтың еркелігі мен тентек, қиқарлығы, жігіттік шақтың тұсау үзіп, шідерге ша­мыр­қанар асаулығын, өзімшілдігін бастан кешіргенін бүкпей, оқырманына өрісін жайып салады:


Жұмағұл – Шора – азан сап қойылғаны,

Мейірімін шешем қосып ойындағы.

Жұматай деп атады. Кейін қыздар,

Осы атты керемет деп мойындады.

Көшеде жүйрік шыбық алып қашып,

Мектепте күс-күс қолмен Әліппе ашып.

Қара жол, бау-бақшада шықтым содан,

Көрнекті сотанақ боп қалыптасып.

Иә, «қарға баласын аппағым, кірпі ба­ла­сын жұмсағым» демекші, қай ана шара­на­­сын жарып шыққан балапанын аялап, мә­пе­лемесін, еркелетіп жүрегіне жақын атын қоймасын. Зеренің сүйікті немересі Ибра­һимді – Абай, Айғаным немересі Мұ­хам­­мед­­ханафияны – Шоқан деп атап кет­кені тәрізді, шешесі Жұмағұл – Шора­ны ер­ке­летіп Жұматай атауы, кейде ойынға бе­ріліп, қайда жүргенінен көз жазып қалған анасы «Жүкәлайлап» шақыратыны да сы­бызғының күйіндей жылы қабыл­да­нады. Ащы ішектей шұбатылған аттан гө­рі ай­ту­ға ықшам, күміс қасықтай сыңғыр­лап тұрған әсем әуезді есімінің өзіне ғана емес қыздарға да жағымды, сұлу ныспы еке­нін ақын әзілге бөлей жырлайды. Жұ­матай есімі Жақыпбаевке тек үздік жетіс­тіктер әкелгенін ақын:


Осы атпен бас бұзардан боксшы боп,

Ақ шаршы рингке де шықтым кейін.

...Аңдамай ғашық болып, сол атыма,

Бір сұлу қыздың да аты қосақталды.

...Ат бапкер, алаяқ ат иесі боп,

Жас пері, жаңа күйші ретінде.

...Жиреннің қай күліктен атағы кем,

Көкпарда көзсіз болу қате білем.

Үш қабат үйдей тастан ат секіріп,

«Жұматай ажалсыз» деп атанып ем, – деген жолдармен оның шаршы топта жеңімпаз боксшы, қылықты қыз сүйген өнерлі бозбала, ат жалында ойнаған ша­бан­доз, жүйрік ат баптаған бапкер, жүрек жұтқан тұлпар мініп, ту ұстаған батырға тән қасиеттері сараланады. Арыстанның абаданындай үш қабат тастан атын секірту де жігіттің жампозына тән ірілік есеп­те­лінбек. Замандастары Жұматайды әрі бокс­шы, атбегі, көкбаршы, шабандоз, ақын, күйші, биші, сырнайшы т.б. өнердің қамшы салдырмас жүйрігі ретінде танып, құрметтеген. Өзінің қазақы қара домбы­раның киесі қонған өнерпаз екенін ақын өзі де мойындаған:


Домбырадан неше түрлі күй білем,

Бәйгеге де басты содан көп тігем.

Атығайдың құласындай жүйрік ем,

Адайлардың қылышындай өткір ем... 

Иә, сол өткірлік, жүйріктік оған қонбай қоймаған. Шашасына шаң жұқпайтын желаяқтық қойсын ба, «Ләйлә келген», «Зайда көрген», «Қажытай», «Жұматайдың жұпбасары» атты «шоқтай маздап, оттай лаулап, жалын тілеп, сыртқа бұлқынған» (М. Ершу) сырлы күйлерді кейінгілерге тастап кетті. Ол күйлер тереңдігі, сұлулық, сыршылдығы, шұғылалы сезім, қою бояуы, өзіндік өрнегімен тыңдағанды қилы ой сілеміне салып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан бездіреді. Жас кезінен тепсе темір үзіп, бұлқынса бұлтқа жететін ол ерекше мінездің адамы болғаны талас тудырмайды:


Сараң да малын алдырған,

Сайраған кезде жүрегім.

Шөлде де шөлін қандырған,

Жыңғылға тартқан ұл едім, – дейді.


Досқа да, қасқа да сезімін бекем ұстап, адал жүрегін тосатын дарқан Жұматай сараңды Атымтай етіп, жүдеп-жадаған аш – арықтың шөлдесе сусыны, тоңса тоны бола білген мырзалығынан жаңылмаған. Сө­зіне қарап кісіні алып, озбыр, кеу­дем­соқ, жылпостарды қылығынан танып, төңі­регіне жолатпай, жылы қабақпен шапшаң «жолға салып жіберуге» ты­рыс­қан жай­саңдығы да бітімін асқақтата түскен:


Озбырлар алса бетімнен,

Жымию болды мұратым.

Ол кезде шырша секілді ем,

Көгеріп-көктеп тұратын.

Иә, «мал аласы – сыртында, адам ала­сы – ішінде». Кімді-кім танып біліпті? Әде­биет – адамтану өнері. Сол өнердің зергері кімге қандай қатынас жасау құралын меңгермесе, құны көк тиын ғой. Жұматай – ол жағынан мәтіби. Ит қапты екен деп ит­ті қапса, аузында не қасиет қалмақ. Ке­рі­сінше, итке қаптырмаудың амалын тап­қан, аязды көктемімен еріткен, шыршадай мәңгі жасыл жасампаз құдіретімен иіткен ұтпақ. Адамның бойында кісілік қасиет­тердің өркен жаюы қашан да оның айды­нын асырып, әрбір қылығынан көрініп отырмақ:


Бокста көзін ісіріп,

Қойғанда достың не түрлі.

Бетіне бастым қысылып,

Аққұлақ қылып бетімді...


Жұмайтай жас кезінде ауыл балала­рымен бокс секциясына қатысып, спорттың ауыр түрімен етін жырта, терге малшына шұ­ғылданғаны мәлім. Демек, Жұматай бал­ғын шағынан «кішілігімен іріленуді», «кі­сілігімен тұлғалануды» тіршілігінің ай­ны­мас берік өлшемі еткенін аңғарамыз. Жас­тықтың сыртқа тепсініп тұрған астам­шылығына, бой алдыр­маған.


Ақынның поэзиясы – оның өмірінің шежіресі. Жұматай – бар өнер бойына да­рыған, тал бойын барынша күтіп ұс­тайтын, табиғаттың сұңғыла мінезі болмысына берік сіңген сері жігіт. Жастайынан поэзияға құш­тарлықтан оның Сегіз сері, Нияз сері, Құлман сері, Дүйсен сері, Ақан сері тәрізді ол да өз ортасында «күнде думан жүрген жері» болғанын байыптау қиынға түспейді. Сол серілік оған «сары алтынның буынан» жа­ралған жырлар жазуға, әсемдікті ерте сез­ініп, «өткір күй, жалынды күй жан қояр ма, түлкіге ұмтылмас па тағы тазы» (І. Жан­­сүгіров), «Көргенде сұлу әйел есім қалмас, жігіттік бойымдағы кінәм сол-ақ» (Балуан Шолақ) демекші, ол қызға ерте қырындай бастаған:


Сүт иісің бұрқырап,

Жүлгеше ерке жүр кейін.

Жүрегімді жыртып ап,

Кебісіңді сүртейін, – деп – алғашқы уыз махаббаттың» аза­бына езіледі. Ешкім қол­дан­баған сөз тіркестерін еркін қолданып, өлең өрнегін байытып, же­тілдіре, ұлт­тық сезімге лайықтап, там­сан­дыратын дең­гейге жеткізген. «Жүрегімді жыртып ап, ке­бісіңді сүртейін» деп өбек­те­ген бозбала қан­дай тапқыр, шешен, иман­нан жара­тыл­ған, сүттей таза жан ғой. Шы­найы ойда жел­буаз көпірме сөз болмайды. Сөзбен ке­лістіріп айту, зергер соққан дүние осын­дай болмақ. Осы шумақты оқыған адам өзегіне от түсіп, жігітке арбалып қа­ла­ры сөзсіз. Ол қызға қашан ғашық бол­ғанын «Сұлулық тәңірі» өлеңінде сыры­на былайша ортақ­тас­тырады:


Қырық күн шілде – арық пен атыз кешеміз,

Қоңыр лай судан рахат басқа тілемей.

Қашсаң да болмай жатарда жуып шешеміз

Жарылған қолға жағатын еді кілегей, – дей­ді. Бұл – ауыл балалары біздердің ба­сы­мыздан кешкен ортақ жай. Байқұс ана­мыз­дың үй қарасын көрмей, егінінің шөбін шөп­теп оралғаннан кейін ойынның жағын айы­рып, үйге зорлап енгізген «бұзығына жа­сайтын емі». Ана үшін баласы әлі «бе­сіктен белі шықпаған жас». Ал сол «бесіктен белі шықпағанның» көзі неде, көңілі қайда екеніне назар аударайықшы:


Бесінде мүлдем бақ тілеулері басқа боп,

Боқмұрын бізді ортақ та етпей назына.

Қыз, жігіт біткен ойнайтын еді қашпа доп,

Аржағы пішен Алмабай атаң сазына, – дегенінен біз қыз, жігіттер қашпа допты Алмабай қария үйінің жанындағы сазда ой­найтынына емес, неге жастар біткен қашпа допты басқа жерде ойнамай, Ал­мабай сазында ойнайтынына назар ау­дар­тады. Алмабай да, әйелі де қатал. Қызы – Гүл­бар­шынды үйінен қарыс адым шығармайды. Сондықтан осы ауылдағы ең сұлу Гүл­баршын қызды жігіт біткен бір көру арман боп, ойынды сылтауратып осында жиналуға ынтық. Жігіт біткеннің оны құлай сүйіп, құлдық ұратынын, аяғын құшуға бар екенін ақын:


Құлашы ұзын бір мерген жігіт жоқ па әлі,

Ойыны қанбас осынау топтың ішінде.

Гүлбаршын қызға тимейтін еді доп – тағы,

Тимей ме жүн доп көйлегі жібек мүсінге, – деп әзілдей отырып, жұлдызды аспан ау­найтын, қара тас лаулайтын құдіретіне сізді де ортақтастырып, езуіңізді жиыртады. «Боқмұрын» Жұматай да жігіттерден қа­лыспай, «доп тимейтін көйлегі жібек мү­сін­нен» көзін айырмай, әлде, бір жұмбақ се­зімге арбалғанын:


«Жүкәләй – а – аулап» шақырып

шешем жатса да,

Табылып ғажап көлеңке, жайлы бір арық.

«Гүл-бар-шын» деп мен күнбағыс өскен

бақшада

Жаттым-ау бір күн жұртта жоқ сөздер

шығарып.

...Лап ете қалар махаббаты

бар жаныңның,

Әлі де сәби әскере тентек сол ақын.

О, менің алғаш сұлулық тәңірін тануым,

Қағаздан қара танудан бұрын болатын, – деп сыйқырлы сезім оны сәби кезінде тап­қа­нын мойындатады. Балауса Жұматай ға­шықтық азабын «қара танудан» бұрын та­ны­ғанына иланбағанымызбен, сұлулық кім­­де-кімді де жайбарақат қалдырмаса ке­рек, Гүлбаршынға оның «күюі мен сүюі» жай балалық қызығушылық. Мұнда иіп әке­ліп қиыстырған, бұрап апарып байла­ныс­тырған ештеңе жоқ, бәрі табиғи. Әсі­ресе, бұл жырды оқып отырғанда, бабына жетіп, шабыты оянып, балқып, толқыған күй­шінің қолындағы шешен домбырадан да­ланың бояуы көзді арбаған қоңыр күй­лер­ді тыңдағандай әсерге бөленесіз. Жігіт­тің жігітінің басты байлығы, бары сана­ла­тын осылардың басында адал жар тұра­тыны әлмисақтан аян. Жұматайдың да бас­ты байлығы, музасы әйел болғанын ол:


Туса да ол қандай кезде, қай елде,

Болса да оның жағдайы өзге, жайы өзге.

Адамзаттың ең алғашқы ақыны,

Тұңғыш жырын жазған шығар әйелге.

«Керегі жоқ, керегі жоқ» дегенмен,

Ол қоштасып бара жатты өлеңмен.

Ең соңғы ақын ең соңғы сол өлеңін

Әйелдерге арнарына сенем мен, – деп ақынның, нар жігіттің рухани және поэти­калық сыйынары һәм сүйсінері әйел екенін, тұңғыш жырдың да, соңғы демің кеудеңнен шығардағы ақырғы жырың, қимас сезімің соған арналарын Жұматай дәл байыптаған.


Шабыты мен шалымы үйлескен кәусар жырларды Жұматай жұбайы Зайдаға да аз арнамаған. Бір мекемеде қатар қызмет істейтін, өзі де ақын қызды кейде бірер күн көр­мей қалғанда Жұматайдың «жаны шыр­қырап», ет-жүрегі езіліп, өзін қоярға жер таппай аласұрғанын:


Кеше, арғы күн сәуле, нұрсыз бірге өлді,

Дүйсенбі кеп дүн-дүние түрленді.

Тек сенбі мен жексенбіні жек көрем,

Сені маған көрсетпейтін күндерді, – де­ген жолдардан көп нәрсе қылаң береді. За­ты, мекеме сенбі, жексенбі күндерінде іс­темегенде көз салып жүрген аруынан екі күн қара үзіп қалып, екі ай жоғалтқандай «ша­ла бүлінеді». Ал дүйсенбі күні қыз төбе­сін көрсеткенде «дүн-дүниесі түрленіп», ба­ғында бұлбұл құйқылжиды. Сол айтуға тілі жетпейтін «жетіскен шағын» ақын былайша толғайды:


Мен нәзікпін, мызғымастай ер емен,

Құлағына кірмейді елдің ұраны.

Баяғыда-ақ мен атылып өлер ем,

Сені көргім келеді де тұрады.

Лирикалық кейіпкер сүйгеніне еркелеп, назын айтады. Мұнда әбжілдік, әзәзілдік те, қарадүрсін дүмшелік те жоқ, момын, сырт­қа сырын шығара алмайтын біртоға жі­гіттің имандай сыры жатыр. Ол қаншама сыр айтуға үркек көрінгенімен, сүйгені төңі­регіндегі алып-қашпа «өсекке» сенуден, иланудан қалған. Әзірге оны бетінен қай­тарар күш, «ұран» жоқ. Нағыз махаббаттың формуласы осылай көңілге тоқылмақ. Ке­рек десеңіз, ғашықтық жеңген лирика­лық қаһарман өзін көңілі кеткен аруынан төмен санауға да қорланбайды:


Құда, яки алашша айтсақ, Құдайдың

Құрметінен құр қалғанға жылаймын.

Сен әулие бұлақтайын мөлдірсің,

Қақтан таяз, шалшық түбі-лаймын...


Көзімен көріп жүрген қыздары мен жі­гіттері шапшаң табысып, өбісіп жатады. Бұл «құдайдың құрметінен құр қалып, ұнат­қан аруының назарына көптен бері ілік­пей құр сүлдері қалған. Өзін «әулие бұлақ» шошынатын «лайдай» сезінеді. Әйтсе де оқырман аруға «кіжінбей», ірілік таныт­қан жанның табиғи бітісінде өрлік, тапқыр­лық, батылдық барына күмәнданбайды.


Жұматай ешқашан махаббат сезімін қор­лаған, аяғымен таптаған «сорлыларды» кешпейді, ондай қаныпезерді түптің-түбінде киесі соқпай қоймайтынын, оның аты қалай аталатынын жұлын-жүйкесін инемен ша­бақ­тай отырып жеткізе жырлайды:


Адам емес, тіпті, кейде аңдай боп,

Қанша қызды жұмарладым қалмай көп –

Өз жерінен бақыт таппай жат жерді,

Тонап жатқан жат ниетті жаудай боп...

Сыйқырлы сөз, аяр әрекетпен, түлкідей жүз құбылған кейіппен алаңсыз көңіл, тұ­нық сезімді жасты арбап, қақпанына түсі­ретін қабыландарды шеней отырып, оларды қан тілеп, қандықасапты аңсаған жаны ашы­мас жат ниетті жауға теңейді. Шынды­ғын­да да, ол арын төгіп қорлағаны – бөтені емес, түптеп келгенде, қарындасы, өз ары ғой. Ашкөздік, нәпсіқұмарлық есінен айы­рып, адам қоғамын тоздырып, азғын­дауға құлдырататынын жетесіне жеткізеді. Ма­хаб­­бат жолында өміріңді өзгерту – нағыз ерлердің пешенесіне бұйырған ерлік екенін дәріптейді.


Сол ерлікке ерлікпен жауап беретін әйел – үйіңің шырағы, бірліктің тірегі, жақ­сылықтың ұйытқысы, көктемің мен жазың, мамығын төккен ұяң. Демек, жақсы әйел – өміріңнің тұрағы, көңіліңнің пыра­ғы. Жұматай «Шілде» атты өлеңінде ауыл­дың талбесігінен шыққан, еңбек тәрбиесін жете игерген, ана сабағын алып, ауыл тә­лімін көріп өскен Зайдасының өз отбасын­дағы жарға-анаға тән істері мен мінез-құл­қын санамалап, өлең жолдарында келістіре өріп, басқаларға отбасы ынтымағының әліппесін ұсынады:


Ілезде ыдысыңның жартысы кем,

Жігіттің өтіп жатыр бал тісінен.

Көңілімді таппақ болып жүрсің, жаным,

Көршінің шұбат тасып банкісімен...


Мұнда Зайданың жасаған дәмі тілді үйіріп, күйеуінің тәбетін ашып, табағы лез­де «тазаланып» шығатын аспазшылығы мадақталады. Қосағының ішкен асы бойына сіңіп, жақсы қорытылуын ойлаған әйел өз­де­рінде жоқ шұбатты көршісінен тасып, ота­ғасының қамын жеуден ләззат алатын тым елгезек-ақ. Ақылды әйелге сүйгеніне қыз­мет етуден асқан бақыт жоқ. Күйеуінің ықыласына бөленген сайын оның өнері гүл ашып, екпініне екпін қосыла түспек:


Ұн әкеп қол батырып тағы нанға,

Түрің жоқ, ренжірге жағынарға

Әніңді қоса созып ащы ішекше,

Шұбалтып кірістің бе лағманға.

Қала ғой, қара, олар қайда мұнда,

Жоқ бүгін жас бауырсақ қаймағың да,

Астан соң қосылып бір күле ішетін

Ойлайсың қызыл күрең шай қамын да.

Қойдың сен бақ аралап гүл көруді,

Бас мешкей тойғыза алмай күнде қуды.

Жиналса аяқ-табақ, сөз ойлайсың,

Газетке жазу жазып үлгеруге.

Жырдың әр жолына үңілсеңіз, елгезек, әмбебап, жаратылысы бөлек әйел затының өз міндетіне, тағдыры телінген шаңырағына адал­дық лебі есіп қоя береді. Әлгінде сыңа­рын тойдырып, шөлін қандырған отанасы енді нанын илеп, келесі астың қамымен лағманын созып жатыр, көңіл-күйі жоғары. Арасында уақыт тауып қызыл күрең бауыр­сағын да пісіріп, қаймақ қатқан күрең шәйін бабымен дәмдеп, жұбайының бабын табуға жанын сала кірісіп, тамағымен бірге қабағын да беріп, отауының отын маздатып жағуда. Жұматай марқұмның өзіндік мінезі жетіп артыл­ғанына көптеп мысал келтіруге болады:


Артылмай жақсылығым бір өзімнен,

Кезім бұл жүз егіліп, мың езілген.

Таланыма табысым пар келмеуін

Табам-ау баяғы тік мінезімнен...


Өмірден баяғыда озған сұңқар ақын жай­лы көз көрмегеннен кейін бойына олқы түсер инаяттауларды үйіп-төгу иманды­лыққа қайшы. Өзі мойындайтындай «Күле­ді ел маған, күледі жақсы соң күлген, еркек боп тусам, ерітсем дедім тоңды үнмен. Әде­биет деген әлемге қажет шаруаның, архео­логы да, геологы да болдым мен» деп жүріп, негізгі қызметі ақсап, басшылығы тарапы­нан ескертуді көбірек естіген болу керек. Оның үстіне өнер өрісінде өз отауын тігіп үлгерген, халық қошеметіне бөленген, кеңі­нен танылған талантты өзімшілдігі жеңе бастаған сәтте өзіне талап қоюшы­лардың пиғылын «кір көңіл, сарайының батпағы бар» (І. Жансүгіров) әділетсіздік се­зініп, тік мінез көрсетті ме екен, кім бі­ліпті?... Қормалды қара сабаң болмаған соң, қызмет істейтін, бала-шағаңның нәпақасын айырып отырған мекеменің де қас-қабағын баққан жөн. Жұмекеңнен ондай иіліп, бү­гілушілік, қоғамның қасаң талабын мойын­даушылық табыла бермегенін зайы­бы З. Елғондинова да бүкпей: «Жұматай көк­тем келсе, үйге сыймайтын. Қызметке ба­руды да қоятын, үйге де келуді қоятын. Ан­да-санда «мен тірімін, уайымдама, кү­ніңді көр бәйбіше», – деп сәл шаршаған қарлы­ғың­қы дауыспен телефон шалатын». Мұн­дай жағ­дайда кімнің «таланына табысы пар кел­мек». Кеңсесінің қасаң тәртібі әдебиеттің «археологы мен геологіне» сұлу мінез, сырбаз қылып көрсетіп, сырлы сөздің иесі боп жүруіне жасыл көше ашпасына түсініс­тік­пен қарамау орынсыз. Жұматай Жа­қып­баевтың қызмет бабындағы еркіндігі мен еркелігі, денсаулығына мән бермейтін нем­құрайлылығы жанашырларын қын­жылт­пай қоймаған. «Жалын» журналының ре­дакторы, үлкен ақынымыз Тұманбай Мол­дағалиев бөлім меңгерушісі, «Жыр қағаны» поэзиялық клубының жетекшісі Жұма­тайға бірде: «Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің, ойлан Жұмаш, ден­саулығыңды сақта», – деп өзі талантына сүй­сінетін інісіне ескертудей ескерткен. Амал не, еркелігі жеңген ол «Көктем келсе мас болатын таулардың, мінезі бар менің нәзік кеудемде» деп жүре тыңдаған тәрізді. Жұ­матай жайлы естеліктерді оқып отыр­саңыз, ұяң, биязы, ибалы, ар-ұятқа бекем, әйелдік абырой-мәртебесі жоғары Зайданы да көп мойындай бермегені байқалады. Үйленгеннен кейін ол да ақын емес пе, то­сын шабыт буып жылы төсектен жазу үс­теліне жайғасқан келіншек күйеуінің қа­ламымен мезгілсіз келген ойларын ақ қа­ғазға қондырса керек. Соны сезіп қалған Жұматай:


Қосқанмен қоналқаға иістерді,

Қылығың қазақтыққа қиыс келді.

Атына ер-жігіттің мінбейді әйел,

Қарағым, қаламыма тиіспе енді, – деп үстел үстіндегі бір парақ қағазға жазып кетіпті. «Қосқанмен қоналқаға иістерді» деген сөз, әрине, әйел баласына, онда да екі жарты бір бүтін боп қосылған ерлі-зайып­тыларға тым ауыр сөз. Жұмекең Зайданың «шынжырына» мойнын ұсыну былай тұр­сын, еріксіз дайын қаламын ұстағанын кешпей, «кектеніпті». Ал осы Зайдасының журналда жарияланған махаббат тақы­рыбына жазған топтама өлеңдерін оқы­ғанда:


Жаныма жақпай тұр-ау батыл ісің,

Сен енді қазақ совет ақынысың.

Махаббат жайлы өлең жазба, Зайда,

Түсінсең, Жұматайдың жақынысың, – деп тағы да үстелдің үстіне бір шумақ өлең жазып тастап кетіпті. Байыптап оқыған адамға «Түсінсең, Жұматайдың жақыны­сың» деген тіркес нанға ине шаншып бер­гендей денеңді тітіркендіреді. Бәлкім, «жа­қынысың» алғы «ақынысың», «батыл ісіңе» ұйқас үшін алынғандай, бірақ мағынасы солғын, орнын таппай тұрған кекесінді сөздей қабылданады. Құдай қосқан қосағы – заңды әйелін қазақ «жақыным» демейді. Керісінше, ол алғы ұйқастарға шегеленіп келіп ұйқасатын, мағынасы толық «қаты­нысың» деген сөзді қолданса, Зайда жымың етіп, еміренері хақ. Сөз сөзді тудырып, кекесін кекті өршітеді екен, Зайда ақын Жұ­матай сілтеген қылышқа шоқпарын жұмсапты:


Жүректі жылу аңсап шықты сонша ән,

Қаламын тастамайды құтты ханшаң.

Махаббат жайлы өлең жаза берем,

Өзіңе ғашық қылғын мықты болсаң, – деп бұл да Жұматайдың қаншалықты «жа­қыны» екенін ескертіп, жауап жазып кет­кен. «Сәлемхатты» оқыған Жұмекең Зай­даға 2 – 3 күн тіл-жақтан қалыпты. Бұлар жал­пының назарына ұсынбайтын аль­бом­дық, әзіл-қалжың сықпытындағы дүниелер саналғанымен, артында қалған әдеби мұра ғой. Сондықтан оларды байыптай отырып, біз Жұматай мен Зайда арасындағы отбасы­лық ынтымақ Қабдеш Жұмаділов ағамыз шошына жазатындай, онша ұйып тұрма­ғанын шамалаймыз. Әдебиет тарихынан мәлім, ерлі-зайыпты Н. Гумилев пен Анна Ахматова екеуі де – орыс халқының жам­поз ақындары. Анна Ахматованың махаб­бат тақырыбына жазған өлеңдерін күйеуі оқып, езуінен сілекейі шұбырып: «Мен енді сен тұрғанда махаббат лирикасын жазуға хақым жоқ», – деп мойындап, тілі жет­кенше мақтаған ғой. Тағдыры ортақ, ой-арманы, мұңы ортақ адамдардың жүре келе іргесі жараспай, пікірі үйлеспей, бір-біріне қойнында тас жасыруы – олардың түбі ба­сы бірікпейтіндігінің кепілі. Басын бірік­тірмейтін, іргесін сөгетін жеті күнә: күн­шілдік, қызғаншақтық, тәкаппарлық, ашу­шаң-ызақорлық, жалқаулық, қана­ғат­сыз­дық, сезім құштарлығы. Жоғарыдағы Жұматай мен Зайданың өзара «сайысатын» альбомдық жырлары, бізше, қызғаншақтық сезімдерінің ашушаңдық пен ызақорлыққа ұласқан формасы. Бір қарағанда қылжақ-әзілдей сезілгенімен, астарын бақсаң, зіл­қара тастай еңсеңді жаншиды. С. Мәу­ленов айтпақшы «Күлкілерде тұрғандай уақыт күліп, күлкілерде тұрғандай бақыт­тылық. Бі­рақ, бірақ, күлкі бар көлгірситін, Адам ұлын дарға асып, атып тұрып». Жұматай «жарымның» орнына «жақыным», Зайда­ның өзін «құтты ханшаңмын» деп «теп­сініп»: «Махаббат жайлы өлең жаза берем, өзіңе ғашық қылғын мықты болсаң», – деуі көкірегі сараға талай сары тап сырдың кілтін ұстатып тұр. Бірақ мұны сырқат санадан шыққан кеселді пікірлер қата­рына қосу да орынды бола бермейді. Қазіргіні, өт­кенді де таразыласаң, Зайда мен Жұма­тай­­дың бұл қылықтарын екі айырылар өзен­ге, күю, сүю сезімінен айы­рылған жан­дар­ға санай алмайсыз. Өйткені, «Көз соқы­ры­нан көңіл соқыры жаман. Көз көре ал­ма­ғанды көңіл көреді, көңіл көре алма­ған­ды көз көре алмайды» (Ғ. Мұс­тафин). Көңі­лі көреген Жұматай өзі жайыл­ған өрісін аяу­сыз таптап, былғау­дың соңы зерек ақыл­ға жеңдіріп, өз көкірегіңе, өз жүре­гіңе ерік бермесең, жер қаптырарын шап­шаң се­зініп, қосағымен арадағы сал­қын көз­қа­расты жуып-шая­тын жұпар иіс­ті жыр бұлағының бөгесінін ашып қоя бе­ре­ді:


Құдай дана қиыстырған қиыннан,

Сен бір әнсің қасы-көзі қиылған.

Аппағым-ай, саған айтар сөздерім,

Ауызыма бір түспей қойды-ау миымнан.

Сенде де бар, менде де бар бір өкпе,

(Өмір-еке, оны ешқашан жүдетпе).

Сені көрсем, көзге айналдым тойымсыз,

Тұла бойым айналады жүрекке...


Осылайша Жұматай өкпеге қиса да, өлім­ге қимайтын «Аппағына» базынасын, көңіл кірбіңін ақтарып, өзінің әнінен жаңылмайтынын, қарауға көзі талып көр­мегенін, жүрегі тек Зайда деп соға­ты­нын тереңінен толғап, көңілінің кірін жуып, бұлт­тан шыққан күндей балқытады... Биік мәдениет әйелге деген көзқарастан айқын аңғарылмақ. Демек, жоғарыдағы пікір­лерді түйіндей келсек, Жұматайдың отба­сында да кәдімгі пенделердей аяқ-табақ шылдырлап, кейде ол көп-көрім ұрыс-ке­ріске ұласып, ауа-райы біраз бұзыл­ға­нымен, ақынның ақылы алдында, ашуы артында жүретін­діктен, «сүт иісі бұрқы­раған» сүйгеніне кек сақтамай, шапшаң тіл табысуға тырысқан.


Жұматайдың өмірбаяны жағынан да, психологиялық сезім күйі жағынан да өсу­ге, толысып-есеюге, қияға шығуға таби­ғаты бейім. Өйткені ол:

Жүрдім мен көгілдір ауылымда,

Тағдырға, өмірге аз өкпем.

Қойды да бақтым мен тау, құмда

Ойды да бақтым мен газетте, – десе имандай сырын ақтарғаны. Ол – жалқау, біреудің есебінен күн көріп, ауырдың үсті, жеңілдің астымен нанын тауып жеп жүр­ген жыл­пос, сұғанақ, былық дүниеге бой­лап сіңіп кетіп, өзін-өзі суырып ала алмай адас­қан бозөкпе емес, нағыз ауылдың оты­мен кіріп, күлімен шыққан, көгілдір та­биғат­тың құшағын сүйетін, қырық құбыл­ған қылығына сырмінез, аспанның төсін арда ем­ген шыңдарына ғашық қор­ғасын бұлт­тарды сапырған қыран, қойын қайы­рып, еңбекке ерте араласқан, «газетте ой бағып», саусағын қаламы сүйелдеген жур­налист. «Әлдекімдер сияқты айқай­ламай-ақ, кеуде қақпай-ақ, өзінің биязы мінезі­мен, сыпайы жымиысымен, мұртынан кү­ліп, сәл-пәл қарлығыңқы даусымен ешкім­нің бетіне жел боп тимей, жарасымды әзіл­мен саңы­раудың құлағын ашып», «мыл­қауға тіл бітіретін» жаңашыл, реформатор ақынды «ортасына сыймайды, қызметтен кетті» деу шындыққа жанаспайды. Кер­і­сін­ше, байқа­лып үлгермеген қырлары же­тіп-артыла­тын хас талантты халқы ала­қанында әл­пештеудің таңы сібірлеп ата қоймаға­нына, Зайдасы болса бүгін «таппа­дым аққу мінез ақын жігіт, саған тең келе­тінді жер беті­нен» деп жар төсегінде ала­сұрса, сенеміз. Асылы, көзі жоқ Жұма­тайдың төңіре­гін­дегі піш-піштер ойдан шы­­ға­рылған, бәл­кім, әлде­кімдердің өзін аспандатып, аспан­дағыны жер бауыр­латуға тырысатын эгоизм­­нің сар­қытына балау жөнге саяды. Тегі, «ұлы­лыққа» ұм­тылғандар алды-ар­тын қырып-жойып жү­ретін әдеті. Жор­ға мен жор­тақ­тарды айы­ра білген, қадіріне жеткен адас­пайды. Жұ­матай – жаратушы таудай та­лап, ұлы ар­ман берген, хал­қы­ның озық қасиетте­рі­нен нәр алған, кең тынысты, көңілі таза, жү­регі үлкен талант. Абзалы, отындық ағаш­тан оқтық мүсін боп жара­тыл­ғанын уақы­тында танып үл­гермедік. «Ауылдың суына сүрініп, отына оралып өскен» жас, ерлі-зайыптық қаты­настан тәжірибесі тапшы Зайда да кезінде салқын ақылдың тезінен өткізбей «айдың арғы бетіндегі Жұмбақты» кеш шешіпті. Оны Зайданың өзі:


Сенің жүзің қандай еді нұр ма еді,

Еліктірген жырдың ғажап дүрмегі.

Сонша азап шегерімді білмедім,

Алып кетті-ау, бір арудың бір меңі, – деп көзінен жас парлап отырып мойын­дай­тындай. Халық – екеш ол да өзің сүйгенге емес, өзіңді сүйгенге қосылуға кеңес беруі өмір бойы шегер «азаптан» азат етуге мең­зегені шығар, кім біліпті?.. Демек, Жұ­ма­тайынан ерте айрылып, ерте қара жамы­лып қалған қаралы Зайда кейіннен сүй­ге­нінен мезгілсіз көз жазып қалуының себе­бін былайша «қиялына» сыйдырады:


Бақыт кештің бақ келбеті, не түрлі,

Армандарың ақ қайың боп жетілді.

Сарноқайда, салқын кеште, ақ үйде

Аяғыңды Ләйлә сипап отырды...

Иә, Зайда Жұматайды барынша сүйіп қосылғанымен, жұбайының жүрегін «та­ры­дай меңі бар» қыз біржола жаулап алып, «таба алмай қойған бақытына айнал­ды». Ешкімге иіліп көрмеген асау ақынның ду­лығаға сыймас басы мәңгіріп, аңыз-қис­садағы Мәжнүн емес, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған, орындалмай­тын, қол жетпейтін ғашықтық сезімнің мына өмірде жер басып жүрген шынайы Мәжнүні – Жұматайы боп шықты. «Сенсіз маған жат тө­сек, болар бейне көрмен тең» (Абай) дей­тіндей деңгейге жетті. Жүрек­тен төгілген лағыл жырлары да сол қасы­на барса сөз айтуға батпайтын, қарасы үзілсе жоқ­тай­тын Ләйләға арналып жат­ты. Бірақ сөйтіп жүріп Ләйләні жоғалтып алған «ауру жү­рек» Зайдаға қосылған соң «дертінен» айы­ға ма деп еді, ол онан сайын қоздай түсті. Өйткені: «Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып, жүдетер безгек ауру сы­қылданып. Тұла-бойы тоңар, суыр, үміт үзсе, дәме­лен­се, өртенер күйіп – жанып». (Абай). Сол ғашықтық ақыры Жұматайды «күй­діріп-жандырып, өртеп жіберді»...


Ол да тірі адам емес пе, күйеуі басқа қыздың атын атап, іштей сонымен  бірге өмір сүріп, жырларын ашық бұрқыратып жазып жатуы – «әуре-сарсаңға» салғаны рас. Біраз «қарсылық» көрсеткенін жоғарыда айттық. Алайда, Жұматайынан айырылып, жалғыздық тақсыретін тартқан жас келіншек, онда да арқалы ақын, оны аман алып қалудың қандай амалы бар еді деп оңаша ойлағанда, оның «емі» біреу ғана боп шықты. Ол – Жұматай мен Ләйләнің қосылуы екеніне еш күмәні қалмаған. Мұның қасында Лашынға Мұқағалидың: «Іздесең қателік көп менде, сен бірақ түңілме, жек көрме! Лайсаң жауындар, дауылдар, болмай ма күн шуақ көктемде», – деуі, немесе Жарасқан Әбдірашевтің із-тозсыз, хабарсыз жоғалып кетіп үйіне оралғанда: «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады», – деп ақталса, сәл реніштің арты көктемгі жаңбырдай емірендірер сәтке ұласары анық. Өйткені, болмыс-бітіміңнен, көңіл-күйіңнен сағыныштың лебі есіп, қабақ кірбіңің жазылып, жүзіңнен нұр тамып, көкірегіңдегі от лаулап тұрса, жаныңның аптабы нақсүйеріңе жетеріне сөз бар ма?.. Мұнан шығатын қорытынды, ақын бол, басқа бол өмірбаяның мәнді де мағыналы, ғұмырың ұзақ, ішерің шәрбат, еңбегіңнің жемісін көріп, тіршілігіңнің арнасы солмас үшін отбасыңда жұмақ орнататын Ләйләңді асықпай тауып, қызығы мен қылығы, сұлулығы мен сыры, инабаты мен иманы, іңкәрлігі мен құштарлығы күннен-күнге еселеніп, есіңнен тандыра ғашық ететін сол аруыңмен жағың түскенше жамандық көрмей, қос аққудай жарасып өмірден өту бұйырары хақ. Тәттісінен ащысы басым шолақ ғұмыр бұйырған Жұматай «поэзия – адамның рухани тәні» демекші, терең мағыналы, көркемдігі келіскен өлеңдерімен «өзге емес, өз жайын өзі айтып» кеткен.



Тұрсын Сыдықов,

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік

университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар