Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тұрсын Жұртбай. Бегім (эссе)...

16.02.2018 7290

Тұрсын Жұртбай. Бегім (эссе)

Тұрсын Жұртбай. Бегім (эссе) - adebiportal.kz

Қазақтың аяулы қыздарының бірі, асылдың сынығы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың адами дегдар бейнесін көркем кестелеген эсседе талай-талай тұңғиық сырлар жатқандай.

Тағдырдан – қатал, ажалдан – қатыгез, жалғаннан – жалған ештеңе жоқ. Табиғаттың ту баста тұтас жаратқан алпыс екі тамырына күн сайын ине шаншып зауық-зауық біреуін үзіп отырады. Ақыры суық қолын жүрегіне салады... Міне, сондай түсі сұсты, аяусыз өлім тағы бір аяулы жанды арамыздан алып кетті. Көз жасымызды құрғатып үлгермей жатып, Оралханның – Ор-ағаңның топырағы кеппей жатып асылдың тұяғы, алмастың мөлдір сынығы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезовадан да айырылдық. Бұл – тек ұлы адамның текті тұқымының ғана өмірден үзілуі емес, бүкіл қазақ мәдениетінің бір уығының сынғаны.

Ләйлә Мұхтарқызының бойынан аса бір тектіліктің, текті мәдениеттің, биязылықтың, шынайы мейірімділіктің, бауырмалдықтың лебі есіп тұратын. Сәл ғана әңгімелескеннің өзінде ерекше бір қасиетті сезімге бөленетінсің. Соншама жүрегі жылы еді. Қандайда болмасын ішінде қатқан шеменді еріте білетін. Бірақта, адамның көңілін өмірі қалдырмайтын Ләйлә Мұхтарқызы өзінің әкесі туралы сөз бола қалғанда сәл ғана саңлаусыз пікірге күйіп-пісіп, жан-тәнімен беріле назаланып, ұлы әкесінің әруағын періште-көбелек боп қорғап, өз пікірін дәлелдеп шығатын қайсар да жан еді. Әр сөздің салмағын жүрегіне түсіріп, оны ұзақ уақыт ұмыта алмай жүруші еді.

Қазақтар аса сүйінгенде айтатын «қаракөктің тұқымы» дейтін нағыз бекзаттарды, олардың басына бақыт қонып отырған кезінде де, бақ құсы тайған кезінде де тектілік қалпынан жазбаған, күйініп-сүйінгенін білдірмеген, ашу-наласын мінезіне жеңдірмеген жандарды өмірімде сирек те болса көрдім. Бірақ дәл Ләйлә Мұхтарқызы сияқты қыз кезінде – исі қазақтағы, келін боп түскен соң – мұқым Кеңес Одағындағы ең таңдаулы шаңырақтарының бірінде өмір сүріп, төркіні мен түскен жерінің береке басына айналып, ырысын ұйытқан, бой жеткен кезінде де, келін боп түскен соң да, парасатты ана болған тұсында да бегімдігін сондай бір жарасымды биязы тектілікпен ұстаған, ақылына – ұстанымы, мейріміне – мінезі, асқақтығына – адамгершілігі, кірпияздығына – кішіпейілділігі, байлығына – мырзалығы, адалдығына – аңғалдығы, назына – нәзіктігі, еркелігіне – еркіндігі, сырына – сыны, сыртқы сыпайылығына – ішкі мәдениеті, біліміне – ғылымы сай айпаралы пендені кездестіргемін жоқ.

Мұның барлығы тамсандыру үшін қолданған тіркес емес, Ләйлә апайдың нағыз болмыс, бітімінің өзі еді. Оған әкесі Мұхтар Әуезовтің: «Менің құтым, мұрагерім – Ләйлә»; қайын атасы Дінмұхамед Қонаевтің зират басынан қайтқан соң: «Ырысым да, сырласым да, қамқорым да Ләйлә еді. Зухражаннан кейін Ләйлә Мұхтарқызының күтіміне үйреніп, еш алаңсыз күй кешкен маған енді шынымен қиын болатын болды. Ол шын мәніндегі өзім көрген алыс-жақындардың ішіндегі ең затты мәдениетті адам еді»; М.Әуезовтің жүз жылдық мерейтойының алдында мұражайға келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы Ләйлә апайдың суретіне қарап тұрып: «Тұрсын, сенің Ләйлә апайыңдай парасатты, мәдениетті, нағыз зиялы бегім қазақта табыла қоймас. Марқұмның қадіріне жеттік пе, жетпедік пе, кім білсін, мұражайдың осы түлегеніне шын қуанатын жан еді. Тірі болса, мұражайды меншіктеймін деп жүргендердің дымы шықпас еді. Апайыңның арманын жерге тастамай, ілгері апар. Біздің құрметіміз сол», – деген жылы да шынайы лебіздері куә. Үш дәуірдің үш түрлі көзқарастағы, аралас-құраластары үш түрлі белдеудің өкілдерінің бұл пікіріне Ләйлә апайды білетін сол үш деңгейге қатысы бар әрбір тұлғаның қосылатыны кәміл. Шындығында да, бекзат десе – бекзаттың, бегім десе – бегімнің нағыз өзі еді, Ләйлә апай!

Дәл қазір кейбіреулердің жақтырмауы да мүмкін, маған олар не десе де бәрібір, қайталап айтарым: сол жылдары алыс-жақынның барлығы маған: «Сенің Ләйлә апайың!», – деп сөйлейтін. Мен де ішімнен: «Иә, менің Ләйлә апайым!», – деп мақтанышпен қайталап тұратынмын. Сол үш жылдың ішінде мені туған бауырындай бауырмалдықпен бауырына тартты, еркін ұстады, қапысыз сенді. Жұрт сүйсіне қарайтындай сүйкімімді асырған да, жақтырғандарға да, жақтырмағандарға да «Сенің Ләйлә апайың!» дегізген де Ләйла апайдың өзі еді. Тіпті Евгения Васильевна Лизунова бастатқан, өзінің жан достары ..., Оразгүл апайларды жиып, менің мұражайға келуімді атап та өтіпті. Әрине, менде ол күндері ұшарға қанат болмай жүрді. Мұның басты себебі: ол кісі маған алаңсыз сенді, мен де ол кісіге туған апайымдай сендім және барлық жайды алдын-ала келісіп алғанымыз бойынша, алаңсыз әрі еркін іске кірістім.

Бәрі де әдеттегідей күтпеген жерден басталды. Он жылдан астам бойы баспалардың тартпасында жатқан «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..» сияқты Әуезов туралы әфсаналарым «Жұлдызда» жарияланып, «Бейуақ» баспа бетін көрген кезі. С.Қирабаев, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сияқты оқымысты ағаларым қолқа салып, ғылымға қақпайлап, ұсыныс жасағанына қарамастан, бойымды аулақ тартып жүргем. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін ғылым академиясында нем бар және ондағы ғалымдар мойынсалау көрінетін. Оның үстіне: «Академиктер мен докторлар тоғышар, сауатсыз келеді» – деп баспасөзде айтып қалғаным да бар.

Күндер мен айлар өтті. Қарашаның аяғына қарай кешке жақын үйге сондай бір мәдениетті адам хабарласып:

«Тұрсын Құдакелдіұлы! Кеш және үйіңізге хабарласқаныма әрі орысша сөйлегеніме ғафу етіңіз. Сізбен жолығып, сөйлесуге бола ма? Қызметіңізге барсам, қай уақытта қабылдай аласыз? Сіз мені білмейсіз, менің аты-жөнім – Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова», – дейді! Емін-еркіндікке үйренген жазушылар одағы үшін мұндай сөздер бір түрлі жат естіледі екен. Қайдағы қабылдау бөлмесі? Аты-жөнімен атауға қазір де пейілсізбін, сондықтан да бірден: «Ләйлә апай! Мен сізді білемін. Осыдан он үш жыл бұрын маған мұражайдың архивіне рұқсат бермеген болатынсыз және сізді қабылдайтындай кабинетім жоқ. Одан да мен сізге барайын, не бұйымтайыңызды телефонмен айта беріңіз», – дедім. Ондағы ойым, жоғарыда аты аталған басылымда ол кісіге жақпайтындай пікірлер бар болатын. «Ой, кешіріңіз! Менің мүлде есімде жоқ. Бірақ сізбен қалайда әңгімелесуім керек. Ертең қызмет орныңызға барайын. Сіз әуре болмаңыз», – деді.

Жөнсіздеу басталған әңгіменің соңы таңертеңгі сағат онда сол кісінің кабинетінде кездесу туралы уағдамен аяқталды. Не бұйымтайы болуы мүмкін. Қай пікірден бас тарт дейді. Қалай бас тартамын? Ал қызметке шақырса, әрине, бармаймын. Құдай сақтасын! Ғылымды жек көремін, жазушылығым қымбат, кей шындықтан бас тартармын. Ана мінезім жаман, мынадай ғадетім бар, ғалымдармен тіл табыса алмаймын! Әйтеуір, өзімнің тал бойымнан жақсылық таппай, жамандап-ақ бақпақпын.

Сол шешіммен таңертең мұражайға барсам, Ләйлә Мұхтарқызы (тұңғыш және соңғы рет сол жолы аты-жөнімен атадым) менен де ерте келіп алыпты. Мекемтас ағамен бірге кіріп, сәлемдесе беріп, орындыққа отырар отырмастан ол кісі бастырмалата сөйледі:

– Тұрсын Құдакелдіұлы! Менің сізге бір өтінішім бар. Егер Әуезовтің рухын сыйласаңыз, өтінішімнен бас тартпаңыз! – У меня к вам есть одна просьба. Если уважаете духа Ауэзова, не отказывайтесь моей просьбе!, – дегенде орыныма отыра кеттім.

Кім Әуезовтің рухын аттап кете алады?! Түні бойғы сылтауым желге кетті:

– Сіз менің ойымды түсіндіңіз ғой деймін, – дегенде басымды изей беруден басқа амалым қалмады: – Ой, мен сіз келіспейді ғой деп қатты уайымдап едім. Құтты болсын. Мен алпыс төртке келгенде мүлдем қызметтен кетемін. Екі жылдан кейін орынымды сізге беремін. Өйткені сіз Әуезовті сүйесіз. Мен сіздің бар жазғаныңызды оқып шықтым. Еш пікіріңізге қарсы болмаймын. Лайықты адамды іздеп жүр едім. Бәрі сізді айтты. Рахманқұл Бердібайұлы, Серік Смайылұлы, мына Мекемтас Мырзахметұлы, Тұрсынхан Әбдірахманқызы, бәрі де. Өзге де сыйлы адамдармен ақылдастым (әрине, ол Дінмұхамед Ахметұлы). Ал енді ғылыми дәрежесіз болмайды. Мен мына «Бейуағыңыз» үшін диссертация жазбай кандидаттық дәреже берудің амалын қарастырып қойдым. Жо-жоқ, сізді әбігерге салмаймын. Ал авторефератты сіз бір аптада жазасыз. Ең қиыны философиядан тапсыру. Ол адаммен де келістім. Бір адам сіздің бетіңізге келмейді. Қызметкерлерді іріктеп алыңыз. Ал, сізге рұқсат бермегенімді түнімен есіме түсіре алмадым. Оған шын ниетіммен өкініп кешірім сұраймын. Мұражайдағы кезекшілікке келмесеңіз де болады. Шығармашылық адамысыз, түсінемін. Сағат он бірде институтта кеңес. Соған қатысыңыз. Ал құтты болсын, орыныңызды көрсетейін, – деп тура жаттап алғандай бар жұмысты мені үшін өзі шешіп тастады.

Рух туралы айтқан соң басым иіліп, үнсіз көніп қалғаным рас еді. Мына сөздердің арасында демімді ішіме тартып алған мен түндегі ойларымды зуылдата жөнелдім:

– Ләйлә апай! Сіз менің өтінішіме 1977 жылы қазан айында, тура осы бөлмеде, тура осы мен отырған орындықта, тура осы Мекемтас ағаның көзінше Құнанбай туралы сұрастыра келіп: «Әлкей Марғұлан екеуіңіз келісіп алғандай пікір білдірдіңіз», – деп өтінішіме қол қоймағансыз. Көрдіңіз бе, өзіңіз де оқыған екенсіз, менің пікірлерім сіздерге ұнамайды. Ғылым – маған тым ішпыстырарлық әрі кекшіл сала көрінеді. Оның үстіне пікірімді ашық айтамын. Ортама орай жүрісім де, тұрысым да тым еркін қалыптасты. Сіздердің орталарыңыз басқа. Элита. Сізге мені жамандайтындар ертең-ақ шығады. Сондықтан өкінесіз. Ал бұған тоқтамасаңыз, онда ашық келісейік. Мен туралы пікірді енді тек өзімнен сұраңыз. Мен де сізге шынымды айтып отырамын. Сіз – апай, мен – бауырыңыз болайын. Сізді қойып, сен деп атымды атап сөйлеңіз. Ренжіңіз, өкпелеңіз, ұрсыңыз, бәрін де көтеремін. Мен айтқаныңызды сонда екі етпей орындаймын. Мұражайдың архивіне еркін жіберіңіз. Ал кандидаттық деген пәлені айтпаңыз. Төбе шашым тік тұрады. Оның бақай есептеріне мен шыдай алмаймын және ұзақ жыл сын бөлімінде істегендіктен де, ғалымдардың өй-өресін жақсы білемін. Көбінің мақаласын қайтарып бергемін және мен орысша диссертация жаза алмаймын. Мұнда қаламақы жоқ қой. Сондықтан да аудартуға төлейтін қаражатым да бола қоймас. Мұражайдың өзге қызметкерлері не істейді, соның бәрін мен де атқарамын, – деп тым еркін бастырмалата жөнелдім.

Аңдысып өмір сүру мен үшін үлкен қорлық. Тегінде әкеме тартқан жерім сол мінезім болса керек. Сондықтан да мінезімді бірден жайып салғым келді. Мекемтас ағам санымды шымшылап, көгертуге айналды, оған да қарамадым. Соңғы сөзді айтқанда Ләйлә апай сәл жымиып:

– Тұрсын Құдакелдіұлы, кешіріңіз, бірден «сен, Тұрсын» деп айту қиын екен. Бірақ, Тұрсын, оған қазірдің өзінде үйреніп үлгердім. Мен сенен осы сөздерді күткем және сіз туралы толық білемін. Ешкім де бетіңе келмейді. Ал енді диссертация жайын маған жібер. Мен де бір шарт қоюым керек емес пе. Сөйтіп, баяғыда сені ренжіткенімнің есесін қайырайын. Шын, айтайын, еш есіме түсіре алмай қойдым. Жүр, институттың кеңесіне барайық, – деді де өзімсіне орынынан жымия тұрып қолымды алды.

Бүкіл ғұмырымды өзгертіп жіберген осынау он минуттың ішінде алдағы күндердің сыбағасынан мүлдем мақұрым едім. Қалайын, қаламайын, әйтеуір еркімнен тыс қас-қағымда Ләйлә апай қалған ғұмырымның арнасын өзгертті де жіберді. Абай айтқандай, шығысым – батыс, батысым – шығыс болып шыға келді. Сол сәттен бастап ішімді өртеген көркем шығармаға деген аңсар әлі де басылған жоқ. Өйткені, жияр деректерімді жиып, көркем шығармаға бірыңғай кірісуге батыл бет бұрған кезім еді. Сондықтан да, біреу: ғылымға кіндігің байланып қалады – десе, кекетіп тұрғандай, ол сөзді намыстана қабылдарым анық еді. Бәрі де өткінші, күндердің күнінде жылы қоштасып, шығарып салатындай сенімде болдым.

Ләйлә апайдың мына еркіндігі маған бірден ұнады. Қалай екенін білмеймін, әкемнің: «Түбінде алдыңнан бір адам жолығады. Соның қадірін біл», – деген аманаты есіме түсті. Сол сәттен бастап Ләйлә апай киелі де нысаналы, туған апайым ретінде жүрегімнен мәңгілік орын алды. Ойлағаны іске асқан Мекемтас ағам да мәз. Өйткені, орыныңа кісі таппай, абайтану бөліміне ауыспайсың – десе керек Ләйлә апай. Қазақы жөн білетін құрбы достарының бірі, әлде Мекеңнің өзі ме екен, Ләйлә апайға: «Сөзіңді бірден «Егер Әуезовтің әруағын сыйласаң... – деп баста», – деп үйреткені сөзсіз. Сол тәуекелінің іске асқанына өзі де риза еді. Оны: мені қызметкерлеріне көтеріңкі леппен асыға таныстыруынан, институтқа кіргенде Евгения Васильевнамен, Оразгүл апаймен жымия амандасып, Серік Смайылұлына жұрттан бұрын жылдам кіріп кеткенінен аңғардым. Өтінішке қолды тез қойдырып шығып, кадр бөліміне қарай беттеді. Мен әркіммен сәлемдесіп арсалаңдап жүргенімде кеңес басталып кетіпті. Кіріп барғанымда Секең: «Мына Тұрсын қашқақтап жүр еді. Бізге көнбей, ақыры Ләйлә апайының тілін алыпты. Академиктерді сауатсыз дейтін еді, енді солардың қатарына өзі де қосылды. Құттықтаймыз. Әзілдеп айтам, орыныңды енді таптың, жазушылық еркіндігіңе мін тақпаймыз», – деді. Ежелгі таныс Шөкең – Шөмішбай Сариев: «Ерке екеу болдық...», – деп бассап құшақтады. Сөйткенімше, Евгения Васильевна орынынан тұрып: «Ләйләнің бауыры сенбісің», – деп құттықтап, қасына отырғызды. Терезенің алдындағы сол орын әлі де маған ыстық көрінеді.

Міне, менің мойныма Мұхтар Әуезовтің қара шаңырағының ұлы салмағы осылай түсіп еді.

Желдіртіп өте шығатындай осы жайды соншама қазымырлана баяндағанымның басты себебі, менің бүкіл өмірімді өзгертіп жіберген сол бір сәт және Ләйлә апайдың сол сәттердегі еркін мінезі, көңіл-күйі, сондай бір жеңіл ширақтығы. Кейін маған жұрттың бәрі: «Ол кісінің осындай жеңіл, өжет әрі шапшаң қимылын бірінші рет көрдік», – деп таңқалыса айтты. Демек, менің де қателеспегенім. Ләйлә апай өзінің кімнің қызы, кімнің келіні, кіммен сөйлесіп отыр, өзін қалай ұстау керек екенін еш көрсеткісі келмейтін, тіпті ойына да алмайтын, өйткені оның табиғи болмысының өзі сондай қарапайым әрі сіңісті бекзаттықтан, бегімдіктен тұратын. Мен де кейін ондай өтімді, өжет мінезін жиі байқай қойғамын жоқ, сол айнымайтын бекзаттық, бегім мінезіне түсіп, сені үнсіз ғана табындырып отыратын қалпынан жазбайтын.

Мәңгілік естен кетпейтін осынау түсініксіз де нысаналы, айшықты мезеттен кейін маған мүлдем жат та ынтызарлы әлемнің сағымды перделері ысырылып, жүйкелік тебіреністер мен шіміркенулер (потрясение) басталды. Қайда, не үшін және кімдердің ортасына келгенімді білмейтіндей сонша саңлаусыз да емес едім. Бұл шаңырақпен араласу әр қазақтың арманы, бірақ, әдеп заңымен бекітілген қызыл сызықтан аттауға болмайтын, тым еркінсу, ойыңды көптің көзінше ашық айту – көргенсіздікке жататын. Ләйла апай сол тылсым әлемнің бегімі болғандықтан да әдептен озбайтын, ал мен оған бойымды үйретсем – өзімді-өзім жоғалтып алатын едім. Дегенмен де Ләйлә апайдың жүрек жылуы мен мейірін барынша сезіне отырып, сол көзге көрінбейтін бейтаныс тылсымның ішіне шым-шым бата бердім.

Ол тұс – тәуелсіздіктің таңы жақындап келе жатқан, бұрынғы түсініктердің көбесі сөгіліп, зиялылардың ақыл-ойы еркін тыныс ала бастаған кез. Сонымен қатар пенделік анайылықтың да бас көтеріп, құндылықтардың бағамы өзгеріп, тағылық тәбет жеңсік тартқан өтпелі тұстың қарсаңы еді. Адамдардың мінезі, көзқарасы, жүріс-тұрысы, киім киісі, қарым-қатынасы, пейілі мен пиғылы, сыйласымы мен сыры сәт сайын құбылып, тексіздер – тектіге, тектілер – телімде қалып, санаң сандалысқа түсіп, ақылың ала өкпе болған өліара шақ болатын. Соның барлығы күн көріске келіп тірелгендіктен де ғылымның да желіні суала бастады. Империямен бірге зұлымдық пен ізгіліктің өлшемі араласып кетті.

Мұның барлығы Кеңес Одағындағы ең алдыңғы қатарлы он үйдің бірінің құт ұясын ұстап отырған Ләйлә апайға қатты батты. Бірақ сырын ашып, сынын білдірмеді. Қандай күйзелістің үстінде отырса да, тіпті ғылыми кеңесте отырса да тура сағат он екіде орынынан тұрып, жайлап басып Төлебаев көшесінен құлдилап кетіп бара жататын. Өйткені, өйткені... тура сағат бірде Димаш ағамыз, Димекең, Дінмұхамед дегдар түстікке отыратын. Осынау киелі екі адамның арасындағы жіпсіз сыйласым әкесі мен қызының арасындағы сыйласымнан да қасиетті әрі жан сүйсінетіндей терең еді. Димекең үйде көңілді отырса, Ләйлә апай түзде жарқын жүретін. Димекеңнің қабағына күннің де көлеңке түсіргенін қаламайтын.

Бірде Әуезов қорын құру туралы ұсыныс айтқанымда: «Бір топ адамдар Димаш Ахметұлының да қорын құруды ұсынып жүр. Ол кісі әзірше қарсы. Алдын кесіп өтпейік. Әдеп сақтайық», – деді. Айлар өтіп жатты. Телефон шалынды. Тұтқаны көтергенімде ар жағынан қарлығыңқы дауыс: «Ләйлә апайыңыз бар ма екен?» – деді. Тұла бойым шымырлап кетті. Сасып қалып: «Ассалаумағалейкум!», – дедім – «Ә, сен әлгі «сіз» дегенді ұнатпайтын Ләйләнің бауыры Тұрсынсың ба? Ләйләні қуандырып жүргеніңе рахмет. Екеуміз кәрі құдамыз ғой. Жақсылап бір әңгімелесеміз. Сендер Мұхаңның қорын құрмақшы екенсіңдер. Соны маған қаратып, кешіктірмесін деп, жаңа ғана келісім бердім. Соны Ләйлаға дер кезінде айтайын деп едім. Құрылтайын Мұқаңның мұражайында өткізіңдер дедім. Сөйтіп, сендердің де жолдарыңды ашып берейін дедім. Қарсы емессің бе?», – деп жұмсақ күліп қоштасты. Бұл неткен мәдениет, бұл неткен сыйласым! Димекең мен Ләйлә апайдың арасындағы киелі құрмет осындай еді. Ертеңінде Ләйлә апай сондай қуанышпен келіп, қорды ашуға ризашылығын білдіріп: «Президенті сен боласың. Бұл мәселе шешіліп қойған», – деді. Кімнің кеңесімен шешілгені түсінікті еді. Жалынып, үгіттеп жүріп: «Мен біреудің алдына бір нәрсе сұрап бара алмаймын», – деп азар да безер болғанына қарамастан, «бірінші вице-президенттікке» көндірдік-ау! Оның өзінде де Дияр арқылы білдірілген Димекеңнің бір ауыз емеуірінімен!

Сөйтіп, Ләйлә апай екеуміздің аралығымыздағы ең басты «өткел» алынды. Димекең мені жатсынбады, бауырына тартты, тіпті «кәрі құда» – сарсүйек боп шыға келдім. Бұл дегенің үлкен сенім еді. «Құдамның қорына үлес қосамын!» – деп (тура осылай айтты, бұл арада Мұхаңды да мегзегені болар) сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Байгелдіге жіберді. Жақсы қабылдап, жайдары сөйлесіп келе жатып, сөздің аяғында менің «тектік шиім шығып қалған соң», әңгімені шолақ қайырды. Әрине, Димекеңе берген уәдесі құрдымға кетті. Біз оның «нәтижесін», әрине, барған-келгенімді қадағалап отырған Димекеңе айтпағанымның себептері онсыз да түсінікті шығар деп ойлаймын.

Өстіп, алғашқы жатсынудың да қыртысы жазылып, менің де мінезім сынып, жайдары қалыпта үйренісе бастадық. Бір күні: «Ләйләнің бауыры сенсің бе? Мен сенің жездең боламын», – деп жайдары күліп Асқар Меңліахметұлы мұражайға келген соң, оған: «Мен де сенің жездеңмін», – деп Асанбай Асқаров қосылған соң элитаның есігі жайлап ашыла берді. Димекеңнің өзге де туыстары, достары, жиендері өзімсіне бауырына тартты. Бұл, әрине, мен істеуге тиісті жұмыстың ең өзекті дәнекері еді. Ол ортаның сеніміне кірмесең Мұхтар Әуезовтің мұражайына кездейсоқ келіп қалған жөндемі біреу ретінде қабылдайтын. Олай көріну маған қорлық еді. Мұражайға келуге жүрексінгенімнің ең басты себептерінің бірі де осы еді. Ал оның барлығы да Ләйлә апайды сыйлағандықтарының белгісі болатын. Әйтпесе, ол ортаның сеніміне кіру мүмкін емес еді. Шіркін, сол бауырмалдық мәңгілік сақталса нетті!?

Сол алғашқы бой үйрету барысында, жаңа жылдың қарсаңы болғандықтан ба, Ләйлә апайдың өзі дастархан жайып, қызметкерлердің басын қосып, ең жақын құрбы, достарын, Оразгүл апайларды шақырып, таныстыру рәсімін өткізді. Жалпы Ләйлә апай бұл жағына келгенде жомарт әрі мәрт еді. Әкесінен қалған үй-ішілік дәстүр бойынша шампанды күресін қарға жасыра көмдіріп, отырыстың аяғына таман бәріміз де соны іздеуге шықтық, сол Мұхаң салған дәстүрмен далаға шығып, шампанды ашып, мәз бола жүріп дәм таттық. Сондай отырыстарда отырыстың орайына қарай әкесін – Мұхаңды еске алатын. Менің іздеп келген мақсатымның бірі болғандықтан да барынша зейін қойып тыңдап, кейін күнделікке түсіремін. Қазір де сол күнделікті пайдаланып отырмын (Әттең, қаншалықты қымбат болса да, бұл күнделіктердің сақталмайтыны өкінішті. Өйткені, өзімнен басқа ешкім білуге тиісті емес шындықтар жазылғандықтан да, көзінің жойылатыны анық. Дана адамдардың өмірін тереңдеп білген сайын, сондай бір уағдалы құпиялар болып тұрады).

Ол өзінің пендешілік тіршілігінде ешқандай мұқтаждықты көрмей, бірақ орынсыз еркелікке бой алдырмай бұла өсті. Ал әкесінің еркелеткен, не өзі еркелеген сәттерін сондай бір сағынышпен, жарасымды мақтанышпен жымия отырып әңгімелейтін (Ләйлә апайдың сол биязы жымиысы барған сайын Ернардың дидарынан барынша қанық байқалып келеді). Бегімнің бегі, әрі ерке, әрі өте нәзік жанды мәдениет иесі, қайран Ләйлә апай – Ләйлә Мұхтарқызы сол жолы:

– Мұхтар Омарханұлы 1954 жаңа жылды Мәскеуде қарсы алатынын айтып: «Ләйләжан! Мен осы мерекені өзіңе тойлап беріп барып аттансам деймін. Мен де студент болғамын. Солар риза болатындай кеш ұйымдастыр. Достарыңның қызығы мол болсын. Ештеңеден қысылма. Бәрінің әкесі профессор емес шығар (өзінің профессор атағын ерекше масаттанып айтатын). Әлгі сугробты ұмыт па!», – деді. Ой, қуанғаным-ай! Ештеңеден аянғаным жоқ. Достарымның бәрін жидым! Мәскеудің дүкеніндегі керек заттан алмағаным жоқ. Сондай бір риза, салтанатты кеш болды. Студенттер Мұхтар Әуезовті көреміз, – деп қуанады, ал мен әкемнің қасымда болғанына қуанамын. Шампанды күресін қарға тығып қойдым. Түн ортасынан ауа барлығымыз шығып, күртік қардың астынан суық шампанды алғанда, студенттер таң қалды. Мұхтар Омарханұлының үйде сондай әдеті болатын. Сол кеш есімнен қалмайды. Қазір де сонда болғандар ұмытпай айтып жүреді. Асқар Меңліахметұлымен де сол кеште жақын таныстым, – деген еді сондай бір рахаттанған марапат сезіммен.

Бұл – әкелі-балалы екеуі масаттанса – масаттанатындай күн еді. Өйткені ол күн – Мәскеуге баспаналап барған Мұхтар Әуезовті университеттің профессорлығына бекіту туралы бұйрық беріліп, бес жылға созылған қуғыннан құтылып, еркін тыныстаған күні болатын.

Көктем күндерінің бірінде мұражайды өзі аралатып жүріп таныстырды. Мұхаңның көзі тірісінде қандай зат қай жерде тұрды, оның қандай тарихы бар, неге былай өзгертті, соның барлығын асықпай айтып берді:

– Ол кездегі идеологиялық-мұражайлық ұстаным бойынша мемуарлық көрмелерге онша маңыз берілмейтін. Бәрі де идеяға бағындырылатын. Екіншіден, Валентина Николаевна да: «Біздің тұтынған заттарымыз кімге керек, одан да жазушылығы ашық көрінсін», – деп өтініш етті. Сонымен қатар сол жазушылардың кезекті құрылтайы өтетін болып, бәрін де қарбалас істедік. Біраз заттарын Шолпан-Атадағы саяжайға бердік, – деп түсіндірді.

Содан бастап менің көкейімді: қалай да мемуарлық мұражай жасау керек, – деген ой мазалай бастады. Сол үшін қырғыз ағайындарға барып, ондағы Аалы Тоқомбаевтің мұражайын көріп, ойымды сабақтағым келді. «Манас» эпосына қатысты көптеген деректер жинадым. Оның өзі дербес әңгіме. Мұрағаттарды таныстыра келіп, Ләйлә Мұхтарқызы өзіне тән жұмсақ жымиыспен:

– Тұрсын! Сен алаш тарихымен айналысып жүрсің ғой. Бізде Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза Әлиханқызының әкеме тапсырған архиві бар. Оның тарихы былай. Елуінші жылдардың екінші жартысында Мұхтар Омарханұлы Мәскеуге келіп, бір салтанатты жиналысқа қатысты. Екеуміз театрға бардық. Фоэде бір әйел анадайдан: «Әй, Мұхтар!»,– деді өктем дауыспен. Әкем де тез үйіріле кетті. Мен бұрын ол кісіге мұндай өктем сөйлеген адамды көрген емеспін. Әкемнің әлдебір бейтаныс әйелдің алдында елпектегеніне таң қалдым. Екеуі ұзақ шүйіркелесті. Қоштасқаннан кейін маған бұрылып маңызды кейіппен: «Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза, Смағұл Сәдуақасовтың әйелі. Жастығымыз да, достығымыз да жарасқан адам. Үйінде Смағұлдың біраз архиві сақталып қалыпты. Соны маған тапсырмақ.», – деді. Араға біраз күн өткен соң сол архивті Алматыға алып кетті. Осы жайды Валентина Николаевнаға айтқанымда: «Бөкейханов – бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын», – деді. Ол архив осында. Не бар екенін толық білмеймін. Сен көр», – деп Талатбек Әкімге мұрағаттарды алдырды.

Мұражайдың қолжазба бөлімінің иесі Талатбек Әкім ұсынған орамда: 1. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының қолжазбасы. 2. Жүсіпбек Аймауытовтың Смағұл Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына 1927 жылы 3-ғинуарда қайырған жауабы. 3. Мұхтар Әуезовтің анкеталық жауабы. 4. Бернияз Күлеевтің 2 томдық өлеңдер жинағы. Ішінде әңгіме, қарасөздері араласқан роман бар. 5. Әр түрлі қиындылар мен үзінділердің ішінде «21/ІҮ.22 ж» деп қол қойылған С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбек» деген романы бар екен. Бернияздың «Айтшы, аққайың» атты жинағы қысқарып шыққан екен. Ал мына толық нұсқасы басылым көрмеген. Оны талантты да ойлы сыншы Тұрсынжан Шапайға, ал Смағұлды Дихан Мыңбаевқа (Қамзабекке) ұсындым. Смағұлдың мұрағаты Диханды мұратына жетелеп, докторлыққа жеткізді. Содан кейін біздің үйдегі жамағатымыз жол апатына жолығып, алты ай төсек тартып қалды. Соған қапталдаса Жәнібек те жол апатынан қаза тауып, кірбіңді күндер көбейіп кетті...

Ләйлә апайдың бір таң қаларлық мінезі, ырымға сондай сенетін. Мені әлгіндей сәтсіздіктер айналдырып кеткенде кәдімгідей қиналып, ұшықтатып ал – дегендей де емеуірін білдіргені де бар. Тіпті, егер жаңылмасам, менің сыртымнан сондай бір мінәжаттық рәсім жасады-мыс дегенді естіп қалған да сияқтымын. Әлде маған солай көрінді ме, кім білсін, әйтеуір ақ тілеуін аямағаны анық. Мұны Асқар Меңліахметұлынан естідім-ау деймін. Шіркін, сондай мейірімнің алақанында жүрген күндер-ай десеңші. Көктемгі сегізінші наурыз мейрамындағы отырыста Ләйлә апай:

– Сондай үлкен, ақылды адам болғанына қарамастан, папам ырымға қатты сенетін. Бірде Шымкенттен қабағын шытып келді. Сөйтсе, Қажымұқанның тұрған үйіне барғанда есік алдындағы кішкене тасқа сүрініп кетіпті. Соны көңіліне қатты алып: «Япырмау, Қажыекеңді ренжіткен жерім жоқ еді. Әруағы мені неге шалды екен, ә», – деп кәдімгідей алаңдап жүрді. Папамның ырымшылдығын мен кандидаттық диссертация қорғайтын кезде тағы да бір байқадым. Қатты толқыдым. Соның алдында папам мен диплом қорғарда маған Құнанбайдың шапанының бір түймесін сыйға тартып тұрып: «Елуінші жылдардағы қиын кездерде мен осы түймені қалтама салып алатынмын. Мінбеге шығып, сөйлер кезде осы түймені алақаныма салып аламын да, іштей Құнанбайдың әруағына бір сиынып алып, сөйлей жөнелемін. Әйтеуір бәрі де сәтті аяқталатын. Енді сен ал. Атаңның әруағы сені қолдап жүрсін», – деген болатын. Қорғау сөзінде сол түймені қалтама салып алдымда, қолыма қатты қысып тұрып «так шпарил», қалай аяқтағанымды білмей қалдым. Кейін соны бақылап отырған Евгения Васильевна сондай қызық етіп әңгімелеп, жұрттың бәрін күлдіргені бар. Кейін сол түймеден алқа жасап, докторлық қорғағанда мойыныма тағып алдым. Мамам: «Ал Құнанбайдың немересі енді тоқтамай сөйлейді», – деді өткенді еске алып: «Әрине, ол сенің атаң емес, менің атам, сондықтан да мені қолдайды. Тек бұл жолы ешкімге айтып қойма», – дедім. Менің тұмарым болғандықтан да, Тұрсын, сен алғаш Құнанбай туралы сұрағанда, рұқсат бермегенім де сондықтан болар. Сол түйме, міне, – деп мойынына асқан алқасын көрсетті.

Мен орынымнан атып тұрдым да, Ләйлә апайды бас салатын емес, орынымда қаттым да қалдым. Соны сезген Ләйлә апай алқаны алып, маған ұсынды. Мен ерініммен сүйіп, маңдайыма басып, тәу еттім. Толқып тұрғанымда Ләйлә апай: «Көрдің бе, біз қожа болсақ та, тобықтының Құнанбайын пір тұтамыз», – деді, жайдары қалжыңдап. Еркелігім ұстап кетті де: «Не дейсіз, апай, онда мен неге мұнда келдім», – деп орынымнан жорта тұра бергенімде: «Ой, Тұрсын, болды, болды, мен тобықтының қызымын. Қалтай Мұхамеджанов солай айтып жүр деген соң, есіме түсіп кетті», – деді әдеттегісіндей қолын кеудесіне басып. «Е, бәсе…» – деп мен де күле орыныма отырдым. Мұндайда Ләйлә апайды бала сияқты сендіре салу оп-оңай еді. Кейін Қалағаңды – Қалтай Мұхамеджановты көргенде осы әңгімені айтып: «Менің апайымды теріс үгіттемеңіз. Әйтпесе…» – деп уәж білдіргенім есімде. Әзілдің атасы емес пе, содан бастап амандасқан сайын: «Ой, арыстаным (сөзінің мәтелі), апай сенікі» – деп қолын көтере сәлем алатын да, әлдебір күлдіргі оқиғаны айта жөнелетін. Сол әкесінің ырымдары жөнінде айта келіп:

– Егер Мұхтар Омарханұлы соңғы операциядан аман шықса сөзсіз ұзақ жасайтын еді. Жиырмасыншы жылдардың ортасында Семейде бір цығанға бал аштырыпты. Ол әйел әлде бір көне кітапқа қарап отырып: «Сіз үш рет үйленесіз. Үшінші әйеліңізбен ұзақ тұрмайсыз. Көз жазып қаласыз. Сіз адам таңданарлықтай атаққа ие боласыз. Үш рет денеңізге пышақ тиеді. Егер үшінші жолдан аман өтсеңіз, онда тіпті ұзақ жасайсыз, – депті. Балгердің сол айтқандары түгелдей дәл келді. Үш рет үйленді. Валентина Николаевнадан түрмеде жатқан кезінде көз жазып қалды. Жиырмасыншы жылдары соқырішекке, елуінші жылдардың ортасында тағы бір операция жасалды. Мәскеуге ұшарында: «Бұл үшінші операция. Жеңіл операция. Дегенмен де өсиет қалдыра кетейін. Тегінде менің жазуларыма тек Ләйлә ғана иелік етеді», – депті. Сөйтіп, үшінші операциядан аман шықпады. Әйтпесе...», – деп мұңая қалатын. Іле адамның ойында жоқ мысал келтіріп – Абайдан кейін 52-53 жылдан соң Мұхтар Омарханұлы, ал папамнан 52-53 жылдан соң сен туыпсың. Мұнда бір заңдылық бар шығар, – дегенде дымым шықпай қалды. Әрине, әкесінің мұрасы мен мұражайына алаңдап, қиындап бара жатқан заманның қабағына қарап, маған жауапкершілікті сезінсін деген шығар. Бірақ мынадай ой кімге келген. Әрине, осыны жазып отырған мен үшін бұл асылық сөз, ал Ләйлә апайдың ойына қалай келді, соған таңмын. Сол сөзді мұражайға қатысты әр қилы кезеңдегі оқиғалардың тұсында жиі еске алып, барынша Ләйлә апайдың әруағына адалдығымды сақтауға тырысып келемін.

Жоғарыда айтқанымдай, ұлы адамдардың тағдырын зерттеп, ұрпақтарымен араласу – аса шетін мәселе, отбасылық құпиясы мен жеке өміріне қатысты уағда бере отырып сұрайтын шындықтар болады. Ондай сыртқа шықпайтын оқиғалар мен үй-ішілік қарым-қатынастар Абай мен Әуезовтің де өміріне тиесілі болса керек. Мұражайдың ішкі-сыртқы жағдайымен әбден танысып, ғылыми жұмыстардың бағытын, қызметкерлердің мүмкіндігін біліп, тиісті тұжырым жасап, атқаралуға тиісті істердің жоспарын жасап, тиісті мамандармен ақылдасып, әбден сіңірген соң, тіпті, Абай ауылының азаматтарымыз, қаражаттан қысылып тұрмыз – дейтін «жалаңтөстерге» де бой үйретіп алған, соң, Әуезовтің туғанына жүз жыл толуына орай мерекеге байланысты қаулының нұсқасын да дайындап-ап Ләйлә апаймен оңаша ұзақ сөйлестім. Әңгімені өте қинала отырып тыңдады, мұражайдың мүлдем қаусап тұрғанын естігенде сенбеді, аралатып көрсеткен соң, әдеттегідей қолын кеудесіне апарып тұрып: «Сақтай гөр (Боже мой)! Мен дәл мұндай күйде екенін білмеппін. Бұрын неге ойға келмеген. Заман болса мынау, енді бізге кім қол үшін береді? Сақтай гөр!», – дегенде көзінен жасы ыршып кетті. Маған да оңай салмақ емес. Үнсіз қалдым. Бөлмесіне барып ұзақ отырып, бір уақытта мені шақырды да бірден өзінің байыпты мәнерімен, бірақ нақтылап былай деді:

– Маған қанша ауыр болғанымен шындықты айтқаның жақсы болды. Саған мұражайдың ұйымдастырылу тарихын айтайын. Мұхтар Омарханұлы дүниеден қайтқанда кезде қазіргі Төлебаев–Фурманов, Абай–Құрманғазы көшелерінің арасы бос болатын, академияға қарасты жер еді. Тек Қаныш Имантайұлы мен біздің үй ғана болатын. Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы Мұхтар Омарханұлын үлкен бақшаның тура ортасына жерлеуді ұсынып, Министрлер кеңесіне ұсыныс жасап, олар қолдау көрсетті. Алайда Валентина Николаевна қарсы болып: «Мұхтардың зиратының қасында қалай тұрамыз?», – деп қарсы болды. Димаш Ахметұлының қолдауымен Әуезовті мәңгілік есте қалдыру жөніндегі қаулы оның қырқы берілгенше шығып үлгерді. Институттың, театрдың, көшенің аты берілді, институттың жанынан Әуезов мұраларын зерттеу бөлімі ашылды. Кейін сол бөлімнің негізінде осы мұражай құрылды. Тікелей қалаға қарасты болса, мұражай ғана болып қалатын еді. Сондықтан да «Пушкин үйі» сияқты жазушының шығармашылық және ғылыми мұраларын зерттеп, жариялау мақсатында, мұражай ғылым академиясының қарамағында болуды қаладық. Қазір, сен айтқандай, мұражай ретінде қаржы бөлінбейді, тек зерттеу жұмыстары ғана жүргізіледі. Қалай болған күннің өзінде мұражай академияның құрамында болғаны дұрыс. Ал жеке ғылыми орталық ретінде рұқсат бере ме, жоқ па? Бұл қалпымен мына үйдің күйісі кететіні анық. Мен былай шештім: бұл мәселемен айналысуға мен саған толық ерік беремін. Ғылыми жұмысты да қолыңа ал. Қызметкерлерді де өзің ірікте. Елу томдық басылымды да осы топпен шығара алмайсың. Ешкімнің бетіне қарама. Қаулының нұсқасымен үйде отырып асықпай танысайын. Ал қимыл еркіндігі туралы Серік Смайылұлына айтамын. Бізді қолдайды. Айтпақшы, кандидаттық қорғау үшін КПСС тарихы мен философиядан және шет тілінен емтихан тапсыру керек. Ең қиыны сол. Мен оның меңгерушісімен келісіп, сені тізімдетіп қойғам. Кеше де сөйлестім. Келесі аптада емтихан. Меңгерушісіне барып жолық. Сен ол кісіге кіріп шық. Ал ағылшын тілінің орынына араб тілінен тапсыруға Мәскеуден келісім керек екен. Оған да хат жаздым. Зоя Сергеевна көмектесетін болды. Тек автореферат жазсаң болды, – деді.

Мұндай қамқорлықты бұрынды-соңды ешкімнен естіп, көрмеген мен, кәдімгідей шіміркеніп кеттім. Ол кісі бір адамға жақсылық жасаса, маған-ақ жасаған шығар. Қарсы уәждің өзі мәдениетсіздік еді. Бұл мінезді қойсаңшы, сондай бір міндетсіген кейіппен академик ағамызға жолықтым. Еркіндеу сөйлестім. Абайдың философиясы туралы реферат жазып әкелуді тапсырды. Шұғыл орындап, хатшысына тастап кеттім. Екі күннен кейін емтиханға бардым. Бұрыннан жүз таныс академик Мұхамеджан Қаратаевтің ұлы Мерлан ағамыз оңашалап алып: академиктің саған қабағы қатты. Асықпай оңаша, ең соңында тапсыр. Әйтеуір білгеніңді қағазға түсір. Менің алдыма келуге ұмтыл, – деді.

Расында да берген сәлемімді алмады. Мерлан ағам сыбырлап, бір-екі фамилияны айтып кетті. Жалпы университетте де бұл пәннен қара жаяу емеспін. Сағат марқұм: философияны білмеген жазушы мұратына жетпейді, – деген соң Фейрбахты, Шопенгауэрді, Ницщені парақтап шыққам. Ал КПСС тарихын мектептегі Сағынтай мұғалімнің санама құйып бергені сонша, қазір де дайындықсыз тапсыра аламын. Мерлан ағам белгі берді, жетіп барып, барынша тырысып жатырмын. Қабағын түйген ағатайымның бұйрық раймен: Кеңес философтарынан кімді білесің? – дегені. – Таза философтан Ильенко ғана бар. Қалғандары: философия тарихы мен кеңес өкіметі кезіндегі таптық сананың өзгеруі сияқты еңбек жазған түсіндірушілер, – дегенім. Қолындағы қаламын алды да қатарынан үш екі қойды. – Енді мен қояйын деп, – табельді тез алып үлгерген Мерлан ағамыз үш қойды. Орынымнан көтеріле бердім. Соңымнан қуа шыққан Мекең:

- Жанды жерінен тиіп кеттің. Бұл кісі колхоздастыру кезіндегі шаруалардың санасының оянуы тарихынан қорғаған. Алайда жаңағы адамнан басқа таза философ жоқ. Енді күт. Оңаша кір, – деді.

Жазған құлда шаршау бола ма. Тек Ләйлә апайдың еңбегі еш кетпесе нетті?! Ұзақ кеңесті. Біреулер тозақтан құтылғандай қуанып шығып жатыр, біреулердің қабағы түсіңкі. Шақырмады. Алдарынан шықтым. Кетіп бара жатып академик ағам:

– Әттең, Ләйлә Мұхтарқызының бір ауыз сөзі боды. Әйтпесе, сен сияқты жазушылардың талайын шырылдатқамын. Қазір де сүмеңдеп жүр. Мен, не, Абайдың философиясын білмейді дейсің бе? Хатшыға тастамай, неге күтіп, қолыма бермейсің, – деп бөлмесіне кіріп кетті. Кет деген белгі берген Мерағаңның белгісімен сыртқа шықтым. Алыстау барып тосып тұрдым.

– Жалпы сен дұрыс айттың. Ондай сөзге бұл кісілер үйренбеген. Қазір еркіндеу кезең. Үш екі, бір үшпен, қорытындың үш болды, – деді күліп. Ух, – дедім.

Мені ешкім сауатсыз дей қоймас. Дегенмен де Ләйлә апайға қысылып-қымтырылап әзер келдім. – Ой, өтіпсің ғой. Құтты болсын. Бізге келген үш жазушы да емтиханнан өте алмай, екі жыл тапсырған, – деп қарсы алды. Емтиханды мен емес, өзінің беделі тапсырғанын қайдан білсін. Дегенмен де болған жайдан емеуірін танытып едім, мән бермеген болды. Зады менен бұрын хабарын алып үлгерген сияқты.

Авторефераттың орысшасын өзі редакциялап шықты. Пікірлерді де өзі ұйымдастырды. Маған тек мінбеге көтерілу ғана қалды. Сол күні З.Қабдолов, С.Қирабаев, З.Ахметов, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сияқты академиктер тұңғыш рет біздің үйдің табалдырығын аттады. Ләйлә апай бәрінен бұрын келіп, кітаптарға қарап, бір кезде жалаңаш шыраққа көзі түсіп, ұзақ қарады. Түсіне қойдым, қатардағы жас жазушының шаңырағының осындай жұпыны болатынына таңырқаған сияқты. Сол сәтте, сексен алтыншы жылы он алтыншы желтоқсан күні Жазушылар Одағының қабырғасынан түсіріліп жатқанда үйге алып келген Димекеңнің портретін көріп қуанып кетті. Сол сәтте: бірінші, академик ағамнан барып кешірім сұрайын, екінші, бір люстра алып, Ләйлә апайды қонаққа шақырайын, – деген ой келді. Ауруханаға түсер алдында:

– Димекеңнің жаңартылған бөлмесіндегі люстра сондай жақсы. Саған сыйлағым келіп жүр, базарлық үшін, портретімен жарасып тұрады, – деді. Жарасуын жарасар еді ғой, бірақ...

Оған қайырымы қысқа өмір мұрша бермеді. Іле Қауіпсіздік комитетінің архивіне тағы да баруға бекіндім. Бұл жолы екі ай отырдым. Сол арада Ләйлә апай хабарласып, қалайда кездесу керек – деді. Бұрынғы, кейінгі көшірген деректерімді, Әуезовтің түрмедегі төрт жауабының мазмұнын айтып беріп едім, көңілсіздеу тыңдады да:

– Оқыдым. Маған бір адам әкеп беріп, оқытты. Мен әкемнің жазуын жақсы білемін. Ішінде грамматикалық қателер бар екен. Бұл әкемнің қолжазбасы емес. Мен ертеректе комитеттің архивінен сұратқанда, мына қатира мен бір-екі хатты берген. Менің зәрем ұшып тұрғаны, сен де арасынан жыртып алған жоқсың ба? Ол үлкен ұят болады және ол мекеме мәңгілік соңыңнан қалмайды. Мен әлгі адамды шақырып алып, тергеудің жауабын қайтарып бердім. Сен оларға ескерт. Әйтпесе жаласы саған қалады, – деп қадағалай айтты.

Ол адамды білетін едім. Қызметкерлер де сексен жетінші жылы екі-үш ай отырып кеткендіктен де, етене таныс еді. Мен жымысқылық жасағаным жоқ. Бірақ содан бастап әр істің бетін санап алып, санап тапсыратын болдым. Менің кенет мұндай мұқият бола қалғанымнан екі жақ та сезіктенсе керек, екі-үш күннен кейін көрсетіндіні орынынан таптым. Соның нәтижесінде екі жарым ай еркін отырдым. Көп жауаптардың мазмұнын таспаға жазып алдым. Сөйтіп, Ләйлә апай мені бір ұяттан құтқарды.

Сондай қам-қаракетпен жүргенде 1993 жылдың көкек айының жиырмасыншы жұлдызы да келді. Ләйлә апай жағдайды бір тыңдап алды да:

– Мұның барлығын жеңесің. Мен ертең ауруханаға жатамын. Мұхтар Омарханұлының отбасы тарихын білесің, «Қар астындағы көбелегіңде» жазғаның Абайдың немересі Кәмилә ғой. Ол кісінің әр некеден туған балалары бар. Жасырмаймын, біздің қарым-қатынастарымыз да өзгешелеу. Мұғамиланың елуінші жылдардың басында әкеме жазған хатын оқып, қатты көңілім қалды. Қазір сирек келеді. Ал Мұратқа папам ерекше үмітпен қарады. Академияның философия институтында оған жақсы жағдай жасалды. Айлап жоғалып кеткенде әзер іздеп тауып алғанымыз бар. Неге өкпелі екенін білмеймін, әйтеуір, араласымыз аз. Ернар жас кезінде керемет тентек еді, есейген соң басылып кетті. Ол екінші әйелімен тұрады. Асқар атты ұлы бар. Ал Әуезден тараған ұрпақтардың жайы былай... Абай ұрпақтарымен де қалыпты араласамыз. Міне, жағдай осылай. Мұның барлығын әдейі өзіңе ескертіп отырмын. Ойыңда ұста, – деп ұзақ бір әңгіме айтты.

Сол сәтте мен өзімнің кіндігімнің мұражайға берік байланғанын тұңғыш рет сезіндім. Бұл Ләйлә апай екеуміздің арыла сырласқан күніміз болды. Зердеде екшейтін, қаперде ұстайтын жайлар көп еді. Бірақ маған оп-оңай нәрселерді жүрегіне тым жақын қабылдағандай көрінді. Алайда сол күнгі айтқан уәждерінің аса тағдырлы және шынында да күрделі мәселе екенін кейін түсініп, Ләйлә апайдың сол ескертпелерін есте ұстағанда, мүмкін... деген ойлардың мазалағаны рас. Ләйлә Мұхтарқызы дүние салғанда үкімет пен сыртқы істер министрлігіне: қалайда Мұратқа хабар беріп, топырақ салуы тиіс екенін талап ете түсіндіргенім есімде. Мұрат Мұхтарұлы да жанын жалдағандай боп тез жетті. Аэропорттан қарсы алдым, әйтеуір, апайға топырақ салуға үлгерді. Жерлеген күннің ертеңінде мұражайға келіп біраз сырластық. Ол да шынын айтқандай сезіліп еді. Мен оны туған ағамдай сыйлауға тырыстым. Кейде маған соның барлығы көз жасының арасында ұмыт қалғандай көрінеді.

Ал, алаңдаса – алаңдайтындай, мұражайды аса қиын кезеңдер күтіп тұрды. Оның барлығына тоқталып жатпаймын. Тек Ләйлә апайға қатысты нысаналы жайларды қамтып өтпекпін. Ол өте бір қиын жылдар еді. Мұражайдың қызметкерлері ғылыми бөлімнің қызметкері ретінде жалақы алады, ал мұражай-үй академияның ресми қаражаттық есебінде жоқ, тек жалпы ғимараттың санатында, сондықтан да көрмелер бір мерейтой мен екінші мерейтойдың қарсаңында ғана қайта жасақталады екен. Тіпті, құбырдан су кетсе, институттың шаруашылық басшысына хабарлайсың, ол қоғамдық ғылымдар бөліміне барады, ол адам президентке хабарлайды, ол шаруашылық бөліміне пәрмен береді. Сонымен екі күн уақыт кетеді (Бір рет солай болғаны да бар). Өз бетінше дербес ғылыми жұмыс жүргізе алмайды. Мұражайды қаланың есебіне өткізуге және қисынсыз. Ал күрделі жөндеуге академияның қаражаты жоқ. Осы мәселені институт директоры С.Қирабаев ағаға түсіндіріп ем: «Толығымен қолдаймын. Менің атымнан хат жаз. Іссапарда жүрсем...», – деп қолын қоюға рұқсат берді. Осы мағыналас пікірді академияның президенті К.Сағадиев ағамыз да айтты.

Менің үкіметті хаттың астына алған «шабуылым» осылай басталды. Өз жазған хатым өзіме қайтып келе берді. Сонда да қайтпадым. Бірде Ләйлә апай Олжасты есіне алып, соған кіріп шығуымды ұсынды. Кешке қарай Олжекеңе кіре сала заманақырды төндірдім. Өзінің үйреншікті сөзін айтып, әр жерге телефон шалды. Президентсіз бұл мәселе шешілмейтіндей сыңай байқалды. Хатты тастап кеттім. Ләйлә апайға айтып едім, кәдімгідей қуанып қалды. Ертеңінде ол кісі емделуге жатуға тиісті еді. Кенет... таңғы сегізде телефон шалынып, президент аппаратынан екенін, жаңа ғана Сүлейменовтің президентке кіргенін, сағат тоғызда шұғыл түрде мұражайға келуімді бұйырды. Ләйлә апай ауруханада, ол шайтанқұлақтың жоқ кезі. Алып-ұшып мұражайға бардым. Архитектор-конструкторлар С.Тәшкенбаев пен Ш.Матайбековті шақырып үлгердім. Сағат он бірде премьер-министрдің сол кездегі орынбасары Ғ.Әбілсейітов, академия президенті К.Сағадиев, мәдениет министрі Т.Мамашев, қала әкімінің орынбасары және Олжастың өзі келді. Жағдайды айтып мен де зуылдай жөнелдім. Құжаттарды жасауға қаржы бөлінсін және мұражай бүгіннен бастап жабылсын – деп пәрмен берілді. Мұражайға дербес мекеме ретінде құжаттар жасап, қаулы дайындауды тапсырды. Ұйымдастыру ісін бас редакторлықтан мұражайға қызметкер ретінде келуге келісім берген Ғалым Доскеновке тапсырдым да, өзім Ләйлә апайға қарай алып ұштым. Әрі көңілденіп, әрі мұңайып, әрі алаңдай отырып тыңдады:

– Бар ерік өзіңде, мұражай саған аманат – деген сөздерді баса айтты. Мен әзілге қарай алдарқата бердім. Салмақтың ауыры енді түскенін сездім. Бұл 1993 жылдың 24 көкегі еді.

Ал өмірінің соңғы бір жылында ондай қиналыстарды көп көрді. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің мұражайы қатты алаңдатып, өмірі табалдырығын аттамаған мекемені аттап, қысыла отырып қаржы туралы әңгімелегенде көзіне жас үйіріліп қалатын. Сол кездегі Ұлттық банктің төрағасы Ғ.Байназаровқа, Жоғарғы кеңестің төрағасы С.Әбділдинге, ғылым саласынан депутат боп сайланған Ө.Жолдасбековке бардық. Сыртқа шыққан соң қолорамалымен кірпігіндегі шықты сүртіп тұрғанының сан рет куәсі болдым. Ең соңында бір үлкен банктің төрағасы қабағын қарыс жауып, Әуезов деген есімнің оған ешқандай бедел емес екенін айтқанда, бұрыннан науқастанып жүрген ол «Құдай сақтасын!» деп жүрегін ұстап шығып еді. Содан екі күн өткен соң ауруханаға түсті. Дүниеден қайтарда да ұлы Диярға: «Музей. музей, музей!» – деп қайталап кетіпті. Өзі тура отыз жыл басқарған мұражайдың меңгерушісі тура әкесі сияқты алпыс төрт жасқа екі ай қалғанда көз жұмды.

Өзінің жеке басынан үй-ішінің бақытын жоғары қойды. Халқының қызы, елінің келіні, келіндерінің енесі бола білді. Ол кісі біз үшін Мұқаңның тірі көзіндей болды. Әттең: мұражай үшін ең бір қиын кезеңде көз жаздырып кетті. Бірақ, қазақ халқы барда – Мұхтар Әуезовтің есімі ешқашан өлмейді. Ендеше, сол бір қасиетті шаңырақтың аясынан келер ұрпақ Ләйлә Мұхтарқызының да жүрек жылуын, жанар мейірімін сезіп тұрары анық.

Ләйлә апайдан кейін кенет Ернар Мұхтарұлы, одан кейін Димекең өмірден қайтты да, бұрынғы көзқарастар мен қатынастардың арасына сұқсырлардың сұғы қадалды. Бет шырайын бергендер беттерін теріс бұрды. Алайда:

– Аманатты парызыңның барлығы да орындалды, мұражай да қалпына келді, елу томдық басылым да жүзеге асты, тек соның қызығын көруге жазбады, оған сіздің ақылыңызды есіме ұстамаған өзім кінәлімін, Ләйлә апай! – деп осы естелікті аяқтағым келеді.

Ал мұражай мен айтылған ақылы туралы әңгіме, егерде әлдекімдер жатқан жыланның құйрығын баспаса, сол жабық күйінде қалатын шығар деп ойлаймын.

28 мамыр, 1993 – 12 қыркүйек, 2010.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар