Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тұрсынбек Кәкішұлы: Қарапайым, қайырымды жан...

25.12.2017 5045

Тұрсынбек Кәкішұлы: Қарапайым, қайырымды жан

Тұрсынбек Кәкішұлы: Қарапайым, қайырымды жан - adebiportal.kz

1973 жылдың 2-қаңтар күні Совет Одағының батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллин кенеттен қайтыс болды. Сол күні емханада екеуіміз кездестік, бірнеше сағат бірге болғанбыз. Әзіл-қалжыңға келгенде Мәкең ешкімді алдына салмайтын жаны жұмсақ жан еді ғой. Қарапайымдылықты Сәбеңнен үйреніп алған шығар деген ой өзіме талай келгенін жасыра алман, өйткені біреудің өтініш-тілегін орындауға айырықша құштарлық білдіретін. Сап-сау көрген Мәкең сағат төртте жоқ болып шыға келді. 5 қаңтарда Мәліктің қаралы жиынында Сәбең сөйлегенде «Ағайын-туыстар, жора-жолдастар, хал қиын, бүкіл өн бойым толған жас, қайғы-шер», – деп ары қарай ойын жалғап кеткені зират басында болғандардың есінде шығар. Мәкеңді жерлеп келген түнде жүрегім қатты ауырып, аяғымен барған адамды дәрігерлер қыбыр еткізбей, ауруханаға жатқызып қойды. Жүрек кеселі уысынан шығармайтын пәле екен, бір жарым ай емделіп, онан әрі «Алматы» санаторийіне кеттім.

Осы кезде Москва қаласындағы «Молодая гвардия» баспасының «Тамаша адамдар өмірі» сериясынан «Сәкен Сейфуллин» шығып, Алматыға жетті. Тез сатылды да, көп адам көре де алмай қалды. Тегінде сондай кешіккендердің бірі Сәбең болса керек. Көкейдегісін көрбілтелемей ашық айтатын Сәбең бір күні үйге телефон соғып, келінімен сөйлеседі.

– Әлгі Тұрсынбек қайда, көрімдігін өзі алмай ма, тегі! – деп өз көңіліндегі қуанышты ағыл-тегіл баяндайды да, менің санаторийде жатқанымды естіген соң, – келген күні хабарлассын, құлағын бұраймын деп жатыр дегейсің, келін.

– Құтты болсын «Сәкенің», мен білсем, бұл сериядан КСРО-дағы түркі тілдес халықтар ішінен шыққан бірінші кітап. Өзін әзер таптырып алдым, – деп жазу столында жатқан кітапты қабылдау бөлмесіне алып келді.

– Мұның дүниеге келуіне өзіңіз үлкен жәрдем бердіңіз ғой, сол көңілімді білдірген бір данасын Сізге сыйға тартайын деп әдейі ала келдім.

– Рахмет. Сені іздеуімнің негізгі себебі мынау: бір-екі күнде «Лениншіл жас» газетінде Мәлік Ғабдуллин жайында жазған естелік-очеркім шығады, толық варианты «Көкшетау правдасында» жарияланады. Өзім «Алатау» санаторийіне жүрейін деп отырмын. Сен менің естелігімді ықияттап оқы да «Молодая гвардия» баспасына заявка жаз. Мәлік осы сериядан шығуға әбден жарайды және шығады да. Сен ол баспаның талабын да, адамдарын да білесің. Екеуіміз бірігіп Мәлік жөнінде ел-жұрт оқитын кітап шығарайық, – дегенде Сәбең бетіне ажырая қарасам керек, өйткені мұндай ұсынысты күтпеген едім. Адам толғанысын қас-қабағынан аңғарғыш Сәбең бірдеме айтуға оқталып келе жатқанда Мариям жеңгей:

– Дастархан басында сөйлесіңдер, – деп жайраңдай кірді. – Рахмет, қайным, мына ағаңмен қырық жыл отассақ та, менің суретімді еш кітабында жарияламап еді. Гүлбаһрам екеуіміздің жас кезіміздегі суретімізді қайдан тауып алдың, қазір мені сол Мариям деп кім айтар?! – деп бар ықылас-көңілін бірақ білдірді.

«Шоңқиттым білемін» деп Сәбеңе жақындап келіп, қолтығынан демеп жіберді.

– Газет-журналда талай жарияладық қой.

– Ей, тәйірі, онда көптің бірімін ғой, – деп залға бардық. Дастархан басында Сәбең өзінің негізгі ойын жалғай түсті. Мен ойланудамын, соны аңғарған Сәбең:

– Мен санаторийден сәуірдің ортасында ораламын. Кітаптың жоспарын жасап, қажетті дүниелерді жобалап қой. Нәзия келін қолындағысын бізге береді, өзімде де көп материал бар. Әуелі менің естелігімді жақсылап оқы да, соны толықтыра түсетін детальдарды ойластыр. Қай тарауды қайсымыз жазарды мен оралғаннан кейін шешерміз, шай алып отыр, – деп Сәбең Мариям жеңгейдің дәмді де нәрлі шайына бас қойды. – Мариямдай шай демдеуді көп әйел біле бермейді, қанып ал, – деп мені ара-арасында қамшылап қояды. Жеңгейдің онсыз да ынтасы түсіп, риза болғанын шай құйысынан-ақ аңғарып отырғаныммен, негізгі ойым Сәбеңнің ел-жұртты, ер азаматты қадірлегіш үлкен жүрегінен шыққан әлгі ұсынысында болып отыр. Кібіртіктеп отыруымның да себебі жоқ емес.

Сәбеңнің жұмыс стилі өзгеше, өте жылдам. Оған бар шығармасы дәлел. Кейбір жазушылар сияқты он күн ойлап, бір ай жазбайды, мақсат тұтқанын жедел орындауды мұрат көреді. Оны көбіне «Өмір қысқа, ойыңдағыны сыртқа шығарып үлгеру керек, кем-кетігі болса, кейінгі ұрпақ өзі түзетіп алады!», – деп жарқын болашаққа көп сенетін-ді. Әрине, жазғанын құнттап, ықияттап қарап шығу керектігін Сәбең білмеді деп ешкім де айта алмайды, алайда асығыстықтан кетіп қалатын жайлар да кездесетін. Кеше ғана ауруханадан шығып, онысыз да зорығып қалған жанмын ғой, қайтсем, қалай жауап берсем екен деп толғанып отырғанымды Сәбең байқады білем:

– Сен неге кібіртіктеп отырсың, әлде қосылғың келмей ме? Мәлік ағаңмен өздерің қалай едіңдер? Е, көңілдерің дұрыс болса, онда не кедергі саған? Әлде мен сенің тақымыңа толмай отырмын ба?! – деген кезде біреу саныма біз сұғып алғандай ұшып тұра келдім.

– О не дегеніңіз, Сәбе? Бұдан артық ұсынысты бұл өмірден іздесем де таба алмаспын, сірә, айтқаныңыз болады ғой, – деп мәймөңкелетіп, қазір ептеп дімкестеніп жүргенімді тілге тиек етуге айналдым.

– Сенің сөзің нық емес, ойлан-толған, мен санаторийден қайтіп келгеннен соң міндетті түрде жолық, – деп орнынан көтерілді. Есік алдында тосып тұрған өзінің «Волгасы» бізді Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің 4-ші басқармасына алып келді. Кездескендерге мейірлене амандасып, жоғары көтерілді. Бәрі де бәйек болып, жолдаманы бес-он минут ішінде Сәбеңе табыс етті, жақсы тынығып қайтуға тілек білдірді.

Мәлік Ғабдуллин есімі ерлік пен елдіктің үстіне, терең ақыл-парасаттың символы. Өйткені оның тал бойында бір халықтың отаншыл жүрегі, батырлық бейнесі, ен даладай жазира жаны, қанағатшыл көңілі, сезімтал ақыл-санасы түгелдей болмағанымен бір азаматтың абырой-атағын жарқырата көрсетуге жететіндей деңгейде еді. Ұлының бәрі данышпан, саналының бәрі кемеңгер, жүректінің бәрі батыр бола беруі шарт емес, алайда, осындай асыл қасиеттің ұшығы бар адамдардың бір халықтың мақтанышына айналар бақытты сәті де аз емес. Сондай қарапайым да жайдары, көпшіл, төңірегіне нұр шашып, жылылық тарататын, ғұламалық парасатымен алысты көрсетіп жүрген жандардың ең алдыңғы легіндегі Мәлік Ғабдуллиннің «мен пәлен деген қазақпын, мен сондай қазақпын» деп оп-оңай айтатын және өзіне ғана жарасып тұратын машығы бар шынайылығымен қасиетті де қадірлі еді ғой.

Уақыт өтіп, оқиғалар қоюлана түсуде. 1947 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Тіл мен әдебиет институтының жұмысы туралы алған қаулысы «Правда» газетінде жарияланған мақаламен сабақтасты да, аяғы қиын науқанға айналып кеткен. Сол жылдары институт директоры болып жүрген Мәкеңе әрбір сөзі мен ісін партиялық позицияда жүргізу парыз-міндет болғандығын ескерсек, онда 1951 жылы 8-класқа арналған авторсыз оқулыққа «жалпы редакциясын басқарған М.Ғабдуллин» деп қол қоюы – ел деп соққан ұлы жүректің бір көрінісі еді.

Жаз ортасы. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің мәжіліс залы. Біреулер кеудесін керіп, алшаңдай басса, енді біреулер аяғының басына қарайды. Ойлы жүздер, мұңды көздер де кездесуде. Арнайы шақырумен Москва, Ленинградтан келген ғұламалар да бар. Қазақтың батырлық жырларының халықтығы жөніндегі негізгі баяндаманы Мәлік Ғабдуллин жасады. Ғылыми тұжырымдарында «жат» деген сөздер біршама кезігіп, инедей қадалады. Әйтеуір, «Қобыланды», «Қамбар», «Ер Тарғын», «Алпамыс» жырларының тарихи негізі шайқалмай, ара-кідік қоспалары мен қосындыларының сыр-сипатына тоқталып, басқаларға теріс айналады. Соның бәрін қабақ түйе айтқанымен, зәрсіз қайырған сияқты болып көрінді маған. От ортасынан шарпылмай шығуға тырысқан жанның келбеті байқалғандай еді.

Уақыт зымырап өтіп жатыр. Сұсты күндердің ызғары тарап, көктемнің шуағындай бірден-бірге жыли түсетін сәттер туа бастады. Алматыда алты жыл үйсіз-күйсіз кім көрінгеннің қора-шошаласы мен босағасына табынған күндер артта қалды. Красин мен Совет көшелерінің қиылысында Алматы түскеннен бері тұрған жатаған ағаш үйден бір бөлме бұйырды. Ол КазПИ-дің оқытушылары тұратын корпусқа жапсарлас. Тұрмыстық қажеттердің бәрі де ҚазПИ жатақханаларының ауласында. Трамвай аялдамасына барарда да төрт-ақ ауланы төтелей кесіп өтеміз. Жүріп-тұрып жатқандардың бәрі де көзге түседі. Сондай жайма-шуақ күндердің бірінде жатақханадан жіті басып келе жатқан Мәлік Ғабдуллинді көріп, тоқтап сәлем бердім. Бұ кезде амандасар деңгейге жетіп қалған шағым-ды.

– Ә, академикпен алысатын жігіт, ие, аман-саусың ба? Бұл жақта не ғып жүрсің? Біздің қыздарға қырындап жүргеннен қалайсың, өзің үйленіп пе едің?

– Екі балам, бір келіншегім бар, – деп мен де қуақылана жауап қаттым. Мән-жайды айттым.

– Е, бізге көрші болып келген екенсің ғой, онда ерулікке дайындалайық. Жиі кездесеміз ғой онда. Айтпақшы, шахматқа қалайсың?

– Кәдімгі әуесқойлардың бірімін.

– Е, онда тіпті жақсы болды, – деп Мәкең қолын ұсынды да ҚАЗПИ-дің Красин жағындағы дарбазасына беттеді. Содан былай қарай Мәкеңмен жиі кездесетін болдым. Сөйтсем, студенттердің бөлмесіне барып, бірер сағат шахмат ойнайтын көрінеді. Шахмат ойнаған болып жастардың тұрмыс-тіршілігі, ой-армандарымен таныса жүреді екен. Басында институт директорының осы қылықтары таң қаларлық жай болып көрінгенмен, кейін әдетті құбылысқа, қайта кезікпей қалса, «Не болды екен? Жол жүріп кеткен шығар» деп жүретін күйге жеттім. Тағы бір кездескенде:

– А, академикпен алысатын жігіт, амансың ба? Жүр, шахмат ойнайық, – деп жатақхананың екінші қабатындағы бір бөлмеге алып келді. Студенттер айылын жияр емес, шахматты тігіп, орындықты столға жақындатты. Мәкең қолма-қол бір жүріс жасайды да, екінші жүріске дайындалып, фигураны ұстап тұрады. Тез, ойланбай жүруге әбден машықтанып алған әккі шахматшы сияқты. «Жүр, жүрдің» астына алып, тақымдап та отырады екен. Мұндай шапшаңдыққа үйренбеген басым абдырадым да қалдым. Кейбір фигуралардың ұтымды жүрісін пайдалана да алмадым.

– Қайсың барсыңдар, жекпе-жекке шығатын? Әлде қапы кеттің бе? Тағы ойнайсың ба? Кел, кел, тағы да бір өзіңді ойсыратайын, академикпен алысатын жігітсің ғой сен, – деп тағы да өткен күннің елесін есіме салды. Бұл әзіл-әжуаның ұшқыны көңіліме шаншудай қадалады, әлі етім үйрене қойған жоқ. Ал «академикпен алысатын» дегенге студенттер таңдана мән беретін сияқты.

Мәкең КСРО Педагогика ғылымы академиясының толық мүшесі болып, Әдебиет пен өнер институтына ауысып келгеннен соң шахмат сайысына талай түстік. Мәкең «академикпен алысатын жігітті» нәштей айтып, ойынға шақырады. Ойнаймыз, кей күні ұтып та аламын. Сондай сәтте «біз академиктерді ұтуға жаралған жанбыз ғой» дегенді масаттана айтатын кездерімді институттың шахмат ойнайтын жігіттерінің көбі біледі. Кейін көңіл жақындығы аралас-құраластыққа жеткізген кезде жан жадыратар әзіл-қалжыңдар қарша борады. Мәкеңнің «Әй, академикті ұту үшін жаралған жан, жүр, көзіңе көк шыбынды үймелетейін» деп иығыма қолын салып, бауырына тартқандығы жылылықтың табы күні күнге дейін көңілімде әлі суыған жоқ.

1959 жылы 15-19 маусым күндерінде Қазақ ССР Ғылым академиясының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің негізі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференция болды. Оған Москва, Ленинградпен қатар одақтас республикалардың ғалымдары қатысып ХХ съездің тарихи шешімдері негізінде қазақ әдебиеттану ғылымын жаңа арнамен өркендетудің, әдеби мұраны игерудің жөн-жобасын нақты көрсетіп берген тамаша бір басқосу болды. Қоғамдық ғылым саласындағы ғалымдардың бәрі дерлік қатысып, өздерінің ой-пікірін ағынан жарыла айтқан, келешекке нұрлы сәуле шашқан ғылыми жиынның жеті негізгі, тоғыз қосымша баяндамаларынан кейін желпініп жарыссөзге шыққандардың көшін Мәлік Ғабдуллин бастады, арнайы баяндамада айтылмаған ойларды қозғады. Оған екі жағдай: әуелі қазақ эпосын жетік біліп, талайдан бері ойланып-толғанып жүрген жайлары болса, екіншіден, 1953 жылғы тұжырымдардың біразын жеңілдету мақсатын көздеген сияқты. Нанбасаңыздар, Мәкеңнің сондағы сөзіне құлақ салып көріңіздер, өйткені ол сөзі конференцияның стенограммасында сақталып, 1961 жылы «Әдеби мұра және оны игеру» деген жинақта жарияланды. Қателескен айып емес, сол қателігін түсіндіріп, көзіңе көрсетіп тұрғанда мойындамаған айып. «Айттым – бітті, кестім – үзілді» деп тоңмойынданатын ғалымның сөзі көп жағдайда көңілді құлазытып, оның фәни және тәни тірлігінен алыстатады. Ал, уақытпен бірге өсіп, өзінің артық-кем айтқандарын ілгерінді ой-пікір аңғарында түзетіп отыратын ғалымның сөзі әрқашан қошемет тауып, қадірленеді.

М.Ғабдуллин осы ғылыми-теориялық конференция материалдары «келешекте жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарына аса керекті, пайдалы болатыны» жайында айта келіп, қазақтың ертедегі батырлар жырын зерттеу жайына кең тоқталды. «Бізде батырлар жырын бағалауда асығыстық жасау, тайыз айтып, тайғанақ басу біраз уақытқа шейін дәстүрге айналып келгені белгілі. Осының нәтижесінде көптеген жырларымыз өз бағасын ала алмай келеді. Мәселен, осындай жағдайда кейбір жырлар халыққа жат деген атаққа ұшырағаны мәлім. Ал енді осы жырлардың несі халыққа жат деген сұраудың жауабы кейде берілмейді, толығынан дәлелденіп айтылмайды. Айтыла қалған күнде жырдың кейбір қайшылықтары мысалға алынады. Мәселен, жырдың басты кейіпкері қанаушы таптың ортасынан шыққан, ол жүйрік ат мінеді, жақсы киім киеді, мұндай батыр халық ұлы болмайды деген дәлел алынады.

Екіншіден, жырларды бағалағанда, оның шығу мезгілі, қандай ортада туғаны, ел арасына қалай танылғаны, кейіннен қандай өзгерістерге ұшырағаны және оның себептері толық ашылып берілмейді. Бізді ескіден келе жатқан жырлардан бүгінгі күннің адамдарының бейнесін, солардың көзқарасын іздеушілік бар. Енді бұлар табылмаса, онда жыр бүгінгі тілекке жатпайды, қайшылығы көп деп бағаланып, «халыққа жат» деген жауапсыз пікірді таға салушылық та болмай қойған жоқ».

Мәкең сөзінен ұзақ цитата келтіруімнің себебі алдағы ойымның шындықтан туғандығын дәлелдеу болса, екінші жағынан, М.Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысында ғана емес, ғылым майданында да батыр болғандығын, әсіресе, өзі жетік біліп, көзі жетіп тұрған мәселеде айырықша табанды болғанын көрсету еді. Соның айқын дәлелі конференцияда сөйлеген осы сөзі. Онысыз да ел ортасында абырой-даңқы асқан Мәкеңнің ғылыми жұртшылық арасында беделінің өсе түсуі әртүрлі атақтарға ие болғандығынан емес, осындай өнегелі қадамдарына байланысты болатын. Ақыл-парасатын керемет қарапайымдылығымен әрлендіре түсетін.

Осы конференцияның соңғы күні, сағат он бірде Мұхтар Әуезов қорытынды сөз сөйлейді деген программаны білетінбіз. Мәжіліс басталғанша Мәкең екеуіміз тағы да шахмат үстінде кездесіп қалдық. Қолым шығып тұрған күн еді, сыбанып келген жігіттерді шетінен шытырлатып, үйірден шығарып жатырмын. Қапы кеткен Мәкең тапал бойлы, оң аяғын сылтып басатын жалпақ бет жігітті алып келді де:

– Мақтаншақ, кәне көрейін әуселеңді, – деп әлгі жігітті ойынға қосты. Кім екенін білмеймін, алғаш көріп тұрған шахматшы еркінси жүрді. Болар-болмас басымдық пайда болып еді, фигураларды сенделте қозғайтынды шығарды. Жан-жағымыздан анталай қоршап тұрған жігіттердің даурыға сөйлесуіне Мәкең жел беріп тұр. Намысқа тырысып өліп барамын. Бір жүрістің ыңғайында өзіне төніп тұрған қауіпті байқамай, қарсыласым опық жеді. Атын «соғымға» сойып алдым. Қайта жүрмек болып еді, Мәкең:

– Ондай жаман әдет бізде болмайды, – деп әлгі жігітті не мінегенін, не тәртіпке шақырғанын білмеймін, әйтеуір өңмендей созылған қолының сылқ түсуіне себепші болды. Ол да намысқой екен, осы қалған күшіммен де сенің жайыңды табамын деп сақтана ойнады. Бір жүрісінен бір жүрісі күшті, қусырып әкетіп барады. Өзіме пайдалы айырбастарды жасап-жасап, бір фигураның артықтығын пайдаландым-ау. Осы кезде уақыт он бірге жақындап қалды. Әлгі жігіт мені жіберсейші, екінші партияны бастайық деп қиылып тұрып алды. Қайтадан кірістік. Тақта үстіндегі теке-тірес ұзаққа созылатынын байқаған және үлкен сезіммен әкеп додаға салған жігіттің өнер көрсетпегеніне ренжіген Мәкең анталаған жігіттерді мәжіліс залына ертіп кетті. Екеуіміз жалғыз қалдық.

Жөн сұрасам, республикалық шахмат сайысына қатысып жүрген бірінші разрядты Дауылбаев деген шахматшы екен. Мәкең тілімен айтқанда «академикпен алысатын» маған бұл да бір атақты болған соң, шындап көрейінші деген ой келді де, конференция естен шықты. Профессионал қойсын ба, кегін қайтарды. Енді үшіншісін ойнайық деп түп етегімнен жармасты. Оған ойын-жаттығу, маған ғұламаның сөзін тыңдау керек. Ақырғы сөзімді айтып, әрең құтылдым. Залға келсем, Мұхаң бабына келген жүйріктей еркін сілтеп тұр. Сөз әлпетін бақсам, баяндамашылар мен сөйлеушілердің баға-парқын шығарып, енді алдағы міндеттерге тоқталып жатыр екен. Ауыз әдебиетінің түбегейлі мәселелері Октябрьге дейінгі әдебиеттердің дауылды проблемалары, совет жазушыларының көркемдік шеберлікті шыңдау жайлары шыңыраудан қайнап шыққан тас бұлақтай ағыл-тегіл ой тұнығымен жеткізілуде.

– Мәжіліс тәмамдалды. Мұхаң қатырып мақтады, поздравляю, – деп даурыға сөйледі. Есерлігіне қоса зымияндығын талай байқап, ұнатпайтын жігітімнің әлгі сөзі есіктен шығып болғанша менің диссертациям төңірегінде болып жатқан әңгімелерді және Мұхаңның конференция басталар күнгі қағытпасын есіме еріксіз түсірді.

1958 жылдың 15 қыркүйегінде Тіл мен әдебиет институтының аспирантурасына түскенмін. Жетекшім Е.Ысмайылов. Біраз тарауды қағазға түсіріп, кандидаттық емтихандарды ертерек тапсырып қойған маған диссертацияны жазып бітіру онша қиынға соқпады. 4-5 айдың ішінде жазылып бітті де, бөлімде талқыдан өтті. Сәуір айында автореферат шығарып, енді қорғауға дайындалып жүрмін. Мақалаларым жұма құрғатпай газет-журнал бетінен көрініп жатады. Институттағы, Жазушылар одағындағы ғылыми-әдеби әңгімелерге де араласып қоямын. Белсенділігімнің кімге жақпай қалғанын құдай білсін, әйтеуір менің диссертациям төңірегінде жаяу борасындар жүріп жатты. Партия жиналысында Ысқақ Дүйсенбаев айып қоя сөйлегені бар. Оған негізгі себеп: Мұхтар Әуезовтың 20 жылдардағы көркем әңгімелерінде сыншыл реализм дәстүрінің сілемі бар дегенімнің өзі «қастандықтай» болып көрінді. Жәттай жарбаңдағандар құрыққа сырық жалғады. Оның қайсы бір ұшқындары Мұхаңа да жетіп жатты. Конференция басталар күні институт директоры академик Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев:

– Қазір Мұхаң келеді. Біз С.Б.Бәйішев кабинетіндеміз, үшінші қабатқа көтеріліп әлектенбей-ақ қойсын, – деп маған еш қиындығы, ауырлығы жоқ тапсырма берді. Таяуда ғана Ленин сыйлығының лауреаты болып, қазақ мәдениетінің мерейін өсіріп, әдебиетін әлемге танытқан ұлы жазушымен дидарласып қалудың өзін қуанышқа баладым.

Үлкен конференц-залдың алдында құрбы-құрдастармен әзіл-қалжың соғып тұрғанмен, екі көзім кең де әсем баспалдақта. Онға үш минут қалған сәтте сабырлы да салмақты жүріспен екінші қабаттың бұрылысына Мұхаңның келіп қалғанын байқап, алдынан шықтым. Сәлемдескеннен кейін:

– Сізді Бәйішевтің кабинетіне шақырып жатыр, – деп ем, Мұхаң басын ептеп маған бұрып:

– Орыста «просит» деген сөз бар емес пе? – деді. Не дерімді білмей абдырадым да қалдым. Директор тапсырмасын дұрыстап орындай алмағанымды анық ұқтым Мұхаңның дауыс ырғағынан да, түс келбетінен де. «Айтылған сөз – атылған оқ», енді қанша ойланғаныңмен қайтып ала алмайсың. Сол сәтте менің пенделік көңіліме оралған ой мынандай еді:

Біріншіден, Мұхаң бойына баяғыдан бері жарасымды болып келген салмақтылық осы кезде одан да сомдала түскен екен-ау, тегі. Екіншіден, пыш-пыш әңгімелердің бәрі де менен бездіріп қойған екен-ау деп жорамалдадым. Сондықтан Мұхаң өзінің қорытынды сөзінде мені әбден сынауы мүмкін. Әлгі сумақай жігіттің мені кекетіп, Мұхаңның сынағанын мақтады деп, мазақтап келе жатқаны екен ғой деп, мойнымнан су кете сыртқа шықтым. Мәлік Ғабдуллин есіктен шығып, ұзын дәлізге беттеп келе жатыр екен.

– Әй, қазақ, әкел қолды, поздравляю, Мұхаңның мақтауы құтты болсын, молодец! – деп қолымды қысты. Сонда ғана барып көңілім орнына түсті. Енді Мұқаңның стенограммаға түскен сөзін қалай тезірек оқысам екен деп, кейін жалт бұрылдым. Дәнеш Байқадамова апайдың шығуын тостым, өйткені әлгінде жазып отырғанын көзім шалып қалған. Жай басып, жан-жағына көз тастап келе жатқан апайға:

– Стенограмма қашан дайын болады?

– Болады ғой. Әдебиетшілер аз сөйлей білмейді, көңілді ғой Мұхаң!

– Сонда да.

– Секретариаттан ба едің?

– Жоқ.

– Солардан білерсің, төрт-бес күнсіз бола қоймас.

Секретариат құрамында Айқын Нұрқатовтың барын білетінмін. Оған ескертіп ем, Айқын өзінің ұзынша, етжеңділеу мұрнын быртықтау саусағымен ұстап, көзі күлімдеді.

– Қайтар жолда болсын, – дедім.

– Е, айтпақшы, мақталғаның құтты, қуанышың ұзағынан болсын, – деп Айқын өзінің тілеулестігін, көп әңгімеден хабары барын сездіргендей болды. Асыққанда уақыт өте ме, стенографисткалар көп уақытқа созды. Бір күні қаннен-қаперсіз келе жатсам, көзі күлімдеп Айқын тұр.

– Жүр бізге!

– Келді ме?

– Жүрсеңші маңғазданбай! Столдың үстінде теңделе үйілген қағаздар. Мұқаңның қорытынды сөзінің өзі бір тең. Төрт дана етіп басқан екен, ажыратылмайды.

– Бір жағынан қолғабысың болсын, екінші жағынан, өзіңе керектісін ізде. Айқын бір теңді бос столдың үстіне қойды. Тарата бастағанымнан оқығаным көп. Бет сайын мүдіремін. Мұқаң негізгі және қосымша баяндамалардың тәуірлерін мақтап, нашарларын сынап, енді «жарыс сөзге қатысқан жолдастардың пікірлеріне тоқтай өтейік» деп 28 адамның көш бастаушысы болған Мәлік Ғабдуллинге айрықша назар аударыпты.

«Жарыссөзге шыққандар қатарында шынымен мазмұнды, маңызды ойлар таратып, конференцияның ісіне пайда-көмегін тигізген, кейбір ғылымдық түйінді жайларды орынды түрде толықтыра түскен сөз – Мәлік Ғабдуллиннің сөзі. Мәлік көп уақыттан бері қазақ эпосын арнайы зерттеп және қазақтың ауыз әдебиет мұралары туралы жоғары дәрежелі мектепке арнап, докторлық еңбек жазған. Ол көп дайындығы бар зерттеушіміз. Сол тәжірибелері, зерттеу ойлары бүгінгі сөзінен жақсы көрінді. Ауыз әдебиетін зерттеу жөнінде ғылымдық-жүйелік пайдалы ойлар, елеулі үлестер қосты» (351-бет) деп ғалым інісіне ризалық көңілін білдіріпті.

...Әділетсіз жәбірленгенге жақ болу – Мәкең бойындағы үлкен адамгершіліктің бір көрінісі екенін дәлелдеу үшін бір мысал келтірейін. 1982 жылдың тамызында қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаев, поэзия кешінде қанат қағып, ажарлы өлеңдерімен танылып келе жатқан Ұлықбек Есдәулетов үшеуіміз Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында болдық. Зайсандықтар бізді Қара Ертістің үстінен салынған үлкен де мығым көпірге шейін шығарып салды. Ол арада облыстық партия комитетінің нұсқаушысы Самат Жүнісов пен «Боран» совхозы партия комитетінің секретары Қабдуәли Аманжолов құшақ жая қарсы алды. Мұзағаңның аузынан Құмаш Нұрғалиев деген есім бір сәт түспей қойды. «КСРО Халық мұғалімі» деген ең абыройлы атаққа ие болған соң табынып жүрген шығар деген пенделік ой да қылаңдап қояды. Далада да, асханада да, кеңседе де әңгіме Құмаш Нұрғалиев жайында болып отырғанда, оң аяғы ортасынан шорт кесілген, сол білегін қысқа тұғырлы балдаққа, сол аяғына тең салмақ түсіру үшін оң қолтығындағы балдаққа сүйенген, көзінен жылылық оты жарқырайтын, өңінен күлкі таймайтын адам есіктен кіріп келе жатқанда, алматылықтардан басқалары орындарынан өре тұра келді. Столға жақындағанда біз де тұрып, өрелі жерден орын ұсындық. Дауысы ептеп қырылдап шығады екен. Әуел баста Сәбит Мұқанов әуеніне ұқсағанымен, сөйлей келе әбден бәсеңденіп, анық естіле түседі екен. Мұның өзі мұғалімге тән профессионалдық мақам. Мұзағаңмен екеуіміздің арамыздан орын алған Құмаш әдеттегі балдақшылардан гөрі ұзақ жайғасты. Әуелі оң балдағын орындыққа жантайтып, ағаштай қатып қалған сол аяғын столдың астына сүңгітіңкіреп барып, сылқ отырды. Шалбар балағының сыртынан тізе тұстағы тегершікті ағытып жібергенде әлгінде иілмеген сол аяқ кәдімгідей бүгілді, оны ептеп тікесінен тұрғызып, жайлап отыруға көшті. Әбден машықтанған жай ғой, Құмекең сөйлеп отырып, әлгі әрекеттерді білдірмей жасайды екен. Тұрған кезде де әуелі тізесін бекітіп, оң қара санның тұқылжырын стол жиегіне сүйеп барып, балдақтарын алады. Сөздің қысқасы, Құмаштың екі аяғы қара саннан, сол қолы білектен жоқ. Ұлы Отан соғысының өмір бойы ұмытылмайтын ескерткішін көргенде, Мересьев, Иванов, Картаузовтардың екі аяқтарының басы ғана жоқтығы әшейінгі жарақаттай болып кетті. Әрине, тәни бүтіндік керек-ақ қой, Құмаш Нұрғалиевтің өмір жолымен танысқанда рухтың күштілігі бәрінен де қымбат, артық екен-ау деген ойға еріксіз келесіз.

– Отан үшін отқа түсіп, көрден шықтық, – деді бірде Құмаш.

– Біз бақытты жандармыз ғой, – деп, өзінің бүгінгі жай-күйінен де бүкіл республикаға мақтаныш болып отырған В.И.Ленин атындағы «Боран» орта мектебінің техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталу жайын, еліміздің өркендеп отырған шаруашылығын түгелдей еске алып: «мен керемет бақытты жанмын. Өзіңдей адамдардың ортасында біреуден ілгері, біреуден кейін жауынгерлік сапта болудан артық бақыт жоқ. Оны басына түскендер ғана анық түсінеді», – деп аз ойланды ол. Оған мысал көп қой. Мына мендей қу молтақтың қатарда жүруінің өзі Ұлы Отан шапағаты. Қалипадай жарым, бес перзентімнен сегіз немере сүйіп отырған мен тасымағанда, кім тасыр. КСРО-нің 60 жылдық мерекесінде, – деп Құмекең біраз толғанып алды. – Әскерден келгеннен кейін әуелі мұғалім, сонан соң Сармөңке орталау, Алексеев орта мектебіне басшы болып, осы «Боран» мектебіне директор болғаныма қыркүйекте тұп-тура 25 жыл толайын деп отыр. Тәубе, оқу-ағарту саласындағы абырой-атақтардың бәріне де біртіндеп ие болып келеміз. Сол үшін Отанға ризамын! – деп көтеріле айтты да, ойына бірдеңе түсіп кеткендей қабағын шытты.

– Жер беті жақсылыққа толы ғой. Оны көркейтіп жүргендердің ішінде үлкен жүректі адамдар аз емес. Мен бүгінгі биігіме жетер ме едім, жетпес пе едім, егер Мәлік Ғабдуллиннің жәрдемі тимесе?!

– Иә-иә, ол қандай жәрдем?

– Ұзақ әңгіме ғой.

– Айтыңыз, тыңдайық, естиік, – деп жігіттер шу ете түсті. Құмекең біздерге көз қырын тастап, ынталы екенімізді байқаған соң, өз басынан өткен мына хикаяны шертіп қоя берді.

Соғысқа Құмаш тек сегіз кластық біліммен аттанады. Қайтып келген соң мұғалім, мектеп директоры бола жүріп, жұбайы Қалипа екеуі ҚазПИ-де сырттай оқиды. 1955 жылы мемлекеттік емтихан тапсыруға дайындалып жатқанда деканат адамдары: «Сіздің үстіңізден арыз бар. Аудандық прокуратурадан қатынас қағаз түсті!» – дейді. Құмаш зор үмітпен ҚазПИ-дің сол кездегі ректоры Мәлік Ғабдуллинге келеді. Өзі де соғысты бастан кешкен, онда мұтарланған талай жауынгерге жәрдем қолын созған Мәкең мән-жайды әбден сұрап біледі де, Құмаш Нұрғалиевтің документтерін алдырады. Құмаштың көзінше сейфке салады.

– Сен институтты бітіріп, диплом алғаннан кейін ғана мынау осы сейфтен шығады. Тапсыра бер емтиханыңды.

Сырттан оқитын бөлімге телефон соғып:

– Нұрғалиевке емтихан тапсыруға кедергі жасамаңдар, – деп нұсқау береді. – Документі менде, іздеген азаматтарды маған жіберіңдер, – деп нығарлай сөйлейді. Құмаш шығып бара жатқан жерінен тоқтатып:

– Әй, қазақ, сенің емтихан тапсыратының айдан анық. Бірақ, осы әңгіменің тұқымын бірден неге құртпаймыз. Тоқтай тұршы, – деп телефонға жармасады. Республика прокуроры Набатовқа бар мән-жайды айтып, жергілікті жердегілердің болмашыға бола шу көтергеніне тыйым салуды өтінеді.

– Емтиханға дайындалып жатыр, әлекке салғандарды жазалау керек.

Құмаш Нұрғалиев енді республика прокурорының кабинетінде телефон әңгімесінің куәсі болып отыр. Мән-жайға қаныққаннан кейін Набатов сол документті өз көзімен көрмек.

– Мәке, Мәлік Ғабдуллович, Сізге де, бұл жігітке де сенемін. Сонда да көрейінші өзін, – деп жік-жапар болады.

– Бірден қайтарамын. Қазір фельдфебельді жіберемін. Жігітіңізді де бірге аттандырамын. – Документ келгенше сөзге тартады.

– Сонда госпитальда оқыдыңыз ба?

– Ия. Мен ауыр жарақаттанғандарды емдейтін госпитальға түстім. Москваның қақ ортасында. Ол госпитальға ағылшын елшілігі қамқорлық көрсетеді екен. Сарғайып жатқанда не бітірмекпіз, ермек іздедік. Орта білімі жоқтарды оқытады екен. Жазылып шыққанша білім де алады. Көңіл де көтеріліп, ылғи аурумен алыса бермей, мұғалімнің тапсырмасын мүлтіксіз орындауға жан саламын. Сол госпитальда емделген он шақты қазақтың алды болып, кәмелеттік емтиханды өте жақсы тапсырдым. Мұғалімдер біздің талабымызға, кереуетіміздің қасына келіп оқытқасын, жаман болайық па, тіпті жоғары оқу орындарына түсіп жатқандары да болды. Менің үстімнен арыз жазған адам осы жайды білмеген ғой. Жергілікті документтерде менің оқығаным расталмаған соң прокуратура араласқан ғой, – деп өзін әлекке салған оқиғаны, Мәліктің үлкен адамгершілігін көрсетуге себепші болған жайды баяндап отырғанда фельдфебель келіп, документті прокурорға табыс етеді. Істің ақ-қарасына көзі жеткен прокурор қолма-қол Марқакөл прокурорына бұл мәселеге енді оралудың еш қажеттілігі жоқ екендігін айтып, қатынас қағаз жазады. Өз машинасымен прокурор Құмаш Нұрғалиевті түскен үйіне жеткізіп салады.

Міне, осы әңгімені Құмекең айырықша ризалықпен айтып, адамға жақсылық жасаудың үлгісі ретінде тыңдаушысына ғибрат түрінде жеткізеді екен. Әсіресе, «Мәкеңнің үлкен жүрегінің жылылығы, сондағы айтқан сөздері әлі күнге дейін жадымда» деп екі-үш күннің ішінде бірнеше қайталады. Демек, Мәлік Ғабдуллин төңірегіне нұр шашып, әділетсіздікке ұшырағандарға жәрдем қолын созып жүретін жан екендігін көрмегендер, сезбегендер аз болар. Бұл ойымызды қазақтың үлкен ақыны Ғафу Қайырбековтың Мәкеңе арнаған «Асыл аға – ер ұстаз» өлеңінде:

Болысқыштық – бойға біткен көркі еді,

Басқа қонған бақытты ұстау – серті еді.

Отты туған адамдарды сақтаушы

Ол өзі де үнсіз жанған өрт еді, –

дегені шындықтан туғаны рас.

...1969 жылдың қысында Мәкеңе ойда жоқ жерде кездесіп қалдым.

– Әй, қазақ, иә, аман-саумысың? Көрінбей кеттің ғой. Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпақпысың?! Хабарласып та тұрмайсың, – Мәкең шын көңілмен бәйек болды да қалды.

– Қолым тимей жүр.

– Түсінемін. Жоғарғы оқу орнында сабақ беру өте қиын. Әсіресе бастапқы жылдары, курсыңды әбден игеріп алғанша өте қиын. Бастан өткен жай, білемін, білемін. Сырттай сұрастырып жүрмін ғой. Біздің үйде сенен лекция тыңдап жүрген бір қыз бар. Аузын ашып, көзін жұмып келеді әрдайым. Ақындарға байқап баға берсейші, әсіресе, Қасым мен Әбділдә жайында айтқан ұнамды пікірлеріңді құптамайтындар аз емес. Сақ бол, аңғал батыр тез алдыратынын көрдің ғой. Е, айтпақшы, лекцияны тезиспен оқисың ба?

– Жоқ, текспен оқимын.

– Оқулықтан ба?

– Жоқ, өзім күні бұрын жазып аламын. Программа деңгейінде өзімше айтуға тырысамын.

– Қағазға түсіріп жүрсің бе лекцияңды?

– Иә, ең аз дегенде қолмен жазғанда 30-33 беттей материалым болады, әр лекцияға.

– Осы сен бар ғой, ақылды қазақсың! Саған кезіксем айтармын деп жүрген бір мәслихатым осы еді. Лекцияның текстін мықтап дайында, әрқашан айтар ойыңды қағаз бетіне түсіріп жүр демек едім. Оның неге керегі бар деп сұрағың келіп тұр ғой сенің. Айтайын, ең алдымен, сабағыңның сапалы болуы үшін керек. Ойдың орнықты да жинақы айтылуы үшін керек. «Сақтықта қорлық жоқ» деген атаң қазақ. Үшіншіден, ол қолжазба өзінен өзі кейін кітапқа, зерттеу еңбегіне айналып кетеді, алғашқы нұсқа болады. Менің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты еңбегім осындай лекциялар негізінде туып, енді міне, жоғарғы оқу орындарының оқулығына айналып отыр. Демек, ағалар тәжірибесі ініге өнеге деген осы.

– Қағаз құшақтап жүргенді жаным сүймейді. Портфель ұстағанды қаламаймын.

– Қалтаңа салып жүр, – деді пальтосының түймесін ағытып, сол қалтасына белінен бір бүктетіле салынған қағаздарды көрсетіп. – Лекцияның материалдарын осылай да тасымалдауға болады.

– Көп рахмет, қарт ұстаз!

– Сау бол, қазақ, – деп арқамнан қаққан қолының ыстық табы Мәкеңді ойлаған кезімде сол жақ жауырынымды әлі күнге дейін жылытып-ақ жіберетін сияқты.

(Эссе "Мәлік Ғабдуллин музейі" МКМ жеке қорынан алынды)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар