Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Тұрысбек Сəукетаев. Құзғын тойған қыс...

30.08.2019 5420

Тұрысбек Сəукетаев. Құзғын тойған қыс 12+

Тұрысбек Сəукетаев. Құзғын тойған қыс - adebiportal.kz

Хикаят

...Они лежали, а трава росла,

На тропах прямо, и к плетению приткнувшись,

Усевшись на завалинке сырой.

Как будто легче умирать снаружи,

Не в хате сдверью, глухо запертой.

«Заколоченный дом»

А.Марков

Кең дүние қауашақтай тарылды,

Не амал бар: артым – тұйық, алдым – жар,

Қазы-қарта жемейтұғын жарығым,

Көн тулақтың пұшпағынан болдың зар.

Ит кемiрген қу сүйектi қайнаттым.

(Ол да болса ризық қой бұйырған.)

Кеуiп қалған қу тезектi қарадым –

Табам ба деп арасынан түйiр дəн...

«Шəрипаның зары»

Ел аузынан

БIРIНШI ТАРАУ

Қаңтардың қарға адым күнi қиялай барып қыбыладан үңiрейе төнген көксүңгi шыңның ұшында алтын жамбыдай iлiнiп тұр. Тиiпқашып терiстiктен тiрiле бастаған «қызыл шұнақ» ызғырық, «түрт, шайтаны» ұстап, əлде бiр ойранды бастап жiбергiсi келiп тұр ма, ұлпа қардың үстiнде ақ құйрығын арлы-берлi бұлғап-бұлғап қояды. Кеңiрдектен қарға қылқынған түп-түп ши мен селдiрей өскен тобылғы, жыңғыл кебiн жамылып серейiп-серейiп жатқан дөң-жоталардың басында жоқтау айтып тұрғандай, уiлдей сыңсып, онсыз да жүдеу даланың сұрқын одан сайын қашыра түседi.

Жатаған тау сiлемi қолтығын кең ашып, айқара құшақтаған күнгейi мол үлкен аңғар «Жылы сай» аталатын. Жылда Бисары ауылының үйiр-үйiр жылқысы шұрқырай жайылып, алты ай қыс тебiндеп шығушы едi, қазiр қыл-құйрықтың өзi түгiлi iзi де жоқ бұл маңда. Игiлiкке бұйырмай адыра қалған қалың қияқ құлақ қайшылап, сипай сырғыған желмен сыпсың-сыпсың сыбырласа жөнелген...

Кенет қара тұмсықтан қылт етiп бiр сұр қоян көрiндi – ақша қардың бетiмен бiр уыс құйын боп бұрқырап домалап келедi. Соңында тiрсегiнен əне-мiне ала түсердей тұмсық созып ырсылдаған кер ауыз сары тазы. Оқ бойы жерде ұлпа қарды тiзеден омбылап етек-жеңi далаңдай жүгiрген еркектiң қарасы шалынды.

– Иə, Алла, сəтiн сала гөр! Сəтiн сала гөр! – дұға оқығандай күбiркүбiр еттi де, ышқына айғай салды. – Жiберме, Ұшар, жiберме! Бас, бас!

Бар сүйегiн сыртынан санап алғандай ырсиған тазы иесiнiң айтағымен дəл тұмсығының түбiнде уыс-уыс қар шашып борандатып бара жатқан қос табанның бiрiн шап беруге мойын созған. Бiрақ, жəй мытуға ғана жарайтын тiссiз қызылиекте не қауқар болсын, серпiндi сирақтың тепкiсiнен тəлтiректеп барып əупiрiммен əзер түзелдi. Хайуандық ашумен қайта қайраттанып, апыр-топыр жеткен күйде бар екпiнiмен кеуделеп қағып кеп жiберген. Сұр қоян қарға бiр аунап түсiп, зымырай жөнелдi. Қолында тымағы ербеңдеген еркекте ес жоқ.

– Ойбай, Ұшар, кеттi. Жiберме, қайыр, қайыр! Жiберме! – Жаны шыға айғайлап, бiр қырын қалып бара жатқан қырқаға қарай қолын үстi-үстiне сермейдi.

Ұшар, айтты-айтпады, естi ит екен, иесiнiң сiлтеген бағытына қарай, қоянның алдын орағытып қақпайлап жүр. Сəлден кейiн көбесi сөгiлмеген аппақ қарды қиыр-шиыр шимайлап, үш қарайған үздiксоздық түйетайды беткейдi құлдилап бара жатты. Алдыңғы екеуi бiрiнен бiрi қалып та қоймай, не озып та кетпей, тiрсек тiстесiп, ұмаржұмар жұп жазар емес. Соңғының аяғына тас байланғандай жүрiсi ауырлап, бiрте-бiрте ара қашықтық алыстай бердi. Жүрiсi шабандаған сайын айғайы күшейiп, «айырылдым-ау, құрыдым-ау» деген шарасыздықпен жан ұшырта қолын ербеңдетедi. Ескi күпiнiң арқасы терден түтiндеп кеткен. Бет-аузын жүн басып, суы тартылған құдықтай көзi шүңiрейген кiсiкиiк сияқты жабайы бiреу.

Бұл – осы алқапқа аты əйгiлi аңшы Нұрбек қой. Серi көңiл серiк қылса, үкiлi домбыра, жүйрiк ат, құмай тазы емес пе ер жiгiттiң жұлдызын жарқырата түсетiн. «Ұшар» десе құлағы елең етпейтiн кiм бар едi. Таң айырып тырағайлаған талай көкжалды тiрсектен iлiп, тырапай асырған құмайдың ендiгi түрi мынау, жұдырықтай қоянға қауқары жетпей қансорпа.

Ел қатарлы құлатөбел ғана тiрлiгi бар болатын. Мына «Аша тұяқ қалмасын!» деп, қамшы үйiрiп қара құйындай ұйтқыған ұраннан қазiрде шайқалмаған шаңырақ қалды ма? Салпаңдаған жылтыр қап тапаншасы санын сарт-сұрт соғып сабылған өкiл мен əкiмнен көп нəрсе жоқ. Жаппай колхозға бiрiгемiз деп ала өкпе. Қойша иiрiп қойып, түйiле сөйлеп, қызыл мата жабылған үстелдi жұдырықтарымен түйгiштеп-түйгiштеп кетедi. «Хош» деп өзiң ұмсынсаң да, осқырынып туласаң да – бəрi бiр қылша мойныңа түсер қыл шылбыр осы дегендi бiлдiрiп кетедi. «Кiру-кiрмеу əр кiмнiң өз еркiнде» деп, ұзын саясаттың сойылын соққансып мəймөңкелеткенмен, жеме-жемге келгенде тiрерге тұяқ тастамай, жарлының аузын аққа тигiзiп отырған жалғыз сиырына дейiн сыпырған. Көктем шығар-шықпаста басталған науқан болса бiр сəрi, жер тырмалап, қап түбiндегi қалған-құтқанды сепсе де, өлмес күннiң қаракетiне кiрiсер едi ғой. Жаздың қақ ортасында төбеден жəй түскендей тарпа бас салғаны қай сасқаны! Бауырын тартып күнелтiп отырған төрт түлiктен тышқақ лақ қалдырмай тартып алғанда, пiсiп тұрған егiнi, толықсып тұрған бау-бақшасы жоқ, киiз туырлықты қалың қазақ топырақ жалай ма?! Мұны ойлап қабырғасы қайысатын ешкiм жоқ. Аулыдың əкiмiнiң де, ауданның əкiмiнiң де аузынан көбiгiн шашып айтатыны бiр-ақ сөз: Колхоз! Колхоз! Сонда қалай, аштан қырылу үшiн колхоз құру керек пе! Əлде, əне бiр газеттерде дүрiлдетiп жазып жатқандай, «пəленше ауданның шаруашылығы жаппай коллективтендiрiлдi» деп, ақпар беру үшiн колхозға бiрiге ме?.. Əйтеуiр, қалай ойласа да түбi жеткiзбес тұңғиық.

Алдындағы азын-аулақ ұсақ пен жалғыз сиыр маңырап-мөңiреп колхоздың қорасына қарай айдалғанда шыбын шаққан құрлы көрмеген. Кезек Ақтұйғынға келгенде қатты толқыды. Ақтұйғынсыз күнi не болатынын елестете алмай дел-сал. Құлынынан жалқұйрығына шаң жуытпай үкiлеп ұстаған жан серiгi ғой. Ел аузына iлiнiп, «Нұрбек» атанып жүргенi де соның арқасы. Қарада қасқыр соғып, талай-талай дүбiрлi жарыста бəйге алған. Бұл тiптi, тұяқты түгiлi, «шайтан арбаның» өзiне шалдырмаған сəйгүлiк емес пе! Баяғыда, машинаның бұл жаққа жаңа келе басталған кезi. Көрген де таң, көрмеген де таң. «Астағифиралла, ат сүйреткен арбаны көрiп ек, өзiнен өзi дар-дар етiп зырылдаған көк темiрдi кiм көрген!» деп жағаларын ұстайтын. Бiр күнi бiр топ жiгiт көкпардан қайтып келе жатқан. Анандайда айдау жолды шаңдатып «шайтан арба» өте шыққаны. Ерiккен жiгiттер қарап тұрсын ба. Қиқу сап əйда қуа жөнелсiн. «Əне қашты көк шайтан, мiне қашты көк шайтанмен» талай қырқаны артқа тастады. Iштерiнде не бiр дəмелi жүйрiк бар едi, бiрi де маңайлай алар емес. Биiк жалдан құлдилай бере шамын жылт еткiзiп жоқ болған машинаның соңынан қарап тұрып: «Əй, не дегенмен өзi де қатты састы-ау, бəлем. Құйрығы қызарып кеттi ғой!» деп, кеу-кеу даудырлап ат басын iрiккен. Тек бұл ғана сонау Шонабайдың көк жазығына дейiн қапталдаса шауып барып, алдын бiр орап керi қайтып едi. Кейiн Ақтұйғын туралы сөз бола қалған жерде: «əлгi Нұрбектiң «шайтан арбадан» озатын Ақтұйғыны ма?» – деп, жұрт таңдай қағып отыратын. Сөйткен Ақтұйғыннан айырылғаны – топшысынан қайрылғаны емес пе!

Кiм ен жайлаған еркiн өмiрiн там сағалаған тақ-тұқ тiрлiкке оңайшылықпен айырбастай қойсын, «мал ашуы – жан ашуы» деп ширығып, тəуекелге бас тiгiп жатқандар да баршылық. Орманы сыңсыған таудың сай-саласына сiңiп кете ме, тесiк тауып шекара асып кете ме – əйтеуiр, кеште тұрған кейбiр ақбоз үйдiң таңертең орнын сипап қаласың. Əуелгiде бұл да құйысқаны қопаңдап барып, ақылға жеңдiрген. Таразыға тартып зерделеп көрсе, қанша жерден сəйгүлiктұлпар дегенмен, туған жердiң бiр түйiр топырағына татымайтын iшi – боқ, сырты – түк жаман тай екен. Жүйрiк деп елден безгенде, бес күндiк дəуренi озған соң қу басты қадаға iлiп қойып, қайран жұртым деп боздап отырмақ па!

Iшi қан жыласа да қайтедi, амалсыз көнген. Ауыл шетiндегi шаңдақта үйездеген колхоздың қырық құрау табынына жетелеп алып келдi. Құлағын қайшылап, ауыздығын күрт-күрт шайнаған Ақтұйғынның езуiне қолын салып, сiлекейiн алақанына жақты да, жүгенiн сыпырды.

– Қош, жануарым. Тiрiдей айырылам деп ойлап па едiм! – Көзiнiң алды неге ысып бара жатқанын сезген жоқ.

Ертеңiнде ойнақтаған Ақтұйғынды басқарма Əубəкiрдiң астынан көргенде жүрегiне əлде кiм ине сұғып алғандай болды. Басында көнетоз милиция қалпағы қоқырайып, сəнiм ендi түзелдi деген кiсiше қаққан қазықтай қаздиып қалыпты. Ақтұйғын мұны анандайдан байқап, танауын делдите оқыранып тартыншақтай берiп едi, қақшиған немеге жан бiткендей, борбайға бiр тартып шаба жөнелдi.

***

Көлдi дауыл шайқаса, түбiндегi шөккен ылай-қоқсықтың бетiне қалқып шыға келетiн əдетi емес пе. Осы Əубəкiр бiр кезде тақымы тайға, аузы майға тиiп көрмеген тақыр кедейлiгi өз алдына, шаруаға қырсыз, қозы бағуға жарамайтын қор едi. Ұйықтап қалып баққан малынан айырылып, не ит-құсқа жегiзiп қожайынының қамшысынан көз ашпай жүретiн. Ана байға барып бiр жалданады, мына байға барып бiр жалданады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей мал-мал деп зар қағып тұрмаған соң, табақ босатар масыл кiмге дəрi. Бүгiн мына ауылдан көрген Əубəкiрiң бiраздан соң шоқпытын арқалап басқа ауылға беттеп бара жатқаны. Алғаны – əке-шешесi обадан өлген жетiм қыз едi, етi тiрi, пысық болып жолықты. Бiреудiң сабасын пiсiп, бiреудiң киiзiн басып қараша үйдiң нан-шайын айырып отырған сол. Кешке жақын от басында итиiп, балалардың алдындағы кетiк аяқтың түбiне көз сатқаннан басқа бұдан сабақты жiп пайда жоқ. Жұмыс iстеп береке таппаған соң, ақыры бұл құлқын күйттейтiн арсыз кəсiпке көшкен. Жалпақ елде не көп – торқалы той, топырақты өлiм көп, ондайда қазақтың кең дастарқаны кiсi алалай ма, ит екеш итке дейiн сүйек тиiп қарық болып қалады. Жаман шапанын қағып-қағып киiп алады да, саусылдаған көп қыдырмаға iлесiп, ауыл-ауылды адақтап жүргенi. Iшкен ас түске жетпейдi, көрген қызық естен кетпейдi, не бiр жайсаң мен қасқа бас қосқан жер ғой, ақынның жырын, жақсының сырын тыңдайын деген ой-сезiм жоқ, бiр тойғанын олжа көрiп, ошақтың басы, босағаның қасы демей, кекiрген жерiнде қор етiп қылжия кететiн.

Айналайын өкiмет ендi, мiне, тепкi көрген талай тесiк өкпенiң көзiн ашты ғой, есiктегi басын төрге сүйреп, хан ұлымен теңгерiп отыр. Асып-тасқанның кеудесiн басып, қылыш суырғанның қылша мойнын қырықты. Малдың буымен iсiп-кеуiп, жел жағынан жүргiзбейтiн сасық байларың бұл күнде бетегеден – биiк, жусаннан аласа, кешегi отымен кiрiп, күлiмен шыққан жалшыларына жетiм баладай жаутаң-жаутаң етедi. Құдай теңгермегендi адам теңгердi деген осы емес пе, бұдан артық қандай əдiлеттiлiк бар! Бiрақ, жақсы мен жаманның, ер мен ездiң арасындағы ала жiптi елемей бiр санатқа қосып жiбергенi қиын: адал iсiңе, алақаныңның күсiне қарамай, тағдырыңды шешер таразыға малмүлкiңдi салды. Малың көп болса – қан сорғыш қанаушы байсың, жоқ болса – қорлық көрген кедейсiң. Сонда шапаны жыртықтың бəрi бiрдей езiлген еңбекшi ме? «Алма пiс, аузыма түс» деп, шырпы басын сындырмай шалқадан сұлап жатып алатын кержалқау мен құнтсыз езге қашан шыр бiтiп көрген?

Бiрақ, бақ шiркiн қонайын десе, кiсi таңдамайды екен ғой. Аласапыран заманның ала құйын желi жапа шеккен жарлы, кедей деген дақпыртпен алақанына салып, аспанға көтерiп алды да кеттi. Дуан басындағы қос қабатты қыш үйдiң маңдайшасында қызыл жалау желбiрегеннен-ақ Əубəрiкге желiк бiткен. «Күнiм туды, өкiмет – менiкi!» деп, кеудесiн ұрып шыға келдi.

Елде бұрынғы күй жоқ. Бiр өзi бiр бұрышты толтырып күрп-күрп п iсiлетiн сабалардың бүйiрi түсiп шөмиген. Қырық қазанның құлағын тiстеген қыдырма түгiлi құдасы келсе де қыржимай қарсы алатын үй кем де кем. Құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келiп, ауылауылды аралап қызыл əскерге кiсi жинап жүрген былғары шекпендi, шалғы мұрт: «киiм беремiз, тамақ тегiн» деген соң, ойланбастан ере салған. Сол-ақ екен Əубəкiрдiң тасы өрге домалап сала бергенi. Əуелгiде «əскердiң ат қорасын тазалайды екен» дегендi естiгенде «ее!» деп, жұрт мұрын шүйiрiп едi, iле-шала: «ойбай, аудан басындағы абақтыны күзететiн болыпты» деген хабар жеткенде «о-о!» деп, ауыздары аңқиып қалған. Ол таңырқаған таңырқаған ба, ауыз ашқанның көкесiн дөкей бiр өкiлмен ерiп ауылға келгенде көрдi. Аяғында сықырлаған қисық табан құрым етiк, иығында шошайған мылтық, мүлде танымайтын адамдай айналасына иегiн кекжитедi. «Е, өзiмiздiң бала ғой!» деп, қауқылдаған шалдар мен жаман шапаны жалпылдап талай бiрге қозы баққан құрбы-құрдастары еркiнсiп бiрдеңе дейiн десе, «кəнчəй!», «мəлчəйт!» деп, қысқа қайырып қырқып тастайды. Анталаған ел не күлерiн, не күлмесiн бiлмей дал. «Жаман атқа жал бiтсе, жанына торсық байлатпас» – талайдың тiлiнiң ұшында тұрса да айтуға қаймықты. Өзiне қарап тамағың жыбырлағанмен, мылтығын көргенде тiлi құрғыр күрмеле бередi екен.

Араға жарты жыл салып, бiр топ комиссиямен қайта оралғанда, тiптi, қырып кете жаздады. Азық-түлiк салығының орындалмай жатқанын айтып қатты шүйлiктi. Ауыл белсендiлерiмен бiрге үй-үйдi аралап, қарындағы май, кебежедегi тары-талқанға дейiн хатқа түсiрдi. Бетiн тырнап бажылдаған қатын-қалашты желкеден түйiп, оған болмаса, басынан асыра мылтығын гүрс еткiзiп, аядай ауылды бықпырт тигендей қылған. Боранбайдың қатыны: «осы қайыршы ақырып, төбемнен мылтық атқанда шошып кетiп, iшiмдегi балам түсiп қалған!» – деп күнi кешеге дейiн қарғайтын. Ендi жұрт «Əубəкiрiң құрысын!» деп, азар да безер боп, қарасын көргенде қашатын болды.

Сол күнi кешке қарай ауыл совет кеңесiнде жиналыс өттi. Қызыл мата жапқан ұзын үстелдiң шетiнде отырса да, Əубəкiрдiң қабағы аса қатулы, төрдегi үлкен өкiлiң оның жанында жəй ыржақай бала секiлдi – аракiдiк айналасындағыларға əлде ненi айтып, тiсi ақсия күлiп қояды. Кiсi қорыққанын сыйлағанмен, сыйлағанынан қорқа ма, үлкен өкiлден онша ығыспай, елдiң денi Əубəкiрдiң қас-қабағына жаутақтап отыр. Сыздаған сайын күш, түпкi билiк сонда жатқандай болып көрiнедi.

Көпшiлiкке сөз берiлгенде түйешi Салық көмейiн сөз кернеп бара жатқандай, елден бұрын көститiп күс-күс қолын көтерген. Дiн, құдайға қарсы күрестiң қаны жерге тамбай тұрған кез емес пе, аузына қай сайтан салғанын кiм бiлсiн, сорың құрғыр салған жерден мақалдап: – Жылы-жылы сөйлесе, жылан iнiнен шығады, қатты-қатты сөйлесе... – дей бергенде, Əубəкiр жөткiрiнiп, үстелдың бетiн қарындашының түбiмен тақылдатып едi, есi шығып сасқалақтаған байқұс: – ...қаттықатты сөйлесең, қайта iнiне кiрiп кетедi! – деп, жұртты қыран-топан қылған.

Келе-келе Əубəкiрдiң əпербақан айқайына ет үйренiп: «Бүйтпесе Əубəкiр бола ма!» дегендей бiр ұғым қалыптасып кеткен. Мешелдi есер қылатын өзiнiң келеңсiздiгi мен лағып бара жатқанда бетiнен қақпай, «күл болмасаң, бүл бол!» дейтiн айналасының енжарлығы ғой. Сиынған дiнi, əдет-ғұрыпы пайдасыз ескi-құсқы нəрседей тарихтың отына тасталып, ненiң дұрыс, ненiң бұрыс екенiн бiлмей, сең қаққандай теңселген ессiз тобырда ондай тегеурiн қайдан болсын. Құлдық деп бас шұлғыған сайын Əубəкiр өршелене түстi. Iшiнде комсомолы бар, бiр топ жасты желiктiрiп тапа-тал түсте күмбезі күнге шағылысқан осы маңдағы жалғыз мешiттi қиратты да тастады. Көрiп тұрған дүйiм жұрттың бiрi араша түсiп лəм деуге жараған жоқ. Қайта екi жарылып, өз ара дауға кiрiскен. Таяғына сүйенiп қалт-құлт етiп жанына барған Омар хажыны шап берiп: «молда-қожамен, мiне, осылай күресемiз!» деп, өңiрiн жапқан аппақ сақалын шолтаң еткiзiп шорт кесiп алғанда, қалың Бисары: «Астағифиралла!» деп, жағасын ұстаса, аз ата Жəдiк: «Е, бiзден де бiреу шықты-ау. Есе-теңдiк бермеген Бисарының кеудесiне бiр мiндiк пе, бəлем!» – деп, ерлiк жасағандай иығын қомдап, көтерiлiп қалды.

Үйiрiлген қамшының ысылы, əпербақан айғайдың жаңғырығы əлде кiмдердiң құлағына күрескерлiктiң аттан салған дабылындай болып естiлетiн болу керек, тегi. Жұртқа тiзесiн батырған сайын Əубəкiрдiң айдарынан жел есiп, ақыры мiне, бiр колхозға дырдай бастық болып шыға келдi. Колхоз басқаратындай шаруаның қыр-сырын бiлетiн көзi ашық бiреу болса екен-ау. Қолына шошайтып мылтық ұстады деп, бастық қып қоя салатындары қызық. Ауданнан ере келген екi өкiл сайлау жиналысын ашып: «Кедей десең – кедей, Таптық санасы жоғары. Бай-құлақтарға қарсы белсене күресiп, Кеңес үкiметiне шынайы берiлгендiгiн танытты. Аудандық комитет осы жiгiттi лайық көрiп отыр. Бұған қалай қарайсыздар?» – деп, колхозшылардың талқысына салған. Бисарының бiр ақсақалы:

– Шырағым-ау, колхозыңды бұрын кiм көрген. Ортақтасқан iс озық деп жатырсыңдар ғой, ортақтасыңдар. Қойды серке бастайды, елдi көсем бастайды, бұл да бiр бiлетiн адамның ойлап тапқан ақылы шығар. Қарап отырсам, бiр колхозға бiр рулы елдiң мал-жаны бiрiгедi екен. Баяғы Темiрхан болысқа да мұндай мал бiтпеген. Жаңа ана, Əубəкiр баланы «таптық санасы жоғары» деп жатырсыңдар, жоғары болса, жоғары шығар. Азаматын ардақтаған – өсер елдiң мiнезi. Мақтағандарың дұрыс. Бiрақ, тобылғыдан садақ ие ме? Торқадан сауыт кие ме? Күнi кеше көз алдымызда өскен Əубəкiр ғой. Бiр көген қозыға ие бола алмаған адам бiр рулы елдi қалай басқармақ? Қолы көтермес шоқпарды белiне байлап тұрған жоқпыз ба, ағайын? Осы жағын да бiр ойланайықшы! – деп, күдiк бiлдiрiп едi, Əубəкiрдi ен тағып иемденiп, тайлы-таяғы қалмай түгел жиналған қалың Жəдiк ауыз аштырсын ба: «Артыңдағы айтағыңды бiлемiз. Атасы бөлек деп қия тартып, қисайып отырсың ғой. Өкiмет – кедейдiкi. Кедей деген – осы. Көзiңдi ашып қара!» деп, өре түрегелген. Оған, заман қалай боладымен əр түрлi айла жасап колхозға енiп алған жымысқылар қосылды. Олардiкi - iс бiлмейтiн осындай ұр да жықтар тiзгiн алып, былықтыра берсiн, тоздыра берсiн iштен; тұралаған колхоздан ертең жұрт екi қолын төбесiне қойып өзi-ақ тоз-тоз боп қашады деген жiңiшке есеп.

Басқармалық қолға тиген соң бұрынғы шалқайған-шалқайған ба, Əубəкiрiңнiң танауынан ақсарбас құрт ыршыды. Жiлiк-жiлiгiне балқытып қорғасын құйғандай аяғын баса алмай бiр жолата талтаңдап қалды. Ұршықтай үйiрiлiп тұрған жiгiттiң бiр-ақ күнде бұлай өзгерiп шыға келгенiне жұрт ен таға алмай дал. Жамандыққа қиғысы келмеген көңiлмен кейбiреу далбасалап: «е, қайтсiн байқұс, шабына шиқан шыққан көрiнедi» деп, сəуегейсидi. Ол жерiне ондай пəле шықса, атқа қалай мiнiп жүр? Ақтұйғынды колхозға өткiзгеннен берi бiр күн тоқымы құрғаған емес. Құдды бiр баяғының мырзасы дерсiң. Алтындатқан ер-тұрманы жалт-жұлт етiп ойқастаған Ақтұйғынның үстiнде қалпағы қисайып қаздиып отырғаны. Алғашында қой соңында салпаңдар қойшының тақымына түсiп қор болғанша, серiнiң жүрiсiндей емес пе, Əубəкiрдiң мiнгенi дұрыс қой деп көңiлiн жұбатқан.

Бiр күнi кеңсе алдында қаңтарулы тұрған ақбозды көргенде көзiнiң алды қарауытып жүре бердi. Қу қаңқаға тулақ жауып қойғандай, көзi былшықтанып, ырсиған сүйегi ғана қалған.

– Айналайын, Əубəкiр-ай, – дедi кеңсеге кiрген бойда аман жоқ, сəлем жоқ. – Хайуан да болса обалы бар емес пе, Тұлпар едi, тулақ қылыпсың ғой. Белiн суытып бiраз күн басқа ат мiншi!

– Ол ненiң ақысы? - дедi Əубəкiр туатын саулықша ыңыранып.

– Ақтұйғынды өзiме бере тұршы, бағып берейiн.

– Шаңыраққа қара!

– Əубəкiр оң жақ шантағына жантая, қолындағы қызыл қарындашын төбеге шошайтты.

– Қайда тұрғаныңды бiлесiң ба? «Өзiме берiң» не сөз?

– Қайтейiн, өзiмнiң Ақтұйғыным ғой, жаным ашып кеттi.

– Өзiңнiң Ақтұйғының да, Көктұйғының да жоқ – ұқтың ба, жолдас Жұманиязов? Бəрi – колхоздiкi! Сенiң жаның ашыған нəрсеге менiң жаным неге ашымайды? Сен мейiрбансың да, мен тас жүрекпiн бе? Жоқ, жарқыным! Сен жекеменшiктiк көзқарастың шырмауындағы адамсың. Өзiмдiкi деп өзегiң жыртылады. Мал-мүлкiңнен айрылғың келмейдi. Мұның артында колхозды жек көрушiлiк жатыр. Социализмдi жатырқау деген сөз бұл. Малыңды, құрал-сайманыңды колхозға бергенiңмен жүрегiңдi, ықылас-ниетiңдi берген жоқсың! Байқұлақтарды тап жауы ретiнде түп-тамырымен аластадық. Бiрақ, əлi де болса колхоз жұмысы ойдағыдай өрге баспай отыр. Неге? Өйткенi кедей атын жамылғанмен кер заманды көксейтiн сен сияқты керi тартпалар, бай-құлақтың құйыршықтары кедергi жасауда. Мiне, Сталин жолдас соларды тез арада əшкерелеп, аяусыз күрес жүргiзуге үндеп отыр! – Əубəкiр бар денесiмен бұрылып, желке тұсындағы үлкен суретке иек қақты. Басқарманың жылтыр төбесiнен қылт-қылт қиып қараған қара мұрт «иə, солай» деп, жыбыр еткендей болды.

Салы суға кетiп сыртқа шықты. Қорғалақтап өз атына өзi жақындай алар емес. Тағы бiрдеңе деп жүрер деген қорқыныш аяқ-қолын жiпсiз матап тастағандай. Анандайдан көз сата мүсiркеп, күбiр-күбiр айналып-толғанып бiраз тұрды да, кеңiрдегiне тiрелген ащы запыранға булыққан күйi теңселе басып алыстай бердi.

Бiрақ Ақтұйғынның ғұмыры бəрi бiр ұзақ болған жоқ. Екi өкпеге тепкiлеп күнара аудан мен ауылдың арасына шапқылаған Əубəкiр түбiне жетiп тынды. Терiн баспай отқа қойса, карта ойнаған жерiнде таң асып қаңтарулы тұрса, тұраламай қайтсiн. Қыран ұшып келе жатып, тұлпар шауып келе жатып мерт болады деген, тегi, рас сөз шығар. Бiр күнi Əубəкiр екi етегi далақтап аудан жақтан құйғытып келе жатқанда, ауылға жете бере Ақтұйғын омақаса құлапты. Жатқан жерiнде зəр орнына қан сұлатып, тұяғын бiр-ақ серпiптi. Ымыртқа қарай бұл барғанда теңкиiп жол жиегiнде жатыр екен. Аяқ асты болмасын деп, басын кесiп əкелiп қадаға iлiп қойған. Көзi түскен сайын қу бастың қуысында уiлдеген жел оралмас күндердiң өкiнiшiн айтып өксiп тұрғандай жүрек тұсы шаншып-шаншып кетедi.

***

Ендi, мiне, жүген ұстап жаяу қалғаннан бергi тiрлiгi осы. Таң қылаң бере ырсиған кəрi тазыны ертiп күнде аңға шығады. «Өлмегенге – өлi балық» дəме ғой, əйтпесе аштан бұратылған кəрi тазы мен қара жаяуға қайбiр тырнақты мен қанатты шалдыра қойсын. Аң дейтiн аң да жоқ. Жылда осы уақытта Жылы сайдың жықпыл-жықпылы шiл, қоян, түлкi, қарсақтан жыртылып-айырылатын, биыл жер ауып кеткен бе, жымжылас. Iз кесiп қай сайға барса да, қардың бетi қалам ұшы тимеген ақ қағаздай жып-жылтыр боп жатқаны. Жыбырлаған жəндiктiң қолға түскенi – олжа. Тышқан көрсе де бас салады. Жылтыңдаған ол құрғыр оңайлықпен ұстата қоя ма, жып берiп шидiң түбiне сүңгiп кетедi. Əйда кеп жалаңаш қолмен қарды бұрқыратып жанталассын. Бiрақ, көбiнекей ондайда тұмсығын қарға тығып қорс-қорс иiскелеген Ұшар бұрын тауып алып қылғытып жiбередi...

Су iшкiлiгi бар шығар, əзiрге, əйтеуiр, құр қол қайтқан күнi жоқ. Əнеу күнi қасқыр жарған елiктiң үстiнен түскенi. Иттен жасқанды ма, əлде тойып алған ба, екi көкжал онша айбат шекпей, анда-санда бiр бұрылып қарап, қыр аса бердi. Сүйегiне дейiн қалдырмай шапанға орап, сүйреп əкелген сол өлексенi бiраз күн талғажау қылған. Бүгiн тағы да сəтiн салып, ор қоянның жолыққанын көрмейсiң бе. «Иə, сəт, иə, сəт! Жаратқан ием, шиеттей сəбиiмнiң көз жасын есiркей гөр!»

Нұрбек омбы қарға бiр құлап – бiр тұрып жүгiре басқан күйi қия беткейдi құлдилап келедi. Шығандап барып қайта оралып, оңды-солды бұлталақтаған қоян мен тазының iзiн төтелей кесiп, тiк-құлама тұстан отыра қалып, сырғанай түсiп, əзiрге аралықты оқ бойынан асырған жоқ. Етектегi анау жарлауытта қарайған – Омар хажының ескi қыстауы. Баяғыда Əубəкiр шолтырайтып сақалын кесiп алғанда: «Көр де тұр, хажының киесi ұрады!» деп, жұрт шулап едi, Əубəкiрге түк те болған жоқ, қайта тасы өрге домалап құтырып келе жатқан жоқ па күннен күнге. Есесiне, есердiң қорлығына құсаланған Хажы аузымұрнынан қан кетiп, жұмаға жетпей қайтыс болған. Бала-шағасы кейiн кəмпескеге iлiнiп, жер ауып кеттi. Күмбезi ортасына түскен мешiт пен қабырғалары қаңқайған қора-қопсы жараның орнындай үңiрейiпүңiрейiп тұр.

Жаңа Ұшарға «қайыр, қайыр!» деп, осылай қарай қолын үстi-үстiне сiлтегендегi ойы – қораның бiрiне қуып əкелiп тықса, бұрышқа қамап жүрiп ұстаймын ба деген далбаса үмiт едi. Ақылыңнан айналайын, көкейiндегiсiн қағып алғандай, мiне, қақпайлап алып келе жатқанын көрмейсiң бе!

Ұлпа қарды омбылаған оңай ма, екеуi де шаршап баяу бүлкекке көшкен. Алдыңғы екi аяғымен тiк шапшып, шоқақ-шоқақ қарғыған қоянды кəрi тазы жетiп барып тiрсектен ала түседi. Бiрақ, қауқарсыз қызылиектiң мытығанын қайтесiн, бiр-ақ серпiп сытылып кетедi. Ақыры тiстегеннен түк өнбесiн бiлдi ме, анандайдан айтақтаған иесiне жалтақ-жалтақ қарап қойып, қол шошайтқан жағына қарап қоянды қайырып əлек. Шiркiн, баяғы кезi болса бақыртып бiр-ақ баспай ма. «Жұт жетi айғайынды» деген рас. Аяқ артар қотыр тайы қалмай, дастарқанында түйiр дəнi болмай, аштық пен аяз аш қасқырдай азуын ақситып, алқымынан ала түскенде құтқарар деп үмiттенген жалғыз тазысының сиқы мынау. «Ұшарым аман болса, аштан өле қоймаспын» деп, арқасын кеңге салатын. Кəрiлiкке сыр бермей келiп-келiп, дəл биыл тiсi түсiп қаусап қалғанын қайтерсiң.

Ит аузындағы тышқанға таласарын бейбақ басы бiлдi ме! Он үш жылдан берi серiк боп келе жатқан Ұшары тiрi тұрғанда басқа күшiк асырап баулимын деген ой қаперiне кiрмейтiн. Сөйтсе, тозбайтын темiр, озбайтын өмiр жоқ екен ғой. Қара басқанда, жығылған үстiне жұдырық боп, қиюы қашқан тiрлiкке кəрiлiктiң дөп келгенiн айтсайшы.

Қыс басына дейiн, күйi кемiп, қызылы қайтпай тұрғанда, онша көп сыр бере қоймаушы едi. Қоян, суыр, түлкiнiң күшiгi, саңырау құр секiлдi ұсақ-түйек аң-құсты мытып, буындырып өлтiрмесе де, далақтап бұл жеткенше тырп еткiзбей желкесiнен басып жатып алатын. Тiршiлiктiң барлық мəнi бiр үзiм нанға тiрелiп, өзiң тышқан аулап, қоңыз терiп тентiреп жүргенде иттiң бабын ойлауға шама қайда! Тамақтан өтердi қимайсың. Қинала-қинала тастаған сүйек-саяғыңды қаужауға халi жоқ. Ши-шеңгелдiң түбiн тiмiскiлеп аузына iлiнгенiмен күнелткен байқұста қайдағы қауқар. Мiне, қабырғасы ырсиып қарасүмек болып қоянның соңынан сүлкiлдеп келе жатса, онысы қаныңда қиқу салған туа бiттi ескi құмарлық емес, «жесем, жесем!» деп өзегiнде ұлып аранын ашқан аштық қой. Тектi иттi бүйтiп қорламай, баяғы кез болса, аңшы жосынымен, бiр уыс май асатып, қақ маңдайдан атып салмас па едi!

Үздiк-создық шұбатылып қыстаудың шетiне де iлiктi-ау. Қарманатын сəт осы. Қапы кетсең, саныңды соғып қала бергенiң. Үмiт пен күдiк тай-талас түсiп, шыбын жаны шырқыраған сайын Нұрбектiң бойына қайрат қосылғандай жүрiсi ширайын дедi. Емпеңдеп жүгiрген күйi айқай сап, аңғал-саңғал қора жақты нұсқай қолын үстi-үстiне сермеді: – Ұшар, былай қарай қайыр. Былай! – Бiрақ Ұшары құрғыр айғайын құлағына қыстырар емес. Ауланың ортасындағы əне бiр қалқайған дiңгектi айналқостап кеткенi несi? «Япыр-ай, еңбегi еш болып айырылып қалар ма екен?» – Ұшар деймiн, ойбай, былай қайыр, былай. Қора жаққа қайыр!

Ұстап беремiн кел-кел деп құшағын үңiрейте ашып қора-қопсы тұрғанда жалғыз ағашты шыр айналып не қара басты бұл бейбақты! Байланып қалғандай шиырлап шықпайды ғой, тiптi! Дiңгек түбiнде əне бiр дөңгелене қарауытқан не нəрсе? Е, құдықтың аузы екен ғой. Ойқастай қашқан қоянның адымын аштырмай алдын орап, құдықты шыр айналдыра қуып жүр. Айналған сайын шеңбердiң ауқымы қусырылып барады. «Япыр-ау, не iстегелi жүр?» деп бұл жеткенше, қақпаймен ернеуге таяй берген қоянды Ұшар кеуделей бiр-ақ қағып, құдықтың iшiне топ еткiздi. «Бол, бол, тез!» дегендей қыңсылап аяғына оратылған Ұшарды мойнынан құшақтай алды: – Ақылыңнан айналайын, сырттаным сол! Айлаң адамнан артық қой сенiң!

Апыл-ғұпыл шапанын шешiп қардың үстiне тастап едi, Ұшар ежелгi дағдысымен бауырын төсеп сұлап жата кеттi. Нұрбек белiне ораған ұзын қыл шылбырын шешiп, бiр ұшын дiңгекке байлады да, қармалып төменге түстi. Құдық онша терең емес екен. Құрық бойы жетер-жетпес қана. Түбiндегi көк шеге мұз сүймендесең ойыла қоймас. Өкшесi тиген бойда тыраң етiп бiр құлады да, дiр-дiр етiп бұрышта тығылып жатқан сұр қоянның үстiне қона түстi. Алқымынан шеңгелдей қысқан қолдарына əл берер болмаған соң бар салмағын сала тiзесiмен жаншып езгiлеуге көшкен. Шыңғырған баладай ышқына қырылдап, аяғымен жер тарпып тыпырлаған күйi бiраз жатты да, сұлық қалды.

Олжасын белiне байлап, арқанды өрмелей сыртқа шықты. Жердүние көгiлдiр нұрға бөгiп, жайнап кеткендей. Мұртының ұшы жыбырлап, өз-өзiнен жымыңдай бередi. Қоянды құлағынан салақтата ұстап, баға жетпес байлықтың қожасындай айналаға ақсия қарап тұр.

Ұшар бұл қылт етiп құдықтан көрiнгенде-ақ аяқ-қолын бауырына жиып, атып тұрған. Бұның кербезденген шабан қимылына шыдамсыздық бiлдiрiп, «ием-ау, бiз жаққа да көз қырыңды салсаңшы. Еңбегiмiз бар ғой« дегендей, тiлiн жалаңдатып, қыңсылап қояды. Нұрбек қонышынан жарқ еткiзiп кездiгiн суырып алды да, əлде не iздегендей айналасын қыдырта шолып ойланып қалды. Сонан соң тымағын шешiп қардың үстiне төңкердi. Шалажансар қоянды «бисмилла» деп алқымынан орып кеп жiбердi. Тамшы қалдырмай тамызып алған жылымшы қанды уыс толтыра бiр ұрттап едi, көзi шырадай жанып шыға келдi. «Тағы, тағы» деп өзегiнде ұлыған нысапсыздықты əзер тежеп, қолы қалт-құлт етiп тымақты Ұшардың алдына жылжытты.

Батар күннiң сəулесi ара-тұра түртiп-қашқан желге бiр желп етiп мың құбыла ұшқын атқан ақша қардың үстiнде тиянақ таппай секеңдеп жүр. Найза шыңның көлеңкесi сонадайдан түксие төнiп еңбектеп келедi. Айнала жым-жырт. Ши басындағы сыбдырға дейiн өшiп, сықыр еткен дыбысқа селк ете түсетiндей. Үркек, үрейлi тыныштық. Бөрi тiстi бұзық түн қыр астынан мен мұндалап қара туын желпiп-желпiп қояды.

Үңiрейген ымырттың ұзын сирақ көлеңкесiн алдына салып алып Нұрбек безiп келедi. Төтелей тартып қарсы беттегi ирек жотаның желкесiне шыққанда, етекте шашырап жатқан шағын ауыл көрiндi.

Аудан көлемiндегi алғашқылардың бiрi болып желбiрей көтерiлген «Қызыл Ту» колхозың осы. Дүрмекке ергенi бар, зорлықпен енгенi бар, ежелден осы өңiрдiң отын оттап, суын iшкен Бисары менЖəдiктiң денi бас қосып отыр. Қиыр жайлап, шет қонған жалба тымақты бiреу көргенде: «Поу, мына «Қызыл Туың« тiптi қала болып кетiптi ғой!» деп таңдайын тақылдатар едi. Бiрақ «қала» дегенде, əзiрге суы мол, шұрайлы кең жазықтарға қоныс тепкен орыс селолары секiлдi емес. Тəртiппен қатар түзеген көшелерi жоқ. Тамы мен қамыс күрке, жеркепесi аралас, ағайын-ата қуалай, сиырдың бүйрегiндей боп шоғыр-шоғыр орналасқан. Күзге салым от түтеткен шаңырақтың ұзын саны жүз елуге жетiп жығылатын. Ендi, мiне, қисая ұшқан қара түтiн құлап бара жатқан тiреу ағаштай ауыл үстiнде қадау-қадау қыңырайып тұр. Жалпылдап топ-тобымен ұшып жүрген қарғадан көз шұбартқандай. Əне шеткi үйдiң тұсынан тояттаған кезқұйрық па, қарақұс па – қанатын самарқау қағып көтерiлiп барады.

ЖАЛҒАСЫ БАР...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар