Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Уақыт сөз беріп тұр маған бүгін» әдеби-сазды еске...

01.03.2017 6146

«Уақыт сөз беріп тұр маған бүгін» әдеби-сазды еске алу кеші

«Уақыт сөз беріп тұр маған бүгін» әдеби-сазды еске алу кеші - adebiportal.kz

Қаһарлы қыстың соңғы күнін Қарағанды «Болашақ» маңызды білім беру колледжі жауһар жырмен, әуелеген әнмен шығарып салды. Жас ұрпақ бойына білім мен тәрбиенің дәнін қатар сеуіп келе жатқан, жақсылықтың жаршысындай болған «Болашақ» колледжінің ұйымдастыруымен ақпан айының 28-жұлдызында Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында дәстүрлі «Қазыналы қара өлең» фестивалі аясында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Дәуітәлі Стамбековтің туғанына 70 жыл толуына орай «Уақыт сөз беріп тұр маған бүгін» атты республикалық әдеби-сазды еске алу кеші өтті. 

414b8a84520d648c1ed789fb2c92721d.jpg

ef062635a76cf44d84e3695dab81cff9.jpg

0f3133c25332fe4d5d458936c4656ecc.jpg

1ec50812755395f82e53b631dbf38d47.jpg

2a71db7d89a9793acbcd61039d2e984a.jpg

93665bfc28ce6ebbec22d4b6c61bf74e.jpg

b52f756a42ee8bb5e84acc487996788f.jpg

cae2af31637f524786cf68bf96f1ec1b.jpg

9e435d22733a990b61d9fc92dbdbdf16.jpg

168fe120e192d92ff00006f5ab1995c0.jpg

eada2030b245677e2b37aef10810ceba.jpg

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім ақын айтқандай, бұл кештің алдыңғы кештерден жөні бөлек болды, себебі кеш республикалық деңгейде аталып өтті. Аталмыш жыр жəрмеңкесі идеясын осындай үлкен деңгейде аталып өтілуін жүзеге асыруға белгілі өнер жанашыры, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті мəжілісінің депутаты Н.О. Дулатбеков сүбелі үлесін қосты. Артына өшпес із қалдырған ақын Дәуітәлі Стамбековтің жауһар жырлары арқылы жас ұрпақты әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелей отырып, өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұраларының өміршеңдігін ұғындыру, поэзия әлемінің сырын ашу мақсатындағы кеште өлең өлкесіне өткен ғасырдың 70 жылдары қалам қуатымен, өзіндік өрнегімен келген талантты ақынның өлеңдерін колледж студенттері нақышына келтіре оқып, тыңдарманның жүрегін тебірентсе, колледж оқытушысы Ә.К. Түсіпбаева ақынның сөзіне жазылған «Таңғы тілек» әнін тамылжыта орындап, көрермен көңілінен шықты. 

Ақынның  туған жеріне деген ыстық ықыласына толы «Туған жер» атты әнінің тұсауы осы кеште колледждің вокал тобының орындауында кесілді. Қазақ телевизиясының алтын қорында сақталып қалған ақынның жарқын бейнесімен, әуезді үнімен қауышқан көрермендер ақынның өзімен жүздескендей әсерде болды. 

Дәуітәлі ақын туған топырақтан түлеген әншілер Дәуренбек Әркенов, Гүлдана Мақшонова және Ақтоғай ауданының аты аңызға айналған «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблі ақын кешінде әсем әннен шашу шашты. Өлмес өлеңімен қазақ жырының көкжиегін кеңейткен, ұлттық поэзияның белді өкіліне айналған Дәуітәлі ақынның тонның ішкі бауындай етене араласып, ғұмырдың ең бір шұғылалы да шуақты күндерін бірге өткізген қаламдас достары «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы Астана филиалының директоры, ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы, драматург Роза Мұқанова, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, белгілі қаламгер Жанболат Ауыпбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Президент стипендиянты, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Абзал Бөкен сынды тағы да басқа ақын-жазушылар, аға-бауырлары, ошағының отын сөндірмей отырған аяулы жары – Фарида апай, ұл-қызы осы кештің құрметті қонағы болды және сахна төріне шығып, ақынмен бірге өткізген кездерінен есті естеліктер айтты. 

Ақынның туған жерінен келген Ақтоғай ауданының мəслихат хатшысы Р.Əбеуов осындай игілікті іске себепкер болған колледж ұжымына аудан халқының атынан алғысын білдіріп, естелік сыйлық табыс етті. Ұлт руханиятына қатысты осындай көптеген игі бастамаларға мұрындық болып жүрген «Болашақ» колледжі əкімшілігі атынан сөз алған директордың орынбасары Салтанат Құсманқызы Дәулетбаева кештің қорытынды сөзін сөйлеп, Дәуітәлі ағамыздың шаңырағының алтын діңгегі боп отырған аяулы жары Фарида апайға жəне барлық жиналған қауымға алғыс айтты.

Қасиетті қара өлеңнің киесіне тәу етіп, иесін төрге шығарған кеш ойға азық, бойға қуат сыйлады. Ұлттық поэзияны ұлықтаған аталмыш кешті колледж оқытушысы, ақын Ілияс Мұқаев жүргізді.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар