Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Уильям Фолкнер: Жақсы жаздым ба, жаман жаздым ба о...

10.01.2017 2901

Уильям Фолкнер: Жақсы жаздым ба, жаман жаздым ба оны да білемін

Уильям Фолкнер: Жақсы жаздым ба, жаман жаздым ба оны да білемін  - adebiportal.kz

Сіз қазіргі жас жазушылардың жағдайы туралы не ойлайсыз? Оларға қысқа бір әңгімесін жарыққа шығару да қиынға айналды ғой? Баспалардың саны да қысқарды.

– Жас жазушыға жетістік жайлы ойлап қиналудың еш керегі жоқ. Ол жайлы мүлдем ойламау керек. Жетістік – әйел заты секілді. Әйел табиғатына қатты ұқсас. Сен оған қатуланған сайын, ол саған мейірін төгеді, жақсы көреді, сенің қамыңды ойлайды. Ал сен оған мейірлене бастасаң, бәрі керісінше бола бастайды. Білесіз бе, менің жеке бір фонд құрғым келеді. Қайта өрлеу дәуіріндегі меценаттар сияқты болғым келеді. Жас жазушылар мен суреткерлерге арнап үлкен бір үй тұрғызсам деймін. Суретшілерге қалағандарынша керек құралдарын, ал жазушыларға қағаз бен жазу машинкаларын берер едім. Немесе қалаулары бойынша қалам не қарындаштарды. Олары таусылса жаңаларын кеп ала алса. Әрқайсысының баспанасы, тамағы және темекі, виски секілді ұсақ-түйекке, сүйіктілеріне жаңа көйлектер сыйлауға азын-аулақ ақшалары болса. Осы жағдайлар жасалған соң, олардан жылына бір роман немесе сурет талап етер едім. Одан көп болса да болады, бірақ жылына біреу міндетті түрде. Өкініштісі, бұған менің қолым қысқа...

– Сіз өз шығармаларыңыз жайлы басқалармен сырласуды қалар ма едіңіз?

– Жоқ. Өзімнен басқа ешкім менің не жазатынымды, қалай жазатынымды білген емес. Өзім жақсы жаздым ба, жаман жаздым ба оны да білемін, сеземін. Басқа ешкім де олай айта алмас еді. Егер мен жақсы жаздым деп тапсам, басқалардың не ойлағаны маңызды болмай қалады.

Ал әдебиет сыншылары мен жазушылар фолкнерлік мәтіндер жайлы «санадан тыс ой ағыны» (подсознательный смысл), «символдық мағына» (символические содержание) деген терминдерді қолданып жатады, осы жайлы не айтасыз?

– Оларды ешқашан оқымадым... Бірақ олардың «Мен өлім құшқанда...» («Когда я умирала») сияқты романдарымдағы әлеуметтік бейнелерді талдауларын құлағым шалғанда аздап көңілім толмай қалатынын да жасырмаймын...

Мүмкін, бұл жалпылама сұрақ шығар. Сонда да сұрайын, сізге идея қалай келеді? Сіз шығармаларыңызды қалай жазасыз?

– Барлығы өмірлік тәжірбие, ойлар мен оқиғалар. Әрбір оқиға жайлы ойланамын. Осы оқиғаға адамдар қалай тап болды, оған не себепші болды, осы оқиғадан соң адамдар өздерін қалай ұстайды – дегендей. Соның бәрін зердемде ұстаймын. Барлық кітаптарым мен әңгімелерім дүниеге осылай келді. Мен шабытқа сенбеймін. Мен барлығын өз өмірімнен жаздым, өзім куә болған, өзгелерден естіген оқиғалардан қорытып. Меніңше, әдебиетшілер менің кітаптарымнан мен жазғаннан да үлкен жаңалықтар іздейді. Маған түрлі оқиғаларды, адамдардың жағдайлары мен мінездерін суреттеу ұнайды. Бар болғаны осы. Автор өзінің қандай әдеби теориялар негізінде жазып жатқанын ешқашан білмейді, ойламайды да. Біздің жасағымыз келетіні – өзімізге әсер еткен өмір сәттерін, адамдарды, айналаны шамамыз жеткенше көркем түрде жеткізуге талпыныс жасау. Мен өз кітаптарымды қайта жазсам, олар тіптен жақсы болып шығар еді. Бірақ сонда да оларға көңілім толмас еді. Жазушы өз шығармашылығына ешқашан толық разы болады деп те ойламаймын. Керісінше көңілі толған сәтте, өзін-өзін өлтіруден басқа ешбір амалы қалмас еді. Жазушы болу – ең қиын мамандықтардың біреуін игеру деген сөз. Жазушы – қиял адамы, сондықтан да оған тоқтаусыз еңбектену керек. Бұл жалғыздықта өтетін қиындыққа толы еңбек жолы, ал нәтиже үнемі қалағаныңдай болмайды. Қайта-қайта талпыныс жасайсың, алға жылжу бәрібір оңайға соқпайтын кездер болады. Бұл ауыр жолдың ақысына жазушы не алатынын да білмеймін...

Сіз бар болғаны түрлі оқиғаларды жазып жеткізу ұнайды дедіңіз. Алайда сіздің шығармаларыңыздан түрлі философиялық ойларды да тауып жатамыз. Барлық шығармашылығыңызды біріктіретін тақырып, ой, немесе басқа бір мақсат-мүдде бар ма?

– Менің кітаптарымның барлығына бірдей ортақ тақырып жоқ-ау. Ал егер бар деп қарасақ, ол адамға деген сенім, адамның барлығына қарсы тұра алатын төзімділігі мен тағдырға бас имеуге деген талпынысы шығар.

Бірақ та сіздің көптеген кейіпкерлеріңіз тағдыр талауына түседі ғой?

– Жоқ дегенде бір кейіпкер барлығына қарсы тұрып, өз тағдырын жеңеді.

Дегенмен де көптеген кейіпкерлеріңіз қарсы тұра алмай, ақыр соңында ажал құшады ғой.

– Ол маңызды емес. Олардың өлуі – ешқандай мәнге ие емес. Қалай ажал құшатындары ғана мағыналы.

Сонда қалай ажал құшу керек?

– Өз шамалары жететіннен де үлкен істерге ұмтылып жүріп өлу. Жеңіліске қарсы шығу, ол мүмкін болмаса да.

Келесі бір сұрақ. Өз шығармаларыңызға қалай қарайсыз? Өзіңіз қатты жақсы көретін кітабыңыз бар ма?

– Мен өз кітаптарымды оларды жазу барысында төгілген тер мен азабы арқылы бағалаймын. «Мен өлім құшқанда» кітабын жазу оңай болды, оңай. Tour de force (Еңбекке дағдылану). Оған тек алты апта ғана уақыт кетті. «Айғай мен ашу» («Шум и ярость») романы мені көп азапқа салды. Бес жылымды осы романды реттеу мен қайта жазуға жұмысадым. Бірақ бәрібір аяқтай алмадым...

Сіздің қазір оқырмандарыңыз көбейді. Ол сіздің жазуыңызға әсер ете ме?

– Жоқ... Мен жазу барысында кітабымды басқалар оқитыны жайлы мүлдем ойланбаймын. Жас кезімде де мені біреулер оқитыны туралы ой келмеуші еді. Қазір біраз іс тындырдым ғой (күліп). Әрине, менің кітабымды басқалардың оқитыны қуаныш сыйлауы заңдылық, бірақ ол жайт менің жазуыма мүлдем әсер етпейді.

Жақында баспа беттерінде сіздің америка әдебиетінің бес өкілін дәрежелеп атағаныңыз жайлы жазды. Олардың реттік көрсеткіші: Вулф, өзіңіз, Дос Пассос, Колдуэлл және Хемингуэй. Солай ма?

– Жоқ, олай емес. Мені дұрыс түсінбеген ғой. Жазушыларды бұл рет бойынша қою себебім мынандай: олардың не жасағысы келгені және бұған қаншалықты жеткені. Том Вулфты бірінші орынға қою себебім – оның мақсат-мұраты өте жоғары еді. Ол өз кітаптарына барлық әлемді енгізгісі келді, бірақ жеңіліс тапты. Оның жеңілісі өте ерекше еді. Одан соң мен. Вулфтен кейін мен талпыныс жасап, жеңіліс таптым. Менен кейін үлкен мақсатты Дос Пассос, Колдуэлл және Хемингуэй алдарына қойды. Хемингуэй көптеген жетістіктерге жетті, бірақ сол жеткен деңгейінде тоқтап қалды. Мына әлемді толық қамтуды мұрат етпеді.

Сіз жас жазушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Оларға бастысы – үздіксіз жазу. Жарыққа шығуды көп ойламаса да болады. Сөз құрап, оны қағаз бетіне түсіре білсе болғаны. Өмір соңында «мұнда Килрой болды» деген таңба қалса бастысы. Қалғаны маңызды емес. Табысқа жетуге көп көңіл бөлуге болмайды. Айттым ғой, ол – әйел заты секілді... Оның соңына түспесін. Сонда ол сіздің соңыздан ереді. Маңыздысы: сенің бірдеңе жасағаның. Француздарда «бабье лето» деген түсінік жоқ. Өкінішті.

Аударма ықшамдалып алынды

Нұрқанат Шаймұратұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар