Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлан Еркінбай. Тілдастан

16.01.2021 2432

Ұлан Еркінбай. Тілдастан 12+

Таяуда «Тіл эпопеясы немесе рухани жаңғырудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы» деген атпен белгілі ғалым, профессор Дандай Ысқақұлының кешенді еңбегі оқырманға жол тартты. Кешенді дәуіміздің өзіндік мәні бар. Себебі, көлемі 60 баспа табақты құрайтын бұл кітапта, қазіргі жаһандану дәуірінің мәдени өміріндегі ғаламдық ауқымда жүріп жатқан тілдік құбылыстар саяси-әлеуметтік, қоғамдық, тарихи, филологиялық, түркітанымдық тұрғыдан жан-жақты талқыға түскен. Төрткіл дүниенің тілдік тұрпатынан бастап, түркі тілдерінің, оның ішіндегі ана тіліміздің тағдыр-талайы, жүріп өткен жолдары мен бүгінгі күнгі жай-күйі, болашағы кеңінен сараланған. Қазақ тілінің болашағына қызмет ететін түркі халықтарының ортақ әліпбиі, тілі, терминдері, рухани құндылықтары сияқты мәселелер де назардан шет қалмаған. Бастысы бұл еңбекте халқымыздың ұлттық даму, рухани жаңғыру жолындағы ұлы күресіндегі қазақ тілінің тарихи қызметі жан-жақты көрініс тапқан. Ендігі кезекте осынау іргелі еңбектің кейбір тұстарына тоқтала кетсек.

Ұлттың ұлт болып қалу не қалмауының шешілетін ғасыры

Кітаптың бастапқы бөлігі қазақ тілін әлем тілдері аясында қарастыруға негізделген. Бұл ретте, ғалым жаһандану дәуірінің өзіндік ерекшеліктеріне кеңінен тоқталған. Өркениеттер қақтығысы теориясының авторы Самуел Хантингтон «Адамзатты жіктерге бөлетін маңызды шекаралар мен кикілжіңдердің басым сипаттағы пайда болу көздерін енді мәдениет айқындамақшы» дейтін тұжырымы бар. Демек, жаңа жүзжылдықтың күрделілігі жаһандану дәуіріндегі ұлттардың мәдени ерекшелігіне қатысты болмақ. Бұл туралы Елбасымыз да жаңа дәуірдің тамырын дөп басып айтқан болатын-ды: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?» (Н. Назарбаев. Рухани жаңғыру. «Егемен Қазақстан», 12.04.2017).

Осыған орай, ғалым Дандай Ысқақұлы «жаһандану» терминіне кеңінен тоқталады. Жаһандану («глобализация») терминін алғаш рет Р. Робертсон 1983-жылы тура осы мағынасында қолданыпты. Солай болғанымен де бұл сөз термин ретінде он жылдай уақыт елеусіз қалып келген. Тек тоқсаныншы жылдардың басында әлемдік социалистік жүйе құлап, енді болашақ қоғам қандай болмақ деген мәселені талқылаған кезде барып, бұл дайын тұрған терминнің бағы ашылып, газет-журнал, зерттеулердің беттерін бермейтін, саясаткерлердің аузынан түспейтін болды.

Бұл ұғымға қатысты көптеген анықтамалық тұжырымдарды ұсынған Д.Ысқақұлы жаһанданудың басты ерекшеліктері ретінде:

а) қоғамдық өмірдің дамуы барысында түрлі елдерде өмір сүріп жатқан халықтардың арасындағы өзара байланыстардың күшейе түсуін;

ә) қаржылық, немесе тауарлар мен қызмет көрсету саласын қамтитын әлемдік экономиканың әлемдік базарының пайда болуын;

б) кез-келген уақытта жұмыс жасап, қажеттілікті қамтамасыз ете алатын ғаламдық ақпараттық кеңістіктің қалыптасуын;

в) білімнің қоғамдық байлықтың негізгі элементіне айналуын;

г) халықаралық қатынастардың күнделікті тәжірибесінде адам құқықтарын қамтамасыз ететін либеральдық-демократиялық құндылықтардың басымдық танытуына тоқталады.

Ал түпен келгенде аталған ерекшеліктердің әсері адамдардың бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі өмір сүру салттарының орнына сырттан таңылған жаңа ұстанымдардың таңылуына алып келмек. Бұл үрдістің қауіптілігі де осында болса керек.

Бұл тұрғыда академик Рақманқұл Бердібайдың тұжырымы орынды келтірілген: «Ғаламданудың мақсаты – халықты тарихынан, дәстүрінен, әдет-ғұрпынан бездіріп, дүниеге көзқарасын өзгертіп жіберу. Ғаламдану идеологтары жас қауымды тек қарнының тоқтығын, киімінің бүтіндігін ойлайтын мәңгүрт етуді көздейді».

Ал ортақ мәдениет жасау, мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін жою, ұлт тілдерін, сол тілдерде жасалынған ұлттық құндылықтарды, яғни ұлт атаулыны құрту арқылы ғана мүмкін. Сондықтан да Батыстың идеологтары жаһандану барысында қазіргі замандағы қоғамдық құрылыстың негізі болып табылатын этностық, ұлттық топтардың барлығы да табиғи түрде жойылып, жаңа жалпыхалықтық қауымдастық өмірге келуі заңды дегенді құлаққа құйып жатқаны бүгінгі күні жаңалық емес.

Жаһандану дәуіріндегі тілдер

Қазақ тілі – қазына мен қасиетке толы. Сөздік қоры жағынан ағылшын мен араб тілінен кейін аталып жүргені де негізсіз емес. Кітапта қазақ тілінің болашағы әлем тілдеріне қатысты дәйектемелік ақпараттар аясында сараланады. Мәселен, әлем халқының 96 пайызы 6 000 тілдің 4-ақ пайызын қолданады екен. Бұл өз кезегінде әлем тілдерінің 50 пайызының жойылып кету қаупін тудырып отыр. Сонымен қатар, «ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, 2004 жылы әлемде 6809 тіл болған. Осы тілдердің тең жарымы 8 елде, атап айтқанда, Индонезия, Мексика, Бразилия, Камерун, Индия, Қытай, АҚШ, Ресей мемлекеттерінде. Соның ішінде ең көп тілділері Үндістанда 845, Папуа-Жаңа Гвинеяда 820 тіл бар» дей келе, «Әлем халқының 80 пайыздайы негізгі 80 тілде, ал қалған 3,5 мың тілде тек 0,2 пайызы ғана сөйлейді. Жер бетіндегі тілдердің 96 пайызында жалпы халықтың 3-ақ пайызы, қалған 97 пайызы барлық тілдердің 4 пайызын қолданады. Осы 97 пайыз - басына қауіп төніп тұрған жергілікті ұлттардың тілі. Сонда жойылып бара жатқан тілдермен бірге жер бетіндегі ұлттардың 97 пайызы құритындығы адамзат қоғамы орны толмас гуманитарлық апат екендігі түсінікті болса керек» деген пайым жасайды.

Әлемдегі ең көп тараған 25 тілге /ағылшын, қытай, хинди, испан, орыс, араб, бенгал, португал, малай-индонезия, жапон, француз, неміс, урду, пенджаб, корей, телугу, тамил, контон, ву, итальян, түрік, тагил, тай, немесе сиам, миннан, суахили/ талдау жасай келе ғалым: «Жер шарындағы адамзат баласының тең жарымы, яғни 3,2 миллиард адам кең тараған 20 тілді өзара қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланады» дейді.

Жаһандық өзгерістер аясындағы әлем тілдерінің тағдыры кеңінен сараланған бұл тарауда, қос тілде сөйлейтін ұлттар да зерттеу нысанынан тыс қалмаған. Мәселен мордвалықтардың мокшан, эрзан тілдерінде, мари шығыстық, таулы-қыраттық тілдерінде, осетиндер болса иран, дигор тілдерінде, еврейлердің иврит, идиш тілдерінде сөйлейтінін айта келе, әрбірінің тілдік ерекшелігіне тоқталады. Сонымен қатар, тілінен айрылып қалғанымен ұлттық мәдениетінің негізін сақтап қалған этностар жайлы да мол мағлұмат келтірілген.

Жалпы өмірге келген әрбір адамның өзін қоршаған қоғамнан, табиғаттан тыс өмір сүре алмайтындығы, оның болашағы айналасымен қарым-қатынасының қалай құрылуына тікелей қатысты болатындығы сияқты ұлттардың дамуында да бұл - ерекше маңызға ие. Адамдардың бақыты отбасынан басталып, ары қарай ағайын-туыстарымен, көршілерімен, әріптестерімен, жерлестерімен, достарымен, пікірлестерімен дегендей, жалғаса береді. Сонда жақсы адамның достары, тілеулестері көп болып, ол ұлттық, мемлекеттік деңгейге көтеріліп, халқына қызмет етеді. Дәл сол іспетті, ұлттың да, сол ұлт құрған мемлекеттің өмірі де осы сияқты өзін қоршаған елдермен қарым-қатынастарына тікелей байланысты. Кітапта осы заңдылық кеңінен көрініс тапқан. Әлем тілдерінің тағдырын кеңінен талқыға түскен бұл тарауда ғалым қазақ тілінің болашағына да қатысты пайым жасайды. Ол тұжырым туыс тілдердің бірлігіне келіп тіреледі: «Әрбір ұлт алдымен, туыстас халықтармен, көршілерімен туыстық, тату-көршілікте болып, содан кейін барып, басқа елдермен де араластарын дамытуға тиіс. Бұл – табиғи дамудың, бейбіт қатар өмір сүрудің даңғыл жолы. Сондықтан біздің де жаһандануда ғасырлар бойы адамзат тарихының күре жолдары арқылы дәлелденген осы бағытпен, яғни түркі тектес халықтармен достық, ынтымақтастық, аралас-құраластық жолымен жүргеніміз абзал. Біз үшін жаһандасу алдымен, туысқан түркі халықтарымен бұрынғыдан да жақын араласа түсу, жат-жұрттықтардың жағымсыз ықпалына көп түсе бермей, олардан пайдалы, аса қажеттілерін ғана алып, өзіміздің ұлттық, түркілік құндылықтарымызды, болмысымызды бірлесіп байыту, сақтау бағытында болуы керек. Сонда біз өзімізбен бірге, басына жойылу қаупі төніп келе жатқан басқа да бауырлас ұлттардың аман қалуына септігіміз тиетін болады. Мұның өзі бір ғана ұлттың емес, түркі халықтарының барлығының да мүддесіне сай келетін, соған қызмет ететін бірден-бір тура даңғыл жол болып табылмақ».

Түбі бір түркі тіліенен ұлттық жаңғыруға дейін

Кітаптың бұл бөлігі түркі тілдерін жүйелеудің ғылыми ұстанымдарына арналған. Бұл мәселеге қатысты әлем ғалымдарның жіктеу үлгілері де молынан берілген. Тілдерді топтастырудың туыстық, географиялық, тілдік, әлеуметтік негіздері талданған. Жаһанданудың әсеріне ең алдымен, ұшырайтын ұлттық тіл екенін ескерсек, профессор Дандай Ысқақұлының бұл еңбегі ұлт ретінде сақталып қалу турасындағы жүрекжарды ойларға толы. Әсіресе, «тіл майданында тілін сақтай білген ұтады да, сақтай білмеген барлық жағынан да ұтылып, соңында жұтылып тынады. Қазақ тілінің жағдайына келгенде, осы уақытқа дейін жетістіктерімізге қарағанда, өз шешімін таппай жатқан мәселелердің, ұтылыстарымыздың басым жатқандығы ойлантпай қоймайды» дейді ғалым.

Түркілер тарих сахнасына шыққаннан бастап, түркі халықтарының бірлігі күн тәртібінен түскен емес. Кітапта бұл мәселе басты идея ретінде өрілген. Түркілік руханияттың көшбасшылары болған Қорқыт, Махмұд Қашғари, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, Әлішер Науайы, Низами Гәнжәуи, Физули, Мақтымқұлы, Рабғузи, Молла Панах Вагиф, Машраб Бабарахым, Мырза Алекпер Сабыр, Абай Құнанбайұлы, Зия Гөк Алып, Ғабдолла Тоқай, Абдурауф Фитрат, Абдулла Қадыри, Ахмет Байтұрсынұлы, Заки Валиди Доған, Ысмайыл Ғаспарлы, Мағжан Жұмабаев, т.б. түркі тілдерінде қалдырған шығармаларында ел бірлігін, тыныштықты, өзара ынтымақтастықты жырлап, әлемдік өркениеттің үлкен бір саласына айналған түркілік мәдениеттің классикалық үлгісін жасағандығы да тілге тиек етілген.

Ортақ тіл – өмір талабы екендігін алға тартқан ғалым «Тілдері фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жағынан бір-біріне жақын, ұқсас, туыстас түркі әлемі Тынық мұхитынан Атлант мұхитына дейінгі аралықта созылып жатыр. Қазір 40-тай (кейбір зерттеушілер – 25, енді біреулері – 49 деп, көрсетеді) тілде сөйлейтін 250 миллиондай адам өмір сүруде» деген тұжырым жасайды. Бұл тұрғыда кітапта: «Түркі тілімен сөйлейміз деген түркі балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түркі балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түркі тілінің келешек тарығында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы» деген Мағжан Жұмабаев пікірінің ғылыми-практикалық пайымдамасы жасалған деуге болады. Түркі халықтарының ортақ тілі туралы тұжырымында Дандай Ысқақұлы негізінен ортақ тілден гөрі ортақ қор құру идеясын алға тартады: «Түркі тілдерінің толық сөздік қорын жасауда алдымен, түркілік терминологияны бүгінгі күн талабына орай, ретке келтіру керек. Терминдерді бір ретке келтіру алдымен, түркілік терминологияның негізгі принциптерін анықтап алудан басталғаны жөн. Біздіңше, түркілік ортақ терминдерді қабылдағанда, алдымен, түркілік атауларға басымдық беріп, содан кейін барып халықаралық терминдерге жол ашылуы тиіс».

Кітаптың соңғы тарауы «Жаңа әліпби ұлттық жаңғырудың бастауы» деп аталады. Жалпы жазу, сызу өнерінің дамуы - адамзат қоғамы дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Әлемдік өркениеттер осы жазудың пайда болған кезінен бастау алады десе де болғандай. Адамзат баласының дами түсуіне түркілік өркениетімен үлес қосқан көк түріктің ұрпақтары осыдан 1500 жылдай бұрын сына жазуларын, яғни 35 әріптен тұратын әліпби ойлап тауып, әлемдегі ең көне жазба ескерткіштердің бірінен саналатын Орхон-Енисей жазбаларын қалдырды. Осы ретте, профессор Дандай Ысқақұлы жазуды - ұлттың дүниетанымын бейнелейтін графикалық пішіні ретінде қарастырады. Бұл тұрғыда ғалым, әліпбиіміздің соңғы ХХ ғасырдың өзінде-ақ өз еркінен тыс саяси мақсаттармен 3 рет өзгертілгеніне тоқталады. «Үш түрлі әліпбиді қолдану ұлтты іштей жікке бөліп, ұлттық дамуға, ұлттық тұтастыққа кері әсерін тигізгендігін» нақтылы мысалдармен дәйектейді. Бұл тараудың басым бөлігі жаңа әліпбидің стратегиялық мән маңызы мен ғалымдардың, қоғам белсенділерінің латыннегізді жаңа қазақ жазуына қатысты тұжырымдарын объективті тұрғыдан талдауға негізделген. Латыннегізді жаңа жазуға өтудің тарихи, ғылыми, тілтанымдық, экономикалық, әуелметтік, психологиялық түйткілдерін таразылай келе, «бұл ең алдымен түркі халықтарының рухани бірлігінің төте жолы» деген тұжырым жасайды.

Латын әліпбиіне көшу - қазіргі жаһандану барынша қарқын алып, ұлттық тілдерге, ұлттық мәдениеттерге, жалпы ұлт атаулыға қауіп-қатерді күшейтіп тұрған кезде ұлттық болмысымызды сақтап қалу бағытындағы заманның басты талабы. Біз жаңа әліпбиге көшу арқылы тіліміздің ұлттық, түркілік сыпатын қалпына келтіріп, сонымен бірге ұлттық рухани жаңғыру барысында әлемдік өркениетке де жақындай түсетін боламыз.

Тіл үшін күрес жалғаса береді

Тіл дастанының соңғы тарауы осылай аяқталады. Иә, расында ана тіліміз басты байлығымыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Кемелұлы да «Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деп, тіл мәселесі оң шешілген елдің ішкі бірлігі, қоғамдық өмірдің түрлі салаларында жүргізіп жатқан саясаты да дұрыс бағытта болып, мемлекетің де қуаты артатынын аңғартты. Себебі, тіл мәселесі - ұлттың, халықтың, сол ұлт пен халық өзін-өзі қорғау, сақтау мақсатымен құрған мемлекеттің ең бірінші шешетін, барлық уақытта назарда ұстап отыратын орталық мәселесі.

«Тіл - халықтың жаны. Сондықтан да тілдегі сырқаулар - ұлттың, халықтың жанындағы сырқаулар. Ауру асқынса, тірі жан өледі. Ұлт та сол сияқты; тілінің сырқаулары асқынып, біртіндеп құри бастаса, ұлт та біртіндеп әлсіреп, күндердің күнінде өмірмен қош айтысып, жоғалады. Бүгінгі қазақ қоғамындағы қостілділіктің, ана тілін білмей, тәрк етудің, ұлттық болмысын жоғалтып, басқа мәдениеттерге өтіп кетуінің салдарынан туындап отырған «мәңгүрттік» пен «көзқамандық» ұлт үшін аса қауіпті жағдайдың басталып кеткенінен хабар беріп жатқандай» дейді ғалым.

Кітапта еліміздегі тілдік ахуал 5 түрлі көрсеткіш аясында сараланған. Олар тілдің әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-демографиялық, өзіндік лингвистикалық, әлеуметтік-функциональдық және ұлттық-мәдени көрсеткіштері. Сонымен қатар, соңғы бес жылда қоғамда жиі талқыға түскен бастауыш мектепте тек мемлекеттік тілде оқу мәселесі де кітаптан едәуір орын алған.

«Әлемнің көптеген елдерінде, атап айтқанда Түркияда, Жапонияда шет тілі оқушылардың ойлау жүйесі бастауыш сыныптарда ана тілі негізінде қалыптасқаннан кейін барып, 13 жасынан бастап оқытылады. Мұның өзі адамның биологиялық, физиологиялық, әлеуметтік ерекшеліктерінен барып туындаған, әлемдік білім беру саласында өзін тәжірибеде ақтаған бірден бір дұрыс жол екендігін өмір көрсетіп отыр». Осы тақырыпқа орай академиктер Р.Сыздықованың / «Үш тілді бірден оқытқанда бала­ның ана тілі болмайды» /, А.Жұмаділдаев /«Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз»/ сынды т.б. ғалым, мамандардың тұжырымдары толыққанды талдау нысанына алынған.

Кітаптың едәуір бөлігі мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейін саралауған арналған. Дүниежүзілік тәжірибеде мемлекеттік қызметкердің өз мемлекетінің тілін білмей қызмет атқаруы мүмкін емес. Қазақстанның заңы бойынша да әрбір мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Алайда бізде бұл заң орындалмай отыр. Кітаптан мысал: «Мәселен, Орал облысында 2013-2015 жылдары барлығы 5772 мемлекеттік қызметкер «Қазтесттен» өтіп, соның 904-і ғана мемлекеттік тілді толық меңгергендігі жөнінде сертификат алған. Ал 2015 жылы «Қазтестен» 667 мемлекеттік қызметші өтіп, солардың тек 321-і ғана тиісті деңгейден көріне алған. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің тек 50 пайызы ғана мемлекеттік тіл сынағынан өтті деген сөз. Қалған 50 пайызы мемлекеттік тілді өз деңгейінде білмесе де, мемлекеттік қызметті атқарып жүр» деген сөз.

Әрине, тіл меңгеру ісін кешенді қарастыру керек. Дей тұрғанмен, кітапта бұл мәселенің стратегиялық тұстары мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан сараланған. Бастауыш білім мен мемлекеттік қызмет қазақ тіліне басымдық берсе қалған мәселе табиғи түрде қалпына келмек. Сол себепті «Күнделікті әлеуметтік өмірде туындап отыратын тіл мәселелерін күн тәртібіне дер кезінде қойып, шешіп отыратын тіл саясатын жүзеге асыру - қоғамдық дамудың бірден-бір кепілі» екені анық.

Иә, «тәуелсіздік бәрінен де қымбат». Тәуелсіздігімізді түрлі шабуылдан қорғай білсек, ұлт ретіндегі ғұмырымыз мәңгілік. Бүгінде бүкіл әлем жаһанданудың ұлттық тұтастыққа зиянды тұстарымен ашық күресуде. Еуропаның алпауыт елдерінің өзі ұлттық құндылықтарын, ұлттық мүдделерін мемлекеттік, заңдық тұрғыдан батыл қорғауға көшті. Осындай сын сағатында Д.Ысқақұлының «Тіл эпопеясы» сынды кешенді еңбектің елдігіміз бен ұлттық дамуымызға берер мол деп санаймыз.

Ұлан ЕРКІНБАЙ

А.Байтұрсынұлы Білім Академиясының

директоры, филология ғылымдарының

кандидаты, доцент


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар