Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы туралы...

06.06.2023 2116

Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы туралы 14+

Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы туралы - adebiportal.kz

Кітап – адамның жанын байытып, рухани азық беретін құрал. «Адам кітап оқуын тоқтатқан күні, ойлауын да тоқтатады» деген ұлағатты сөз бар. Жақында қазіргі жастарымыз қандай кітап оқитынын білу мақсатында сауалнама жүргізген едік. Сауалнама барысында жастардың көбі кітап оқымайтыны белгілі болды, оқыған күннің өзінде шетелдің психология, мотивация тақырыптарынан әрі аспайды. Қоғамымызда халқымыздың батыстың әдебиетіне, психологиясына еліктеу мен өз ұлттық болмысымызды, құндылықтарымызды сақтап қалу мәселесі қатар көрініс береді. Осындай заманда жазушы Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабының жарық көруі ұлттың өз болмысын сақтап қалуға деген ұмтылысын көрсетеді. Жазушының бұл туындысының әзірге сегізінші рет басылып шығуы – қазақ халқының маңдайына біткен үлкен жетістігі. Қарымды қаламгер бұл еңбегінде көшпелі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, ұлттық құндылықтар, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптарды, ұлттық болмысты сөз етеді. Әңгімелерінің оқиғасы қызықты, бізге беймәлім игі қасиеттер дәріптеледі. 

Бала күнінен әңгіменің майын тамызар қарт-қариялардың сөзін естіп өскен Ұларбек Нұрғалымұлы өзінің оқырманға үлкен ой салар әңгімелерімен халықтың қалам тербеген сүйікті жазушысына айналды. Сегізінші рет басылып, халықтың ыстық ықыласына бөленген Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» атты кітабына тоқталып өтпекпіз.

«Дайағашшы» сөзінің мағынасын білесіздер ме? Бұл сөздің мағынасын жазушының шығармасы жарық көрмегенде, сіз бен біздің естімегеніміз айдан анық. Бірақ осындай «дайағашшы» сөзінің тарихта бар екенін дәлелдеп, ақпарат келтірген Ұларбек Нұрғалымұлы «дайағашшы» сөзінің мағынасын былай түсіндіреді: «Бәйгеге жетпіс ат қосылса, соның тең жартысына жуығына, яғни отыз атқа жүлде тігіледі. Ал осы отыз атқа бәйгеден келген кезде оларды ұстайтын отыз кісі топтан бөлініп дайын тұрады. Осы адамдарды «дайағашшы» дейміз». Қаламгер бұл әңгімесінде бәйге десе жанын берер қазақ халқының бүгінде ұмыт болған дәстүрін қайта жаңғыртты. Бұл дәстүрдің мәні дайағашшы ретінде ауылдың мал-дүние жағынан орталау, алайда елге сыйлы кісіні таңдайды. Көңілі босап жүрген адамның көңілін аулау, сол кісінің беделін көтеру, мерейін асыру дәстүрдің маңызына айналды. Жазушы әңгіменің басты кейіпкері Зейнелқабден ақсақалдың бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының жеті қазынасының бірі – жылқы жануарын қалай күтіп-баптайтынын, дәріптейтінін көрсеткен. Сонау алыс ауылдан келген жүйріктің құрметіне деп қолындағы жалғыз түйесін берген Зекеңнің әрекеті бар қазақтың кеңпейілді, жомарт әрі қонақжай қасиетін паш етеді. 

Белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай: «Мына «Дайағашшыны» оқығанда, әуелде бір күн, бір түн кетіп еді, артынан ұзақ таңға созып оқыдым. Осындағы көзге көрінбейтін кейіпкер менің өзім сияқты әсер қалдырды. Жас жігіттің өмірде кездескен, содан түйген пікірлері маған қатты әсер етті. Иненің жасуындай кішкентай нәрседен өмірдің жібін сабақтап өткізеді екен. Мұнда біз ұмытқан өмірдің тамыры бар. Осы бағыттағы жаңа бір прозаның қалтанағы көрінеді», - дейді.

«Дайағашшы – алғашқы бетінің өзінен қазақылықтың, тектіліктің, көрегенділіктің, салт-дәстүрдің иісі аңқып, айтары бар аузы дуалы ақсақалдардың әңгімесіне сусыныңды қандырып, қазақы қалжыңның керемет үлгісін көрсететін алтын қазына. М.Шахановтың өз шығармасында жазғанына сүйенсек, Грузияда әрбір ұзатылар қыздың жасауына қосылатын Шота Руставелидің кітабы – «Жолбарыс тонды Жиһанкез» секілді бұл кітапта салт-дәстүр мен қазақылықтан ажырап қалған әр қазақтың қолында жүрер компасы секілді», - деп жазушының шығармасына оқырмандары ерекше ықылас білдіріп, алған әсерлерімен бөлісуде.

Аталмыш кітапта сонымен бірге ене мен келіннің қарым-қатынасы, бала тәрбиесі, ар-ұят мәселесі, қазақтың мақал-мәтелдері, тұрақты сөз тіркестерін мағынасына сәйкес орынды қолдану секілді өзекті мәселелер қозғалған. Автор ұмыт болған салт-дәстүр, адами мінездер, көмескі тартқан көне сөздерімізді жаңғыртып, басынан кешкен хикаялары негізінде баяндайды. Қаламгердің кез келген әңгімелерінің оқырманға үлкен ой салар тәрбиелік мәні зор. Қазақ халқының өзіндік рухани болмысын, ұлттық кодын сақтап қалу, оны өскелең ұрпаққа насихаттау жолындағы баға жетпес құнды кітап.

Қаламгердің бүгінгі күні маңызын жоя қоймаған ене мен келіннің қарым-қатынасы туралы жазған әңгімелері жас отау құрған келін мен енеге үлкен өнеге болса, бала тәрбиесі жайлы, баланы үлкенге қызмет қылу, алғыс алу сияқты өнегелі іске кішкентай кезінен баулудың көрінісін «әжелер мектебі» әңгімесінде келтірген. 

Бүгінгі жастардың ешбір мәнсіз, мағынасыз әндер тыңдайтыны ақиқат. Автор аталмыш кітабында ескі әндердің мән-мағынасына тереңірек үңілуге шақырады. Жазушы сөзі мен әуенінде тереңдік жоқ әндерден адам жанына азық таба алмайды дейді. Әннің мәні адам жанына әсер етіп, одан ой түйетін мағыналы болғанда ғана тыңдарманның жүрегіне жететіні  түсінікті.

Қазақта «өлімнен ұят күшті» деген мақалдың мәні жазушының «Қар суымен кеткен жылқы» атты әңгімесінде айқын көрініс табады. Шығарма Жұмақын деген адамның бастан кешкен оқиғасын баяндаумен басталады. Әңгімеде Хасен деген ақсақалдың күні-түні тыным таппай іздеп жүрген жылқысын Жұмақын ақсақалдың сойып тастағаны жайлы. Автор бұрынғы замандағы адамдардың мінезіндегі сабырлық, мейірімділік, кешірімділік сияқты ізгі қасиеттерін,  қазіргі кездегі ұяттан безген адам мінездерімен салыстырады. Екі замандағы адам мінездерінің қарама-қайшылығын көрсетеді. 

Жазушы оған қоса бұл кітабында қазақтың көнерген сөздеріне түсіндірме берген. Көнерген сөздерді қайта жаңғыртып, қолданысқа енгізу, ұмытылып кеткен ұғымдарға түсіндірме беру арқылы оларды жалпыхалықтық қолданыста болғанын қалайды. Қазақтың мақал-мәтелдерін, тұрақты сөз тіркестерінің шығу төркінің, мағынасын түсініп, орынды қолдануға шақырады.

Жазушының әңгімелері қысқа болса да, оқырманға үлкен ой салар қызықты оқиғалардан құралған. Тілі өте жеңіл, барша халыққа түсінікті әдеби тілде жазылған. Оқиғалар желісінде кейіпкермен бірге толғанып, қуанып, арасында күйініп бір деммен оқып шығасың...

Бүгінгі күні атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды ұмытып, қазақы болмысымыздан ажырап бара жатқандаймыз . Байырғы «киікті ысқырып атқан, жауын оятып шапқан» ата-бабаларымыздың ұстанымын ұмыта бастадық. Осылай жалғаса берсе, түбінде қазақ қазақ болудан қалатын сияқты ма? Мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін не істеу қажет?

Ол үшін ұлттық болмысымызды аша түсетін, құндылықтарымызды дәріптеуге шақыратын осындай туындалар көптеп жазылуы қажет. Жазушының «Дайағашшы» кітабындағы әңгімелері бастауыш сынып оқушыларына арналған «Ана тілі» оқулықтарына енгізілуі тиіс деп ойлаймыз. Себебі бұл шығармаларда біз бармыз, ұлт бар. Өскелең ұрпаққа қазақ деген ұлтты, ұлтымыздың болмысын танытуда баға жетпес құнды еңбек деп білеміз. Қазақстанда тұрып біз бағалай алмаған құндылықты шекараның ар жағындағы қандастың қалай қастерлейтінін көрсеткен шығарма. Аталған кітап талай жанның көкірек көзіне сәуле құятыны сөзсіз. Ұларбек ағама шығармашылық табыстар тілей отырып, келешекте қаламгер қаламынан көлемді шығармаларын, романдарын асыға күтеміз.

Толқын Қалабай
ЕҰУ ІІ курс студенті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар