Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ұлы мұрат жолындағы қаламгер...

29.10.2018 4648

Ұлы мұрат жолындағы қаламгер

Ұлы мұрат жолындағы қаламгер - adebiportal.kz

Қайсар Әлім! Бұл кісіні мен Арқалықта оқып жүргенімде, кітапхана сөресіндегі қалың кітаптың арасынан «тауып» алған едім. Иә-иә, дәл солай. «Тауып» алдым дегенім – осындай жазушы, журналист барын үлкен жазушы Ә.Нұршайықов туралы естеліктер енген кітаптан оқып, білгенім ғой... Бәрін басынан бастайыншы. Жүрекке жазылған сезім сырларын, тәтті естелікке айналған өткен шақтың ұмытылмас сәттерін еске алайын. Бұл өзі өткенге барлау әрі рухани жақындықтың қалай бастау алғанын еске салар бір жақсы әдіс екен. Сонымен...

Қызбелдің ұланы

«Мен, Қайсар Әлімұлын миллетшіл қаламгер деп танимын һәм сол санаттағы сөз зергерлерінің қатарына қосамын. Өйткені, ол – алғаш қалам тербеген кезінен-ақ ұлт мұратын ұлықтаған қаламгер! 28,ІІ, 2012 ж, Арқалық шаһары». Бұл – біздің студенттік жылдарымыздағы «алтын дәптеріміздің» бір бетіне бедерленген ойымыз екен. Шамасы, пединститут партасындағы студент, болашақ әдебиетшінің ойы қате емес сияқты. «Сияқты» деймін ау, әбден дұрыс! Таңдайға Тәңірінің өзі салған сөз болар, бәлкім! Әлде, жүрек сенімі шығар. Кім білсін?! Әйтеуір, сары ауыз балапан күндегі ойымыздың дұрыстығы ғой. Енді осы ойды әрі қарай толықтырып көрейік. Ендігісі «дипломды» әдебиетшінің көзқарасы болмақшы ғой сонда.

Қайсар Әлім – жақсы қаламгер. Оның ұлтшыл бағытта жазуы заңдылық. Себебі: оның кіндік қаны тамған жер – қазақтың құт мекені – Қызбел. Бұл – Алаштың айбоз азаматы Міржақып Дулатұлының туған жері. Әлімұлының жүрегіне «ұлт», «Алаш», «Міржақып» деген сөздер бала кезінен-ақ, сіңіп, бүкіл қан тамырына таралған. Сол себепті де ол – жұдырақтай жүрегіне ұлан-ғайыр атырап – Қазақстанын тегіс сыйғызып, жүрек түкпірінен, сезім тереңінен тек шынайы мөлдір сөздерді ғана қалқып алып, оқырманының назарына ұсынады. Меніңше, Әлімұлының жорналшылдық, жазушылық жолы, мұрат биігі Қызбелінен басталған. Өйткені: оның туып-өскен, өнген ортасы – қарт Торғай, сан салалы, қазыналы бұ Торғайдың өзіне ған тән ғана құпиясы, құдіреті бар еді. Бала Қайсар жасынан Торғайдың өзіне тән құпия шежіресін көңіл зердесіне тоқып, ұлт ұясы атанған өңірдің қатпарлы тарихынан нәр алып, сөзі дуалы ақсақалдардың ғибратты әңгімелерін естіп өскен. Жасынан ана сүтіне қанып өскен, уызына жарып өскен екен! Міне, сол әке қаны, ананың ақ сүті арқылы бойына қонған талабы бүгінде – көпті сүйсінтті. Сүйіндірді. Қуантты. Қайсар ағекемнің жазғанын іздеп жүріп, ынтыға оқитын адамдарды да көргенім бар.

Жасынан ізденіп, оқыған-тоқығаны көп адамды «кәріқұлақ», «көнекөз» дейді ғой. Мен, әрине, Қайсар ағамның балалық шағының қалай өткенін көрмедім. Әйтсе де оның қандай қағілез, сезімтал, сөзұғар бала болып өскеніне зәредей шүбә келтірмеймін. Алаш зиялысы, Қайсар ағамның рухани әкесі, ұлы ұстазы Міржақыптың аузына Алла «Оян, Қазақ!» деген «тәтті» сөзді салған еді. Ол уақытта бұндай ұранды, тұғырлы сөзді оның замандастары айтпаған еді. Сол Міржақыптай алыптың кіндік қаны тамған қасиетті далада дүние есігін ашқан Қайсардай сәбидің тағдыр-талайына Алаштың сөзі қоныпты. Құты қоныпты! Бас газеттегі мақалалары немесе журналистік ойлары болсын оқырманын тебірентпей қоймайды. Ағамның жазған дүниелерінің астын қызыл сиямен сызып оқу – ескі ғадетке айналғалы қашан! Кей-кейде қатардағы бір мақаласынан-ақ, әп-әдемі бір сөйлемді тауып аламын да, япырау не деген келіскен сөйлем еді деймін ау. Таңданып, тамсанып қалғанымда, көркем шығармаға сұранып ақ тұрған сұлу сөйлем екен деймін. Мұндай сұлу сөйлемдер қызбел ұланының лексиконында жетіп артылады.

Қайсар ағаны қалай таныдым?

Мен, жазиралы Жетісу өңірінде дүниеге есігін ашып, атақты Маман байдың зәузаты қонған ауылдағы Алаштың айбынды перзенті Барлыбек Сырттанұлының есімі берілген мектепті тәмамдап, арман қуып, Алматыдағы журналистер ұстаханасы – ҚазҰУ-ға құжат тапсырып, журналист болмақ ниетпен журфакқа түскен ем... Бірақ, уағында жүрек қалауы – әдебиетке ауып, маңдайға жазылған тағдыр жолымен сонау Арқаға қоныс аударып, Торғайға өттім. Арқалықтағы Ыбырай ордасына оқуға түсіп, атақты ақын Айбек Қалиевтің шеберханасынан шыңдалып шықтық. Сол арайлы Арқалығымда оқып жүргенімде, сабақтан бос уақытымның көбі – №2 облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың ғимаратында өткен-ді. Бірінші курстың алғашқы күндерінің бірінде кітапханашы Зайра Сансызбайқызына: «Апай, мен осы курсымды тәмамдағанша, Торғай өңірінің тарихымен тегіс танысып, бұл өлкеде дүниеге келген қаламгерлердің шығармаларын оқып бітіруім керек» деп өзімнің жоспарымды таныстырғаным сол еді, әп сәтте-ақ менің дегенімді түсініп, маған кімдерді оқу керек екені жайында арнайы тізім даярлап берді. Алдымен Жақан Қосабаевтың «Торғай дуанын» оқып, Бөгетбай Әлмағамбет ақсақалдың, Н. Бектемісовтің, Ә. Абдуллиннің, Ж. Жүнісұлының еңбектерімен таныстым. Кейінірек Қ. Салғара, Қ. Сәрсекейұлы, Т. Әбдікұлы, С. Оспанұлы, С. Тұрғынбекұлы, Қ. Әлімұлының еңбектерімен танысуға мүмкіндік туды. «Білсем» деген жүректің талабын орындап, әр барған сайын жаңа «авторларды», мен үшін таңсық жаңа «есімдерді» көрсетіп, жол нұсқайтын Зайра апайымның арқасында Қайсар ағамның еңбектерімен танысып, оның жазғандарын құмарлана оқитын болдым. Бір күні оқытушым Ардақ Әмірханқызы Абдуллина екеуіміз Қ. Әлімнің еңбектерін талдап, пікір алмасқан едік. Қайсар ағаның қаламынан туған «Мұңды сапар», «Сейілмейтін мұң», «Сұлтанбек пен Бәтима», «Махаббат жыршысы» деп аталатын кітаптарын оқыған соң, автормен тілдесіп, көкейде жүрген көп жәйттерге байланысты пікір алмасқым келген-ді.

Алғашқы таныстық

Ең алдымен, Қайсар ағаны оның жазған-сызған дүниелері арқылы таныдым. Айтып өттім ғой. Кейін ағаның ұялы телефон нөмерін сұрастырып, тапқан соң, өзіне хабарласып, дауысын естіп, емен-жарқын сөйлесіп, бір рахаттанған ем. Арада біраз уақыт өткен соң, Қайсар аға өзінің «Сейілмейтін мұң», «Махаббат жыршысы» деген екі кітабына қолтаңбасын қойып, авторлық мөрін басып, маған беріп жіберіпті. Ой, шіркін, сол күні бұ ғаламда менен асқан, менен өткен бақытты адам болмаған шығар! Расымен, қуанып, төбем көкке екі елі жетпей, қатарлас студент достарыма мақтанып, кеуде кергенімді көрсеңізші! «Айтыңдаршы, қайсыларыңа сонау Астанадан «тірі» қаламгер кітабына ақ тілегін жазып, айдаладағы студентке салып жіберді!». Лепес еді. Әрине, бос лепес емес, шын қуаныштан туындаған сәт еді. Міне, осылай қатарластарыма, мұғалімдеріме қайта-қайта көрсетіп, мақтанайып кеп!

Қайсар ағаны жазған дүниелері арқылы әбден танып, оны күнде көріп, қол алмасып жүрген жақынымдай көретін едім. Екінші курстың екінші семестрі аяқталып, Арқалықтан Алматыға жол тартқанымда, Астанаға аялдаған поезд бекетінен сапарлас келе жатқан қарт жорналшы Жақсылық аға Жүнісұлына сәлем беру қамымен келген Қайсар ағаны бірден танып, сәлем беріп, мән-жайды айттым. «Айналайын!» деп кең құшағына қысып, арқа-жарқа әңгімелестік. Бұл біздің алғашқы жүзбе-жүз танысуымыз еді. Бүгінгі тілмен айтқанда, «офлайннан» «онлайн» күйге өтудің басы еді. Содан кейін мен оқуымды тәмамдап, бас шаһарға келдім. Ендігісі түрлі жиын той, бас қосуларда Қайсар ағамен жиі кездесіп, әңгімелесіп тұруға ұласты. Бұл – рухани жақындықтан, шығармашылық жантуыстықтан туындаған ұлы махаббат еді!

Ұлт жауһарын ұлықтаған

Сөзіміздің беташарында Қайсар Әлімұлын ұлы мұрат жолындағы қаламгерлердің қатарына жататын айттық. Тағы да қайталап айтамын. Мәселен, оның ұлы мұраты – сонау жас дәурен, балғын кезінен-ақ қалыптаса бастаған. Осы күндері совет үкіметін қаралап, ел тарихын түгендей бастағандардың қатары көбейді. Дұрыс ақ! Қызғанбайсың ғой, бірақ, осы жазғыштардың дені сол темір құрсаулы совет заманында, күнкөсемді, Сталинді жырлап, соларды дәріптеді емес пе! Жә, оны да түсінелік. Кім жазбады дейсің, заман солай болды ғой деп қанша түсінуге тырыссаңда, сол совет заманында жүріп-ақ ұлтшылдық көзқарасын анық білдіргендер болғанын байқайсың.

Тегінде, Қайсар Әлім – зерттеуші-қаламгер. Осылай десек, жаңылыспаймыз. Және әбден лайық. Оның Торғай өңірінен шыққан аяулы перзенттеріміз, ұлт мақтаныштарымыз туралы жазғандарының өзі не тұрады! Маған қашанда болсын ыстық һәм бәсі жоғары тұратын ерен шығармасы – «Алашшыл жүрек». Бұл – Алаш шаһбазы Міржақып Дулатұлының рухына сұлу сөзбен соғылған әдеби ескерткіш! Менің ұғымымдағы Міржақып – Алаштың аса мәдениетті шын зиялысы, жақсысы, таңдаулысы еді. Ол – ерен еді. Ол – зерек еді. Ол – бөлек еді. Оның жан-дүниесін, ұлтқа деген алабөтен махаббатын шын аңсарымен, шын ниетімен ұғынған жазушы інісі – Қайсар Әлім оның қоғамдық қызметін, демократтық көзқарасын, ақындық, жалпы қаламгерлік творчествосын жоғары бағалап, жеріне жеткізе отырып қара сөзбенен өрнектеп, жоқтауын айтып мұңдады; жырақта қалған сүйегін тауып, еліне әкеліп арулап жерледі; «мұңды сапарды» басынан өткер-ді.

Журналист, алаш тарихының тамыршысы, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» деген бес батпан беделі бар азаматтың адамгершілігі мен қайраткерлігі, ұлт қызметі жолындағы аянбай атқарған істері – мен сияқты жастарға қашанда үлгі, өнеге.

Сөз соңында бір ғана айтарым бар: Алашшыл ниетіңізден туындаған ұлы мұрат жолындағы ізденісіңіз – шығармашылық ләззаттың бал шырыны болсын!

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар