Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлықбек Есдәулет. Бес бит

11.03.2019 1429

Ұлықбек Есдәулет. Бес бит

Мен кіріп келгенде ақын Әбді Рахман ағамыз айналымға келмейтін аядай кабинеттің ортасындағы үстелдің астына кіріп кетіп, бүкшиіп, бірдеңе қарап жатыр екен. Өзі де бойға кедейлігін көп білдірмейтін адам еді, неше бүктелгенін көре алмадым. Амандасқанымды ести сала басын қылтитып:

– А-а, амансың ба? – деп, «ұясына» қайта сүңгіп кетті. Алақандай көздері бір жарқ етіп, үстелдің қалқасына жоқ болды, еңкейгеннен беті қызарып кеткені байқалып қалды. Дардай кісінің мұнысы қызық көрініп:

– Әбеке, не істеп жатырсыз? – деп ентелей бердім.

– Айналайын, ары таман, ары таманырақ… – деді Әбекең бері шықпай.

– Не, бірдеңеңіз жерге түсіп кетті ме? Мүмкін, бергі жақта жатқан шығар? – деп жақындай түстім.

Әбекең басын тағы жұлып алып:

– Жолама, ары таман, аулақ… Мына маңға жақындауға болмайды, – деп қолдарымен үстелді күргейлеп, балапанын қорғаған тауықтай саусақтарын қорғаштай созды. «Неге болмайды?». Енді шынымен қызыға бастадым.

– Не боп қалды? – деп тағы бір аттап жақындадым. Құдай бере қоймаған мойнымды мейлінше созып, еденге мен де шаншылған болдым. «Не іздеп жатыр екен?».

– Ұлықбекжан, айналайын, келме, кейін айтам, ары таман тұршы, басып кетесің… – Әбекең үстел астындағы «үйреншікті» орнына тағы да шым батып кетті.

– Түк түсінсем бұйырмасын!

– Ойбай, жақындама! Басасың деймін, басасың!..

– Нені басам? Мен де іздесейін…

– Жо-жоқ… Іздеспей-ақ қой. Өзім-ақ… Бұл маңға жақындауға болмайды.

– Не, бомба жоғалттыңыз ба?

– Атама! Бомбадан да өткен бәле! Сен ренжіме. Тек мұнда келмей, ары таман тұра тұршы. Мен тауып алғанша…

– Әбеке, енді не болса да айтып өлтірсеңізші!

– Атаңа нәлет! Жерге кірді ме?! Жоқ! – Әбекең жерге еңкейіп үңілген бойы жүрелей басып, бері шығып, бойын тіктеді. – Апыр-ау, жер жұтты ма бұларды?! Жоқ!

– Не жоқ? Қалам ба? Қағаз ба? – Енді мен еңкейіп, жүрелеп отыра бастадым.

– Әй, бауырым-ай, қоймадың ғой… Жоқ болса – жоғалсын, жоғалғырлар! Айтпайын-ақ деп едім… Не жоқ болушы еді? Бит жоқ!

– Биті несі?

– Кәдімгі бит!

– Қайдағы бит?

«Не дейді?» Аузым ашылып қалды…

Әбдірахман аға «Түсінбейтін несі бар?» дегендей менің бетіме жақтырмай бір қарап, беті тыржиып-кіржиіп кетті де, үстелдің суырмасынан сіріңкенің бос қорабын алып шығып, ашып қарап, ішіне үңіліп-үңіліп қойып, маған ұстатты:

– Мына қораптың ішінде әлгінде ғана бақандай бес бит бар еді. Қарашы, біреуі қалмай қашып кетіпті! Оңбағандар!

– Бес бит? Неғылған бес бит? – деп қорапты мен де ашып қарап, бос екенін білген соң қайта өзіне ұсындым.

– Бүгін сығандармен саудаласып жүріп, әрқайсысын бес сомнан бес бит сатып алған болатынмын, – деп Әбекең әңгімесін бастады. – Балам сарыауру болып жатыр еді. Соның емдеп жүрген дәрігері кәріс келіншек кеше: «Дәрі әсер етпей жатыр. Енді халық еміне жүгініп көрейік. Қайдан тапсаңыз да бірнеше бит тауып, компотқа қосып, балаңызға білдірмей тірідей жұтқызып жіберіңіз. Сарыаурудың емі сол. Бірден жазылып кетеді. Биті бар баяғы заманда сарыауру деген болмаған ғой», – деген соң, бүгін азаннан бит іздеп шыққан едім. Сұрай-сұрай сонау қала сыртындағы «Дружбадағы» сығандарға барып, әрең тауып әкелген биттерім еді. Бит болғанда қандай, биттің айғыры, әрқайсысы бір бір торғайдай… Қайран биттерім-ай… – деп жан-жағын қарағыштап, төменге қайта-қайта көз сүзіп, күрсініп қойды.

– Бөлме үлкен емес қой. Әлі де қарап көрсек қайтеді? – деп енді қысыла бастадым. «Мен келіп алаңдатпасам ендігі тауып алатын еді ғой».

– Мына үстелдің айналасында қарамаған жерім жоқ. Маңайының әр сантиметр, әр миллиметріне дейін көзбен тінткен шығармын. Осы биттер үшін тіпті төбелесіп те қалып едім…

– Төбелескені несі?

– Кәдімгідей…

– Кіммен?

– Ит біліп пе? Анау «Дружбадағы» сығандар бит сатады» дегенге «Ол ауыл толған сыған шығар» деп ойлап едім. Машинамен барған бетте кездесе кеткен біреудің түріне қарап сыған екен деп, түсе қалып: «Битіңді сатшы!» – деп ақша көрсетіп едім: «Мә, саған бит сатқан!» – деп жұдырықпен бір қойғаны! Сөйтсем, сыған дегенім кавказдық екен. Қарап тұрып таяқ жейін бе, мен де бір-екі рет сүйкетіп жібердім. Сол-ақ екен, қайдан шыққанын білмеймін, кілең мұрындары қолағаштай біреулер қаптап кетті. Менің мұрным болса мынау. Машинама мініп, әрең қашып құтылдым. Әйтпегенде пышақтап тастаулары мүмкін еді. Әлгі иттің баласының қолы қатты екен, жағымды уата жаздапты. Әлі ауырып тұр. Сөйтіп, таяқ жеп, сөз естіп, сандалып жүріп, өлдім-талдым дегенде сығандарды әрең тауып, ұзақ саудаласып, үлкен әуремен сатып алған биттерімді сіріңкенің қорабымен әкеліп тартпаға тығып қойып едім… Өздері удай қымбат – әрқайсысы бес сомнан! 25 сомға бесеуін бір-ақ сатып алып едім. Ақша жоқта! Әлгінде бастық шақырған соң барып, бір айналып келсем – міне, жоқ! Біреуі қалмай тым-тырақай қашып кетіпті! Осыдан қолға түссе бар ғой… – деп Әбекең көзімен үстел жақты тінткілеп тұрып қалды. «…Бір-екеуін сығып тастар едім!» – деп мен оның аяқталмай қалған кіжінісін іштей жалғап қойдым. Сосын үндемей қалуды ыңғайсыз көріп:

– Табылып қалар, әлі де іздеп көріңіз. Биттің айғыры болғанымен қанша ұзай қояды дейсіз. Тым болмаса бір-екеуі табылар. Иесіне қашуға үйретілген биттер емес пе екен өздері? – деп қалжыңдаған болдым.

«Саусақтарым қыши ма, қайтеді?..» Әлгінде ғана сіріңкенің бос қорабын ұстаған қолдарыма күдіктеніп қарай бердім.

2002 жыл

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ыбырай Алтынсариннің хирург шәкірті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар