Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ұлықбек Есдәулет. Құдайы қоңсы...

25.03.2019 5584

Ұлықбек Есдәулет. Құдайы қоңсы

Ұлықбек Есдәулет. Құдайы қоңсы - adebiportal.kz

ЖАД

Атамыз қазақ «Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатынға сенбе» десе де, меніңше, жастан сыралғы болса, сол екеуіне де сенуге болатын сияқты, бірақ өзіңнің жадыңа сенуге болмайтынын кейінгі кезде анық түсіндім. Кеше ғана ұмытылмастай көрінген, санаңда сайрап тұрған жайттар бүгін көмескі тартқан. Кеше ғана тасқа қашағандай, өшпестей сөздер зердеңнен сүртіліп қалған. Көз, құлақ, ми үшеуі жабылып, түкке тұрғысыз қағаз бен қаламды айырбастай алмағаны ма? Достоевский де күнделіктерінде өз жадының осалдығына күйінеді. Дəл менің жасымда... Ол Достоевский ғой. Көрмеген қорлығы жоқ. Кемеңгер классик. Оның қасында менікі əншейін айналайын шығар. Дегенмен, қынжылатындай-ақ бар. Əсіресе көп жыл көрші тұрып, күнде араласып-құраласып жүрген Асқар Сүлейменовтен естіген қайталанбас сөздерін есіме түсіре алмағанда... Осыған байланысты туған шумақ:

Еске сақтау қабілетім нөлге тең...

Кейде отырып көз жасымды көлдетем:

Өмір бойы мен оқыған кітаптар

«Қай наданға оқылғанбыз?» дер ме екен?

Дегенмен...

ҮШ «ФАШИСТКА»

– Бұл дүниеде үш «фашистка» бар, – деді көршім Асқар Сүлейменов темекісін өзіне ғана тəн дегдарлық мəнермен сорып қойып. – Оның бірі – менің шешем Айтотым, екіншісі – Фариза Оңғарсынова, ал үшіншісі кім екенін білесің бе?

Ол əдейі пауза ұстап, темекісінің түтінін шүйірмектеп, шеңберлеп жібере бастады. Бұл – əлденеге бекінгені. Түрінен əзілдеп не шын айтып отырғаны білінбейді.

– Білмеймін, – дедім. «Шынында да үшіншісі кім болды екен?»

– Үшінші «фашистка» – сенің қызың Назым, – деді Асқар Сүлейменов.

Бетіне жалт қарадым. Көзінің тылсым тұңғиығынан əлдебір көмескі от жылтырады. Күлімсірегені. Онсыз да құс тұмсығы одан сайын қусырыла имиіп, үстіңгі ерніне төне түсті. Соңғы кезде бурыл араласа бастаған қалың қара шашы жатқызған жағына жылмиды. Бұл – қуланғаны.

– Неге? – дедім мен. – Неге Айтотымды «фашистка» дейсіз?

– Өйткені ол ешкімді мойындамайды, – деді Асекең.

– Ал Фариза апай ше?

– Нағыз «фашистка». Ол да ешкімді мойындамайды. «Фашистка» болмаса байға тиетін еді ғой.

«Шешеңіз бас жазғызбайды. Сосын – «жау». Фариза жұрттың көзінше бетіңізге арақ шашып жіберген. Ол да «жау». Ал менің екінші сыныпта оқитын қызым ше?..»

– Жақсы, ол екеуі «фашистка» бола қойсын. Ал менің қызымның не жазығы бар, əлі кішкентай емес пе? – дедім мен.

– Оның жазығы – өмірі ешкімнен жеңіліп көрмеген менің шешем Айтотымды жеңгені. «Фашисті» «фашист» қана жеңе алады, бұны білу үшін көп оқудың керегі жоқ.

– Қайтіп жеңіпті?

– Шикарно! Кеше Айтотым өзі өз болып немересі Еңлік пен сенің қызың Назымды мектепке апара жатады. «Ұлықбектің үйіндегі əлгі келіннен ұят болды. Балаларды мектепке кіл сол апарады. Бір рет мен де апарып келе қояйын», – деп кеткен. Содан жолда келе жатқанда Назым томпаңдап алдыға түсіп, жеткізбей оза берсе керек. Оған ілесе алмай шаршап, ентігіп ыза болған Айтотым мысы құрып:

– Əй, таспаха, машина басып кетеді, бездеңдемей бізбен қатар жүр, – депті. Сонда Назым:

– Сен сияқты алжыған жаман кемпірмен қатар жүргім келмейді, – деп жауап беріпті. Қаршадай қыздан мұндай жауап күтпеген Айтотымның аузына сөз түспей, мат болып қалыпты.

Үйге: «Құрттай таспахадан жеңіліп, аузыма құм құйылып қайттым», – деп келді. Мен білсем, бұл – менің шешемнің өмірде тұңғыш рет сөзден тосылуы. Ал ондай «фашистканы» жеңген Назым да сөзсіз «фашистка» болмай кім болмақ? – деді Асекең темекісін баппен сөндіріп жатып. Енді түсіндім – содан бір күн бұрын ғана таңертең біздің үйге бас сұғып, келінінің қолынан шай ішіп отырған Айтотым маған қарап:

– Əй, Ұлықбек, осы сен де, мынау отырған келін де езулерің жиылмай, ыржақтап қалған немесіңдер. Ал анау қыздарыңның тумысы бөлек пе, кімге тартқан өзі? – деп сұраған болатын.

– Кімге тартқаны қалай, өзімнің аузымнан түсіп қалған-дай емес пе? – дедім.

– Түрін айтып отырған жоқпын. Түріне шай құйып ішейін деп пе ең? Мінезін айтып отырмын.

– Е, мінезі не екен?

– Өздеріңнің сықпыттарың мынау. Қыздарыңның мінезі сендерге тартпаған ғой. Таспахадай болып алып, əлден кісі баласын менсінбейді. Тұқымдарыңда қожа мен төреге қатысты ешкім жоқ па еді?

– Ондай ешкім жоқ. Бірақ Кеңес үкіметіне дейін біздің жеті атамыздан билік үзілмеген деуші еді. Солардың біреуіне тартса тартып кеткен шығар. Тұқымымызда оқымысты молдалар да болған екен, – дедім мен.

«Мажыра би, Қопа би деген бір-екі бабамыз өз өңірінің əйгілі кісілері болған екен» дегенді əкеміз таратып айтып отыратын еді. Соны Айтотыма айтқан соң, қосыңқырап, жеті атаға жеткізіп жібердім.

– Қайдам, əйтеуір тегін бала емес, – деп еді Айтотым… Сол əңгіменің төркіні енді белгілі болды.

Жылдар өтті. Бір күні Асқар Сүлейменов есіктің алдында қырқынан жаңа шыққан жиені Бекзатты көтеріп жүр екен. Көңілді. Сəлем бердім.

– Бұл – Император, – деп таныстырды ол қолында талпынған құрттай немересін əуектеп. Қызы Қарагөз бен күйеубаласы Досханның кішкентайлы болғанын білетін едім.

– Түрінің жаманын-ай, тіпə, тіпə, тіпə! – дедім мен.

– Бұл – талант! – деді Асекең. – Ал өзі талантты адамға түрдің түкке де керегі жоқ.

Мен сəбидің бетіне жорта үңіліп қараған болып:

– Мынауыңыз нағыз «фашист» қой, – дедім.

Асекең мырс етті. Сəлден кейін балконға шықсам, ол Императорын көтеріп, өзенге беттеп барады екен.

«БАЛАҢНЫҢ ЕСІ ДҰРЫС ПА?»

– Сенің анау таспаха қызыңның есі дұрыс па? Бір жері ауырмай ма осы? – деді Айтотым жұлып алғандай маған тіктеп қарап. Дастарқандағы тамам жұрттың көзінше. Қолымнан шанышқым түсіп кете жаздады. Қонақтардың бəрі бұрылып қарай қалды.

– Неге олай дейсіз? – дедім осқырынып. Ар жағымның бəрі тікірейе бастағанын сездім.

– Сол қыздың бір жері ауыратын сияқты. Қарату керек.

– Еш жері де ауырмайды.

– Дені сау болса неге түн ортасында ботадай боздап жылайды? Бізге ұйқы бермейтін болды.

– Қойыңыз, апа, бала болған соң жыламай тұра ма?

– Жоқ, мынаның жыласы тіпті елден ерекше, алабөтен. Жылағанда даусы тіпті бес қабат үйді басына көтереді. Шынында да бір жері ауыратын болуы керек. Басы түзу ме еді өзінің?

Айтотымның менің кішкентай қызым туралы бұлай дегені жаныма қатты батып кетті. «Қорғаныстың жақсысы – қарсы шабуыл». Есемді жібермеу үшін тал қармап қалайын дедім:

– Менің қызымның есі дұрысы дұрыс қой. Əлі кішкентай. Еркелеп жылайтын шығар. Ал сіздің өзіңіздің балаңыздың есі дұрыс па осы? Соны айтыңызшы, – дедім.

– Қай баланы айтып отырсың? Қайсар ма? Еңлік пе? Олардың бала боп «қыңқ» еткен дыбысы шығып көрген емес.

– Олар емес. Мына қасыңызда отырған балаңызды – Асқар Сүлейменовті айтамын… Басы ауырмай ма өзінің?

– Тек отыр! Не дейді?! – Айтотым маған тіктеліп қарай қалды. Көзі өткір-ақ. – Баламның есі дұп-дұрыс!

– Əй, білмеймін. Егер есі түзу болса түнгі сағат төртте тұрып алып неге домбыра тартады? Қарату керек шығар… – дедім мен.

Айтотым бұрылып баласына қарай берді. Асекең мырс етті де үндемеді. Онысы түн жарымында домбыра тартатынын мойындағаны болуы керек.

Ол кісі түн ортасында кейде домбыраны қойып, дутар тартып, ұйғыр мақамдарын ыңылдайтын кездері де болушы еді. Кейде классикалық музыкалар ойнататын. Жазғы түндерде ашық балконнан ғажайып бір сарындарды тыңдап, бір қабат жоғарыда тұратын мен де рахаттанушы едім.

ТЕМЕКІ

Жазып отырғанмын. Түн жарымында телефон шар ете қалды. Көтердім. Асқар Сүлейменов ағамыз екен.

– Ұлық, шылым таусылды, – деді даусы күңгірлеп.

– Менде бар.

– Қандай?

– «Қазақстан». Апарып берейін бе? – деп елп еттім.

– Жоқ. Əкелме.

– Əлде өзіңіз келесіз бе?

– Жоқ.

– Дəлізде кездесеміз бе?

– Жоқ. Үйден шықпа.

– Енді не істейін?..

– Үйіңде жіп бар ма?

– Қандай жіп?

– Кəдімгі, ине сабақтайтын…

– Бар шығар.

– Шылымыңмен қосып, балконға алып шық.

– Ине керек жоқ па?

Асекең телефон құлақшасын тастай салды. «Жіпті не қылмақшы? Балконға шақырғаны несі?» Түк түсінбеген күйі ақтарып жүріп, əрең деп бір орам жіпті тауып, «Қазақстан» сигаретінің бір қорабын алып балконға шықтым.

Асқар Сүлейменовтің пəтері дəл астымызда, төртінші қабатта. Ана бір жылы Жазушылар одағы бəрімізге саяжайлық жер беріп, жапатармағай оны-мұны егіп көргенбіз.

Менің салған картобым бітік шығып, Асекеңе келіп: «Асаға, еккен бəреңгім үйге сыяр емес, осы үйдің еденінен подвал қазбақ болып отырмын, көмектесесіз бе?» – деп қалжыңдағанмын. Көршім сөз төркінін бірден түсініп:

«Үйіңнен жертөле қазсаң жақсы болады екен, бізге көктен картоп жауады десеңші!» – дегені бар.

Ол кісі өз балконында тұр екен. Алматыдағы жаздың жайлы түні болатын. Бір қолымда темекі, бір қолымда жіп, өз балконымнан төменге аңтарылып қарадым.

– Андағы шылымыңның бірнешеуін жіпке байлап, төмен салбырат, – деді Асекең. – Есік ашсақ, үйдегілер оянып кетеді.

Айтқанын айнытпай істедім. Темекіні жіппен салбыратып жатып:

– Мынауыңыз жақсы əдіс екен, – дедім оның табан асты тапқырлығына сүйсініп. Ол кісі темекісін тұтатып алып, құшырлана бір-екі сорды да қолын сəл көтеріп:

– Хоп, мəйлі! – деп бөлмесіне кіріп кетті. Балконында шеңбер-шеңбер түтін қалып, біртіндеп сейіле берді.

...Бұдан былай бір-бірімізге темекіні балкон арқылы беріп тұратын болдық.

«ШОҚЫНҒАН ҚАЗАҚТАР»

Асекең үйге кіріп келген бетте сөредегі кітаптардың ішінен көзі түскен біреуін бас салып суырып алып: «Мен мынаны оқуым керек», – деп қолтығына қыстыратын. Бірақ кейде алған кітабын қайтара қоймайтын. Екі жыл Мəскеуде оқығанда «Кузнецкий мосттағы» «Жазушылардың кітап дүкенінен» қолға түсе бермес кітаптар сатып əкелген едім. Солардың əлденешеуі Асекеңнің сөресінен орын теуіп қалды. Барып сұрасаң кейбірін қайтарып береді, ал өзіне аса ұнағандарын: «Əлі оқып жатырмын, кейін аласың ғой», – деп созбақтап, бермей жүре беретін. Сөйтіп мендегі М. Əуезовтің көп томдығының тамтығы ғана қалған. Өмірінде тез қайтарғаны – «Қазақтың мал атаулары» деген кітап. Онда да сол кітаптың мұқабасындағы «мал» деген сөзді қара сиямен сызып, «Қазақтың Əбітай атаулары» деп өзгертіп əкеліп:

«Тамаша кітап екен. Енді бұл кітапты Иранбек Əбітаевичке көрсет», – деді даусы ар жағынан құмыға шығып. Ол көршіміз, ақын Иранбектің қожадан қыз алған əкесі Əбітай ақсақалды «жезде», Иранбекті «жиен» деп қатты қалжыңдасатын.

Екеуінің өзара əзіл-шарпысуларында мен көбінесе Иранбек жағына шығыңқырайтынмын. Ал Асқар аға маған тиісе қоймайды. Шымбайыма шаншу сөз батып кете ме деп аяйтын болуы керек. Бірде преферанс сызып отырғанымызда Асекең Иранбекті сөзбен іліп, еңсеріп, біраз жерге апарып тастады. Ол да беріле қоймай, көмекке мені кірістірді. Жақында ғана Ресейдің Таулы Алтай өлкесі арқылы Моңғолияға барып келген едім. Сонда Қосағашта отырып, «Сібірдің Усть-Кан деген жерінде шоқынған қазақтар тұрады» деп естігенмін. Солар туралы құлақта қалған жағымсыз жайттарды тілге тиек етіп:

– Асеке, Таулы Алтайдағы Усть-Кан деген жерде болдым. Сонда шоқынған қазақтарға жолықтым. Бабаларының бастарын суға малып, тұншықтырып, зорлап шоқындырған екен. Шоқынбаса өлтіретін болған соң амалсыз дінін айырбастаған көрінеді. Ұлы Отан соғысы кезінде іштерінен бірнеше Кеңес Одағының Батыры шығыпты. Бірақ фамилиялары орысша болған соң оларды ешкім қазақ санатына қоспай жүр. Үйлеріне кірсем, бір бұрышында икона ілулі тұр. Ескі дəстүрді ұстанамыз деп табаққа салып бас тартады екен. Доңыздың басы. «Астан үлкен емессіңдер» деп, танауын таңқитып, алып жетіп келді. Тамаққа қарамай қаштық. Сөйтсек біз жай кісі емес, беделді поптың үйіне түсіппіз.

«Кімсіңдер?» деп сұрасам, «қожамыз» дейді. Қожалар қайда жүрсе де діннің басында жүреді екен-ау, – дедім мен өтірік шынын араластырып соғып.

– Шоқынған қожалар деймісің? Əй, қожалар шоқынып па? Бұлардан бəрі шығады. Мынауың қызық екен, – деп Иранбек мəз болып қалды.

Асқар аға түйіліп, тұнжырап біраз отырды. Сосын:

– Шын ба? – деп маған қадала қарады. Көзі тесіп барады.

– Шын,– дедім бетім бүлк етпей.

– Қожа емес, не керей, не найман шығар? Діндері несториан?

– Өздері «қожамыз» деді ғой, – дедім мен дүдəмалдау. Ол сенер-сенбесін білмей тұғжиып отырып барып:

– Қазір келемін, – деп жылдам орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Иранбек екеуміз бір-бірімізге иек қағып, «Асекеңді бір мұқаттық-ау» дегендей іштей масайрап қалдық.

– Рас па? – деп сұрады Иранбек.

– Өтірік, – дедім мен.

– Ендеше мұны қайдан шығардың?

– «Шоқынған қазақтар» деген сөз есімнен кетпей жүр еді... Оның үстіне ана жылы Мұзағаңмен бірге Зайсан, Марқакөлге барғанымызда профессор Тұрсынбек Кəкішев ағамыз: «Алтайда шоқынған қазақтар бар деуші еді. Солар-ды іздеп жүрмін», – деп қоймаған. Жынға тиіп...

– Тапты ма?

– Қайдан тапсын?! Бір ақсақалдан ол: «Осы өңірде шоқынған қазақтар бар көрінеді. Білесіз бе?» – деп сұрап еді, əлгі шал: «Сенің өзіңнен басқа шоқынған қазақ көріп тұрған жоқпын», – деп қатырған.

Асқар аға өз үйіне барған екен, кеткенінен келгені тез болды. Қолына желбіретіп бір фотосурет қиындысын ұстап келіп:

– Сенің шоқынған қазақтарыңның түрі мынадай ма? – деп менің алдыма тастай салды. Қарасам: кəріс пе, жапондық па, əлде якут, əлде алтайлық ойрат, қолына шырақ ұстап тұрған бір поптың суреті екен. Кеудесінде керіскедей кресі бар! Бір ғажабы, кім болса да түрі, бет əлпеті менің өзімнен айнымайтын біреу. «Сойып қаптап қойғандай» дейтін сөз дəл келеді. Тек кекілін маңдайдан келте кескен, үстіне ұзын қара ряса киген. Асекең бұл суретті қайдан тапқанын білмеймін.

– Осы да қожа ма? – деді ол.

– Сібірде ұзақ тұрған соң олардың да түрлері өзгерген болар, – дедім мен далбасалап. Асекең мұртынан күлді. Иранбек екеуміз тағы да жеңіліп қалдық.

АЙТОТЫМНЫҢ АРАҒЫ

– Жүз грамм бар ма? – деді бірде Асқар Сүлейменов кіріп келіп.

Үйдің бір бұрышындағы қуыста тұрған шөлмекті көрген едім, мөлтілдетіп құя қойдым. Ол кісі шалт қимылмен бір тартып жіберді де, екіншісін құйғызбай, – кейін тағы бір келіп ішермін, – деп шығуға ыңғайланды.

– Үйге алып кетпейсіз бе? – дедім мен.

– Болмайды. Айтотым ішкізбейді... Онда былай істейік. Сен бұл шөлмекті мына тоңазытқыштың есігінің ішкі жақтауына, міне, мына жерге салып қой. Бұл менікі болады. Басқа ешкімге құюшы болма. Керегінде өзім келіп ішіп тұрамын, – деп үйіне кетіп қалды. Мен біздің үйдегі келініне ескертіп қойып, бұдан былай тоңазытқыштың өзі айтып-көрсеткен қуысында Асекеңнің «сыбағасын» сақтап жүрдік.

Таусылса тағы бірін алмастырып, өзі айтқан орынға салып қоямын. Кейде екеулеп кірісеміз. Ол кісіге үйде менің бар-жоғым бəрібір, керегінде келіп, тартып жіберетін. Ол кісінің «сыбағасына» қонақ келсе де қол салмайтын едік.

Бірде əйелім:

– Мына жерге үш жартылық тығып қойып едім. Көрдің бе? – деп сұрады.

– Оны Асқар аға екеуміз ішіп қойғанбыз, – дедім мен.

– Қашан?

– Қашаннан бері. Аз-аздап, жүздетіп жүріп тауыстық қой...

– Ол Айтотымның арағы еді. «Үйде тұрса балам ішіп қояды» деп, біздің үйге əкеліп тыққан болатын.

– Қанша тықса да, айналып келіп, Асекеңнің өзіне бұйырғанын қарашы, – деп күлдім.

– Күлгенді қой, Айтотыма арақ қарыз болдық, үйіне қонақ келетін болып сұратып жатыр, қайдан тапсаң да үш жарты тауып əкел. Ұят болады, тездет, – деді əйелім.

Күлкім көмір болып, тентіреп арақ іздеп кеттім. Өйткені Горбачевтың заманы, ішімдік қасқалдақтың қанындай қат болатын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар