Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Ұлықбек Есдәулет. Сырнай сазды Сырбай ақын...

13.08.2019 4145

Ұлықбек Есдәулет. Сырнай сазды Сырбай ақын 12+

Ұлықбек Есдәулет. Сырнай сазды Сырбай ақын - adebiportal.kz

АЛҒЫ СӨЗ

Кеңшiлiк Мырзабеков сəлем айтып жатыр деген соң iздеп барсам, өзi сұратып алдырған бiр топ өлеңiмдi «Социалистiк Қазақстан» газетiне шығармақ болып отыр екен.

– «Бес өлең» деген жаңа айдар аштым, өзiңнiң өлеңдерiңмен бастаймыз. Əр ақынға бiр классик алғы сөз жазады. Сенiң өлеңдерiңдi Сырағаңа апарып берiп едiм. Қолы тимей созып кеттi. Сəлем берiп, кiрiп шықсаң қайтедi? – дедi.

– Кiргенде не айтамын?

– Осылай да осылай. Кеңшiлiк iнiңiз берген өлеңдердiң авторы мен едiм. Сол өлеңдер «Социалистік Қазақстанға» шығайын деп жатыр. Газетке сiздiң алғы сөзiңiз керек екен деп айт. Кеңшiлiк өзi айтты де! – деп үйретiп жiбердi.

Сырбай Мəуленов басқаратын «Қазақ əдебиетi» газетiнiң редакциясына имене кiрдiм. Екiншi курстың студентiмiн. Ол кiсi көп күттiрмей қабылдады. Кеңшiлiктiң үйреткен сөздерiн жобалап айтып шыққандай болдым.

Сырағаң үлкен кабинеттiң төрiн толтырып, төбедей болып отырады екен. Үлкен басындағы бұйраланған шашы қара бұлттай дудырап, даусы гүрiлдеп, асықпай сөйледi. Алақандай көздерiнде мейiрiм бар.

– Айналайын Ұлықбек! Қандай мықты болса да, Кеңшiлiктiң сөзi маған заң емес. Маған ананы жазсын, мынаны жазсын деп приказ бермей жайына жүрсiн. Əйтсе де, сенiң өлеңдерiңе көңiлiм толып отыр. Тiптi «Боздақтар» деген бiр өлеңiңдi өзiмiздiң «Қазақ əдебиетiне» бастырып жатырмын. Жеңiс күнiнiң нөмiрiне дəл келе кеттi. Қысқасы, өлеңдерiң жақсы. Бiрақ алғы сөз жаза алмаймын, – дедi Сырбай аға.

Бағанадан қысылып-қымтырылып отырған маған өлеңiмдi өзi мақтаған соң жан кiрейiн дедi.

– Аға, жақсы болса неге алғы сөз жазбайсыз? Ал ақыр жазбайтын болсаңыз, ол өлеңiмдi де өзiме қайтып берiңiз.

– Жоқ, жаза алмаймын. Жазбайтын себебiм бар. Ол газетте Балғабек Қыдырбекұлы деген бiр бастық бар, сол маған көптен берi бiр публицистикалық мақала заказ берiп жүрген. «Менiң өтiнiшiмдi құлағыңа қыстырмай, қол астымдағы Кеңшiлiктiң айтқанын iстедiң», – деп қылт ете қалады ғой. Сыйласып жүрген адам. Ал анау өлеңiңдi ендi өзiңе қайтара алмаймыз. Бiздiң газеттiң бетiнен көретiн боласың. Осы жұмада, – дедi.

Иiнiм салбырап, нəумез боп қайттым.

Сол жұмада «Қазақ əдебиетiнiң» бiрiншi бетіне «Боздақтар» деген өлеңiм жарқ ете қалып, курстастар қауымы бiр шуылдасты. Қуанбасқа, жумасқа шарам қалмады.

Ал Сырбай аға сол кезде менiң өлеңдерiме бұл жолы алғы сөз жазбағанмен, кейiнiрек бəрiбiр жазды, 1981 жылдары, он шақты жыл өткен соң. Жазғанда да орыс тiлiнде... Алғы сөзi екi жерде, «Комсомольская правда» газетi мен «Молодые поэты Средней Азии» деп аталатын мəскеулiк антологияда шыққан менiң өлеңдерiмнiң аудармасымен бiрге жарияланды.

ТАҚЫРБАС

Сексенiншi жылдардың басында, шiлiңгiр шiлдеде демалысқа шығып, шашымды тақырлата алғызған күнi Жазушылар одағының екiншi қабатына көтерiлiп келе жатыр едiм, қарсы алдымнан ақын Сырбай Мəуленов аға кездестi. Сəлем берiп өте бергенiмде:

– Əй, Ұлықбек, тұра тұршы, – деген гүжiлдеген даусынан кiлт тоқтадым. Ол мол денесiмен бұрылып тұр екен, жақындап келген менiң жап-жалтыр басыма қызыға қарап қалды. Сау қолының күректей алақанымен құйқасын сипалап-сылап қойды. Алақаны ып-ыстық екен.

– Ойпырмай, сенiң басың қандай əдемi бас едi. Аршыған жұмыртқадай ғой тiптi. Мына қарашы, аппақ, тап-тақыр! Мiнеки, теп-тегiс, жұп-жұмыр, доп-домалақ! – деп таңдайын қақты. – Осындай сүйкiмдi басым болса, шiркiн, мен де дəл сен құсап... шашымды айнадай ғып қырғызып-ақ жүрер едiм... Айдарымнан жел есiп дегендей... Əттең! Басымның түрi мынау: бомбы түскен сияқты. Құйқасы құрым-құрым. Жырым-жырым. Ойпыл-тойпыл! Қиқы-шойқы! Тақырлатып жүруге елден ұят, – дедi Сыраға бiртүрлi мұңайғандай.

Маған ол кiсi сөзiн əзiлдеп бастағандай көрiнiп едi...

БЕКЕР БОЛҒАН...

Жазушылар одағында үлкен жыр кешi болып, қазақтың Алматыдағы ақсақал-қарасақал ақындарының бəрi жапа-тармағай өлең оқыды. Қарт бүркiттей саңқылдап Қалижан Бекхожин, баршын тартқан даусымен дүниенi үйiрiп Хамит Ерғалиев, күндей күркiреп Сырбай Мəуленов, дауылпаздай Ғафу Қайырбеков, жарқылдап Жарасқан, мақамдап Кеңшiлiк... «Никарагуалап» Мылтықбай Ерiмбетов көзге түстi.

Тынышбай Рахимов мiнбеге шығып, шашын сiлкiп тастап, өлеңiн оқи бергенде залдағы бiр келiншектiң баласы жылап қоя бердi. Тынышбай сəл кiдiрiп, микрофонға жөткiрiнiп, өлеңiн қайта бастай бергенде бала қайта жылады. Тынышбай сəбидiң даусы семгенiн сабырмен күтiп, бастай бергенде бала тағы шар ете түстi. Залдағы жұрт ду күлдi. Бiреу:

– Əкесiн танып тұрған бала ғой, – деп жұртты одан бетер күлдiрдi. Тынышбай соған қарамастан, түк саспай-ақ Мұқағали туралы естелiк өлеңiн келiстiре бабымен оқып шықты. Сiлтiдей тынып тыңдаған жұрт əсерлене қол соқты. Бала да қайта жыламады.

Мен «Бұрышқа тұр!» жəне «Почта көгершiнi» деп аталатын екi өлең оқыдым.

Шыға бергенде Күлəш Ахметова апай тоқтатып:

– «Бұрышқа тұр!» жаңалығы бар өлең екен. Əттең, жұрт түсiне қоймады, – дедi.

Кеш бiтiп, жұрт тарқап жатты. Бiр кезде əлгiнде ғана ең алдыңғы қатарда отырған Ақсақалдар алқасының төрағасы Əлжаппар Əбiшев жұрттың iшiнен көзiнiң iлгешегiне менi iлiп алып, бiрдеңе айтқысы келiп, емпеңдей басып келе жатқанын байқадым. Байқадым да сыртқа жылыстай бастадым. Себебi, сол ақсақалдан көбiмiз қорқатын едiк.

Əлжекең қалар емес. Бiр қарасам, саусағының ұшын маған қарай шошайтып, жақындап қалған екен. Бiр бүйiрде бiреумен сөйлесiп тұрған Сырағаны байқап қалдым да, пана iздеген торғайдай солай қарай ойыса бердiм. Оларға мен де жеттiм, Əлжекең де жеттi. Келе:

– Əй, бала, сенiң əлгi оқыған өлеңiң не? – дедi зiлдене.

– Қайсысын айтасыз? – дедiм.

– Əлгi апатқа ұшырағандар ұшырған көгершiн туралысы... Ол не қылған өлең өзi? Астары жаман ғой... Сен, бала, немене?.. Совет адамдарын апатқа ұшыратып... Ел аман, жұрт тынышта... не жазып жүрсiң?! – деп шұқшия түстi. Өзi екi иiнiнен дем алып тұр. Менi қуам деп ентiккен.

Аузыма сөз түспей, булығып қалдым.

– Əлжеке, не бүлiнiп қалды? – деп Сырбай аға сөзге араласты.

– Мына бала, қаршадай болып, астары жаман өлең жазыпты! Əлгiнде өзiң де тыңдадың ғой? Жас бастарынан осылай бұзылады. Бара-бара не болады бұлар? Жөнге салмайсыңдар ма?

Мəн-жайды бiрден түсiнген Сырбай аға:

– Əлжеке, мен сiзге бiр əңгiме айтайын, өзiңiз де естiген шығарсыз? – деп Əлжаппар Əбiшевтiң назарын менен аударып, өзiне бұрып алды.

– Иə, – деп кескен томардай денесiмен ұмсынып, құлағын тосып, Əлжекең жiби түскендей болды. Қасымызға тағы екi-үш адам үйiрiле қалды. Мен бiр пəледен құтылғандай «уһ» дедiм.

– Сонау жылы ел басқарып отырған Жұмабай Шаяхметов Сəбит Мұқановты алдына шақырып алып: «Сəбе, мен жақында жарық көрген «Мөлдiр махаббат» романыңызды мұқият оқып шықтым. Бұрынғы «Адасқандарды» өзгертiп, қайта жазуға не мəжбүр еттi?» – деп сұрапты. «Ол ендi былай ғой. Мен Мəскеуге барып, «Қызыл профессура» институтында оқып, бiлiмiмдi толықтырып, жетiлдiрiп келiп, бұрынғы «Адасқандар» романын партиялық, саяси-таптық тұрғыдан қайта қарап, өңдеп, өзгертiп, жақсартып, қайта жазып шықтым емес пе», – дептi Сəбең. Сонда Шаяхметов: «Сəбе, бiздiң сенi оқуға жiбергенiмiз бекер болған екен», – дептi. Мiнеки, Əлжеке, бұл да соған ұқсас мəселе. Мынау Ұлықбек те Мəскеуге барып, Əдебиет институтында оқып келiп, осындай қисық өлеңдер жаза бастады. Сiздердiң о баста Ұлықбектi Мəскеуге оқуға жiбергендерiңiз бекер болған. Ол ендi осындай өлең жазбай қайтсiн? Өйткенi оқуы көп. Оған өздерiң кiнəлiсiңдер... – деп күркiрей сөйлеген Сырағаң жұртты ду күлдiрiп, сөзiн аяқтады. Əлгiнде ғана менi қуырып жiберердей болып келген Əлжекең бүкiл кеспелтек денесiмен селкiлдеп, кеңк-кеңк күлiп, көзiн сүртiп жатқан кезде, бiр «ажалдан» қалғаныма шүкiршiлiк етiп, сытылып шыға бердiм.

ТӨРТIНШI МҰҚАБА

Қайсыбiр жылы ақын Сырбай Мəуленовтің «Қызыл қайың» деген жыр жинағына редактор болып бекiтiлдiм. Ол кiсi «Жазушы» баспасында графикте тұрған кiтабының қолжазбасын құрастырып, бiр қарап беруге қолы тимей жүрдi. Жəне жинағының көлемi де толмай жатқан. Бiр күнi Жазушылар одағының фойесiнде Сырағаң ақын iнiсi Серiкбай Оспанов екеумiздi ұстап алып, оңашалап:

– Серiкбай, сен үйдi бiлесiң, Ұлықбек кiтапты бiледi. Екеуiң бiрiгiп, бiздiң үйге барып, шай-суандарыңды iшiп отырып, жаңа жинағымды дұрыстап құрастырып берiңдер. Мə, мынаған екеуiң шөлдесеңдер сыра iшерсiңдер, – деп Серiкбайдың қолына он сом ақша ұстатты. Қалтасы жұқа бiз соған да қарық болып қалдық.

Серiкбай екеумiз Сырағаның үйiн еркiн жайладық. Сырбай ақында не көп – өлеңнен көп нəрсе жоқ екен. Бұрқыраған, қобыраған көп өлең. Талайының тақырыбы жоқ, келгенiн келгендей жазып тастай бередi екен. Ана папканы ашып қалсаң да, мына тартпаны тартып қалсаң да... Ауық-ауық өзi звондайды: «Пəлен жердегi түген суырманы қарап көрiңдершi», – деп. Қарап көремiз – бiр-екi өлең шыға келедi! Тағы бiреуiн нұсқайды – суырып байқаймыз – тағы бiр будасы! Оқып көрсең бəрi мықты! Бiрiнен-бiрi өтедi. Ұйқастары балталасаң бұзылмайтын!

Серiкбай екеумiз екi күн жүрiп, кiтапты құрастырған болдық. Сырағаң өз қолжазбасын ашып та қараған жоқ. Бiзге сенгенi ме, əлде уақыты жоқ па, бiлмедiм. Жинақты өндiрiске жiберер кезде ғана бiздiң «Жазушыға» қаламақы алуға бас сұқты.

– Сыраға, байқауымша, кiтабыңыздың мұқабасы жұқа боп шығатын түрi бар. Соны қалыңдатсақ па деймiн. «Əжептəуiр көлемi бар ғой, қалың мұқаба берiңдер», – десем, өндiрiс-жоспарлау бөлiмiндегi қыздар: «Жоспарда солай тұр, өзгерте алмаймыз. Ал Сырағаң өзi бастықтарға бiр кiрiп, рұқсат əперсе болды – төртiншi, тiптi жетiншi мұқаба беруге дайынбыз», – дейдi. Əбiлмəжiн Жұмабаевқа ма, Есет Əукебаевқа ма, бiреуiне кiрiп шықсаңыз қайтедi? – дедiм. Сырағаң мол денесiмен ұмсынып:

– Қыздар не беремiз дедi дейсiң? – деп аңтарыла сұрады.

– Төртiншi немесе жетiншi мұқаба беремiз дедi, – деп қайталадым.

– Жоспарлағаны қандай екен?

– Биттiң қабығындай жұқа мұқаба. Жай қағаз.

– Жетiншi мұқаба деген қандай болады?

– Дермантин. Терi сияқты. Ең мықтысы!

– Ал төртiншi мұқаба деген ше?

– Ол қалың, қатырма қағаз болады.

– Ойпырмай, өзi қалың, өзi қатырма деймiсiң?

– Иə, өзi қалың, өзi қатырма! – деп нығарлап жатырмын.

Кiтабы қалыңырақ болып шықса деген ниет.

– Ойпырмай, ə! Бiр қыздар беремiз дейдi, онысы қатырма қағаз болып шығады, оның өзiн бастықтарына барып жалынып сұрамасаң берер түрi жоқ. Əй, Ұлықбек, сен ондай қатырмамен басымды қатырма! – деп Сырбай аға селкiлдеп күлiп алып, бұрылып жүре бердi. Мен орнымда қаттым да қалдым.

КЕПIЛДЕМЕ

Арқалықтан Қонысбай келдi. Курстас досым, сатирик, жазушы. Кейiнiрек Қазақстанның халық ақыны болды. Өзiмiздiң Жазушылар одағы шақыртыпты. КСРО Жазушылар одағына мүшелiкке қабылдануға бiр кепiлдемесi жарамай қалып, құжат толықтауға келген бетi.

– Құжаттарың дұрыс сияқты едi ғой. Не боп қалды екен? – дедiм мен.

– Өткен жолғы өзiң жолығып алған Оспанхан ағаның кепiлдемесi ендi керек болмай қалыпты.

– Е, неге?

– Өлген жазушының кепiлдемесi жарамайды, тiрiсiмен ауыстыр, – дейдi. – Шарты солай екен.

Оспанхан аға жақында ғана қайтыс болған. Дүние саларынан бiр айдай ғана бұрын Қонысбайға кепiлдеме берген едi. Мен өзiм барып алғанмын. Мiне, ендi иесi көз жұма бере сол қолтаңба iлiкке жарамай қалыпты.

«Өлдiң, Мамай, қор болдың» деген осы... Бұрынғы кепiлдеменi алуымыз былай болған едi. Қонысбай Əбiлов сонау Арқалықтан маған өтiнiшпен хабарласқан.

«Ғафу Қайырбеков пен Сейiт Кенжеахметов ағаларым екi рекомендация берген, ендi үшiншiсiн Оспанхан Əубəкiровтен ал, менi жақсы бiледi», – деген. Осекең өзiммен есiктес көршi тұратын баласы Азаматтың үйiне ара-тұра келiп тұрады, келген сайын менi шақыртады, екеумiз бас қосып, шүңкiлдесiп, əзiлдесiп шай iшiп, шарап алатын едiк.

– Осаға, Қонысбай iнiңiзге кепiлдеме берсеңiз қайтедi? – дедiм бiрде.

– Ол иттiң өзi қайда?

– Арқалығында жүр. Келгенде жолығады ғой.

– Əй, Ұлықбек, осы сен Мəскеуден оқып келген жоқсың ба?

– Иə.

– Ендеше болды. Менiң жазған қазақшам ертең Мəскеуге жiбергенде жарамай қалуы мүмкiн. Сондықтан Қонысбайға деген кепiлдеменi ертең өзiң менiң атымнан орысша қатырып тұрып жазып əкел. Қол қойып берейiн, – деген Оспанхан аға.

Ертеңiне Осекең өз үйiнде отырып, машинкаға басылған жарты бет кепiлдеменi алдына жайып қойып, мен ұстатқан қаламмен «О» деген əрiптi өте үлкен етiп дөңгеленте сызды да, арғы жағын шимайлай салған... Оспанханның «О-сы» парақтың бос тұрған тұп-тура жарты бетiн опырайтып алып жатыр. Сосын жеңгемiзге өзiнiң КСРО Жазушылар одағына мүшелiк билетiн тапқызып алып, қарап, нөмiрiн тiзiп жазып шықты. Оқшырайған «О-ға» осқырына қарап қалдым. Обадай болған «О» əрпi көзiме ерсi көрiнiп-ақ тұрды.

– Осаға, мынау шимайыңыз не? – дедiм мен. – Ерепейсiз үлкен ғой.

– Өзiмнiң қолым осындай, – деген Осағаң жайбарақат.

– Кiшiрейтiп қайта қойып бермейсiз бе, бұл Мəскеуге дейiн баратын қағаз ғой. Бiреу-мiреу қол емес, құр шимай екен деп сенбей жүрсе қайтемiз? – деймiн шырылдап.

– Қанша қойсам да қолым осындай! Басқаша қоя алмаймын. Одақтағы ел бiледi. Осы қолымды қойып талай кiтап жазғанмын, осы қолымды қойып талай қаламақы алғанмын. Егер бұл Оспанханның қолы емес деп сенбейтiн бiреу табылса, менiң мына мүшелiк билетiмдi қоса апарып көрсетерсiңдер. Бұдан былай осы билеттiң маған керегi де шамалы. Мə, қоса апарып өткiз, – деп «Союз писателей СССР» деген алтын жазулы алақандай қызыл куəлiгiн кепiлдемемен бiрге маған ұстата салғаны... «Алмаймын», – деп шыр-пыр болып, жеңгейге қалдырып, қашып шыққандай болғам...

«Ендi маған керегi шамалы», – деп едi жарықтық... Бiр айдан кейiн бақилық болды. Дəмi таусылғанын сезiп жүрген екен-ау деп ойладым.

Мiне, сол кепiлдеменi қайта алу керек болды, ендi алғанда да Сырбай Мəуленовтің өзiнен! Арыстанның аузы болмаса да аюдың апанына барудан кем емес (ол кiсiнiң бүркеншiк аты «Аю» болатын! Естуiмше руы солай көрiнедi).

Сырағаңды iздестiрiп-сұрастырып көрiп едiк, науқастанып жатқан болып шықты. Совминнiң ауруханасына беймезгiл келiп қалыппыз, есiгiнен де сығалатпады.

– «Тихий час» бiткенде келiңдер, 2 сағаттан кейiн, – дедi күзетшiсi. Бiзде бiрақ күтуге уақыт аз, дегбiр жоқ едi.

Қонысбай екеумiз екі кварталды алып жатқан аумақты аурухананың темiрден соғылған биiк-биiк дуалдарын екi айналып шықтық. Кiрiп кетердей, секiрiп өтердей жыртық-тесiк таба алмадық. Сосын мен күзеттен тасалау бiр пұшпағына келгенде жан-жағыма қарап алып, биiк дуалға өрмелеп шығып, арғы жағына секiрiп, iшiне топ ете қалдым. Қонысбай сыртта күтiп қала бердi.

Сырағаңның палатасын сұрастырып тауып, есiк қағып, рұқсатпен кiрiп бардым. Ағамыз үлкен бөлменiң төрiндегi жалғыз үлкен төсекте шалқасынан көсiлiп, ояу жатыр екен. Менi көрiп кəдiмгiдей қуанып қалды.

Үстi-басы, бiлектерi толған шым-шытырық түтiктер, системалар. Төсегiнiң аяқ жағындағы биiк iлмекте төңкерiле iлiнген бiрнеше құмырадан бүлкiлдеп, ауасы бұрқылдай тамшылап, түтiк бойлап аққан мөлдiр сұйық дəрiлер тамырына құйыла сiңiп жатыр.

Жөн сұраса бастаған кезде Сырағаның көзi аяқ жағындағы iлулi шишаға түсiп кетiп, маған:

– Коридорда медбике бар, сол қызды тез шақыра қойшы, – дедi.

Тысқа шығып, медбике қызды таба алмай, əр есiктi бiр тартқылап жүр едiм, Сырбай ағаның:

– Ұлықбек, Ұлықбек, мұнда кел, тез жет! – деген күркiреген даусын естiдiм. Ышқынған секiлдi естiлдi. Тез жетiп келсем, қолымен анадай iлулi тұрған дəрi құмыраларын нұсқап жатыр екен.

– Анау түтiктiң ортасында тоқтататын тетiгi бар, соны тез бұрап, тоқтат! Оңға бұра! Жап! – дедi алқынып. Көрсеткен тетiктi тез бұрап, айтқанындай қылдым. Мөлдiр түтiктiң iшiмен төмен жылжып бара жатқан ауа көпiршiктерi кiлт тоқтап, бiр орнында мөлдiреп, мұз боп қатып қалғандай болды.

Сырбай аға көкiрек кере «уһ!» деп ауыр күрсiндi. Бiраз үндемей жатты. Сосын:

– Көрдiң бе, Ұлықбек, анау аспалы шынының дəрiсi бiтiп қалғанын? Менiң қолым жетпейтiн жерде тұр. Егер сен əлгi жерде соны бұрап жауып, тез тоқтатпағанда анау түтiктiң iшiндегi ауа тамырым арқылы менiң қаныма кетiп қалатын едi. Ал қанға ауа кеттi дегенше жүрек тоқтады дей бер. Сен менi бiр ажалдан алып қалдың! Шамасы, сенi бүгiн маған Құдай айдап келген болар. Əлi су iшкiлiгiм бар екен, – дедi толқып, алабұрта сөйлеп.

– Менi айдап келген Қонысбай iнiңiз ғой, – дедiм мен əзiлге бұрып.

Екеумiз бұдан соң Қонысбайды бiраз мақтасып, баяғы Оспанханнан қалған кепiлдеменiң қайта басылған дайын мəтiнiне қолын қойғызып алған соң қоштасып, қайтуға жиналдым.

– Ұлықбек, бүгiнгi мынау оқиға өлеңге сұранып тұр. Сен осыны жазшы, – дедi Сырбай аға қоштасарда құшақтап тұрып.

– Жақсы, жазайын, – дедiм мен. «Қанға ауа кетсе өлiп қалатын едiм. Су iшкiлiгiм бар екен» дедi-ау деп ойладым сыртқа шығып келе жатып. Осы оқиғаны Қонысбайға айтып:

«Болмашы көпiршiктен де кiсi өле ме екен?» – деп сенер-сенбесiмдi бiлмедiм.

Жылдар өте түсiнгенiм, сол жолы, шындығында да, бiр ажалдан қалған екен. Өйткенi, менiң Құдайы көршiм, аса дарынды жазушы Асқар Сүлейменов дəл осындай жағдайда анасы мен жарының көзiнше, тұшпара жеп, əзiлдесiп отырып кенеттен үзiлiп кетiптi. Қанына көпiршiк кетiп қалған...

Аспалы құмырадағы дəрiнiң түгесiлгенiн ешкiм байқамаған деседi...

Сырбай Мəуленов осы оқиғадан кейiн он шақты жыл өмiр сүрiп, бiрнеше кiтап жазды. Бiрақ мен Сырағаң күткен сол өлеңдi əлi күнге дейiн жаза алған жоқпын. Неге жазылмайтынын бiлмеймiн.

Кейiнгi жылдары денсаулығым сыр берiп, сол Сырбай аға жатқан ауруханаға түсiп қалып жүремiн. Ең алғаш түскенде дəл сондай түтiктен көзiмдi алмай қадала аңдып жатқанымды сезiп қалған медбике:

– Аға, қорықпаңыз. Қазiргi түтiктер жiңiшкерек жасалған. Қанға ауа кетпейдi, – дедi.

– Бұрын «Байқап тұрмаса тамырға көпiршiк кетiп қалады» дейтiнi қайда? – дедiм.

– Бұрын болған. Қазiр ондай қорқыныш жоқ. Дəрi таусылғанда система өзi тоқтайды. Сенбесеңiз тексерiп көрiңiз, – дейдi жайбарақат күлiп. Тексерiп көрдiм...

ТІЗЕ

Сырбай Мəуленов Мемлекеттiк сыйлық алды. Соны табыс ететiн күнi маған телефон соқты. «Əбдiлданы Тұманбай қолтықтап барады екен, сен менi қолтықтап апар», – дедi.

Екеуміз Жазушылар одағының төменгі қабатына түскен кезде сырттан кіріп келе жатқан Жұбан Молдағалиев қарсы ұшыраса кетті. Екеуі шұрқыраса амандасып, мəре-сəре болып қалды. Біраздан бері көріспегені көрініп тұр. Бірін-бірі марапат-жетістіктерімен, кітаптарымен құттықтасты.

– Қалың қалай, шал? – деді Жұбағаң. – Ауру-сырқаудан аманбысың?

– Шүкіршілік, – деп жауап берді Сырағаң. – Тек мына бір тіземнің сырқырап ұйықтатпай жүргені болмаса...

– Əй, өзің де кезінде талайға тізеңді батырып едің, соның зардабы шығар, – деді Жұбан аға оны арқасынан қағып қоштасып.

Екеуінің қосыла қарқылдаған күлкісі Жазушылар одағын басына көтерді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар