Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ұлт әдебиетіне соны жанр сыйлаған қаламгер...

25.05.2021 5644

Ұлт әдебиетіне соны жанр сыйлаған қаламгер 12+

Ұлт әдебиетіне соны жанр сыйлаған қаламгер - adebiportal.kz

(Кемел Тоқаев шығармашылығы жөнінде бірер сөз)

Жуырда Ұлттық академиялық кітапханасында осы мекеменің басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның тікелей бастамасымен Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық залы ашылды. Кемел Тоқаев - майдангер ғана емес, үлкен жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы болғандықтан, ол жерде детектив жанрына қалам тартам деген ізденушілерге, талант иелеріне барлық мүмкіндік жасалған. Шым-шытырық болған оқиғалар туралы материалдарды қолжетімді етеміз деген мақсат көзделуде. Жазушы шығармашылығын зерделей отырып, осы залда детектив жанрының жаңа өкілдері қалыптасады деген сенім бар.

Белгілі бір қаламгерді соцреализм маңайынан ұзап шықпады деп бұрынғыдай келте кесіп айта салу, ХХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың 80-шы жылдарындағы әдеби процестегі көркемдік ізденістерге көлеңке түсіреді. Олар соцреализмінің шеңберінде шектеліп қалмай, әлем әдебиетінде бар, қазақта жоқ соны жанрларды жаңаша дәуір талабына сай, көркемдік әдіс талабына лайықтап игеруді жолға қойды. Қазақ әдебиетінде бұрын соңды болмаған фэнтези, фантастика, детектив жанрларын әлемдік әдеби деңгейде игеру процесі кең қанат жайды, одан ешбір қаламгер қағыс қала алмады.

Соцреализм негізінде әдеби процеске ат салысушылардың кейбірі таптауырын ескі сүрлеуден шыға алмай, шығармашылық тоқырауға ұрынды. Олардың тоқырауының орнын К.Тоқаев «Тасқын», А. Машани «Жер астына саяхат», Т.Рымжанов «Өлместің күні», Т. Сұлтанбеков «Лұхман Хакім», М. Сәрсек «Ғажайып сәуле», Ж. Сахиев «Шолпанға көшкен ауыл» А. Мархабаев «Ғарыштағы қымыз» т.б. сөз зергерлерінің жаңа әдеби ұмтылысы басты. Осы орайда, К.Тоқаевтың детектив жанрын шығармашылықпен игеруі – өмірлік материалдарды көркемдікпен пайдаланудағы соны ізденістің бірі еді. Автор Еуропа әдебиетінің жетегінде кетпей өз шығармашылығын ұлттық көркемдік дәстүрмен тығыз байланыстыра білгенін ерекше атап өте аламыз. Біз К.Тоқаев бастаған қаламгердің санаулы шоғырының Кеңестік тар ноқтаға бойынсұнбай тұңғыш рет төл әдебиетімізде фэнтези, фантастика, детектив жанрларын шығармашылықпен көркемдік әдіс тұрғысынан әдеби дарабоздықпен игерулеріне қатысты тұстарын ғана аз-кем шолып өттік.

Бұл мәселені, әсіресе детектив жанрына қатысты жан-жақты да, ауқымды талдау – болашақта қолға алынуға тиіс арнайы зерттеулер сыбағасы. К.Тоқаев қазақ әдебиетіндегі екінің бірі дәті барып қалам тартпайтын әлемдік әдеби жанрдың бір түр ерекшелігі детективті романтизм мен реализмнің тоғысуы арқылы жаңа әдеби – тарихи жағдайда көркемдікпен кестелеп, жаңа деңгейге көтерді. Сондықтан, әдебиеттегі К.Тоқаевтың шығармашылығын зерттеу арқылы оның жаңа сипаттағы қазақ әдебиетінің қалыптасуы дәуірінде әдеби күрестің бел ортасында болғандығын айқындай аламыз. Қаламгер өзіндік үні мен шығармашылық ерекшелігі арқылы қазақ әдебиеті классиктері плеядасы арасынан өз орын мәңгіге тапты.

Түркі әлемінің мәдени-рухани өмірінде өзіндік өшпес із қалдырған классик қаламгерге қатысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушының ағайын інісі Мәткерім Әкімжанов былай толғанады: «Мен өзімнің қаламгерлік ұзақ өмірімде талай-талай адамдар туралы мақалалар, очерктер, кітаптар жазған адаммын. Бірақ сонау бала кезімнен, дәлірек айтқанда 1953 жылдан бері білетін, талай жерде дәмдес болған осы бір абзал аға туралы бірде-бір рет қалам тартпаппын. Өмірдің ағысы солай болды ма, әлде өзімнің ықтиятсыздығымнан ба, ол жағын түсіне алмадым. Соның реті енді келгендей. Әңгіме көрнекті жазушы, ардақты азамат, жауынгер патриот Кемел Тоқаев туралы болғалы отыр…

Бұл кезде мен Кемекеңнің «Тасқын» және «Көмескі із» атты шытырман оқиғаларға толы повестерін оқып қойғанмын. Маған әсіресе оның алыстан орағытпай, шұбырынды шешендікке салынбай, қазақтың қарапайым тілімен баяндайтын ұтқыр ойлары, өткір диалогтары ұнаған. Оқиғаларды ойдан шығаратын жасанды тартыс дегеніңіз Кемекеңде мүлдем кездеспейтіні де есімде. Жас алшақтығынан болды ма, Кемекеңмен көп сырласқан емеспін. Ол маған қол жетпес құз секілді, аса айбынды көрінетін» деуінде көп сыр мен терең мән жатыр.

Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын өз шығармашылығында қалайша игеріп қолданғаны, қалайша өз тарапынан әдеби жаңалық енгізгендігі Тәуелсіздік дәуірінде әдебиет тарихшылары, әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан арнайы сөз етіле бастады. Мысалы: белгілі әдебиеттанушы Ә.Әліәкбар: «Иә, «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын» хикаяттарын, «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті» және «Ұясынан безген құс» романдарын өмірге әкелген Кемел Тоқаев халық әдебиетіндегі детектив жанрының көшбасшысы атанды» деп (Ә.Әліәкбар «Қазақтың Конан Дойлы және бүгінгі қазақ детективінің жай-күйі» Қазақ әдебиеті 31.08.2018) орынды пікір білдіреді.

Детектив жанрының элементтері қазақ ауыз әдебиетінде бұрыннан бар. «Түйесі жоғалған жігіт» пен «Аяз би» классикалық ертегілерінде инеллектуалды детективтің белгі нышаны кездестіреміз. Біздің мақсатымыз – фольклортанушылардың біразы тоқталып кеткен аталған ертегілердің мазмұнын толық баяндап беру емес, ондағы детективтік элемент пен оқиғалық өрбудің араға сан ғасыр салып, ұлт әдебиетіндегі жеке жанр ретінде Кемел Тоқаев тарапынан жаңа белеске тек 1950 жылдары ғана көтеріле алғандығын тұжырымдау.

Ұлттық әдебиетіміздің тарихында авторлық шешіммен поэзия жанрында дастандар бойына детективтік элементтерді енгізудің әдеби талпынысы – Ә. Найманбайұлының «Қызыл табан – ағаш ат» қиссасында фантастикамен астасып көмескіленіп берілсе, М.Көпейұлының «Өліп тірілген Шаһызада» аңыз дастанында детектив жанры әдебиетімізде өзінің бар екендігін танытты. Бірақ нақты жеке жанр деңгейіне көтеріле алмады. Осы пікіріміздің дұрыстығын «Детектив табиғатын түсіндіруге талпынған ғалымдардың арасында жанрдың генесологиясын ерте дәуірдегі әр халықтың әдеби ескерткіштері мен библиялық аңыздардан табылған протоэлементтермен байланысты деген концепция қалыптасқан»[ Әбдіқадырқызы Д. Детектив жанрының шығу тегі мен даму тарихы // Қазақ тілі мен әдебиеті. №3. 2005, 102-110 бб. Сонда: 103 б.] – деген Дина Әбдіқадырқызының пікіріне біз де қосыламыз. Шетел әдебиеттануында болгар ғалымы Т. Павлов, АҚШ ғалымы К.Кестхейи өзінің «Детективтің табиғаты» атты зерттеу еңбегінде осы топқа жататын туындыларды:

1.Жұмбақ детектив пен құпия (Артур Конон Дойл);

2. Тарихи детектив (Джон д. Карр);

3. Әлеуметтік детектив (Д.Сейерс);

4. Полция туралы хикаят (Эдгар Уоллес);

5. Реалистік детектив (Э.С.Гарднер);

6. Натуралистік детектив (с.Дэшил);

7. Әдеби детектив (Жорж Симеон) [Павлов Т. Избранные труды по эстетике. Пер.с болгарского. Искусство, М., 1978, 262 б];

8. Интеллектуалды және суперинтеллектуалды детектив;

9. Метафизикалық детектив [Кестхейн Т. Анотомия детектива – Будапешт: Корвина, 1989,108 б.] – деп мағыналық және құрылымдық негізде өз топтауларын жасайды. Бізде осы жанрға қатысты әрқайсы араларына 10 жыл салып жазылған Нұрдәулет Ақышев [Ақышев. Н. Дерексіз кеткен детектив. Қазақ әдебиеті. №15, 1991 ж.] пен Әмірхан Балқыбектер [Балқыбек Ә. Детектив жанры неге кенже қалып отыр? Қазақ әдебиеті 5.10.2001 ж.] өз пікірлерін білдірді. Бұл жанрдың бізде батыстан келген әдеби өнім болғандықтан, екіншісі – отырықшы қаласы жоқ қазақта барымта мен қыз ұрлаудан басқа қылмыс түрі болмағандықтан бізде оның болмауы табиғи нәрсе. Сондықтан детективке жанр ретінде әдебиеттанушылар тарапынан мән берілмей келеді деген шындыққа біршама жанаса бермейтін қорытынды жасайды. Бұл осыдан 20-30 жыл бұрын айтылған пікірлер. Жуырда ғана белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлының Егемен Қазақстан газетінде "Қазақ детективін қашан оқимыз?" атты көлемді мақаласы жарық көрді.[https://egemen.kz/]

Соңғы жылдары осы жанрға қатысты бірталай әдебиеттанушылар өз пікірлерін білдіре бастады. Бәрінде К.Тоқаевтың жаңа жанрдың негізін салушы екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Бұрын тек ілкі нышан белгілерінің тек поэзиядағы дастан жанрында қылаң бергендігі сөз етіле бастады.

Осы орайда, романтизм көркемдік әдісін зерттеген әдебиеттанушы Ә.Әліәкбар М.Көпейұлының «Өліп тірілген Шаһызада» аңыз дастанында (Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1 том. – Павлодар қ.: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 436 бет.) Пайғамбарымыз кесік айтушы, айуандықпен жасалған қылмысты ашушы із кесуші бейнесінде сомдауы: бір жағынан нұр сипатты пайғамбарымызды тек одалық негізде көкке көтере жырлаудан бөлектенетін детективтенген аралық жанрды танытса, екінші жағынан шығарма мәтініне белгілі бір оғаштық енгізуі: расулымыздың көгершін мен қылыштан жауап алуы фантастикалық емес фантасиканы қолдану болып табылады деген ой айтады («Абай дәуірі және Мәшһүр-Жүсіп романтизмі» монография Семей 2013 жыл).

Иә аталған детективтік шығарманың құрылымы дәстүрлі үш бөліктен тұрады енді солардың дастан композициясында берілуіне тоқтала кетелік.

Қылмыстың жасалуы:

Келіншек елден бұрын көзін ашты,

Ана жұрт халқын ойлап, іші күйді.

Қараса, Шаһызада қып – қызыл қан,

Тәнінен бөлек жатыр бас қиылып [Б.323] –

Қылмыстың іздестірілуі:

Пайғамбар:

Айыпты бетке басу қандай қиын,

Болмайды айтпай қою тағы қиын.

Бір түнде бауыздаған өз ағасы,

Сұрасаң, анау тұрған қара киім.

Патшаның ағасының баласы еді,

Ойында патшалыққа талас еді.

Мойнына анық түспей не ғып алсын,

Өзінің баласына балаушы еді [Б.336] – деп, бірден ашуы, Алдиярханға күман тудырып, куә арқылы шындыққа көз жеткізуге талпынады.

Біздің жұрт іс оңала қуана ма,

Бала үшін жиылған жұрт уана ма?

Айғақтың ең абзалы у – шу болмай,

Тағыда мұнан басқа куәң бар ма?! – дегеніне, расул көгерішін мен қылышты куә етіп қылмысты ашады.

Автор таза детектив емес, аралас жанрында жазғандықтан туынды тініне фантастикалық емес, фантастиканы араластырып, өлікті тірілтеді. Пайғамбарымыз одан әрі «Қаныңды, кім өлтіріп судай шашты?» – деп Шаһызадаға сауал қояды. Енді ақынның шын қылмыскерді әшкерлеуін поэзия тілімен қалай бергенін келтірейік:

Шаһызада:

Талықсып таңға жақын оянып ем,

Үстіме қанжарменен біреу мінді.

Қарасам көзімді ашып, ағам екен,

Мойныма қанжар тиіп, сағым сынды.

Жан бердім дауысым шықпай жарақаттан,

Отырмын жаңа көріп ай мен күнді [Б.341], – деп, өзінің өлсе де, түсінде расулымыз келіп, иман айтқанын баян етеді.

Біздің айтпағымыз Кемел Тоқаев қазақ әдеби кеңістігінде өзіне лайықты мұрагер дайындай білді. Нәтижесінде қазіргі әдеби процесте Табылды Кенжетаев, Шәкен Күмісбайұлы, Болат Бодаубай, Шойбек Орынбай, Базарбай Исаев, Сабыр Ұзақбаев, Алпамыс Бектұрғанов, Ербол Бейілхан, Қанат Әбілқайыр, Бақытбек Қадыр, Есбол Нұрахмет сынды жазушылар аталған жанрдың бағын ашып жүр.

Ұлт әдебиетіндегі Кемел Тоқаев сынды ірі тұлғаларды бір ғана әдеби жанрдың аясына шырмап қою, олардың шығармашылық ғұмырын, әдеби процесс үстінде шеккен санаткерлік мехнатын, көркемдік ізденісін т.т. толыққанды танып білуге кіреуке түсіреді. Сондықтан, жазушының қаламгерлік шеберханасын, шығармашылық тұлғасын артында қалған туындыларымен бірлікте алып зерттейтік болсақ, көп нәрсеге қол жеткіземіз.

Шығармашылық тұлға ұғымы – тарихи қалыптасқан түсінік есебінде кешенді түрде еліміз өз дербестігін алысымен философияда, өнертануда, әдебиеттануда т.т. басқа да ғылым салаларында кеңінен қарастырыла бастады. Отандық әдебиеттануда осы салада әзірге Мақпал Оразбектің «Ақындық тұлға» еңбегі ғана жарық көрді. Онда Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжанның рухани әлемін бірлікте алып, әрқайсына тән көркемдік жекелікті ашып көрсетуге тырысқан. Ендігі міндет – жеке жанрлардың көшбасшысы саналатын Кемел Тоқаев сынды дарабоз қаламгерлердің шығармашылық тұлғасын ашып көрсету ғылыми күн тәртібінде тұр. Біз осы шағын мақаламызда ғылыми проблеманың тек кейбір тұстарына ғана тоқталып өте алдық.

Ербол БЕЙІЛХАН

ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар