Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға арналған конференция ...

10.11.2016 5486

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға арналған конференция өтті

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға арналған конференция өтті - adebiportal.kz


Қарашаның 10-ы күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Әлихан Бөкейхан.jpg

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғұлама ғалым әрі шебер аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмірі мен қоғамдағы рөлін, қызметін жан-жақты терең зерттеу, тану, таныту, келешек жас ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл конференцияға жиналған жұрттың қарасы тым көп болды.


Белгілі ғалымдар Сейіт Қасқабасов, Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісмақова, Сұлтанхан Аққұлы, Дихан Қамзабекұлы, Ербол Тілешов, Шерубай Құрманбайұлы, Берік Әбдіғали және Әлекеңнің туған жері Ақтоғай жерінен келген делегаттар қатысқан бұл жиында біртуар тұлға жайлы көптеген ойлар мен пікірлер айтылды.


Конференцияны ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев биылғы жылдың айтулы, айрықша маңызды тарихи оқиғаларға толы жыл екендігін айта келіп, 2015 жылы қараша айында ЮНЕСКО-ның Парижде өткен кезекті 38-сессиясында Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты «Әлемдік деңгейдегі шын мәніндегі аса көрнекті тұлға» деп мойындауы үлкен мәртебе болғанын атап өтті.

Тұсау кесер.jpg

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлының Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығын көп жыл зерттеуі нәтижесінде жинақтаған төрт томдық еңбектің тұсауы кесілді. Екі томы қазақша, екі томы орысша бұл кітап мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке меценаттардың қолауымен небары 450 данамен жарық көрген екен. Әлихан Бөкейханның еңбектері келесі жылы ғана мемлекеттік тапсырыспен шығатынын айтқан болатын.


Конференция барысында сөз алған әдебиеттанушы ғалым Айгүл Ісмақова Әлекеңнің еліне барған сапары туралы баяндады. Әлекеңнің жүрген жерлерін түгел аралау барысында ұлы тұлғаның туған облысы Қарағанды мен туған ауданы Қарқаралының орталығында жалпы үлкен бір серпілістің аздығын тілге тиек еткен ғалым Әлекеңнің туған аулы адамдарының қонақжайлығы мен ұлы перзенттерін қандай қастерлейтіндігі туралы тамсана айтып берді. Әсіресе Әлиханның ата-бабалары, туыс-туғандары жерленген қорымдағы бір замандарда Әлекең еккен шетелдік ағаштың күні бүгін жайқалып тұрғанын айтып өтті. Әлиханның анасы Бегім ханым – тобықты руының белгілі батыры Мамайдың немересі екен. Бегім ханым өмірден өткен соң бірер жылдан соң елге келген Әлекең анасының басына қойылған құлпытасқа мынадай сөздерді жаздырған екен:


Жетім менен жесірдің,

Жел жағына панасы.

Ық жағында қаласы.

Тоңанға болған тон,

Шөлдегенге болған сусын!


Міне, осы жалғыз шумақтың өзі анасының қандай ізгі жан екенін айғақтап тұрғандай. Жалпы Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығын танытып, насихаттауда әлі де болса көп жұмыс атқарылуы керектігі ғалымның баяндамасы барысында айқын аңғарылды.

Әлихан Бөкейхан1.jpg

Белгілі лингвист ғалым Шерубай Құрманбайұлының «Әлихан Бөкейханов аудармаларының ерекшелігі» атты баяндамасы қызықты болды. Жалпы Әлекең ірі саясаткер болумен қатар, бірнеше саланы меңгерген кең тынысты ғалым әрі талантты шығармашыл тұлға еді деп атап көрсеткен Шерубай Құрманбайұлы Әлекеңнің Ги де Мопассан, Оскар Уайлд, Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, И.С.Тургенев және т.б. шығармаларын қазақ тіліне, қазақ оқрымандарының ұғымына сәйкес еркін тәржімалағанын слайдпен көрсете отырып, тартымды баяндады. Мысалы, француз ғалымы К.Фламмарионның «Астрономия әліппесі» атты ғылыми туындысын орыс тілінен аудару барысында Әлекең былай дейді. Орысшасы: «Кто не испытал удовольствия любоваться Луною когда вечером она сияет на чистом небе?» Қазақшасы: «Алтыбақан теппеген, ақсүйек ойнамаған, жарық Айдың қызығын пайдаланып қуанбаған алашта бала бар ма екен?» Демек, француз ғалымының еңбегін әбден қазақ ұғымымен кіріктіріп жіберген ғалымның осынау тәжірибесін қазіргі күні аудармашыларымыз ескерсе деген ой айтылды.


Конференция түскі астан кейін өз жалғасын тауып, үлкен ұйымдастырушылық деңгейде, Әлекеңдей ұлт көсемінің сан қырлы тұлғасын айқын танытарлықтай дәрежеде өтті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар