Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған конференция өтті

25.06.2022 1475

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған конференция өтті 12+

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған конференция өтті - adebiportal.kz

Маусымның 24-і күні елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті V отырысы аясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған ғылыми конференция өтті. Назарбаев университетінде өткен жиынды Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғарғы оқу министрілігімен бірлесіп өткізді. Алқалы жиынға Түркі мемлекеттер ұйымының Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасың Ғылым және жоғарғы оқу министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан елдерінің Қазақстандағы Елшілері мен Түркия Елшілігінің өкілдері отандық және шетелдік түркітанушы, алаштанушы, ахметтанушылар қатысып, ұлт ұстазының тіл білімін дамытуға қосқан үлестері жайлы баяндамалар жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығына сәйкес биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы жалпы ұлттық деңгейде аталып өтеді. 2021 жылы 23-і қарашада Юнесконың бас конференциясында Алаш қозғалысының рухани көсемі, біртуар тілші, лингвист ғалым, ұлттық ғылымның негізін қалаған тұлғаның 150 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде арнайы шешім қабылданды. Бұл шешім түркі руханиятына, білімі мен ғылымына көрсетілген аса үлкен құрмет деп бағалауға болады. Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлық идеялары халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда әлі де өзекті. Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің негізінде түрік, өзбек, қырғыз, түркімен, татар, башқұрт тағы да басқа түркі халықтары ғылымдарының өз ұлттық жазуларын қалыптастырғандығы жөнінде арнайы зерттеулер де жоқ емес. Оксфорд университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығы өз еңбектерінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлына жиырмасыншы ғасырдың басындағы мәдени бетбұрыс жасаған реформатор ретінде жоғары баға берген екен. Конференцияда Халықарлық Түркі Академиясының «Түркістан – Түрк елі», «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары», «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Конференцияда сөз сөйлеген Ғылым және жоғары оқу министрі Саясат Нұрбек: «Түрксой көлемінде қыркүйек, қазан айларынан бастап Түркия мемлекетінің астанасы Стамбул қаласында түркі мемлекеттерінің үлкен жиыны өтіп, Анкара қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші ашылады. Ал, Юнеско деңгейінде Франция астанасы Париж қаласында дөңгелек үстел өткізу көзделуде. Жыл соңында бұл игі бастаманы қорытылдылау мақсатында Түркістан қаласында түркологиялық конгрес өткізіледі. Ол конгреске біздің саяси басшылығымыз бен халықаралық сарапшылар қатысады. Оксфорд университетінің Орталық Азияны зерттеу институты Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтарға мәдени төңкеріс жасаған тұлғалар деп баға берген екен. Шын мәнінде де бұл кісілер – өткен ғасырдың басында тілімізді, дінімізді, әдебиет пен мәдениетімізді жандандырып төңкеріс жасаған тұлғалар. Одан бері қарата жүз жыл өтті. Бір қызық жағдай былтыр өткен ұлттық кеңестің үшінші отырысында Президентіміздің алдында бір фактор айтқан едім. 1919 жылғы КСРО кезеңінде сол тұстағы үкімет «жаппай надандықпен күресу» деген қатал ережені ұстанған. Қазір одан бері бір ғасыр өтті. Осы жаңа ғана Әзірбай, Қырғызстан мемлекеттерінің білім министрлерімен бірге жасанды интелект институтының еңбектерімен таныстық. Ең мақтанышпен айта алатын дүние, қазақ тілінің лингвистикалық корпусын жасап шығыпты. Яки қазақ тілі цифрлық болмыстың өзінде тірі қалмақ. Өкінішке орай, тілдердің жағдайы қазір өте қиын. Жыл сайын бірнеше тіл өлетінін өздеріңіз білесіздер. Көпшілік қауым қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдіруде. Ал, мен қазақ тілінің лингвистикалық корпусын көріп, жаңа дәуірдегі жаңа болмыста ана тіліміздің өлмейтініне сендім. Құрметті әріптестер, біздің алдымызда үлкен реформалар күтіп тұр. Жиырмасыншы ғасырдың басында Нобель сыйлығының иегері, Англия мемлекетінің премьер-министрі Уинстон Черчилль ғалымдармен бірге үлкен жұмыс тобын құрып, ағылшын тілін қайта өңдеуден өткізген.

Сондықтан да біз қазіргі жағдайда тілге қатысты үлкен пікірталасты бастауымыз тиіс. Ана тіліміз түбегейлі квалификацияға дайын ба, дайын емес пе? Былай қарасаңыздар, Ахмет Байтұрсынұлының 1918-1920 жылдары жазып кеткен христоматиялық оқулығымен әлі күнге дейін оқып жатырмыз. Осыдан төрт жыл бұрын атақты Шварц деген кісінің оқулығын тәржімалап, студенттерге дәріс оқып жүрген кезімде көзім бір нәрсеге анық жетті. Ағылшын тіліне жаңа термин, анықтама, сөздік ұғымдар мен тұжырымдамалар мықты енгізілген екен. Біз де алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы пайдалана отырып комитеттің жұмысын жандандырамыз. Жаңа құрылып жатқан министрліктің құрам-құрылымын өзгерту үстіндеміз. Менің жаңа министр ретіндегі үндеуім, ана тіліміздің лингвистикалық корпус, цифрлық кеңістікте тұрғысынан үлкен жұмыс күтіп тұғанын айтамын», - деп, Ахмет Байтұрсынұлы негізін салған тіл ғылымының құрылымын қайта жасақтауымыз қажеттігін тілге тиек етті

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай Түркі академиясы әзірлеп шығарған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының қазақ және ағылшын тіліндегі нұсқасында жарық көрді. Айта кету керек, аталған жинаққа Ахаңның 50 жысқа толған мерейтойында жасалған тарихи баяндамалар мен замандастарының, ізбасарлары мен бүгінгі буын зерттеушілерінің мазмұнды мақалалары топтастырылған. «Түркістан – Түрк елі» екі томдық энциклопедиясы – түрк әлемінің аса кең мағынаға, тамырлы тарихқа ие ата жұрты Түркістан ұғымына, түрк өркениеті мен халықтарының құндылықтарына, сонымен бірге түрк әлемінің киелі бесігі көне Түркістан қаласына арналған. Энциклопедияда түрктердің байтақ тарихы мен бай мәдениетін бейнелейтін археологиялық, архитектуралық, этнографиялық, әдеби-фольклорлық тақырыптар бойынша ғылыми-танымдық мақалалар мен мағлұматтар ұсынылды. Еңбек алуан түрлі карталармен, миниатюралармен, жаңғыртпа сызба­лармен, фотосуреттермен безендірілген.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ағамыз: «Ең әуелі баршаңызға халықаралық түркі академиясының атынан ыстық ықыласымды білдіргім келіп тұр. Бүгін біз түркі елдері ғылыми кеңесінің бесінші отырысын өткіздік. Бұл отырыста академияның биылғы мерейтойлар кестесі бектілді. Сол кестеге сәйкес түркі әлемінде бүгін «Ахмет Байтұрсынұлы жылы» жарияланды. Түркі академиясы бұған дейін, дәлірек айтсақ наурыз айының жиырмасы, ұлыстың ұлы күні Ахмет Байтұрсынұлы жылын бастап кеткен болатын. Елордамызда, Алматы қаласында, Бішкекте, Бакуде, Анкара мен Стамбулда арнайы жиындар өткізді.

Бүгінгі жиынның мәні бөлек, орны ерек. Өздеріңіз білесіздер, Ахаң алғашқы оқу-ағарту министрі. Және Түркі ынтымақтастығының бастауында тұрған алып тұлға. Сол себепті бүгін біздің бауырлас елдердің білім министрлері қатысып отыр. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде өзі ұйытқы болып шығарған оқулықтарды қайта жаңғырттық. Соның ішінде Түркі әлемінің ортақ тарихы, әдебиеті, географиясы оқулықтары бар. Енді бұл оқулықтар академияға мүше барлық мемлекеттердің 7-8 сынып оқушыларына оқытыла бастайды. Демек, бұл – Ахмет Байтұрсынұлының идеялары біздің министрлеріміз арқылы жүзеге аса бастады деген сөз.

Сонымен қатар, Өзбекстан мемлекеті де бүгін өз туын көтеріп, ортақ ынтымақтастыққа, ғылым-білім интеграциясына өзінің алғашқы қадамын басты. Ахмет Байтұрсынұлының елу жылдығы Ташкент шаһарында өткенін білесіздер. Келесі жиынымызды Ташкент және Орынбор қаласында өткізу ойымызда бар. Еліміздің ең таңдаулы деген жастары білім алып отырған жоғары оқу ордасында Қазақстанның тұңғыш оқу-ағарту министрі, түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, түркітанудың бастауында тұрған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына бауырлас елдердің білім министрлері қатысуы үлкен символикалық мәнге ие», - деп, Халықаралық Түркі академиясының алдағы жоспар-мақсаттарын бір пысықтап өтті.

«Түрк әлемінің тұғырлы тұлғалары» ғылыми-танымдық жинаққа ежелгі заманнан ортағасыр кезеңіне дейінгі түрк өркениеті мен тарихында айрықша із қалдырған тегеурінді тұлғалардың қызметі мен тұлғалық қырын айшықтайтын ғұмырнамалық деректер енген. Жинақ үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде, ежелгі заманнан XIII ғасырға дейін, екінші бөлімде XIII ғасырдан XIX ғасырға дейін, үшінші бөлімде XIX-XX ғасырлардағы тұлғаларға арналған. Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясы биыл түркі әлемі кеңістігінде әйгілі түрколог, алаш қайраткері А.Байтұрсынұлының 150 жылдық жоғары деңгейде атап өту туралы шешім қабылдады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар