Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлттық әдебиеттану тұлғалары ұлықталды...

20.04.2022 3348

Ұлттық әдебиеттану тұлғалары ұлықталды 12+

Ұлттық әдебиеттану тұлғалары ұлықталды - adebiportal.kz

2022 жылы сәуірдің 19 күні ел астанасындағы іргелі білім ордасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Абай атындағы дәрісханасында қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен ғылым декадасы аясында «Ұлттық әдебиеттану эволюциясы: Ғалым. Тұлға. Қайраткер» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Семинар Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібай, Нығмет Ғабдуллин қатарлы кілең 1927 жылдың тумалары, әрі құрдас әрі мұңдас көрнекті ғалымдардың 95 жылдығына арналып, еске түсіру, тағлым алу мақсатында жүргізілді.

Семинарға филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушы-профессорлары, магистранттар мен студенттер қатысты. Тағылымды жиынды кафедра меңгерушісі, ұстазымыз Қайырбек Кемеңгер басқарды.

Мен үшін бүгінгі шараның орны бөлек болды, өйткені бұдан бұрын университет қабырғасында өткізілген конференцияларға тыңдаушы ретінде қатыссам, бұл жолы ғалым Мүсілім Базарбаев жайлы қысқаша таныстыру жасайтын болдым. Күн бұрын дайындалсам да, аудиторияда қобалжыды. 30 жыл бұрынғы Қытай еліндегі студенттік шағымда және он неше жылдың алдындағы жұмыс орнымда бұдан да биік мінберлерде баяндама жасағанмын, бірақ ол ана тілімде емес, өзге ұлт тілінде болған. Ал бүгін өз елімнің төрінде, өз ана тілімде ұлтымыздың біртуар оғландары жайлы ой айтып тұрғаныма өзімді бақытты және қуанышты сезіндім.

Біз алты магистрант алты тұлға жайлы қысқаша таныстырылым жасадық. Ол кісілердің алдынан өткен, тағылымын алған ғалым ұстаздарымыз тұлғалар жайлы шынайы сезімдерімен бөлісіп, оларды сағына еске алды. Көздерімен көрген өнегесін, орасан зор еңбегін жоғары бағалап, бүгінгі замана үнімен сабақтастырып, ізбасар шәкірттерінен үлкен үміт күтетінін білдірді. Кеше ғана білім ордасына ат басын бұрған жас түлектер тіптен әсерленген сияқты, олар аға буын ғалымдардың еңбегіне тәнті болумен бірге, ғылымның жаңа беталысы жайлы тың сұрақтарын қойып, ғылымды сүйетін, қадірлейтін ұрпақтың өсіп келе жатқанын аңғартып, аға буын ұстаздарын қуантты. Алдыңғы буыннан өнеге, кейінгі буыннан үміт ұшқынын көріп мейманасы тасыған ғалым әрі ақын ұстазымыз Қайырбек Кемеңгер кезінде тұлғаларға арнап жазған әдемі өлеңімен сірге жияр қортындысын жасады.

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді демекші, егеменді Қазақ елінде ата салт-дәстүріміз бойынша ел жақсыларын, ғалымдарды қадірлейтін игі қасиетімізді осылайша ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, алдағы белестерді еңсере берейік.

Төлеу Зинат,

Бейжін қаласындағы Орталық ұлттар университетінің түлегі,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1 курс магистранты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар