Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ұлттық код және өлең...

29.09.2017 8579

Ұлттық код және өлең

Ұлттық код  және өлең - adebiportal.kz

Бұл ғасырда кие – сөздің қадірін біліп, оның өнер тұрғысындағы орнын аспандатып отырмыз десем, сіз маған мысқылмен ғана қарар едіңіз. Расымен бүгінде сөз – серт емес. Сөз өзіне берілетін анықтама секілді қарым-қатынас құралы һәм дами беретін тірі ағза. Соңғы тірі ағза дегеніме де күмәнмен қарап, филолог болған соң, айта береді екен дейтіндер де табылар. Оның барлығын дәлелдеп жатуға уақыт тапшы. Бірақ биыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласынан «ұлттық код» деген тіркесті оқығанда біраз ойға шомдым. Журналист ретінде генетиктен сұхбат алдым. Ол қазақтың геніне қатысты әдемі әңгіме айтып берді. Әркім дүниеге өзіндегі көзбен қарайды ғой. Мен үшін қазақтың ұлттық коды – өлең. Енді қадір-хәлімізше осы айтқандарымызды патшакөңіл оқырманға дәлелдеп беруге тырысып көрелік.

Ең алдымен халықтың барлығы әдебиетсүйер болуы мүмкін емес. Өлеңді әркім өз деңгейінде түсінеді. Поэзияның поэтикалық талабының қандай деңгейге жеткендігі туралы ойланатындар саны аз және бұл аз көрсеткіш әдебиеттің дамуына тосқауыл бола алмайды. Ендеше өлең қалай ұлттық код бола алмақшы? Ұлт деген ол тұтас әрі жалпы ұғым емес пе!? Оның кодын анықтауға өлеңнің қаншалықты қатысы бар?

Поэтикалық өрісі өзгеше, тосын жырларды былай ысырып қояйық та, күнделікті әлеуметтік желіден арлы-берлі қыдырып жүретін тақпақтарға мән берейікші. «Анаңды сыйла», «Саяхатым-сағатым», «Еркек деген», т.с.с. діни уағыздар мен тәрбиелік өлеңдер желіден желіге еркін-ақ көшіп жүр? Неге? Демек, бұл өлеңдерге сұраныс бар ғой. Тыңдаушысы бар болғаннан кейін оны адамдар бір-біріне жібереді. Тұра-тұрыңыз! Осы тәрбиелік мәнге ие тақпақтар неге өлең стилінде жазылды? Неге оны қара сөзбен-ақ жазып, арғы жағын музыкамен әдемілеп жолдай бермейді?

Себебі ұйқасты өлеңге қазақ елең ете қалады. Тәрбиелік мән түгілі, азғындыққа жетелейтін мотивті өлеңмен жеткізіңізші, оны қазақ тыңдайды. Себебі қазақтың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,- деп Абай ақын айтқандай, барлық тыныс-тіршілігі өлеңге негізделгені әлмисақтан белгілі. Ал мұны бағзы замандарда дін таратуға келгендер өте жақсы байқаған. Соған байланысты біздің әдебиетімізде түрлі жанрлар пайда бола бастады. Бүгінгі түрлі діни ағымдар да осы әдісті жақсы пайдаланады деп айтсақ, қателесе қоймаймыз. Қазақтың дүниеге деген көзқарасын өлеңмен өзгертіп жіберуге болады. Бұл халық өлеңге қатталған ойды арғы кодтық танымда Құдайдың өзі жіберді деп қабылдайды. Рас, бұл сөзді мен Ұлттық кодты дәлелдеу үшін астамшылықпен айтып жіберіп отырған жоқпын. Қазақтың магиялық фольклорына көз жүгіртіңізші. Арбау, жалбарыну, қарғыс, ант, серт, барлығы да өлеңмен беріледі.

Қазақтық бақсылық ұғымына әлемдік этнография мен фольклортануда «шамандық» деген термин пайдаланады. Ал өзімізше біз оны бақсы сарыны деп қарастырамыз. Тәңіршіл діндегі басты тұлға – бақсылар. Сарын демекші, олар да ем-домын, жоралғысын өлеңдетіп жүріп жасайтын болған.

Аңға шыққан мергеннің сөзі, жауын сұрағандағы тасаттық берушінің сөздері, ең аяғы дастархандағы батада да өлең бар емес пе? Біз ақсақалдан бата сұраймыз. Қара сөзбен айтылатын бата естігеніңіз бар ма? Ойын олай сабақтаған қартты кешірмейміз, бата мен тілекті ажырата алмайтын ақсақал бола ма екен деп сөгеміз. Неге? Себебі өлең – біздің ұлттық кодымыз. Есте жоқ ескі замандардан-ақ біз от анасына, су анасына өлеңмен жалбарынғанбыз, олардан өлеңмен тілек тілеп, медет сұрағанбыз. Елдің көркі - қыз өсіп, жат жұртқа ұзатылғанда сыңсу айтып қоштасқан, келін түскенде жар-жар айтып қарсы алған. Басына қайғы түскендер мұң-зарын, жоқтауын өлеңмен жеткізген.

Басқа да деректі, дерексіз ұғымдар секілді сөздің де асылы мен жасығы болады. Менің жоғарада поэтикалық талап деп отырғаным сондықтан. Сөздің көркемі мен асылы бар. А.Байтұрсынұлы «Әдебиетанытқышта» «Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан», – деген. Мифологтар қазақ танымындағы кие, обал мен сауап мотивінің астасып жатқандығына қайран қалады. Ал бұл үш таған қазақтың табиғатқа деген таным биігін аңғартады. Осы үш қана сөздің төңірегінен көшпелі рухтың ұстанымдары, коды айқындала бастайды.

Данышпан Абай «Өлең – сөздің патшасы» дегенді ұшқыр қиялының жемісі ретінде айта салмаған. Патшаны бір көруге, оның сөз-сертіне тоқтауға әркім де бейілді. Сондықтан сөз патшасына ұқсайтын ұйқасты, тұрпаты өлеңге ұқсайтын сөз көрсе, таңырқануға шақ тұратын қазақ әлі де көп. Бірақ Абайдың ол өлеңінің арғы жолдарында «сөз сарасы» деген тіркес бар еді. Сара мен дараны парықтауға бүгінгі деңгейміздің қаншалықты екенін кім білсін!? Қыл аяғы Радловты аса көрнекті фольклортанушы ретінде танытқан “Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері” aтты 10 томдығын еске түсіріңізші. Отарлау саясатының қызып тұрған тұсында олар неге біздің ауыз әдебиетін зерттеуге бейілді болды? Себебі алдымен ұлттың тінін-кодын түсініп алу қажет еді. Одан кейін ол бағдарламаны жою үдерісін бастай беруге болады. Ал ендігі тұстағы рухани жаңғыру кезеңінде біз де сол кодтың ерекшелігі мен мүмкіндігін дұрыс түсінуге тиіспіз. Өтімді сөз өлеңмен өрнектеледі. Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбылдың даңқы қалайша үстем болды? Себебі тағы да сол, саяси жағдаятты қазаққа өлеңмен түсіндіру керек еді. Бізді отарлауға, жаулауға, өзге ағымға жетелеуге келгеннің барлығы осы бір жанды жерімізді жақсы біледі. Білмейтін, мән бермейтін тек өзіміз ғана секілдіміз. Ұлттық кодқа қатысты идеологиялық қам-қарекет жасап жатқандар осыны ескерсе екен деген ұсынысым бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар