Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлттық мұраттың жаршысы

05.12.2018 310

Ұлттық мұраттың жаршысы

Ақын Серік Молдабеков шығармашылығы туралы бірер сөз

Бүгінгі қазақ поэзиясында ұлттық болмыс мәселелерін ту етіп, ұлттық дүниетаным тұғырында биіктен ой түйіндеп, қазақ әдебиетіне өміршең өрнекті өлеңімен үлес қосып жүрген талантты ақындардың бiрi – Серік Молдабеков.

С.Молдабеков 1973 жылы 6 қазанда ШҚО, Тарбағатай ауданы, Қарғыба аулында дүниеге келген. Ақсуат қазақ орта мектебін тәмамдаған. 1991-1996 жылдары аралығында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде оқып, тарих пен қоғамтану мұғалімі және тәрбие ісінің әдіскері мамандығын алып шығады. Айтыскер ақын ретінде де танылған дарын иесі әр жылдары өткізілген қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық ақындар айтыстары мен жыр мүшайраларына қатысып талай жүлделі орындарды иеленіп, марапатталған. «Қарғыба» (2013) атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Қазіргі таңда Семей қаласы Мәдениет сарайының жанынан құрылған «Халықтық ақындар орталығының» жетекшісі. Өлең сөз өнеріне қабілеті бар шәкірттер тәрбиелеумен айналысады.

Ақын С.Молдабековтің поэзиялық туындыларын зерделегенде ұлттық болмыс, ұлттық сана, ұлттық рух сынды рухани категориялардан туындайтын әдеп, ізгілік, ар-ұждан сынды рухани аспектілерді үнемі өз шығармашылығына арқау етіп, туындыларының негізгі темірқазығына айналдырып отыратындығын байқаймыз.

«Алтын тұғыр» атты туындысы жоғарыда айтылған сөзімізге бірден-бір дәлел бола алады.

...Бөрі айбатты ерлердің

рухыменен тіктенем.

Еңселері бүгілмей

есіл ерлер дігірдей,

Буырқанса көш бастап,

шындық ойын бүкпеген...

– деген өлең жолдарынан қуатты поэтикалық ой динамикасына, сөз динамикасына құрылған ұлттық рухтың тегеурінді қасиетін ұғынамыз. Төкпелеген жыраулық поэзиямен сарындас келетін бұл туындысы ақынның ішкі мінезін, «менін» танытқандай. Ақындық «мені» доксологияға құрылған жеке басының «мені» емес, қазақ халқының айбарлы, айбатты қасиетін танытатын ұлттық сипаттағы «менінің» қасиеті деп білеміз.

Ұлттық құндылық мәселесі сан ғасырлар қойнауынан тамыр тартып, бүгінгі күнге дейін қазақ халқының күн тәртібінен түспей келе жатқан, мәңгілікке бағыт алған өзекті тақырыптың бірі. Ақынның туындылары ұлттық қайнарға құндақталып, ұлттық рухты шығармаларының өзегіне айналдыруымен құнды және осы қасиеттерімен үлгі.

С.Молдабеков шығармалары арқылы қазақ халқының қасиетін, салт-дәстүрін, ұлттық мінезін, сипатын әрдайым насихаттап отыратын ұлтжанды азамат. Ақын, сыншы Ж.Әбдіраштың: «Ұлттық колорит – қайсы бір өнердің болсын келбетін мүсіндеп, көркін ашар, оған шытынамас берік ұстын, ұзақ ғұмыр сыйлар қасиет. Ол поэзияда ақынның мінезі мен тілдік қорынан, жырламақ обьектісін таңдап-талғауы мен көру ерекшелігінен құрала келіп, айқын сипатқа ие болады. Туған халқының атынан сөйлеуге толық қақысы бар тұлғалы қаламгерді дүниеге әкелетін де, оның дара болмысын, өзге әдебиеттегі өз тұрғыластары арасындағы орнын сезіндіретін де осы», – деген ғылыми мәні зор тұжырымы С.Молдабековтің ақындық ұстанымына бағытталып айтылғандай.

Ақынның ұлттық болмыс қасиетін дәріптейтін тағы бір өлеңі «Ер түрік» туындысы.

Сұңқар мінез ерлерім-ай, тұлпар аттай тарпынған,

Қайырылмадың қанатыңнан, айрылмадың нарқыңнан,

Бумын қаған, Қапаған мен Йолығтегін айбарлы,

Жалындадың, жаңылмадың сертің менен шартыңнан...

– деп басталатын өлеңде «арпалысып», «атой салып», «ар-намысты бермеген» ел басқарған баһадүр бабалардың өткір мінездері мен сайыпқыран ерліктерін жырға арқау ете отыра олардың елдік мұрат жолындағы болмысын үлгі етеді.

Отыз жолдан тұратын өлеңнің 27 жолы Бумын қаған, Қапаған, Йолығтегін, Естеми, Елтеріс, Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегіндердің айбынды мінез-құлықтары мен ерлік істерін дәріптеуге арналса соңғы үш жолы:

...Ей, жас ұрпақ!

Бабалардай жоғалмасын бойдағы

Тектілігі, ептілігі, көкке ұлыған, қасқырдың!

– деп, өлеңді қорытындылайтын компонент эпилог ретінде берілуі бұл туындының негізгі идеясын көрсетіп тұр. Өлеңнің өн бойындағы идея осы үш жолға арқау болған оймен беріледі.

Қазақ халқының генофонындағы тектілік, қайсарлық, мораль сынды рухани аспектілер ақын назарынан тыс қалмаған. Осындай рухани құндылық ең басты орынға қойылып, негізгі темірқазық ұстанымына айналса қазақ халқының ұлттық болмысының иммунитеті қуатты болатынын оқырман қауымына насихаттайды.

С.Молдабеков ұлттық құндылық, ұлттық мұрат, ұлттық мүддені жүрегімен түйсініп, аталмыш қасиеттерді ақындық ұстанымына, жырларының негізгі нысанына айналдыра білген ұлттық руханият игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан ақын.

Ақынның әрбір туындыларында қазаққа тән ұлттық мінезді, ұлттық қасиетті ашып беріп отырады. Қазақ халқына әдептілік, ұяңдық, қарапайымдылық, кеңпейілдік, намысшылдық тағы басқа мінез-құлық аспектілері ақын өлеңдеріндегі кейіпкерлердің характерлері, монолог, диалогтары арқылы көрініс тауып отырады. Ақынның асқақ пафос, өр екпін, шешендік толғамдарға құрылған туындылары ұлттық қасиетімен құнды.

Поэзия әлемінде әр ақын стиль ерекшелігімен, ырғақ, ұйқас өрімімен, өзіндік соны соқпақтарымен ерекшеленеді. Әр ақынның өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Өйткені әр ақынға өзінің жүріп өткен өмір жолы, мұңы мен сыры, туған топырағы әсер етеді. «Өлеңім – менің өрісім» атты туындысы ақынның рухани-эволюциялық автобиографиясы тәрізді.

Қаншама ғасыр тұғырдан әсте таймаған,

Ғаділет үшін намыстың отын қайраған.

Өмірде құтты өлеңдей егіз досымды,

Тәңірдің өзі тағдырыма кеп байлаған...

– деп басталатын өлең жолдарынан Тәңірден берілген сый – өлең сөзді құтқа балайды.

..Халқыма айтам құнарлы ойды нанымды,

Сындырмай әсте қуат ап жырдан сағымды

Армандарыма құлшындыратын қамшылап,

Ашатын сенсің ардақты өлең бағымды....

немесе:

...Ғаламда байтақ кеңейтіп асыл ұғымды,

Өлеңмен жарық, өлеңмен өмір ғұмырлы

Бағалай білер жан едім ғажап құныңды

Пенделер ұқпас өзіңе айтам мұңымды...

– деуінде өлең сөздің киесін ұғынған, өлең сөздің қасиетін түсінген, өлең сөздің жауапкершілігін сезінген ақынның арда көңілі жатыр.

Ақын С.Молдабеков поэзиясында ұйқас өрімі, образ жасаудағы шеберлігі, халықтың бай тілін орынды қолдануы, елдің тұрмыс-тіршілігіне терең үңілуі, оны іріктеп, екшеп өлең жолдарында қолдануда ақындық шеберлігі байқалады. Өлең тармақтарындағы буын саны әртүрлі жырланғанымен, дыбыс үндестігі, ұйқас өрімі берік байланысқан. Ұзынды-қысқалы тармақтарда ырғақпен байланыстырып, ақын айтар ойын ықшамды әрі нақты көрсете біледі. Мұны өлең сөз иесінің шығармашылық шеберлігінің шыңдалғандығы деп білеміз. Ақынның бұрынырақта жазылған өлеңдері мен соңғы уақытта жазылған өлеңдерін салыстыратын болсақ өте үлкен айырмашылықтарды байқаймыз. Қазіргі таңда жазылған өлеңдері поэтикалық қуаты, философиялық ойы, көркемдеуіш құралдардың қолданылуы жағынан ілгерідегі өлеңдерінен әлдеқайда шоқтығы биік дүниелер. Мұның бірден-бір себебі ақынның рухани-эволюциялық өсуі, шығармашылық лабораториясының аясының кеңеюі деп білеміз. Белгілі ақын Қ.Бегманов: «Ақындық – махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» дейді. Ақындық жолы махаббатпен басталып, парасатқа ұласқан ақын С.Молдабеков ізденімпаз шығармашылық иесі.

Ақын С.Молдабековтің болмысындағы жақсы қасиеттердің бірі қарапайымдылық, еңбекқорлық, ізденгіштік. Осы қасиеттері ақынның біз жоғарыда айтқан рухани өсуі, дүниетанымы мен шығармашылық лабораториясының кеңеюіне қызмет ететін негізгі фактордың бірі. Ақын белгілі бір асуды бағындырғанда адамды құртатын «мен, жететін межеме жеттім, болдым, толдым» деген мінез-құлыққа жол бермейді. Осы орайда белгілі ақын Ғ.Жайлыбайдың: «Тоқмейілсу басталған күні, шығармашылық адамның ғұмыры бітеді. ... Шығармашылық адамның өзіне ешқашанда көңілі толмауы керек деп санаймын», - деген қағидалы сөзі ойымызға оралады. Шынында да шығармашылық өнер иесін құртатын да, құрдымға апаратын да осы тоқмейілсу. Ақын С.Молдабеков керісінше, жеткен межелі жолдарынан тәлім алып, ой түйіп, тәжірибе жинақтап әрі қарай ізденімпаздығын жалғастыра береді. Бұл сөзімізге ақынның ұлы мұрат жолына құрылған төмендегі мына бір өлең жолдары нақты дәлел бола алады.

...Ұрандап шықсын өлеңнен нұрлы ғазал үн,

Бөлісем жырмен жаһанның шаттық азабын.

Өрелі оймен, өршіл ақын боп күн кешем,

Параққа жазып тірліктің небір ғажабын.

Мұны – С.Молдабековтің ақындық қағидасының негізгі ұстыны деп білеміз.

С.Молдабековтің ақындық ерекшелігінің бірі – аз сөзбен көп мағына бере алатындығында. Өлең жолдарында кездесетін орынды теңеулері, бейнелеуі, кейіптеуі ақын ойының ұшқырлығын, өзіндік өрнегі мен тапқырлығын танытады.

Ақын қай тақырыпқа қалам тартса да шынайылығымен, тақырыпты терең аша білетін қабілеттілігімен, суреткерлігімен ерекшеленеді. Шығармаларында өз елінің, жерінің мақсаты мен биік мұратын, әр түрлі сәттердегі көңіл-күйлерінің иірімдерін, сезім сырларын, асыл арман-тілегін, мұң-зарын айшықты да әсерлі бейнелей білген. «Аралым – айдын шалқарым» атты өлеңінде экологиялық мәселені көтереді.

Аралым өтсе бір тойыңдағы,

Қарыз боп қалмас жыр мойындағы,

Көксейді көңіл қайтсам деп бүгін

Төскейді шолып Сыр бойындағы...

немесе:

...Кезінде білмей нарқын асылдың,

Жолында таппай жарқын асудың,

Дағдарған пенде Аралым тозған,

Жүзі болсада жарты ғасырдың...

– деп әлемдік экологиялық мәселеге айналған Арал тағдырына қабырғасы қайысады.

...Басыңнан өтті ең күшті күнің,

Жайқалмай төрің кем түсті нуың,

Қолымда егер құдірет тұрса

Бұрғызар едім Ертістің суын...

– деген өлең жолдарына өрнек болған ойларынан ақынның азаматтық үнін естиміз.

С.Молдабеков қай тақырыпты жырласа да айтар ойын, көтерер мәселесін сайлап алып, соларға лайықты теңеулерді орынды пайдалана біледі. Ақынның тағы бір ерекше қасиеті – оқырманға әсер, өлеңге әр беретін сөз маржанынан суретті сала білуінде. Өлең жолдарында қазақ халқына ғана тән мінез бар. Еркіндік, жауынан да тайсалмайтын мінезділік, адам жанын ұға білетін қасиеттілік, сезімділік, сырластық – адам бойындағы қасиеттер. Ақын осы қасиеттерді кейіпкер бойынан тауып, өлең жолдарына айналдыра біледі. Туған жердің қасиетін мойындап, жырымен ыстық сезімге бөлеп оқырманына сәулелі ой тастайды.

Ақынның туған жеріне арнаған «Қарғыба» атты өлеңінде:

Арайлап таңы нұр тілеп атқан,

Төріме келсең бір түнеп аттан,

Қарғыбам құтты тарихтың көзі

Тасқыны сел боп күркіреп аққан.

Шұрқырап жұртым жабыла келер,

Керемет сенен табыла берер,

Түркі тілінде Қарғыба деген

«Ағыны қатты» мағына берер...

...Сендегі қымбат дауылдың мәні,

Сергітер бойды жауынның нәрі,

Самалың салқын, суларың шипа

Шырайлы өзен ауылдың сәні.

Болмайды сірә санамда күйік,

Суыңда өстік, жағаңда күйіп,

Қарғыбам ғажап қасиет қонған

Ұрпағың үшін бағаңда биік,

– деп құтты мекенін жырына қосады. Адам мен туған жер, табиғат арасындағы ғажайып дәнекерді табуға ұмтылады. Осы ұмтылыс нәтижесінде ақын өлеңінде психологиялық параллелизм көрініс табады. Тылсым табиғаттың құпия сырларын адам баласымен байланыстырып, сабақтастырып суретке көшіретін ақындық талант керек. Әр оқырман Отанын, халқын, туған жерін ақын сүйген жүрекпен сүйе білсе ақынның арманының орындалғаны деп білеміз. Бұл өлеңінде ақынның халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді өлең жолдарында туған жермен, тылсым табиғатпен байланыстыра жырлауы да сәтті өрнектелген. Қазақтың бойындағы бар асыл қасиет табиғат анамен астасып жатқандай. Қазақ халқының бойына біткен мінезі табиғатпен, оның ерекшелігімен тығыз байланысты. Ақын өлеңдерінде суретті сөзбен бейнеленген кең даладай дархандық, таза көлдей мөлдірлік, самал желдей еркелік, күн нұрындай қуаныш, тіпті, қайтпас қайсарлық дархан да ер қазақ мінезіне тән қасиеттер.

Ақынның «Дінім – айбыным, дәстүрім байлығым» деген өлеңінде бүкіл арманын, тілегін сыйғыза суреттеген.

...Алтын қазық дәстүрім

Атадан қалған сауыттай.

Сәлем берсең сауап бар,

Толғандырған дәстүрім.

Ата –ананы құрметтеп

Қорған болған дәстүрім.

Көрші ақысы сыйластық,

Таң қалдырған дәстүрім.

Туыстардың арасын

Жандандырған дәстүрім.

Жалқаулықтан жирентіп,

Арландырған дәстүрім.

Қазағымды көбейтіп

Орман қылған дәстүрім.

Алты Алаштың арманын,

Заңғар қылған дәстүрім....

Өлең жолдарынан төкпелеген бабалар толғауларын оқығандай әсер аласыз. Алайда, ақын ескі сарынға салынып кетпейді. Ата-баба толғауымен сол дәстүрді жалғастырып поэзияда әрі қарай жаңа, соны соқпақ жолға салады. Өмірдің ақ пен қарадан, жақсы мен жаманнан тұратын қасиеттерін термелей келе оны қазіргі заман тынысымен байланыстырады. Бұл поэзиядағы С.Молдабековтің ақындық қолтаңбасы, өлең өлкесіндегі тапқырлығы деп білеміз. Өткен уақыт пен қазіргі заман бейнесін байланыстыра суреттеуде ақын шеберлік танытады. Поэзия – ақын жүрегінің дүрсілі. Оның әрбір соққан жүрек үнінен, алған тынысынан ақынның поэзияға деген шексіз махаббаты сезіледі. Ақын сол махаббатын жырға айналдырып, көңіл көкжиегінен ұшырады. Ақын жанын мазалаған өлең дертіне емді поэзиядан іздейді. Ақынның бар арманы, асыл сезімі, жанын торлаған мұңы, қайғы-шері поэзияда жыр жолдарымен өріледі. Жанын жадыратар жылы шуақты да поэзиядан табады.

Қорыта айтқанда C.Молдабеков ұлттық рухани мәдениетіміз бен әдебиетіміздің даму жолында үлес қосып, тағылым мен биік еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген азамат. Бұл шағын мақаламызда ақын С.Молдабековтің ақындық, шығармашылық болмысын ашып бердік деуден аулақпыз. Өлең сөз иесінің шығармашылығына портреттік шолу ғана жасадық. Алдағы уақытта әлі талай ғылыми зерттеулерге жүк болар ақын С.Молдабековтің шығармашылығы өз зерттеушісін күтетіні анық.

Ұлттық әдебиетіміз бен руханиятымыздың өсіп-өркендеуіне қомақты үлесін қосып келе жатқан арқалы ақын С.Молдабековтің туындылары ұлтымыздың руханият қазынасы қорына қосылған құндылықтар деп білеміз.

Д.МҰХАМАДИЕВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының жетекші ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Алматы қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: СЕРІК МОЛДАБЕКОВ, ақын, әдебиет
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар